9) белгіленген нысандағы анықтама парақты қамтуға тиіс.
Мемлекеттік органдардың олар бойынша тұжырымдамалық сипаттағы келіспеушіліктері бар немесе қаржылық қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобалары Үкімет басшылығының бастамашылығы бойынша шақырылатын кеңестерде қаралуы мүмкін, олардың нәтижелері хаттамалармен ресімделеді. Егер кеңестерде талқыланатын заң жобасы бойынша келіспеушіліктерді реттеу мүмкін болмаса, Премьер-Министр немесе оның орынбасары олар бойынша Үкіметтің түпкілікті шешімін қабылдау үшін тиісті заң жобаларының Үкіметтің мәжілісіне шығарылуына бастамашылық жасай алады.
74. Заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар оларды Үкіметке енгізу кезінде нақты заң жобасын басымдықты деп қарауды айқындау немесе оны қарауды шұғыл деп жариялау туралы бір уақытта ұсыныс енгізуге құқылы. Бұл ретте заң жобасына түсіндірме жазба, оның ішінде оны басымдықты деп айқындау немесе шұғыл деп жариялау қажеттілігінің негіздемесін қамтуға тиіс.
Үкімет өзі әзірлейтін заң жобаларына қатысты Президентке нақты заң жобасын басымдықты деп қарауды айқындау немесе оны қарауды шұғыл деп жариялау туралы ұсыныс енгізеді. Бұл ретте Үкіметтің ұсынысына тиісті заң жобасы және заң жобасын Парламенттің басымдықты деп қарауды айқындауы немесе оны қарауды шұғыл деп жариялауы қажеттілігінің негіздемесін қамтитын және заң жобасының нақты мақсаттарын ашатын түсіндірме жазба мен ол шешетін міндеттер қоса берілуге тиіс.
75. Үкіметтің бастамашылығы бойынша Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін заң жобаларының түпнұсқаларына міндетті түрде: заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның және Әділет министрлігінің басшылары, Кеңсе Басшысы және Премьер-Министр (оның міндетін атқарушы тұлға) бұрыштама соғуға тиіс. Үкімет бланкісіне шығарылған заң жобасына түсіндірме жазбаға Кеңсе Басшысы бұрыштама соғады және Премьер-Министр (оның міндетін атқарушы тұлға) қол қояды. Заң жобаларының түпнұсқаларымен бірге Парламент Мәжілісіне олардың магнитті жеткізгіштердегі көшірмелері енгізіледі.
76. Үкіметтің бастамашылығы бойынша Парламентке енгізілген заң жобалары Парламент Мәжілісінің қаулылары бойынша ғана Кеңсеге қайтарылуы мүмкін.
77. Парламент депутаттары бастамашылық жасаған, оның ішінде мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды арттыруды көздейтін заң жобалары бойынша Үкімет Парламентке мемлекеттік және орыс тілдерінде қорытынды ұсынады.
Парламент депутаттары бастамашылық жасаған, Үкіметке келіп түскен заңнамалық кесімдердің жобалары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралуға тиіс. Ведомствоаралық комиссия заң жобасы Кеңседе тіркелген күнінен бастап 15 күн мерзімде не Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасында белгіленген неғұрлым қысқа мерзімде депутаттар бастамашылық жасаған заң жобасын оң не өзгеше бағалау жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
Үкімет қорытындысының жобасын Ведомствоаралық комиссияның ұсыныстарын ескере отырып, заң жобасында реттелетін қатынастар құзыретіне енетін мемлекеттік орган әзірлейді. Қорытындының жобасы мемлекеттік және орыс тілдерінде А4 форматындағы жай парақтарда дайындалады және келіп түскен күнінен бастап 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде міндетті түрде Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерімен келісіледі (олардың басшылары бұрыштама соғады). Қажет болған кезде қорытындының жобасына әзірлеуші мемлекеттік кірістерді қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды арттыру бөлігіндегі қаржы-экономикалық есептерді қоса тіркейді. Қорытындының дайындалуына жауапты мемлекеттік орган осы Регламенттің 39-тармағында белгіленген тәртіппен қорытындының жобасы бойынша Үкімет мүшелерінің дауыс беруін жүргізуге және, егер Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасында өзге неғұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобасы Кеңседе тіркелген күнінен бастап 20 күн мерзімнен кешіктірмей Кеңсеге оның келісілген жобасын, оның ішінде магнитті жеткізгішпен енгізуге тиіс.
