Түркімен құландарын жерсіндіру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 970 Қаулысы
«Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктерді сақтаудың және қалпына келтірудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2005 жылғы 25 наурыздағы № 267 қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының аумағына 30 (отыз) бас түркімен құланын жерсіндіруге рұқсат берілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті:
1) «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан 30 (отыз) бас түркімен құланын жерсіндіру мақсатында тірідей аулауға белгіленген тәртіппен рұқсат берсін;
2) түркімен кұландарын жерсіндіру жөніндегі іс-шараларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |