13-бап. Денсаулық сақтау стандарттары
1. Денсаулық сақтау стандарттары денсаулық сақтау субъектілері үшін міндетті болып табылады.
2. Денсаулық сақтау стандарттары стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға жатпайды, оларды реттеу Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.»;
6) 44-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы «заттарды сертификаттау» деген сөздер «заттардың сәйкестігін растау» деген сөздермен ауыстырылсын.
27. «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 15, 134-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 19-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автобус - жүргізушінің орнын қоспағанда, сегізден аса отыратын орны бар, жолаушылар мен багаж тасымалына арналған автокөлік құралы;
2) автовокзал - жолаушылар легі тәулігіне бес жүзден астам адам болатын, жолаушыларға және автобустардың жүргізушілеріне қызмет етуге арналған және оған: жетпіс бестен астам адам сиятын күту залы және билет кассалары бар күрделі ғимарат, жүргізушілерді медициналық куәландыру және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету пункттері, сақтау камералары, жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған перрон, автобустар тұратын алаң, автобустарды қарау посттары, диспетчерлік пункттер және ана мен бала бөлмесі кіретін құрылыстар кешені;
3) автокөлік құралдарын техникалық пайдалану - автокөлік құралдарын қауіпсіз пайдалануды ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар, техникалық әсер ету (диагностикалау, техникалық қызмет ету, жөндеу) кешені;
4) автомобиль көлігі - негізгі қызмет аясы автокөлік құралдары мен инфрақұрылымды пайдалана отырып, жолаушылар, багаж, жүктер мен почта тасымалын ұйымдастыру және жүзеге асыру болып табылатын экономика саласы;
5) автомобиль көлігі инфрақұрылымы - тасымалдың үздіксіз процесін, сондай-ақ автокөлік құралдарының қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ететін құрылыстар кешені (автовокзалдар, автостанциялар, жүк терминалдары, автокөлік құралдарына техникалық қызмет ету және оларды жөндеу станциялары (шеберханалары), автокөлік құралдары сақталатын құрылыстар);
6) автомобиль көлігі құралы (бұдан әрі - автокөлік құралы) автобустар, шағын автобустар, жеңіл және жүк автомобильдері, автомобиль тіркемелері, ершікті тартқыштарға жартылай тіркемелер, сондай-ақ арнайы бейімделген автомобильдер (жүктердің белгілі бір түрлерін тасымалдауға арналған) және арнаулы автомобильдер (әртүрлі, көбінесе көлікке арналмаған жұмыстарды орындайтын) кіретін автомобиль көлігі жылжымалы құрамының бірлігі;
7) автомобильмен тасымалдау - автомобиль жолдары арқылы автокөлік құралдарымен жүзеге асырылатын жолаушылар, багаж, жүктер немесе почта тасымалы;
8) автомобильмен тасымалдаушы (бұдан әрі - тасымалдаушы) меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде автомобиль көлігі құралдарына иелік етуші, жолаушыларды, багажды, жүктерді немесе почтаны тасымалдауда ақыға немесе жалға қызметтер көрсететін және соған белгіленген нысанда берілген лицензиясы немесе тиісті рұқсаты бар заңды немесе жеке тұлға;
9) автостанция - жолаушылар легі тәулігіне бес жүз адамнан аз болатын, жолаушыларға және автобустардың жүргізушілеріне қызмет етуге арналған және оған: жетпіс бес адамға дейін сиятын күту залы және билет кассалары бар күрделі ғимарат, сақтау камералары, жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған перрон, автобустар тұратын алаң, диспетчерлік пункттер кіретін құрылыстар кешені;
10) багаж - Жолаушылар мен багаж тасымалы ережелерінде белгіленген нормалар шегінде, буылып-түйілген және автобустың, шағын автобустың багаж бөлімшесінде немесе автобусқа, шағын автобусқа ілесіп жүретін багаж автомобилінде, сондай-ақ тасымалдаушымен қосымша келісім негізінде таксимен тасымалданатын жолаушы мүлкі;
11) жеңіл автомобиль - жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орны сегізден аспайтын автокөлік құралы;
12) жолаушы - автомобильмен тасымалдауға жасалған шарт негізінде немесе өзге де заңды негізде тасымалдаушы көрсететін қызметтерді пайдаланатын жеке тұлға;
13) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдау - тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды, шағын шағын автобустарды пайдалана отырып, аралық пункттерде жолаушылар отырғызбай, бастапқы және соңғы пункттер арасында жүзеге асыратын, біржолғы (тұрақты емес) сипаттағы тасымалдар;
14) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау - тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды пайдалана отырып, алдын ала келісілген жол жүру маршруттары, бастапқы және соңғы пункттері, жолаушылар отырғызу және түсіру пункттері белгіленген қозғалыс кестелері бойынша жүзеге асыратын тасымалдар;
15) жолдама парақ - автокөлік құралының жұмысын есепке алуға арналған, тасымалдаушы автокөлік құралының жүргізушісіне беретін құжат;
16) жүк алушы - жүкті автомобильмен тасымалдау шарты негізінде немесе өзге де заңды негіздерде жүк алуға уәкілетті жеке немесе заңды тұлға;
17) жүк жөнелтуші - оның атынан жүк жөнелту ресімделетін жеке немесе заңды тұлға;
18) жүктер - Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау ережелерімен белгіленген талаптарға сәйкес тасымалдауға қабылданған мүлік;
19) қалааралық облысаралық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар екі немесе бірнеше облыс шегінде қалалар немесе өзге де елді мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
20) қалааралық облысішілік автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар бір облыс шегінде қалалар немесе өзге де елді мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
21) қалалық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушы қаланың белгіленген шекаралары шегінде жүзеге асыратын тасымалдар;
