60-бап
1. Палаталар әр Палатада саны жетiден аспайтын тұрақты комитеттер құрады.
2. Палаталардың бiрлескен қызметтерiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжіліс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы.
3. Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар шығарады.
4. Комитеттер мен комиссияларды құру, олардың өкiлеттiгi және қызметiн ұйымдастыру тәртібі заңмен белгiленедi.
61-бап
1. Заң шығару бастамасы құқығы Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттарына, Республика Үкіметіне берiледi және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады.
2. Республика Президентінің заңдар жобаларын қараудың басымдылығын белгiлеуге, сондай-ақ осы жоба жедел қаралады деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламент заң жобасын енгiзiлген күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiстi екенiн бiлдiредi. Парламент осы талапты орындамаса, Республика Президентi заң күшi бар Жарлық шығаруға хақылы, ол Парламент Конституция белгiлеген тәртiппен жаңа заң қабылдағанға дейiн қолданылады.
3. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, мыналарға:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігiне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттерi мен жауапкершiлiгiне;
2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға;
3) мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметiнiң, мемлекеттік және әскери қызметтiң негiздерiне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеуге;
5) республикалық бюджетке;
6) сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiне;
7) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтiк қамсыздандыруға;
8) кәсiпорындар мен олардың мүлкiн жекешелендiруге;
9) айналадағы ортаны қорғауға;
10) республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына;
11) мемлекет қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормалардың белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.
Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелдi актiлермен реттеледi.
4. Мәжіліс депутаттары қараған және жалпы санының көпшiлiк даусымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа берiледi, ол онда әрi кеткенде алпыс күннiң iшiнде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданған жоба заңға айналады және он күннiң iшiнде Президенттiң қол қоюына берiледi. Тұтас алғанда, Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданбаған жоба Мәжіліске қайтарылады. Егер Мәжіліс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылауға және дауысқа салуға берiледi. Қайта қабылданбаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгізуге болмайды.
5. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен заң жобасына енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар Мәжіліске жiберiледi. Егер Мәжіліс депутаттардың жалпы санының көпшiлiк даусымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келiссе, заң қабылданды деп есептеледi. Егер Мәжіліс нақ сондай көпшiлiк дауыспен Сенат енгiзген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келiспеушiлiк келiсу рәсiмi арқылы шешiледi.
6. Мемлекеттік кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты көбейтудi көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкіметінiң оң қорытындысы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн.
7. Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Үкiметке сенім бiлдiру туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауысқа салу сенім бiлдiру туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегiз сағаттан кешiктiрiлмей жүргiзiледi. Егер сенімсiздiк бiлдiру туралы ұсыныс Конституциямен белгiленген қажеттi дауыс санын ала алмаған ретте, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледi. Алайда үкiмет бұл құқықты жылына екi реттен артық пайдалана алмайды.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 12.03.99 ж. № 3/2; 27.09.99 ж. № 18/2; 03.11.99 ж. № 19/2; 15.06.00 ж. № 9/2; 03.07.00 ж. № 15/2; 08.06.01 ж. № 8/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
62-бап
1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттiң қаулылары, Сенат пен Мәжілістiң қаулылары түрiнде заң актілерін қабылдайды.
2. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.
3. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен енгiзiледi.
4. Конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады.
5. Парламент пен оның Палаталарының заң актілері, егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.
6. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу, конституциялық заңдар қабылдау немесе оларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселелерi бойынша кемiнде екi оқылым өткізу мiндеттi.
7. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
8. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актілерін әзiрлеу, ұсыну, талқылау, күшiне енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.07.00 ж. № 15/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
63-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi мына жағдайларда: Парламент Үкiметке сенімсiздiк бiлдiргенде, Парламент Премьер-Министрдi тағайындауға екi мәрте келісім бермегенде, Парламенттiң Палаталары арасындағы немесе Парламент пен мемлекеттік өкiметтiң басқа тармақтары арасындағы еңсерiлмейтiн келiспеушiлiк салдарынан саяси дағдарыс болғанда Парламенттi тарата алады.
2. Парламенттi төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезеңiнде, Президент өкiлеттiгiнiң соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейiнгi бiр жыл iшiнде таратуға болмайды.
V БӨЛIМ
ҮКIМЕТ
64-бап
1. Үкiмет Қазақстан Республикасының атқарушы билiгiн жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесiн басқарады және олардың қызметiне басшылық жасайды.
