Қазақстан Республикасының
Заңы
«Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы»
(2006.07.07. берілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2009 жылғы 30 наурыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасында инновациялық қызметті ынталандырудың құқықтық, экономикалық әрі ұйымдық негіздерін белгілейді және оны мемлекеттік қолдау шараларын айқындайды.
1-тарау.
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) инновация - өндірістің және қоғамды басқарудың түрлі салаларына енгізілуі экономикалық тұрғыдан тиімді және (немесе) әлеуметтік, экологиялық тұрғыдан маңызды болып табылатын, зияткерлік меншік объектісі болып табылатын ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі;
2) инновациялық грант - инновациялық жобаның тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерін орындау, техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау, өнеркәсіптік меншік объектісін шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патенттік ұйымдарда патенттеу үшін грант беруші мен грант алушы арасындағы шартпен көзделген жағдайларда бюджеттен берілетін трансферт;
3) инновациялық жоба - инновацияларды енгізуге бағытталған және инвестицияны көздейтін, сондай-ақ белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын және аяқталған сипаты бар іс-шаралар кешені;
4) инновациялық инфрақұрылым - Қазақстан Республикасы инновациялық қызметінің бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайтын мамандандырылған субъектілерінің жүйесі;
5) инновациялық қор - инновациялық жобаларды және инфрақұрылымды қаржыландыру, сондай-ақ инновациялық қызмет саласында қызметтер көрсету арқылы инновациялық қызметтің дамуына жәрдемдесетін заңды тұлға;
6) инновациялық қызмет - инновацияларды өндірістің және қоғамды басқарудың түрлі салаларына енгізу арқылы пайдалану;
7) инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектісі - технологиялық бизнес-инкубатор, технологиялық парк, инновациялық қор;
8) инновациялық қызметтің субъектілері - инновациялық қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
9) сенімгер уәкіл - тапсырма шартының негізінде сенім білдіруші атынан және оның есебінен әрі оның нұсқауларына сәйкес инновациялық гранттар берумен байланысты белгілі бір тапсырмаларды орындайтын заңды тұлға;
10) технологиялар трансферті - құқық иесінен инновациялық қызмет субъектілеріне Қазақстан Республикасында және (немесе) шет елдерде патенттелген инновацияларды пайдалану құқықтарын беру процесі;
11) технологиялық бизнес-инкубатор - инновацияны құру, қорғау құжаттарын алуға өтінімдерді ресімдеу және инновациялық жобаны дайындау үшін жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқықтық, ұйымдық, ақпараттық және өзге де қызметтер ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асырушы заңды тұлға;
12) технологиялық парк (бұдан әрі - технопарк) - негізгі қызметі инновациялық жобаны іске асыру үшін қажетті жұмыстар мен қызметтерді ұсыну болып табылатын біртұтас материалдық-техникалық кешенге меншік құқығы бар заңды тұлға немесе консорциум;
13) уәкілетті орган - берілген өкілеттіктер шегінде инновациялық қызмет саласындағы басшылықты және үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының инновациялық қызметтi
мемлекеттік қолдау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың
мақсаты мен принциптерi
Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың мақсаты инновациялық қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың негізгі принциптері:
1) инновациялық қызметті жүзеге асыру кезінде ұлттық мүдделерді сақтау;
2) ұлттық экономиканың бәсекелестік қабілетін арттыру және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін инновациялық қызметтің басымдығы;
3) мемлекеттік қолдау алу кезінде инновациялық қызмет субъектілерінің теңдігі;
4) инновациялық қызмет субъектілерін мемлекеттік қолдаудың экономикалық тиімділігі және нәтижелілігі;
5) инновациялық қызметті ұйымдастыру мақсатында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілері мен кәсіпкерлік субъектілерінің тұрақты өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін кешенділік және жүйелілік;
6) инновациялық қызметті жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету болып табылады.
4-бап. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары
Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) мемлекеттік инновациялық саясатты іске асыру үшін ұйымдық және экономикалық, соның ішінде инвестициялар тартуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау арқылы инновациялық қызметті ынталандыру;
2) инновациялық даму басымдықтарын айқындау;
3) инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру және дамыту;
4) мемлекеттің инновацияларды құруға және енгізуге қатысуы;
5) отандық инновацияларды сыртқы нарықтарға жылжыту;
6) технологиялар трансфертін қоса алғанда, инновациялық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық.
