Су ресурстарын, жануарлар дүниесін сақтау және оңтайлы пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың
желісін дамыту жөніндегі 2010 жылға дейінгі бағдарламаны бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 8 қазандағы № 914 Қаулысы
(2009.25.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2010.10.09. № 924 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі № 319 «Мемлекет басшысының 2005-2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Су ресурстарын, жануарлар дүниесін сақтау және оңтайлы пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желісін дамыту жөніндегі 2010 жылға дейінгі бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Министрліктер мен ведомстволар, облыстардың әкімдері Бағдарламада көзделген іс-шаралардың тиісінше және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 20 қаңтарынан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Бағдарламада көзделген іс-шаралардың орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
4. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жылдың қорытындылары бойынша 10 ақпаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысына жүктелсін.
6. «Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтары жүйесін дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 13 қазандағы № 990 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 37, 415-құжат) күші жойылды деп танылсын.
7. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 8 қазандағы
№ 914 қаулысымен
бекітілген
Су ресурстарын, жануарлар дүниесін сақтау және оңтайлы
пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желісін
дамыту жөніндегі 2010 жылға дейінгі бағдарлама
Астана, 2007 жыл
Бағдарламаның мазмұны
1. Бағдарламаның паспорты
2. Кіріспе
3. Саланың қазіргі жай-күйін талдау және проблемалар
3.1. Су ресурстары
3.2. Жануарлар дүниесі
3.2.1. Су жануарлары дүниесі
3.2.2. Жер бетіндегі жануарлар дүниесі
3.3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
4. Бағдарламаның мақсаты және міндеттері
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары және тетігі
5.1. Су ресурстары проблемаларын шешудің негізгі бағыттары
5.1.1. Өзен бассейндерінің ағысын реттеу үшін гидротехникалық ғимараттарды пайдалану,
олардың қауіпсіздігі мен беріктілігін қамтамасыз ету
5.1.2. Су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру және ауыл шаруашылығында өнім өлшеміне
үлестік су жұмсауды төмендету
5.1.3. Су пайдаланудың осы заманғы тәсілдері мен әдістерін игеру, су шаруашылығы жүйелерін
су өлшеу, суды есепке алу және су реттеу құралдарымен жарақтандыру
5.2. Жануарлар дүниесін сақтау және ұтымды пайдалану жөніндегі негізгі бағыттар
5.2.1. Балық шаруашылығының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру
5.2.2. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту, оларды пайдалану және тұқымын асылдандыру-
селекция жұмысы
5.2.3. Балық шаруашылығын мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру
5.2.4. Балық шаруашылығы мен жануарлар дүниесі саласында ғылыми әлеуетті дамыту
5.2.5. Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен
киіктерді есепке алуды ұйымдастыру және олардың санын тұрақтандыру жөніндегі шаралар
5.3. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтары жүйесін дамыту жөніндегі негізгі бағыттар
5.3.1. Қазір жұмыс істеп тұрған ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту
5.3.2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру
6. Қажетті ресурстар және Бағдарламаны қаржыландыру көздері
7. Бағдарламаның іске асырудан күтілетін нәтижелер
8. Бағдарламаның іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
1. Бағдарламаның паспорты
ҚР Үкіметінің 2009.25.03. № 395 Қаулысымен 1-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
Атауы | Су ресурстарын, жануарлар дүниесін сақтау және оңтайлы пайдалану және 2010 жылға дейінгі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желісін дамыту жөніндегі бағдарламасы |
Бағдарламаны әзірлеу үшін негіздеме | Мемлекет басшысының 2005-2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпы ұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар Жоспарының 58.3-тармағына сәйкес |
