2. Егер Парламент немесе тиiстi Палата дауыс берудiң өзгеше тәртібін белгiлемесе, шешiмдер әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру жолымен қабылданады.
3. Шешiмдер тиiсiнше Парламенттiң, тиiстi Палатаның қаулыларымен әр кандидатура бойынша жеке ресiмделедi.
4. Қызметке сайлап, қызметтен босатуға келісім беру үшiн Президент ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда Парламенттiң не оның тиiстi Палатасының шешiмiне қабылдамаудың толық дәлелдемесi болуға тиiс.
V тарау
Республика Парламентi депутаттарының мәртебесi
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 24-бап өзгертілді
24-бап. Республика Парламентiнiң депутаты
1. Парламент депутаты қандай да болсын аманатты мандатпен, соның iшiнде аманатпен немесе тапсырмамен байланысты емес және Парламентте өз нанымы бойынша дауыс бередi.
2. Депутаттың өкiлеттiгi оны Республиканың Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретiнде тiркеген сәттен басталады. Парламенттiң бiрiншi сессиясында оның Палаталарының бiрлескен отырысында депутаттар Қазақстан халқына мынадай ант бередi: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсiздiгiн нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзiме жүктелген депутаттың мәртебелi мiндетiн абыроймен атқаруға ант етемiн". Антты Президент қабылдайды және ант беру Республика Үкіметі, Конституциялық Кеңесi мүшелерiнiң, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерiнiң қатысуымен салтанатты жағдайда өткiзiледi.
3. Парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмысты атқаруға, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.
4. Парламент депутатының өкiлеттiгi ол орнынан түскен, депутат iс-әрекетiне қабiлетсiз деп танылған, парламент таратылған жағдайларда және Конституциямен көзделген өзге де реттерде тоқтатылады. Парламент депутаты оған қатысты соттың айыптау үкімі күшiне енгiзiлген, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты қоныс аударған кезде өз мандатынан айрылады. Депутаттық өкiлеттiктi тоқтату немесе одан айыру туралы шешiмдi Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен Парламенттiң тиiстi Палатасы өз депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылдайды.
25-бап. Республика Парламентi депутатының өкiлеттiгi
1. Депутат Парламент сессиясында және өзi құрамына кiретiн оның органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
2. Парламент депутаты:
1) Парламент пен оның Палаталарының үйлестiрушi және жұмыс органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
2) сессияның күн тәртібі, талқыланатын мәселелердi қарау тәртібі мен олардың мәнi жөнiнде ұсыныстар мен ескертпелер енгізуге;
3) Парламент Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не Парламент пен оның Сенаты тағайындауға келісім беретiн лауазымды тұлғалардың кандидатуралары жөнiнде өз пiкiрiн айтуға;
4) Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында қарау үшiн ұсынылатын мәселелер бойынша Палаталар Бюросына ұсыныстар енгізуге, ал оның ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды Палаталардың пленарлық отырыстарының қарауына енгізуге;
5) Парламент пен оның Палаталары органдарының отырыстарында қарау үшiн мәселелер ұсынуға;
6) Парламент Палаталарына есептi лауазымды тұлғалардың есебiн немесе хабарламасын Парламент сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгізуге;
7) заңда белгiленген тәртiппен депутаттық сұрау салуға;
8) жарыссөздерге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырысқа төрағалық етушiге сауалдар беруге;
9) дауысқа салу себептерi бойынша өзiнiң ұсыныстарын негiздеп сөйлеуге, анықтама беруге;
10) Парламент қабылдайтын заңдардың, қаулылардың, басқа да актiлердiң жобаларына түзетулер енгізуге;
11) Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар үндеулерiмен таныстыруға;
12) Парламент отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларындағы депутаттардың сөйлеген сөздерiнiң мәтiндерiмен танысуға;
13) осы Конституциялық заңға, Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiне сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асыруға хақылы.
26-бап. Депутаттың Парламент сессияларына, оның
Палаталарының отырыстарына қатысуы
1. Депутат Парламенттiң және өзi құрамына сайланған оның органдарының жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте дауыс берудi депутаттың жеке өзi ғана жүзеге асырады.
2. Палатаның Төрағасы, не тиiсiнше депутат мүшесi болып табылатын органның басшысы регламентпен белгiленген мерзiмде депутатқа сессиялардың, орган отырыстарының өткiзiлетiн уақыты мен орны туралы, сондай-ақ олардың қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы депутатқа хабарлайды, оған осы мәселелер бойынша қажеттi материалдарды бередi.
3. Депутат мәжіліске келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда бұл туралы Палатаның Төрағасына не тиiсiнше Парламент органының немесе оның Палатасының басшысына күнiбұрын хабарлайды.
4. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға беруi депутатқа осы Конституциялық заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
5. Палаталар Бюроларының, олардың тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiретiн депутат кез келген мәселелер мен ұсыныстарды қарауға енгізуге, мәселелердi қарауға әзiрлеуге, олар бойынша шешiмдердi талқылап, қабылдауға, сондай-ақ қабылданған шешiмдердiң жүзеге асырылуын ұйымдастыруға, олардың орындалуын бақылауға қатысуға хақылы.
6. Өзi құрамына кiретiн Парламент органының шешiмiмен келiспеген депутат Парламент сессиясында өз көзқарасын баяндауға немесе ол туралы төрағалық етушiге жазбаша түрде хабарлауға хақылы.
7. Палаталар Бюроларының, олардың тиiстi тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiрмейтiн депутат аталған органдардың отырыстарына қатысып, ұсыныстар енгiзе алады, қаралатын мәселелердi талқылауға және кеңесшi дауыс құқығымен шешiмдердi қабылдауға қатыса алады. Депутат Палаталар Бюроларының, тұрақты комитетiнiң немесе комиссиясының шешiмiмен келiспеген жағдайда өз ұсыныстарын заң жобасына, қаулы жобасына түзетулер ретiнде енгiзе алады. Депутат енгiзген түзетулер Парламент сессиясында қаралады әрi оларды дауысқа салу өткiзiледi.
27-бап. Депутаттық сұрау салу мен сауалдар
1. Депутаттық сұрау салу Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында депутаттың мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына осы органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде Парламент сессиясында негiзделген түсiнiктеме беруiн немесе өз көзқарасын баяндауын ресми сұраған талабы болып табылады.
2. Парламент депутатының Қазақстан Республикасының Премьер-министрi мен Үкiмет мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне сұрау салуға құқығы бар. Бұл ретте Бас Прокурорға салынған сұрау қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына салынған сұрау Палаталардың жабық отырысында қаралады.
3. Сұрау салу жазбаша түрде енгiзiлуi мүмкiн және Парламент сессиясында жария етiлуге тиiс.
4. Өздерiне сұрау салынған лауазымды тұлғалар Парламент сессиясында ол жөнiнде ауызша немесе жазбаша жауап қайтаруға мiндеттi. Сұрау салуға жазбаша жауап әрi кеткенде бiр ай мерзiмде табыс етiлiп, сессияда жария етiледi. Сұрау салуға қайтарылған жауап бойынша жарыссөз өткiзiлуi мүмкiн. Депутат салынған сұрауына қайтарылған жауапқа өз пiкiрiн бiлдiруге хақылы.
5. Сұрау салуға қайтарылған жауап пен оны талқылаудың нәтижелерi бойынша Парламенттiң немесе оның тиiстi Палатасының қаулысы қабылданады. Сұрау салу мен оған берiлген жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкiн.
6. Депутаттар Палаталардың бiрлескен және бөлек отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен Үкіметі мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне ауызша сауалдар қоюға хақылы. Сауалға жауап осы отырыста, ал жауап беру үшiн қосымша даярлық қажет болған ретте үш күн мерзiм iшiнде қайтарылады.
28-бап. Депутаттың лауазымды тұлғалармен
кiдiрiссiз қабылдану құқығы
1. Депутаттық қызмет мәселелерi бойынша депутат мемлекеттік органдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекеттік ұйымдарға бөгетсiз кіру құқығын, сондай-ақ олардың басшыларымен және басқа да лауазымды тұлғаларымен кiдiрiссiз қабылдану құқығын пайдаланады.
2. Қызметi мемлекеттік құпияларға байланысты ұйымдарға депутаттың кiрiп-шығу тәртібі заңмен белгiленедi.
29-бап. Депутаттардың қызметiн ақпараттық
қамтамасыз ету
1. Палаталар Бюролары депутатты Парламент қабылданған құжаттармен, сондай-ақ Парламент пен оның органдарының, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ресми таратылатын ақпараттық және анықтамалық материалдармен қамтамасыз етедi.
2. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар, олардың лауазымды тұлғалары депутатқа оның депутаттық қызметiнде туындаған мәселелер жөнiнде консультациялық көмек көрсетедi.
1997.11.04. № 91-1; 1999.12.03. № 348-1; 1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңдарымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Депутаттардың қызметiн материалдық, қаржылық
және әлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз
ету
1. Депутаттар жалақысын Республика Конституциясының 44-бабының 9)-тармақшасында көзделген тәртiппен Республика Президентi белгiлейдi.
2. Республика астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкiлеттiгi мерзiмiне тегiн пайдалану шартымен мемлекеттік тұрғын-үй қорынан және заңдарда белгiленген нормалар бойынша тұрмысқа жайлы және жиhазбен жабдықталған тұрғын үй берiледi.