5-бап. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың
нысандары
Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай негізгі нысандарда жүзеге асырылады:
1) инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерін құруға қатысу;
2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) ұлттық даму институттарын құру, қызметін үйлестіру және жұмыс істеп тұрғандарын одан әрі дамыту;
3) инновациялық жобаларды бюджет қаражаты есебінен іске асыру;
4) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында және осы Заңда айқындалған шарттармен инновациялық гранттар беру;
5) инновациялық қызметті кадрлық қамтамасыз етуді, соның ішінде инновациялық менеджмент негіздеріне оқыту арқылы ұйымдастыру;
6) инновациялық қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асыру үшін инвестициялар тартуды қамтамасыз ететін қажетті ұйымдық, құқықтық және экономикалық жағдайлар жасау.
6-бап. Мемлекеттік органдардың инновациялық қызмет
саласындағы құзыретi
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) инновациялық қызмет саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) инновациялық қызметтің басым бағыттарын айқындайды;
3) инновациялық қызметті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді ұйымдастырады;
4) инновациялық қызметті дамытуға бағытталған салалық (секторлық) бағдарламаларды бекітеді;
5) технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктерді аккредиттеу ережелерін және оларға қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;
6) бюджет қаражаты есебінен инновациялық гранттар беру және өнеркәсіптік меншік объектілерін енгізу жөнінде қабылданған шаралар туралы есеп беру ережелерін бекітеді;
7) бюджет қаражаты есебінен инновациялық гранттар алу өтінімдеріне мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама және экономикалық сараптама жүргізу ережелерін бекітеді;
8) инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерін құру үшін жағдайларды қамтамасыз етеді;
9) пайдаланылуы ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен байланысты зияткерлік меншік объектілеріне ерекше құқықтар алу тәртібін айқындайды;
10) инновациялық гранттар беру мақсатында сенімгер уәкілді және оның сыйақы мөлшерін айқындайды.
2. Уәкілетті орган:
1) инновациялық қызмет саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне инновациялық қызметтің басым бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді;
3) инновациялық қызметті дамытуға бағытталған мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламалар әзірлейді;
4) бюджет қаражаты есебінен инновациялық гранттар беру және өнеркәсіптік меншік объектілерін енгізу жөнінде қабылданған шаралар туралы есептер беру ережелерін, инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерін аккредиттеу ережелерін, бюджет қаражаты есебінен инновациялық гранттар алу өтінімдеріне мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама және экономикалық сараптама жүргізу ережелерін әзірлейді;
5) мемлекеттік органдардың инновациялық қызметті дамыту жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
6) технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктерді аккредиттеуді жүзеге асырады;
7) персоналға және технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктердің кеңсе, өндіріс үй-жайларына қойылатын талаптарды айқындайды;
8) Қазақстан Республикасының Үкіметіне инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерін құру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
9) инновациялық қызметті ынталандыру жөнінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді.
3. Өзге де орталық атқарушы органдар:
1) өз өкілеттіктері шегінде инновациялық қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) өз өкілеттіктері шегінде инновациялық қызметті дамытуға бағытталған мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламаларды іске асырады.
4. Жергілікті атқарушы органдар:
1) өз өкілеттіктері шегінде инновациялық қызметті дамытуға бағытталған өңірлік бағдарламаларды әзірлейді, іске асырады және оларды құқықтық, ұйымдық және өзге де қолдауды қамтамасыз етеді;
2) инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерін құруға қатысады.
2-тарау.
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
7-бап. Инновациялық қызметтің мамандандырылған
субъектілерi
1. Мемлекет инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерін құруға қатысуға құқылы.
2. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерінің құрылтайшылары бола алады.
Жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ мемлекеттің қатысуымен құрылған заңды тұлғалар инновациялық қызметке жәрдемдесу мақсатында инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерінің жарғылық капиталына қатыса алады.
