5) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
6) ғылыми дәрежесi бар азаматтар босатылады.
2. Офицерлер құрамының әскери атағы беріле отырып, запасқа қойылған азаматтар жиырма тоғыз жасқа толғаннан кейін, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 1), 2), 5) және 6) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша әскери қызметке шақырудан босатылады.
3. Әскери жиындарға шақырудан:
1) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұйымдарда мамандықтары бойынша жұмысқа кiрген әскери мiндеттілер, жұмыс iстеп жүрген бүкiл кезеңіне;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында қорғанысты, қауiпсiздiктi және құқық тәртібін қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс iстейтiн адамдар;
3) мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналы;
4) ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс iстейтiн адамдар, егіс және егiн жинау жұмыстары кезеңiне;
5) күндiзгi нысанда оқытатын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi оқу жылы кезеңiне;
6) күндiзгi нысанда оқытатын білім беру ұйымдарында оқитындар;
7) әскери мiндеттi әйелдер;
8) әскери мiндеттілер запасқа шығарылғаннан кейiнгі екi жыл ішінде;
9) он сегiз жасқа дейiнгі үш және одан да көп баласы бар адамдар;
10) өздерiне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiлiп жатқан немесе сот қылмыстық iс қарап жатқан адамдар;
11) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергіліктi өкілді органдардың депутаттары болып сайланған әскери міндеттілер босатылады.
4. Осы баптың 3-тармағының 1) және 8) тармақшаларында аталған әскери міндеттілер арнаулы жиындардан өтуден босатылмайды.
5. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырудан босатылады.
6. Мүдделі адамдардан нотариаттық куәландырылған тиісті құжаттарды және өтінішін ұсынған кезде, осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында аталған азаматтардан басқа, әскери қызметке шақырудан босатылуға құқығы бар азаматтар олардың қалауы бойынша әскери қызметке шақырылуы мүмкiн.
7. Сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген және алып тасталмаған азаматтар бейбiт уақытта әскери қызметке шақыруға жатпайды.
8. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген шақырудан босатудың негiздерi жойылған азаматтар осы Заңда белгiленген тәртіппен әскерге шақыруға жатады.
5-тарау. КЕЛIСIМШАРТ БОЙЫНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ
29-бап. Әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт
1. Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшартты Қазақстан Республикасының азаматы Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың уәкілеттi лауазымды адамымен жасасады.
2. Келісімшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тараптың арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:
1) мерзiмнің өтуi бойынша;
2) әскери қызметшiнiң мерзiмiнен бұрын босатылуына байланысты;
3) әскери қызметшiнiң әскери қызмет өткеру туралы басқа келісімшартты жасасқан күнінен бастап;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де жағдайларда тоқтатады.
3. Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшартта азаматтың әскери қызметке кіруiнiң ерiктілiгi, азаматтың әскери қызметті өткеруге мiндеттенген мерзiмi мен келісімшарттың басқа да талаптары бекiтіледi.
4. Әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттың талаптары азаматтың келісімшартта белгiленген мерзiм ішінде Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызмет өткеру мiндеттiлiгiн қамтиды. Келісімшарттың талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, азаматтың өз құқықтары мен өзiнің отбасы мүшелерi құқықтарының сақталу құқығы көрсетіледi.
5. Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындаған әскери қызметшілер тиiстi лауазымдағы әскери қызметтi әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасаспастан өткередi.
Аталған әскери қызметшiлер қызметiнен босатылғаннан кейiн Әскери қызмет өткеру ережелерiмен айқындалған тәртiппен әскери қызмет өткеру туралы жаңа келісiмшарт жасасады немесе әскери қызметтен босатылады.
6. Жоғары білімі бар және алты ай қызмет өткерген мерзiмдi қызметтің әскери қызметшілерi Әскери қызмет өткеру ережелерiнде айқындалған тәртіппен келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге құқылы.
30-бап. Келiсімшарт бойынша әскери қызметке кiретiн
адамдарға қойылатын талаптар
1. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кiретiн адамдар мынадай талаптарға сай келуге:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы болуға;
2) курсанттарды қоспағанда, он тоғыз жастан кiшi және әскери атағына байланысты әскери қызметте болудың осы Заңмен белгіленген шектi жасынан үлкен болмауға тиiс.
2. Келісімшарт бойынша әскери қызметке:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулi деп таныған;
2) дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес әскери қызмет міндеттерін атқаруға кедергі келтiретін науқасы бар;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулердi өзiне қабылдаудан бас тартқан;
4) әскери қызметке кiрер уақытта заңда белгіленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы бар не өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған;
5) әскери қызметке кiрер алдындағы екi жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптiк жауаптылыққа тартылған;
6) әскери қызметке кiрер алдындағы бір жыл iшiнде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртібімен әкiмшілік жаза қолданылған;
7) әскери қызметке кіруге дейiнгi үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртібімен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
8) егер босатылғанына бір жыл толмаса, мемлекеттік қызметтен терiс себептермен босатылған адамдар қабылданбайды.
3. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кiретiн адамға қатысты арнайы тексеру жүргізiледi.
4. Адамның белгiленген талаптарға сәйкестігін айқындау үшiн Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережелерiне сәйкес медициналық куәландыру жүргiзiледi. Келісімшарт бойынша әскери қызметке болмашы шектеулермен әскери қызметке жарамды деп танылған адам қабылдануы мүмкін.
5. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кiретiн адамнан бас тарту үшін:
1) осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтердi бұрмалау;
2) кандидаттың әскери-есептiк мамандығы бойынша бос қызмет орындарының жоқтығы да негiздер болып табылады.
31-бап. Азаматтардың әскери оқу орындарына түсуi.
Әскери оқу орындарында оқитын азаматтармен
әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттар
жасасу
1. Әскери оқу орындарына:
1) әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жетi жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған азаматтардың;
2) қабылданар жылы жиырма төрт жасқа толмаған әскери қызмет өткерген азаматтардың және мерзiмдi әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшілердің;
3) келісiмшарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлердiң түсуге құқығы бар.
Әскери даярлық бойынша қосымша бағдарламалары бар білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері әскери оқу орындарына түсуде артықшылығы бар құқыққа ие болады.
2. Курсанттың (тыңдаушының) әскери оқу орнына қабылданған күнi оның қызметтiк міндеттерін атқара бастаған күнi болып есептеледi.
3. Әскери оқу орындарына қабылданған азаматтар әскери лауазымдарға Әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес тағайындалады.
4. Әскери қызметті өткермеген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызметшi мәртебесiне ие болады және олар он сегіз жасқа толғаннан кейiн, бірақ әскери оқу орнында кемiнде бірiншi курсты аяқтаған соң әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызмет өткеру туралы жаңа келiсімшарт жасасады.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген, сондай-ақ шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген немесе өткерген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде қабылданғаны туралы бұйрық шығарылған күннен бастап әскери қызметте өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
Осы Заңмен белгiленген тәртiпте әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметшілер әскери оқу орындарынан шығарылуға жатады.
5. Әскери оқу орындарына қабылданбаған әскери қызметшілер Әскери қызмет өткеру ережелерiмен белгіленген тәртiпте әскери қызметті одан әрi өткеру үшін жiберіледi.
6. Әскери оқу орындарынан шығарылған, сондай-ақ әскери қызметтi өткеру туралы келісiмшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметшілер, егер олар шақыру бойынша белгіленген әскери қызмет мерзiм өткермесе, тұрғылықты жерi бойынша әскери есепке қою үшiн жiберіледi және кейiн жалпы негіздерде әскери қызметке шақырылады. Бұл ретте үлгермеуi немесе тәртiпсiздiгi үшiн әскери оқу орнынан шығарылған әскери қызметшілер өздерінің оқуына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
7. Әскери қызметшi әскери оқу орнын бiтіргеннен кейiн әскери қызмет өткеруден бас тартса немесе келісімшартты өз бастамасы бойынша бұзса, өзінің оқуына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi. Ұстауға жататын сома келісімшарт мерзiмi аяқталғанға дейiн әрбір толық өткерiлмеген айға барабар есептеледі.
