ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 124 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 16 наурыздағы
№ 336 қаулысымен
бекітілген
Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы
әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» 2008 жылғы 29 желтоқсандағы заңдарына сәйкес әзірленді және медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді (бұдан әрі - арнаулы әлеуметтік қызметтер) көрсету жөніндегі қызметті лицензиялаудың тәртібін айқындайды.
2. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті лицензиялауды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы (бұдан әрі - лицензиар) жүзеге асырады.
3. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметпен айналысу құқығына берілетін лицензия иеліктен шығарылмайтын бас лицензия болып табылады және лицензиат оны басқа жеке немесе заңды тұлғаға бере алмайды.
4. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүргізу құқығына лицензия арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын біліктілік талаптарына (бұдан әрі - біліктілік талаптары) сәйкес келетін заңды тұлғаларға беріледі.
2. Лицензия беру, қайта ресімдеу және оны беруден бас тарту тәртібі
5. Өтініш беруші лицензия алу үшін лицензиарға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) белгіленген үлгідегі өтініш;
2) Жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
3) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
4) арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметпен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
5) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
6. Лицензия беру үшін лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізілімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі лицензиардың құжаттарды қабылдаған күні туралы белгісімен өтініш берушіге жіберіледі (тапсырылады).
7. Лицензиар лицензияны алуға өтініш берушінің құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің мемлекеттік тіркелген жері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі саласындағы органдарға өтініш берушінің тиісті талаптарға сәйкестігі туралы белгіленген қорытындыны беру жөнінде сауал жібереді.
Көрсетілген органдар жиырма бес жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін жеті жұмыс күні ішінде өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді және өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы белгіленген қорытындыны лицензиарға жібереді.
8. Лицензияр лицензияны өтініш осы Ереженің 5-тармағында белгіленген тиісті құжаттармен қоса берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін - он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
9. Егер лицензиар өтініш берушіге белгіленген мерзімде лицензияны бермеген не лицензия беруден бас тарту себептері туралы өтініш берушіні жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, лицензия беру мерзімі аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші лицензиарды өзінің арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия береді.
10. Егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салынса;
2) осы Ереженің 5-тармағында талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмесе. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған кезде өтініш жалпы негіздерде қаралады;
3) арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметпен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмесе;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмесе;
5) өтініш берушіге қатысты арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болса, лицензияны беруден бас тартылуы мүмкін.
11. Лицензия беруден бас тартқан жағдайда лицензиар лицензия беру үшін белгіленген мерзімде өтініш берушіге бас тарту себептерін көрсетіп, жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады.
12. Егер лицензия белгіленген мерзімде берілмесе немесе өтініш беруші лицензия беруден бас тартуды негізсіз деп есептесе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы іс-әрекеттерге шағымдануға құқылы.
13. Лицензиат лицензияны жоғалтқан, бүлдірген кезде лицензияның телнұсқасын алуға құқылы.
Лицензияның жоғалған, бүлінген бланкісі лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалу, бүліну фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның телнұсқасын береді.
14. Заңды тұлға бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында қайта ұйымдастырылған, атауы өзгерген жағдайда отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
Лицензиар лицензиат тиісті жазбаша өтінішті берген күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде лицензияны қайта ресімдейді.
3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату, алып қою
15. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, алып қою Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
16. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензия алып қойылғанда;
2) заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну, немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
3) лицензия ерікті түрде қайтарылғанда;
4) лицензияланатындардың тізбесінен арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызмет алып тасталса тоқтатылады.
Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтаруға міндетті.
4. Есепке алу және бақылау
17. Лицензиар лицензиаттың Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды жүзеге асырады.
Лицензиар өз құзыреті шеңберінде бақылау функцияларын орындау үшін лицензиаттан тиісті құжаттар мен қажетті ақпараттарды беруді талап етуге құқылы.
18. Лицензиар берілген, қайта ресімделген, тоқтата тұрған, жаңартылған және қолданылуы тоқтатылған лицензиялар туралы мәліметтерді қамтитын лицензиялар тізілімін жүргізеді.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 16 наурыздағы
№ 336 қаулысымен
бекітілген
Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тірек-қимыл
аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді
ұсыну жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік
талаптары
Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары мыналардың:
1) ғимаратқа (үй-жайға) құқықтарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе ғимаратқа (үй-жайға) жалдау шартының және көрсетілген ғимараттың (үй-жайдың) техникалық түгендеу органы берген әр қабаты бойынша жоспарының нотариалды куәландырылған көшірмелерімен расталатын, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін жарамды меншік құқығындағы немесе жалдау шарты негізіндегі ғимараттың немесе үй-жайдың;
2) тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған тамақтандыру объектісінің;
3) стандарттардың, техникалық шарттардың және басқа да нормативтік құжаттардың талаптарына жауап беретін, өтініш берушінің меншік құқығындағы жабдықтардың, аппаратураның, аспаптардың, жиһаздың, мүкәммалдың, көлік және басқа да құралдардың саны мен сапасы туралы өтініш берушінің мәліметтерімен расталатын, көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз ететін материалдық-техникалық базаның;
4) өтініш берушінің мәліметтерімен расталатын, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың дене, сенсорлық, моторлық және жеке дамуына арналған ойын материалының;
5) қызметкерлер туралы мәліметтермен (кәсіптік білімі, біліктілігі, сертификаты (қажет болған кезде), кәсіптік даярлығы және қайта даярлығы, өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті білімі мен тәжірибесі бар) расталатын әлеуметтік қызмет көрсету стандартымен белгіленген штаттық нормативтерде көзделгеннен кем емес қызметкерлер штатының;
6) медициналық және дәрігерлік қызметке лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесінің;
7) өтініш берушінің білім беру қызметімен айналысу құқығына лицензиясының нотариалды куәландырылған көшірмесінің болуын көздейді.