171-бап. Сенім бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер)
1. Сенім бiлдiрiлген өкiл (агент) - тапсырма шартының негiзiнде кредитордың (сенімгердiң) атынан және оның есебiнен және оның нұсқауларына сәйкес бюджеттік кредит беруге байланысты белгiлi бiр тапсырмаларды жасайтын тұлға.
2. Сенім бiлдiрiлген өкiл (агент) кредитордың (сенімгердiң) тапсырмасы бойынша мынадай iс-қимылдарды орындай алады:
1) қарыз алушыларды - жеке тұлғаларды айқындау және олармен кредиттiк шарттар жасасу;
2) бюджеттік кредиттерге қызмет көрсету;
3) қарыз алушылармен есеп айырысу;
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) бюджеттік инвестициялық жобалардың қаржыландырылуы мен іске асырылуына мониторинг жүргізу;
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 3-2) тармақшамен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
3-2) қарыз алушылардың қаржылық жай-күйіне мониторинг жүргізу;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берешектi өндiрiп алу.
3. Қазақстан Республикасының резиденттерi болып табылатын, банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым сенім бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер) болып табылады.
4. Қаржы агенттiгiн қоспағанда, сенім бiлдiрiлген өкiлдi (агенттi) бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган немесе бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсi Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарына сәйкес белгiлейдi.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі тиiстi бюджет қаражаты есебiнен сенім бiлдiрiлген өкiлге (агентке) тапсырмаларды орындағаны үшiн сыйақы төлеудi жүзеге асырады.
Сенім бiлдiрiлген өкiлге (агентке) тапсырмаларды орындағаны үшiн сыйақы төлеу мөлшерi тапсырма шарттарында белгiленедi.
38-тарау. Бюджеттік кредиттеу шарттары
172-бап. Кредиттiк шарттың негiзгi талаптары
1. Кредиттiк шартта бюджеттік кредиттiң мынадай негiзгi талаптары мiндеттi түрде болуға тиiс:
1) берудiң мақсаты;
2) мөлшерi;
3) валютасы;
4) мерзiмi;
5) игеру кезеңi;
6) сыйақы ставкасы.
2. Бюджеттік кредиттiң негiзгi шарттары және қарыз алушылардың санаты кредитордың шешiмiмен белгiленедi.
3. Кредиттiк шартқа қосымша талаптар, соның iшiнде бюджеттік кредиттi беру тәсiлiн айқындайтын талаптар, бюджеттік кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету кестесi, бюджеттік кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi енгiзiледi.
173-бап. Бюджеттік кредиттiң мерзiмi
1. Бюджеттік кредиттiң мерзiмi - қарыз алушы бюджеттік кредит алатын, пайдаланатын, оған қызмет көрсететiн және оны өтейтiн уақыт кезеңi.
2. Бюджеттік Kpeдиттiң мерзiмi бюджеттік кредиттiң қаражатын кредитордың шотынан аударған кезден бастап есептеледi.
3. Бюджеттік кредиттер берiлу мерзiмiне қарай мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) қысқа мерзiмдi - 1 жылға дейiн;
2) орта мерзiмдi - 1 жылдан 5 жылға дейiн;
3) ұзақ мерзiмдi - 5 жылдан 30 жылға дейiн.
174-бап. Бюджеттік кредиттi игеру кезеңi
1. Бюджеттік кредиттi игеру кезеңi - бюджеттік кредиттiң берiлу мақсаттарына сәйкес iс-шараларды iске асыру үшiн қарыз алушы бюджеттік кредиттi пайдалана алатын уақыт кезеңi.
2. Бюджеттік кредиттiң пайдаланылмаған бөлiгi игеру кезеңi аяқталған күннен бастап үш күннiң iшiнде тиiстi бюджетке қайтарылуға тиiс.
175-бап. Бюджеттік кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi
1. Бюджеттік кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуы кепiлмен, кепiлдiкпен, кепiлгерлiкпен немесе Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартта көзделген басқа да тәсiлдермен қамтамасыз етiледi.
Тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы агенттiктерiне республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер мiндеттемелердi орындау қамтамасыз етiлмей бөлiнуi мүмкiн.
2. Бюджеттік кредиттiң қайтарылуын қамтамасыз ету құны сыйақы сомасы ескерiле отырып, бюджеттік кредит мөлшерiнен кем болмауға тиiс.
3. Бюджеттік кредит жөніндегі мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi бағалау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Бюджеттік кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi бағалау жөнiнде көрсетiлген қызметтерге ақы төлеудi қарыз алушы жүргiзедi.
