Президенттің төрағалық етуімен өткізілген Үкімет мәжілістері хаттамаларының жобаларын Кеңсе келісу және Мемлекет басшысына қол қоюға ұсыну үшін Президент Әкімшілігіне енгізеді.
22. Президент төрағалық еткен мәжілістерді қоспағанда, Үкімет мәжілістерінің әрбір хаттамасына күнтізбелік жылдың басынан бастап кезегімен реттік нөмір беріледі. Хаттамалар немесе олардың үзінді көшірмелері оларға қол қойылған күні Yкімет мүшелеріне, ал қажет болған кезде мәжілістерде тиісті тапсырмалар берілген басқа да мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға жөнелтіледі.
Жоғарыда көрсетілгендерден басқа, Үкімет мәжілістері хаттамаларының түпнұсқалары, оларға қоса берілетін құжаттар, фонограммалардың басып шығарылғандары, ауызекі ақпаратты магнитті жеткізгіштер және бейне материалдар тұрақты сақтаудағы құжаттар тізімдемесіне енгізіледі және Кеңсе мұрағатында сақталады.
5. Орталық атқарушы органдардың Yкімет қаулылары мен
Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын дайындау
кезіндегі өзара іс-қимыл жасау тәртібi
23. Орталық атқарушы органдардың Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын дайындау кезіндегі өзара іс-қимылы, әдетте, аппарат басшылары немесе аппараттың Мемлекет басшысының кесімдері мен тапсырмаларының, Үкімет кесімдерінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылығы, Yкімет басшылығы мен Кеңсе Басшысы, өзінің бірінші басшысы және оның орынбасарлары тапсырмаларының уақтылы және сапалы орындалуы жөніндегі жұмысын ұйымдастыруға, іс қағаздарын жүргізуге және құжаттардың өтуіне, орындалуын бақылауға және атқарушылық тәртіпке жауап беретін олардың міндетін атқарушы тұлғалар арқылы жүзеге асырылады.
24. Орталық атқарушы органдар аппараттарының қызметін ведомствоаралық үйлестіруді Кеңсе Басшысы орталық атқарушы органдардың аппараттары басшыларымен (олардың міндетін атқарушы тұлғалармен) апта сайын кеңестер өткізу жолымен жүзеге асырады, оларда заң жобаларын, Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын дайындаудың проблемалық мәселелері қаралады. Кеңеске шақырылғандардың тізімдерін жасауды және оларды шақыруды Кеңсе Басшысының нұсқауына сәйкес оның қабылдау бөлмесі қамтамасыз етеді. Кеңес, әдетте, алдын ала күн тәртібі жасалмай және материалдар енгізілмей өткізіледі. Кеңестің хаттамасы жасалады, оларды фонограммасының жазбасы жүргізіледі. Кеңестің нәтижелері хаттамалар түрінде ресімделеді. Кеңес хаттамаларын дайындауды, Кеңсенің мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен келісуді, ресімдеуді және қол қоюға ұсынуды Кеңсенің тиісті бөлімшесі кеңес өткізілген күнінен бастап екі күннен кешіктірмей жүзеге асырады.
6. Мемлекеттік органдардың Yкімет қаулылары
мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын
дайындау және ресімдеу тәртібi
25. Мемлекеттік органдар Үкімет қаулыларының жобаларын (бұдан әрі - қаулылардың жобалары) дайындауды Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңнамалық кесімдердің, Президент кесімдерінің және өзге де нормативтік құқықтық кесімдердің негізінде және оларды орындау үшін жүзеге асырады. Қаулылардың жобаларын уәкілетті органдар өз бастамалары бойынша немесе егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмалары бойынша әзірлейді.
Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын (бұдан әрі - өкімдердің жобалары) дайындау әкімшілік-өкімдік, жедел және жеке сипаттағы мәселелерді шешу үшін жүзеге асырылады.
