34. Орта және аға басшы құрамның кезекті арнайы атақтары ҚАЖ білім беру ұйымдарының магистранттарына және адъюнкттеріне, оқуға түскеннен кейін енгізілген осы лауазымдар бойынша штаттағы арнайы атақтарға өзгерістер ескерілместен, олар оқуға түскенге дейін атқарған штаттық лауазымдарына сәйкес, тиісті арнайы атақтарда еңбек сіңірудің белгіленген мерзімі аяқталған бойда; кезекті арнайы атақтар ҚАЖ қызметкерлері білім беру ұйымын бітірген соң тағайындалатын штаттық лауазымдар бойынша атақтарға сәйкес болған жағдайда - ҚАЖ оқу орнын, магистратураны, адъюнктураны бітірген бойда беріледі.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 35-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
35. Басшы құрамның кезекті арнайы атағы (әділет полковнигіне дейін қоса алғанда), қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін көтермелеу түрінде оның алдындағы атақта еңбек сіңірудің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін немесе атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген арнайы атақтан бір саты жоғары берілуі мүмкін.
Арнайы атақтар мерзімінен бұрын арнайы атақта еңбек сіңірудің белгіленген мерзімдерінің кемінде жартысы өткенде және қолданыстағы тәртіптік жазаның болмауы кезінде беріледі.
Атқарып отырған штаттық лауазымында көзделген арнайы атақтан бір саты жоғары кезекті арнайы атақ:
арнайы атақта еңбек сіңірудің белгіленген мерзімі өткен соң - ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы бар, оқу орнында штаттық лауазым атқаратын басшы құрамның адамдарына;
оның алдындағы арнайы атақта еңбек сіңірудің кемінде бір жарым мерзімі өткен соң - басшы құрамның басқа да санаттарына беріледі.
Арнайы атақтарды мерзімінен бұрын не атқарып отырған штаттық лауазымында көзделген арнайы атақтан бір саты жоғары беру ҚАЖ-дағы қызметінің барлық кезеңі үшін бір рет жүргізіледі.
Бұл ретте кіші басшы құрамның арнайы атақтарын жоғары білім берудің кәсіптік оқыту бағдарламаларын іске асыратын ҚАЖ аумақтық органдарының және ҚАЖ білім беру ұйымдарының бастықтары, ал орта және аға басшы құрамның арнайы атақтарын - Министр береді.
36. ҚАЖ тиісті органының қарамағындағы немесе тәртіптік жазасы бар, сондай-ақ оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған немесе қызметтік тәртіпті бұзу фактілері бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқан ҚАЖ қызметкерлерін тиісінше лауазымға тағайындалғанға, тәртіптік жазасы алынғанға, ақтайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтатқанға дейін немесе қызметтік тексеру аяқталғанға дейін кезекті арнайы атақтар беруге ұсыну жүргізілмейді.
37. Тәртіптік жаза қолданудың заңсыздығы туралы шешім қабылданған немесе ақтайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтатқан жағдайда, ҚАЖ қызметкерлеріне кезекті арнайы атақ атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша атаққа кезекті арнайы атақ сәйкес болған кезде оны берудің мерзімі басталған сәттен бастап беріледі.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 38-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
38. Арнайы атақтан бір саты төмендету ҚАЖ қызметкерлеріне тәртіптік жаза ретінде қолданылады. Мұндай жағдайда арнайы атақтағы еңбек сіңірген жылдары арнайы атағын бір сатыға төмендету туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап есептеледі.
Арнайы атағынан төмендетілген ҚАЖ қызметкерлері атағын төмендеткен күннен бастап кемінде алты ай өткен соң арнайы атағын төмендету туралы шешім қабылдаған лауазымды адамдардың бұйрықтарымен атқарып отырған штаттық лауазымына қарамастан, бұрынғы арнайы атағы қалпына келтіріледі.