Бағдарламаны негізгі әзірлеуші | Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі |
Бағдарламаның мақсаты | Су ресурстарын, жануарлар дүниесін сақтау мен оңтайлы пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтары желісін дамыту |
Бағдарламаның міндеттері | су ресурстарын оңтайлы және кешенді пайдалану; су объектілерінің мониторингі жүйесін қалпына келтіру мен дамыту және су объектілерін пайдалануға мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру; су объектілерінің жай-күйін есепке алуға және оларды су пайдаланушылардың пайдалану ерекшеліктеріне негізделген өңірлік су шаруашылығы саясатын жүргізу; балық шаруашылығының нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру; балық өсіру шаруашылығын, оның ішінде бекіре балығын өсіруді балық отырғызу материалымен кепілді түрде қамтамасыз үшін жағдай жасау; сирек кездесетін және жойылып бара жатқан балық түрлерінің санын сақтау және қалпына келтіруді, сондай-ақ балықтың жаңа түрлерін республиканың әртүрлі өңірлерінде сынап көру; саланың ғылыми әлеуетін дамыту және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету; балық шаруашылығын мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру; тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін (арқар, қарақұйрық, тоғай кермаралы, түркімен құланы) және киіктерді қорғау; тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктер санының жыл сайынғы есебін жүргізуді ұйымдастыру; тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің гендік қорын сақтаудың және олардың оңтайлы санын анықтаудың биотехнологиялық негіздерін әзірлеу жөнінде ғылыми зерттеулерін жүргізу; тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің және киіктердің таралу аймағында жыртқыштардың санын реттеу; қоныс аударатын жануарлар көршілес елдердің аумағына келіп кірген кезде жануарлардың таралу аймағы мемлекеттерінің жануарларды сақтау жөніндегі бірлескен іс-қимылды үйлестіруі үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту |
Бағдарламаны ріске асыру мерзімі | 2008-2010 жылда |
Бағдарламаны қаржыландыру көздері | Бағдарламаның іс-шараларын жүзеге асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттердің, гранттардың қаражаттары көзделген. су ресурстары бойынша: 2008 жылға республикалық бюджет - 1542,100 млн. теңге; жергілікті бюджет - 596,2 млн. теңге; гранттар - 158,0 млн. теңге; 2009 жылға республикалық бюджет - 2044,083 млн.теңге*; жергілікті бюджет - 622,079 млн. теңге**; 2010 жылға республикалық бюджет - 2207,609 млн. теңге*; жергілікті бюджет - 563,560 млн. теңге**. жануарлар дүниесі бойынша: 2008 жылға республикалық бюджет - 1301,490 млн. теңге; жергілікті бюджет - 119,897 млн. теңге; басқа қаржы көздері - 50,000; 2009 жылға республикалық бюджет - 1329,367 млн. теңге*; жергілікті бюджет - 132,726 млн. теңге**; басқа қаржы көздері - 170,000 млн. теңге; 2010 жылға республикалық бюджет - 1337,954 млн. теңге*; жергілікті бюджет - 144,613 млн. теңге**; инвесторлар - 70,000 млн. теңге; ерекше қорғалатын табиғат аумақтар бойынша: 2008 жылға жергілікті бюджет - 34,200 млн. теңге; 2009 жылға республикалық бюджет - 5,0 млн. теңге*; жергілікті бюджет - 31,3 млн. теңге**; 2010 жылға республикалық бюджет - 0,850 млн. теңге;* жергілікті бюджет - 18,000 млн. теңге**; халықаралық грант - 1,500 млн. теңге; Ескерту: * 2009-2010 жылдарға қаржыландыру көлемі «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тиісті қаржы жылына нақтыланып отырады; ** қаржыландыру көлемі тиісті жылдың жергілікті бюджетін жасау кезінде нақтыланып отырады. |
Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер | суармалы егіншілікте судың үлестік шығынын 7% төмендету; су алу ғимараттарының 5% су есептеу құралдарымен жабдықтау; балықтардың өсімін табиғи және жасанды түрде молайту жағдайларын жетілдіру; Қазақстан Республикасының 2 балық шаруашылығының су айдындарында мелиоративтік жұмыстар жүргізу; Алматы облысының Іле және Қаратал өзендерінде мелиорациялық жұмыстар (түбін тереңдету) жүргізу, Жайық-Каспий бассейнінде жылына 20 млн. шабаққа дейін бекіре балығы түрлерінің шабақтарын өсіріп шығаратын жаңа бекіре балық өсіру зауытын»салу жөнінде ұсыныстар енгізу, балық тұқымын асылдандыру-селекция жұмыстарын жүргізу, тұқы