Орталық атқарушы органдар арасында қағидатты сипаттағы және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі еңсерілмес келіспеушіліктер болған кезде келісілген шешімдер қабылдауды, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді талап ететін мәселелер бойынша қаулылардың жобалары Премьер-Министрдің нұсқауы бойынша Үкімет мәжілістерінде не Премьер-Министрде, оның орынбасарында немесе Кеңсе Басшысында өтетін кеңестерде қаралуы мүмкін. Үкімет басшылығы мен Кеңсе Басшысында өтетін кеңестерді дайындау және өткізу тәртібі Кеңседе іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленген.
26. Қаулылар мен өкімдердің жобаларын дайындауды мемлекеттік органдар "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Конституциялық заңның, Қазақстан Республикасының "Нормативтік құқықтық актілер туралы", "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңдарының, Кеңседе іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 22 шілдедегі № 678 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын ресімдеу жөніндегі нұсқаулықтың (заңдық техникасы) және осы Регламенттің талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырады.
Қаулының (өкімнің) жобасын әзірлеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органның бірінші басшысы оның Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясына және Үкімет Бағдарламасына сәйкес келуі, жобаның уақтылы, сапалы әзірленуі және белгіленген мерзімде Үкіметке ұсынылуы, жобаның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі (оның ішінде магнитті жеткізгіштерге енгізілетін) мәтіндерінің дәлме-дәл болуы, осы Регламент талаптарының сақталуы үшін дербес жауап береді.
27. Экспорттық бақылауға жататын өнімнің экспорты, импорты және транзиті мәселелері бойынша қаулылардың жобаларын дайындауды экспорттық бақылау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады. Көрсетілген қаулылардың жобаларын келісу мен енгізу Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиясының оң қорытындысы болған кезде жүзеге асырылады.
"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру мен зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары жөніндегі қаулылардың жобаларын келісу мен енгізу мәселелері Yкімет бекіткен тиісті нұсқаулықпен айқындалады.
Кадр мәселелері бойынша қаулылардың жобаларын дайындауды Кеңсе жүзеге асырады.
28-тармақ 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
28. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулылар мен өкімдердің жобаларын әзірлеу және қабылдау Қазақстан Республикасының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" және "Жеке кәсіпкерлік туралы" заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
29. Қаулының (өкімнің) жобасын әзірлеуші, егер оны қабылдағаннан кейін мұндай қажеттілік туындаса, жобада бір мезгілде Үкіметтің және/немесе Премьер-Министрдің бұрын қабылданған шешімдерін қаулының (өкімнің) жобасына сәйкес келтіру жөніндегі нормаларды көздейді.
30. Әзірлеуші қаулының (өкімнің) жобасына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша түсіндірме жазбаны міндетті түрде қоса береді, онда мынадай негізгі мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) тиісті нормативтік құқықтық кесімдерге жасалған сілтеме бар жобаны қабылдауға негіз және/немесе оны қабылдау қажеттілігінің басқа да негіздемелері;
2) жоба бойынша қаржы шығындарының қажеттілігі және оның қаржылық қамтамасыз етілуі, оның ішінде қаржыландыру көзі және Республикалық бюджет комиссиясының шешімі (егер ол қажет болса);
3) жоба қабылданған жағдайдағы болжалды салдарлар;
4) нақты мақсаттар мен күтілетін нәтижелердің мерзімі;
5) жобада қаралатын мәселелер және оларды іске асыру нәтижелері бойынша Президенттің және/немесе Үкіметтің бұрын қабылданған кесімдері туралы мәліметтер;
6) енгізілетін жоба қабылданған жағдайда заңнаманы оған сәйкес келтіру қажеттігі (басқа нормативтік құқықтық кесімдер қабылдау немесе қолданыстағы кесімдерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу талап етіледі ме екендігін көрсету) не мұндай қажеттіліктің болмауы.