ҚАЖ қызметкерінің бұрынғы арнайы атағы қалпына келтірілгенге және оған кезекті арнайы атақ берілгенге дейін арнайы атағы қайта төмендетілмейді.
39. ҚАЖ қызметкерлері соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі бойынша арнайы атағынан айырылуы мүмкін.
Бұл ретте арнайы атақтан арнайы атақты беру құқығы берілген адам айырады немесе төмендетеді.
40. Арнайы атақтан заңсыз айырған жағдайда бұрынғы атағын қалпына келтіру туралы шешімді сот органдарының қаулысына сәйкес арнайы атағынан айыру туралы шешім қабылдаған лауазымды адамдар қабылдайды.
Арнайы атақтан заңсыз айырылу кезеңі қалпына келтірілген арнайы атақта еңбек сіңіру мерзіміне кіреді. Арнайы атақтан заңсыз айырылған ҚАЖ қызметкерлеріне толық көлемде материалдық зиян өтеледі.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 41-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
41. ҚАЖ қызметкерлеріне:
1) жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстары;
2) ақы төленетін қосымша жыл сайынғы еңбек демалыстары;
3) қысқа мерзімді демалыстар;
4) жалақысы сақталмай берілетін демалыстар;
5) оқу демалыстары (ҚАЖ білім беру ұйымдарының курсанттары мен тыңдаушыларына, сырттай оқу бөлімінде оқушыларға);
6) бала (балалар) тууына, бала асырап алуына байланысты демалыстар;
7) сырқаттануы бойынша демалыстар беріледі;
8) шығармашылық демалыстар (ҚАЖ білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне педагогикалық өтілі сақтала отырып ғылыми жұмыспен айналысу үшін беріледі)
Демалыстарды ҚАЖ-дың тиісті мемлекеттік мекемелерінің басшылары береді. Қызметкерлердің жұмысқа шығуын, демалысын, науқастануы бойынша демалысын есепке алуды кадр қызметтерінің қызметкерлері жүзеге асырады.
Демалыс беру, ауыстыру, ұзарту не демалыстан шақыртып алу тиісті бұйрықпен ресімделеді.
42. ҚАЖ қызметкерлеріне күнтізбелік жыл ішінде демалыс кестесіне сәйкес демалыс өткізу орнына келу мен кету уақытын есептемегенде ұзақтығы 30 тәулік ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
Заңнамада жұмыс күндері емес деп белгіленген жалпымемлекеттік мереке күндері, ақылы жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығын айқындау кезінде есепке алынбайды және оның ұзақтығына қосылады.
ҚАЖ қызметкерлерінің ҚАЖ-ға қызметке кірген жылындағы кезекті демалысының ұзақтығы, олардың қызметке кірген күнінен бастап жылдың соңына дейінгі қызмет өткерген уақытына тепе-тең түрде мынадай есеппен есептеледі: бөлігі қызметінің әрбір толық айы демалысының 1/12 үшін болады. Бұл ретте ұзақтығы 10 тәулік және одан көп демалыс алуға құқылы ҚАЖ қызметкерлеріне жол жүруіне демалыстан тыс уақыт беріледі. Ұзақтығы 10 тәулікке жетпейтін жыл сайынғы демалыс, аталған адамдарға өздерінің қалауы бойынша келесі жылы кезекті демалысымен бір мезгілде берілуі мүмкін.
Қызметке келген жылы демалыс беру кезінде сауықтыру жәрдемақысы нақты берілген демалыс күніне тепе-тең түрде төленеді.
Демалыс алуға құқығы бар ҚАЖ қызметкерлері оны бөліп пайдалана алады. Жолға берілген уақыт демалыстың бір бөлігіне ғана беріледі.
