Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік
мониторингі туралы 2003 жылғы 4 қарашадағы № 490-II Қазақстан
Республикасының Заңы
(2007.07.08. берілген толықтыруларымен)
Осы редакция 2008 жылғы 12 ақпандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1-5 баптар)
2-тарау. Меншіктің мемлекеттік мониторингі (6-11 баптар)
3-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік (12-15 баптар)
органдарының меншіктің мемлекеттік мониторингі
саласындағы құзыреті
4-тарау. Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізуді ұйымдастыру (16-20 баптар)
5-тарау. Қорытынды ережелер (21-22 баптар)
Осы Заң экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ оны жүргізудің негіздері мен талаптарын айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) меншіктің мемлекеттік мониторингі - экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншік объектілерінің меншік құрылымы мен басқару тиімділігінің жай-күйін бақылау, ақпарат жинау, талдау, бағалау және болжау;
2) мониторинг объектілері - өздеріне қатысы меншіктің мемлекеттік мониторингі жүргізілетін жеке, заңды тұлғалар және мемлекеттік немесе жеке меншік мүлкінің барлық түрлері;
3) экономиканың стратегиялық маңызы бар салалары - отын-энергетикалық пайдалы қазбалар (көмір, мұнай, газ, уран және металл кендері) өндіру және қайта өңдеу, мәшине жасау, химия өнеркәсібі, көлік пен байланыс, электр энергиясын өндіру мен бөлу, сондай-ақ әскери-өнеркәсіптік мақсаттағы өнімдерді өндіретін салалар;
4) уәкілетті орган - берілген өкілеттіктер шегінде меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
5) меншікті басқару - меншікті иелену, пайдалану және оған билік ету өкілеттіктерін жүзеге асыру;
6)ұйымды басқару - ұйым қызметінің мақсаттарын қалыптастыру мен оған қол жеткізу үшін қажетті шаралар кешені;
7) экономикалық қауіпсіздік - Қазақстан Республикасының тұрақты дамуы мен экономикалық тәуелсіздігіне қатер төндіретін ішкі және сыртқы жағдайлардан, процестер мен факторлардан оның ұлттық экономикасы қорғалуының жай-күйі;
8) экономикалық тиімділік - жұмсалған ресурстарға қатысты алынған нәтиженің арақатынасымен сипатталатын экономикалық қызметтің бағалау көрсеткіштері;
9) басқару тиімділігі - экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншік басқару мақсаттары мен нәтижелері арасындағы арақатынасты сипаттайтын көрсеткіштер.
2-бап. Қазақстан Республикасының меншіктің мемлекеттік мониторингі саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының меншіктің мемлекеттік мониторингі саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің принциптері
Мыналар:
1) меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезіндегі заңдылық;
2) меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу кезінде ғылымилық, кешенділік, дәйектілік, жүйелілік, объективтілік, анықтық және қолжетімділік меншіктің мемлекеттік мониторингінің принциптері болып табылады.
4-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің мақсаттары мен міндеттері
1. Меншіктің мемлекеттік мониторингі меншік қатынастарын реформалаудың бірыңғай мемлекеттік саясатының құрамдас бөлігі болып табылады
2. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің мақсаты Қазақстан Республикасының тиімді экономикалық дамуы мен экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
3. Мыналар:
1) мониторинг объектілерін басқарудың тиімділігін арттыру;
2) мемлекеттің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасау, ұлттық экономикаға инвестициялардың құйылуына ықпал ету;
3) елдің ресурстық-энергетикалық негізін сақтау;
4) меншіктің мемлекеттік мониторингі деректері негізінде экономикалық болжамдардың анықтығын, экономикалық саясаттың ғылыми негіздемесін қамтамасыз ету;
5) әлеуметтік-экономикалық саясаттың міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған макроэкономикалық, салалық және өңірлік жоспарлауды ақпараттық қамтамасыз ету;
6) меншіктің мемлекеттік мониторингі деректерін экономикалық болжамдардың анықтығын, әлеуметтік-экономикалық саясатты ғылыми негіздеуді қамтамасыз ету үшін пайдалану;
7) мемлекеттік органдармен жасалған шарттардың міндеттемелері мен талаптарының орындалуын талдау;
8) мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін оқиғалардың алдын алу меншіктің мемлекеттік мониторингінің міндеттері болып табылады.