30-тармақтың екінші бөлігі 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулының (өкімнің) жобасына түсіндірме жазба міндетті түрде Үкіметтің кесімін қолданысқа енгізуге байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азаюын және (немесе) артуын растайтын есептемелердің нәтижелерін қамтуға тиіс.
Қаулылар (өкімдер) жобаларының және оларға қосымшалардың әр парағына әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы алдын ала қол қояды, ілеспе хаттарға басшы қол қояды.
Қаулы жобасында халықаралық шарттарға немесе өзге де құжаттарға (заңнамалық кесімдерден, Президент, Үкімет және Премьер-Министр кесімдерінен басқа) сілтемелер болған кезде әзірлеуші осы құжаттардың тиісінше Сыртқы істер министрлігі немесе жобаны әзірлеуші куәландырған мемлекеттік, орыс және қол қойылған өзге тілдердегі (әр түрлі оқылған кезде басымдығы бар) көшірмелерін міндетті түрде жобаға қоса береді.
31. Қаулылар мен өкімдердің жобалары олардың заңнамада белгіленген құзыретіне орай мүдделі мемлекеттік органдармен міндетті түрде келісіледі, бұл ретте жобаны келісудегі мұндай мүдделілік жобада қаралатын мәселелердің мәні негізге алына отырып, сондай-ақ жобада мемлекеттік органдардың немесе олардың басшыларының атына тапсырмалар болған кезде белгіленеді.
Кадрлық және ұйымдастырушылық сипаттағыны қоспағанда, қаулылардың жобалары Конституцияға, заңнамалық кесімдерге, Президенттің, Үкімет пен Премьер-Министр кесімдеріне сәйкестік мәніне заңдық сараптама жүргізуге жауапты Әділет министрлігімен келісілуге тиіс:
Оларды қабылдау экологиялық, оның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндіруі мүмкін салдар болжанып отырған қаулылардың жобалары уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізетін міндетті экологиялық сараптама жасауға жатады. Жобаны әзірлеуші оны уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша оң қорытындысы болған кезде Үкіметтің басшылығының қарауына енгізеді.
32-тармақ 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
32. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулылардың (өкімдердің) жобалары сараптамалық қорытынды алу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелген бірлестіктеріне жіберіледі.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындылары ұсынымдық сипатта болады және қаулының (өкімнің) жобасы қабылданғанға дейін оған міндетті қосымша болып табылады.
Жобаны әзірлеуші сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жобаға ілеспе хатта сараптамалық қорытындымен келіспеу себептеріне дәлелді негіздеме келтіруге тиіс.
33. Заңнамаға сәйкес Әділет министрлігінде құқықтық сараптама жасауға жататын халықаралық ұйымдарға кіру және олардан шығу, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшін жою мәселелері жөніндегі қаулылардың жобалары мүдделі мемлекеттік органдармен алдын ала келісілуге тиіс, ал құқықтық сараптамадан өткендері Сыртқы істер министрлігінде келісуге жатады. Көрсетілген жобаларға мыналар қоса беріледі:
1) тиісті шет мемлекетпен (мемлекеттермен) немесе халықаралық ұйыммен келісілген әзірлеуші органның басшысы алдын ала қол қойған халықаралық шарттың жобасы не Сыртқы істер министрлігі куәландырған оған сәйкес Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымға кіруі немесе одан шығуы не Қазақстан Республикасының шартқа қосылуы жоспарланып отырған көп жақты халықаралық шарттың мемлекеттік, орыс және қол қойылған өзге тілдердегі (әр түрлі оқылған кезде басымдығы бар) мәтіні;
2) Сыртқы істер министрлігі куәландырған халықаралық шарттардың көшірмелері және оларға жобада сілтемелер бар жобаны әзірлеуші куәландырған халықаралық сипаттағы өзге де құжаттар.