43. Биік таулы мекендерде (1500 м биіктікте және одан жоғары), климат жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерде қызмет атқаратын ҚАЖ қызметкерлеріне, еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, ұзақтығы 45 тәулік кезекті демалыс беріледі. Бұл жерлердің тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 26 тамыздағы № 803 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, ішкі істер, қаржы полициясы, өртке қарсы қызмет, Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі органдарының қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдарын есептеудің, бір жолғы жәрдемақылар тағайындау мен оны төлеудің ережесінде 1-қосымшаға сәйкес белгіленеді.
44. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы мынадай жағдайларда:
1) ҚАЖ қызметкерінің уақытша еңбекке жарамсыздығы, жүктілігі мен босануы бойынша демалысы кезінде;
2) егер ол үшін заңда жұмыстан босату көзделсе, ҚАЖ қызметкерінің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы кезінде мемлекеттік міндеттерді орындау уақытында толық ұзартылуы немесе ауыстырылуы немесе бөлінуі мүмкін.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы (оның бөлігі) ҚАЖ қызметкерінің тек жазбаша келісімімен немесе оның өтінішімен ауыстырылуы немесе ұзартылуы мүмкін. Ауыстырылған еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша келесі жылғы жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қосылуы немесе қызметкердің өтінішімен басқа уақытқа бөлек ұсынылуы мүмкін.
45. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы ҚАЖ қызметкерінің жазбаша келісімі бойынша ғана тоқтатылуы мүмкін. Шақыртып алуға байланысты жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі, ҚАЖ-дың тиісті мемлекеттік мекемесі басшысының келісімі бойынша ағымдағы жыл ішінде немесе келесі жұмыс жылы кез келген уақытта немесе келесі жұмыс жылының ақылы жыл сайынғы еңбек демалысына қосылып беріледі.
ҚАЖ білім беру ұйымдарына күндізгі оқу бөліміне жіберілетін ҚАЖ қызметкерлеріне кезекті ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы оқу орнына кеткенге дейін беріледі.
46. Жасының келуі, сырқаттануы, штаттық қысқаруы бойынша ҚАЖ органдарынан босатылған ҚАЖ қызметкерлеріне өздерінің қалауы бойынша сол жылы өздері нақты еңбек еткен уақыт мерзіміне кезекті демалыс беріледі немесе босатылатын жылы пайдаланбаған кезекті демалысы үшін сол жылы қызмет еткен уақытына, бірақ 45 тәуліктен аспайтын тепе-тең түрде ақшалай өтемақы төленеді.
ҚАЖ-дан босатылатын ҚАЖ қызметкерлеріне (осы тармақтың 1-бөлігінде көрсетілген адамдарды қоспағанда) босатылған жылы пайдаланылмаған кезекті демалысы үшін сол жылы қызмет атқарған уақытына тепе-тең түрде, бірақ 45 тәуліктен аспайтын уақытқа ақшалай өтемақы төленеді.
47. ҚАЖ қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдарына қарай (күнтізбелік есеппен), ұзақтығы мынадай қосымша ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі:
1) он жылдан артық еңбек сіңіргендерге - ұзақтығы 5 тәулік;
2) он бес жылдан артық еңбек сіңіргендерге - ұзақтығы 10 тәулік;
3) жиырма жылдан артық еңбек сіңіргендерге - ұзақтығы 15 тәулік.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерімен экологиялық апат аймағы деп жарияланған аймақтарда қызмет атқаратын, сондай-ақ ҚАЖ-дың емдеу-алдын алу мекемелерінде қызмет атқаратын ҚАЖ қызметкерлеріне ұзақтығы мен беру тәртібі қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес айқындалатын жыл сайынғы қосымша демалыс беріледі.
Қызметінің айрықша сипаты үшін ұзақтығы 10 тәулікке дейін қосымша жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі, ол кезекті демалысқа қосылып есептеледі, ҚАЖ қызметкерінің қалауы бойынша онымен бір мезгілде немесе бөлек берілуі мүмкін, бұл ретте қосымша және жыл сайынғы демалыстардың жалпы үзіліссіз ұзақтығы 55 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.