Егер Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасында бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар көрсетілген жағдайда, осы органдар Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобасы Кеңседе тіркелген күнінен бастап 10 күн мерзімнен кешіктірмей қорытындының дайындалуына жауапты мемлекеттік органға өздерінің ұсыныстарын беруге міндетті.
78. Үкімет қорытындысының жобасына Кеңседе сараптама жүргізілгеннен кейін оның түпкілікті нұсқасын Кеңсе Премьер-Министрдің (оның міндетін атқарушы тұлғаның) қолымен Үкімет бланкісіне шығарып ресімдейді. Үкімет қорытындысы Үкімет қаулысымен немесе Үкімет мәжілісінің хаттамасымен мақұлдануы да мүмкін.
79. Үкімет енгізген заң жобаларын Парламентте ұсынушы өкілетті тұлғаларға оларды Парламент қараған кезде заңның тұжырымдамасына немесе оның құқықтық мазмұнын өзгертуге байланысты, сондай-ақ мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды арттыруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуге Үкімет басшылығының рұқсатынсыз келісім білдіруге тыйым салынады. Бұл ретте Парламентте тиісті заң жобаларын ұсынушы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Кеңсеге көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар туралы дереу жазбаша хабарлауға міндетті.
Парламентте тиісті заң жобаларын ұсынушы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Үкіметтің келісуінсіз көрсетілген өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге келіскені үшін жауапты болады.
Парламент депутаттары Үкіметпен келісілмеген көрсетілген өзгерістер мен толықтыруларды дауысқа салуға шығарған жағдайда заң жобаларын ұсынушы тұлғалар мәжілістің стенограммасында өздерінің қарсылықтарын тіркеуді талап етуге және Кеңсеге осы өзгерістер немесе толықтырулар туралы дереу хабарлауға міндетті. Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасына Парламент енгізген тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтыруларды заң жобасын әзірлеуші салыстырмалы кесте түрінде қысқаша түйінімен Кеңсеге жібереді, оларды Кеңсе Басшысы осы өзгерістер мен толықтырулар бойынша Үкімет бірыңғай ұстанымды анықтау үшін Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
80. Үкімет енгізген заң жобаларын Парламентте ұсынушы өкілетті тұлғаны (заң жобасы бойынша баяндамашыны) ауыстыру қажет болған кезде Парламентке Премьер-Министрдің не оның орынбасарының қолымен тиісті хат жіберіледі. Бұл ретте осындай хаттардың жобаларын заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган дайындайды және заң жобасы Парламенттің тиісті Палатасының жалпы отырысында қаралғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей Кеңсеге енгізеді.
81. Парламентте Үкіметтің шешім жасауын бақылауды Парламенттің тиісті палаталарындағы Үкіметтің өкілдіктері (бұдан әрі - өкілдіктер) жүзеге асырады.
Өкілдіктер Премьер-Министрді, оның орынбасарын және Кеңсе Басшысын Үкімет, енгізген заң жобаларының өтуі және Парламент қарайтын әрі Үкіметтің қызметіне қатысы бар басқа да мәселелер туралы үнемі хабардар етіп отырады.
82. Үкіметтің Парламенттен заң жобасын қайтарып алуы Үкіметтің қаулысымен жүзеге асырылады, оның жобасын осы Регламентте белгіленген тәртіппен заң жобасын әзірлеуші енгізеді.