Қол қойылған халықаралық шарттардың және халықаралық сипаттағы өзге де құжаттардың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің дәлме-дәлдігін тиісінше Сыртқы істер министрлігі және әзірлеуші орган оларды Кеңсеге енгізгенге дейін қамтамасыз етеді.
34. Премьер-Министр не оның тапсырмасы бойынша Кеңсе Басшысы Үкіметтің резервінен қаражат бөлу және басқа да жедел мәселелерді шешу жөнінде қаулылардың (өкімдердің) жобаларын келісудің өзге де рәсімін айқындай алады.
35. Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган бір мезгілде осы Регламенттің 31-тармағына сәйкес тиісті мемлекеттік органдарға қаулы (өкім) жобасының, оған түсіндірме жазбаның және басқа да қажетті құжаттардың көшірмелерін келісуге жібереді.
Қаулы (өкім) жобасының көшірмесін келісуге алған кезде мемлекеттік органдар оған басқа да мемлекеттік органдардың алдын ала бұрыштама соғуын талап етпеуі және желеу әрі өзге де негізсіз себептер бойынша жобаны келісуден бас тартпауы тиіс.
36. Қаулылардың (өкімдердің) жобаларын мемлекеттік органдарда қарау және келісу олар түскен күнінен бастап мынадай мерзімнен аспауы тиіс:
1) осы Регламенттің 69 және 70-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қаулылардың жобалары, оның ішінде Президенттің және Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізу туралы тиісінше Президент кесімдерінің жобалары мен заң жобалары - 10 жұмыс күні;
2) Премьер-Министр өкімдерінің жобалары - 5 жұмыс күні;
3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою, сондай-ақ ізгілік көмек мәселелері бойынша қаулылар мен өкімдердің жобалары - 3 жұмыс күні.
Премьер-Министрдің, оның орынбасарының немесе Кеңсе Басшысының тапсырмалары бойынша Үкіметтің қаулыларын немесе Премьер-Министрдің өкімдерін жедел қабылдау қажет болған кезде нақты жобаларды мемлекеттік органдарда келісудің неғұрлым қысқа мерзімі белгіленуі мүмкін. Мұндай жағдайда қаулының (өкімнің) жобасына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Үкімет мәжілісінде, Үкімет басшылығында немесе Премьер-Министрдің нұсқауы бойынша Кеңсе Басшысында болған кеңесте бұрыштама соғуы мүмкін.
37. Қаулының (өкімнің) жобасын келісуші мемлекеттік органда қарау және келісу (түпнұсқаға бұрыштама соғу) осы Регламентте белгіленген мерзімде және осы мемлекеттік органның құзыреті шеңберінде жүзеге асырылуға тиіс.
Қаулының (өкімнің) жобасын қарау қорытындылары бойынша келісуші мемлекеттік орган әзірлеушіге жауаптың мынадай нұсқаларының бірін ұсынуға тиіс:
1) жоба ескертулерсіз келісілуі мүмкін. Бұл жағдайда әзірлеуші оған келісуші орган басшысының бұрыштамасын қою үшін жобаның түпнұсқасын ұсынады;
2) жоба бар ескертулер жойылған кезде келісілуі мүмкін. Бұл ретте ескерту келісуші органның басшысы қол қойған хатта баяндалады, мұнда оларды жою жөніндегі ұсыныстар міндетті түрде қамтылуға тиіс. Бұл жағдайда әзірлеуші ескертулермен келіскен кезде жобаларды пысықтау жұмыс тәртібімен жүзеге асырылады, бұдан кейін жобаның түпнұсқасы келісуші органның бірінші басшысының бұрыштамасын қоюға ұсынылады;
3) жобаны келісуден бас тартылды. Бұл ретте келісуші органның басшысы қол қойған келісуден бас тартуға уәждеме бар хат қоса беріледі.
Келісуші мемлекеттік органдарға қаулылардың (өкімдердің) жобаларын "ескертулермен" келісуге (бұрыштама қоюға) тыйым салынады.
