94. Конкурсқа қатысуға үміткер әлеуетті өнім беруші Заңның 25-бабының 4-тармағында көзделген негіздер бойынша конкурсқа қатысуға жіберілмейді (конкурсқа қатысушы болып танылмайды).
95. Конкурстық комиссия барлық ұсынылған конкурстық өтінімдерді бағалау және салыстыру кезінде Заңның 17-бабының 4-тармағында санамаланған, конкурстық құжаттамада айтылған өлшемдерді ескереді және оларды тең мөлшерде барлық конкурстық өтінімдерге қолданады.
Әлеуетті өнім беруші конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемді растайтын құжаттарды ұсынбаған жағдайда конкурстық комиссия осындай әлеуетті өнім берушіге шартты түрде жеңілдік қолданбайды, бұл ретте конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемді растайтын құжаттарды ұсынбау мұндай өтінімді қабылдамау үшін негіз болып табылмайды. Заңның 17-бабының 4-тармағында санамаланған өлшемдердің конкурстық өтінімнің бағасына жиынтық пайыздық әсері отыз пайызынан аспауға тиіс. Сонымен бірге конкурсқа отандық тауар өндіруші қатысқан жағдайда осы Ереженің 103-тармағында көрсетілген қосымша өлшемдер қолданылады.
96. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурсқа қатысатын әлеуетті өнім берушінің (қосалқы мердігердің) жұмыс тәжірибесінің болуы мәселесін қараған кезде конкурстық комиссия осы конкурста сатып алынатын тауарларды беру, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету нарығында ғана жұмыс тәжірибесін қарайды. Бұл ретте конкурстық комиссия конкурстық өтінімнің бағасын шартты түрде әлеуетті өнім берушінің бір жылдан бастап, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтағы жұмыс тәжірибесінің болған әрбір екі жыл сайын бір пайызға, бірақ бес проценттен аспай азайтады. Бір жылға дейін жұмыс тәжірибесі болған немесе ол болмаған жағдайда осындай процент белгіленбейді. Осы өлшемнің конкурстық өтінімінің шартты бағасына жиынтық пайыздық әсер бес пайыздан аспауға тиіс.
97. Конкурстық комиссия пайдалану шығыстарының, техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің ең аз құны бар конкурстық өтінімді айқындайды және осындай конкурстық өтінімнің шартты бағасын екі пайызға азайтады. Осы өлшемнің конкурстық өтінімнің бағасына жиынтық пайыздық әсері екі пайыздан аспауға тиіс.
98. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімнің шартты бағасын әлеуетті өнім берушінің басқа әлеуетті өнім берушілерге қарағанда тиісті бейінді неғұрлым білікті қызметкерлерді бергені үшін азайтады. Әлеуетті өнім берушіде конкурстың мәні бойынша жұмыс тәжірибесі бар қызметкерлердің болғаны үшін конкурстық комиссия конкурстық өтінімнің бағасын тағы да бес пайызға азайтады. Осы өлшемдердің конкурстық өтінімінің шартты бағасына жиынтық пайыздық әсері он пайыздан аспауға тиіс.
99. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес ұсынылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ерікті сертификаттауды жүргізуді растайтын құжаттың болуы мәселесін қараған кезде, өлшемдердің конкурстық өтінімнің шартты бағасына пайыздық әсері екі пайыздан аспауға тиіс.
100. Мемлекеттік стандарттардың талаптарына сәйкес сертификатталған менеджмент жүйелерін растайтын құжаттың болуы мәселесін қараған кезде, осы өлшемнің конкурстық өтінімнің бағасына әсері үш пайыздан аспауға тиіс.