83. Парламент қабылдаған және Премьер-Министрге қолын қойып бекітуге жіберілетін барлық заңдар бойынша заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай) Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерімен келісім бойынша заң қабылданған күнінен бастап үш күн мерзімде қорытынды дайындайды және Кеңсеге жібереді, онда мынадай:
1) Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасын Парламентте қарау кезінде депутаттар енгізген өзгерістер мен толықтырулар туралы;
2) қабылданған заңда Қазақстан Республикасының Конституциясына, қолданыстағы заңнамалық кесімдерге қарама-қайшылықтардың бар екендігі туралы және оған байланысты қосымша қаржы шығыстары, экономикалық және құқықтық сандар туралы;
3) заңды Премьер-Министрдің қолымен бекітудің мүмкіндігі туралы ақпарат айтылады.
Осы тармақта көзделген рәсімдердің орындалуын бақылауды Кеңсе жүзеге асырады.
84. Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай) заңнамалық кесім күшіне енген күнінен бастап 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Кеңсеге белгіленген тәртіппен келісілген мыналарды:
1) мемлекеттік органды (мемлекеттік органдарды) қабылдануы осы заңнамалық кесімге негізделген нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын әзірлеу жөніндегі жауапты орындаушы (жауапты орындаушылар) етіп белгілеуді;
2) заңнамалық кесім күшіне енген күнінен бастап екі айдан аспауы тиіс нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлеу мен енгізудің нақты мерзімін және өкімнің жобасында қамтылатын өзге де тапсырмалардың орындалуын;
3) заңға тәуелді кесімдерді қабылдау және/немесе қабылданған заңнамалық кесімге сәйкес келтіру туралы тапсырманы көздейтін Премьер-Министр өкімінің жобасын енгізеді.
85. Заңнамалық кесіммен реттеліп қойған қатынастар бойынша заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстар кейіннен Үкіметтің мәжілісінде қаралатын болып Ведомствоаралық комиссияның мәжілісінде алдын ала қаралады.
9. Прокурорлық ден қою актілерін қарау кезінде
орталық атқарушы органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібi
86. Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасы бойынша Үкіметтің атына жіберілген прокурорлық ден қою актілерін қарауды прокурорлық ден қою актісінің мәні болған мәселелер құзыретіне енетін мемлекеттік орган жүзеге асырады. Әділет министрлігі тиісті мемлекеттік органға құқықтық және консультациялық көмек көрсетеді.
87. Прокурорлық ден қою актісін қарау тапсырылған мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасына (бұдан әрі - Бас прокуратура) Үкімет жауабының жобасын және қажет болған жағдайда Үкімет шешімдерінің жобаларын дайындайды, прокурорлық ден қою актісінен туындайтын өзге де шараларды қабылдайды.
Үкіметтің Бас прокуратураға жауабының жобасын жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган міндетті түрде Әділет министрлігімен, сондай-ақ прокурорлық ден қою актісін қарау туралы тапсырмада көрсетілген өзге де мемлекеттік органдармен келіседі.
Үкімет жауабының жобасын келісу оған тиісті мемлекеттік орган басшысының бұрыштама соғуы не ескертулер мен ұсыныстардың жоқтығы туралы хат жіберу жолымен жүзеге асырылады.
88. Прокурорлық ден қою актілеріне Үкіметтің келісілген жауаптарының жобалары «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген көрсетілген актілерге жауап беру мерзімі аяқталғанға дейін 5 күннен кешіктірмей Кеңсеге ұсынылады.
10. Үкіметтің кесімдерін жариялау тәртібi
89. Үкіметтің азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты кесімдері міндетті түрде ресми жариялануға тиіс.
90. Үкіметтің мемлекеттік құпияларды және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтері бар кесімдері жариялануға жатпайды.
91. Үкіметтің қаулылары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасының Үкіметі кесімдерінің жинағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын және заңнамада белгіленген тәртіппен Үкіметтің қаулыларын ресми жариялауды жүзеге асыру құқығын алған мерзімді баспа басылымдарында жарияланады және теледидар мен радио арқылы халыққа жеткізілуі мүмкін.