38. Егер әзірлеуші келісуші органның ескертулерімен келіспеген жағдайда, ол өзара қолайлы шешім дайындау үшін келісуші органдардың тиісті өкілдерінің (министрлердің орынбасарлары, вице-министрлер, департаменттердің басшылары) қатысуымен кеңес шақыруға құқылы. Егер көрсетілген кеңес қорытындылары бойынша өзара қолайлы келісімге қол жеткізілмесе, осы Регламенттің 25-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоба Үкіметке енгізілмейді. Бұл ретте жоба Премьер-Министрдің не оны алмастыратын немесе Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлғаның не Кеңсе Басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген жағдайда әзірлеуші тапсырма авторына қалыптасып отырған жағдай туралы хабарлайды, ал жоба бастамашылық тәртіппен әзірленген жағдайда жоба қараудан алып тасталады.
39. Үкіметтің қаулысы оның ұжымдық заңды пікірін білдіруі тиістілігіне байланысты қаулылардың жобалары, сондай-ақ заңдардың, Мемлекет басшысы кесімдерінің және Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларына Үкімет қорытындыларының жобалары бойынша Үкімет мүшелерінің дауыс беруі жүргізіледі.
Дауыс беруді жүргізу мақсатында қаулы жобасының (заң, Мемлекет басшысының кесімі, Үкіметтің қорытындысы жобасының) түпкілікті нұсқасын Кеңсеге енгізер алдында әзірлеуші оның ақпаратты қағаз және/немесе магнитті жеткізгіштердегі мәтінінің көшірмелерін не электронды көшірмесін электронды почта арқылы (құпия сипаттағы және кадр мәселелері жөніндегі жобалардан басқа) Үкімет мүшелерінің барлығына (Премьер-Министрді, оның орынбасарын және әзірлеуші жобаны келісуді жүргізген Үкімет мүшелерін қоспағанда) жібереді. Жобаға қосымшалар Yкімет мүшелеріне, тек оларға қатысты бөлігінде жіберілуі мүмкін.
Үкімет мүшелерінің көрсетілген жобалар бойынша дауыс беру мерзімі жобалардың көшірмелері (электронды көшірмелері бар хабарламалар) жіберілген күнінен бастап 3 жұмыс күнінен аспауға тиіс. Дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Үкімет мүшелері әзірлеушіге жобалар бойынша өз пікірін білдіретін жазбаша жауаптар жібереді. Көрсетілген мерзімде жазбаша жауап берілмеген жағдайда, Үкімет мүшесі жобаны қабылдауға дауыс берді деп саналады. Қаулылардың жобалары бойынша дауыс беруді Үкімет мүшелері алмастыру құқығынсыз жүзеге асырады. Егер жоба бойынша Үкімет мүшелерінің кемінде үштен екісі дауыс беріп, олардың көпшілігі жобаны қабылдауға пікір білдірсе дауыс беру өткізілді деп саналады. Олай болмаған жағдайда дауыс беру өткізілмеді деп саналады және Кеңсе енгізілген жобаны қабылдамайды.
Қаулының жобасы бойынша дауыс беру нәтижелерін әзірлеуші жобамен және 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оған басқа да материалдармен бірге бір мезгілде ұсынады.
Қажет болған жағдайда Премьер-Министрмен келісім бойынша қаулылардың (заңдардың, Мемлекет басшысы кесімдерінің, Үкімет қорытындыларының) жобаларын Кеңсе Басшысы Үкімет мүшелеріне дауыс беруге жібере алады.