48. Зиянды жағдайда міндеттерін орындағаны және қызметінің айрықша сипаты үшін бір мезгілде қосымша демалыс алуға құқылы ҚАЖ қызметкерлеріне қосымша демалыс олардың таңдауы бойынша тек бір негіз бойынша ғана беріледі.
49. ҚАЖ қызметкерлеріне қысқа мерзімді ақылы демалыс шұғыл әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді, ең алдымен сырқаттануына, туысқандық борышын өтеуіне байланысты мәселелерді шешу үшін, сондай-ақ басқа да дәлелді себептер бойынша қызметкердің демалысты өткізетін жерге барып қайтатын жолының уақыты есепке алынбастан 10 тәулікке дейін беріледі.
50. ҚАЖ білім беру ұйымдары күндізгі бөлімінің курсанттарына (тыңдаушыларына) мынадай:
1) ұзақтығы 14 тәулік - қысқы каникулдық демалыс;
2) ұзақтығы 30 тәулік - жазғы каникулдық демалыс;
3) ұзақтығы 30 тәулік оқу орнын бітіруіне байланысты демалыстар беріледі.
ҚАЖ білім беру ұйымдарының оқу бойынша берешегі бар курсанттары мен тыңдаушыларына каникулдық демалыс, оқу бағдарламаларында белгіленген демалыс өткізу мерзімдерінің шегінде оны өтегеннен кейін беріледі.
Осы Ереженің 47 және 53-тармақтарымен көзделген қосымша демалыстар ҚАЖ білім беру ұйымдарының тыңдаушылары мен курсанттарына берілмейді.
ҚАЖ білім беру ұйымдарының күндізгі оқу бөлімін бітіруіне байланысты демалыс оқу бітірушілерге олардың дербес бөлу орны бойынша оларды ҚАЖ органында немесе мекемелерінде лауазымға тағайындағаннан кейін беріледі.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 51-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
51. ҚАЖ білім беру ұйымдарының сырттай оқу бөлімінде оқитын қызметкерлерге емтихан тапсыру кезеңіне ұзақтығы емтихандық сессиясының ұзақтығына тең, бірақ бір оқу жылының ішінде қырық күннен аспайтын оқу демалыстары беріледі, бұл ретте біліктілігін арттыру және мамандарды даярлау курстарында оқитын ҚАЖ қызметкерлеріне оқу орнына темір жол көлігімен баруға және қайтуға арналған шығыстары өтеледі. Біліктілігін арттыру және мамандар даярлау курстарында оқитын ҚАЖ қызметкерлеріне қызметтік іссапарлар үшін белгіленген тәртіппен және нормалар бойынша оқуда болған әр күні үшін тәуліктік төленеді және тұрғын жай жалдау жөніндегі шығыстары өтеледі.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 52-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
52. Магистратура мен адъюнктураға түсетін ҚАЖ қызметкерлеріне қабылдау емтихандарына дайындалу және тапсыру үшін ұзақтығы 30 тәулікке дейін, ал өзге де жоғары білім берудің кәсіптік оқыту бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына емтихан тапсыру үшін ұзақтығы 15 тәулікке дейін, ақшалай ұсталуы сақталмай оқу демалысы берілуі мүмкін.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.24.04. № 350 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 53-тармақ өзгертілді
53. Жүктілігі және босануы бойынша демалыстар, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әйелдерге (еркектерге) берілетін демалыстар және қосымша демалыстар ҚАЖ қызметкерлеріне кезекті демалыстан тыс беріледі.