5-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингіне қатысушылар
Мыналар:
1) уәкілетті орган;
2) орталық және жергілікті атқарушы органдар;
3) меншігінде не басқаруында мониторинг объектілері бар жеке немесе заңды тұлғалар;
4) мониторингті жүргізуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік орган тартатын консалтингтік қызметтерді көрсету саласында маманданған заңды тұлғалар, тәуелсіз сарапшылар мен консультанттар меншіктің мемлекеттік мониторингіне қатысушылар болып табылады.
2-тарау. Меншіктің мемлекеттік мониторингі
6-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің мазмұны мен мәні
1. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің мазмұнын:
1) мониторинг объектілерін басқарудың жай-күйі мен тиімділігін қадағалау;
2) мониторинг нысанасы бойынша ақпаратты жинау және жүйелі талдау;
3) мониторинг объектілерін тікелей зерттеу;
4) объектілердің қаржылық, экономикалық, құқықтық, технологиялық, өндірістік-техникалық, экологиялық жай-күйін талдау;
5) мониторинг объектілерін басқару тиімділігін бағалау және мониторинг объектілері қызметінің сала, өңір және тұтас алғанда республика экономикасының дамуына әсерін болжау;
6) жекелеген мониторинг объектілерінің қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды әзірлеу құрайды.
2. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің нысанасына:
1) өндірістің серпіні мен құрылымы;
2) мониторинг объектілерінің қаржылық және экономикалық жай-күйі;
3) мониторинг объектілерінің негізгі құралдарының жай-күйі, өндіріске озық технологияларды енгізу;
4) инвестициялық қызмет;
5) экологиялық талаптарды сақтау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;
6) еңбек ресурстарын пайдалану;
7) мониторинг объектілерінің мәртебесі мен жұмыс істеуіне қатысты құқықтық мәселелер жатады.
7-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру
1. Меншіктің мемлекеттік мониторингі:
мониторинг объектілеріне - әрі кеткенде үш жылда бір рет, ал мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларда қажетінше, бірақ әрі кеткенде жылына бір рет базалық кешенді зерттеулер өткізу;
мониторинг объектілерінің қызметі бойынша қажетінше, бірақ әрі кеткенде жылына бір рет мерзімдік жедел ақпарат жинау арқылы жүзеге асырылады.
2. Мониторинг объектілерінің базалық кешендік зерттеулері тікелей зерттеу арқылы жүзеге асырылады және:
1) мониторинг объектілері қызметінің өндірістік-техникалық, технологиялық, инвестициялық, қаржылық-экономикалық, экологиялық, және құқықтық параметрлері жөніндегі ақпаратты жинауды және жүйелі талдауды;
2) мониторинг объектілерін басқару тиімділігінің жай-күйін бағалауды, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін келеңсіз процестердің алдын алу және оны еңсеру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатымен жағдайдың өзгеруін болжауды;
3) техниканы дамыту болашағына сараптамалық бағалауды және ғылыми-техникалық прогресс жетістігін қолдануды;
4) мемлекеттік органдарды мониторинг объектілерінің жай-күйі, оларды дамыту тенденциялары мен болжамдары туралы қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуді қамтиды.
3. Ақпаратты кезеңдік жедел жинау кешенді жүйелі зерттеулер арасындағы кезеңдерде объектілердің қызметі жөніндегі мониторингтің негізгі деректерін ағымдағы жаңартуға арналған.
4. Мониторинг объектілерін зерттеу меншіктің мемлекеттік мониторинг нысанасына жататын барлық не жекелеген мәселелер бойынша жүргізілуі мүмкін.
8-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің түрлері
Меншіктің мемлекеттік мониторингінің түрлері мыналар болып табылады:
1) экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншік нысандарының мониторингі.
Меншік нысандарының мониторингі экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы жеке меншіктің, Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншігінің және шетел азаматтары мен/немесе/ заңды тұлғалары, ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлғалары меншігінің арақатынасын айқындауға бағытталған;
2) экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы мемлекеттік меншік объектілерін басқару тиімділігінің мониторингі.