3. Технологиялық бизнес-инкубаторлар мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) шарт жағдайында инновациялар құруға қажетті материалдық-техникалық база ұсыну;
2) шарт жағдайында зияткерлік меншік объектілерін қорғау құжаттарын алуға өтінімдер ресімдеуге қажетті жұмыстар мен қызметтер ұсыну;
3) инновациялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін және инновациялық жобаны қаржыландыруға арналған құжаттарды әзірлеуге жәрдем көрсетуді қоса алғанда, шарт жағдайында инновациялық жобаны әзірлеу үшін қажетті жұмыстар мен қызметтер ұсыну;
4) инновациялық жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тартуға жәрдем көрсету;
5) инновациялық қызметті жүзеге асырушы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін ұйымдастыруға жәрдем көрсету.
Технологиялық бизнес-инкубаторлардың инновациялық қызмет субъектілеріне жұмыстар мен қызметтер ұсыну үшін тиісті біліктілігі бар персоналы, сондай-ақ инновацияларды құру үшін жеткілікті кеңсе және өндіріс үй-жайлары болуға тиіс.
4. Технопарктер мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) жаңа технологиялық процестерді, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сертификаттау мен стандарттау және тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сериялық өндірісін бастау мақсатында тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер, сынақтар жүргізу кезеңін қоса алғанда, инновациялық жобаны іске асыру үшін қажетті кеңсе үй-жайлары мен өндірістік базаларды беруді, зертханалық жабдыққа, коммуникацияларға және басқа да объектілерге қол жеткізуді қоса алғанда, шарт жағдайында материалдық-техникалық базаны ұсыну;
2) инновациялық жобаны іске асыру үшін шарт жағдайында жеке және заңды тұлғаларға құқықтық, ұйымдық, ақпараттық қызметтер ұсыну;
3) инновациялық менеджмент негіздерін оқыту;
4) технопарктің аумағында орналасқан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне консультациялық қызметтер ұсынатын ұйымдарды тарту үшін жағдайлар жасау;
5) кәсіпкерлік субъектілеріне отандық және шетелдік ғылыми және технологиялық ақпаратты тарату.
Технопарктер осы баптың 3-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқылы.
Технопарктердің инновациялық қызмет субъектілеріне жәрдем көрсетуге қажетті меншік құқығындағы немесе тұрақты немесе уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығындағы жылжымайтын объектілерді қоса алғанда, материалдық-техникалық базасы болуға тиіс.
Технопарктерде сараптау кеңестері құрылуы мүмкін.
Сараптау кеңесі:
1) инновацияларды әзірлеушілерден, кәсіпкерлерден түсетін өтінімдер мен жобаларды алдын ала талдауды жүзеге асырады;
2) жобаның жаңалығын және техникалық орындалуын, құрылатын инновацияның нарықтық тартымдылығын, оның экономикалық орындылығын бағалайды.
5. Инновациялық қорлар мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) инновациялар құруды және енгізуді қаржыландыру;
2) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің инновациялық қызметті іске асыруы үшін қаржы қаражатын іздестіру және тарту;
3) инновациялық қызметтің субъектілеріне маркетинг, консультация және басқарушылық қызметтерін көрсету.
Инновациялық қорлар жылдық қаржылық есептілік аудитін жүргізуге міндетті.
8-бап. Технологиялық бизнес-инкубаторлар мен
технопарктерді аккредиттеу
1. Уәкілетті орган технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктерді аккредиттеуді жүзеге асырады.
2. Технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктерді аккредиттеу ерікті болып табылады және олардың өтініштері негізінде жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін біліктілік талаптарына сәйкестігі технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктерді аккредиттеудің негізі болып табылады.
4. Аккредиттеу туралы куәлік алған инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілері туралы немесе куәліктерді кері қайтарып алу туралы ақпарат уәкілетті орган арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде ресми басылымдарда жарияланады.
3-тарау.
ҰЛТТЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚОР
9-бап. Ұлттық инновациялық қордың құқықтық мәртебесі,
мақсаттары мен міндеттерi
2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Ұлттық инновациялық қор Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, ұлттық басқарушы компания жалғыз акционері болып әрекет ететін, акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық ұйым болып табылады.
Ұлттық инновациялық қор ұлттық даму институты болып табылады.
