Өңірде Каспий теңізі акваториясында көмірсутекті шикізатын барлап мен өндіріп жатқан бірқатар ірі мұнай-газ және басқа компаниялар жұмыс істейді, сол арқылы Каспий теңізі биоресурстарының жай-күйіне, оның ішінде бекіре балықтарының жай-күйіне теріс әсер ету факторы орын алып отыр.
Балқаш-Алакөл бассейні аса ірі көл экожүйелерінің бірі болып табылады және ол Балқаш көлінің, Алакөл көлдер жүйесінің, Қапшағай су қоймасының акваторияларын, Іле өзенінің орта ағысы мен сағалық бөлігін, Лепсі, Қаратал, Аягөз, Ақсу өзендерін және Балқаш көлінің ағыстарын құрайтын басқа да шағын өзендерді қамтиды. Бассейінде балық аулау көлемі 1991 жылға дейін жылына 12-18 мың тоннаға дейін жететін.
Негізгі кәсіпшілік балық түрлері: табан, қаракөз, көксерке, сазан, жайын, ақмарқа, мөңке, беріш, ақ амур, дөңмаңдай және торта болып табылады. Арал таралымының пілмайы, балқаш алабұғасы және балқаш шармайы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.
Осы бассейнде мекендейтін кәсіпшілік балықтарының барлық түрлері жергілікті климатқа бейімделген түрлер болып табылады, яғни әртүрлі уақытта жасанды жолмен қоныс аударылған түрлер (жергілікті климатқа бейімделген) болып табылады. Тұқы және өсімдік қоректі балық шабақтарын өсіру және су тоғандарын балықтандыру бойынша екі балық өсімін молайту кешені - Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы және Қазақ өндірістік жергілікті, климатқа бейімдеу станциясы жұмыс істейді.
Зайсан-Ертіс бассейні Зайсан көлінің акваториясын, Бұқтырма, Шүлбі және Өскемен су қоймаларын және жайылмалық және далалық, сондай-ақ Қаныш Сәтпаев атындағы каналды қоса алғанда, Қытай Халық Республикасының шекарасынан бастап ағыстарымен бірге Павлодар облысының шекарасына дейін Ертіс өзенінің арнасын қамтиды.
Шығыс Қазақстан облысы шегінде бассейн бойынша балық шаруашылығы су айдындарының қоры:
жалпы көлемі 587,0 мың га 42 су қоймасын;
жалпы көлемі 125,0 мың га 55 көлді;
ұзындығы 4,3 мың км 35 өзенді қамтиды.
Бассейн аумағында тұқы және сазан шабақтарын өсіру және балықтандыру жөніндегі Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы жұмыс істейді.
Арал-Сырдария бассейні Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары шегінде орналасқан су айдындарын: Шардара су қоймасын, республика шегінде Сырдария өзенін, Арал теңізін және облыстық маңызы бар бірқатар көлдер жүйесін қамтиды.
1940-1965 жылдар аралығындағы кезеңде Арал теңізінде балық аулау көлемі 15 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейін ауытқып отырды. Амудария және Сырдария өзендерінің су режимінің күрт нашарлап кетуі салдарынан Арал теңізі өз көлемінің 60 % айырылды. 1978-80 жылдары Азов теңізінен Арал теңізіне камбала-глосса жергілікті климатқа бейімдендірілді.»Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау (1 фаза)»жобасын іске асыруды қамтамасыз ету мәселелері жөнінде ведомствоаралық үйлестіру комиссиясын құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылдың 24 шілдедегі № 742 қаулысының шеңберінде бірқатар шаралар қабылдануына байланысты қазіргі кезде Арал теңізінің солтүстік бөлігінде балық қорларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Арал-Сырдария бассейнінде балық өсім молайтуға қатысты екі балық өсіру шаруашылығы - тұқы және өсімдік қоректі балық шабақтарын өсіру жөнінде Қамыстыбас және Шардара балық питомниктері жұмыс істейді.
