Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 қаңтардағы № 63 Қаулысы
(2013.24.04. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 30 қаңтардағы № 43 Қаулысымен күші жойылды
«Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 маусымдағы № 4-5/576 бұйрығын қараңыз
«Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 24 қаңтардағы
№ 63 қаулысымен
бекітілген
Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына
кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
бағалар кестесі - кепілді төлемдер мөлшерлерін айқындау үшін қажетті және сапасына сәйкес белгілі бір кезеңге қор белгілеген мақтаның құнын қамтитын құжат;
еңсерілмес күш - форс-мажорлық жағдайлар: тараптардың болжауға және болдырмауға күші жетпейтін дүлей зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы авариялар;
кепілді жағдай - мақта өңдеу ұйымында (қорға қатысушыда) мақтаның жеткілікті мөлшерінің және/немесе қажетті сападағы мақтаның болмауынан көрінетін, мақта саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік инспектор мақта нарығына қатысушылардың ресми өтініштері (шағымдары) негізінде мақта иелерінің мүдделерін қорғау мақсатында сақтаулы және қайта өңделетін мақтаның мөлшерлік-сапалық жағдайын бақылау нәтижелері бойынша жасаған актімен расталған қатысушының міндеттемелерін орындамау фактісі;
кепілді жағдай болған күн - уәкілетті органның мақта қолхатын ұстаушыға қатысушының міндеттемелерін орындамау фактісін растайтын құжатты берген күн;
қатысу шарты - қор мен қатысушы арасында жасалатын шарт, соның негізінде соңғысы мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысады;
қатысушы - қор қатысу шартын жасасқан және қолданылатын мақта өңдеу ұйымы.
2. Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына
кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу тәртібі
3. Кепілді жағдай болған кезде өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша субсидиарлық жауапкершілік көтеретін қор мақта қолхатын ұстаушыға осы Ереженің 17 және 18-тармақтарына сәйкес есептелген қорға қатысушы бермеген мақтаның құнын ақшалай төлейді.
4. Қор кепілдігінің қолданылу мерзімі мақта қолхатында көрсетіледі. Егер мақта қолхатында кепілдік мерзімі көрсетілмесе, онда кепілдіктің қолданылу мерзімі қор мақта қолхатына жазба жасаған күннен бастап он екі айды құрайтын болады.
5. Осы қорға қатысушылар болып табылмайтын мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерінің орындалуына қор кепілдік бермейді.
6. Мақта қолхатын ұстаушылар болып табылатын, белгіленген тәртіппен қордың кепілдігін алған адамдарға қатысушылардың мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерін өтеуді қор осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
7. Осы Ереженің 5 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кепілді жағдай болған кезде қор кепілдік берген мақта қолхатын ұстаушы кепілді жағдай болған күннен бастап 10 күн ішінде қорға кепілді төлемді алу үшін өтініш береді.
Егер мақта қолхаты бойынша қор кепілдік берген мерзім бітпеген жағдайда мақтаны кепілдікке қойылған мақта саудасынан сатып алған мақта иелері кепілді төлемді алу үшін қорға өтініш бере алады.
ҚР Үкіметінің 2013.24.04. № 390 Қаулысымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Кепілді төлемді алу үшін қорға:
1) кепілді төлемді алу туралы талап еткен өтініш;
2) мақта қолхатының немесе сауда-саттық нәтижелері туралы құжаттың және кепілдік куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмелері; егер мақта қолхатын ұстаушы жүгінген жағдайда сақтау шартының көшірмелері ұсынылады. Қор талаптарды қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған жағдайда жоғарыда көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары ұсынылады;
3) мақта қолхатын ұстаушының уәкілетті органға жазған өтінішінің (шағымының) көшірмесі және осы өтініш (шағым) бойынша қатысушыны тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті орган берген құжаттар ұсынылады. Осы тармақшада көрсетілген құжаттар қатысушыны уақытша басқаруды енгізген кезде берілмейді;
4) егер мақта қолхатын ұстаушы жеке тұлға болып табылса - жеке куәлігінің (паспортының) көшірмесі, ал егер заңды тұлға болып табылса - мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің* немесе анықтаманың көшірмесі ұсынылады.
Ескертпе: * «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады.
9. Қор 30 күнтізбелік күн ішінде мақта қолхатын ұстаушының талабын қарайды және оны қанағаттандыру не одан бас тарту туралы шешім шығарады. Қатысушыны уақытша басқаруды енгізген кезеңде мақта қолхатын ұстаушының талабын қарау кезінде қанағаттандыру не бас тарту туралы шешімді қор сақтаулы мақтаға уақытша әкімшілік түгендеу жүргізгеннен кейін шығарады. Талаптарды қарауға кепілді жағдайдың болуына жол берген қатысушы тартылады.
