10) нарық субъектiлерiн шарттарды басымдықты тәртiппен жасасуға, тауарларды тұтынушылардың белгiлi бiр тобына бiрiншi кезекте беруге не тауарларды белгiлi бiр сатушылардан (өнiм берушiлерден) бiрiншi кезекте сатып алуға тiкелей немесе жанама мәжбүрлеу.
3. Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арасындағы немесе олар мен нарық субъектiлерi арасындағы келiсiмдерге, егер мұндай келiсiмдер бәсекелестiктi болғызбауға, шектеуге немесе жоюға әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болса, тыйым салынады.
34-бап. 2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
35-бап. 2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
36-бап. 2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда
6-тарау. Монополияға қарсы орган
37-бап. Монополияға қарсы органның жүйесі
1. Монополияға қарсы органның біртұтас жүйесін орталық мемлекеттік орган және оған бағынысты аумақтық органдар құрайды.
2. Аумақтық органдар өзінің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында және орталық мемлекеттік орган бекіткен ережелерде белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.
38-бап. Монополияға қарсы органның міндеттері
Монополияға қарсы органның міндеттері:
1) адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу;
2) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын құқықтық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеу, жолын кесу;
3) экономикалық шоғырлануға бақылау жасау;
4) бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиясыздандыру болып табылады.
39-бап. Монополияға қарсы органның құзыреті
Монополияға қарсы орган:
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) бәсекелестiктi қорғау және монополистiк қызметтi шектеу саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1) бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
2) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарды салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
3) монополияға қарсы орган құзыретінің мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың бәсекелестікті шектеуге және (немесе) жоюға бағытталған актілерінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) жолын кеседі;
6) экономикалық шоғырлануға бақылауды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында көзделген бұзушылықтарды қоспағанда, тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың алдын алады және оны жояды;
8) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдерін және келісілген іс-әрекеттерін, жосықсыз бәсекелестікті болдырмайды және олардың жолын кеседі;
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9) тармақша жаңа редакцияда
9) нарық субъектiлерiн тiзiлiмге енгiзу және одан шығару қағидаларын әзiрлейді және бекітеді;
10) бәсекелестікті дамыту, монополистік қызметті шектеу және тауар нарықтарының жұмыс істеуі салаларында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және келіседі;
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды; 2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 10-1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10-1) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының нормаларын қолдану туралы ақпаратты таратуды және адал бәсекелестікті насихаттауды жүзеге асырады;
11) тауар нарықтарындағы бәсекелес ортаның жай-күйін талдауды және бағалауды жүзеге асырады;
12) тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметін талдауды және оның мониторингін жүзеге асырады;
13) тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 14) тармақша жаңа редакцияда
14) тауарлардың өзара алмастырылу, оларды сатып алуға қолжетімділік критерийлерін, сондай-ақ тауар нарығының шекараларын айқындай отырып, тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу әдістемелерін, қаржы ұйымдарына қатысты - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша бекітеді;
15) тауарларын реттелетін нарықтарда өткізетін нарық субъектілерін қоспағанда, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген монополиялық жоғары (төмен), монопсониялық төмен бағаларды айқындайды;
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 16) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 16) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16) монополиялық жоғары (төмен) және монопсониялық төмен бағаларды анықтау жөніндегі әдістемені бекітеді;
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
17) нарық субъектілері, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылық фактілері бойынша осы Заңда белгіленген тәртіппен тергеп-тексеру жүргізеді;
2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 18) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, оның ішінде мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органнан, мемлекеттік кіріс органдарынан, нарық субъектілерінен, сондай-ақ лауазымды және өзге де жеке және заңды тұлғалардан осы Заңда көзделген өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты, оның ішінде коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді сұратады және алады;
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 19) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
19) нарық субъектілеріне нұсқамалар, оның ішінде:
осы Заңды бұзушылықтарды және олардың салдарларын жою;
бастапқы жағдайды қалпына келтіру;
осы Заңға қайшы келетін шарттарды бұзу немесе өзгерту;
егер белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарт жасасудан негізсіз бас тарту не жалтару бұзушылық болып табылса, нарықтың өзге субъектісімен шарт жасасу туралы орындалуға міндетті нұсқамалар шығарады;
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 20) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
20) мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға өздері қабылдаған актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту туралы, бұзушылықтарды тоқтату, сондай-ақ өздері жасаған осы Заңға қайшы келетін келісімдерді бұзу немесе өзгерту туралы орындалуға міндетті нұсқамалар енгізеді;
21) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды және әкімшілік жазаларды қолданады;
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 21-1) тармақшамен толықтырылды
21-1) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын ақпаратты қоспағанда, өзінің интернет-ресурсында тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдауды жариялайды;
22) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
23) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 24) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
24) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар белгілері бойынша істің сотқа дейінгі тергеп-тексеруін жүргізу үшін құқық қорғау органдарына материалдар жібереді;
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 24-1) тармақшамен толықтырылды
24-1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқық қорғау органдарына жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы жүгінеді;»;
25) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
26) жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және монополистік қызметті шектеу жөнінде қолданылатын шаралар туралы жылдық есепті жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне 1 маусымнан кешіктірмей жібереді;
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 26-1) тармақшамен толықтырылды
26-1) жүргiзілетiн бәсекелестiк саясаттың ақпараттық ашықтығын қамтамасыз етедi, оның ішінде тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың он бесінен кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдарында және монополияға қарсы органның интернет-ресурсында монополияға қарсы органның қызметi туралы мәлiметтердi орналастырады;
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 26-2) тармақшамен толықтырылды
26-2) мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға бағаның сараптамасын жүргізеді;
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 26-3) тармақшамен толықтырылды
26-3) нарық субъектісінің, мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның лауазымды адамына Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзуға әкеп соғуы мүмкін әрекетті (әрекеттерді) жасауға жол бермеу туралы жазбаша нысанда алдын ала ескерту жібереді;
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 26-4) тармақшамен толықтырылды
26-4) бағаларды мемлекеттік реттеу қолданылатын, реттелетін нарық субъектілері тауарларының (жұмыстарының, көрсетілетін қызметтерінің) тізбесін бекітеді;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 27) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
27) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
40-бап. 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 40-1-баппен толықтырылды
40-1-бап. Тiзiлiмдi қалыптастыру және жүргiзу
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тiзiлiмдi бекiту және оған өзгерiстер енгiзу монополияға қарсы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Тiзiлiм монополияға қарсы орган белгiлеген нысан бойынша бекiтiледi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Монополияға қарсы орган нарық субъектiлерiн тiзiлiмге енгiзу (одан шығару) туралы шешiм қабылдаған жағдайда, осы нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiсiне монополияға қарсы орган нарық субъектiлерiн тiзiлiмге енгiзу (одан шығару) туралы шешiм қабылдаған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде тiзiлiмнен үзінді көшiрме жiберіледi.
4. Тұлғалар тобы тiзiлiмге бiртұтас нарық субъектiсi ретiнде енгiзiледi және бұл ретте тұлғалар тобына кiретiн, тиiстi тауар нарығындағы қызметті жүзеге асыратын барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалар көрсетiледi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Нарық субъектiлерiн тiзiлiмге енгiзу және одан шығару монополияға қарсы орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
41-бап. 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 42-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
42-бап. Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің құқықтары
Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқарған кезде, оның ішінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы туралы өтініштерді қараған, монополияға қарсы заңнаманың бұзылуы туралы істерді тергеп-тексерген, экономикалық шоғырлануға бақылауды жүзеге асырған және бәсекелестік деңгейінің жай-күйін айқындаған кезде, өздеріне жүктелген өкілеттіктерге сәйкес қызметтік куәліктерін және монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының сақталуын тергеп-тексеру жүргізу туралы шешімін көрсеткен кезде:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік органдар мен нарық субъектілерінің үй-жайлары мен аумақтарына кедергісіз кіруге;
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) монополияға қарсы орган белгілеген, бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдардан, нарық субъектілерінен, лауазымды адамдардан және өзге де жеке және заңды тұлғалардан жазбаша ақпарат, сондай-ақ Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының жол берілген бұзушылық фактілері бойынша жазбаша және (немесе) ауызша түсініктемелер сұратуға және алуға құқығы бар.
43-бап. Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды сақтау жөніндегі міндеті
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, монополияға қарсы орган өзінің өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпиялар болып табылатын ақпарат жария етілуге жатпайды.
