2. Анықтама жүргiзу, тергеу органдарының өкiлеттiгi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі, Қазақстан Республикасындағы жедел-iздестiру қызметiнiң мәселелерi заңмен реттелiп отырады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 26.12.00 ж. № 23/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
VIII БӨЛIМ
ЖЕРГIЛIКТI МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
ЖӘНЕ ӨЗIН-ӨЗI БАСҚАРУ
85-бап
Жергiлiктi мемлекеттік басқаруды тиiстi аумақтағы iстiң жай-күйiне жауапты жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жүзеге асырады.
86-бап
1. Жергiлiктi өкiлдi органдар - мәслихаттар тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық, бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiредi және жалпымемлекеттік мүдделердi ескере отырып, оны iске асыруға қажеттi шараларды белгiлейдi, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.
2. Мәслихаттарды жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзiмге халық сайлайды.
3. Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Республика азаматы бiр мәслихаттың ғана депутаты бола алады.
4. Мәслихаттардың қарауына мыналар жатады:
1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын, жергiлiктi бюджеттi және олардың атқарылуы туралы есептердi бекіту;
2) өздерiнiң қарауына жатқызылған жергiлiктi әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс мәселелерiн шешу;
3) заңмен мәслихат құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының есептерiн қарау;
4) мәслихаттың тұрақты комиссияларын және өзге де жұмыс органдарын құру, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау, мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелердi шешу;
5) Республика заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.
5. Мәслихаттың өкiлеттiгiн Сенат заңда белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша, сондай-ақ өзiн-өзi тарату туралы шешiм қабылданған ретте мерзiмiнен бұрын тоқтатады.
6. Мәслихаттардың құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі, олардың депутаттарының құқықтық жағдайы заңмен белгiленедi.
ҚР 07.10.98 ж № 284-1 Заңымен 87-бап өзгертілді
87-бап
1. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi, тиiстi аумақтың мүддесi мен даму қажеттілігiн ұштастыра отырып, атқарушы билiктiң жалпы мемлекеттік саясатын жүргiзудi қамтамасыз етедi.
2. Жергiлiктi атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады:
1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын, жергiлiктi бюджеттi әзiрлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету;
2) коммуналдық меншiктi басқару;
3) жергiлiктi атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату, жергiлiктi атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелердi шешу;
4) жергiлiктi мемлекеттік басқару мүддесiне сай Республика заңдарымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру;
3. Жергiлiктi атқарушы органды Республика Президентi мен Үкіметінiң өкiлi болып табылатын тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң әкімі басқарады.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкiмдерiн Премьер-Министрдiң ұсынуы бойынша Республика Президентi қызметке тағайындайды. Өзге әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерi қызметке Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен тағайындалады немесе сайланады. Республика Президентi өзiнiң ұйғаруы бойынша әкiмдердi қызметтерiнен босата алады.
5. Мәслихат өз депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң даусымен әкiмге сенімсiздiк бiлдiруге және оны қызметiнен босату жөнiнде тиiсiнше Республика Президентінің не жоғары тұрған әкiмнiң алдына мәселе қоюға құқылы. Облыстар, республикалық маңызы бар, қала және астана әкiмдерiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде тоқтатылады.
6. Жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi ұйымдастырылуы және олардың қызмет тәртібі заңмен белгiленедi.
88-бап
1. Мәслихаттар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша шешiмдер, ал әкiмдер - тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң аумағында орындалуға мiндеттi шешiмдер мен өкiмдер қабылдайды.
2. Мәслихаттардың жергiлiктi бюджет кiрiсiн қысқартуды немесе жергiлiктi бюджет шығысын ұлғайтуды көздейтiн шешiмдерiнiң жобалары әкiмнiң оң қорытындысы болған кезде ғана қарауға енгiзiлуi мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келмейтiн мәслихат шешiмдерiнiң күшi сот тәртібімен жойылуы мүмкiн.
4. Әкiмдердiң шешiмдерi мен өкiмдерiнiң күшiн тиiсiнше Қазақстан Республикасының Президентi, Үкіметі не жоғары тұрған әкiм жоюы мүмкiн, сондай-ақ олардың күшi сот тәртібімен жойылуы мүмкiн.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 31.05.00 ж. № 3/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
89-бап
1. Қазақстан Республикасында жергiлiктi маңызы бар мәселелердi тұрғын халықтың өзi шешуiн қамтамасыз ететiн жергiлiктi өзiн-өзi басқару танылады.
2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды тұрғын халық тiкелей сайлау жолымен, сондай-ақ халық топтары жинақы тұратын аумақты қамтитын селолық және қалалық жергiлiктi қауымдастықтардағы сайланбалы және басқа жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арқылы жүзеге асырады.
3. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызмет тәртібін заңмен белгiленген шекте азаматтардың өздерi белгiлейдi.
4. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының дербестiгiне олардың заңмен белгiленген өкiлеттiгi шегiнде кепiлдiк берiледi.
