18) конкурс тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алудың мәні болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бөлінген сома туралы мәліметтер (әрбір лот бойынша);
19) жариялануға тиіс ақпаратты орналастыру жоспарланатын тапсырыс берушінің веб-сайтының электрондық мекен-жайы;
20) Үлгі конкурстық құжаттамаға 12-қосымшаға сәйкес конкурста сатып алу мәні болып табылатын жұмыстарды орындау жөніндегі қосалқы мердігерлер туралы және:
бас мердігердің қосалқы мердігерлікке жиынтығы жұмыстар (құрылыс құнының), көрсетілетін қызметтер көлемінің үштен екісінен астамын беруге тыйым салу шарттары туралы мәліметтер.
23. Неғұрлым сапалы тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті ұсынатын конкурсқа қатысушыны анықтау үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада конкурсқа қатысушының конкурстық баға ұсынысына әсер ететін мынадай өлшемдерді конкурстық құжаттамада көздеуге міндетті:
1) әлеуетті өнім берушіде және ол тартатын қосалқы мердігерде (бірлесіп орындаушыда):
өткізілетін мемлекеттік сатып алудың мәні болып табылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында жұмыс тәжірибесі;
Заңның 8-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында белгіленген талаптардан асып түсетін тартылатын өткізілетін мемлекеттік сатып алудың мәні болып табылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарығында кәсіби біліктілік деңгейдегі мен жұмыс тәжірибесі бар мамандар;
Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес ұсынылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ерікті сертификаттауды жүргізуін растайтын құжат;
мемлекеттік стандарттардың талаптарына сәйкес менеджменттің сертификатталған жүйесі (сертификатталған жүйелері);
2) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің функционалдық, техникалық, сапалық сипаттамалары және (немесе) сатып алынатын тауарларды пайдалануға, оларға техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған шығыстар.
24. Конкурстық құжаттама өзінің, сондай-ақ тартылатын қосалқы мердігерлердің (бірлесіп орындаушылардың) мынадай құжаттардың біреуін беру арқылы жалпы біліктілік талаптарға сәйкестігін растауға құқығын көздеуі тиіс:
1) әлеуетті өнім берушіге халықаралық рейтинг ұйымының рейтингін беруді растайтын құжат;
2) әлеуетті өнім берушіні ресми биржа листингіне енгізу туралы қор не тауар биржасынан үзінді көшірме;
3) Халықаралық бухгалтерлер федерациясының мүшесі болып табылатын аудиторлық ұйымның оң аудиторлық қорытындысы.
25. Егер өнім беруші - Қазақстан Республикасының резидент емесі болса, онда оның біліктілік талаптарға сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасының резиденттеріне арналған құжаттар не конкурстық құжаттаманың тіліне нотариалды куәландырылған аудармасымен Қазақстан Республикасының резидент емесі - әлеуетті өнім берушісінің біліктілігі туралы ұқсас мәліметтер бар құжаттар беріледі.
26. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы (мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы) әзірлеген конкурстық құжаттаманы тапсырыс берушінің бірінші басшысы (жауапты хатшы) не оның міндеттерін атқаратын тұлға бекітеді және әрбір бетіне осы Ереженің 19-тармағының 1) тармақшасына сәйкес анықталған тапсырыс берушінің уәкілетті өкілі бұрыштама қояды.
27. Әр түрлі тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі ашық не жабық конкурсты ұйымдастыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрлері бойынша лоттарға, ал лоттарға біртекті тауарларды оларды жеткізу (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) орны бойынша ұйымдастырады және бөледі.
Конкурстық комиссияны, сарапшыны (сараптау комиссиясын) бекіту
28. Конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерін орындау үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әрбір конкурсқа жеке конкурстық комиссия құрады.
Конкурстық комиссия құру туралы шешімді тапсырыс берушіге бекіту үшін конкурстық құжаттаманы бергенге дейін бес жұмыс күнінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қабылдайды.
Егер мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы болып тапсырыс беруші әрекет ететін болса, конкурстық комиссия құру туралы шешімді конкурстық құжаттаманы бекіткенге дейін бес жұмыс күнінде тапсырыс берушінің бірінші басшысы (жауапты хатшы) не оның міндетін атқаратын адам қабылдайды.
Жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған жағдайда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық комиссияның құрамына онымен келісім бойынша тиісті қызмет саласындағы уәкілетті органның өкілдерін енгізе алады.
Сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық ерекшелігін (олар қажет болған жағдайда) әзірлеу үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы әзірлеу кезеңінде сараптау комиссиясын (сарапшыны тартады) құрады.
29. Конкурстық комиссияның құрамына конкурстық комиссияның төрағасы, төрағасының орынбасары және мүшелері кіреді. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын оны алмастыратын адам орындайды. Конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және кемінде үш адам болуға тиіс.
Конкурстық комиссияның төрағасы болып мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының бірінші басшысының орынбасарынан төмен емес лауазымды адам айқындалуы тиіс. Егер мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы болып тапсырыс беруші әрекет ететін болса, конкурстық комиссияның төрағасы болып тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алуды өткізуді ұйымдастыруға жауапты құрылымдық бөлімшесінің басшысынан төмен емес лауазымды адам белгіленуге тиіс.
30. Конкурстық комиссияның төрағасы:
1) конкурстық комиссияның жұмысын жоспарлауға және қызметіне басшылық жасауға;
2) конкурстық комиссияның отырыстарында төрағалық етуге;
3) осы Ережеде көзделген өзге функцияларды жүзеге асыруға міндетті.
31. Конкурстық комиссия оны құру туралы шешім күшіне енген күннен бастап әрекет етеді және конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан күннен бастап өз қызметін тоқтатады.
32. Конкурстық комиссияның отырысы конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы санының жай көпшілігі қатысқан кезде жүргізіледі және конкурстық комиссияның қатысып отырған мүшелері, оның төрағасы, оның орынбасары және конкурстық комиссияның хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Қандай да бір конкурстық комиссиясының мүшесі болмаған жағдайда конкурстық комиссия отырысының хаттамасында оның болмау себебі көрсетіледі. Конкурстық комиссияның мүшесі дәлелді себеппен болмаған жағдайда конкурстық комиссия отырысының хаттамасында осы фактіні растайтын құжатқа сілтеме көрсетіледі. Конкурстық комиссияның кемінде бір мүшесі болмаған жағдайда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының басшысы болмаған уақытта басқа қызметкермен ауыстыруды жүргізеді.
33. Конкурстық комиссияның шешімі ашық дауыс берумен қабылданады және егер оған конкурстық комиссияның отырысқа қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусы берілген болса, қабылданған болып саналады. Дауыстар тең болған жағдайда конкурстық комиссияның төрағасы немесе ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары дауыс берген шешім қабылданған болып саналады. Конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда осы конкурстық комиссияның кез келген мүшесі ерекше пікір білдіруге құқығы бар, ол жазбаша түрде айтылуы және конкурстық комиссия отырысының хаттамасына қоса берілуге тиіс.
34. Конкурстық комиссияның ұйымдастыру қызметін конкурстық комиссияның хатшысы қамтамасыз етеді. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссияның мүшесі болып табылмайды және конкурстық комиссия шешімдер қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ.
Конкурстық комиссияның хатшысы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізуге жауапты мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының құрылымдық бөлімшесі лауазымды адамдарының қатарынан белгіленеді.
Конкурстық комиссияның хатшысы:
1) конкурстық комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады, конкурстық комиссияны қажетті құжаттармен қамтамасыз етеді, конкурстық комиссияның отырысын өткізуді ұйымдастырады;
2) конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасын, конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттаманы, конкурс қорытындылары туралы хаттаманы, сондай-ақ конкурстық комиссия отырыстарының басқа да хаттамаларын ресімдейді және оларға қол қояды;
3) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға конкурстық комиссия қол қойған отырыстар хаттамаларын, сараптаманың (сараптау комиссиясының) қорытындысын жібереді;
4) конкурстық өтінімдерді ашқан сәттен бастап конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу құжаттарының және материалдардың сақталуын қамтамасыз етеді;
5) осы Ережеде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
35. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыда әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестігін анықтау үшін тиісті бейіндегі мамандар болмаған жағдайда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы сарапшылар ретінде мемлекеттік қызметшілерді өтеусіз негізде, ал өзге мамандарды тараптардың уағдаластығы бойынша ақылы, сондай-ақ өтеусіз негізде тартуы мүмкін.
Сарапшы ретінде қандай да бір адамды тарту үшін мемлекеттік сатып алу мәніне оның қызмет бейінінің сәйкестігі міндетті шарт болып табылады.
Сарапшыны ақылы негізде таңдауды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы Заңға сәйкес жүзеге асырады.