8. Жоғары әскери оқу орындарын бiтiргеннен кейiн әскери қызметшiлерге лейтенант әскери атағы беріледi.
32-бап. Келісімшарт мерзімі және оны жасасу тәртібі
1. Әскери қызметті өткеру туралы келісім шарт әскери қызметте болудың шекті жасына жеткенге дейін үш жылға, бес жылға, он жылға немесе әскери оқу орнындағы оқу мерзіміне және оны бiтiргеннен кейiн әскери қызметке он жылға жасалуы мүмкін.
2. Кандидаттарды iрiктеу және олардың келiсімшарт бойынша әскери қызметке кіру тәртібі Әскери қызмет өткеру ережелерiне сәйкес айқындалады.
6-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТІ ӨТКЕРУ
33-бап. Әскери қызмет мiндеттерiн атқару
1. Запастағы әскери қызметшi, сондай-ақ азамат әскери жиындардан өту кезiнде:
1) лауазымдық мiндеттер атқарған;
2) жауынгерлік iс-қимылдарға қатысқан, төтенше немесе соғыс жағдайларында, сондай-ақ қарулы қақтығыстар жағдайларында мiндеттер атқарған;
3) бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегі бiтiмгершілік операцияларына қатысқан;
4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға қатысқан;
5) кемелердегi оқу-жаттығуларға немесе жорықтарға қатысқан;
6) егер бұл қызметтік қажеттiлiктен туындаса, күн тәртібіне белгіленген қызмет уақыты iшiнде немесе басқа да уақытта әскери бөлiмнiң аумағында болған;
7) қызметтiк iссапарда болған;
8) қызметте, қызмет орнына бару және керi қайту жолында болған;
9) емдеуде, емдеу орнына бару және керi қайту жолында болған;
10) демалыста, демалысын өткізу орнына бару және кері қайту жолында болған;
11) әскери жиындардан өткен;
12) тұтқында, кепiлдiкте немесе еркiнен айрылу жағдайында болған;
13) жеке адамның өмiрiн, денсаулығын, ар-намысы мен қадiр-қасиетін қорғаған;
14) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқық тәртібiн сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен;
15) сот жеке адам, қоғам, мемлекет мүдделерiнде жасалған деп таныған өзге де iс-қимылдар жасаған жағдайларда, әскери қызмет мiндеттерiн атқарушы болып есептеледі.
2. Командирлерге (бастықтарға) әскери қызмет мiндеттерiн атқаруға қатысы жоқ немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар (бұйыруға) мен өкiмдер беруге тыйым салынады.
34-бап. Әскери қызметшiлердi лауазымға тағайындау
және ауыстыру
Шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру тәртібі, лауазымға тағайындау кезiнде әскери қызметшiлерге қойылатын талаптар, сондай-ақ оларды ауыстыру Әскери қызмет өткеру ережелерiмен белгiленедi.
2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
35-бап. Әскери қызмет мерзiмi
Әскери қызмет мерзiмдерi күнтiзбелік мерзiммен есептегенде былайша белгiленедi:
1) мерзiмдi әскери қызметi әскери қызметшiлерi үшiн - он екi ай;
2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер үшін - жиырма төрт ай;
3) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер үшiн - әскери қызмет өткеру туралы келісімшартта көрсетілген мерзiм.
36-бап. Әскери қызметшiлердiң әскери қызметте
болуының шектi жасы
1. Осы Заңның 45-бабының 3-тармағында көрсетiлгендердi қоспағанда, әскери қызметшiлердiң әскери қызметте болуының шектi жасы былайша белгiленедi:
1) подполковникке (екiншi дәрежелi капитанға) дейiн, подполковниктi (екiншi дәрежелi капитанды) қоса алғанда - қырық бес жас;
2) полковниктерге (бірiншi дәрежелi капитандарға) - елу үш жас;
3) генерал-майорларға (контр-адмиралдарға) және генерал-лейтенанттарға (вице-адмиралдарға) - елу сегіз жас;
4) генерал-полковниктерге (адмиралдарға) және одан жоғарыларға - алпыс үш жас.
