Сот приставтары қару-жарағына кіретін арнаулы құралдардың тізбесін және оларды бөлу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 2 шілдедегі № 663 Қаулысы
(2019.11.10. берілген өзгерістермен)
«Сот приставтары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 7 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) сот приставтары қару-жарағына кіретін арнаулы құралдардың тізбесі;
2) Сот приставтары қару-жарағына кіретін арнаулы құралдарды бөлу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2019.11.10. № 757 Қаулысымен тізбе өзгертілді (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 2 шілдедегі
№ 663 қаулысымен
Бекітілген
Сот приставтары қару-жарағына кіретін арнаулы
құралдардың тізбесі
Р/с № | Лауазымы | Резеңке таяқ | Қол кісен |
1. | Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот приставы | 1 | 1 |
2. | Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың соттар әкімшілерінің сот приставы | 1 | 1 |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 2 шілдедегі
№ 663 қаулысымен
бекітілген
Сот приставтары қару-жарағына кіретін арнаулы құралдарды бөлу
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Сот приставтары қару-жарағына кіретін арнаулы құралдарды бөлу ережесі «Сот приставтары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 7 шілдедегі Заңының 8-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және сот приставтары қару-жарағына кіретін арнаулы құралдарды бөлу тәртібін белгілейді.
2. Арнаулы құралдарды бөлу тәртібі
2. Сот приставтарының бөлімшелерін арнаулы құралдармен қамтамасыз ету атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Аппаратына жүктеледі.
3. Сот приставтарын арнаулы құралдармен қамтамасыз етуге арналған қаражатты бөлу республикалық бюджеттен жүргізіледі.
4. Арнаулы құралдарды сатып алу тәсілі мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес айқындалады.
5. Арнаулы құралдардың саны сот приставтарының штаттық санымен анықталады.
6. Арнаулы құралдар сот приставтарына тиісті арнайы даярлықтан өткеннен кейін беріледі.
7. Арнаулы құралдарды қызметтік емес мақсаттарда және жұмыстан тыс уақытта алып жүруге және қолдануға жол берілмейді.
8. Арнаулы құралдарды сақтау тиісті соттың немесе уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің ғимаратында арнайы жабдықталған үй-жайларда жүзеге асырылады.
3. Бақылау және жауапкершілік
9. Сот приставтары үшін арнаулы құралдар сатып алуға бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуына жауапкершілік уәкілетті органға және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына жүктеледі.
10. Сот приставтарының арнаулы құралдарды қолдануын бақылауды тиісінше уәкілетті орган және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Аппараты жүзеге асырады.