2. Ұлттық инновациялық қор қызметінің мақсаты елдегі жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, соның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
3. Ұлттық инновациялық қордың міндеттері:
1) инновациялардың құрылуын және енгізілуін қаржыландыруды жүзеге асыратын инновациялық қорлар мен инвестициялық қорлардың жарғылық капиталына бақылаусыз қатысу;
2) инвестицияланатын компаниялардың жарғылық капиталына үлестік бақылаусыз қатысу және (немесе) қаржылық лизинг арқылы инновациялар құруды және енгізуді қаржыландыру;
3) инновациялық инфрақұрылымды дамыту;
4) сыртқы нарықтарға отандық инновацияларды жылжыту;
5) инновациялық технологияларды ауыстыру, қарызға беру және дамыту, оларды коммерцияландыру мен енгізу саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
10-бап. Ұлттық инновациялық қордың өкілеттіктерi
Ұлттық инновациялық қор:
1) Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы меморандумына сәйкес инвестициялық саясатты жүзеге асыруға;
2) ғылыми-техникалық, экономикалық сараптамалар мен патенттік зерттеулердің нәтижелері бойынша инновациялық жобаларды инвестициялаудың орындылығын айқындауға;
3) шарт негізінде сарапшылар және консультанттар тартуға;
4) ішкі нарықта Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы меморандумында айқындалған шекте және тәртіппен өтімділігі жоғары қаржы құралдарының бос қаражатын орналастыруға;
5) Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы меморандумында белгіленген шектеулерді ескере отырып, инновациялық жобаларды іріктеуді және оларды инвестициялауды жүзеге асыруға;
6) инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерін құруға қатысуға;
7) экономикалық коммерциялық тиімділігі және технологиялық дамуы тұрғысынан әлеуетті перспективалы болып табылатын, жаңа технологиялар, тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) жасауға бағытталған қолданбалы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге өз қаражатынан гранттар беруге;
8) шетелдік инновациялық немесе инвестициялық қорларға инвестициялауды жүзеге асыруға құқылы.
11-бап. Ұлттық инновациялық қор инвестицияларының
көздерi
1. Инвестицияларды жүзеге асыру үшін мынадай көздер пайдаланылады:
1) Ұлттық инновациялық қордың жарғылық капиталы;
2) Ұлттық инновациялық қордың кірістері;
3) халықаралық қаржы ұйымдары, шет мемлекеттер мен қаржы институттары беретін гранттар.
2. Ұлттық инновациялық қордың кірістер алуының негізгі нысаны Ұлттық инновациялық қор инвестицияларының бастапқы құны мен шығу кезіндегі олардың өткізу құны арасындағы айырманы білдіретін қаржыландыратын жобалардан Ұлттық инновациялық қордың шығуы кезіндегі кірістер болып табылады.
3. Басқа кірістер Ұлттық инновациялық қордың уақытша бос ақша қаражатын басқарудағы кіріс, дивидендтер түріндегі кірістер, консультациялық қызметтер көрсетуден түскен кірістер, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелердің нәтижелеріне мүліктік құқықтарды іске асырудан түскен кірістер болып табылады.
2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12-бап. Ұлттық инновациялық қордың таза кірісін бөлу
Ұлттық инновациялық қордың таза кірісін бөлу тәртібін ұлттық басқарушы компания айқындайды.
13-бап. Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық
саясат туралы меморандумы
1. Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы меморандумы Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық қызметіндегі негізгі құжат болып табылады.
2. Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы меморандумы Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық саясатының негізгі басымдықтарын айқындайды, инвестициялық қызметті жүзеге асыру, қаржыландырылатын жобалардың іске асырылуының, инвестицияланатын компаниялардың қаржылық жай-күйінің мониторингі мен талдануы, Ұлттық инновациялық қордың инвестицияланатын компаниялардан шығуы туралы шешім қабылдауы жөніндегі негізгі ережелерден тұрады, Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық қызметінің сапалық және сандық өлшемдері мен шектеулерін белгілейді.
2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы меморандумын ұлттық басқарушы компания бекітеді.
14-бап. Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық
қызметінің шектеулерi
1. Ұлттық инновациялық қордың:
1) акциялардан басқа, бағалы қағаздардың өзге түрлерін шығаруға;
2) қарыздар беруге;
3) үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілдіктер беруге және кепілгер болуға;
4) міндеттемелерді қабылдау шарттары мен тәртібі, сондай-ақ оларды жүзеге асыру мақсаттары Қазақстан Республикасының заңнамасына, Ұлттық инновациялық қордың жарғысына және Инвестициялық саясат туралы меморандумына қайшы келетін міндеттемелерді ез мойнына алуға құқығы жоқ.
2. Ұлттық инновациялық қор алкоголь және темекі өнімдері өндірісіне, ойын бизнесіне инвестицияларды салмайды.