176-бап. Сыйақы ставкасы
1. Сыйақы - бюджеттік кредит берiлгенi үшiн қарыз алушы жүзеге асыратын төлем.
2. Сыйақы ставкасы - жылдық проценттер түрiнде көрсетiлетiн сыйақы мөлшерi.
3. Сыйақы ставкасы тiркелген немесе құбылмалы болуы мүмкiн.
Тiркелген сыйақы ставкасы - мөлшерi бюджеттік кредиттiң барлық мерзiмiне өзгерiссiз белгiленетiн сыйақы ставкасы.
Құбылмалы сыйақы ставкасы - қаржы рыногындағы конъюнктураға байланысты өзгерiп тұратын сыйақы ставкасы.
2004.20.12 № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2006.05.07. № 165-III (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 4-тармақ өзгертілді
4. Кірістіліктің орташа өлшемді ставкасы - бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган шығарған мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақының орташа өлшемді ставкасы.
Жергілікті атқарушы органдарға, қаржы агенттіктеріне бюджеттік кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын қоспағанда, бюджеттік кредиттер бойынша сыйақы ставкасы, айналыс мерзімі бюджеттік кредиттің мерзіміне сәйкес келетін мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістіліктің орташа өлшемді ставкасынан төмен болмайтын шамада белгіленеді.
Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган шығарған тиiстi мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша табыстылықтың орта өлшемдi ставкасын анықтау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
177-бап. Бюджеттік кредит беру тәсiлi
Бюджеттік кредит:
1) қарыз алушының төлем құжаттарына ақы төлеу;
2) бiр мерзiмде не аудару кестесiне сәйкес бөлiп-бөлiп немесе қарыз алушының тиiстi құжаттар беруiне қарай қарыз алушының банк шотына аудару арқылы берiлуi мүмкiн.
178-бап. Бюджеттік кредиттi өтеу мен оған қызмет көрсету кестесi
1. Бюджеттік кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету кестесi бюджеттік кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі төлемдердiң мерзiмдерiн, кезеңдiлiгiн белгiлейдi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
2. Кредиттiк шартта жеңiлдiк кезеңiн беру көзделуi мүмкiн.
Жеңiлдiк кезеңi - бюджеттік кредит мерзiмiнiң құрамына кiретiн уақыт кезеңi, бұл кезеңде қарыз алушы кредиттi өтеудi жүзеге асырмайды.
39-тарау. Бюджеттік кредиттеу рәсімдері
179-бап. Бюджеттік кредит беру туралы шешiм қабылдау
Бюджеттік кредит беру туралы шешiм қабылдау:
1) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мемлекеттік, салалық (секторлық), аймақтық бағдарламалардың iс-шараларын бюджеттік кредиттеудiң, әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспары мен орта мерзiмдi фискалдық саясаттың мақсатқа сай екендiгiн айқындауды;
2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органның бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттік өтiнiмдерiн бюджеттік кредиттеу арқылы iске асыру ұсынылатын бюджеттік бағдарламаның бюджеттік кредиттеу өлшемдерiне сәйкестiгiне қатысты қарауын;
3) бюджеттік өтiнiмдi және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органның қорытындысын бюджеттік комиссияның қарауын;
4) бюджеттік комиссияның оң шешiмi болған жағдайда тиiстi қаржы жылына арналған бюджеттiң жобасына бюджеттік бағдарлама енгізудi қамтиды.
180-бап. Бюджеттік кредит беру рәсiмi
1. Бюджеттік кредит беру рәсiмi мынадай кезеңдердi:
1) бюджеттік кредиттiң негiзгi талаптарын айқындауды;
2) қарыз алушыны айқындауды;
3) кредиттiк шарт және олармен байланысты шарттар жасасуды;
4) қарыз алушыға бюджеттік кредит берудi қамтиды.
2. Бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi кезектi қаржы жылына арналған тиiстi бюджеттер бекітілгеннен кейiн бюджеттік кредиттердiң негiзгi шарттары мен қарыз алушылардың санаттары туралы кредитор шешiмдерiнiң жобаларын бекітуге енгiзедi.