Мемлекеттік меншік объектілерін басқару тиімділігінің мониторингі мемлекеттің меншік құқығының субъектісі ретіндегі құқықтарын пайдалануға негізделген және экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы мемлекеттік сектордың жұмыс істеу тиімділігін арттыруға бағытталған;
3) экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы жеке меншік объектілерін басқару тиімділігінің мониторингі.
Жеке меншік объектілерін басқару тиімділігінің мониторингі мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнеркәсіптік әлеуетті сақтау мен нығайту, өндіргіш күштерді дамыту мақсатында жүзеге асырылады.
9-бап. Мемлекеттік және жеке меншік объектілерін басқару тиімділігінің мониторингі
1. Мемлекеттік меншік объектілерін басқару тиімділігінің мониторингі:
1) мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелерге;
2) мемлекеттік меншік болып табылатын, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, жалға берілген мүліктің барлық түрлеріне қатысты жүзеге асырылады.
2. Жеке меншік объектілерді басқару тиімділігінің мониторингі экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының кәсіпорындарына қатысты жүзеге асырылады.
10-бап. Шетелдік кәсіпорындар мен шет ел қатысатын кәсіпорындарға қатысты меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру
1. Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында шетелдік кәсіпорындар мен шет ел қатысатын кәсіпорындарға қатысты жеке меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына тиесілі меншік объектілеріне қатысты нақ сол талаптармен және сол тәртіппен жүргізіледі.
2. Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңдарымен шетелдік инвесторларға берілген кепілдіктерді сақтау қамтамасыз етіледі.
11-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру кезіндегі кепілдіктер
Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру кезінде:
Меншікке қол сұғылмауға;
Оралымды басқаруға және өндірістік-шаруашылық қызметке араласпауға;
Мониторинг объектілерінің ағымдағы қызметінің бұзылуына жол бермеуге;
Мемлекеттік құпияға жатқызылған және/немесе/ заңмен қорғалатын құпияның нысанасы болып табылатын және зерттеу барысында мәлім болған деректердің құпиялылығын сақтауға;
Қазақстан Республикасының заң актілерімен берілген басқа да кепілдіктер мен құқықтардың сақталуына кепілдік беріледі.
3-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік
органдарының меншіктің мемлекеттік мониторингі
саласындағы құзыреті
12-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншіктің мемлекеттік мониторингі саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) меншіктің мемлекеттік мониторингі жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органды айқындайды;
2) уәкілетті органның ұсынысы бойынша экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының өздеріне қатысты меншіктің мемлекеттік мониторингі жүзеге асырылатын объектілерінің тізбесін бекітеді;
3) мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеу мен түзету кезінде меншіктің мемлекеттік мониторингінің деректерін пайдаланады;
4) мониторинг объектілерін зерттеу нәтижелері бойынша экономикалық, қаржылық және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы кәсіпорындардың экономикалық тиімділігін сақтауға және арттыруға бағытталған өзге де шараларды пайдаланады;
5) экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында мемлекеттік меншік құрылымын оңтайландыру үшін меншіктің мемлекеттік мониторингінің деректерін пайдаланады.