2. Үкiмет өзiнiң бүкiл қызметiнде Республика Президентінің алдында жауап бередi, сондай-ақ Конституцияның 53-бабының 6)-тармақшасында көзделген ретте Республика Парламентiне есеп бередi.
3. Конституцияның 57-бабының 6)-тармақшасында көзделген ретте Үкiмет мүшелерi Парламент палаталарына есеп бередi.
4. Үкiметтiң құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі конституциялық заңмен белгiленедi.
65-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi Үкiметтi Конституцияда көзделген тәртiппен құрады.
2. Республика Премьер-Министрi тағайындалғаннан кейiнгi он күн мерзiм iшiнде Премьер-Министр Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентiне ұсыныс енгiзедi.
3. Үкiмет мүшелерi Қазақстан халқы мен Президентiне ант бередi.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 66-бап өзгертілді
66-бап
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) Парламентке республикалық бюджеттi және оның атқарылуы туралы есептi ұсынады, бюджеттiң атқарылуын қамтамасыз етедi;
3) Мәжіліске заң жобаларын енгiзедi және заңдардың орындалуын қамтамасыз етедi;
4) мемлекеттік меншiктi басқаруды ұйымдастырады;
5) Республиканың сыртқы саясатын жүргiзу жөнiнде шаралар әзiрлейдi;
6) министрлiктердiң, мемлекеттік комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық жасайды;
7) Республиканың министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдары актілерінiң күшiн толық немесе қолданылу бөлiгiнде жояды немесе тоқтата тұрады;
8) Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
9) алынып тасталды
10) өзiне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де қызметтердi орындайды.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 17.03.99 ж. № 4/2; 12.04.01 ж. № 1/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
67-бап
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi:
1) Үкiмет қызметiн ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және оның жұмысы үшiн дербес жауап бередi;
2) өзi тағайындалғаннан кейiнгi бiр ай iшiнде Парламентке Үкiмет бағдарламасы туралы баяндама ұсынады, ал ол қабылданбаған ретте екi ай iшiнде Бағдарлама туралы қайтадан баяндама ұсынады;
3) Үкiмет қаулыларына қол қояды;
4) Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары жөнiнде және оның аса маңызды барлық шешiмдерi жөнiнде Президентке баяндап отырады;
5) Үкiмет қызметiн ұйымдастыруға және басшылық жасауға байланысты басқа да қызметтердi атқарады.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 68-бап өзгертілді
68-бап
1. Үкiмет мүшелерi өз құзыретi шегiнде шешiмдер қабылдауда дербестiкке ие әрi өздерiне бағынысты мемлекеттік органдардың жұмысы үшiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алдында жеке-дара жауап бередi. Үкiметтiң жүргiзiп отырған саясатымен келiспейтiн немесе оны жүргiзбейтiн Үкiмет мүшесi орнынан түсуге өтiнiш бередi не ол лауазымнан босатылуға тиiс.
2. Үкiмет мүшелерiнiң өкiлдi органдардың депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқаруға, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ.
69-бап
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар қаулылар шығарады.
2. Республиканың Премьер-Министрi Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар өкiмдер шығарады.
3. Үкiметтiң қаулылары және Премьер-Министрдiң өкiмдерi Конституцияға, заң актілеріне, Республика Президентінің жарлықтары мен өкiмдерiне қайшы келмеуге тиiс.
70-бап
1. Үкiмет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкiлеттiгiн доғарады.
2. Егер Үкiмет және оның кез келген мүшесi өздерiне жүктелген мiндеттердi одан әрi жүзеге асыру мүмкiн емес деп есептесе, олар Республиканың Президентiне өз орнынан түсетiнi туралы мәлiмдеуге хақылы.
3. Парламент Үкiметке сенімсiздiк бiлдiрген ретте Үкiмет орнынан түсетiнi туралы Республиканың Президентiне мәлiмдейдi.
4. Орнынан түсудi қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселенi Республиканың Президентi он күн мерзiмде қарайды.
5. Орнынан түсудi қабылдау Үкiметтiң не оның тиiстi мүшесiнiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Премьер-Министрдiң орнынан түсуiн қабылдау бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.
6. Үкiметтiң немесе оның мүшесiнiң орнынан түсуi қабылданбаған жағдайда Президент оған мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады. Парламенттiң сенімсiздiк бiлдiруiне байланысты Үкiметтiң орнынан түсуi қабылданбаған жағдайда Президент Парламенттi таратуға хақылы.
