Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартының үлгі
нысанын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы № 1036 Қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 28 маусымдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартының үлгі нысаны бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 31 қазандағы
№ 1036 қаулысымен
бекітілген
Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартының
үлгі нысаны
№ ____ 200__ жылғы «___»__________ Астана қаласы
Бірлесіп Тараптар, ал жеке Тарап деп аталатын, бұдан әрі «Сақтандырушы» деп аталатын, ___________________ атынан ___________ негізінде әрекет ететін ________________ бір тараптан және «Сақтанушы» деп аталатын, ___________ атынан ____________ негізінде әрекет ететін _____________________________________________________ екінші тараптан Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі және «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы Заңы (бұдан әрі - Заң) негізінде төмендегі туралы осы Міндетті сақтандыру шартын (бұдан әрі - Шарт) жасасты:
1. Терминдер мен айқындамалар
1. Шартта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) тексеру актісі - ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы құратын комиссия мүшелерінің қолы қойылған, қолайсыз табиғат құбылысының әсері нәтижесінде егістік алаңдарының бүліну дәрежесін растайтын құжат;
2) пайда алушы - оның пайдасына Шарт жасалған Сақтандырушы немесе өзге тұлға;
3) қолайсыз табиғат құбылысы - нәтижесінде өсімдік шаруашылығының өнімі жойылған немесе бүлінген (ұзақ мерзімді - құрғақшылық, үсіп кету, жылудың жетіспеуі, топырақтың шамадан тыс ылғалдануы, ауаның асыра ылғалдануы, су тасқыны, қуаңшылық; қысқа мерзімді - бұршақ, нөсер, үсік шалу, қатты жел, сел) табиғат құбылысы;
4) өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру объектісі - сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушының шығынын ішінара немесе толық өтеуге байланысты сақтанушының мөлшері Заңға сәйкес белгіленетін мүліктік мүдделері;
5) бағалаушы (тәуелсіз сарапшы) - бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
6) егістіктің толық жойылуы - одан әрі өсіруге және астық жинауға арналған шығындар астықтан түсетін болжамды кірістен асып түсетін, егістікке қолайсыз табиғат құбылысы әсерінің салдары;
7) астықтан түсетін болжамды кіріс - өсімдік шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістемеге сәйкес комиссия айқындайтын кіріс;
8) өсімдік шаруашылығының өнімі - ауыл шаруашылығы дақылдарын (дәнді, майлы дақылдар, қант қызылшасы, мақта) өңдеу процесінен алынған өнім;
9) өсімдік шаруашылығы - өсімдік шаруашылығы өнімін өндірумен шұғылданатын ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші - жеке және заңды тұлғаларды қамтитын ауыл шаруашылығы саласының өндірістер кешені;
10) Сақтандырушы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімдік шаруашылығында міндетті сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензия алған, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе пайдасына Шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) Шартта айқындалған сома (сақтандыру сомасы) шегінде сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті заңды тұлға;
11) Сақтанушы - өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және Сақтандырушымен Шарт жасасқан тұлға;
12) сақтандыру сомасы - міндетті сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Шарт бойынша Сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы;
13) сақтандыру сыйлықақысы - Сақтанушы Шартта айқындалған мөлшерде сақтандырушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүргізу міндеттемелерін қабылдағаны үшін Сақтандырушы Сақтанушыға төлеуге міндетті ақша сомасы;
14) сақтандыру жағдайы - басталуына орай Шартта сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделетін кездейсоқтық және мүмкіндік белгілері бар оқиға.
2. Шарттың мәнi
2. Осы Шарт бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде Сақтанушының мөлшері Заңға сәйкес айқындалатын шығынын ішінара немесе толық өтеуге байланысты Сақтанушының мүліктік мүдделерін Сақтандырушы сақтандыру қорғауымен қамтамасыз етеді.
3. Осы Шарттың әрекеті ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлерде өсімдік шаруашылығының өнімдерін өсіру және өсімдік шаруашылығы өнімін сақтау жөніндегі қызметке қолданылмайды.
4. Сақтандырушы қолайсыз табиғат құбылысынан өзге себептер бойынша туындаған Сақтандырушының шығынын сақтандыру қорғауымен қамтамасыз етпейді.
3. Сақтандыру сомасының және сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi
5. Сақтандыру сомасының мөлшері Сақтанушы өсімдік шаруашылығының өнімдерін өсіру жөніндегі шығындарды жүзеге асыратын барлық алаңға көбейтілген, бір гектарға арналған шығындар нормативіне сәйкес өсімдік шаруашылығы өнімдерінің әрбір түрі бойынша белгіленеді.