балығы түрлерінің гендік қорын сақтау, балық өсіру мен балықты қолда мәдени өсірудің биотехникасын әзірлеу; тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін және киіктерді қорғау аумақтарын кеңейту; тоғай кермаралы, қарақұйрық, арқарлар, құландар санын тұрақтандыру, тарихи таралу аймақтары бойынша олардың таралымын орнықты дамуға қалпына келтіру және киіктер санын жыл сайын 10% көбейту; Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының көлемін 1258,7 мың гектарға ұлғайту (ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының үлесі мемлекет аумағының 8,5% құрайды); мемлекеттің ландшафтық және биологиялық сан алуандықты, ірі сүт қоректілердің (киік, құлан) және құстардың (дуадақ, тарғақ, жыртқыш және сулы-батпақты жерлерді мекендейтін құстар) сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің таралымдарын сақтау және қалпына келтіру үшін жаһандық маңызы бар жазық далалы Қазақстан далалы және жартылай шөлейт аймақтарының сулы-батпақты жерлерін қорғауды күшейту; жануарлардың сирек кездесетін түрлерін (барыс, арқар, тянь-шань қоңыр аюы, орта азиялық (түркістан) сілеусін, орта азиялық кәмшат, сабаншы, шұбар күзен, тас сусары) қорғау аумағын, албырт тектес балық түрлері мекендейтін және көбейетін орындарды кеңейту; өсімдіктер дүниесінің эндемикалық және сирек кездесетін түрлерін, бірегей субальпілік өсімдіктерді (Сиверс алмасы, майқарағай, ледебуров бадамы, алтай түйежапырағы, ақшыл секпігүл, үшкір көкек, алтай қасқыржидегі, тарбағатай стеллеропсисі, Попов дембеті, қызғылт семізот, марал түбірі), тарихтың археологиялық ескерткіштерін: бағзы заман тұрақтары мен молаларын, палеонтологиялық олжаларды қорғауды қамтамасыз ету; басыңқы өңірлерде биологиялық сан алуандықты және қоршаған орта жағдайларының тұрақтылығын ұзақ мерзім сақтауға кепілдік беретін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін құру. |
2. Кіріспе
Су ресурстарын, жануарлар дүниесін сақтау және оңтайлы пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желісін дамыту жөніндегі 2010 жылға дейінгі бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі № 319 қаулысымен бекітілген Мемлекет басшысының 2005-2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпы ұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарының (бұдан әрі - Жалпыұлттық жоспар) 58.3-тармағына сәйкес әзірленді.
Жалпыұлттық жоспар су ресурстарын, жануарлар дүниесін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды орнықты және ұтымды пайдалану үшін жағдай жасауды қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласының негізгі міндеттерінің бірі ретінде алға қойып отыр. Көрсетілген жоспар шеңберінде халықтың тұрмыс сапасын арттырудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерінің тепе-теңдігі негізінде бірқалыпты дамуға көшу үшін жағдайлар жасау арқылы Табиғи ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалану жөніндегі бағдарлама әзірленді.
Бағдарлама Су, Орман Кодекстеріне, «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын дамыту мен орналастырудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына, Қазақстан Республикасы экономикасының су секторын дамытудың және су шаруашылығы саясатының 2010 жылға дейінгі тұжырымдамасына, Қазақстан Республикасының балық шаруашылығын дамытудың 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес әзірленді.
3. Саланың қазіргі жай-күйін талдау және проблемалар
3.1. Су ресурстары
Қазақстан Республикасының су қоры мемлекеттік су кадастрына енгізілген немесе енгізілуге тиіс Қазақстан Республикасының аумағы шегіндегі барлық су объектілерінің жиынтығын қамтиды.
Тұщы су қоры мөлшермен 524 км3 құрайды (көлдер - 190, мұздықтар - 80, өзендер - 101, су қоймалары - 95, жерасты сулары - 58).
Қазақстанда ең ірі су айдындары Каспий және Арал теңіздері, Балқаш көлі болып табылады. 39 мыңға жуық өзендер және кезеңдік ағынды сулар, 48 мыңнан астам көлдер бар. Неғұрлым ірі ағын суларға Ертіс, Іле, Сырдария, Есіл, Тобыл, Жайық, Торғай және Шу өзендері жатады.
Су ресурстары аумақтар бойынша біркелкі бөлінбеген. Шығыс өңірдің үлесі - 34,5%, солтүстік - 4,2%, орталық - 2,6%, оңтүстік-шығыс - 24,1%, оңтүстік - 21,2%, батыс өңірдің үлесі - 13,4%.