Солтүстік және Орталық Қазақстанның су айдындарына Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының негізінен жергілікті маңызы бар шағын балық шаруашылығы су айдындарының мол қоры жатады. Бұл су айдындарының көпшілік бөлігінің кәсіпшілік маңызы тым нашар, тартылып қалу құбылыстарына (балық және басқа да су жануарларының жаппай қырылуы), жекелеген жылдары әбден қаңсып қалғанға дейін кеуіп қалуға ұшырағыш. Ихтиофаунасы құндылығы аз балық түрлері: амур шабағы, гольян, теңге балық және басқалардан тұрады. Кәсіпшілік тұрғыдан алғанда балықтардың неғұрлым құнды түрлеріне торта, алтын түсті және күміс түсті мөңке, сазан, ақсахалар (көкшұбар, пайдабалық) жатады. Мұндай су айдындарының саны 10 мыңнан асады. Бұл өңірде негізінен көлемі 0,1-1,5 гектар болатын көлдер көптеп кездеседі, бірақ одан да ірілері кездеседі.
Балық шаруашылығын дамытуды іске асыру мақсатында 2004 жылы қабылданған «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - Заң) балық шаруашылығы су айдындарының балық ресурстарын ұзақ мерзімді (10 жылдан 49 жылға дейін) пайдалану мүмкіндігі бекітіліп берілген. Аталған норма балық шикізаты ресурстарына ұзақ мерзімді қолжетімділікке кепілдік бере отырып су айдындары мен олардың учаскелерінде балық шаруашылығын дамытуға өз қаражаты мен инвестицияларды тарту жөніндегі жұмысты жоспарлы түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Заңды іске асыру мақсатында балық ресурстарын мемлекеттік бақылау, қорғау, өсімін молайту және ұтымды пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін 50-ден астам нормативтік құқықтық актілер қабылданды.
Алайда қолданыстағы заңнама балық шаруашылығын дамыту үшін қатынастарды реттеуге, балық өнімін өңдеуге, мелиорациялық және бақылаулық балық аулауды және спорттық балық аулауды жүргізуге және осының негізінде балық аулау туризмін дамытуға, су жинау имараттарының жұмысын бақылауды, табиғи су айдындарында балық аулау лимиттері мен квоталарын игеру көлемдеріне жедел түрде түзету енгізіп отыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.
Электр энергиясын өндірумен айналысатын кәсіпорындар гидротехникалық имараттарды пайдалану нәтижесінде балық және судағы басқа да биологиялық объектілерге теріс әсерді азайтуға және өзендер ағыстарын реттеуге бағытталған жобаларды қаржыландыру жөніндегі қызметті іс жүзінде тоқтатқан. Бұл осы әсерлердің зардаптарының алдын алуға немесе шектеуге бағытталған нормативтік құқықтық актілердің болмауынан орын алып отыр.
Бекіре балығының түрлерінің көлемі азайып бара жатқан сирек кездесетін және жойылып бара жатқан балық түрлеріне жататынын ескере отырып, оларды сақтау және ұтымды пайдалану жөнінде шұғыл шаралар қолдану қажет. Ықтимал шешімдердің бірі бекіре балығының түрлерін өңдеуге және өткізуге мемлекеттік монополия енгізу мәселесін қарастыру болып табылады.
Балық ресурстарын пайдалануға тыйым салулар мен шектеулер белгілеуді, балық өсіру-мелиорациялық жұмыстарды, табиғи және қолдан өсімін молайтуды және браконьерлікпен күресті қоса алғанда, іс-шаралар кешені болып табылатын Каспий теңізінің бекіре балығының түрлерін сақтауға және өсімін молайтуға ерекше назар аударылады.
Қазіргі уақытта Жайық өзені бекіре балықтарының табиғи уылдырық шашу қоры сақталған Каспий бассейніндегі бірден-бір өзен болып табылады, ол 1968 жылы 1,6 мың гектарды болса, жыл сайынғы шығындар салдарынан 2000 жылы 1,03 мың гектарды құрады.
Қолдан өсімін молайту арқылы бекіре балығы түрлерінің қорларын қалпына келтірумен және өсірілген шабақтармен Жайық-Каспий бассейнін балықтандырумен жалпы қуаты жылына 6,0 миллион дана шабақ болатын Атырау бекіре балығын өсіру зауыты айналысады, бекіре балығын өсіру зауыттарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 156,3 мың теңге бөлінді.
Республикадағы балық өсіру әлеуетін 1990 жылға дейінгі өсірілген балық көлемі бойынша бағалауға болады. Мәселен, 1970-1990 жылдар кезеңінде балық өсіру 692 тоннадан 9883 тоннаға дейін өсті, яғни 14,2 есе артты.
Балық өсіруді тиімді және тез дамыту өсірілетін балықтың өнімділік сапасына байланысты. Қазіргі кезде Қазақстанда фермерлік балық өсіру шаруашылықтарын өнімділігі жоғарғы көбейту, жөндеу және аналық бастармен қамтамасыз ете алатын бірде-бір асыл тұқымды балық өсіру шаруашылығы жоқ.
Балық өсімін молайту бағытындағы бірқатар кәсіпорындардың балық тұқымын асылдандыру-селекциялық жұмыстарды да, балық өсіру жұмыстарын да жүргізу үшін өндірістік әлеуетке ие екенін атап өту қажет. Балық өсіру жөнінде балық тұқымын асылдандыру-селекциялық орталық құру бірқатар ғылыми-практикалық міндеттерді шешуі тиіс, балықтардың гендік қорын сақтау және оларды өсіру үшін оларды өсірудің биотехникасын әзірлеу және жетілдіру осы орталықтың негізгі мақсатына айналуға тиіс.
Балық өсіру шаруашылықтарының күтіліп отырған дәрежеде дамуы бастапқы кезеңде аталған шаруашылықтардың түрлік қана емес, сонымен бірге сандық құрам бойынша да қажеттіліктерін ескере отырып, балық отырғызу материалымен кепілді түрде қамтамасыз ету талап етіледі. Сонымен қатар келешекте осы немесе басқа өңірге арнайы сынақтан өткізілген балық түрлері қажет болады. Осы проблеманы шешу табиғи су айдындарының балық ресурстарының орнын толтыру жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орындаумен тығыз байланысты.
Осы айтылғандарды ескере отырып, мемлекет меншігінен шығару және жекешелендіру рәсімін жүргізе отырып кәсіпорындардың бір бөлігін бәсекелестік ортаға беру мәселесін қарастыру қажет. Бұл орайда қазіргі тепе-теңдікті бұзбау және бастапқы кезеңде балықтар мен су жануарларының Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің санын сақтау және қалпына келтіру үшін жағдайлар жасау өте-мөте маңызды. Республиканың балық шаруашылығы су айдындарында балық өндіру көлемін ұлғайту Қазақстан»«Биологиялық сан алуандық туралы конвенцияны Қазақстан Республикасының мақұлдауы және ол көздеген міндеттемелерді орындауды ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 19 тамыздағы № 918 қаулысымен мақұлдаған Биологиялық сан алуандықты сақтау жөніндегі конвенцияны ескере отырып жүргізілуі тиіс. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және республика балықтары биологиялық сан алуандығының 11,5% құрайтын 16 сирек кездесетін және жойылып бара жатқан балық түрлерін сақтау неғұрлым маңызды проблемаларға жатады.
Балық өнімділігін арттыру ихтиофаунаны неғұрлым құнды кәсіпшілік балық түрлерін көбейту жағына қарай нысаналы түрде өзгерту жолымен жүргізіледі. Климатқа бейімдеу және су айдындарын балықтандыру схемасын әзірлеу жөніндегі зерттеулер жүргізу нәтижесінде су айдындарының балық өнімділігін арттыру мақсатында оларда өсімді молайту жұмыстарын жүргізудің ғылыми-практикалық негізі дайындалды. Нарықтық экономикалық жағдайларда балық өсірудің дәстүрлі объектілері - тұқы, дөңмаңдай, бахтахпен және басқаларымен қатар бекіре балығының түрлері, көксерке, теляпия сияқты жаңа объектілерді игерудің зор көкейкесті маңызы бар. Осыған байланысты ғылыми ұйымдар балық өсірудегі белгілі интенсивтік технологияларды жетілдіру рөлін атқарады.
Каспий өңірі мемлекеттерінің шаруашылық қызметі Каспий теңізі биоресурстарының көлемі мен сапасына орасан әсер етеді, ал Қытайдың Іле және Ертіс өзендерінің жоғарғы ағыстарынан су алу көлемін ұлғайтуды жоспарлауы Қазақстан аумағында Іле-Балқаш және Жоғарғы-Ертіс бассейндерінің су айдындарында балықтың құнды түрлерінің есімін молайтуды едәуір төмендетеді. Мәселен, Каспий өңірі мемлекеттерінің арасында бекіре балығының түрлерін аулауға квоталарды бөлу кезінде негізгі өлшемдердің бірі өзендер ағыстарының көлемі және осының негізінде Жайық өзенінде табиғи уылдырық шашудан балықтардың кәсіпшілік қайтарымы үлесінің есеп-қисабы болып табылады. Балық қорларын анықтау үшін бассейндер бойынша және Каспий теңізінде бірлескен кешенде халықаралық экологиялық зерттеулер жүргізудің зор маңызы бар.