6. Осы Шарт бойынша сақтандыру сомасы осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын Қосымшаға сәйкес ___________________________ (____________________________________) теңге мөлшерінде белгіленеді.
7. Сақтандыру сомасының мөлшерінен тыс залалды және/немесе зиянды өтеуді Сақтанушы өз есебінен жүзеге асырады.
8. Осы Шарт бойынша сақтандыру сыйлықақысы __________________ (________________________________) теңгені құрайды және осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын Қосымшаға сәйкес мерзімде және тәртіппен айқындалады.
9. Сақтанушы Шартта белгіленген сақтандыру сыйлықақысын бір уақытта төлеу шарты бойынша оны төлемеген жағдайда міндетті сақтандыру шарты жасалмаған деп саналады.
10. Осы Шартта белгіленген сақтандыру сыйлықақысын бөліп төлеу шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының кезекті сомасы уақтылы төленбеген кезде Сақтанушы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде Сақтандырушыға тұрақсыздық айыбын төлейді.
11. Егер сақтандыру жағдайы кезекті сақтандыру сыйлықақысын төлегенге дейін не төлем уақыты өтіп кеткенде туындаса, Сақтандырушы сақтандыру төлемін азайта отырып, төленбеген сақтандыру сыйлықақысын есепке алуға құқылы.
4. Сақтандыру жағдайлары
12. Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру кезіндегі сақтандыру жағдайларына қолайсыз табиғат құбылыстары немесе олардың жиынтығы нәтижесінде Сақтанушыға залал келтірілген өсімдік шаруашылығы өнімінің жойылуы немесе бүлінуі жатады.
13. Сақтандыру жағдайының басталғанын, сондай-ақ келтірілген залалды Сақтанушы айғақтайды.
5. Тараптардың құқықтары мен міндеттерi
14. Сақтандырушы:
1) сақтандыру жағдайы басталған кезде Сақтанушымен және бағалаушымен (тәуелсіз сарапшымен) бірлесіп, қолайсыз табиғат құбылысының әсеріне ұшыраған өсімдік шаруашылығы өнімінің нақты және (немесе) бағалау кірісін айқындау жөнінде жұмыс жүргізуге;
2) құзыретті ұйымдардан сақтандыру жағдайының басталуын растайтын құжаттарды сұратуға;
3) сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесінде сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау үшін бағалаушыны (тәуелсіз сарапшыны) тартқан жағдайда оның есептерін пайдалануға;
4) бағалау кірісін дербес немесе бағалаушыны (тәуелсіз сарапшыны) тарта отырып айқындауға құқылы.
15. Сақтандырушы:
1) Сақтанушыны өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру ережесімен таныстыруға;
2) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге;
3) қолайсыз табиғат құбылысы басталған кезде қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған алаңдарды айқындау жөнінде тексеру жүргізу үшін Сақтанушының өтініші бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы құрған комиссияның құрамына өз өкілін жіберуге;
4) соның салдарынан Сақтанушы шығынға ұшыраған сақтандыру жағдайы басталған кезде Сақтанушы өндіретін өсімдік шаруашылығы өнімдерінің түрлері бойынша Заңда және осы Шартта белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімде сақтандыру төлемін жүргізуге;
5) өзі тартатын бағалаушының (тәуелсіз сарапшының) қызметтеріне ақы төлеуге міндетті.
16. Сондай-ақ Сақтандырушының Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдерінде және осы Шартта көзделген өзге де құқықтары мен міндеттері бар.
17. Сақтандырушының ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің агротехнологиясын сақтау жөнінде талаптар қоюға құқығы жоқ.
18. Сақтанушы:
1) осы Шартта белгіленген мерзімде сақтандыру төлемін алуға;
2) Сақтандырушыдан міндетті сақтандыру талаптарын, осы Шарт бойынша өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіруді талап етуге;
3) келтірілген залал туралы жүргізілген бағалаудың нәтижелерімен танысуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Шартта көзделген тәртіппен Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту немесе оның мөлшерін азайту туралы шешімі бойынша дауласуға;
5) қолайсыз табиғат құбылысына ұшыраған егістік алаңында өсірілген өсімдік шаруашылығы өнімінің әрбір түрінен алынған нақты немесе бағалау кірісін бағалау нәтижесімен келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге;
6) Шарт жасасу кезінде сақтандыру сомасын есептеу үшін шығындар нормативтерінің бір түрін таңдауға құқылы.