Қазақстанның жерүсті суларының ресурстары орташа сулы жылы - 100,5 км3 құрайды, оның ішінде 56,5 км3 ғана республика аумағында құралады, қалған көлемі Орталық Азия мемлекеттерінен, Ресей Федерациясынан және Қытайдан ағып келеді. Бұл көрсеткіш азаю үрдісіне ие болып отырғанын атап өту қажет, өйткені осыдан 10 жыл бұрын ғана ол 102 км3/жыл, ал бұдан да ертерек өткен ғасырдың 60-шы жылдарында 115 км3/жыл көлемінде бағаланған болатын.
Су ресурстарының аумақ бойынша барынша біркелкі бөлінбеуі өңірлер мен экономика салаларының сумен қамтамасыз етілуінің тұрақсыздығы мен алақұлалығын туғызып отыр. Қажетті су тұтыну көлемі 54.5 км құрайды, ал шаруашылық мақсатта пайдалануға болатын қолда бар көлем орташа сулы жылы 42,6 км3 аспайды.
Жерасты суларының жалпы қорлары 43 млн.тәулік (15,7 км3) құрайды, оларды барлау жұмыстарының негізінде болжамдық ресурстардың есебінен 100 млн.м3/тәулік (36,5 км3) дейін ұлғайтуға болады.
Су тапшылығы орташа және төмен жылдары (сумен қамтамасыз етілу 75% және 95%) су ресурстарының жалпы көлемі тиісінше 76 км3 тан 58 км3-қа дейін, ал пайдалануға болатын көлемі 32-33 және 25-26 км3-қа дейін төмендейді.
Қазіргі кезде (тоғандар мен шағын су қоймаларын есепке алмағанда) жалпы сиымдылығы 95,5 км3 астам 200-ден асатын ірі су қоймалары бар. Елдің реттелмелі сыйымдылықтарының жиынтық әсері экономика салалары мен қоршаған ортаның қажеттіліктерін қалыпты сулы жылдары қосымша 8 км3, ал су тапшы болған жылдары 16 км3 сумен қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Климаттың жылуы өзен ағыстарының экстремальды мәнін едәуір өзгертетінін назарға алу қажет, бұл жалпы алғанда ол су қоймаларының жұмыс режиміне әсер етеді. Бұл жағдайда бөгеттердің су тастау имараттарын жаңғырту және қайта жаңарту, оларды пайдалану ережелерін қайта қарау қажеттілігі туындайды.
Қазақстан экономикасы салаларының су тұтынуы қазіргі деңгейде 1993 жылмен салыстырғанда 2006 жылы 35 км3-тан 26 км3-қа төмендеп кетті. 2001 жылы су алу көлемінің ең төмен көрсеткіші байқалды - 20 км3. Пайдаланылатын су көлемдерінің ауытқуы жылдың сулы болуына, сондай-ақ экономикада болып жатқан ұйымдық-құрылымдық өзгерістерге негізделеді.
Экономика салаларын сумен қамтамасыз ету 90%-ға (2006 жылы 24,0 км жуық) жерүсті су көздерінен, ал қалған бөлігі - жерасты, теңіз және шайынды сулар есебінен жүзеге асырылып отыр.
Қала және ауыл халқының коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктеріне жылына 0,9 км жуық су тұтынылады, бұл алынған судың жалпы көлемінің мөлшермен 4% құрайды. Бұл орайда бір адамға шаққанда үлесті су тұтыну су құбыры жүйелерінің техникалық жай-күйіне байланысты 130-дан 250 л/тәулік құрайды.
Жалпы алғанда өнеркәсіптік қажеттіліктер үшін су пайдалану көлемі көбею үрдісіне ие болып отыр және ол 2006 жылы 4,4 км3-ді құрады (жалпы көлемнің 20%). Барынша көп су тұтыну жылу энергетикасы, түрлі-түсті металлургия, мұнай өнеркәсібі кәсіпорындарының (Қарағанды, Павлодар және Алматы облыстары) үлесіне тиеді.
Өнеркәсіп жұмсайтын судың 40%-ға дейінгі мөлшері сапасы жағынан алғанда ауыз суына жатады.
Ауыл шаруашылығы су ресурстарының негізгі көлемін тұтынады (барлық тұтынылатын судың 75%-на дейін). Бұл орайда барынша көп су тұтыну суғармалы егіншілікке, содан кейін көлтабандап суғаруға, жайылымдарды суландыруға, ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауға тиесілі.