3. Қарыз алушыларды:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттік кредиттеу кезiнде тапсырма шартына сәйкес сенім бiлдiрiлген өкiл (агент);
2) қаржы агенттiктерiн қоспағанда, қарыз алушы банктердi бюджеттік кредиттеу кезiнде конкурс нәтижелерi бойынша бюджеттік бағдарлама әкiмшiсi айқындайды. Қарыз алушы банктердi iрiктеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi;
3) жергiлiктi атқарушы органдар бюджеттік кредиттеу кезiнде қарыз алушылар осы Кодекске сәйкес айқындалады;
4) шет мемлекеттердi бюджеттік кредиттеу кезiнде қарыз алушылар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес айқындалады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда бюджеттік кредиттер алады.
Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттік кредиттеу сенім бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер) арқылы жүзеге асырылады.
5. Бюджеттік кредит беру кредиттiк шарт, тапсырма шарттары және бюджеттік кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi растайтын құжаттар жасалып, тiркелгеннен кейiн жүзеге асырылады.
Бюджеттік кредит беру кезіндегі қажеттi құжаттар тiзбесiн бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Бюджеттік кредиттер беру жөніндегі қаржылық рәсiмдер Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен айқындалады.
181-бап. Шет мемлекеттердi кредиттеудiң ерекшелiктерi
1. Шет мемлекеттерге бюджеттік кредиттер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебiнен берiледi.
2. Шет мемлекеттерге бюджеттік кредиттер шет мемлекеттер бюджеттік кредит беру туралы халықаралық шартқа мiндеттi күш беру үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi жүргiзген жағдайда берiледi.
3. Шет мемлекеттердi бюджеттік кредиттеудiң тәртібі мен талаптары бюджеттік кредит беру туралы халықаралық шартта белгiленедi.
Шет мемлекеттерге берiлген бюджеттік кредит бойынша негiзгi борыш шет мемлекеттердiң Қазақстан Республикасы алдындағы борышын құрайды.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 182-бап өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
182-бап. Бюджеттік кредиттi пайдалану
Қарыз алушы бюджеттік кредит қаражатын бюджеттік бағдарлама паспорты мен кредиттiк шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.
Бюджеттік кредит өз нысанасында пайдаланылмаған жағдайда қарыз алушы Қазақстан Республикасының заңдарына және кредит шартының талаптарына сәйкес жауаптылықта болады.
183-бап. Бюджеттік кредитке қызмет көрсету
1. Бюджеттік кредитке қызмет көрсету - бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның немесе сенім бiлдiрiлген өкiлдiң (агенттiң) бюджеттік кредит қаражатының пайдаланылуын есепке алу және қарыз алушының кредиттiк шарттың талаптарына сәйкес негiзгi борышты, сыйақыны және басқа да төлемдердi өтеуге төлемдер жасауды жүзеге асыру жөніндегі қызметi.
Негiзгi борыш - ол бойынша есептелген сыйақы, комиссиялық төлемдер, тұрақсыздық төлемдерi (айыппұлдар, өсімдер) сомасы ескерiлмей алынған және өтелмеген бюджеттік кредит сомасы.
2. Негiзгi борышқа қызмет көрсету - кредиттiк шарт талаптарына сәйкес, белгiлi бiр уақыт кезеңіндегі сыйақының, өзге де төлемдердiң жиынтық төлемдерi.
Берешек - бюджеттік кредиттi (кредиттiк шартты) өтеу және оған қызмет көрсету кестесiне сәйкес мерзiмi басталған, қарыз алушы төлемеген төлемдер сомасы.
3. Сыйақыны есептеу кредитордың шотынан бюджеттік кредит аударылған күннен бастап ол толық өтелген күнге дейiн бюджеттік кредит бойынша негiзгi борыш сомасына қойылған сыйақы ставкасы бойынша жүргiзiледi.
4. Сыйақыны есептеу тәртібі кредиттiк шартта белгiленедi.
Сыйақыны есептеу үшiн жылдың 360 күнi және айдың 30 күнi есепке алынады.
Төлем мерзiмi басталған кезде қарыз алушы негiзгi борыш пен сыйақы бойынша тиiстi бюджетке төлем тапсырмасымен ақша аудару арқылы кезектi төлемдердi жүзеге асыруға мiндеттi.
5. Берешек пайда болған кезде бюджеттік кредитке қызмет көрсету төлемдердiң мынадай кезектiлігімен жүзеге асырылады:
1) есептелген тұрақсыздық төлемi (айыппұлдар, өсiмпұл);
2) есептелген сыйақы;
3) негiзгi борышты өтеу.
184-бап. Бюджеттік кредиттi өтеу
1. Бюджеттік кредитті өтеу - кредиттiк шартқа және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бюджеттік кредит бойынша негiзгi борышты қарыз алушының өтеуi.
