Көлік құралдарын мемлекеттік тіркегені үшін алым ставкаларын белгілеу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 сәуірдегі № 285 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы № 1332 қаулысымен күші жойылды
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 12 маусымдағы Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған механикалық көлік құралдарын, тіркемелерді, теңіз, өзен және шағын өлшемді кемелерді, азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін, сондай-ақ мемлекеттік тіркелгенін куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кездегі алым ставкалары белгіленсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Механикалық көлік құралдарын және тіркемелерді мемлекеттік тіркеу үшін алым ставкаларын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 30 қазандағы № 1378 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 36-37, 483-құжат);
2) «Теңіз, өзен кемелерін және шағын өлшемді кемелерді мемлекеттік тіркегені үшін алым ставкаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 7 желтоқсандағы № 1597 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 45-46, 541-құжат);
3) «Азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркегені үшін алым ставкаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 21 қаңтардағы № 74 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 4, 22-құжат).
3. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 10 сәуірдегі
№ 285 қаулысына
Қосымша
Механикалық көлік құралдарын, тіркемелерді, теңіз, өзен және шағын өлшемді кемелерді, азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін, сондай-ақ мемлекеттік тіркелгенін куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кездегі алым ставкалары
1. Механикалық көлік құралдарын, тіркемелерді мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін алым ставкалары
Механикалық көлік құралдарын, тіркемелерді мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін алым ставкалары әрбір тіркелетін (қайта тіркелетін) механикалық көлік құралын немесе тіркеме үшін, сондай-ақ механикалық көлік құралдарының және тіркемелердің мемлекеттік тіркелгенін куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кездегі айлық есептік көрсеткіштің төрттен бірін құрайды.
2. Теңіз, өзен және шағын өлшемді кемелерді мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін, сондай-ақ мемлекеттік тіркелгенін куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кездегі алым ставкалары
1. Теңіз, өзен кемелерін және шағын өлшемді кемелерді мемлекеттік тіркегені үшін алым ставкасы мыналарды құрайды:
теңіз кемелері үшін - алым төленетін күні қолданыстағы алпыс еселенген айлық есептік көрсеткіш;
өзен кемелері үшін - алым төленетін күні қолданыстағы он бес еселенген айлық есептік көрсеткіш;
шағын өлшемді флот кемелері үшін:
қуаты 50 ат күшінен (37 кВт) жоғары өздігінен жүзетін шағын өлшемді кемелер үшін - алым төленетін күні қолданыстағы үш еселенген айлық есептік көрсеткіш;
қуаты 50 ат күшіне (37 кВт) дейінгі өздігінен жүзетін шағын өлшемді кемелер үшін - алым төленетін күні қолданыстағы екі еселенген айлық есептік көрсеткіш;
өздігінен жүзбейтін шағын өлшемді кемелер үшін - алымды төлеу күніне қолданыстағы бір жарым еселенген айлық есептік көрсеткіш.
2. Теңіз, өзен кемелерін және шағын өлшемді кемелерді мемлекеттік қайта тіркегені үшін алым ставкасы теңіз, өзен кемелерін және шағын өлшемді кемелерді мемлекеттік тіркегені үшін көрсетілген ставкалардың 50 пайызын құрайды.
3. Мемлекеттік тіркелгенін куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кездегі алым ставкасы теңіз, өзен кемелерін және шағын өлшемді кемелерді мемлекеттік тіркегені үшін көрсетілген ставканың 25 пайызын құрайды.
3. Азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін, сондай-ақ мемлекеттік тіркелгенін куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кездегі алым ставкалары
1. Азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін алым ставкасы алым төленетін күні қолданыстағы жеті еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды.
2. Мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжаттың телнұсқасын алу кезіндегі алым ставкасы азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркегені үшін көрсетілген ставканың елу пайызын құрайды.