Тұрақты суғармалау негізінен жерүсті ағынды суларына сүйенеді және республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысында барынша дамыған (Сырдария, Іле, Шу, Талас, Ертіс және басқа өзендердің бассейндері). Көлтабандап суғармалау негізінен Есіл, Торғай, Тобыл, Жайық және басқа өзендердің көктемгі ағысының негізінде Қазақстанның солтүстігінде және батысында дамыған.
Негізінен өткен ғасырдың 60-70-жылдарында салынған ирригациялық жүйелердің әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан каналдарда суды сүзу шығындары көбеюде, суды шаруашылықтар бойынша бөлу қиындап кетті, ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз ету жағдайлары ушыға түсуде, сондықтан суғармалы жүйелерде судың шығыны бас су алғыштан бастап 50-60%-ға дейін жетеді.
Осы заманғы агротехниканың нашар енгізілуі, суғару технологияларының жетілдірілмеуі, ирригация және кәріз жүйелерінің қанағаттанғысыз техникалық жай-күйі суғармалы жерлердің сортаңдануына, шөлейттену процестерінің шапшаң етек алуына әкеп соқтыруда.
Іс жүзінде барлық ірі өзендер суының сапасы қолданыстағы санитарлық талаптарға сай келмейді.
Су ресурстарының негізгі ластануы елді мекендердің, өнеркәсіп орындарының шайынды суларының, суғармалы алқаптардан келетін коллекторлы-кәріз ағын суларының құйылуына байланысты.
Өнеркәсіп орындарының шайынды суларының едәуір көлемі (жекелеген қалаларда 24%-ға дейін) өнеркәсіптік шайынды суларды тазартуға есептелмеген тазартқыш имараттарға келіп құйылады.
Су тапшылығы, экономика салаларын реформалау, нарықтық экономикаға көшу, кәсіпкерліктің қарқынды өсуі, өндіріс салаларында жеке меншіктің заңдастырылып қалыптасуы, шет мемлекеттердің Қазақстан экономикасына инвестициялар құюы іргелі бағдарламалар әзірлеу қажеттілігін туғызды.
Су ресурстарын:
өзен ағынын реттеу және жерасты суларын, қайтарымды және ағынды суларды неғұрлым толық пайдалану;
су үнемдеу технологияларын енгізу;
ластанған суларды тазарту, судың сарқылуына, қоқыстануына және ластануына жол бермеу жөніндегі озық шетелдік және отандық технологиялар мен тәжірибелерді пайдалану;
қолда бар шаруашылық тәжірибені және білікті кадрлардың әлеуетін, жобалау және ғылыми ұйымдардың озық талдамаларын тиімді пайдалану есебінен ұлғайту көзделеді.
Су ресурстарының тапшылығы, олардың ластануы және санитариялық-гигиеналық талаптарға сай келмеуі:
бөгеттердің, су тораптарының және басқа имараттардың техникалық жай-күйінің нашарлауынан;
белсенді шаруашылық қызмет орындарында тұтыну және өндіріс қалдықтармен ластанудан;
жерасты суларының ластану ошақтарының кеңеюінен;
су шаруашылығы іс-шараларының жеткілікті дәрежеде қаржыландырылмауынан;
су шаруашылығы кәсіпорындары негізгі қорларының тозуынан;
бассейндік су шаруашылығы басқармалары мен республикалық мемлекеттік су шаруашылығы кәсіпорындарының нашар материалдық-техникалық жарақтандырылуынан, институционалдық (ұйымдық-басқару) проблемаларынан;
экономиканың су секторын дамытуды жүйелі жоспарлауға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеуінен;
жерасты және жер беті сулары ресурстарының сарқылуынан орын алады.
Сонымен бірге су ресурстарын бөлісу мәселелері бойынша мемлекеттер айқындамаларының үйлеспеуі және оларды шешу тетіктерінің болмауы салдарынан, сондай-ақ көршілес мемлекеттердің өздерінің географиялық жағдайын барынша экономикалық және саяси пайда тауып қалу үшін пайдалануға ұмтылуы салдарынан Орталық Азия өңірінде мемлекетаралық түсініспеушіліктердің туындау мүмкіндігі бар.
Су секторын басқару саласында:
кәсіби басқаруға;
саяси араласушылықтың болмауына;
нақты жоспарлау мен қаржыландыруға;
су шаруашылығы іс-шараларын қаржыландыру үшін несиелердің қолжетімділігіне;
бәсекеге түсуге қабілетті жеке секторға бағдар ұстанған таңдаулы халықаралық практика тәжірибесін қолдану қажет.
Жергілікті су ресурстарының шектеулі қорлары қазіргі кезеңнің өзінде-ақ табиғи ресурстарды игеруді, жекелеген өңірлер мен аумақтық-өнеркәсіптік кешендерінің дамуын тежеп отыр. Сумен қамтамасыз ету 75% мөлшерде болып отырғанда су тапшы жылдары ағын су тапшылығы жалпы алғанда республика бойынша 6,6 км3 құрайды, ал 95% мөлшерде - 18,3 км3 құрайды. Қуаңшылық жылдары сумен қамтамасыз ету деңгейі 60% жуық, ал жекелеген өңірлер бойынша - небәрі 5-10 % құрайды (Орталық Қазақстан).
Экономика салаларының қажеттілігін қанағаттандыру үшін су ресурстарын қайтарымсыз алу 20% жуығын, ал кейбір өңірлерде (Сырдария, Іле, Тобыл өзендері бассейндерінде) 40 % деңгейден асып түсетінін атап өту керек. Бірақ дүниежүзілік практика қабылдаған, су объектілерінің экологиялық жай-күйін бұзбайтын су ресурстарын алу нормасы бар су ағынының шамамен 20 % құрайды. Сондықтан қазірдің өзінде-ақ экономика салаларын одан әрі дамытуды негізінен өнімділігі жоқ су ысырабын азайту, су үнемдеу технологияларын енгізу есебінен жүргізу керек.
Сөйтіп, таяу болашақта экономика салаларын, ең алдымен ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға тосқауыл болатын басты фактор көптеген аудандарда жер емес, судың жетіспеушілігі болады.
Су-экологиялық проблемаларды шешу және орнықты су пайдалануға қол жеткізу үшін қажетті шарт су ресурстарын пайдалану және қорғау саласында басқару жүйесін жетілдіру болып табылады.
3.2. Жануарлар дүниесі
3.2.1. Су жануарлары дүниесі
Қазақстанның балық шаруашылығы су айдындары қорының құрамына Каспий және Арал теңіздерінің, Балқаш көлінің, Алакөл көлдер жүйесінің, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара, Тасөткел және басқа су қоймаларының, көлдер мен өзендердің едәуір акваториялары кіреді.
Каспий теңізін есепке алмағанда, су айдындарының жалпы көлемі шамамен 3 миллион гектарды құрайды. 1990-2004 жылдар аралығында балық аулау көлемінің жылына 80,9 мың тоннадан 36,6 мың тоннаға дейін күрт төмендегені байқалады.
Жайық-Каспий балық шаруашылығы бассейні Каспий теңізінің Қазақстандық секторының акваториясын, Жайық өзенінің Ресей Федерациясының Орынбор облысының шекарасына дейінгі бүкіл арнасын және Еділ өзенінің оң сағасы болып табылатын Қиғаш өзенін қамтиды.
Осы бассейн Қазақстан Республикасындағы балық және балық өнімдерін негізгі жеткізіп берушілердің бірі болып табылады. Балық аулау көлемі республикада жалпы балық аулау мөлшерінің 45,1%-нан 61,3%-на дейін ауытқиды. 2000 жылдан бастап оны өндіру жылына 21,7 мың тоннадан 16,3 мың тоннаға дейін төмендегені байқалады. Әсіресе Каспий бассейнінде бекіре балығының түрлерін аулау көлемінің күрт қысқаруы 1985-2005 жылдар аралығындағы кезеңде орын алды. Осы жылдары аталған балық түрлерін аулау көлемі жалпы алғанда Каспий теңізі бойынша 29,4 есе, ал Қазақстан бойынша 36,6 есе дерлік қысқарып кетті. Кәсіпшілік балық түрлеріне шағын балық түрлері (сазан, көксерке, шортан, қаракөз, жайын, табан, ақмарқа, алабұға және басқалары), сондай-ақ бекірелер (қортпа, бекіре, шоқыр) жатады.
Бекірелер құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен сауда жөніндегі халықаралық конвенция (СІТЕS) объектілері тізбесіне енгізілген.
Бекіре балығының түрлерін сақтау және қалпына келтіру проблемасы оның ерекше мемлекетаралық сипатын ескере отырып, барлық каспий өңірі елдеріне - Ресейге, Қазақстанға, Иранға, Әзірбайжан және Түркіменстанға қатысты трансшекаралық проблема болып табылады.