Мемлекеттік сатып алу саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 қарашадағы № 1144 Қаулысы
(2012.19.03. берілген өзгерістермен)
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2015 жылғы 10 тамыздағы № 636 Қаулысымен күші жойылды
«Мемлекеттік сатып алу саласында мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 232 бұйрығын қараңыз
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 13-бабы 15) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік сатып алу саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 29 қарашадағы
№ 1144 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік сатып алу саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру
ережесі
Осы Мемлекеттік сатып алу саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңы (бұдан әрі - Заң) 13-бабының 15) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік сатып алу саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін анықтайды.
ҚР Үкіметінің 2012.19.03. № 342 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
білім беру ұйымдары - қосымша білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орындары;
тапсырыс беруші - ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық басқарушы компанияларды, ұлттық компанияларды және олар аффилиирлеген заңды тұлғаларды қоспағанда, Заңға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) елу және одан астам пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олар аффилиирлеген заңды тұлғалар.
2. Мемлекеттік сатып алу саласындағы мамандарды (бұдан әрі - мамандар) қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды білім беру ұйымдары жүргізеді.
3. Білім беру ұйымдары мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі оқу бағдарламаларын (бұдан әрі - оқу бағдарламалары) әзірлейді, олар Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
4. Мамандарды оқыту бекітілген оқу бағдарламаларына сай жүргізіледі.
Қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өткен мамандарға Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес құжат беріледі.
5. Оқу бағдарламасының жалпы сағаты санының кемінде 20 %-ын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу рәсімдерінің орындалуына жауапты тапсырыс берушілердің, қызметкерлері қатарынан іс жүзіндегі қызметкерлерді, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген рәсімдерді бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тарта отырып, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу практикасын зерделеуді құрауы тиіс.
6. Білім беру ұйымдары:
оқытушылық қызметке мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті органмен кандидатураларын келіскеннен кейін іс жүзіндегі қызметкерлер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тартады;
жыл сайын мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті органға осы Ереженің 4-тармағында көрсетілген құжатты алған адамдардың тізімін береді.