IX БӨЛIМ
ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР
90-бап
1. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы референдум нәтижелерi ресми түрде жарияланған күннен бастап күшiне енедi, сол мезгiлден бастап бұрынғы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының күшi жойылады.
2. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы Күнi деп жарияланады.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 91-бап өзгертілді
91-бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына Республика Президентінің өз бастамасымен, Парламенттiң немесе Үкiметтiң ұсынысымен қабылданған шешiмi бойынша өткiзiлетiн республикалық референдум өзгертулер мен толықтырулар енгізуi мүмкiн. Егер Президент оны Парламенттiң қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттiң шешiмi Конституцияда белгiленген тәртiппен қабылданады. Егер Республика Президентi Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк даусымен Парламент осы өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу туралы заң қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлдi деп есептеледi. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшiн дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледi.
2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 04.12.99 ж. № 13/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
92-бап
1. Конституциялық заңдар Конституция күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде қабылдануға тиiс. Егер Конституцияда конституциялық деп аталған заңдар немесе заң күшi бар актiлер ол күшiне енген кезде қабылданып қойған болса, онда олар Конституцияға сәйкес келтiрiледi де, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары деп есептеледi.
2. Конституцияда аталған өзге заңдар Парламент белгiлейтiн тәртiп пен мерзiмде, бiрақ Конституция күшiне енген күннен бастап екi жылдан кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс.
3. Республика Президентінің өзiне берiлген қосымша өкiлеттiктi жүзеге асыру мерзiмi iшiнде "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шыққан және заң күшi бар Жарлықтары Республика заңдарын өзгерту, толықтыру немесе күшiн жою үшiн көзделген тәртiппен ғана өзгертiлуi, толықтырылуы немесе күшiн жоюы мүмкiн. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 64-бабының 12-15, 18 және 20 тармақтарымен көзделген мәселелер бойынша өзiне берiлген қосымша өкiлеттiктi жүзеге асыру мерзiмi iшiнде шыққан Республика Президентінің Жарлықтары Республика Парламентiнiң бекітуiне жатпайды.
4. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады және Конституция қабылданған күннен бастап екi жыл iшiнде оған сәйкес келтiрiлуге тиiс.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 15.06.00 ж. № 8/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
93-бап
Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкiмет, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тiлдi еркiн әрi тегiн меңгеруi үшiн қажеттi ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрiн жасауға мiндеттi.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 94-бап өзгертілді
94-бап
1. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Президентi Конституция белгiлеген Қазақстан Республикасы Президентінің өкiлеттiктерiне ие болады және оларды 1995 жылғы 29 сәуiрде республикалық референдумда қабылданған шешiм бойынша белгiленген мерзiм iшiнде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Президентінің келісімiмен Республика Президентi өкiлеттiгiнiң қазiргi мерзiмi Республика Парламентi Палаталарының бiрлескен отырысында Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданған Республика Парламентiнiң қаулысымен қысқартылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда Парламент Мәжілісi бiр ай iшiнде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын тағайындайды. Осы сайлаудың қорытындылары бойынша сайланған Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бiр ай iшiнде ант бередi және жетi жылдан кейiн желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiлуге тиiс кезектi Президент сайлауында сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскенге дейiн өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.
2. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Вице-Президентi өзi сайланған мерзiм аяқталғанға дейiн өкiлеттiгiн сақтайды.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 95-бап өзгертілді
95-бап
1. Бiрiншi сайланған Сенат депутаттарының жартысы төрт жыл мерзiмге, депутаттардың екiншi жартысы екi жыл мерзiмге конституциялық заңмен белгiленген тәртiппен сайланады.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент Мәжілісi депутаттарын партиялық тiзiмдер негiзiнде сайлау туралы ережелерi екiншi шақырылатын Парламент Мәжілісi депутаттарын сайлаудан бастап қолданылады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 29.00.99 ж. № 24/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
96-бап
Конституция күшiне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi онда белгiленген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құқықтарына, мiндеттерi мен жауапкершiлiгiне ие болады.
97-бап
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнiң бiрiншi құрамы былайша құрылады: Республика Президентi, Парламент Сенатының Төрағасы мен Парламент Мәжілісiнiң Төрағасы Конституциялық Кеңестiң мүшелерiнен бiр бiрден үш жыл мерзiмге, ал Конституциялық Кеңестiң мүшелерiнен бiр бiрден алты жыл мерзiмге тағайындайды, Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республика Президентi алты жыл мерзiмге тағайындайды.
98-бап
1. Конституцияда көзделген сот төрелiгi мен тергеу органдары тиiстi заңдарда көзделген тәртiп пен мерзiмде құрылады. Олар құрылғанға дейiн жұмыс iстеп тұрған сот төрелiгi мен тергеу органдары өз өкiлеттiктерiн сақтайды.
2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының және Жоғары Төрелiк Сотының, жергiлiктi соттардың судьялары Конституцияда көзделген соттар құрылғанға дейiн өз өкiлеттiктерiн сақтайды. Судьялардың бос орындары Конституцияда белгiленген тәртiппен толықтырылады.