101. Әлеуетті өнім беруші жеткізілетін тауарлардың, орындалатын жұмыстардың, ұсынылатын қызметтердің конкурстық құжаттамаға сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, ұсынылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің пайдалану сипаттамаларына кепілдік берілетін кезеңді көрсетеді. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімнің шартты бағасынан, егер конкурстық өтінімде ұсынылатын кепілдік кезеңі конкурстық құжаттамада көрсетілген базалықтан артық болған жағдайда, әрбір жыл үшін пайызды алып тастайды. Бұл ретте осы өлшемнің конкурстық өтінімнің шартты бағасына пайыздық әсері жеті пайыздан аспауға тиіс.
102. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ұсынылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің функционалдық, техникалық және сапалық сипаттамалары үшін конкурстық өтінімдердің шартты бағасына әсер ететін бір пайызды белгілейді. Осы өлшемдердің конкурстық өтінімнің бағасына жиынтық пайыздық әсері бір пайыздан аспауға тиіс.
103. Конкурстық комиссия отандық тауар өндірушінің конкурстық өтінімінің бағасын шартты түрде он бес пайызға азайтады.
Жұмыстарды орындаушы, қызметтерді көрсетуші отандық өнім беруші жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жөніндегі конкурсқа қатысқан жағдайда конкурстық комиссия осындай конкурстық өтінімнің бағасын бес пайызға азайтады.
Осы Ережеде:
1) отандық тауар өндірушілер деп Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын және бөлшектерінің (материалдарының) елу пайыздан астамы Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін (жиналмайтын) пайдалануға (қолдануға) дайын және осы конкурста сатып алынатын тауар өндіретін заңды және жеке тұлғалар;
2) жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық өнім берушілер деп Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын, Қазақстан Республикасының жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жөніндегі жергілікті еңбек ресурстарының кемінде тоқсан бес пайызын пайдаланатын заңды және жеке тұлғалар ұғынылады.
Конкурсқа отандық тауар өндіруші, жұмыстарды орындаушы, қызметтерді көрсетуші отандық өнім беруші қатысқан жағдайда оған осы Ереженің 96-102-тармақтарында көрсетілген өлшемдер де қолданылады.
104. Конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттама осы Ережеге 9-қосымшаға cәйкес ресімделеді, оған отырысқа қатысқан барлық мүшелер, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы қол қояды, әрбір бетке бұрыштама қояды. Конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамаға сараптамалық қорытынды, сондай-ақ осындайлар болған кезде конкурстық комиссия мүшесінің ерекше пікірі, сарапшының (сараптама комиссиясы мүшесінің) ерекше пікірі қоса тіркелуге тиіс.
105. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамаға қол қойылған күнінен бастап бір жұмыс күні ішінде көрсетілген хаттаманың көшірмесін конкурсқа қатысуға өтінім берген барлық әлеуетті өнім берушілерге конкурстық құжаттамада белгіленген мерзімде:
1) конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттаманың көшірмесін олар туралы мәліметтер конкурсқа қатысуға өтінімдерді тіркеу журналына енгізілген әлеуетті өнім берушілердің мекен-жайына беру не жіберу;
2) қол қойылған хаттаманың мәтінін тапсырыс берушінің веб-сайтына орналастыру арқылы жіберуді қамтамасыз етеді. Бұл талап мемлекеттік сатып алуды жабық конкурс тәсілімен жүзеге асыру жағдайына қолданылмайды.
Конкурстық баға ұсыныстарын (конкурс) бағалау және салыстыру
106. Конкурсқа қатысуға жіберілген әлеуетті өнім беруші (конкурсқа қатысушы) конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген мерзімнен кешіктірмей мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға конкурстық баға ұсынысы салынған конвертті беруге тиіс.
107. Конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада белгіленген күні, уақытта және орында конкурстық комиссия конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру жөнінде отырыс өткізеді.
108. Конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада белгіленген мерзім ішінде конкурстық комиссияның хатшысы:
1) конкурстық баға ұсыныстары салынған конверттерді беру және конкурстық комиссияның отырысына қатысу үшін конкурсқа қатысушылардың өкілдерінде өкілеттіктерінің құжаттамалық расталуының болуына көз жеткізеді;
2) конкурстық баға ұсыныстарын тіркеу журналына конкурсқа қатысушылар не олардың уәкілетті өкілдері туралы мәліметтерді енгізеді.
109. Конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада белгіленген уақыт өткеннен кейін ұсынылған конкурстық баға ұсыныстары салынған конверттер бағалауға және салыстыруға қабылданбайды.
110. Конкурстық баға ұсыныстарын тіркеу журналына конкурстық комиссияның хатшысы осындай бас тартудың себебін баяндай отырып, конкурсқа қатысушылардың тізімін көрсетеді.
111. Конкурстық комиссияның отырысында:
1) конкурстық комиссияның төрағасы не конкурстық комиссия мүшелерінің арасынан төраға белгілеген адам:
конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстары салынған конверттерді оларды тіркеудің хронологиялық тәртібімен ашады;
конкурстық баға ұсыныстарын ұсынған конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын тіркеудің хронологиялық тәртібімен жариялайды;
конкурстық комиссияның төрағасына конкурстық баға ұсыныстары бар ашылған конверттерді береді;
2) конкурстық комиссия:
конкурсқа қатысушылардың осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды конкурс тәсілімен жүзеге асыру үшін бөлінген сомадан асып түсетін конкурстық баға ұсыныстарын қабылдамайды;
осы Ережеде белгіленген жағдайда демпингтік бағаны айқындайды және демпингтік болып табылатын конкурсқа қатысушының конкурстық баға ұсынысын қабылдамайды;
егер осы тармақшада көрсетілген негіздемелер бойынша конкурстық баға ұсыныстары қабылданбағаннан кейін конкурсқа қатысушылардың екі және одан да көп конкурстық баға ұсыныстары конкурсқа қатысқан жағдайда, конкурсқа қатысушылардың шартты бағасын конкурсқа қатысушылардың қабылданған конкурстық баға ұсыныстарына қатысты конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген өлшемдердің пайыздық мәнін қолдану арқылы айқындайды;
конкурсқа қатысушылардың шартты бағасын салыстырады және олардың ішінен ең төменгі шартты баға негізінде конкурстың жеңімпазын айқындайды.
112. Конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру жөніндегі конкурстық комиссия отырыстарының нәтижелері бойынша:
1) конкурстық комиссияның төрағасы, ал ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары конкурстық баға ұсыныстарын бағалауды және салыстыруды жүргізу күні:
конкурстық комиссияның отырыстарына қатысып отырған адамдарға конкурс тәсілімен жүргізілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың нәтижелерін жариялайды және қатысушыларға конкурс жеңімпазын хабарлайды;
конкурс жеңімпазына конкурстық комиссияның төрағасы не оның міндетін атқарушы адам қол қойған жазбаша хабарламаны береді;
конкурсқа қатысушыларға не олардың уәкілетті өкілдеріне конкурс тәсілімен жүргізілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесі ұсынылатын күн, уақыт пен орын туралы ақпарат береді;
2) конкурстық комиссияның хатшысы:
конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру жөніндегі конкурстық комиссия отырысы өткізілген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей осы Ережеге 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттаманың жобасын жасайды және оған отырысқа қатысқан конкурстық комиссияның барлық мүшелерінің, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысының қол қоюын және әрбір бетке бұрыштама қоюын қамтамасыз етеді;
ол туралы мәліметтер конкурсқа қатысуға өтінімдерді тіркеу журналына енгізілген конкурсқа қатысуға өтінім берген кез келген әлеуетті өнім берушінің талап етуі бойынша осындай жазбаша сұрау салуды алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде осындай әлеуетті өнім берушілердің уәкілетті өкілдеріне жүргізілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесін өтеусіз негізде жібереді не ұсынады;
конкурс тәсілімен жүргізілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге көрсетілген хаттаманың көшірмесін ұсынуды қамтамасыз етеді.