19. Сақтанушы:
1) әрбір жеке ауыспалы егіс даласында өзінің мүліктік мүдделерін сақтандыруға;
2) Шартта белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімде сақтандыру сыйлықақысын төлеуге;
3) сақтандыру жағдайынан келтірілген залалды азайтуға шаралар қабылдауға;
4) дереу, бірақ сақтандыру жағдайының басталуына алып келуі мүмкін қолайсыз табиғат құбылысының болу фактісі туралы өзіне мәлім болғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұл туралы Сақтандырушыны қол жетімді тәсілмен (ауызша, жазбаша) хабарландыруға. Ауызша нысандағы хабарлама кейіннен (жетпіс екі сағат ішінде) жазбаша расталуға тиіс. Егер Сақтанушының көрсетілген іс-қимылды дәлелді себептермен орындауға мүмкіндігі болмаса, ол мұны құжат түрінде растауға тиіс;
5) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына қолайсыз табиғат құбылысының әсеріне ұшыраған алаңды белгілеу жөнінде комиссия құру туралы өтініш беруге:
қысқа мерзімді құбылыс кезінде - оның басталған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде;
ұзақ мерзімді құбылыс кезінде - гидрометеорологиялық қызмет органының және (немесе) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның қолайсыз табиғат құбылысы фактісін растайтын анықтамасы болған кезде егістікке оның әсер етуі анықталғаннан кейін он жұмыс күні ішінде;
6) Сақтандырушыға сақтандыру мәніне қатысты жасалған немесе жасалатын барлық сақтандыру шарттары туралы хабарлауға;
7) сақтандырушының және бағалаушының (тәуелсіз сарапшының) өкілдеріне қолайсыз табиғат құбылысы болған аумақты қарау үшін жағдай жасауға, жинау жұмыстары аяқталғанға дейін олардың егістіктер мен көшеттердің жай-күйін бақылауына кедергі келтірмеуге;
8) Сақтандырушыға сақтандыру төлемін алу үшін қажетті барлық құжаттарды ұсынуға міндетті.
20. Сақтанушының Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдерінде және осы Шартта көзделген өзге де құқықтары мен міндеттері бар.
6. Сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау және
оны жүзеге асыру тәртібi
21. Сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау Заңға және осы Шартқа сәйкес жүргізіледі:
1) егістік толық жойылған жағдайда, зиян мөлшері өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шарты жасалған сәтке белгіленген өсімдік шаруашылығы өнімдерінің түрі өндірісінің бір гектарына арналған шығындар нормативінің осы өнім түрі өндірісінің қолайсыз табиғат құбылысы әсер еткен алаңына көбейтілген мөлшері ретінде айқындалады;
2) егістік ішінара жойылған жағдайда қолайсыз табиғат құбылысының әсеріне ұшыраған алаңнан жиналған өнімнің көлемі астық жинау барысында міндетті түрде бағалануға тиіс. Бұл ретте кіріс мынадай тәртіппен:
өсімдік шаруашылығы өнімі түрінің барлық көлемі сатылғаннан кейін нақты кіріс бойынша өсімдік шаруашылығы өнімі түрінің барлық көлемі сатылғанға дейін бағалау кірісі бойынша;
егер алынған астық ішінара сатылса және астықтың сатылмаған бөлігі болса, онда осы Шарттың 21-тармағы 2) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарына сәйкес есептеледі.
22. Сақтанушы сақтандыру төлемі туралы талапты Сақтандырушыға мынадай құжаттармен қоса сақтандыру төлемін жүзеге асыру туралы өтініш түрінде жазбаша нысанда береді:
міндетті сақтандыру шартының көшірмесі;
егістіктің орналасу картасының (схемасының) көшірмесі;
гидрометеорологиялық қызмет органының және (немесе) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның қолайсыз табиғат құбылысы фактісін растайтын анықтамасы;
Сақтанушының ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына қолайсыз құбылыстың әсеріне ұшыраған алаңдарды белгілеу жөніндегі комиссия құру туралы өтінішінің осы өтініштің қабылданғаны туралы белгісі бар көшірмесі;
сондай-ақ егістік ішінара жойылған жағдайда Сақтандырушы кірістің алынғанын растайтын құжаттарды ұсынады, атап айтқанда:
өсімдік шаруашылығы өнімін сатып алу-сату шарттарының көшірмелері;
шот-фактуралардың көшірмелері, тауар-көлік жүк қағазы;
Сақтанушының кірісін бағалау актісі.
23. Сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қабылдаған Сақтандырушы Сақтанушыға құжаттардың толық тізбесі мен олардың қабылданған күні көрсетілген анықтаманы беруге міндетті.
24. Егістік толық жойылған жағдайда Сақтандырушы бағалау кірісін айқындауды жүргізбейді.
25. Егістік толық жойылған жағдайда сақтандыру төлемі тексеру актісі мен осы Шарттың 22-тармағында көзделген құжаттар негізінде тексеру актісіне қол қойылған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
26. Егер сақтандыру жағдайы осы Шарттың қолданылу мерзімі ішінде болса, сақтандыру төлемі жүргізіледі.
27. Осы Шарт бойынша сақтандыру сомасы толық төленген кезде осы Шарттың қолданылуы тоқтатылады.
28. Сақтандыру төлемінен бас тарту туралы шешімді Сақтандырушы қабылдайды және Сақтанушыға осы Шарттың 22-тармағында көрсетілген барлық құжаттар ұсынылған күннен бастап жеті күнтізбелік күн ішінде бас тарту себептерінің уәжделген негіздемесімен бірге жазбаша нысанда хабарланады.
7. Сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босату
29. Егер сақтандыру жағдайы:
1) қажетті қорғаныс және аса қажеттілік жағдайында жасалған іс-әрекеттерді қоспағанда, Сақтанушының сақтандыру жағдайының басталуына бағытталған не оның басталуына ықпал ететін қасақана іс-әрекеті;
2) Сақтанушының Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдерінде белгіленген тәртіппен сақтандыру жағдайымен себептік байланыстағы қасақана қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар деп танылған іс-әрекеті салдарынан болса, Сақтандырушы сақтандыру төлемін толық немесе ішінара төлеуден бас тартуға құқылы.
30. Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуы үшін, сондай-ақ мыналар да негіздеме болуы мүмкін:
1) Сақтанушының Сақтандырушыға сақтандыру объектісі, сақтандыру тәуекелі, сақтандыру жағдайы және оның салдары туралы көрінеу жалған мәліметтерді хабарлауы;
2) Сақтанушының сақтандыру жағдайынан келтірілген залалды азайту жөніндегі шараларды қасақана қабылдамауы;
3) Сақтанушының Сақтандырушыға сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайларын тексеруге және оған келтірілген залалдың мөлшерін белгілеуге кедергі жасауы;
4) егер Сақтандырушы сақтандыру жағдайының басталғаны туралы уақтылы білгені не Сақтандырушыда бұл туралы мәліметтердің болмауы оның сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндетіне әсер етпегені дәлелденбесе, Сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарланбауы;
5) осы Шарттың 19-тармағының 5) тармақшасында белгіленген мерзімді бұза отырып, қолайсыз табиғат құбылысының әсеріне ұшыраған алаңдардың мөлшерін айқындау жөнінде комиссия құру туралы жергілікті атқарушы органға өтініш беру;
6) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген басқа да жағдайлар.
8. Форс-мажорлық жағдайлар
31. Егер дүлей апаттарды, әскери іс-қимылды, ядролық жарылыстың әсерін, көтерілістерді, халықтық толқуларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының құқықтық кесімдерінде көзделген тыйым салу шараларын қоса алғанда, еңсерілмейтін күш салдарынан тиісті орындау мүмкін болмаса, егер осы мән-жайлар Тараптардың осы Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындауына тікелей әсер етсе, Тараптар осы Шарт бойынша міндеттемелерін ішінара немесе толық орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.
32. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары салдарынан осы Шарт бойынша міндеттемелерін орындаудың мүмкіндігі болмаған Тарап олар туындаған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей екінші Тарапты бұл туралы жазбаша хабардар етуге және тиісті айғақтар ұсынуға міндетті.
33. 31-тармақта көрсетілген мән-жайларды құзыретті мемлекеттік органдар мен ұйымдар растауға тиіс.
34. Тиісінше хабарламау Тарапты осы Шарт бойынша міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершіліктен босататын негіздеме ретінде жоғарыда көрсетілген кез келген мән-жайға сүйену құқығынан айырады.