3.2.2. Жер бетіндегі жануарлар дүниесі
Аумағымыздың ауқымдылығы (272,5 млн. га), фауна түрлерінің көптілігі (омыртқалылар 830 және омыртқасыздардың 50000 астам) біздің еліміздің өзіндік ерекшелігі болып табылады. Қорғауды қажет ететін сирек кездесетін эндемикалық және көне түрлерінің арасында омыртқалы жануарлардың 300 астам түрі бар, олардың едәуір бөлігі жойылып кету алдында тұр.
Қазақстан фаунасын түгендеу омыртқалы жануарлар үшін ғана аяқталды, олардың жекелеген кластары бойынша жиынтық фауналық мәліметтер басылды. Қазақстан аумағында омыртқалы жануарлардың 835 түрі мекендейді, оның ішінде:
сүтқоректілер - 178, құстардың - 489 (олардың 396-сы осында ұя салады, қалғаны қыстауға ұшып келеді немесе көктемде және күзде ұшып өтеді), бауырмен жорғалаушылар - 49, қосмекенділер - 12, балықтар - 104 және дөңгелек ауыздылар - 3.
Қазақстанның Қызыл кітабына (1-том. Жануарлар. 1-бөлім. Омыртқалылар. 3-ші басылым, 1996 ж.) омыртқалы жануарлардың 125 түрі мен түр тармағы, оның ішінде құстардың 56, сүтқоректілердің - 40 және Қазақстанның Қызыл кітабының екінші бөліміне (1-том. Жануарлар. 2-бөлім. Омыртқасыз жануарлар) омыртқасыз жануарлардың 96 түрі енгізілген.
Жануарлар аулаудың реттелмеуі, басқа да антропогендік факторлар республика жануарлар дүниесі ресурстарының сарқылуын туғызуда. Қазақстан аумағында 20-ғасырдың орта тұсынан бастап қазақстан құланы мен тұран жолбарысы жойылып кетті, сірә, қабылан да жойылып кеткен болар.
Қазақстанның жануарлар дүниесін сақтау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылдың 25 наурыздағы № 267 қаулысымен бекітілген Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін және киіктерді сақтау мен қалпына келтірудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді.
Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктерді сақтаудың және қалпына келтірудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлері мен киіктерді қорғау жүзеге асырылуда.
Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктерді сақтаудың және қалпына келтірудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға 2005 жылы республикалық бюджеттен 182,5 млн. теңге сомасында қаражат бөлінді және ол игерілді. 2007 жылы осы бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджетте 200 млн. теңгеден астам қаражат көзделген.
Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктерді сақтаудың және қалпына келтірудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру киіктерді сақтау жөнінде жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігін арттыруға игі ықпал ететіні және тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктердің таралу аймақтарында олардың сақталуына жәрдемдесетіні сөзсіз.
2005-2006 жылдары Білім және ғылым министрлігінің Зоология институты қызметкерлерінің қатысуымен өткізілген киіктерді есепке алу жануарлар санының азаю үрдісі тоқтатылғанын және оның көбеюі байқалып отырғанын көрсетті. 2006 жылы киіктердің саны 2003 жылғы 21,2 мың дарақпен салыстырғанда 49,3 мың дараққа жетті.
Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктерді сақтаудың және қалпына келтірудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 970 қаулысына сәйкес 2006 жылы Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының аумағына құланның 30 дарағын жерсіндіру жүзеге асырылды. Сондай-ақ «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне тоғай кермаралының 7 дарағы қоныстандырылды.
Киіктерді қорғаудың тиімділігін арттыру үшін Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктерді сақтаудың және қалпына келтірудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасының іс-шараларын орындау аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 14 ақпандағы № 109 қаулысымен киіктерді қорғауға және қалпына келтіруге арналған Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты құрылды.
Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, киіктерді ғылыми мақсаттарда пайдалануды қоспағанда, 2011 жылға дейін алып қоюға тыйым салу белгіленді.
3.3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
Қазіргі уақытта Қазақстанда республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының 10 мемлекеттік табиғи қорығы, 10 мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, 3 мемлекеттік табиғи резерваты, 50 мемлекеттік табиғи қаумалы, 127 геологиялық, 58 геоморфологиялық және 19 гидрогеологиялық объектісі, 5 ұлттық қорық аймағы, 26 табиғат ескерткіші, республикалық маңызы бар 5 мемлекеттік ботаникалық бақ, жергілікті маңызы бар 2 мемлекеттік табиғи парк жұмыс істейді.