36. Бірнеше сарапшыны тартқан жағдайда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы тартылған сарапшылардың қатарынан сараптау комиссиясын құрады және олардың арасынан сараптау комиссиясының басшысын анықтайды.
37. Сарапшылар (сараптау комиссиясы) әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі мәніне сараптамалық қорытынды береді және конкурстық комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ. Сарапшылардың (сараптау комиссиясының) қорытындысын, егер ол конкурстық құжаттамада көзделген талаптар шегінде жасалған болса ғана оны конкурстық комиссия міндетті түрде ескереді. Сараптамалық қорытынды жазбаша түрде ресімделеді, оған сарапшылар (сараптау комиссиясының мүшелері) қол қояды және конкурсқа қатысуға рұқсат туралы хаттамаға қоса беріледі.
Сарапшы сараптау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда, осындай сарапшы жазбаша түрде ерекше пікір білдіреді, ол сараптау комиссиясының қорытындысына қоса беріледі және оның ажырамас бөлігі болып табылады.
38. Конкурстық комиссияның хатшысы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының бірінші басшысының немесе конкурстық комиссияны құра отырып, бір уақытта оның міндетін атқаратын адамның шешімімен анықталады.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілі конкурстық комиссия құрылған және оның хатшысын анықтаған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей конкурстық комиссияның хатшысына конкурстық құжаттаманың түпнұсқасын және оның қосымшаларын береді.
39. Конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды өткізу басталғанға дейін конкурстық комиссияның мүшелері, конкурстық комиссияның хатшысы, сондай-ақ сарапшы (сараптау комиссиясы) бекітілген конкурстық құжаттамамен және оған қосымшалармен танысуға тиіс.
Әлеуетті өнім берушілерді конкурс тәсілімен тауарларды,
жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды
жүзеге асыру туралы хабардар ету
40. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының әлеуетті өнім берушілерді конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабардар ету Заңның 18-бабына сәйкес жүргізіледі.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының хабарламасында бар мәліметтер конкурстық құжаттамада көрсетілген мәліметтерге сәйкес келуге тиіс.
41. Ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру осы Ережеге 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді және мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:
1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының толық атауы, электрондық және почта мекен-жайы;
2) жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың атауы;
3) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы уәкілетті өкілінің тегі, аты, әкесінің аты, оның лауазымы және байланыс телефоны;
4) тауарларды жіберудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің атауы, сондай-ақ талап етілетін көлемі, орны мен мерзімі;
5) конкурстық құжаттаманың көшірмесін алу орны мен тәсілдері;
6) конкурсқа қатысуға өтінімдер беру орны және түпкілікті мерзімі, сондай-ақ конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу күні, уақыты мен орны;
7) әлеуетті өнім берушінің егер осындай төлем конкурстық құжаттамада көзделген жағдайда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурстық құжаттаманың көшірмесін бергені үшін төлемді енгізуіне арналған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының деректемелері;
8) әлеуетті өнім берушінің өкілінде конкурстық құжаттаманың көшірмелерін алу жөніндегі өкілеттіктердің болу шарты.
Әлеуетті өнім берушілерге конкурстық құжаттаманың көшірмесін беру
42. Ашық конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру жарияланған немесе жабық конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақыру туралы хабарлама жіберілген күннен бастап мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілі Заңның 18-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында белгіленген талаптарды ескере отырып, қағаз жеткізгішпен не бекітілген конкурстық құжаттаманы тапсырыс берушінің веб-сайтына орналастыру арқылы конкурстық құжаттаманың көшірмесін әлеуетті өнім берушіге (оның уәкілетті өкіліне) беруге тиіс.
Егер конкурстық құжаттамада конкурстық құжаттаманы бергені үшін төлем алу көзделген болса, онда конкурстық құжаттаманың көшірмесі әлеуетті өнім берушіге дәл осы күні ол көрсетілген төлемді енгізгеннен кейін ғана беріледі. Төлемнің мөлшері мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурстық құжаттаманың көшірмесін дайындауға шығыстарынан аспауға тиіс.
43. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілі:
1) конкурстық құжаттаманың көшірмесін алуға әлеуетті өнім беруші өкілінің тиісті түрде ресімделген өкілеттіктерін құжатты растаманың болуын тексереді;
2) әлеуетті өнім берушінің не оның уәкілетті өкілінің конкурстық құжаттаманың көшірмесін бергені үшін төлемді енгізу туралы құжатты растаманың болуын тексереді;
3) конкурстық құжаттаманың көшірмесін алған адамдарды тіркеу журналына осы Ереженің 44-тармағының 3), 4), 5), 6) тармақшаларында көрсетілген мәліметтерді енгізеді;
4) әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкіліне қол қойдыра отырып конкурстық құжаттаманың көшірмесін береді;
5) осы Ереженің 45, 47, 76-тармақтарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
44. Конкурстық құжаттаманың көшірмесін алған адамдарды тіркеу журналында мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:
1) конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды өткізудің атауы мен мерзімі;
2) тапсырыс беруші мен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атауы, олардың орналасқан жері;
3) әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің тегі, аты, әкесінің аты, оның жеке басын куәландыратын құжаттың деректері;
4) әлеуетті өнім берушінің толық атауы, орналасқан жері және байланыс телефоны;
5) конкурстық құжаттаманың көшірмесін әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілі алған уақыт пен күн;
6) егер осындай төлемді алу туралы нұсқама конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарламада қамтылған болса, конкурстық құжаттаманың көшірмесін бергені үшін төлемнің енгізілу фактісі.
45. Конкурстық құжаттаманың көшірмесін алған адамдарды тіркеу журналы тігілуі, беттері нөмірленуі және оған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілі алдын ала қол қоюы тиіс, конкурстық құжаттаманың көшірмесін алған адамдарды тіркеу журналының соңғы беті мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының мөрімен бекітілуге тиіс. Бір қаржы жылының ішінде конкурс тәсілімен барлық тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық құжаттаманың көшірмесін алған адамдарды бірыңғай тіркеу журналын жүргізуге жол беріледі.
46. Ашық конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру жарияланғанға немесе жабық конкурсқа қатысуға шақыру туралы хабарлама жіберілгенге дейін конкурстық құжаттаманың көшірмесін беруге жол берілмейді.
Конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру
47. Конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіруді, конкурстық құжаттама ережелерін түсіндіру жөніндегі кездесулерді ұйымдастыруды, түсіндірулер мәтіндерін жіберуді, жариялауды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілі жүргізеді, конкурстық құжаттамаға өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізу Заңның 20-бабында белгіленген мерзімде және тәртіппен жүзеге асырылады.
Конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру бойынша әлеуетті өнім берушілермен кездесудің хаттамасы осы Ережеге 7-қосымшаға сәйкес ресімделеді және мыналарды қамтуға тиіс:
1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілі, сондай-ақ олардың тегін, атын, әкесінің атын көрсете отырып, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының өзге де мамандарын және әлеуетті өнім берушілермен кездесуде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны ұсынған сарапшылар туралы ақпаратты;
2) олардың тегін, атын, әкесінің атын көрсете отырып, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушымен кездесуге қатысқан әлеуетті өнім берушілер не олардың уәкілетті өкілдері туралы ақпаратты, сондай-ақ осындай адамның конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушымен кездесуде әлеуетті өнім берушіні ұсыну өкілеттігін растайтын құжатты;
3) олардың көзін көрсетпестен, конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы ұсынылған сұрауларды;
4) әлеуетті өнім берушілердің сұрауларына мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының жауаптарын;
5) бекітілген конкурстық құжаттамаға өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізу қажеттілігіне не қажеттіліктің жоқтығына нұсқаманы.
48. Әлеуетті өнім берушілермен кездесудің хаттамасына мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны ұсынған адамдар, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілер немесе олар уәкілеттік берген өкілдер қол қоюға тиіс.
49. Егер конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру бойынша әлеуетті өнім берушілермен кездесу конкурстық құжаттамада тағайындалған әлеуетті өнім берушілердің немесе олардың уәкілетті өкілдерінің келмеуі себебінен өтпеген болса, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілі кездесу өтетін күн мен уақыт көрсетілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияны және конкурстық құжаттаманың көшірмесін алған әлеуетті өнім берушілерге осындай факт туралы жазбаша түрде хабарлайды.
Конкурсқа қатысуға өтінімдердің мазмұны және оларды беру
50. Конкурсқа қатысуға өтінім конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамада көзделген талаптар мен шарттарға сәйкес тауарды беруді (жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді) жүзеге асыруға келісімін білдіру нысаны болып табылады.
51. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға ұсынатын конкурсқа қатысуға өтінім:
1) Үлгі конкурстық құжаттамаға 4 және 5-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша әлеуетті өнім беруші толтырған және қол қойған өтінімді;
2) әлеуетті өнім берушінің жалпы біліктілік талаптарға сәйкестігін растау үшін ол ұсынатын құжаттардың тізбесін;
құқылық қабілетін (заңды тұлғалар үшін), азаматтық әрекетке қабілетін (жеке тұлғалар үшін) растайтын нотариалды куәландырылған құжаттарды;
заңды тұлға заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесін ұсынуға тиіс. Қазақстан Республикасының резидент еместері мемлекеттік және (немесе) орыс тілдеріне аудара отырып нотариалды куәландырылған сауда тізілімінен жария етілген көшірмені ұсынуға тиіс;
лицензиялардың және/немесе патенттердің, куәліктердің, сертификаттардың, дипломдардың, әлеуетті өнім берушінің сатып алынатын тауарларды өндіруге, қайта өңдеуге, беруге және өткізуге, жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге құқығын растайтын басқа да құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін;
төлем қабілеттілігін растайтын құжаттарды;
Үлгі конкурстық құжаттамаға 10-қосымшаға сәйкес әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсетілетін банктің немесе банк филиалының әлеуетті өнім берушінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының қаулысымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктердегі және ипотекалық компаниялардағы бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарына сәйкес банктің немесе банк филиалының алдындағы міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша анықтама берілген күннің алдындағы үш айдан астам созылған мерзімі өткен берешектің жоқтығы туралы банктің (банк филиалының) бірінші басшысының немесе оның орынбасарының банктің мөрі соғылған анықтамасының түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдарын, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, осы анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады). Анықтама конкурстық өтінімдер салынған конверттер ашылатын күннің алдындағы бір айдан кешіктірілмей алынуға тиіс;
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде міндетті аудит жүргізу белгіленген заңды тұлғалардың соңғы қаржы жылындағы аудиторлық есебінің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі. Егер конверттерді ашу ағымдағы жылдың 1 маусымына дейінгі мерзімде жүргізілсе, соңғы қаржы жылының алдындағы қаржы жылындағы аудиторлық есептің нотариалды куәландырылған көшірмесі берілуі мүмкін;
бірінші басшы немесе оны алмастыратын адам, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған соңғы қаржы жылындағы бухгалтерлік теңгерімнің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі. Егер конверттерді ашу ағымдағы жылдың 30 сәуіріне дейінгі мерзімде жүргізілсе, онда соңғы қаржы жылының алдындағы қаржы жылындағы бухгалтерлік теңгерімнің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі ұсынылуы мүмкін;
салық органының басшысы не орынбасарының қолымен конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашатын күннің алдындағы бір айдан кешіктірілмей алынған үш айдан астам (төлем мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұзартылған жағдайларды қоспағанда) салық берешегінің және жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдары бойынша берешегінің жоқтығы туралы тиісті салық органының белгіленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасы;
болған кезде ҚҚС (қосылған құн салығы) бойынша есепке қою туралы куәлігінің көшірмесі.
3) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) оның қосалқы мердігерлерінің (бірлесіп орындаушыларының) арнайы біліктілік талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар:
Үлгі конкурстық құжаттамаға 11-қосымшаға сәйкес үлгі нысан бойынша тауарларды шығару және/немесе беру, қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау үшін қызметкерлердің біліктілігін, мамандығы бойынша жұмыс өтілін көрсете отырып, олардың болуы және саны туралы құжаттың түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі;
Үлгі конкурстық құжаттамаға 6, 7, 8-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша әлеуетті өнім берушінің және оның қосалқы мердігерлерінің (бірлесіп орындаушылардың) осы талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды көрсете отырып, арнайы біліктілік және өзге талаптардың толық тізбесін қамтитын мемлекеттік сатып алу процесіне қатысуға арналған біліктілік туралы мәліметтер.
Егер әлеуетті өнім беруші жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлерін (бірлесіп орындаушыларын) тартуды көздеген жағдайда, әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға тартылатын қосалқы мердігерлердің (бірлесіп орындаушылардың) жалпы және арнайы біліктілік талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды беруге тиіс.
Өтінім сондай-ақ осындайлар болған жағдайда конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемдерді растайтын құжаттарды қамтуға тиіс.