13-бап. Уәкілетті органның меншіктің мемлекеттік мониторингі саласындағы құзыреті
Уәкілетті орган:
1) экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы, өздеріне қатысты меншіктің мемлекеттік мониторингі жүзеге асырылатын объектілердің тізбесін жасайды және Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне енгізеді;
2) меншіктің мемлекеттік мониторингінің нысанасы бойынша анық және объективті талдау үшін қажетті ақпаратты сұратады және алады;
3) экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында болып жатқан өзгерістерді талдау және өндіргіш күштердің дамуын болжау мақсатында негізгі өндірістік-техникалық, технологиялық, қаржы-экономикалық, құқықтық және өзге де параметрлері бойынша мониторинг объектілерін қадағалайды;
4) экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншік нысандарының құрылымын оңтайландыруға қажеттілікті анықтайды;
5) меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу жөніндегі жұмыстарды әдістемелік қамтамасыз етуді және үйлестіруді жүзеге асырады;
6) өз құзыреті шегінде меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру саласында Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін қабылдайды;
7) меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу жоспары мен бағдарламасын бекітеді;
8) меншіктің мемлекеттік мониторингінің нысанасы бойынша ақпарат жинау мен талдауды жүзеге асыра отырып, мониторинг объектілерінің жүйелік зерттеулерін өткізуді ұйымдастырады;
9) өңірлердегі және тұтас алғанда республикадағы әлеуметтік-экономикалық дамуға қолайсыз әсер ететін факторларды анықтау мақсатында меншіктің мемлекеттік мониторингінің нысанасы жөніндегі ақпаратты талдауды жүзеге асырады;
10) экономика саласында келеңсіз процестердің алдын алу және жою жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне табыс етеді;
11) меншіктің мемлекеттік мониторингі жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін мемлекеттік бюджеттік қаржы бөлу көлемін негіздейді;
12) мониторинг объектілерін тікелей зерттеуге, меншіктің мемлекеттік мониторингі нысанасына жатқызылатын ақпаратты жинау мен талдауға қатысу үшін Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының өкілдерін тартуға құқылы;
2007.11.01. № 218-III ҚР Заңымен 12-1) тармақшамен толықтырылды
12-1) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсетеді;
13) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарынан, сондай-ақ мониторинг объектілерінен меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратады және алады;
14) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мониторинг объектілерін зерттеу, ақпарат жинау және талдау, ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін тәуелсіз сарапшылар мен консультанттарды таратады;
15) зерттеу жүргізу тапсырылған тұлғаларды және танысу үшін ұсынылуға тиіс ақпараттар тізбесін көрсете отырып, мониторинг объектісінің басшыларын зерттеу жүргізілетіні туралы хабардар етеді;
2007.07.08. № 321-III ҚР Заңымен 16) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара )
16) Қазақстан Республикасының Үкіметіне, сондай-ақ мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдарға меншіктің мемлекеттік мониторингінің нәтижелері бойынша , оның ішінде стратегиялық объектілерді иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) билік етуді жүзеге асырудың заңдылығы мен орындылығы бойынша қорытылған талдамалық жазбалар, даму болжамдарын, ұсыныстар мен ұсынымдары табыс етеді;
17) меншігінде немесе басқаруында осы объектілер бар тұлғаларды мониторинг объектілерін зерттеу нәтижелерімен таныстырады;
18) қажет болған жағдайда орталық атқарушы органдармен және меншігінде не басқаруында мониторинг объектілері бар тұлғалармен бірлесіп кәсіпорындармен экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар әзірлейді;
19) меншіктің мемлекеттік мониторингінің бірыңғай республикалық деректер қорын жүргізеді.
14-бап. Жергілікті өкілді органдардың меншіктің мемлекеттік мониторингі саласындағы құзыреті
Жергілікті өкілді органдар:
1) меншіктің мемлекеттік мониторингінің деректері негізінде уәкілетті органмен бірлесіп тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікті дамытуға бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдары әзірлеуге қатысады;
2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлестіктердің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын бекіту кезінде меншіктің мемлекеттік мониторингі деректерін пайдалануға құқылы.
15-бап. Орталық және жергілікті атқарушы органдарының меншіктің мемлекеттік мониторингі саласындағы құзыреті
Орталық және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде:
1) уәкілетті органға меншіктің мемлекеттік мониторингінің жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты береді;
2) уәкілетті органның бастамасы бойынша мониторинг объектілерін тікелей зерттеуге, меншіктің мемлекеттік мониторингінің нысанасына қатысты ақпаратты жинауға және талдауға қатысу үшін өкілдер жібереді;
3) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде меншіктің мемлекеттік мониторингінің деректерін пайдаланады;
4) экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының өздеріне қатысты меншіктің мемлекеттік мониторингі жүзеге асырылатын объектілерінің тізбелерін айқындауға қатысады;
5) меншіктің мемлекеттік мониторингінің нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеу мен түзету жөнінде, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншік нысандарының құрылымын оңтайландыру жөнінде ұсыныстар енгізеді.