2. Бюджеттік кредиттен қарыз алушылардың кредитормен немесе сенім бiлдiрiлген өкiлмен (агентпен) келісім бойынша кредиттi мерзiмiнен бұрын өтеуге құқығы бар.
Қарыз алушы кредиттiк шарттың талаптарын бұзған кезде кредитордың немесе сенім бiлдiрiлген өкiлдiң (агенттiң) тапсырма шартына сәйкес кредитті мерзiмiнен бұрын өтеудi талап етуге құқығы бар.
3. Қарыз алушыда бюджеттік кредит бойынша берешек пайда болған кезде кредитор немесе сенім бiлдiрiлген өкiл (агент) тапсырма шартына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кредиттiң өтелуiн қамтамасыз ететiн шаралар қабылдайды.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4. Бюджеттік кредит бойынша берешектi өтеу есебiнен өндiрiлiп алынған мүлiк Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртiппен өткiзiлуге және (немесе) мемлекеттік меншiкке айналдырылуға жатады.
5. Бюджеттік кредиттi өтеу есебiнен мемлекеттік меншiкке айналдырылатын мүлiкке бағалау жүргiзуге арналған шығыстар тиiстi бюджет қаражаты есебiнен төленедi.
6. Бюджеттік кредит бойынша берешектi өтеу есебiнен мүлiктi мемлекеттік меншiкке айналдыру кезiнде кредитор талаптарының мөлшерi мүлiк құнының сомасына кемiтiледі.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
7. Жергілікті атқарушы органда бюджеттік кредит бойынша берешек болған немесе бюджеттік кредит нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған кезде кредитор жергілікті бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотынан берешек соманы немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған соманы жергілікті бюджеттердің бюджет қаражаты қалдықтарының шегінде жоғары тұрған бюджеттің түсіміне ағымдағы қаржы жылына арналған тиісті жергілікті бюджеттерді осы Кодекске сәйкес кейіннен нақтылай отырып, Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен жібереді.
40-тарау. Бюджеттік кредитті қайта
құрылымдау және қарыз алушыны ауыстыру
185-бап. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау
1. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау - тараптардың келісімi бойынша олардың кредиттiк шарттар бойынша мiндеттемелердi орындау мерзiмдерiнiң, қаржылық және өзге де талаптарының өзгеруi.
2. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау туралы шешiм қарыз алушыда қаржылық жағдайды сауықтыру жөнiнде жоспар болған кезде қарыз алушының қаржылық жай-күйiн талдау негізiнде қабылданады.
3. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау:
1) негiзгi борышты өтеу және (немесе) сыйақыны төлеу мерзiмдерiн өзгерту;
2) бюджеттік кредит, кредит бойынша сыйақы және өзге де төлемдер бойынша берешектi капиталдандыру (жиынтықтау) арқылы жүзеге асырылады.
4. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергілiктi атқарушы органның жанындағы консультациялық-кеңесшi органның оң қорытындысы болған кезде әрбiр кредиттiк шарт бойынша кредитордың шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау әрi кеткенде бiр рет жүзеге асырыла алады.
Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау кредиттiк шартқа қосымша келісім жасау арқылы ресiмделедi.
186-бап. Бюджеттік кредит бойынша борышты аудару
Бюджеттік кредит бойынша борышты аударуға кредитор шешiмiнiң негiзiнде кредиттiк шарт тараптарының келісімi бойынша жол берiледi.
Борышты аудару бюджеттік кредит бойынша борышты өтеу есебiне өндiрiп алынған (ұсынылған) мүлiктi берген кезде жүзеге асырылуы мүмкiн.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 41-тараудың тақырыбы өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
41-тарау.
Талап қою мерзімі, бюджеттік кредиттер
бойынша кредиторлар талаптарының тоқтатылуы
және кепілдіктің тоқтатылуы
187-бап. Талап қою мерзiмi
Бюджеттік кредиттер бойынша кредиторлардың талаптарына талап қою мерзiмi қолданылмайды.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 188-баптың тақырыбы өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
188-бап. Кредитордың бюджеттік кредиттi өтеу жөніндегі
талаптарының тоқтатылуы және кепілдіктің тоқтатылуы
1. Кредитордың бюджеттік кредиттi өтеу жөніндегі талабы қарыз алушы кредиттiк шарт бойынша мiндеттемелердi тиiсiнше орындаған кезде, қарыз алушы мен кредитор бiр тұлға болғанда не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарыз алушы - заңды тұлға таратылған жағдайда тоқтатылады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Кредитордың мемлекеттік білім беру және студенттік кредиттер бойынша талаптары қарыз алушы қайтыс болған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда тоқтатылады.