35. Егер еңсерілмейтін күш мән-жайлары бір айдан астам жалғасатын болса, Тараптардың кез келгені осы Шартты бір жақты тәртіппен бұзуға құқығы бар.
9. Сақтандыру шартының қолданылу мерзімі және орны
36. Осы Шарт Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген сәттен бастап күшіне енеді және Тараптар үшін міндетті болады.
37. Егер заңнамалық кесімдерде өзгеше көзделмесе, сақтандыру сыйлықақысы осы Шартта көзделгендей бөліп төленген жағдайда, Шарт бірінші сақтандыру жарнасы түскен сәттен бастап күшіне енеді.
38. Сақтандыру қорғауының қолданылу кезеңі Шарттың қолдану мерзімімен сәйкес келеді.
39. Осы Шартқа сәйкес Шарттың қолданылу орны Қазақстан Республикасының аумағы болып табылады.
10. Сақтандыру шартын тоқтату негіздерi
40. Осы Шарттың қолданылуы мынадай:
1) осы Шарттың қолдану мерзімі аяқталған;
2) Шарттың қолдану мерзімі ішінде орын алған барлық сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемі жүзеге асырылған жағдайларда тоқтатылады.
41. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген жағдайларда Шарт мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.
11. Тараптардың жауапкершілігi
42. Тараптар өздерінің осы Шарт бойынша қабылданған міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда Тараптарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген жауапкершілік жүктеледі.
12. Шарт талаптарына өзгерістер енгізу тәртібi
43. Шарт талаптарына өзгерістер енгізуге осы Шарт Тараптарының бұл туралы жазбаша келісімге қол қоюы жолымен ғана рұқсат етіледі.
13. Дауларды шешу тәртібi
44. Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру жөніндегі қатынастардан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.
14. Қосымша талаптар
45. Осы Шартқа қосымша, өзгерістер мен толықтырулар оның ажырамас бөлігі болып табылады және егер олар жазбаша нысанда жасалған әрі оларға екі Тарап қол қойған жағдайда ғана олардың заңды күші болады.
46. Тараптардың ешқайсысының осы Шарттың талаптарынан туындайтын өз құқықтары мен міндеттерін бұған екінші тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа беруге құқығы жоқ.
47. Осы Шарттың талаптарымен көзделмеген қалған өзара қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық заңнамасымен реттеледі.
48. Шарт Тараптардың әрқайсысы үшін бір данадан, әрқайсысының бірдей заңды күші бар 2 данада жасалды.
15. Тараптардың деректемелерi
"САҚТАНДЫРУШЫ" "САҚТАНУШЫ"
Атауы:_____________________ Атауы:____________________
Мекен-жайы:________________ Мекен-жайы:_______________
СТН________________________ СТН_______________________
ЖБК________________________ ЖБК_______________________
ББК________________________ ББК_______________________
Өсімдік шаруашылығындағы
міндетті сақтандыру шартының
үлгі нысанына қосымша
200__ жылғы «___»______________
____________________облысы_________________ауданының
______________________ __________________жасалған
(ауыл шаруашылығы өндірушісінің атауы)
өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шарты
бойынша сақтандыру сомасы мен сақтандыру
сыйлықақысының есебi
Егістіктерді орналастыру карта-схемасына сәйкес егістік нөмірі | Жалпы алаңы, (га) | Бос алаң, га (егілмеген, оның ішінде парлар) | Нақты егілген алаң, (га) |
барлығы | түрлері бойынша |
| | | | |
| | | | |
кестенің жалғасы
Өсімдік шаруашылығы өнімнің түрлері | 1 га арналған норматив шығыны | Сақтандыру сомасы (теңге) | Сақтандыру тарифі (%) | Сақтандыру сыйлықақысы |
код | теңге |
| | | | | |
| | | | | |
агротехнология кодтары:
Сақтандыру сыйлықақысын бір жолғы төлеу осы Шартқа қол қойылған сәттен бастап ____ банктік күннен кешіктірмей жүргізіледі.
Сақтандыру сыйлықақысын бөліп төлеу мынадай мерзімде жүргізіледі:
1-жарна___осы Шартқа қол қойылған күннен бастап ____ күн ішінде __________ (_________) теңге мөлшерінде сақтандыру сыйлықақысының %-ы;
2-жарна _______ 200____ жылғы «___» _________ дейін __________ (________) теңге мөлшерінде сақтандыру сыйлықақысының %-ы.
Сақтандырушы ________________ Сақтанушы ______________
(қолы, мөрі) (қолы, мөрі)