3. Парламент депутаттың өз сайлаушыларымен өзара қарым-қатынас жасауы, оларды Парламент қызметi туралы ұдайы хабардар етiп отыруы, Парламенттiң, оның Палаталары мен органдарының тапсырмаларын орындауы үшiн әрбiр депутатқа:
1) көлiкпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алу;
2) сайлау округтерiне iссапарларға шығып тұру құқығы берiледi. Бұл ретте iссапар шығыстары Республика Конституциясы 44-бабының 9) тармақшасында белгiленген тәртiппен бөлiнетiн қаражаттан өтеледi.
4. Парламенттiң, оның Палаталары мен олардың органдарының тапсырмаларын орындау үшiн депутат iссапарларға жiберiлген жағдайда оған заңдарда белгiленген нормалар бойынша iссапар шығыстары төленедi.
5. Депутаттарға Қазақстан Республикасының астанасы шегiнде автомобиль көлiгiмен қызмет көрсету, оларға емдеу-сауықтыру және санаторий-курорттық қызмет көрсету Республика Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
5-1. Парламенттің депутатына оның өкілеттік мерзімі аяқталған соң, сондай-ақ ол отставкаға кеткен немесе Парламент таратылған жағдайда және ол жұмысқа орналасқан немесе зейнеткерлік жасқа жеткен кезге дейiн ай сайын орташа айлық жалақысы мөлшерiнде, бipaқ өкілеттігі тоқтатылған немесе отставкаға кету туралы өтініш қанағаттандырылған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт жәрдемақы төленедi.
31-бап. Депутаттық өкiлеттiгiн жүзеге асыруының кепiлдiктерi
1. Депутаттық қызметiн атқаруына бөгет жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болмасын ықпал жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз мiндеттерiн орындамаған, оған көрiнеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтiң кепiлдiктерiн бұзған лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылуға тиiс.
32-бап. Депутатқа ешкiмнiң тиiспеу құқығы
1. Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен белгiленген әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттерде өзге, тиiстi Палатаның келісімiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
2. Депутатты қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға немесе сот тәртібімен белгiленген әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға келісім алу үшiн Бас Прокурор Сенатқа не Мәжіліске ұсыныс енгiзедi, оны Палаталар тиiстi Палатаның отырысында қарауға әзiрлеу үшiн Орталық сайлау комиссиясына жiбередi. Ұсыныс депутатқа айып тағудың, оны қамауға алуға санкция берудiң немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi сотқа жiберудiң алдында енгiзiледi. Бас Прокурордың ұсынысы мен Орталық сайлау комиссиясының тұжырымы олар келiп түскен күннен бастап екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қаралады және Палата тиiстi лауазымды тұлғалар мен органдардың қосымша ақпарат тапсыруын талап етуге хақылы. Палата дәлелдi шешiм қабылдап, оны Республиканың Бас Прокурорына және анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын Республика мемлекеттік органының басшысына үш күн мерзiм iшiнде жiбередi. Депутат өзiне ешкiмнiң тиiспеу құқығы туралы мәселенi Палата қараған кезде қатысуға хақылы.
3. Депутатқа қатысты қылмыстық iстi анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын Республика мемлекеттік органының басшысы ғана қозғай алады және ол iс жүргiзу аяқталысымен қадағалауды жүзеге асыру үшiн Бас Прокурорға тапсырылуға тиiс.
4. Орталық сайлау комиссиясы iс бойынша шешiм қабылдаған тиiстi соттан iстi қарау нәтижелерi туралы ақпаратты сұратып алады және айыптау үкімі шығарылған жағдайда тиiстi Палатаға депутаттық мандаттан айыру жөнiнде ұсыныс енгiзедi.
33-бап. Депутатқа қолданылуы мүмкiн жазалау шаралары
1. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспаған жағдайда оған қатыспаған күндерi үшiн жалақы төлеуден бас тартылады. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз бiр айдан артық қатыспаған жағдайда ол осы Конституциялық заңның 30-бабының 1,3,4,5-тармақтарымен өзiне берiлген барлық материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз ету жағдайларынан айырылады. Бұл жөніндегі шешiмдi депутат Палата отырысына немесе Палаталардың бiрлескен отырысына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Төрағасы, ал Палата органдарының отырыстарына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Бюросы қабылдайды.
2. Депутат өзiнiң даусын басқа бiреуге берген жағдайда Палата Бюросының шешiмiмен оған дауысты басқа бiреуге беруге жол берiлген күн үшiн жалақы төлеуден, ал дауыс басқа бiреуге қайталап берiлген жағдайда айлық жалақысын төлеуден бас тартылады.
3. Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен белгiленген депутаттық әдеп ережелерiн бұзған жағдайда тиiстi Палата Төрағасының шешiмiмен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
1) парламенттiк мiнеу;
2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету;
3) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының бойында сөз бермеу;
4) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысының бойында сөз бермеу;
5) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
6) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
7) бiр күндiк еңбекақысынан айыру.
