16. Мына:
1) конкурсқа қатысу үшін үміткер ұсынған дипломда (бакалавр немесе маман) көрсетілген мамандық атауы мәндес мамандықтар тізбесінде болмаған;
2) академиялық оқуға тіркелгенін растау құжатында көрсетілген мамандық атауы тізбеден таңдап алынған мамандық атауына сәйкес келмеген;
3) үміткер ұсынған (бакалавр немесе маман) диплом немесе ағымдағы үлгерімі туралы анықтама бойынша оқуды бағалау жүйесі бағалар баламалылығы кестесінің бағалау жүйесіне сәйкес келмеген;
4) тізімде медициналық мамандықтар немесе өнер саласындағы мамандықтар бойынша мамандарды даярлауды жүзеге асыратын мамандандырылған шетелдік жоғары оқу орны болмаған;
5) құжаттарды тапсыру кезінде тілдік курстарда оқуға, академиялық оқуға/тағылымдамаға және кейіннен еңбекпен өтеуге кететін жиынтық шекті мерзімдер заңнамада белгіленген зейнеткерлік жас шегінен асып кеткен жағдайларда әкімші құжаттарды қабылдаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жұмыс органы үміткерлердің материалдарын қарауды және конкурсқа жіберу туралы шешім қабылдауды жеке тәртіппен жүзеге асырады.
17. Осы Қағидалардың 16-тармағында көзделген жағдайларда құжаттары жұмыс органына қарауға жіберілген үміткерлерге жұмыс органы шешім қабылдаған күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде әкімші конкурсқа қатысуға рұқсат беру не конкурсқа қатысуға рұқсат беруден бас тарту туралы жазбаша хабарлама жібереді.
Құжаттар жеке тәртіппен қаралған жағдайларда үміткерді конкурсқа қатысуға жіберуден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) дипломда көрсетілген (бакалавр немесе маман) мамандықтардың оқу бағдарламаларының мәндес мамандықтар тізбесінде көрсетілген мамандықтардың оқу бағдарламаларының біріне сәйкес келмеуі;
2) академиялық оқуға тіркелгенін растайтын құжатта көрсетілген мамандықты алуға арналған оқу бағдарламасының тізбеден таңдап алынған мамандықтың оқу бағдарламасына сәйкес келмеуі;
3) дипломның (бакалавр немесе маман) орташа балының немесе ағымдағы оқу үлгерімі туралы анықтаманың осы Қағидалардың 9-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген шарттарға сәйкес келмеуі;
4) магистр, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алу, резидентурада оқу үшін медициналық мамандықтар және өнер саласындағы мамандықтар бойынша мамандар даярлауды жүзеге асыратын мамандандырылған шетелдік жоғары оқу орнының мынадай үш және одан да көп өлшемшартқа сәйкес келмеуі:
жылына кемінде үш жарияланған оқу құралын, монография, авторлық куәлік шығару;
трансұлттық компаниялардың іске асырылған кемінде үш ірі жобасының немесе/және осы оқу орны оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен соңғы 10 жылда өткізілген ұлттық және халықаралық мәні бар жобалардың болуы;
осы оқу орны оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен халықаралық және ұлттық деңгейдегі жылына кемінде 50 көрсетілім/концерт немесе 10 конференция/көрме өткізу;
осы оқу орнының халықаралық немесе/және мемлекеттік/ұлттық аккредиттеуден өткенін растайтын құжаттың болуы;
осы оқу орны базасында клиникалардың, зертханалардың немесе зерттеу орталықтарының болуы;
осы оқу орнының мамандануы саласында кемінде бір ұлттық және/немесе халықаралық сыйлығының болуы;
5) үміткердің осы Қағидалардың 8-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі.
Үміткердің конкурсқа қатысуына рұқсат беруден бас тарту үшін негіз болған сәйкессіздіктер жойылған және бас тартуды алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде құжаттар қайта тапсырылған жағдайда үміткер конкурсқа қатысуға жіберіледі.
Әкімші үміткердің құжаттарды тапсыру немесе конкурстан өту кезеңінде көрінеу жалған мәліметтер бергенін анықтаған жағдайда ол ағымдағы жылы конкурстық іріктеуге жіберілмейді.
6-тарау. «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеуді ұйымдастыру және өткізу
18. Конкурс 3 (үш) турдан тұрады.
19. Бірінші және екінші турларды Қазақстан Республикасының ұйымдарымен және сарапшыларымен бірлесіп әкімші ұйымдастырады және өткізеді.