2. Шектi жасқа жеткен әскери қызметшiлер Әскери қызмет өткеру ережелерiнде белгiленген тәртiппен запасқа немесе отставкаға шығаруға жатады.
Жоғары кәсiби даярлығы, атқарып отырған лауазымында жұмыс тәжiрибесi бар және денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет өткеруге жарамды әскери қызметшiлерге Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бірiншi басшылары жаңа келісімшарт жасасу жолымен әскери қызмет мерзiмiн ұзартуы мүмкін, бірақ ол бес жылдан аспауға тиiс.
37-бап. Әскери қызметтен босату
1. Әскери қызметшiлердi босату Әскери қызмет өткеру ережелерiне сәйкес мынадай негіздер:
1) әскери қызметте болудың шектi жасына жеткенде жасы бойынша;
2) шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет мерзiмінің аяқталуы бойынша;
3) әскери-дәрiгерлiк комиссияның әскери қызметке жарамсыз немесе шектеумен жарамды деп танығаны туралы қорытындысына байланысты денсаулық жағдайы бойынша;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген
тәртiппен әскери атағынан айырылуы;
5) әскери қызметшiге бас бостандығынан айыру түрiнде жаза тағайындау туралы сот үкімінiң заңды күшіне енуi;
6) әскери оқу орнынан шығарылуы;
7) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуы бойынша жүргiзіледi.
2. Әскери қызметтi келісімшарт бойынша өткеріп жүрген әскери қызметшi:
1) ұйымдық-штаттық iс-шаралар кезiнде;
2) мемлекеттік органдарға (мекемелерге) қызметке ауысуына байланысты;
3) оның келісімшарт талаптарын орындамауына, сондай-ақ дәлелсiз себептермен қызметке шықпауына байланысты;
4) арнайы тексерiстен бас тартқанда;
5) әскери қызметшiге шартты түрде бас бостандығынан айыру түрiнде жаза тағайындау туралы сот үкімiнiң заңды күшiне енуiне байланысты;
6) терiс себептер бойынша мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.
3. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшi:
1) келісiмшарт талаптары өзіне қатысты елеулi және (немесе) жүйелi түрде бұзылған жағдайда;
2) мыналардың:
әскери қызметшiнiң отбасы мүшесiнiң медициналық көрсетулер бойынша әскери қызметші әскери қызметін өткеретін жерде тұруына мүмкін болмауы және әскери қызметшiні жаңа әскер қызмет орнына ауыстыру мүмкіндiгінің болмауы;
отбасын басқа жерге көшiру қажеттiгiне байланысты әскери қызметшi күйеуiнiң (әскер қызметшi әйелiнiң) әскери қызмет орнының өзгеруi;
тұрғылықты жерi бойынша халықты әлеуметтік қорғау органының қорытындысына сәйкес, денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтiмдi (көмекті, қадағалауды) қажет ететін, не бірiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын әкесiне, анасына, әйелiне, күйеуiне, аға-iнiсiне, апа-қарындасына, атасына, әжесiне немесе асырап алған адамына немесе қартайғандығына байланысты зейнетақы жасына жеткен немесе он сегiз жасқа толмаған, заң бойынша аталған азаматтар асырауға мiндеттi басқа адамдар болмаған кезде тұрақты күтім жасау қажеттігі;
әскери қызметшi анасыз (әкесiз) тәрбиелеп отырған, он сегiз жасқа толмаған балаға күтім жасау қажеттiгi салдарынан отбасы жағдайы бойынша;
3) Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған жағдайда;
4) судья лауазымына сайланған немесе тағайындалған жағдайда әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын босатылуға құқылы.
4. Офицер әскери атағы жоқ және шақыру бойынша әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшi мынадай мән-жайлар бойынша:
1) осы Заңның 27-бабының 9-тармағына және 28-бабының 5-тармағына сәйкес кейiнге қалдырудан бас тарту туралы өтінiш берген адамдарды қоспағанда, отбасы жағдайының өзгеруi салдарынан кейінге қалдыру құқығы туындаса;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шет елге шығуға құқық беретінін растайтын құжаттары болған кезде отбасы құрамында немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге тұрақты тұратын отбасына қосылу үшiн шетелде тұрақты тұруға кетсе, мерзімінен бұрын босатылуға құқылы.
5. Шақыру бойынша әскери қызметтi өткеріп жүрген офицерлер құрамының әскери қызметшісі 27-баптың 2-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген мән-жайлар болған кезде әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын босатылуға құқылы.
6. Қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшi - қайтыс болған (қаза тапқан) күннен кейiнгі келесi күннен бастап, ал сот хабарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған әскери қызметші сот шешімі заңды күшіне енген күнінен бастап әскери бөлімнің жеке құрамының тiзiмдерінен шығарылады.
7. Белгіленген мерзiмдi өткерген адамдарды әскери қызметтен босату, төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда, оның қолданылу кезеңiне тоқтатыла тұрады.
7-тарау. ЗАПАСТА БОЛУ
38-бап. Запасқа қою
1. Мыналар:
1) запасқа қойыла отырып, әскери қызметтен босатылған;
2) әскери қызметке шақырудан босатылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;
3) жиырма жетi жасқа толғанда шақыру кейiнге қалдырылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;
4) әскери-есептік мамандығы бар әйелдер;
5) жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен адамдар запасқа қойылған адамдар болып есептеледi.
2. Запаста болатын адамдар әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін Әскери-дәрігерлік сараптама ережелерiне сәйкес медициналық куәландырудан өтедi.
3. Мерзiмдi әскери қызметке шақырудан босатылған, сондай-ақ соттың үкімімен офицерлер құрамының әскери атағынан айырылған адамдарды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдары запастың қатардағы жауынгерi (матросы) әскери атағын бере отырып, запасқа қояды.
4. Әскери қызмет өткерген адамдар запасқа қойылған кезде оларға әскери-есептiк мамандықты ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті әскери басқару органдары белгілейдi.
5. Ұлттық қауіпсiздiк органдары үшін әскери міндеттілердiң запасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылады.
6. Запаста болу әскери жиындардан өтудi, әскери қызметке шақыру ережелерiн орындауды және әскери есеп бойынша мiндеттердi сақтауды білдiредi.
39-бап. Запаста болудың шектi жасы. Запас топтары
1. Әскери міндеттілердiң жасы бойынша запаста болуы екi топқа бөлiнедi. Топтар запаста болу мерзiмінің ұзақтығына байланысты белгiленедi.
2. Сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамындағы әскери міндеттілердiң запаста болуының шектi жасы мынадай болады:
1) бірiншi топта - отыз бес жасқа дейiн (отыз бес жасты қоса алғанда);
2) екiншi топта - отыз алты жастан қырық бес жасқа дейін (қырық бес жасты қоса алғанда).
3. Офицерлер құрамы әскери мiндеттілерінің запаста болуының шекті жасы:
1) бірiншi топта - қырық бес жасқа дейiн (қырық бес жасты қоса алғанда);
2) екiншi топта - қырық алты жастан елу бес жасқа дейiн (елу бес жасты қоса алғанда).
4. Әскери мiндетті әйелдер өздерiне берiлген әскери атақтарына қарамастан екiншi топтағы запасқа енгiзіледi. Олардың запаста болуының шектi жасы былай белгіленедi:
1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамы үшiн - отыз бес жасқа дейiн (отыз бес жасты қоса алғанда);
2) офицерлер құрамының адамдары үшiн - қырық бес жасқа дейiн (қырық бес жасты қоса алғанда).
5. Запаста болудың шектi жасына жеткен әскери қызметшілер мен әскери мiндеттілер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар әскери есептен шығарыла отырып, отставкаға ауыстырылады.
6. Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президентi запаста болудың шекті жасын ұзартуы мүмкін.
40-бап. Әскери жиындардан өту
1. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтауға арналған әскери мiндеттiлер оқу-жаттығу, тексеру және арнаулы әскери жиындарына шақырылады.