4. Депутатқа аталған шараларды қолдануға байланысты мәселелердi әзiрлеудi Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Депутаттардың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына келуiн, сондай-ақ депутаттың өз даусын басқа бiреуге беруiне жол берiлмеуiн бақылауды Орталық сайлау комиссиясының мүшелерi жүзеге асырады.
34-бап. Республика Парламентіндегі депутаттық бiрлестiктер
1. Парламент депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бiрлестiктер, депутаттық топтар түрiнде депутаттық бiрлестiктер құруға хақылы. Палаталардың Төрағалары мен олардың орынбасарлары, Палаталар Жоғарғы Сот Кеңесiнiң және Әдiлет біліктiлiк алқасының құрамына жiберген депутаттар депутаттық бiрлестiктердiң құрамына кiре алмайды.
2. Фракция - саяси партияның немесе заңмен белгiленген тәртiппен тiркелген өзге де қоғамдық бiрлестiктiң атынан өкiлдiк ететiн депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол Парламентте тиiстi саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бiрлестiктiң мүдделерiн бiлдiру мақсатында құрылады. Фракция Парламенттiң кемiнде он депутатын бiрiктiруге тиiс. Фракцияның құрамына Парламенттiк екi Палатасының депутаттары да кiре алады. Депутаттың бiр ғана депутаттық фракция құрамында болуға құқығы бар.
3. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру, сайлау округтеріндегі бiрлескен жұмыс үшiн құрылатын депутаттар бiрлестiгi. Депутаттық топтың құрамында кемiнде Парламенттiң он бес депутаты болуға тиiс.
4. Депутаттық фракциялар мен топтарды тiркеу Парламент Палаталарының Бюроларында жүзеге асырылады, бұл келiп тiркелу ретiмен жүргiзiлiп, тек қана ақпараттық сипатта болады.
5. Парламенттегi депутаттық фракциялар мен топтардың өкiлеттiгiн, ұйымдастырылуы мен қызметiн, олардың жұмысын қамтамасыз ету Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен белгiленедi.
35-бап. Депутаттық куәлiк және депутаттың омырауға тағатын белгiсi
1. Депутаттың депутаттық куәлiгi және депутаттық омырауға тағатын белгiсi болады, бұларды оған сайланған депутат ретiнде тiркелгеннен кейiн Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бередi. Депутат депутаттық куәлiк пен омырауға тағатын белгiнi өз өкiлеттiк мерзiмi iшiнде пайдаланады.
2. Республика Парламентi депутатының куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi, олардың үлгiлерi мен сипаттамасы туралы ережелердi Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бекiтедi.
VI тарау.
Қорытынды ережелер
36-бап. Республика Парламентiнiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату
1. Республика Президентi мынадай:
1) Парламент Үкiметке сенімсiздiк бiлдiрген;
2) Парламент Премьер-Министрдi тағайындауға келісім беруден екi мәрте бас тартқан;
3) Парламент Палаталары немесе Парламент пен мемлекеттік билiктiң басқа тармақтары арасында еңсерiлмейтiн келiспеушiліктер нәтижесiнде саяси дағдарыс туындаған жағдайларда Парламенттi тарата алады.
2. Төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңiнде, Республика Президентi өкiлеттiгiнiң соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейiн бiр жыл өтпейiнше Парламенттi таратуға болмайды.
37-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс тiлдерi
Парламент жұмысында тiлдердi пайдалану Республика Конституциясына және Республикадағы тiл туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
38-бап. Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру
Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 39-бап өзгертілді
39-бап. Республика Парламентiнiң Аппараты
1. Парламент Аппаратын Сенат пен Мәжілістiң бөлек аппараттары құрайды, олар Парламент қызметiн ұйымдық, құқықтық, ақпараттық-талдау және өзгедей қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
2. Сенат пен Мәжіліс аппараттарының құрылымы мен штат санын белгiлеудi, оларды жасақтауды Парламент қызметiн қаржыландыруға бөлiнген бюджет қаражаты шегiнде Палаталардың Бюролары жүзеге асырады.
3. Аппараттың қызметi мемлекеттік қызмет туралы Республиканың нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Парламенттiң өкiлеттiк мерзiмiнiң аяқталуымен, Парламент таратылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайда Парламент Аппаратындағы мемлекеттік қызметшiлердiң жұмысы доғарылмайды.
5. Парламент Аппаратының қызметкерлерi жалақы мөлшерi, материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз етудiң өзге жағдайлары жөнiнде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің тиiстi қызметкерлерiне теңестiрiледi.
40-бап. Осы Конституциялық заңды күшiне енгізу тәртібі
Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев