6) еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік құпияны, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтерді жария етпеуге;
7) жұмыс берушіге келтірілген зиянды осы Кодексте белгіленген шектерде өтеуге міндетті.
3. Қызметкердің осы Кодексте көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.
23-бап. Жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Жұмыс берушінің:
1) жұмысқа қабылдау кезінде таңдау еркіндігіне;
2) қызметкерлермен еңбек шартын осы Кодексте көзделген тәртіппен және негіздер бойынша өзгертуге, толықтыруға және бұзуға;
3) өз өкілеттігі шегінде жұмыс берушінің актілерін шығаруға құқығы бар.
Еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты актілер шығару осы Кодекстің 48-бабына сәйкес жүзеге асырылады;
4) өз құқықтары мен мүдделеріне өкілдік ету және оларды қорғау мақсатында бірлестіктер құруға және оларға кіруге;
5) қызметкерлерден еңбек шарты, ұжымдық шарт талаптарының, еңбек тәртіптемесі ережелерінің және жұмыс берушінің басқа да актілерінің орындалуын талап етуге;
6) осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртіппен қызметкерлерді көтермелеуге, оларға тәртіптік жаза қолдануға, қызметкерлерді материалдық жауапкершілікке тартуға;
7) еңбек міндеттерін атқару кезінде қызметкердің келтірген зиянын өтетуге;
8) еңбек саласындағы өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгінуге;
9) қызметкерге сынақ мерзімін белгілеуге;
10) егер жеке еңбек шартының талаптарында ескертілген болса, қызметкерді оқытуға байланысты өз шығындарын өтетуге құқығы бар.
2. Жұмыс беруші:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық шарттың, еңбек шартының, өздері шығарған актілердің талаптарын сақтауға;
2) жұмысқа қабылдаған кезде осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда қызметкерлермен еңбек шарттарын жасасуға;
3) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыруға;
4) қызметкерге еңбек шартында келісілген жұмысты беруге;
5) қызметкерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақтылы және толық мөлшерде төлеуге;
6) қызметкерді жұмыс берушінің актілерімен және ұжымдық шартпен таныстыруға;
7) қызметкерлердің өкілдеріне ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шарттар жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын бақылау үшін қажетті толық және дәйекті ақпарат беруге;
8) қызметкерлер өкілдерінің ұсыныстарын қарауға, ұжымдық келіссөздер жүргізуге және осы Кодексте белгіленген тәртіппен ұжымдық шарт жасасуға;
9) қызметкерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, еңбек шартына, ұжымдық шартқа сәйкес еңбек жағдайларымен қамтамасыз етуге;
10) қызметкерлерді жабдықпен, құралдармен, техникалық құжаттамамен және еңбек міндеттерін атқару үшін қажетті өзге де құралдармен өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге;
11) мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамаларын орындауға;
12) егер жұмысты жалғастыру қызметкердің және өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін болса, жұмысты тоқтата тұруға;
13) қызметкерлерді міндетті әлеуметтік сақтандыруды жүзеге асыруға;
14) қызметкер еңбек міндеттерін атқару кезінде оның өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға;
15) қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беруге;
16) қызметкерлердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың және оларды зейнетақымен қамсыздандыруға арналған ақшаны ұстап қалу мен аудару туралы деректердің сақталуын және мемлекеттік мұрағатқа тапсырылуын қамтамасыз етуге;
17) қызметкерге зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыс жағдайлары мен кәсіптік аурудың болу мүмкіндігі туралы ескертуге;
18) жұмыс орындары мен технологиялық процестерде қауіп-қатерді болғызбау жөнінде шаралар қабылдауға, өндірістік және ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып профилактикалық жұмыстар жүргізуге;
19) жұмыс уақытының, оның ішінде әрбір қызметкер орындайтын үстеме жұмыстардың, зиянды (ерекше зиянды), қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстардың, ауыр жұмыстардың нақты есебін жүргізуге;
20) қызметкерлердің кәсіби даярлықтан, қайта даярлықтан өтуін және олардың біліктілігін арттыруды осы Кодекске сәйкес қамтамасыз етуге;
21) қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеуге;
22) еңбек жөніндегі уәкілетті органның және еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарын, қызметкерлер өкілдерін, еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторларды ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігінің, еңбек жағдайы және еңбекті қорғаудың жай-күйін және Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнамасының сақталуын, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиға мен кәсіптік ауруларды тексеру үшін кедергісіз жіберуге;
23) жұмысқа қабылдау кезінде осы Кодекстің 31-бабына сәйкес еңбек шартын жасасу үшін қажетті құжаттарды талап етуге міндетті.
3. Жұмыс берушінің осы Кодексте көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.
ЕРЕКШЕ БӨЛІМ
2-БӨЛІМ.
ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ
4-тарау.
ЕҢБЕК ШАРТЫ
24-бап. Еңбек шартының нысанасы
Еңбек шарты бойынша қызметкер сыйақы үшін тиісті біліктілігі бойынша жұмысты (еңбек функциясын) атқарады және еңбек тәртіптемесін сақтайды, ал жұмыс беруші еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді, қызметкерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, еңбек шартында, ұжымдық шартта, тараптардың келісімінде көзделген жалақыны уақтылы және толық көлемінде төлейді және өзге де төлемдерді жүзеге асырады.
25-бап. Еңбек шартын жасасу кезіндегі құқықтар мен
мүмкіндіктер теңдігінің кепілдіктері
1. Еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігін бұзуға тыйым салынады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктілік, үш жасқа дейінгі балаларының болуы, кәмелетке толмағандық, мүгедектік еңбек шартын жасасу құқығын шектей алмайды.
Осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген адамдар санатының талабы бойынша жұмыс беруші бас тарту себебін жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.
3. Еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігінің бұзылу фактісі анықталған жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
26-бап. Еңбек шартын жасасуға қойылатын шектеулер
Еңбек шартын:
1) медициналық қорытынды негізінде адамның денсаулық жағдайы бойынша қайшы келетін жұмысты орындауға;
2) ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін қызметкердің толық материалдық жауапкершілігі көзделетін лауазымдар мен жұмыстарға, он сегіз жасқа толмаған азаматтармен;
3) соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес белгілі бір лауазымға тұру немесе белгілі бір қызметпен шұғылдану құқығынан айырылған азаматтармен;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсатын алғанға дейін немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе алып тастауларды сақтамай, Қазақстан Республикасы аумағында уақытша тұратын шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен жасасуға жол берілмейді.
27-бап. Еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен
ерекшелігі
Еңбек шартында мына талаптардың біреуінің болуы:
1) қызметкердің жұмысты (еңбек функциясын) белгілі бір біліктілік, мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша орындауы;
2) міндеттемелердің еңбек тәртіптемесіне бағына отырып жеке орындалуы;
3) қызметкердің еңбегі үшін жалақы алуы еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен ерекшелігі болып табылады.
28-бап. Еңбек шартының мазмұны
1. Еңбек шартында:
1) тараптардың деректемелері:
жұмыс беруші-жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның тұрақты тұратын мекен-жайы, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
жұмыс беруші-заңды тұлғаның толық атауы мен орналасқан жері, жұмыс беруші-заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні, салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі және салық төлеушінің тіркеу нөмірі, әлеуметтік жеке коды;
2) белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы);
3) жұмыстың атқарылатын орны;
4) еңбек шартының мерзімі;
5) жұмыстың басталу күні;
6) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі;
7) еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары;
8) егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және (немесе) зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер;
9) қызметкердің құқықтары мен міндеттері;
10) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
11) еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі;
12) кепілдіктер мен өтемақы төлемдері, оларды төлеу тәртібі;
13) сақтандыру жөніндегі талаптар;
14) тараптардың жауапкершілігі;
15) жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс.
2. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда қызметкердің жағдайын нашарлататын еңбек шартының ережелері жарамсыз деп танылады.
29-бап. Еңбек шартының мерзімі
1. Еңбек шарты:
1) белгіленбеген мерзімге;
2) осы баптың 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында белгіленген жағдайларды қоспағанда, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.
Бұрын бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге шарт жасасқан қызметкермен жеке еңбек шарты қайтадан жасалған жағдайда, оның ішінде еңбек шартының мерзімі ұзартылған кезде, ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі.
Еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған қызметкерлер үшін көзделген кепілдіктер мен өтемақыларды беруден жалтару мақсатында еңбек шарттарын белгілі бір мерзімге жасауға тыйым салынады.
Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған кезде тараптардың бірде-бірі тәулік ішінде еңбек қатынастарын тоқтатуды талап етпеген болса, онда ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі;
3) белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына;
4) жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына;
5) маусымдық жұмысты орындау уақытына жасалуы мүмкін.
2. Жұмыс беруші-заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы лауазымындағы жұмысқа еңбек шарты жұмыс берушінің құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келісімінде белгіленген мерзімге жасалады. Мұндай шартқа осы баптың 3-тармағында белгіленген ережелер қолданылмайды.
3. Егер еңбек шартында оның қолданылу мерзімі айтылмаса, онда шарт белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
30-бап. Еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас мөлшері
1. Он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.
2. Ата-анасының біреуінің, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімімен:
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайда, он бес жасқа толған азаматтармен;
2) сабақтан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін, он төрт жасқа толған оқушылармен;
3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және адамгершілік тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін, осы баптың 2-тармағы 2) тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.
3. Осы баптың 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның ата-анасының біреуі, қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс.
31-бап. Еңбек шартын жасасуға қажетті құжаттар
1. Еңбек шартын жасау үшін мынадай құжаттар:
1) жеке басының куәлігі немесе төлқұжаты (он алты жасқа толмаған адамдар үшін тууы туралы куәлігі);
2) ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі (Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін);
3) тиісті білімді, дағдылар мен машықтарды талап ететін жұмысқа еңбек шартын жасасу кезінде білімі, біліктілігі туралы, арнаулы білімі немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат;
4) еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек стажы бар адамдар үшін);
5) әскери есеп құжаты (әскери міндеттілер мен әскери қызметке шақырылуға жататын адамдар үшін);
6) алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжат (осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай куәландырудан өтуге міндетті адамдар үшін);
7) салық төлеушінің тіркеу нөмірін және әлеуметтік жеке код беру туралы куәліктердің көшірмелері қажет.
2. Жұмыс беруші осы баптың 1-тармағында көзделмеген құжаттарды талап етуге құқылы емес.
3. Қызметкердің келісімімен құжаттардың түпнұсқалары жұмыс берушіде сақталған не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау үшін уақытша қалдырылған жағдайда, жұмыс беруші қызметкерге құжаттарды қайтару туралы жазбаша міндеттеме береді.
32-бап. Еңбек шартын жасасу, өзгерту және толықтыру тәртібі
1. Еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі дана етіп жасалады және оған тараптардың қолдары қойылады. Еңбек шарты бір-бір данадан қызметкер мен жұмыс берушіде сақталады. Қызметкердің еңбек шартының бір данасын алуы жазбаша нысанда расталады.
2. Еңбек шартына, оның ішінде басқа жұмысқа ауыстыру кезінде, өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тараптар осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен жазбаша нысанда жүзеге асырады.
Еңбек шартының талаптарын өзгерту туралы ұсынысты еңбек шарты тараптарының бірі жазбаша нысанда береді және екінші тарап оны берілген күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде қарайды.
3. Ұйымның атқарушы органының лауазымды адамдарымен еңбек шартын ұйым мүлкінің меншік иесі не ол уәкілеттік берген адам немесе орган ұйымның құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен жасайды.
33-бап. Жұмысқа қабылдауды ресімдеу
1. Жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негізінде шығарылатын жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
2. Жұмыс беруші үш күн мерзімде қызметкерді актімен таныстыруға міндетті. Жұмыс берушінің актісімен танысқаны қызметкердің қол қоюымен куәландырылады.
3. Қызметкердің талап етуі бойынша жұмыс беруші оған актінің тиісінше расталған көшірмесін беруге міндетті.
Жұмысқа қабылдаған кезде жұмыс беруші қызметкерді ұйымдағы ішкі еңбек тәртіптемесі ережелерімен, жұмыс берушінің қызметкердің жұмысына (еңбек функциясына) қатысы бар өзге де актілерімен, ұжымдық шартпен таныстыруға міндетті.
34-бап. Қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар
Мына құжаттардың кез келгені:
1) еңбек кітапшасы;
2) тоқтату күні мен оны тоқтатудың негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты;
3) еңбек шартының жасалуы және тоқтатылуы негізінде еңбек қатынастарының туындауын және тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер;
4) қызметкерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзінді көшірмелер;
5) жұмыс берушінің қолы қойылған, ұйымның мөрімен расталған не нотариат растаған қызмет ету тізімі (қызметкердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі);
6) қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған мұрағаттық анықтама қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжат болып табылады.
35-бап. Еңбек кітапшасы
1. Еңбек кітапшасы қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтерді қамтитын құжат болып табылады.
2. Еңбек кітапшаларының нысанын, оны жүргізу және сақтау тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
3. Жұмыс беруші қызметкердің еңбек кітапшасына (ол бар болған кезде) ұйымдағы еңбек қызметі туралы тиісті жазбалар енгізуге міндетті.
4. Еңбек кітапшасына еңбек шартын тоқтатудың себептері туралы жазбалар осы Кодекстің нормаларын көрсете отырып жүргізілуге тиіс.
36-бап. Еңбек шартындағы сынақ мерзімі туралы талап
1. Еңбек шартында қызметкердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру мақсатымен сынақ мерзімі туралы талап белгіленуі мүмкін. Бұл талап еңбек шартында болмаса, қызметкер жұмысқа сынақ мерзімінсіз қабылданды деп есептеледі.
2. Сынақ мерзімі еңбек шарты күшіне енген кезден басталады.
3. Сынақ мерзімі кезеңінде қызметкерлерге осы Кодекстің нормалары, еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптары қолданылады.
4. Сынақ мерзімі қызметкердің жұмыс стажына қосылады және үш айдан аспауға тиіс. Қызметкер жұмыста іс жүзінде болмаған кезең сынақ мерзіміне есептелмейді.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жұмысқа қабылдау кезінде:
тиісті лауазымға орналасуға конкурс бойынша жұмысқа қабылданатын адамдарға;
орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымын бітірген және алған мамандығы бойынша жұмысқа алғаш кіретін адамдарға;
мүгедектерге сынақ мерзімі белгіленбейді.
37-бап. Жұмысқа қабылдау кезіндегі сынақ нәтижесі
1. Сынақ мерзімі кезеңінде қызметкердің жұмысы теріс нәтиже берсе, жұмыс беруші сынақ мерзімі аяқталуына күнтізбелік жеті күн қалғаннан бастап қызметкерге жазбаша түрде ескертіп, бұл қызметкерді сынақ мерзімінен өте алмады деп тануға негіз болған себептерді көрсете отырып, онымен еңбек шартын бұзуға құқылы.
2. Егер сынақ мерзімі аяқталса және тараптардың ешқайсысы еңбек шартының бұзылуын талап етпесе, онда қызметкер сынақтан өткен болып есептеледі.
3. Жұмыс беруші сынақ мерзімі аяқталғанға дейін қызметкерді одан жоғары лауазымға тағайындаған жағдайда да қызметкер сынақтан өткен болып есептеледі.
38-бап. Еңбек шарты қолданылуының басталуы
1. Еңбек шартының қолданылуы оған тараптардың қолы қойылған күннен не шартта белгіленген күннен басталады.
2. Қызметкерді жұмысқа нақты жіберу еңбек шартына тараптардың қолы қойылғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
3. Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған және (немесе) тиісті үлгіде ресімделмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады. Бұл жағдайда еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі.
39-бап. Еңбек шартының жарамсыздығы
1. Еңбек шарты:
1) алдау, күш көрсету, қауіп төндіру арқылы ықпал етіп;
2) нақты немесе заңды салдар туғызу ниетінсіз (жалған еңбек шарты);
3) әрекетке қабілетсіз деп танылған адаммен;
4) осы Кодекстің 30-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, он төрт жасқа толмаған адаммен;
5) ата-анасының біреуінің, қамқоршысының, асырап алушысының келісімінсіз, он алты жасқа толмаған адаммен жасалған жағдайларда, сот оны жарамсыз деп таниды.
2. Еңбек шартының жұмыс берушінің кінәсінен жарамсыз деп танылуы бұрынғы қызметкердің еңбегіне ақы алу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемін, өзге де төлемдер мен жеңілдіктер алу құқығынан айрылуына әкеп соқпайды.
3. Еңбек шартының жұмыс берушінің немесе қызметкердің кінәсінен жарамсыз деп танылуы олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылығына әкеп соғады.
4. Еңбек шартының жекелеген талаптарының жарамсыз деп танылуы еңбек шартының тұтастай жарамсыздығына әкеп соқпайды.
40-бап. Еңбек шартында келісілмеген жұмысты орындауға
тыйым салу
Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс беруші қызметкерден еңбек шартында келісілмеген жұмысты орындауды талап етуге құқылы емес.
41-бап. Қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру
1. Қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру деп:
1) қызметкер жұмысының (еңбек функциясының) өзгеруі, яғни жұмысты басқа лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік бойынша орындау;
2) орындау кезінде еңбек шартында келісілген еңбек жағдайлары (жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, жеңілдіктер мен басқа да жағдайлар) өзгеретін жұмысты тапсыру;
3) жұмыс берушінің оқшауланған құрылымдық бөлімшесіне ауыстыру;
4) жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауыстыру есептеледі.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыруға қызметкердің келісімімен жол беріледі, ол еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізумен және жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
3. Қызметкерді сол ұйымда басқа жұмыс орнына, осы ұйымның сол жердегі басқа құрылымдық бөлімшесіне ауыстыру, оған басқа механизмде немесе агрегатта жұмыс істеуді тапсыру, егер бұл осы баптың 1-тармағында көзделген өзгерістерге әкеп соқпаса, басқа жұмысқа ауыстыру болып табылмайды және бұған қызметкердің келісімін алу талап етілмейді.
42-бап. Қызметкерді жұмыс берушімен бірге басқа
жерге ауыстыру
1. Егер еңбек шартында, ұжымдық шартта ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші жұмыс берушінің басқа жерге көшетіні туралы қызметкерге кемінде бір ай бұрын жазбаша ескертуге міндетті.
2. Қызметкер жұмыс берушімен бірге басқа жерге жұмысқа ауыстырылған жағдайда, жұмыс беруші қызметкердің көшуіне байланысты осы Кодекстің 153-бабында көзделген өтемақы төлемдерін жасайды.
3. Қызметкер жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауысудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.
43-бап. Өндірістік қажеттілік жағдайында басқа жұмысқа
уақытша ауыстыру
Өндірістік қажеттілік болған, оның ішінде жоқ қызметкерді уақытша алмастырған жағдайда, жұмыс берушінің қызметкерді оның келісімінсіз күнтізбелік жыл ішінде бір айға дейінгі мерзімге, орындалатын жұмыс бойынша еңбегіне ақы төлеп, бірақ бұрынғы жұмысындағы орташа жалақысынан кем емес жалақымен, еңбек шартында келісілмеген және денсаулық жағдайы бойынша қайшы келмейтін сол ұйымдағы, сол жердегі басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар.
44-бап. Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа
уақытша ауыстыру
1. Жұмыс берушінің бос тұрып қалу жағдайында қызметкердің мамандығын, біліктілігін ескере отырып, оның келісімінсіз, күнтізбелік жыл ішінде бір айдан аспайтын мерзімге, оны денсаулық жағдайы бойынша қайшы келмейтін басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар.
2. Бос тұрып қалу жағдайындағы ауыстыру кезінде қызметкердің еңбегіне ақы төлеу орындалатын жұмыс бойынша, бірақ оның бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысының кемінде үштен екісі мөлшерінде жүргізіледі.
Еңбек жағдайының өзгеруіне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тоқтатылады.
45-бап. Денсаулық жағдайы бойынша басқа жұмысқа
уақытша ауыстыру
1. Қызметкер денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстырылады. Тараптардың келісімімен қызметкердің бұрынғы жұмысы бойынша жалақысы сақталуы мүмкін.
2. Қызметкердің еңбек міндеттерін орындауға байланысты жарақаттануына, кәсіптік ауруға шалдығуына немесе денсаулығына өзге де зақым келуіне байланысты еңбекке қабілеттілігі қалпына келгенше немесе мүгедектік белгіленгенге дейін жұмыс беруші қызметкерді анағұрлым жеңіл жұмысқа ауыстыруға не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, сондай-ақ еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес залалдың өтемін төлей отырып, оны жұмыстан босатуға міндетті.
3. Қызметкер еңбек міндеттерін атқаруға байланысты өндірістік жарақат алған, кәсіптік ауруға шалдыққан немесе денсаулығына өндіріске байланысты емес өзге де зақым келген кезде басқа жұмысқа ауысудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.