15-бап. 2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
16-бап. Ұлттық инновациялық қордың жауапкершілігi
Ұлттық инновациялық қор өз міндеттемелерін орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен жауаптылықта болады.
4-тарау.
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ ЕСЕБІНЕН
IСКЕ АСЫРУ. ИННОВАЦИЯЛЫҚ ГРАНТТАР
17-бап. Инновациялық жобаларды бюджет қаражаты есебінен
iске асыру
Инновациялық жобаларды бюджет қаражаты есебінен іске асыру Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
18-бап. Инновациялық гранттар беру
1. Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес инновациялық гранттар бюджет қаражаты есебінен беріледі.
Инновациялық гранттар беру мақсатында сенімгер уәкіл тартылуы мүмкін.
2. Инновациялық грант мына мақсаттарға:
1) тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер орындау;
2) инновациялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу;
3) шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патент ұйымдарында өнеркәсіптік меншік объектісін патенттеу мақсаттарына беріледі.
19-бап. Тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге
арналған грант
1. Тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге грант беру бюджет қаражаты есебінен инновациялық гранттар алуға және патенттік зерттеулерге өтінімдердің мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамасы мен экономикалық сараптамасының нәтижелері бойынша конкурстық негізде жүргізіледі.
2. Тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер орындауға грант мынадай шарттармен:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне немесе тиісті жергілікті атқарушы органға өнеркәсіптік меншік объектісін Қазақстан Республикасында және дүниежүзінің барлық елдерінің аумағында Қазақстан Республикасының атынан пайдалану үшін сублицензиялық шарт жасасу құқығымен жай ерекше емес, мерзімсіз лицензияны қайтарымсыз негізде беру;
2) уәкілетті органға немесе тиісті жергілікті атқарушы органға тиісті өнеркәсіптік меншік объектісін енгізу жөнінде қабылданған шаралар туралы мерзімдік есептерді беру;
3) лицензиат осы өнеркәсіптік меншік объектісін қамтитын немесе соның арқасында алынған кез келген тауар (жұмыс, қызмет көрсету) Қазақстан Республикасында өндірілуіне келіскен жағдайда ғана өнеркәсіптік меншік объектісіне ерекше лицензия беру;
4) грант алушының аудитін жүргізу шарттарымен беріледі.
3. Егер пайдаланылуы ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен байланысты зияткерлік меншік объектісі тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді орындаудың нәтижесі болып табылған жағдайда, мұндай объектіге ерекше құқықтар алудың басым құқығы мемлекетке тиесілі болады. Мұндай алудың тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды.
20-бап. Инновациялық жобаның техникалық-экономикалық
негіздемесін дайындауға және шет мемлекеттерде
және (немесе) халықаралық патенттік ұйымдарда
өнеркәсіптік меншік объектісін патенттеуге
арналған грант
1. Техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға және шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патенттік ұйымдарда өнеркәсіптік меншік объектісін патенттеуге гранттар беру бюджет қаражаты есебінен инновациялық гранттар алу өтінімдерінің мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамасы мен экономикалық сараптамасының нәтижелері бойынша конкурстық негізде жүргізіледі.
2. Инновацияға мүліктік құқықтары бар тұлғаға инновациялық жобаға техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға грант беріледі.
3. Осы Заңның 8-бабына сәйкес аккредиттелген технологиялық бизнес-инкубатор және (немесе) технопарк техникалық-экономикалық негіздеме дайындаған жағдайда, инновациялық жобаға техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға грант беріледі.
4. Қорғау құжаттарын алуға өтінімдер беруге құқықтары бар тұлғаға шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патенттік ұйымдарда өнеркәсіптік меншік объектісін патенттеуге грант беріледі.
5-тарау.
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
21-бап. Инновациялық қызмет субъектілерінің
халықаралық ынтымақтастығы
1. Инновациялық қызмет субъектілерінің халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
2. Инновациялық қызмет субъектілері инновациялық қызметпен айналысатын үкіметтік емес халықаралық ұйымдарға өз бетімен кіруге, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін шарттар мен өзге де келісімдерді жасасуға құқылы.
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастан қолданысқа енгізіледі.
2. "Инновациялық қызмет туралы" 2002 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 13-14, 142-құжат; 2005 ж, № 23, 142-құжат) күші жойылды деп танылсын.