Үкіметтің Web-сайтын ақпараттық қамтамасыз ету және Үкімет қабылдайтын шешімдер туралы ақпаратты тарату мақсатында Internet (Интернет) жаһандық желісін пайдалану жекелеген ережелермен регламенттеледі.
11. Орталық атқарушы органдардың бірінші
басшылары іссапарларының тәртібi
92. Өзінің бастамашылығы бойынша немесе Мемлекет басшысының не Үкімет басшылығының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге, сол сияқты Қазақстанның басқа қаласына (оның ішінде демалыс және мереке күндері) іссапарға шығу қажет болған жағдайда орталық атқарушы органның бірінші басшысы күнібұрын, іссапар басталғанға дейін кемінде 3 күн бұрын оның іссапарға шығуына рұқсат етуі туралы жазбаша өтінішпен Премьер-Министрдің атына жүгінуге тиіс.
Орталық атқарушы органның бірінші басшысының хатында (өтінішінде) іссапарға шығу қажеттілігінің негіздемесі және оның мерзімі келтірілуге тиіс.
Бір тәуліктен аспайтын мерзімге іссапарға шығу кезінде жазбаша өтініштің қажеті жоқ - Премьер-Министрдің ауызша келісімі жеткілікті.
93. Қажет болған жағдайда Премьер-Министрдің орталық атқарушы органның бірінші басшысын оның жазбаша өтінішінсіз-ақ қызметтік іссапарға жіберуге құқығы бар.
94. Іссапардан келгеннен кейін орталық атқарушы органның бірінші басшысы 3 жұмыс күнінен кешіктірмей іссапарда болған кезең ішінде жасалған жұмыс туралы жазбаша есеп беруге міндетті.
Есепті Премьер-Министр немесе оның тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары бекітеді.
12. Орындалуын бақылау тәртібi
95. Президент, Үкімет, Премьер-Министр кесімдерінің, сондай-ақ Президенттің, Премьер-Министрдің, оның орынбасарының және Президент Әкімшілігі мен Кеңсе басшыларының тапсырмалары бар құжаттардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру «Қазақстан Республикасының Yкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну және Республика Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылау тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 2 қазандағы № 4097 Жарлығына, «Кейбір нұсқаулықтарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде, орталық және жергілікті атқарушы органдарда құжаттардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.
Көрсетілген құжаттардың орындалуын бақылауды олардың орындалу барысы туралы Премьер-Министрді жүйелі түрде хабардар ететін Кеңсе жүзеге асырады.
96. Бақылау мынадай жолмен жүзеге асырылады:
1) қажетті ақпаратты талап ету;
2) орындалуы туралы есептер мен баяндамаларды тыңдау және талқылау;
3) тексеру және құжаттамалық тексерістің өзге де нысандары;
4) жергілікті жерге барып тексеру;
5) заңнамаға қайшы келмейтін басқа да тәсілдер.
97. Мынадай, оның ішінде құпия құжаттар бақылауға алынады (бұдан әрі - бақылаудағы құжаттар):
1) Үкіметке немесе оның басшылығына тапсырмалар берілетін Президенттің кесімдері;
2) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тапсырмалары бар Үкіметтің қаулылары, Үкімет мәжілістерінің хаттамалары, Премьер-Министрдің өкімдері;
3) орындалу мерзімі көрсетілген немесе бақылауға алу туралы нұсқаулар, «шұғыл», «баяндалсын», «ұсыныстар енгізілсін» деген белгілер бар Президенттің Үкіметке немесе оның басшылығына, Премьер-Министрдің, оның орынбасарының, Президент Әкімшілігі басшылығының Кеңсенің, Кеңсе Басшысының (оның міндетін атқарушы тұлғаның) атына тапсырмалары (оның ішінде мәжілістердің хаттамаларында және іс-шаралардың жоспарларында қамтылатындар), сондай-ақ мазмұнынан оларды бақылауға қою қажеттілігі туындайтын тапсырмалар. Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының, Кеңсе Басшысының және оның орынбасарының хаттамалық және өзге де тапсырмаларының нормативтік-құқықтық сипаты болмайды;
4) Парламент депутаттарының сауалдары, депутаттар бастамашылық жасаған заң жобаларына Үкіметтің қорытындысын беру жөніндегі өтініші бар Парламент палаталарының арнау хаттары.
98. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың орындалуын бақылауды Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады.
99. Бақылаудағы құжаттардың уақтылы және сапалы орындалуы үшін жауапкершілік олар орындалуға жіберілген мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жүктеледі.
100. Президент кесімдерінің орындалуына жауапты мемлекеттік органдар үш күн мерзімде оларды іске асыру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын жасайды.
101. Үкімет пен Премьер-Министр кесімдерінің орындалу мерзімін Премьер-Министр не нақты кесімнің орындалуын бақылау жүктелген оның орынбасары және Премьер-Министрдің келісімі бойынша Кеңсе Басшысы мемлекеттік орган басшысының белгіленген тәртіппен енгізілген жазбаша өтініші негізінде ұзартуы мүмкін. Орындалу мерзімін ұзартуға екі реттен артық жол берілмейді.
Үкімет пен Премьер-Министрдің кесімдерін және тапсырмаларын бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар, егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, оған белгіленген орындалу мерзімі аяқталғанға дейін 3 күннен кешіктірмей, ал орындалу мерзімі 5 күннен аз тапсырмалар бойынша тапсырма келіп түскен күнінен бастап бір жұмыс күні ішінде ұсыныстарды жинақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік органға өз ұсыныстарын енгізуге міндетті.
102. Бақылаудағы құжатты оған қол қойған немесе орындалуын бақылауды талап ететін тапсырма берген лауазымды тұлға не оның міндетін атқарушы тұлға не оның тапсырмасы бойынша өзге тұлға бақылаудан алады.
Үкіметке және/немесе Кеңсеге тапсырмалары бар Президент кесімдерін бақылаудан алу және олардың орындалу мерзімін ұзарту мәселелерін Президент Әкімшілігі қарайды.
103. Президенттің жеке тапсырмаларын барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар, егер Президент өзгеше белгілемесе, тапсырма берілген күнінен бастап екі аптадан аспайтын мерзімде орындауы тиіс.
104. Президенттің және Президент Әкімшілігі басшылығының бақылаудағы тапсырмаларын оларға Премьер-Министрдің, оның орынбасарының және Кеңсе Басшысының қарарларымен бірге орталық және жергілікті атқарушы органдар, егер тапсырмаларда өзге мерзім белгіленбесе, Президент және/немесе Президент Әкімшілігінің басшылығы тапсырған күнінен бастап 25 күн мерзімнен кешіктірмей орындайды.
105. Үкімет мәжілістерінің хаттамаларында және Президентте, Үкімет басшылығында және Кеңсе Басшысында өткен кеңестердің хаттамаларында қамтылатын хаттамалық тапсырмалардың орындалу мерзімі мәжіліс (кеңес) өткен күнінен бастап есептеледі. Егер мәжілісте (кеңесте) нақты тапсырманың орындалу мерзімі аталған жағдайда, атына тапсырма берілген және өкілдері мәжіліске (кеңеске) қатысқан тиісті мемлекеттік органдар мәжілістен (кеңестен) кейін бірден, оларға мәжіліс (кеңес) хаттамасының түсуін күтпестен, тапсырмаларды орындауға кірісуге міндетті. Премьер-Министрдің, оның орынбасарының және Кеңсе Басшысының тапсырмалары, егер тапсырмаларда өзге мерзім белгіленбесе, тапсырма берілген күнінен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей, ал «шұғыл» немесе «жеделдетіңіз» деген белгі болған кезде 10 күн мерзімде орындалады.
Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының Парламент депутаттарының сауалдарына жауаптар және Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларына қорытындылардың жобаларын дайындау туралы тапсырмалары, егер тапсырмаларда өзге неғұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, тиісінше сауал Кеңседе тіркелген күнінен бастап 25 күн және заң жобасы тіркелген күнінен бастап 20 күн мерзімнен кешіктірмей орындалады.
Егер Yкіметтің, Премьер-Министрдің, оның орынбасарының және Кеңсе Басшысының хаттамалық тапсырмаларында және Yкімет пен Премьер-Министрдің кесімдерінде, сондай-ақ іс-шаралар жоспарларында нақты орындалу мерзімі көрсетілмеген және олардың мазмұнынан олардың орындалуы ұзақ уақытты (тұрақты, бір жыл ішінде және т.с.с.) талап ететіні туындаған не олардың мазмұнынан орындалу мерзімі туралы бір мәнді қорытынды жасау қиын болған жағдайда, сондай-ақ даулы жағдайларда, осындай тапсырмаларды бақылауға алу қажеттігін, оларды орындаудың нақты мерзімін белгілеуді Кеңсе айқындайды және орындалуына жауапты мемлекеттік органдарға дереу жеткізеді.
Егер тапсырманың белгіленген мерзімде орындалуы мүмкін болмаса, онда тапсырманың орындалуына жауапты мемлекеттік органның басшысы кешіктірілуінің себептері туралы хабарлауға және белгіленген тәртіппен оның орындалу мерзімін ұзарту туралы өтініш жасауға тиіс. Тапсырманың орындалу мерзімін ұзартуға екі реттен артық жол берілмейді. Белгіленген орындалу мерзімін ауыстыру туралы ұсыныстар екі реттен артық енгізілген кезде мемлекеттік органдардың басшылары бір уақытта жазалау туралы бұйрықтың көшірмесін қоса бере отырып, орындаудың ұзартылған мерзімін бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларға қолданылған тәртіптік жауапкершілік шаралары туралы ақпарат ұсынуға тиіс.
Бақылаудағы құжаттарды орындаудың белгіленген мерзімін бұзу және оларды сапасыз орындау тәртіптік теріс қылық болып табылады. Бақылаудағы құжаттарды орындаудың мерзімін бұзу және/немесе сапасыз орындау фактілері бойынша орындалуына жауапты мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының бұйрықтарымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 31 желтоқсандағы № 321 Жарлығымен белгіленген тәртіппен кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
106. Бақылаудағы, оның ішінде құпия құжаттардың орындалуына жауапты мемлекеттік органдар Кеңсеге:
1) Үкімет пен Премьер-Министрдің кесімдерінде өзгеше белгіленбесе, бақылаудағы құжаттарды орындаудың белгіленген мерзімі аяқталғаннан кейін әрбір бақылаудағы құжаттың не оның нақты тармақтарының орындалуы туралы есепті;
2) есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-күніне атқарушылық тәртіптің жай-күйі және жазалау туралы бұйрықтың көшірмесін қоса бере отырып, бақылаудағы құжаттарды орындау мерзімінің бұзылуына немесе олардың сапасыз орындалуына кінәлі нақты лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде қабылданған шаралар туралы ақпаратты ұсынады.