Республикалық маңызы бар ЕҚТА жалпы көлемі 22038,7 мың гектарды - мемлекет аумағының 8,1%, оның ішінде заңды тұлға мәртебесі барлар 4689,1 мың гектарды - мемлекет аумағының 1,7% құрайды.
Осы көрсеткіштің жалпы жұрт таныған дүниежүзілік стандарттары - 10-12% болып табылады.
Қазақстан Республикасының табиғи-қорық қорының қазіргі жай-күйіне жасалған талдау сүтқоректілердің 178 түрінің 140-ы (78,6%), оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына (1991 жылы шығарылған) енгізілген 22 түрі немесе осы кітаптағы сүтқоректілер жалпы тізімінің 61,1%, құстардың 346 түрі (87,4%), бауырымен жорғалаушылардың 31 түрі (63,2%), балықтардың 23 түрі (22,1%) қорғалатынын, алайда олардың Қазақстанның бірегей флоралық және фауналық сан алуандығын сақтауды және табиғи экожүйелердің бүкіл кешенінің орнықты жай-күйіне жан-жақты қолдау көрсетуді қамтамасыз ете алмай отырғанын көрсетеді.
Алтай, қазақстан, қаратау және қызылқұм арқарлары мекендейтін жерлерде сенімді қорғалатын аумақтар қажет. Шөл сүтқоректілері - қарақұйрық, құлан, сабаншы, қарақал, шұбар күзен үшін қорғалатын аумақтардың жеткіліксіз екені айқын. Қорықтық аумақтарда сүтқоректілердің 37 түрі (21,1%), оның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген 12 түрі мүлдем кездеспейді. Бұлар Жайық өзені аңғарында мекендейтін жұпар тышқан, орман сусары, еуропалық қаракүзен, Еділ-Жайық құмдарында мекендейтін алып көртышқан және тағы басқалар.
Соңғы үш жылда мемлекеттік маңызы бар ЕҚТА көлемі жұмыс істеп тұрған ЕҚТА-ларды кеңейту және жаңа ЕҚТА-лар құру есебінен 1495697 гектарға, оның ішінде жылдар бойынша: 2004 жылы 231137 га, 2005 жылы 339966 га, 2006 жылы 924594 га ұлғайтылды.
Флора мен фаунаның сирек кездесетін және жойылып бара жатқан объектілерін қорғау ЕҚТА жұмыс істеуінің маңызды элементі болып табылады. Қазір Қазақстанда омыртқалы жануарлардың 126 түріне, омыртқасыздардың 96 түріне және 207 өсімдік түріне ресми жойылып кету қаупі төніп тұр.
Табиғи-қорық қоры объектілерінің қазіргі орналасуын есепке алу және талдау республика флорасы мен фаунасының гендік қорының қоймасы бола алатын жаңа қорғалатын учаскелер ұйымдастыруға жарамды қосымша аумақтарды анықтауға мүмкіндік берді. Табиғи-қорық қорының объектілерін пайдалану жөніндегі ұсыныстармен бірге олардың тізбесі қоршаған ортаны қорғау, орман және аңшылық шаруашылығы, балық шаруашылығы саласындағы мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелерінің, облыстар әкімдіктерінің, үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары бойынша жасалды. Сонымен бірге»«Мемлекеттік табиғи-қорық қорының проблемалары және перспективалық дамуына» арналған парламенттік тыңдаулардың ұсыныстары ескерілді. Республиканың табиғи-ресурс әлеуетінің қазіргі жай-күйіне кешенді баға беріліп, соның негізінде кейіннен оларға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәртебесін бере отырып, міндетті түрде резервке алуды қажет ететін аумақтар мен учаскелер анықталды.
4. Бағдарламаның мақсаты және міндеттері
Осы Бағдарламаның мақсаты су ресурстарын, жануарлар дүниесін сақтау мен ұтымды пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін дамыту болып табылады.