7. Республиканың Президентi өз бастамасы бойынша Үкiметтiң өкiлеттiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдауға және оның кез келген мүшесiн қызметтен босатуға хақылы. Премьер-Министрдi қызметiнен босату бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.
VI БӨЛIМ
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС
71-бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi жетi мүшеден тұрады, олардың өкiлеттiгi алты жылға созылады. Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады.
2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республиканың Президентi тағайындайды және дауыс тең бөлiнген жағдайда оның даусы шешушi болып табылады.
3. Конституциялық Кеңестiң екi мүшесiн Республиканың президентi, екi мүшесiн Сенаттың Төрағасы және екi мүшесiн Мәжілістiң Төрағасы тағайындайды. Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң жартысы әрбiр үш жыл сайын жаңартылып отырады.
4. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшесiнiң қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге да ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
5. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн өздерiнiң өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Парламенттiң келісімiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
6. Конституциялық Кеңестiң ұйымдастырылуы мен қызметi конституциялық заңмен реттеледi.
72-бап
1. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша:
1) дау туған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудiң дұрыстығы және республикалық референдум өткізу туралы мәселенi шешедi;
2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгiн Президент қол қойғанға дейiн қарайды.
3) Республиканың халықаралық шарттарын бекiткенге дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн қарайды;
4) Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме бередi;
5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар бередi.
2. Конституциялық Кеңес соттардың өтiнiштерiн Конституцияның 78-бабында белгiленген реттерде қарайды.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.07.00 ж. № 15/2; 13.12.01 ж. № 19/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
73-бап
1. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1)-тармақшасында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, Президенттiң қызметiне кiрiсуi, Парламенттiң сайланған депутаттарын тiркеу не республикалық референдумның нәтижелерiн шығару тоқтатыла тұрады.
2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 2) және 3)-тармақшаларында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, тиiстi актiлерге қол қою не оларды бекіту мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады.
3. Конституциялық Кеңес өтiнiштер түскен күннен бастап бiр ай iшiнде өз шешiмiн шығарады. Егер мәселенi кейiнге қалдыруға болмайтын болса, Республика Президентінің талабы бойынша бұл мерзiм он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн.
4. Конституциялық Кеңестiң шешiмiне толығымен немесе бiр бөлiгiне Республика Президентi қарсылық бiлдiруi мүмкiн, бұл қарсылық Конституциялық Кеңес мүшелерi жалпы санының үштен екiсiнiң даусымен еңсерiледi. Президент қарсылығы еңсерiлмеген жағдайда, Конституциялық Кеңестiң шешiмi қабылданбады деп есептеледi.
74-бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиiсiнше, бекітілмейдi және күшiне енгiзiлмейдi.
2. Адамның және азаматтың Конституцияда баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiрiлген деп танылған заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң күшi жойылады және қолданылуға жатпайды.
3. Конституциялық Кеңестiң шешiмдерi қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және шағымдануға жатпайды.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 13.12.01 ж. № 19/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
VII БӨЛIМ
СОТТАР ЖӘНЕ СОТ ТӨРЕЛIГI
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 75-бап өзгертілді
75-бап
1. Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 15.02.02 ж. № 1 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
2. Сот билiгi сотта iс жүргiзудiң азаматтық, қылмыстық және заңмен белгiленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқа заседательдерiнiң қатысуымен жүзеге асырылады.
3. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты және Республиканың жергiлiктi соттары Республиканың соттары болып табылады.
4. Республиканың сот жүйесi Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгiленедi. Қандай да бiр атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берiлмейдi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 2006.14.04. № 1 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
76-бап
1. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзiне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актілерінiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етудi мақсат етiп қояды.
2. Сот билiгi Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актілерінiң, халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен дауларға қолданылады.
3. Соттар шешiмдерiнiң үкiмдерi мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 22.03.99 ж. № 7/2; 20.12.00 ж. № 21/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
77-бап
1. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады.
2. Сот төрелiгiн iске асыру жөніндегі соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi.