2. Ұзақтығы бір ай оқу-жаттығу жиындарына әскери міндеттілер бес жылда бір рет шақырылады.
3. Әскери мiндеттілер оқу-жаттығу жиындары арасындағы кезеңде он бес күнге дейiнгі мерзiмге тексеру жиындарына тартылуы мүмкін.
4. Запаста болу кезіндегі жиындардың жалпы мерзiмi әскери мiндеттілер үшiн он сегіз айдан аспауы керек. Бұл ретте оқу-жаттығу жиындарында болудың жалпы мерзiмiне тексеру жиындарында болған уақыт та есептеледi.
5. Арнаулы жиындар төрт айға дейiнгi ұзақтықпен өткiзiледi.
6. Әскери жиындар кезеңiнде әскери мiндеттiлердің жұмыс орны мен атқаратын қызметi сақталады, оларға республикалық бюджет есебiнен орташа жалақы төленедi.
Әскери мiндеттiнiң дәлелсiз себептермен жиындар орны орналасқан жерден тыс болған уақыты әскери жиындардан өту мерзiмiне есептелмейдi.
41-бап. Азаматтарды жалпыға бірдей әскери оқыту
1. Халықты азаматтық қорғаныс iс-шараларына тарту және соғыс кезiнде Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау үшiн қажеттi контингент даярлау мақсатында:
1) он алты жастан елу бес жасқа дейiнгі (елу бес жасты қоса алғанда) ерлер;
2) балалары жоқ немесе он жастан асқан балалары бар, он сегіз жастан қырық бес жасқа дейiн (қырық бес жасты қоса алғанда) әйелдер жалпыға бірдей әскери оқытудан өткiзiледi.
Азаматтарды жалпыға бірдей әскери оқытуды азаматтардың жұмыс, оқу орны және тұрғылықты жерi бойынша жергiлiктi әскери басқару органдары жүзеге асырады.
2. Жалпыға бірдей әскери оқыту бағдарламасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі азаматтарды жалпыға бірдей әскери оқыту жөніндегі бағдарламаны әзiрлейдi және iс-шараларға бақылауды жүзеге асырады.
8-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘСКЕРИ
МIНДЕТТIЛIК ЖӘНЕ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН
БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ
42-бап. Азаматтар мен лауазымды адамдардың
Қазақстан Республикасының әскери мiндеттiлiк
және әскери қызмет туралы заңнамасын бұзғаны
үшiн жауаптылығы
1. Жергiлiктi әскери басқару органының шақыруы бойынша, соның iшiнде жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында, көрсетiлген мерзiмде жиын пункттерiне дәлелсiз себептермен келмеген азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2. Әскери жиындардан жалтарғаны үшiн, сондай-ақ әскери жиындардан өту кезiнде әскери қызметте болудың белгiленген тәртібіне қарсы құқық бұзушылық жасағаны үшiн әскери мiндеттілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
3. Қазақстан Республикасының әскери мiндеттілік және әскери қызмет туралы заңнамасын бұзуға жол берген шақыру комиссияларының мүшелерi, әскери қызметке шақыруға жататын азаматтарды медициналық тексеруге қатысатын дәрiгерлер, сондай-ақ басқа да адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Азаматтардың әскери мiндеттi атқарудан жалтаруына жәрдемдесетiн немесе олардың әскери қызметтi өткеруiне кедергi келтiретiн адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
5. Жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдары мен ұйымдардың басшылары осы Заңда белгiленген талаптарды сақтамағаны, жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында шақырылған азаматтардың уақытылы келуiне кедергi келтiргенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
43-бап. Әскери қызметшiлердiң Қазақстан Республикасының
әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет туралы
заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылығы
1. Әскери қызметшiлер, әскери атағы мен лауазымына қарамастан, заң алдында бірдей.
2. Әскери қызметшiлер қылмыстар және өзге де құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Әскери қызметшiлердi әскери тәртіптi бұзғаны үшiн жауаптылыққа тарту тәртібі әскери жарғылармен белгіленеді.
9-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР
44-бап. Осы Заңды орындауға байланысты іс-шараларды