40. Ол бойынша Үкімет мүшелерінің дауыс беруі өткізілген қаулылардың және өкімдердің А4 форматындағы жай қағаз парақтардағы (мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндер үшін № 14 мөлшерлі "TimesNewRoman" қарпі қолданылады, символдарды кодтау стандарты ҚР СТ 1048-2002 стандартына сәйкес) және ақпаратты магнитті жеткізгіштегі (бұдан әрі - магнитті жеткізгіш) мәтіндік файлдар түріндегі түпнұсқаларын, сондай-ақ оған қажетті материалдарды әзірлеуші мемлекеттік органдардың өкілдері өз қолымен Кеңсеге енгізеді. Бұл ретте қаулылардың (өкімдердің) жобаларына ілеспе хаттарда тапсырманың нөмірі мен берілген күні көрсетіле отырып, олардың не Үкімет басшылығының тапсырмасы бойынша немесе Президент, Үкімет немесе Премьер-Министр кесімінің нақты тармағын орындау үшін не бастамашылық тәртіппен енгізілгендігі көрсетілуге тиіс. Почта арқылы келіп түскен жобаларды (құпия сипаттағы жобаларды қоспағанда) Кеңсе әзірлеушіге қарамай және тіркемей қайтарады.
Кеңседе тіркелер алдында жобалар осы Регламенттің және Кеңседе іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың талаптарына сәйкестігіне, сондай-ақ дәлме-дәлдігіне (кездейсоқ таңдау бойынша жекелеген парақтары) тексеріледі. Жоба мәтіндері көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген немесе олардың мемлекеттік және орыс тілдерінде дәлме-дәл еместігі анықталған жағдайда жоба тіркелместен (құпия сипаттағы жобаларды қоспағанда) анықталған кемшіліктерді жою үшін әзірлеушінің өкіліне қайтарылады.
Кеңсеге келіп түсетін "аса маңызды", "өте құпия" және "құпия" деген құпиялылық белгілері бар қаулылардың (өкімдердің) жобалары, сондай-ақ олардан жасалатын құпия үзінді көшірмелері бар құпия емес жобалар тәртіппен тіркеледі және Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықтың талаптарына сәйкес Кеңсе Басшысына баяндалады. Көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда бұл жобалар Кеңсе Басшысының тапсырмасы бойынша әзірлеушіге қайтарылады.
41. Кеңсеге мемлекеттік органның бірінші басшысының міндетін атқарушы тұлға немесе Үкіметтің және Кеңсенің басшылығына арналған құжаттарға қол қоюға бірінші басшы ресми түрде өкілеттік берген тұлға бұрыштама соққан қаулының (өкімнің) жобасы не олар қол қойған ілеспе және өзге де хаттар енгізілген кезде жобаға оған бірінші басшының міндетін атқару жүктелгені туралы не оған Үкіметтің және Кеңсенің басшылығына арналған құжаттарға қол қоюға бірінші басшы өкілеттік бергендігі туралы бұйрықтың көшірмесі қоса беріледі.
42. Қаулының (өкімнің) жобасы тіркелгеннен кейін Кеңседе, егер Үкіметтің басшылығы немесе Кеңсе Басшысы өзгеше белгілемесе, мынадай:
қаулылардың, оның ішінде тиісінше Президент кесімдерінің жобалары мен заң жобаларын Президенттің және Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізу туралы жобалары - 10 жұмыс күнінен аспайтын;
Премьер-Министр өкімдерінің жобалары - 5 жұмыс күнінен аспайтын;
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою, сондай-ақ ізгілік көмек мәселелері жөніндегі қаулылар мен өкімдердің жобалары - 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оның қаржы-экономикалық, құқықтық және өзге де аспектілеріне сараптама (бұдан әрі - сараптама) жүргізіледі.