Бірінші турда зияткерлік қабілеттілік деңгейін, тұлғалық-іскерлік құзыреттерін, шетелде оқуға психологиялық дайындығын анықтау бойынша кешенді тестілеу жүргізіледі.
20. Екінші тур үміткерлердің тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен дербес анонимді әңгімелесуін ұйымдастыру арқылы өткізіледі. Тәуелсіз сараптамалық комиссияның құрамын, жұмыс тәртібі мен оны ұйымдастыруды Жұмыс органы бекітеді.
Екінші турда үміткердің кәсіптік дайындық деңгейі, теориялық білімі және таңдаған мамандану саласы бойынша кәсіптік құзыреттерінің болуы анықталады.
Әкімші бірінші және екінші турлардың өтетін орны мен уақытын айқындап, бұл туралы электрондық/телефон байланысы арқылы күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей үміткерді хабардар етеді.
21. Тәуелсіз сараптамалық комиссия жұмыс органы бекітетін нысан бойынша әрбір үміткер бойынша ұсыным береді.
22. Жұмыс органы үміткерлердің материалдарын кешенді тестілеу нәтижелерімен және тәуелсіз сараптамалық комиссияның ұсыныстарымен бірге Республикалық комиссияның қарауы үшін үшінші турға енгізеді.
23. Республикалық комиссия тәуелсіз сараптамалық комиссияның ұсынымдары негізінде «Болашақ» стипендиясын тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдайды, ол туралы үміткер әкімшінің ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы хабардар етіледі.
24. Республикалық комиссияның шешімінде ауылдық елді мекеннен шыққан үміткерлер, инженерлік-техникалық, медицина қызметкерлері Жұмыс органы бекітетін тілдік курстардың ұзақтығы кестесіне сәйкес 12 (он екі) айдан аспайтын мерзімде (ағылшын тілін үйрену үшін Қазақстан Республикасында 9 (тоғыз) айдан аспайды және шетелде 3 (үш) айдан аспайды) «Болашақ» стипендиясы есебінен шетелдік жоғары оқу орындарының талаптарына сәйкес тілдік курстан өту қажеттігі көрсетіледі.
Қазақстан Республикасында тілдік курстардан өткен соң конкурс жеңімпазы ағылшын тілін білудің қажетті деңгейін анықтау үшін аралық бақылау тестін тапсырады.
Егер аралық бақылау тесті бойынша ағылшын тілін білудің қажетті деңгейіне қол жеткізілмесе, онда конкурс жеңімпазына оны өтпеген күннен бастап 6 (алты) ай ішінде өз қаражаты есебінен қайтадан тапсыруға бір рет мүмкіндік беріледі.
Ағылшын тілін білуге арналған аралық бақылау тестін тапсырған жағдайда, конкурс жеңімпазы тілдік курстардан өту үшін шетелге жіберіледі.
Шетелде тілдік курстардан өткен соң конкурс жеңімпазы шет тілін білудің қажетті деңгейін анықтау үшін қорытынды бақылау тестін тапсырады.
Тілдік курстардан өту кезінде тізімге енген шетелдік жоғары оқу орнына академиялық оқуға сөзсіз қабылданғанын растайтын құжат алған конкурс жеңімпазы қорытынды бақылау тестін тапсырудан босатылады.
Егер қорытынды бақылау тесті бойынша шет тілін білудің қажетті деңгейіне қол жеткізілмесе, онда конкурс жеңімпазына оны өтпеген күннен бастап 6 (алты) ай ішінде өз қаражаты есебінен қайтадан тапсыруға бір рет мүмкіндік беріледі.
Аралық және қорытынды бақылау тестілерін тапсырған кезде шет тілін білудің қажетті деңгейін Жұмыс органы шетелдік ұйымдардың талаптарын ескере отырып белгілейді.
Егер конкурс жеңімпазы аралық немесе қорытынды бақылау тестін қайтадан тапсыра алмаса және шетелдік жоғары оқу орнына түсу үшін шет тілін білудің қажетті деңгейін осы тармаққа сәйкес белгіленген мерзімде меңгермесе, ол Республикалық комиссияның шешімі бойынша «Болашақ» стипендиясы бойынша одан әрі тілдік курстардан өту, академиялық оқу құқығынан айырылады және Республикалық комиссияның «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешімі шыққан күннен бастап өзіне жұмсалған барлық шығыстарды өтейді.
25. Конкурс жеңімпаздары магистр дәрежесін алу үшін жетекші шетелдік жоғары оқу орнында, егер оны өту академиялық оқуға қабылдау үшін осы оқу орнының міндетті талабы болып табылса, магистратура алдындағы даярлықтан өтеді.