2. Монополияға қарсы органның қызметкерлері коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпиялар болып табылатын ақпаратты жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
3. Монополияға қарсы органның не оның лауазымды адамдарының коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпиялар болып табылатын ақпараттарды жария етуі нәтижесінде жеке немесе заңды тұлғаға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
43-1-бап. 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда
7-тарау. Монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен және басқа мемлекеттердің монополияға қарсы органдарымен өзара iс-қимылы
44-бап. 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 44-1-баппен толықтырылды
44-1-бап. Монополияға қарсы органның басқа мемлекеттердiң монополияға қарсы органдарымен өзара iс-қимылы
1. Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк шеңберiнде Кеден одағы елдерiнiң монополияға қарсы органдары өзара іс-қимылды, оның ішінде хабарламалар, ақпарат беру туралы сұраулар жіберу, консультациялар жүргiзу, тергеулер жөнiнде хабардар ету жолымен жүзеге асырады.
2. Монополияға қарсы орган халықаралық ұйымдарға қатысу шеңберінде өзге мемлекеттердің монополияға қарсы органдарына сұрау салулар жіберуге және сұрау салулар бойынша ақпарат беруге құқылы.
45-бап. Монополияға қарсы және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы
1. Монополияға қарсы орган өз өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен мынадай нысандарда өзара іс-қимылды жүзеге асырады:
1) құқық қорғау органдарына монополияға қарсы құқық бұзушылықтардың анықталған фактілері туралы хабарлайды;
2) тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі туралы талдамалы ақпарат пен мониторинг деректерін береді;
3) құқық қорғау органдарының сауал салуы бойынша өз құзыреті шегінде зерттеулер, сараптамалар жүргізеді және Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының мәселелері бойынша қорытындылар береді;
4) құқық қорғау органдарының, олардың аумақтық бөлімшелерінің қаулылары мен сауал салуы бойынша өз қызметкерлерін Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу жөніндегі іс жүргізу әрекеттері мен іс-шараларына қатысуы үшін сарапшылар ретінде жібереді.
2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары өз өкілеттігі шегінде монополияға қарсы органмен мынадай нысандарда өзара іс-қимылды жүзеге асырады:
1) монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасы саласында анықталған құқық бұзушылықтар туралы хабарлайды;
2) монополияға қарсы органның және оның аумақтық органдарының сауал салуы мен өтініштері бойынша:
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу жөніндегі бірлескен іс-шараларды жүргізуге, сондай-ақ монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіретін құқыққа қайшы іс-әрекеттердің жолын кесу үшін қызметкерлерін жібереді;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен монополияға қарсы органның жазбаша сауал салуына сәйкес Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылардың тұрған жерін анықтау және оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін монополияға қарсы органға жеткізу жөнінде шаралар қолданады;
Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен монополияға қарсы орган табыс ететін қылмыстық жаза қолданылатын белгілері бар бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттердің материалдары бойынша қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдайды, ол туралы монополияға қарсы органға хабарлайды;
монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтың дәлелдемелерін табуға және бекітуге практикалық көмек көрсетеді.
4-БӨЛІМ. БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ
8-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ
ЗАҢНАМАСЫН БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ
46-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу мақсатында монополияға қарсы орган:
1) тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау;
2) экономикалық шоғырлануға бақылау;
3) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметтеріне мониторинг жүргізеді.
47-бап. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау
1. Тауар нарықтарына талдау жүргізудің мақсаты бәсекелестікті қорғау мен дамытуға, монополистік қызметтің алдын алуға, шектеуге және жолын кесуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеу үшін бәсекелестік деңгейін айқындау, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерін анықтау болып табылады.
2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда; 2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тауар нарығын талдау статистикалық ақпарат және (немесе) мемлекеттік органдар, нарық субъектілері және олардың бірлестіктері ұсынатын есептіліктің өзге де нысандары негізінде, сондай-ақ осы баптың 10-тармағына сәйкес ұсынылатын ақпарат негізінде жүргізіледі.
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Монополияға қарсы орган жыл сайын тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізеді, оның қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) мемлекетке тиесілі пайыздарын көрсете отырып, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың, сондай-ақ бәсекелес ортаға беруге жататын қызмет түрлерінің тізбесін жібереді.