Бағдарламаның мақсатына қол жеткізу үшін төмендегі мәселелерді шешу көзделіп отыр:
су ресурстары бойынша
экономиканың әртүрлі салаларын, жекелеген өңірлер мен кешендерді сумен қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды қанағаттандыру, су ресурстарын ұтымды және ұқыпты пайдалану және қорғау;
су ресурстарын оңтайлы және кешенді пайдалану;
су объектілерінің мониторингі жүйесін қалпына келтіру және дамыту мен су объектілерін пайдалануға мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру;
су объектілерінің жай-күйін есепке алуға және оларды су пайдаланушылардың пайдалану ерекшеліктеріне негізделген өңірлік су шаруашылығы саясатын жүргізу;
жануарлар дүниесі бойынша
балық шаруашылығының нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру;
балық өсіру шаруашылығын, оның ішінде бекіре балығын өсіруді балық отырғызу материалымен кепілді түрде қамтамасыз үшін жағдай жасау;
сирек кездесетін және жойылып бара жатқан балық түрлерінің санын сақтау мен қалпына келтіруді, сондай-ақ және де балықтың жаңа түрлерін республиканың әртүрлі өңірлерінде сынап көру;
саланың ғылыми әлеуетін дамыту және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету;
балық шаруашылығын мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру;
тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін (арқарлар, қарақұйрық, тоғай кермаралы, түркімен құланы) және киіктерді қорғау;
тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктер санының жыл сайынғы есебін жүргізуді ұйымдастыру;
тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің гендік қорын сақтаудың және олардың оңтайлы санын анықтаудың биотехнологиялық негіздерін әзірлеу жөнінде ғылыми зерттеулерін жүргізу;
тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің және киіктердің таралу аймағында жыртқыштардың санын реттеу;
қоныс аударатын жануарлар көршілес елдердің аумағына келіп кірген кезде жануарлардың таралу аймағы мемлекеттерінің жануарларды сақтау жөніндегі бірлескен іс-қимылды үйлестіруі үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту бойынша
2007-2009 жылдарға санаттары мен түрлері әртүрлі кеңейтілетін және жаңадан құрылатын ЕҚТА-ны кезең-кезеңімен ұйымдастыру тәртібін белгілеу;
Қазақстан Республикасындағы биологиялық сан алуандықты аумақтық қорғаудың қазіргі жай-күйіне талдау жасау негізінде бірінші кезектегі табиғи кешендерге ЕҚТА мәртебесін беру үшін оларды айқындау.
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары және іске асыру тетігі
5.1. Су ресурстары проблемаларын шешудің негізгі бағыттары
Су ресурстары проблемаларын шешуде негізгі бағыттар мыналар болып табылады:
1) өзен бассейндерінің ағысын реттеу үшін гидротехникалық имараттарды пайдалану және олардың қауіпсіздігі мен беріктілігін қамтамасыз ету;
2) су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру және ауыл шаруашылығында өнім өлшеміне үлестік су жұмсауды төмендету;
3) су пайдаланудың осы заманғы тәсілдері мен әдістерін игеру, су шаруашылығы жүйелерін су өлшеу, суды есепке алу және су реттеу құралдарымен жарақтандыру.
5.1.1. Өзен бассейндерінің ағысын реттеу үшін
гидротехникалық имараттарды пайдалану және олардың
қауіпсіздігі мен беріктілігін қамтамасыз ету
Бұл бағыт гидротехникалық имараттарды пайдалану мен республикалық және коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы объектілерін пайдалану жөніндегі шараларды жүзеге асыруды көздейді.
Гидротехникалық имараттардың жұмысқа қабілеттілігінің және техникалық жарамдылығының негізгі көрсеткіштері мыналар болып табылады:
қамтамасыз етілген жобалық су өткізу қабілеттілігі;
ең төмен мөлшердегі сүзілудің және техникалық-пайдаланудың су ысырабы;
гидротехникалық имараттар қабырғалары сыртында төменгі бъефтер мен қуыстарды судың шайып кетпеуі;
қалқанды құрылғылардың, көтергіш тетіктердің, автоматика, телемеханика және байланыс құралдарының мінсіз жұмыс істеуі;
объектілерді тиісті дәрежеде көркейту және күтіп-ұстау.
5.1.2. Су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру және ауыл
шаруашылығында өнім өлшеміне үлестік су жұмсауды төмендету
Су ресурстарының тапшылығын қазірдің өзінде сезініп отырған көптеген елдер оларды пайдалануды қысқартқан және одан әрі қысқартуда, ал Израиль сияқты су ресурстарының тапшылығы өткір сипат алған кейбір елдер ауыл шаруашылығы дақылдарын тамшылатып суғару әдісіне толық көшкен.