107. Мыналарды бақылаудан алу не орындалу мерзімін өзгерту туралы шешім қабылдау:
1) Президенттің тапсырмалары, оның ішінде Президенттің кесімдерінде, оның қатысуымен өткен кеңестердің (мәжілістердің) хаттамаларында және Президент немесе Президент Әкімшілігінің Басшысы бекіткен іс-шаралар жоспарларында қамтылатын тапсырмалар тиісінше Президенттің немесе Президент Әкімшілігі Басшысының не оның міндетін атқарушы тұлғаның қарары бойынша;
2) Президент Әкімшілігі басшылығының тапсырмалары, оның ішінде Президент Әкімшілігінің басшылығында өткен кеңестердің хаттамаларында және ол бекіткен іс-шаралар жоспарларында қамтылатын тапсырмалар Әкімшілік Басшысының немесе тапсырма берген тұлғаның қарары бойынша;
3) тапсырмалар, оның ішінде Үкімет пен Премьер-Министрдің кесімдерінде, Үкімет мәжілістерінің және Премьер-Министрде өткен кеңестердің хаттамаларында қамтылатын тапсырмалар Премьер-Министрдің немесе оның келісімі бойынша Кеңсе Басшысының не оның міндетін атқарушы тұлғаның қарары бойынша;
4) Премьер-Министр орынбасарының тапсырмалары, оның ішінде ол өткізген кеңестердің хаттамаларында және ол бекіткен іс-шаралар жоспарларында қамтылатын тапсырмалар Премьер-Министр орынбасарының қарары бойынша;
5) Кеңсе Басшысының тапсырмалары, оның ішінде Кеңсе Басшысында өткен кеңестердің хаттамаларында және ол бекіткен іс-шаралар жоспарларында қамтылатын тапсырмалар Кеңсе Басшысының не оның міндетін атқарушы тұлғаның қарары бойынша жүзеге асырылады.
108. Бақылаудағы, оның ішінде құпия сипаттағы тапсырмалардың орындалуына жауапты мемлекеттік органдар Кеңсеге жіберетін олардың орындалуы туралы есептерде белгіленген орындалу мерзіміне сәйкес міндетті түрде мыналар қамтылуы тиіс:
1) егер объективті себептермен тапсырманың белгіленген мерзімде орындалуы мүмкін болмаса, жаңа нақты мерзімін көрсете отырып не орындау мерзімін ұзарту туралы өтініш;
2) егер тапсырма толық көлемде орындалған болса, не бақылаудан алу туралы өтініш;
3) егер тиісті кесіммен немесе тапсырмамен мерзімді ақпарат ұсыну көзделген болса, не құжаттың ақпарат беру тәртібімен енгізіліп отырғаны туралы жазба.
109. Іс-шаралар жоспарлары мен Премьер-Министр, оның орынбасары мен Кеңсе Басшысы тапсырмаларының, оның ішінде Үкімет қаулыларының және Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын енгізуді көздейтін хаттамалық тапсырмаларының нақты тармақтарын бақылаудан алу үшін тиісті қаулы немесе өкім қабылдау негіз болып табылады.
110. Премьер-Министрдің орынбасары мен Кеңсе Басшысы осы Регламенттің талаптарын, оның ішінде бақылаудағы құжаттарды орындау тәртібін өрескел бұзу фактілері бойынша Премьер-Министрге кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізе алады.
111. Премьер-Министрдің орынбасары, Кеңсе Басшысы және оның орынбасарлары осы Регламент талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің Регламентіне
1-қосымша
______________________________________________________
жобаның атауы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасына
ТҮСІНДІРМЕ ЖАЗБА
Р/с № | Түсіндірме жазбада көрсетілуге тиіс мәліметтердің тізбесi | Әзірлеушi мемлекеттік органның ақпараты |
1. | Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган | |
2. | Жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесi | |
3. | Жоба қабылданған жағдайда болжанатын әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарлар | |
4. | Жобаны іске асыруға байланысты болжанатын қаржылық шығындар | |
5. | Жобаны, қабылдаудың нақты мақсаттары, күтілетін нәтижелердің мерзімі және болжанатын тиімділігi | |
6. | Жобада қаралатын мәселелер бойынша Президенттің және/немесе Үкіметтің бұрын қабылданған кесімдері және олардың іске асырылу нәтижелері туралы мәліметтер | |
7. | 3аңнаманы кейіннен жобаға сәйкес келтіру қажеттігi | |
8. | Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша басқа ұйымдарда қосымша сараптама (құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржылық және басқа да) жүргізілген жағдайда оның нәтижелерi | |
9. | Өзге де мәліметтер | |