3. Тауар нарығының шекаралары, егер тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарды осы аумақтың шегінен тыс жерлерден сатып алу экономикалық, технологиялық және басқа себептер бойынша орынсыз болса, тұтынушының оларды сатып алатын аумағын айқындайды.
4. Тауар нарықтарының шекаралары тауарларды сатып алудың қолжетімділігі ескеріле отырып, мынадай:
1) осы аумақта тауар сатып алу мүмкіндігінің;
2) көлік шығындарының тауар құнына қатысты алғанда негізділігі мен өзін-өзі ақтайтындығының;
3) тауарды тасымалдау кезінде оның сапасы, сенімділігі мен басқа да тұтынушылық қасиеттері сақталуының;
4) тауарларды сатып алуға-сатуға, әкелуге және әкетуге шектеулер (тыйым салу) болмауының;
5) өз шегінде тауарлардың сатылуы, берілуі жүзеге асырылатын аумақта бәсекелестікке тең жағдайлар болуының критерийлері бойынша айқындалады.
5. Тиісті тауар нарықтарының шекараларын айқындауды монополияға қарсы орган:
1) тауарлар нарықтарына талдау жасау кезінде;
2) тізілімді қалыптастыру және жүргізу кезінде;
3) жеке тұлғаның, нарық субъектісінің және (немесе) заңды тұлғалар бірлестіктерінің, сондай-ақ мемлекеттік органның дәлелді өтініші болған жағдайда;
4) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзу фактілері анықталған кезде жүзеге асырады.
6. Тауар нарығының көлемі тауардың немесе өзара алмастырылатын тауарлардың әкеліну және әкетілу көлемдері ескеріле отырып, нарық субъектілерінің тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарларды нарықтың шекаралары шегінде өткізуінің заттай көрсеткіштердегі немесе құн көрсеткіштеріндегі сомасы ретінде айқындалады.
Нарық субъектісі өз өнімінің бір бөлігін өз мұқтажына пайдаланған жағдайда, өткізу көлеміне тауар нарығындағы өткізу көлемі ғана қосылады.
7. Нарық субъектісінің тиісті тауар нарығындағы үлесі нарық субъектісінің тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарларды нарықтың географиялық шекаралары шегінде өткізу көлемінің тиісті тауар нарығының жалпы көлеміне қатынасы ретінде айқындалады.
8. Нарық субъектілерінің үлесін айқындау өнім беру көлемінің үлесі өнім берудің жалпы көлемінде сексен бес проценттен асатын субъектілердің ақпараты болған кезде мүмкін болады.
9. 2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 10-тармақ жаңа редакцияда
10. Нарық субъектілері, олардың бірлестіктері мен басшылары, мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, оның ішінде мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік кіріс органдары, олардың лауазымды адамдары монополияға қарсы органның осы Заңда көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыруы үшін қажетті анық құжаттарды, жазбаша және ауызша түсініктемелерді және өзге де ақпаратты, оның ішінде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты монополияға қарсы орган белгілеген, бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде монополияға қарсы органның талап етуі бойынша беруге міндетті.
48-бап. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері қызметінің мониторингі
1. Тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметі мониторингінің мақсаты, Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында көзделген бұзушылықтарды қоспағанда, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланумен байланысты бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу болып табылады.
2. Тізілімге енгізілген нарық субъектілері монополияға қарсы органға:
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жыл сайынғы мiндеттi аудитке жататын нарық субъектілері үшін жыл қорытындылары бойынша аудиттелген қаржылық есептілікті - келесі жылдың 31 тамызына дейінгі мерзімде;
2) өзінің дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің, пайларының) он және одан да көп процентін сату немесе сенімгерлік басқаруға беру туралы тоқсан сайынғы ақпаратты - есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-іне дейінгі мерзімде;
3) өнімнің монополиялық түрлері бойынша өндіру мен өткізу көлемдері, өткізілетін монополиялық тауарлардың босатылу бағалары мен табыстылық деңгейі туралы, монополияға қарсы орган белгілейтін нысан бойынша тоқсан сайынғы ақпаратты есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-іне дейінгі мерзімде беруге міндетті.
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 48-1-баппен толықтырылды
48-1-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзуға жол бермеу туралы алдын ала ескерту