Жүктілігі және босануы бойынша демалыстардың, бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) берілетін демалыстардың ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
54. Сырқаттануы бойынша демалыстың ұзақтығы ауруының сипатына қарай анықталады. Сырқаттануына және емдеу мекемелерінде емделуіне байланысты үздіксіз демалыста болу уақыты, қолданыстағы заңнамамен жекелеген сырқаттар бойынша емделудің бұдан да ұзақ мерзімі көзделген жағдайлардан басқасында екі айдан аспауы тиіс. Емдеу мекемесінің қорытындысы негізінде тікелей бастықтың - ҚАЖ аумақтық органы, білім беру ұйымы бастығының шешімімен бұл мерзім тағы да ұзартылуы мүмкін. Сырқаттануы және емделуі бойынша демалыста үздіксіз болудың белгіленген мерзімі өткен соң көрсетілген ҚАЖ қызметкерлері өздерінің әрі қарай қызмет атқаруға жарамдылығы туралы мәселені шешу үшін ӘДК-ның куәландырылуынан өтуі тиіс.
55. Жиі және ұзақ ауыратын ҚАЖ қызметкерлерін, егер еңбекке жарамсыз күндерінің саны үзіліссіз 2 айға дейінгіні немесе 12 ай ішінде 3 айға дейінгіні құрайтын болса, ҚАЖ кадр қызметі одан әрі өткеруге жарамдылығын анықтау үшін ӘДК медициналық куәландыруға жібереді.
Қызметтік міндеттерін және қызметтік борышын орындау кезінде жарақаттануына, контузия алуына немесе мертігуіне байланысты ҚАЖ қызметкерлеріне ақшалай үлесі емделіп жатқан уақытында төленеді, бұл ретте емделу уақытына шек қойылмайды. Көрсетілген адамдар медициналық куәландырылуға емделіп болған соң немесе сырқатының нәтижесі анықталған жағдайда жіберіледі.
ҚАЖ қарамағында болу кезеңінде науқастанған ҚАЖ қызметкерлеріне емдеуде болған уақытындағы ақша қаражаты қарамағында болу күніне алынатын көлемде төленеді.
56. ҚАЖ қызметкерлеріне демалыс өткізу орнына бару және қайту жолына берілген уақытын қоса алғанда, кезекті, қысқа мерзімді, қосымша демалыстар, сырқаттануына, жүктілігі мен босануына байланысты демалыстар кезінде ақшалай үлес олардың атқарып отырған лауазымы бойынша демалысқа шыққан күні алған мөлшерде төленеді. Олардың сондай-ақ тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерге арналған ақшалай өтемақы алуына, егер демалыс алғанға дейін олар мұндай өтемақы алса, құқығы бар.
57. ҚАЖ қызметкерлеріне қауіпсіз қызмет жағдайы қамтамасыз етіледі, қызмет бабында өсуге, білім деңгейі мен мәдениетін арттыруға, дене бітімін дамытуға, қоғамдық міндеттерді орындауға және демалуға нақты мүмкіндіктер беріледі.
58. ҚАЖ қызметкерлері ҚАЖ білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа да жоғары және арнаулы орта оқу орындарының күндізгі, сырттай оқу бөлімдерінде, қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстарында (факультеттерінде), соның ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде оқи алады.
Өзге де білім беру ұйымдарында сырттай (кешкі) оқу бөлімдерінде оқитын ҚАЖ қызметкерлеріне еңбекақы төлеу, оқу орнына жол жүру, демалыс беру мәселелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
59. ҚАЖ қызметкерлері үшін жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.
60. Төтенше немесе әскери жағдай енгізілгенде, күдікті, айыпталушы және сотталғанның қашуы, адамды кепілге алу, жаппай тәртіпсіздік, топтасып бағынбаушылық, осылардың болу қаупі кезінде ҚАЖ мекемелерінде ерекше жағдай режимі енгізілуі мүмкін.
Ерекше жағдай режимі Қазақстан Республикасының Бас прокурорымен келісілген Министрдің шешімі бойынша отыз тәулікке дейінгі мерзімге енгізіледі.