2. Қарыз алушы-заңды тұлға таратылған жағдайда кредитордың бюджеттік кредиттi өтеу жөніндегі талабының тоқтатылуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мiндеттемелердiң орындалуын бағалау жөніндегі алдын ала рәсiмдер жүргiзiлгеннен кейiн:
1) республикалық бюджеттен берiлген бюджеттік кредиттер бойынша - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның негiзiнде;
2) жергілiктi бюджеттен берiлген бюджеттік кредиттер бойынша мәслихаттың шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген таратылған қарыз алушылардың берешегi өтелдi деп есептеледi және оны кредитордың есептен шығаруына жатады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
4. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес таратылған қарыз алушыларға кредитордың бюджеттік кредитті өтеу жөніндегі талаптары тоқтатылған жағдайда, онымен бір мезгілде тиісті бюджеттік кредиттер бойынша кепілдіктер де тоқтатылады.
42-тарау. Бюджеттік кредиттер бойынша
бақылау, мониторинг, есепке алу
189-бап. Бюджеттік кредиттердi бақылау
1. Кредитор және (немесе) сенім бiлдiрiлген өкiл (агент) бюджеттік кредиттiң нысаналы пайдаланылуына және ол бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ететiн жағдайдың болуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
Бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсi жергiлiктi жерлерде бюджеттік кредиттiң нысаналы және тиiмдi пайдаланылуын тексерудi жүзеге асыра алады.
2. Бюджеттік кредиттi нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау фактілері анықталған жағдайда кредитор немесе сенім бiлдiрiлген өкiл (агент) қарыз алушыдан кредиттiң заңсыз пайдаланылған сомасын кредиттiк шартта белгiленген мөлшерде айыппұл ала отырып өндiрiп алады.
190-бап. Бюджеттік кредиттер мониторингi және оларды есепке алу
1. Бюджеттік кредиттер бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мiндеттi тiркеуге, есепке алынуға және оларға мониторинг жүргiзiлуге жатады.
2. 2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен алып тасталды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Кредиторлар берiлген барлық бюджеттік кредиттердiң қарыз алушылар мен сенім бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер) тұрғысынан тiзiлiмiн жүргiзедi.
4. Бюджеттік кредиттердi пайдалану тиiмдiлiгiн бағалауды бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi, бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
5. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік кредиттердің пайдаланылу тиімділігін бағалауға арналған деректерді экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және құрамда экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдарға табыс етеді.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
6. Экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар табыс етілген деректер негізінде бюджеттік кредиттердің пайдаланылу тиімділігін бағалау бойынша есептер қалыптастырады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
7. Экономикалық жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар бюджеттік кредиттердің пайдаланылу тиімділігін бағалау бойынша есептерді жергілікті атқарушы органдарға және экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін табыс етеді.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 11-бөлімнің тақырыбы және 43-тараудың тақырыбы өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
11-бөлім. Мемлекеттік және мемлекет
кепілдік берген қарыз алу мен борыш, мемлекет кепілгерлігі
43-тарау. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік
берген қарыз алу мен борыш, мемлекет кепілгерлігі туралы
жалпы ережелер
191-бап. Осы бөлiмде пайдаланылатын ұғымдар
Осы бөлiмде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аваль - вексельдiк кепiлдiк, бұл жағдайда оны жасаған тұлға вексель бойынша мiндеттi басқа тұлға үшiн вексель бойынша төлем жасауға (толық немесе бiр бөлiгiнде) өзiне мiндеттеме алады;
2) сыртқы қарыз - қарыз берушi Қазақстан Республикасының резидентi емес, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының резидентi болатын қарыз қатынастары;
3) iшкi қарыз - қарыз берушi Қазақстан Республикасының резидентi, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының резидентi болатын қарыз қатынастары;
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4) банк кепілдігі - қарыз алушы мемлекеттік кепілдік беру туралы келісімде белгіленген тәртіппен және мерзімде қарыз шарты бойынша өзінен алынуға тиесілі соманың жинақталуын қамтамасыз етпеген жағдайда, банктің бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның алдындағы мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша берешекті өтеу жөніндегі міндеттемесі;