Сараптама қаулы (өкім) жобасының дайындалу сапасын: қаралатын мәселелер мен оларды шешу жөнінде ұсынылатын шаралардың толық ашылуын, уақтылығын және негізділігін, Үкімет пен Премьер-Министрдің құзыретіне сәйкестігін бағалау, ықтимал теріс салдарды, заңдық техника ережелеріне сәйкестігін айқындау үшін, сондай-ақ жобаның жоғары деңгейдегі, Үкімет пен Премьер-Министрдің нормативтік құқықтық кесімдеріне сәйкестігі және жобаның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің дәлме-дәлдігі мәніне жүргізіледі. Жобалар сараптамасының нәтижелері Премьер-Министр мен оның орынбасары, Кеңсе Басшысы үшін олар тиісті жобаларға қол қою немесе олармен келісу туралы не оларды пысықтауға немесе қосымша келісуге қайтару туралы шешімдер қабылдаған кезде ақпараттық-ұсынымдық сипатқа ие болады.
Кеңсенің тиісті жобаның өтуіне жауапты құрылымдық бөлімшесі жүргізілген сараптаманың нәтижелері бойынша осы Регламентке 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Премьер-Министрдің атына Кеңсе Басшысының қолы қойылған жобаға қорытынды дайындайды. Қорытынды мынадай ақпаратты қамтуға тиіс: жобаны кім және қандай негізде енгізіп отыр, жобаны қабылдау қажеттілігі неге негізделді, оны дайындау кезінде осы Регламенттің талаптары мен енгізу мерзімі (егер жобаны әзірлеу нормативтік құқықтық кесімде немесе тапсырмада көзделсе) сақталды ма, Үкімет мүшелерінің жоба бойынша дауыс беру қорытындылары, жобаны Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінде сараптау нәтижелері, оның ішінде мазмұндық және құқықтық сипаттағы, заңдық техника бойынша бар ескертулер, жобаны пысықтау туралы мәліметтер (осындай факт болған кезде), жоба бойынша өзге де қажетті мәліметтер, жобаны қабылдау немесе қабылдамау мүмкіндігі не оны пысықтауға немесе қосымша келісуге жіберу туралы ұсынымдар.
43. Үкіметтің басшылығы және Кеңсе Басшысы сараптама жүргізу барысында немесе оның нәтижелері бойынша жобаны мемлекеттік органға мынадай негіздер бойынша пысықтауға қайтаруға құқылы:
1) оның жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық кесімдерге сәйкес келмеуі анықталғанда;
2) жобаның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің дәлме-дәл еместігі анықталғанда;
3) Үкімет бекіткен Кеңседе іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың, Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының және Премьер-Министрі өкімдерінің жобаларын ресімдеу жөніндегі нұсқаулықтың (заңдық техникасы) және осы Регламенттің талаптарының бұзылғаны анықталғанда.
Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің өзге де аспектілер бойынша теріс сараптамалық қорытындысы да Yкімет басшылығының немесе Кеңсе Басшысының жобаны қайтару туралы шешім қабылдауы үшін негіз бола алады.
44. Жоба пысықтауға мынадай түрде қайтарылуы мүмкін:
1) мемлекеттік органдар бірінші басшыларының не олар өкілеттік берген тұлғалардың қатысуымен өткен Үкімет мәжілісінің немесе Үкімет басшылығында немесе Кеңсе Басшысында өткен кеңестің хаттамасы негізінде;
2) Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің жоба сараптамасының нәтижелері бойынша қорытындысы негізінде Премьер-Министрдің, оның орынбасарының немесе Кеңсе Басшысының жазбаша тапсырмасы бойынша;
3) жобаны әзірлеуші органның басшысы не оның өкілі (ол өкілеттік берген тұлға) Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің ескертулерімен жазбаша келіскен кезде Кеңсе Басшысының рұқсатымен әзірлеушінің өкілі (өкілетті тұлғасы) жобаның келісу парағына қол қойып жұмыс тәртібімен. Әзірлеушінің жобаны жұмыс тәртібімен пысықтау мерзімі 7 жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Жобаларды пысықтау мақсатында әзірлеуші мемлекеттік органның мүдделі органдар өкілдерінің (министрлер орынбасарларының, вице-министрлердің, департаменттер басшыларының) қатысуымен жедел кеңестер шақыруға құқығы бар.