26. Республикалық комиссия шешімімен «Болашақ» стипендиясын тағайындаудан бас тартылған үміткерлердің ағымдағы жылғы конкурсқа қайтадан қатысуына жол берілмейді.
27. Конкурс жеңімпазы өзіне «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы Республикалық комиссия шешім шығарған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн ішінде әкімшімен жұмыс органы бекітетін үлгілік нысандар бойынша оқу шартын/тағылымдамадан өту туралы шарт (бұдан әрі – шарт) жасасады, онда міндетті түрде мыналар қамтылуға тиіс:
1) шарттың нысанасы;
2) тараптардың құқықтары мен міндеттемелері;
3) осы Қағидаларда көзделген жағдайларда өзін оқытуға/тағылымдамадан өткізуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша міндеттемелерді конкурс жеңімпазының орындауын қамтамасыз ету тәсілі;
4) «Болашақ» стипендиясы бойынша оқытудан/тағылымдамадан өтудің мерзімі мен шарттары;
5) конкурс жеңімпазының шетелде академиялық оқуын аяқтағаннан немесе тағылымдамадан өткеннен кейін Қазақстан Республикасына міндетті түрде оралуы және «Болашақ» стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында болуымен (осы тармақшада көзделген Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде еңбек қызметін жүзеге асыратын адамдарды қоспағанда) үздіксіз еңбек қызметін мынадай мерзімдерде және өлшемшарттармен жүзеге асыруы туралы талап:
осы Қағидалардың 4-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген адамдар санаты үшін Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан ұйымдарда, қазақстандық және шетелдік ұйымдардың филиалдарында, өкілдіктерінде не акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлесі) Қазақстан Республикасына не ұлттық компанияларға тиесілі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан ұйымдарда астанада немесе республикалық маңызы бар қалаларда, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде – кемінде бес жыл не Қазақстан Республикасының өзге өңірлерінде – кемінде үш жыл;
осы Қағидалардың 4-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген адамдар санаты үшін жұмыс берушінің өтініміне сәйкес өздері жіберген ұйымдарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жұмыс берушінің филиалдарында, өкілдіктерінде не жұмыс берушінің келісімі болғанда Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзге ұйымдарда – кемінде үш жыл;
осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген барлық санаттар үшін қалаларда (облыс орталықтарында), облыстық, аудандық маңызы бар қалаларда және облыстың өзге де аудандарында мемлекеттік қызметте, сондай-ақ білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын бастауыш, орта, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі деңгейлердегі білім беру ұйымдарында, еңбек қызметін қоса атқармай жүзеге асыру шартымен – кемінде үш жыл;
6) конкурс жеңімпазы өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда жұмсау бағытында көзделген шығыстарды қаржыландыруды тоқтата тұру туралы талап;
7) еңсерілмейтін күш мән-жайларының туындауы салдарынан конкурс жеңімпазын өз міндеттемелерін орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін жауапкершіліктен босату туралы талап;
8) осы Қағидалардың 4-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген үміткерлер үшін жұмыс берушінің жұмыс орнын (лауазымын) сақтауының міндеттілігі туралы талап;
9) еңбек қызметін жүзеге асыруын растайтын құжаттарды ұсыну міндеттілігі туралы талап.
28. Осы Қағидалардың 27-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген «Болашақ» стипендиясы шеңберінде алған мамандық бойынша үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыру мерзімі конкурс жеңімпазы шартта көзделген оқу үлгерімін сөзсіз қамтамасыз еткен және тізімге енген жетекші шетелдік жоғары оқу орны, сондай-ақ өзге де шетелдік және/немесе қазақстандық ұйымдар ұсынған өтеусіз оқыту шеңберінде магистр, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін ала отырып, академиялық оқудың толық кезеңін аяқтаған, резидентурада оқыған жағдайда бір күнтізбелік жылға қысқартылады.
29. Конкурс жеңімпазы осы Қағидалардың 27-тармағында көрсетілген мерзімде шарт жасамаса, конкурсқа қатысу үшін көрінеу жалған мәлімет ұсынса, шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаса конкурс жеңімпазын «Болашақ» стипендиясынан айыру туралы мәселені Республикалық комиссияда қарау үшін бастама жасалады.
30. Шарт конкурс жеңімпазының оқуын/тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру бойынша «Болашақ» стипендиясы тағайындалған күннен бастап жұмсау бағыттарына сәйкес туындаған барлық шығыстарды төлеуге байланысты ақшаны аудару үшін негіз болып табылады.
31. Үміткер тізімге енген жетекші шетелдік жоғары оқу орны, сондай-ақ өзге де шетелдік және/немесе қазақстандық ұйымдар ұсынатын академиялық оқуға өтеусіз негізде қабылданған жағдайда, академиялық оқуға ақы төлеуді қоспағанда, шығыстарға ақы төлеу «Болашақ» стипендиясының жұмсау бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
Конкурс жеңімпазы «Болашақ» стипендиясы шеңберінде шарттық міндеттемелерді бұзумен байланысты емес себептер бойынша тізімге енген жетекші шетелдік жоғары оқу орны, сондай-ақ өзге де шетелдік және/немесе қазақстандық ұйымдар ұсынатын өтеусіз негізде академиялық оқу мүмкіндігін жоғалтқан жағдайда, әкімші «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – комиссия) шешімі бойынша, шартта белгіленген мерзімнен асырмай, бекітілген оқу жоспарына/жеке оқу жоспарына сәйкес академиялық оқуы аяқталғанға дейін өтеусіз оқу мерзімі аяқталған кезден бастап «Болашақ» стипендиясын жұмсау бағыттары бойынша шығыстар төлемін толық көлемде жүзеге асырады.
32. Шарт жасалған соң және осы Қағидалардың 27-тармағының 3) тармақшасындағы талаптар орындалғаннан кейін конкурс жеңімпаздарын әкімші шетелдік жоғары оқу орындарына, шетелдік ұйымдарға оқуға/тағылымдамадан өтуге жіберуді және осы Қағидалардың 30-тармағына сәйкес ақшаны аударуды қамтамасыз етеді.
33. Конкурс жеңімпазы Республикалық комиссияның шешімі бойынша «Болашақ» стипендиясынан айырылған жағдайда Республикалық комиссия «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап оған жұмсалған барлық шығыстар, оған қоса тұрақсыздық айыбы (айыппұл), өтелуге тиіс.
Конкурс жеңімпазы «Болашақ» стипендиясынан бас тартқан жағдайда Комиссияның шешімі бойынша Республикалық комиссия «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім шығарған күннен бастап оған тұрақсыздық айыбын (айыппұлын) төлемей, нақты жұмсалған барлық шығыстар өтелуге тиіс.
Егер «Болашақ» стипендиясынан бас тарту не одан айырылу еңсерілмейтін күш мән-жайлары, атап айтқанда: өрт, су тасқыны, жер сілкінісі, әскери іс-қимылдар, блокадалар, стипендия иегерінің медициналық-әлеуметтік сараптаманың тиісті анықтамасымен расталған науқастануы, заңнамадағы өзгерістер, мемлекеттік органдардың актілер шығаруы және басқа да мән-жайлар туындауының салдары болып табылса, егер олар шарттық міндеттемелерді орындауға тікелей әсер етсе, мұндай әсер етуге кедергі болу мүмкін болмаған және қалыптасқан жағдайларда қолданылуға болатын барлық ықтимал шаралар мен әрекеттер қабылданған жағдайда «Болашақ» стипендиясынан айырылған не одан бас тартқан адамдар шығыстарды өтеуден және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды) төлеуден босатылады.
34. Жұмыс органы «Болашақ» стипендиясынан бас тартқан не одан айырылған, сондай-ақ әкімші алдында қаржылық берешегі бар конкурс жеңімпаздарын оқытуға жұмсалған бюджеттік қаражатты қайтаруға байланысты жұмысты ұйымдастыру тәртібін әзірлейді және бекітеді.
ҚР Үкіметінің 2012.27.03. № 355 Қаулысымен қосымшамен толықтырылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 11 маусымдағы
№ 573 қаулысына
қосымша
«Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау
бағыттары
ҚР Үкіметінің 2017.19.05. № 279 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2018.27.03. № 143 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2020.06.05. № 271 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2022.06.12. № 986 Қаулысымен (2022 ж. 23 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. «Болашақ» халықаралық стипендиясын (бұдан әрі - «Болашақ» стипендиясы) жұмсау бағыттары «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының (бұдан әрі - конкурс жеңімпазы) оқуын немесе тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруға байланысты мынадай шығыстарды төлеуді қамтиды:
1) визаларды (консулдық алымды) ресімдеу, ұзарту;
2) шетелдік жоғары оқу орындарына 5-тен (бес) аспайтын сауалнама нысандарын ресімдеу және тапсыру;
3) конкурс жеңімпаздарын қабылдаушы елдің уәкілетті органдарында және шетелдік жоғары оқу орындарында тіркеу;
4) шет тілі деңгейін айқындауға арналған аралық және қорытынды бақылау тестілеуін қоса алғанда, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімі бойынша олардың тілдік курстардан өтуі қажет болған жағдайда – тілдік курстар;
5) академиялық оқу немесе тағылымдамадан өту;
6) ҚР Үкіметінің 2020.06.05. № 271 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7) тағылымдамаларды, тілдік курстарды (бұдан әрі - тілдік мектеп), магистратура алдындағы дайындықты өткізуді жүзеге асыратын шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың (бұдан әрі - шетелдік ұйым) талаптары бойынша академиялық оқуға, тілдік курстарға түсу кезінде, сондай-ақ конкурс жеңімпазының тілдік дайындығы, академиялық оқуы, тағылымдамасы процесінде қажетті міндетті қызметтер;
8) оқу елінде тұру және тамақтану, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өту, оқу әдебиетін сатып алу;
9) тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, академиялық оқудан, тағылымдамадан өту елінің және (немесе) шетелдік жоғары оқу орнының, тілдік мектептің, шетелдік ұйымның талаптарына сәйкес міндетті медициналық тексеру;
10) конкурс жеңімпазының банк картасын ашу, қолдану мерзімі аяқталғаннан кейін қайта шығару және оған қызмет көрсету (Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері);
11) шет мемлекеттердің уәкілетті органдары (бұдан әрі - шетелдік әріптестер) айқындайтын шетелдік жоғары оқу орындарының, тілдік мектептердің немесе шетелдік ұйымдардың конкурс жеңімпаздарының үлгерімі туралы ресми құжаттарды (транскрипттерді) беруі;
12) жазатайым оқиғалар мен кенеттен ауру пайда болудан шетелдік студенттер үшін көзделген медициналық сақтандыру;
13) «Болашақ» стипендиясы тағайындалғаннан кейін академиялық оқу не тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өту басталған сәттен бастап, Қазақстан Республикасында тұратын жерінен академиялық оқу, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өту орнына дейін және тілдік курстарды, магистратура алдындағы дайындықты, академиялық оқуды аяқтағаннан не тағылымдамадан өткеннен кейін кері бағытта жол жүру;
14) академиялық оқудың ұзақтығы 1 (бір) оқу жылынан артық болған жағдайда, Қазақстан Республикасында тұратын жерінен әрбір оқу жылының басында оқу жеріне дейін және әрбір оқу жылы аяқталғаннан кейін кері бағытта жол жүру, сондай-ақ Қазақстан Республикасында визаны ресімдеу не мерзімін ұзарту қажет болған жағдайда, академиялық оқу, тағылымдамадан, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан өту орнынан және кері бағытта жол жүру;
15) шетелдік әріптестердің академиялық оқуды, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өтуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету шарттары бойынша міндеттемелерін орындауға байланысты шығындары;
16) шетелдік жоғары оқу орындарының академиялық күнтізбесіне сәйкес Аустралияда, Жаңа Зеландияда және Солтүстік Америка елдерінде магистратура бағдарламасы бойынша оқитын стипендиаттарға академиялық оқу орнынан Қазақстан Республикасында тұратын жеріне дейін (ұзақтығы 2 (екі) ай және одан көп каникул кезеңінде) және кері жол жүру.
ҚР Үкіметінің 2020.06.05. № 271 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2022.06.12. № 986 Қаулысымен (2022 ж. 23 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі шет елдердің тиісті мемлекеттік органдары, шетелдік жоғары оқу орындары, тілдік мектептер, шетелдік ұйымдар, шетелдік әріптестер және/немесе статистикалық, рейтингтік және өзге де тиісті ұйымдар ұсынған құжаттардың және/немесе өзге де ақпараттың негізінде тамақтану, тұру, оқу әдебиетін сатып алу шығыстарының нормаларын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ конкурс жеңімпазының Қазақстан Республикасында тұратын жерінен академиялық оқу, тілдік курстардан, тағылымдамадан, магистратура алдындағы дайындықтан өту орнына дейін жол жүру көлігінің түрі мен класын айқындайды. Осы «Болашақ» халықаралық стипендиясының жұмсау бағыттарының 1-тармағында көзделген шығыстар көрсетілетін қызметті беруші ұйымдар беретін растау құжаттарының негізінде төленеді.