5) мемлекет кепiлдiк берген борыш - мемлекеттік кепiлдiктермен қамтамасыз етiлген, белгiлi бiр күнге алынған және өтелмеген мемлекеттік емес қарыздар сомасы;
6) мемлекет кепiлдiк берген қарыз - мемлекеттік кепiлдiкпен қамтамасыз етiлген мемлекеттік емес қарыз;
7) мемлекеттік қарыз - қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе жергiлiктi атқарушы органдар болатын қарыз қатынастары;
8) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз - қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болатын қарыз қатынастарында оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;
9) ақша рыногы - қысқа мерзiмдi (бiр жылға дейiнгi) өтiмдi қаржы құралдары рыногы;
10) қарыз шарты - соған байланысты қарыз алушы қарыз қаражатын алатын және қарыз берушiнiң алдында оны қайтару және сыйақыны (мүдденi), сондай-ақ қарызға байланысты басқа да төлемдердi төлеу жөнiнде мiндеттеме атқаратын келісім;
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
10-1) сақтандыру шарты - қарыз алушы қарыз шарттары бойынша өзінен алынуға тиесілі соманы белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда, сақтандыру ұйымының қарыз берушінің алдындағы мемлекет кепілгерлігімен қамтамасыз етілген қарыз бойынша берешекті өтеу жөніндегі міндеттемесін көздейтін шарт;
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 10-2) тармақшамен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
10-2) мемлекет кепілгерліктері бойынша борыш - мемлекет кепілгерлігімен тартылған және мемлекетке берілетін концессия объектісінің құнынан аспайтын, алынған және өтелмеген қарыз сомаларының белгілі бір күнгі жағдай бойынша сомасы;
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 10-3) тармақшамен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
10-3) мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз - инфрақұрылымдық облигациялар шығару арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік емес қарыз;
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
11) қарыз беруші - мемлекеттік кепiлдiкпен мемлекеттік немесе мемлекеттік емес қарыздарды берген тұлға немесе инфрақұрылымдық облигацияларды ұстаушылардың өкілі;
12) қарыз алу - қарыз қаражаттарын тарту қажеттiгi туралы шешiм қабылдау, қарызды тарту, пайдалану, өтеу және оған қызмет көрсету тәртібі мен талаптарын айқындау рәсiмдерiн, келiссөздер, мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету және оларға кепiлдiк беру, қарыз бойынша тиiстi құжаттарды ресiмдеу және оларға қол қою, қарыз шартын бекіту (мемлекеттік сыртқы қарыз алу кезiнде), тараптардың мiндеттемелердi орындауын есепке алу, бақылау және талдау рәсiмдерiн қоса алғанда қарыз қаражатын алу, пайдалану рәсiмдерiн қамтитын процесс;
13) мемлекеттік кепiлдiктердi беру лимитi - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетiн, оның шегiнде мемлекеттік кепiлдiктер берiлуi мүмкiн тiркелген сома;
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 13-1) тармақшамен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
13-1) мемлекет кепілгерліктерін беру лимиті - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін, оның шегінде мемлекет кепілгерліктері берілуі мүмкін тіркелген сома;
14) жергiлiктi атқарушы орган борышының лимитi - тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджетте бекітілетiн жергiлiктi атқарушы органның белгiленген күнге (қаржы жылының аяғына) жергiлiктi атқарушы органның нақты борышынан асып кетпеуге тиiс алынған және өтелмеген қарыздарының тiркелген сомасы;
15) үкiметтiк борыш лимитi - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетiн, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң белгiленген күнге (қаржы жылының аяғына) нақты борышынан асып кетпеуге тиiс алынған және өтелмеген үкiметтiк қарыздардың тiркелген сомасы;
16) борыш мониторингi - мемлекеттiң өзi уәкiлеттiк берген органдар арқылы борышты есепке алу, талдау және қалыптастыру, өзгерту және қызмет көрсету процесiн бақылау жөніндегі қызметi;
17) мемлекеттік емес қарыз - Қазақстан Республикасының Үкіметін, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен жергiлiктi атқарушы органдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидентi қарыз алушы болатын қарыз қатынастары;
18) сыйақының (мүдденiң) тiркелмеген (құбылмалы) ставкасы рынок конъюнктурасына байланысты өзгерістерге ұшыраған кредиттер, қарыздар жөніндегі сыйақы (мүдде) ставкасы немесе сыйақымен (мүддемен) қоса бағалы қағаздар бойынша кiрiс;