113. Сатып алуды ұйымдастырушы конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде:
1) хаттаманың мәтінін тапсырыс берушінің веб-сайтына орналастыруға;
2) Заңға сәйкес уәкілетті орган белгілеген заңды тұлғаға конкурс тәсілімен жүргізілген Мемлекеттік сатып алу қорытындылары бюллетенінде жариялау үшін ақпарат жіберуге тиіс.
114. Ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамадағы және тапсырыс берушінің веб-сайтына орналастырылған мәліметтер барлық қызығушылық білдірген адамдарға ақы алынбастан танысу үшін қол жетімді болуға тиіс.
Конкурстық өтінімнің демпингтік бағасын айқындау тәртібі
115. Әлеуетті өнім берушінің жұмыстарға арналған конкурстық өтінімінің бағасы, егер ол мемлекеттік сараптамадан өткен және белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген бағадан төмен болған жағдайда, демпингтік деп танылады.
116. Әлеуетті өнім берушінің консультациялық қызметтерге арналған конкурстық өтінімінің бағасы, егер ол конкурсқа қатысуға ұсынылған барлық конкурстық өтінімдердің орташа арифметикалық бағасынан жетпіс пайыздан астам төмен болған жағдайда, демпингтік деп танылады.
117. Әлеуетті өнім берушінің тауарларға арналған конкурстық өтінімінің бағасы, егер ол барлық ұсынылған конкурстық өтінімдердің орташа арифметикалық бағасынан отыз пайыздан астам төмен болған жағдайда, демпингтік деп танылады.
118. Конкурстық комиссия әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға ұсынылатын конкурстық өтінімдердің демпингтік бағасын ұсыну фактісін анықтаған кезде конкурстық комиссия конкурстың қорытындылары туралы хаттамаға конкурстық өтінімдерді қабылдамау себебін көрсету мақсатында мынадай ақпаратты қамтиды:
1) конкурстық өтінімнің орташа арифметикалық бағасын есептеу тәртібі;
2) конкурстық өтінімнің орташа арифметикалық бағасы;
3) бағасы демпингтік деп айқындалған конкурстық өтінімдер.
Екі кезеңді рәсімдер пайдаланылатын жабық конкурсты және ашық конкурсты өткізу
119. Егер осы Ережеде өзгеше көзделмесе, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі жабық конкурсты өткізу кезінде ашық конкурсты өткізу кезіндегі рәсімдер мен ережелер пайдаланылады.
120. Ашық не жабық конкурстар екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып жүргізілуі мүмкін. Екі кезеңді рәсімдер пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай жағдайларда жүргізілуі мүмкін:
1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің егжей-тегжейлі ерекшеліктерін тұжырымдау және олардың техникалық және осы сипаттамаларын анықтау күрделі және (немесе) әлеуетті өнім берушілерден ұсыныстар сұрату не туындаған мәселелер бойынша олармен келіссөздер жүргізу қажет болғанда;
2) ғылыми зерттеулер, сынақтар, іздестірулер немесе әзірлемелер жүргізу қажет болғанда.
121. Екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай тізбекті кезеңдердің жиынтығын білдіреді:
1) бірінші кезеңде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:
тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны анықтауы;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының сараптау комиссиясын құруы немесе сарапшыны анықтауы;
тапсырыс берушінің қажеттілігі негізінде сараптау комиссиясының не сарапшының сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге техникалық тапсырманы қалыптастыруы;
тапсырыс берушінің веб-сайтын анықтау және уәкілетті органды осындай веб-сайттың электрондық мекен-жайы туралы хабардар ету;
Бюллетенде және тапсырыс берушінің веб-сайтында екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы хабарландыру жариялау;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының екі кезеңді рәсімдер пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың бірінші кезеңіне қатысуға мүдделі адамдарға техникалық тапсырма беру;
әлеуетті өнім берушілердің техникалық тапсырмаға сәйкес әзірленген техникалық ұсыныстарды беруі;
сараптау комиссиясының не сарапшының әлеуетті өнім берушілердің техникалық ұсыныстарын қарауы және олармен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың көрсетілетін қызметтердің техникалық, сапалық және (немесе) өзге сипаттамаларына қатысты мәселелерді, оларды берудің (орындаудың, көрсетудің) шарт талаптарын талқылау;
сараптау комиссиясының не сарапшының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық ерекшелігін әзірлеуі,
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурстық құжаттаманы әзірлеуі және оны тапсырыс берушінің бірінші басшысының не оның міндеттерін атқаратын адамның бекітуі;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының бірінші кезеңде техникалық ұсыныстар берген әлеуетті өнім берушілерге екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың екінші кезеңіне қатысуға шақырулар жіберу;
2) екінші кезеңде конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу үшін көзделген іс-шаралар жүзеге асырылады.
122. Екі кезеңді рәсімдер пайдалана отырып, конкурсты өткізу кезінде конкурстық комиссия конверттерді ашу және конкурстың әрбір кезеңіне конкурстың қорытындылары туралы хаттамалар жасайды.
123. Егер осы Ережеде өзгеше көзделмесе, екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі конкурсты өткізу кезінде де ашық және жабық конкурстарды өткізу кезіндегі рәсімдер мен ереже пайдаланылады.
Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өтпей қалды деп тануға негіздемелер
124. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды мынадай жағдайларда өтпей қалды деп таниды:
1) берілген өтінімдер болмағанда;
2) екіден кем өтінім берілгенде;
3) конкурсқа қатысуға бірде-бір әлеуетті өнім беруші жіберілмесе;
4) конкурсқа қатысуға бір әлеуетті өнім беруші жіберілсе;
5) конкурсқа қатысушының бір ғана конкурстық баға ұсынысы қалса;
6) конкурстың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарса.
4. Баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен тауарларды, жұмыстарды,
көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу
Баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік
сатып алуды жүзеге асыру туралы әлеуетті өнім берушілерді хабардар ету
125. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы барлық ұсыныстарды беру мерзімі аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей тапсырысшының веб-сайтында не ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік сатып алудың осы тәсілін қолдану мүмкіндігін қамтамасыз ететін кез келген басқа веб-сайтта электрондық хабарландыруды орналастыруға тиіс.
126. Баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы электрондық хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:
1) тапсырыс берушінің толық атауы мен почталық мекен-жайы;
2) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының толық атауы мен почталық мекен-жайы;
3) жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың атауы;
4) жеткізілетін тауарлардың, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің атауы, қысқаша сипаттамасы, сондай-ақ талап етілетін көлемі, орны, мерзімі мен шарттары, сондай-ақ ақы төлеудің мерзімі мен шарттары;
5) әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарын беру орны мен басталу және аяқталу мерзімі;
6) әлеуетті өнім берушінің тауарларды жеткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты барлық шығыстарды баға ұсынысына енгізу қажеттігі туралы талап;
7) елеулі шарттарды көрсете отырып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы;
8) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қою талап етілетін мерзім.
127. Тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен оларды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы тапсырыс берушінің не уәкілетті органның веб-сайтында жарияламастан кемінде екі әлеуетті өнім берушіге осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қатысу туралы жазбаша ұсыныс жібереді. Бұл ретте жазбаша ұсыныста Заңның 31-бабының 1-тармағында көрсетілген ақпарат болуға тиіс. Шақыруға елеулі талаптарды көрсете отырып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілуге тиіс.
Әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарын беруі
128. Әрбір әлеуетті өнім беруші мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс тек бір баға ұсынысын ғана береді:
1) әлеуетті өнім берушінің атауы, заңды және іс жүзіндегі мекен-жайы (заңды тұлға үшін), патентінің және жеке куәлігінің (паспортының) нөмірі, тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері (жеке тұлға үшін), СТН-і және банктік деректемелері;
2) жеткізілетін тауарлардың атауы, сипаттамасы мен саны, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің атауы мен көлемі;
3) тауарлар жеткізілетін, жұмыстар орындалатын, қызметтер көрсетілетін орын мен мерзімі;
4) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бір бірлігінің құны оған енгізілген шығыстар туралы мәліметтерді көрсете отырып.
129. Баға ұсынысындағы тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету шарттары мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы орналастырған баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы электрондық хабарландырудағы (жазбаша шақырудағы) шарттарға қайшы келмеуге тиіс.
130. Баға ұсынысы бар мөрленген конверттің беткі жағына әлеуетті өнім беруші мыналарды көрсетуге тиіс:
1) әлеуетті өнім берушінің толық атауы мен почталық мекен-жайы;
2) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының электрондық хабарландыруында және жазбаша шақыруында көрсетілген ұқсас мәліметтерге сәйкес келуге тиісті мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атауы мен почталық мекен-жайы;
3) қатысу үшін әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысы берілетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың атауы.
131. Баға ұсынысы конвертке салынып мөрленеді және әлеуетті өнім беруші оны мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы электрондық хабарландыруда немесе жазбаша шақыруда көрсеткен кезеңде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкіліне береді.
132. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілі:
1) баға ұсынысы салынған конвертті ұсынған әлеуетті өнім берушінің өкілінің өкілеттіктерін құжаттамалық растаудың болуын тексереді;
2) баға ұсынысы салынған конвертте осы Ереженің 128-тармағында көзделген мәліметтердің болуын тексереді. Осы Ереженің көрсетілген тармағының талаптарын бұза отырып ресімделген баға ұсыныстары салынған конверттер тіркелмейді және:
баға ұсыныстары салынған конвертті почта байланысымен алған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуетті өнім берушілерге;
баға ұсыныстары салынған конвертті берген әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкіліне дереу қайтарады;
3) тиісті түрде ресімделген баға ұсыныстары салынған концерттерді қабылдайды және осы Ереженің 134-тармағының тармақшаларында көзделген мәліметтерді баға ұсыныстарын тіркеу журналына енгізеді.
133. Баға ұсыныстарын берудің түпкілікті мерзімі өткеннен кейін берілген конверт тіркелуге жатпайды және осы Ереженің 132-тармағының 2) тармақшасында көзделген тәртіппен және мерзімде қайтарылады.
134. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілі баға ұсыныстарын тіркеу журналында мынадай мәліметтерді көрсетеді:
1) баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың атауы;
2) тапсырыс берушінің және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының толық атауы, олардың почталық мекен-жайы;
3) әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің тегі, аты, әкесінің аты;
4) әлеуетті өнім берушінің толық атауы және почталық мекен-жайы, оның СТН-і;
5) әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысының тіркелген күні мен уақыты.
135. Баға ұсыныстарын тіркеу журналында осындай бас тартудың себебі баяндала отырып, баға ұсыныстарын тіркеуден бас тартылған әлеуетті өнім берушілердің тізімі көрсетілуге тиіс. Баға ұсыныстарын тіркеу журналы тігілуге, беттері нөмірленуге және оған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілі бұрыштама қоюға тиіс, баға ұсыныстарын тіркеу журналының соңғы беті мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының мөрімен бекітілуге тиіс. Бір қаржы жылы ішінде баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді барлық мемлекеттік сатып алу бойынша бірыңғай баға ұсыныстарын тіркеу журналын жүргізуге жол беріледі.
Егер баға ұсыныстарын беру мерзімінің ішінде әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстары салынған кемінде екі конверт ұсынылғанда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын беру мерзімін бес жұмыс күніне ұзартады. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын беру мерзімі біткен күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей Заңның 31-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген іс-шараларды орындайды.