Ерекше жағдайларда ерекше жағдай режимін қолдану уақыты қосымша отыз тәулікке ұзартылуы мүмкін. Бұл ретте, ҚАЖ қызметкерлерінің ерекше жағдай режимінде қызмет атқаруы үш айдан аспау керек және демалыс күндерімен өтеледі.
61. ҚАЖ қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру, мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 (бұр.ред.қара); 2009.23.07. № 1125 (бұр.ред.қара) Қаулыларымен 62-тармақ өзгертілді
62. ҚАЖ қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына қызметтегі үзіліске қарамастан, еңбек сіңірген жылдарына қарай коэффициент белгілеу құқығын беретін жұмыс өтіліне:
1) ҚАЖ-да, қаржы полициясы, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, кеден қызметі, бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитеті, ішкі істер, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі, өртке қарсы қызмет органдарындағы қызмет уақыты, судья ретіндегі жұмыс уақыты, сондай-ақ мемлекеттік және әскери қызмет өтілі;
2) ҚАЖ қызметкерлерінің ҚАЖ кадрында болу уақыты, егер олар белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға қызметке жіберілген болса, есептеледі;
3) ҚАЖ, қаржы (салық) полициясы, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қорғаныс министрлігінің білім беру ұйымдарындағы оқу уақыты.
63. ҚАЖ қызметкерлері қаза тапқан (қайтыс болған), ауырған немесе мертіккен жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кепілдіктер беріледі.
64. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар ішінен жүкті әйелдер мен аналар, сондай-ақ анасыз (ол қайтыс болған, ата-ана құқығынан айырылған, ұзақ мерзімде емдеу мекемесінде болған жағдайда және басқа аналық қамқорлығы болмаған жағдайларда) бала тәрбиелеуші ҚАЖ қызметкерлері, әкелер қолданыстағы заңнамада осы санаттағы адамдар үшін белгіленген барлық құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады.
65. ҚАЖ қызметкерлері қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті түрде әлеуметтік сақтандырылуға жатады.
66. ҚАЖ қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің өмірін, денсаулығын, абыройы мен намысын, мүлкін қылмыстық қол сұғудан қорғау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделеді.
Қызметтік міндетін атқаруына байланысты ҚАЖ қызметкерлерінің мүлкіне келтірілген зиян белгіленген тәртіппен өтеледі.
67. ҚАЖ қызметкерлері мен олардың өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелері, сондай-ақ ҚАЖ зейнеткерлері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ішкі істер органдарының тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық қызмет көрсетулерді пайдаланады.
ҚАЖ қызметкерлері қызмет ететін немесе тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарының мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері болмаған кезде немесе оларда тиісті бөлімшелер, қажетті мамандар не арнаулы жабдықтар болмаған кезде, сондай-ақ шұғыл жағдайларда оларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек көрсетіледі.
68. ҚАЖ қызметкерлерінің тәртібі олардың заңдылық, дара басшылық, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын, антын, жарғыларын, бастықтардың бұйрықтарын орындау қағидаттарын қатаң сақтауға негізделеді.
ҚАЖ қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде тікелей және төте бастықтарына ғана бағынады.
69. Басшы өз қарамағындағылар арасындағы қызметтік тәртіптің жай-күйіне жауап береді. Оларға жоғары талап қоюмен қатар басшы:
1) қарамағындағылардың еңбек етуі, демалысы және біліктілігін арттыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды;
2) қарамағындағылардың қызметтік міндеттерін орындауына жауапкершілік сезімін тәрбиелейді;
3) қарамағындағылардың қызметтік іс-әрекетін бағалауда жариялылықпен және әділдікті қамтамасыз етеді;
4) қарамағындағылардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтейді;
5) жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық көріністері туындауының, жеке сипаттағы себептермен немесе ҚАЖ қызметіндегі кемшіліктерді сынағаны үшін қарамағындағы қызметкерлерді қудалаудың жолын кеседі.