3. Заңды қолданған кезде судья төмендегi принциптердi басшылыққа алуға тиiс:
1) адамның кiнәлi екендiгi заңды күшiне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кiнәлi емес деп есептеледi;
2) бiр құқық бұзушылық үшiн ешкiмдi де қайтадан қылмыстық немесе әкiмшiлiк жауапқа тартуға болмайды;
3) өзiне заңмен көзделген соттылығын оның келісімiнсiз ешкiмнiң өзгертуiне болмайды;
4) сотта әркiм өз сөзiн тыңдатуға құқылы;
5) жауапкершiлiктi белгiлейтiн немесе күшейтетiн, азаматтарға жаңа мiндеттемелер жүктейтiн немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың керi күшi болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейiн ол үшiн жауапкершiлiк заңмен алынып тасталса немесе жеңiлдетiлсе, жаңа заң қолданылады;
6) айыпталушы өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес;
7) ешкiм өзiне-өзi, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгiленген шектегi жақын туыстарына қарсы айғақ беруге мiндеттi емес. Дiни қызметшiлер өздерiне сенiп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға мiндеттi емес;
8) адамның кiнәлi екендiгi жөніндегі кез келген күдiк айыпталушының пайдасына қарастырылады;
9) заңсыз тәсiлмен алынған айғақтардың заңды күшi болмайды. Ешкiм өзiнiң жеке мойындауы негiзiнде ғана сотталуға тиiс емес;
10) Қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берiлмейдi.
4. Конституциямен белгiленген сот төрелiгiнiң принциптерi Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бiрыңғай болып табылады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 10.03.99 ж. № 2/2; 20.12.00 ж. № 21/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
78-бап
Соттардың Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиiстi заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп тапса, iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi.
79-бап
1. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкiлеттiгi тек заңда белгiленген негiздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кiдiртiлуi мүмкiн.
2. Судьяны тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, Республика Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімiнсiз не Конституцияның 55-бабының 3)-тармақшасында белгiленген жағдайда, Сенаттың келісімiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
3. Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімi, заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар және біліктілік емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады. Республика соттарының судьяларына заң бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн.
4. Судьяның қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
80-бап
Соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi және ол сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
81-бап
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық және жалпы сот iсiн жүргiзудiң соттарда қаралатын өзге де iстер жөніндегі жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер берiп отырады.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 82-бап өзгертілді
82-бап
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын, алқаларының төрағаларын және Жоғарғы Соттың судьяларын Республиканың Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесiне негiзделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды.
2. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың төрағаларын, алқаларының төрағаларын және облыстық соттар мен оларға теңестiрiлген соттардың судьяларын, Республиканың Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Республика Президентi қызметке тағайындайды.
3. Республиканың басқа соттарының төрағалары мен судьяларын Әдiлет біліктілік алқасының кепiлдемесiне негiзделген Әдiлет министрінің ұсынуы бойынша Республика Президентi қызметке тағайындайды.
4. Жоғары Сот Кеңесiн Республика Президентi тағайындаған Төраға басқарады және оның құрамында Конституциялық Кеңестiң Төрағасы, Жоғарғы Соттың Төрағасы, Бас Прокурор, Әдiлет министрi, Сенат депутаттары, судьялар және Республиканың Президентi тағайындайтын басқа да адамдар болады. Әдiлет біліктілік алқасы Мәжіліс депутаттарынан, судьялардан, прокурорлардан, құқық оқытушылары мен ғалым-заңгерлерден, әдiлет органдары қызметкерлерiнен тұратын дербес, тәуелсiз мекеме болып табылады.
5. Жоғары Сот Кеңесi мен Әдiлет біліктілік алқасының мәртебесi, оларды құру тәртібі және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгiленедi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 05.07.00 ж. № 11/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
83-бап
1. Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тергеудiң, әкiмшiлiк және орындаушылық iс жүргiзудiң заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн заңдар мен басқа да құқықтық актiлерге наразылық бiлдiредi. Прокуратура сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ заңмен белгiленген жағдайда, тәртiпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады.
2. Республика Прокуратурасы төменгi прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағындыра отырып, бiрыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкiлеттiгiн басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсiз жүзеге асырады және Республика Президентiне ғана есеп бередi.
3. Республиканың Бас Прокурорын өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Сенаттың келісімiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Бас Прокурор өкiлеттiгiнiң мерзiмi бес жыл.
4. Республика прокуратурасының құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі заңмен белгiленедi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 26.12.00 ж. № 23/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
84-бап
1. Қылмыстық iстер бойынша анықтама жүргiзу мен алдын ала тергеудi арнаулы органдар жүзеге асырады және бұлар сот пен прокуратурадан бөлiнген.