10. Қор кепілді төлемді жүзеге асыру туралы талапты қанағаттандырудан:
1) кепілді жағдай болмаған;
2) кепілді жағдайдың болуы тежеусіз күштен туындаған;
3) мақта қолхатын ұстаушының талабын қанағаттандыру және қатысушыдан берешекті өндіріп алу туралы сот шешімі болған;
4) осы Ережеде белгіленген қорға жүгіну мерзімдері өткен;
5) қордың мақта қолхаты бойынша міндеттемелерді орындауы жөніндегі кепілдігінің қолданылу мерзімі өткеннен кейін мақта қолхатын ұстаушы жүгінген;
6) егер талапты қарау мерзімі ішінде қатысушы мақта қолхаты (кепілдік немесе қоймалық куәліктер) бойынша өз міндеттемелерін орындаған;
7) мақта қолхатында жазба жасалған күн, лауазымды адамның қолы және қордың мөртабаны көрсетіліп, қордың осы мақта қолхатына кепілдік беруі туралы мәліметтер қамтылған жазба болмаған;
8) мақта қолхатының тек қоймалық куәлігін ғана көрсеткен жағдайларда бас тартады.
11. Қатысушыдан берешекті өндіріп алу мақсатында мақта қолхаттарын ұстаушылардың сотқа жүгінуі сот шешімі шыққанға дейін кепілді төлемді жүзеге асыру туралы талаптарды қарауды тоқтата тұру үшін негіз болып табылады. Мақта қолхаттарын ұстаушылар мақта қолхатын ұстаушының талабынан бас тартқаны туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 10 күн ішінде кепілді төлемді алу үшін қорға жүгінеді.
12. Қор мақта қолхатын ұстаушының дәлелді өтініші бойынша қорға жүгіну мерзімін қалпына келтіре алады.
13. Міндеттемелердің орындалмауына жол берген қатысушыны уақытша басқаруды енгізу, қатысушыны қайта ұйымдастыру, қатысушыны мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесінен шығарып тастау қордың мақта қолхатын ұстаушылардың талаптарын қанағаттандырудан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды.
14. Қор мақта қолхатын ұстаушының талабын қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған жағдайда қор шешім шығарылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде мақта қолхатын ұстаушыға кепілді төлемді жүргізеді.
15. Кепілді төлем мөлшерімен келіспеген жағдайда мақта қолхатын ұстаушы қордың шешіміне шағым жасау үшін сотқа жүгінуге құқылы.
16. Мақта қолхатын ұстаушыға қатысушы мақта қолхатын көрсеткенде бермеген мақтаның ғана құны қайтарылады.
17. Қор жыл сайын өз кепілдіктері қолданылуының бүкіл кезеңіне мақтаға арналған бағалар кестесін бекітеді, сол бойынша кепілді төлемдер жүргізіледі. Қор бағалар кестесіне өзгерістер енгізе алады, бірақ бұрын берілген кепілдіктерге қордың кепілдік беру сәтінде қолданыста болған бағалар кестесі бойынша есептік баға қолданылады. Бағалар кестесін қор мақта нарығында қалыптасқан бағаларды ескере отырып бекітеді және халықаралық мақта биржаларының ресми жарияланған баға белгілеулері назарға алынуы мүмкін.
18. Кепілді төлем мақта қолхатын ұстаушыға берілмеген мақта көлемінің көрсеткіштері мен қор бекіткен бағалар кестесі бойынша бір тонна мақта құнының туындысы ретінде айқындалады.
19. Мақта қолхатын ұстаушының қатысушы алдында мақтаны сақтау бойынша берешегі болған жағдайларда кепілді төлемнен мақтаны сақтау бойынша берешектің сомасы шегеріледі.
20. Кепілді төлем теңгемен жүзеге асырылады. Кепілді төлем қор мен мақта қолхатын ұстаушының өзара келісімі бойынша мақтамен жүзеге асырылуы мүмкін.
21. Қор мақта қолхатын ұстаушыға кепілдік төлемді жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелерін орындағаннан кейін соңғысы оған тапсыру жазбасын жазу арқылы оны дереу қордың пайдасына қорға береді.
22. Мақта иесі кепілдікке қойылған мақта саудасының нәтижелері туралы құжаттар бойынша сатып алушының құқықтарын сауда нәтижелері бойынша беру арқылы қорға мақтаға меншік құқығын береді және қор қатысушыға кредит беруші құқығына ие болады.