4-тарау. Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізуді ұйымдастыру
16-бап. Тәуелсіз сарапшылар мен консультанттардың құқықтары мен міндеттері
1. Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу жөніндегі жұмыс түрлерін орындау үшін тартылатын тәуелсіз сарапшылар мен консультанттар зерттеу, консультациялар беру, құқықтық, қаржы-экономикалық, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, өндірістік-техникалық және технологиялық талдау саласында қорытындылар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі кәсіби қызметті жүзеге асыратын, тиісті білімі мен тәжірибесі бар жеке және заңды тұлғалар болып табылады.
2. Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу кезінде тәуелсіз сарапшылар мен консультанттар:
1) мониторинг объектісі туралы қажетті ақпарат алуға;
2) мониторинг жоспары мен бағдарламасына сәйкес мониторинг объектісін тікелей зерттеуге;
3) меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттамаға қол жеткізуге құқығы бар.
3. Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу кезінде тәуелсіз сарапшылар мен консультанттар:
1) Қазақстан Республикасының меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы заңдарының талаптарын сақтауға;
2) кешенді, объективті және сапалы талдау жүргізуге, дәлелді есеп пен қорытынды әзірлеуге;
3) меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асырған кезде мәлім болған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге;
4) өздеріне берілген құжаттар мен материалдардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
4. Шарт талаптарында тәуелсіз сарапшылар мен консультанттардың өзге де құқықтары мен міндеттері көзделуі мүмкін.
17-бап. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Шаруашылық жүргізуші субъектілер:
1) мониторинг объектілерін зерттеу нәтижелері бойынша есептер мен қорытындылардың алдын алу және түпкілікті жасалған тұжырымдамаларымен танысуға;
2) мониторинг объектілеріне қатысты жазбаша немесе ауызша түсіндірмелер, ескертпелер мен ұсыныстар беруге;
3) меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен уәкілетті органның, тәуелсіз сарапшылар мен консультанттардың іс-әрекетіне шағым беруге құқығы бар.
2. Шаруашылық жүргізуші субъектілер:
1) уәкілетті органға қажетті ақпаратты беруге;
2) меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыратын тұлғаларға мониторинг объектілеріне жіберілуін қамтамасыз етуге және осы тұлғалардың іс-әрекетіне кедергі жасамауға міндетті.
18-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің электрондық деректер қоры
1. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің электрондық деректер қоры мониторинг объектілері туралы қысқаша құқықтық, техникалық және экономикалық ақпараттарды қамтиды. Оны жүргізуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Жеке және заңды тұлғалар туралы тіркелімдер мен ақпараттық деректер қорын құратын және жүргізетін мемлекеттік органдар мен ұйымдар өтеусіз негізде меншіктің мемлекеттік мониторингінің электрондық деректер қорын қалыптастыру және жаңарту үшін қажетті ақпаратты уәкілетті органға береді.
3. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің ақпараттарына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен қол жеткізіледі.
19-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің деректерін пайдалану
1. Мемлекеттік органдар:
экономиканың мемлекеттік секторын тікелей басқаруды;
меншіктің қатынастарын мемлекеттік реттеуді;
мемлекеттік экономикалық болжамдауды және бағдарламалауды;
өнеркәсіптік саясатты;
инвестициялық, құрылымдық, институционалдық, салық, ақша-кредит, баға саясатын және мемлекеттік экономикалық саясаттың басқа да элементтерін;
табиғи ресурстарды қорғау мен ұтымды пайдалануды мемлекеттік реттеуді;
сыртқы экономикалық қызметті реттеуді;
мемлекеттің экономикалық, экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеу мен жүзеге асыру кезінде меншіктің мемлекеттік мониторингінің деректерін пайдаланады.
2. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің нәтижелері уәкілетті органның, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ меншігінде не басқаруында мониторинг объектілері бар тұлғалардың жекелеген мониторинг объектілері және (немесе) экономика салалары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен бағдарламалар мен шараларды әзірлеу үшін негіз бола алады.
20-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру
Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес қаржыландырылады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
21-бап. Қазақстан Республикасының меншіктің мемлекеттік
мониторингі саласындағы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы заңдарын бұзуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті