«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау
комитетінің мәселелерi» Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2006 жылғы 13 қаңтардағы № 36 Қаулысы
Осы редакция 2007 жылғы 22 қазандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының Yкіметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық заңының 24-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті (бұдан әрі - Комитет) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) Комитет туралы ереже;
2) Комитеттің құрылымы бекітілсін.
3. Комитеттің төрағасына екі орынбасары болуға рұқсат берілсін.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
1) «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1111 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2004 ж., № 40, 522-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі туралы ережеде:
1-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:
«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті.»;
2) «Штат санының лимиттерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2005 жылғы 24 қаңтардағы № 47 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген министрліктердің, агенттіктер мен ведомстволардың қызметкерлері штат санының лимиттерінде:
«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі» деген реттік нөмірі 12-жолда:
«Штат санының лимиті» деген бағанда «297» деген сандар «317» деген сандармен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті | 20». |
5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 13 қаңтардағы
№ 36 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің
Балалар құқықтарын қорғау комитеті туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті Білім және ғылым министрлігінің құзыреті шегінде балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функцияларды, сондай-ақ оның құзыретіне жатқызылған саладағы арнайы атқарушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
Комитеттің негізгі міндеті балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.
2. Комитет өз қызметін ҚР Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің кесімдеріне, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға, сондай-ақ осы ережеге және өзге де нормативтік құқықтық кесімдерге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінде шоттары болады.
Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
Комитеттің егер оған заңнамаға сәйкес өкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
4. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Комитеттің заңды мекен-жайы:
473000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11.
6. Комитеттің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті» мемлекеттік мекемесі.
7. Осы ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
8. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен оның функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәнінде шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық кесімдермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген болса, онда мұндай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Комитеттің функциялары мен құқықтары
9. Комитет заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарды жүзеге асырады:
1) мынадай саладағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ететін функцияларды:
балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған тұжырымдамаларды, бағдарламаларды және жобаларды іске асыру, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, панасыз қалуды болдырмау;
балалар құқықтары мен олардың заңды, оның ішінде халықаралық ынтымақтастық ісінде де мүдделерін қорғау саласындағы басқа да мүдделі уәкілетті органдардың қызметін үйлестіру және бағыттау;
білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін әлеуметтік қолдаудың және әлеуметтік қорғаудың негізгі мақсаттарын шешуде салааралық көзқарасты жүзеге асыру;
өз құзыретінің шегінде балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау;
республикадағы балалардың жағдайы туралы ақпараттық-талдамалық материалдарды дайындау;
өз құзыретінің шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ғылыми-әдістемелік және құқықтық көмек көрсету;
балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларға көрсетілетін қызметтердің сапасы мәселелері бойынша қамқоршылық және қорғаншылық органдарының іс-қимылына қатысты хаттар мен өтініштерді қарау;
2) мыналар жөніндегі мемлекеттік саясаттың іске асырылуын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ететін функцияларды:
балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау саласындағы заңнаманы мемлекеттік органдардың, заңды және жеке тұлғалардың сақтауы;
балалардың әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету;
өмірде қиын жағдайға душар болған балаларды толық және жан-жақты есепке алу;
өңірлік ерекшеліктерді есепке ала отырып балалардың өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттарды сақтау.
10. Комитет заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарға құқылы:
өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау, халықаралық бала асырап алу (қыз асырап алу) мәселелері жөнінде әдістемелік көмек көрсетуге;
балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау саласындағы ғылыми-практикалық әзірлемелер мен социологиялық зерттеулерге арналған тапсырысты қалыптастыруға, белгіленген тәртіппен Комитет қызметінің белгіленген саласына жатқызылған мәселелерді пысықтау үшін ғылыми және өзге де ұйымдарды, ғалымдар мен мамандарды тартуға;
заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан және азаматтардан ақпаратты және материалдарды, сондай-ақ балалардың әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да мәліметтерді сұратуға және алуға;
Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша халықаралық шарттар жасасуға және оларға қосылу туралы ұсыныстар енгізуге;
кеңестер, семинарлар, конференция өткізу, сондай-ақ Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық конференциялар мен кеңестердің жұмысында Қазақстан Республикасын білдіруге және оған қатысуға;
балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша баспа қызметін жүзеге асыруға;
балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу жөніндегі жұмыстарға инновациялық технологияларды енгізуге;
балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау, балалар ортасындағы әлеуметтік жетімдіктің, қараусыздықтың, құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың және басқа келеңсіз құбылыстардың алдын алу бойынша оң тәжірибені қорытуға және таратуға;
балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау проблемалары бойынша азаматтарды және кәмелетке толмағандарды қабылдауды жүзеге асыруға.
3. Комитеттің мүлкi
11. Комитеттің оқшауланған мүлікті жедел басқаруға құқығы бар.
Комитеттің мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен қалыптастырылады және негізгі қорлар мен айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.
12. Комитеттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті өздігінен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ. Комитетке заңнамалық кесімдерде белгіленген жағдайларда және шектерде мүлікке билік ету құқығы берілуі мүмкін.
4. Комитеттің қызметін ұйымдастыру
13. Комитетті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Yкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
Комитет төрағасының заңнамаға сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын екі орынбасары болады.
14. Комитеттің төрағасы Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін жеке жауаптылықта болады.
15. Комитеттің төрағасы осы мақсаттарда:
1) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;
2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиті шегінде Комитеттің штаттық кестесін бекітеді;
3) заңнамаға сәйкес Комитеттің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
4) заңнамада белгіленген тәртіппен Комитеттің қызметкерлерін көтермелейді, оларға тәртіптік жазалар қолданады;
5) Комитеттің бұйрықтарына қол қояды;
6) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
7) қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитетті білдіреді.
5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
16. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 13 қаңтардағы
№ 36 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігi
Балалар құқықтарын қорғау комитетінің
Құрылымы
Басшылық
Балалар құқықтарын қорғау бөлімi
Балаларды асырап алу (қыз асырап алу) мәселелері бөлімi
Сараптама-талдау бөлімi
Ұйымдастыру-құқықтық, кадрлық және қаржылық қамтамасыз ету бөлімi