70. Қызмет бойынша бір-біріне тікелей бағынбайтын ҚАЖ қызметкерлері нақты тапсырмаларды орындау кезінде аға немесе кіші лауазымды адамдар болуы мүмкін.
Қызмет бойынша бір-біріне тікелей бағынбайтын ҚАЖ қызметкерлерінің өзара қарым-қатынас тәртібін ҚАЖ-дың уәкілетті органы белгілейді.
71. Бастықтың бұйрығы мүлтіксіз, дәл және мерзімінде орындалуы тиіс.
ҚАЖ қызметкерлері өз іс-әрекетінің заңсыздығы үшін жауап береді. Атқару үшін алынған өкімнің заңдылығына күмәнданған жағдайда бұл жөнінде ҚАЖ қызметкері өзінің тікелей басшысына және өкімді берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкімді жазбаша растаған жағдайда ҚАЖ қызметкері, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиіс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға міндетті. Қатардағы және басшы құрамдағы адамның заңсыз өкімді орындауының салдары үшін осы өкімді растаған басшы жауап береді.
72. Лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны және қызметінде жоғарғы нәтижелерге қол жеткізгені үшін ҚАЖ қызметкерлері:
біржолғы ақшалай жәрдемақымен;
алғыс жариялаумен;
бағалы сыйлықпен марапатталумен;
Құрмет грамотасымен немесе грамотамен марапатталумен;
кеуде белгісімен марапатталумен;
кезекті арнайы атақты мерзімінен бұрын берумен;
атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген атақтан бір саты жоғары арнайы атақ берумен көтермелеуі мүмкін.
ҚАЖ қызметкерлеріне көтермелеу ретінде тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын алу қолданылуы мүмкін.
73. ҚАЖ қызметкерлеріне кеуде белгілері мен грамоталардың сипаттамасы мен оларды беру тәртібін ҚАЖ-дың уәкілетті органы белгілейді.
74. Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы, табандылығы және мемлекет алдындағы басқа да сіңірген еңбегі үшін ҚАЖ қызметкерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсынылуы мүмкін.
Қол жеткен табыстары үшін ҚАЖ қызметкері ведомстволық наградалармен марапатталуы мүмкін. ҚАЖ ведомстволық наградаларының сипаттамасын және олармен марапаттау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті белгілейді.
75. ҚАЖ қызметкерлеріне мынадай тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
5) атқарып отырған лауазымынан босату;
6) арнайы атағын бір саты төмендету;
7) ҚАЖ-дан шығару.
Қызметкердің теріс қылық жасағаны жаза қолдануға негіз болып табылады.
76. Көтермелеу мен тәртіптік жазаны оларға берілген құқықтардың шегінде бастықтар тиісті бұйрық шығару жолымен қолданады.
77. Жаза жасалған теріс қылықтың ауырлығына, нысанына және оны жасаған адам кінәсінің дәрежесіне сәйкес келуі тиіс.
Жаза белгілеу кезінде:
1) теріс қылықтың мазмұны мен сипатының;
2) теріс қылық жасау кезіндегі мән-жайлардың;
3) жасалған теріс қылықтың жағымсыз салдары;
4) оны жасаған адамның бұрынғы тәртібі;
5) қызмет өтілі;
6) қызметкердің жеке басын сипаттайтын өзге де мән-жайлардың жиынтығы ескеріледі.
78. ҚАЖ қызметкерлеріне тәртіптік жаза теріс қылық жасаған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады және теріс қылық жасаған күннен бастап алты айдан кешіктіріліп қолданылмайды, ал Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген немесе қызметкердің қаржы-шаруашылық қызметін ревизиялау немесе тексеру нәтижелері бойынша тәртіптік теріс қылығы анықталған жағдайда қызметкердің теріс қылық жасаған күнінен бастап бір жылдан кешіктірілмей қолданылады. Көрсетілген мерзімге қылмыстық ісі бойынша іс жүргізу уақыты енгізілмейді.