22) қала маңындағы автомобильмен тасымалдау - қалалық тасымалдауға жатпайтын және тасымалдаушылар қаланың немесе өзге де елді мекеннің белгіленген шекарасынан бастап өлшенетін қашықтығы елу шақырымға дейінгі маршруттарда жүзеге асыратын тасымалдар;
23) қол жүгі - салмақ және көлем өлшемдері Автомобиль көлігімен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін, жолаушының автобус, шағын автобус немесе такси салонында тасымалдайтын жеке заттары;
24) мемлекеттік көліктік бақылау (бұдан әрі - көліктік бақылау) - жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі саласындағы заңнамасы талаптарын сақтауын тексеру мақсатында уәкілетті орган жүргізетін іс-шаралардың жиынтығы;
25) такси - Автомобиль көлігімен жолаушылар және бағалық тасымалдау ережелеріне сәйкес жабдықталған, жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауға арналған жеңіл автомобиль;
26) тексеру - шаруашылық субъектілерінің Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі саласындағы заңнамасы талаптарын сақтауын айқындау мақсатында жасалатын бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың іс-әрекеті;
27) уәкілетті орган - көлік саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды, Қазақстан Республикасының көлік кешені қызметін үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
28) халықаралық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар әр түрлі мемлекеттер аумағында орналасқан мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
29) шағын автобус - жасаушы завод жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орны он алтыдан аспайтын етіп көздеген, ерекше шағын сыныптағы автобус.»;
2) 7-баптың 1-тармағының 2) тармақшасындағы «тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде нормативтік құқықтық актілердің» деген сөздер «техникалық регламенттердің» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 11-баптың 1-тармағындағы «сертификаттау» деген сөз «техникалық реттеу» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 12-бапта:
8) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 10), 11) тармақшалармен толықтырылсын:
«10) Автомобиль көлігі құралдарын техникалық пайдалану ережелерін бекітеді;
11) автомобиль көлігі саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді.»;
5) 13-бапта:
12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«12) автомобиль көлігі саласындағы техникалық регламенттерді әзірлейді;";
13), 14), 16) тармақшалар алып тасталсын;
6) 17-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«17-бап. Сәйкестікті растау
1. Автомобиль көлігі саласындағы автокөлік құралдарының, автокөлікке арналған жабдықтардың, олардың өмірлік циклі процестерінің сәйкестігін растау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шет мемлекет берген сәйкестікті растау саласындағы құжат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес танылады.»;
7) мынадай мазмұндағы 2-2-тараумен толықтырылсын:
«2-2-тарау. Автомобиль көлігі саласындағы қауіпсіздіктің
жалпы талаптары
19-12-бап. Жалпы ережелер
1. Автомобиль көлігі саласындағы техникалық реттеу объектілері:
автомобиль көлігі болып табылады, оған:
1) автобустар;
2) шағын автобустар;
3) жеңіл автомобильдер;
4) жүк автомобильдері;
5) автомобиль тіркемелері;
6) ершікті тартқыштарға жартылай тіркемелер;
7) арнайы бейімделген автомобильдер (жүктердің белгілі бір түрлерін тасымалдауға арналған);
8) арнаулы автомобильдер (әр түрлі, көбінесе көлікке арналмаған жұмыстарды орындайтын);
9) автомобиль көлігін жобалау;
10) автомобиль көлігін шығару (жөндеу);
11) автомобиль көлігін тасымалдау және сақтау;
12) автомобиль көлігін кәдеге жарату және жою кіреді.
2. Автокөлік құралдары адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіретін болса немесе оларды тиісті дәрежеде орнату, қызмет көрсету және пайдалану кезінде солардың қауіпсіздігі мен функционалдық мақсатына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын болса, нарықта сатылмауға және пайдаланылмауға тиіс.
3. Қазақстан Республикасының нарығында сәйкестігі расталуға тиіс автомобиль көлігін орналастыратын тұлға осы Заңның және техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестікті растау үшін шаралар қабылдауға міндетті.
4. Қазақстан Республикасының нарығында автомобиль көлігін орналастыратын тұлға:
1) тұтынушының ықтимал тәуекелдерді бағалауы және тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауы үшін қажетті пайдалану құжаттамасын және басқа да ақпаратты мемлекеттік тілде және орыс тілінде ұсынуға;
2) автомобиль көлігін сату кезінде таңдау бақылауын жүргізуге, тұтынушылардың шағымдарын тексеруге;
3) автомобиль көлігінің адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіру тәуекелі болғанда, пайдаланушыны уақтылы және тиімді ескерту, сондай-ақ автомобиль көлігін қайтарып жіберетіндей қажетті іс-шаралар жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
4) таратылып қойған автомобиль көлігінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы туралы және мұндай бұзушылықтарды жою жөніндегі өзі қабылдаған шаралар туралы тиісті мемлекеттік бақылау органдарына дереу хабарлауға;
5) шығарушыдан, уәкілетті өкілден, импорттаушыдан, пайдаланушыдан немесе мемлекеттік бақылау органдарынан автомобиль көлігінің осы Заңның және техникалық регламенттердің белгіленген талаптарына сәйкес келмеуі туралы ақпарат алынған болса, автомобиль көлігін сатпауға міндетті.
5. Автомобиль көлігінде қажетті ескерту жазбалары немесе қауіптілік және қауіпсіз пайдалану шарттары туралы белгілер болуға тиіс.
6. Пайдалану құжаттамасындағы қауіпсіздік талаптары осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген талаптардан төмен болмауға тиіс.
19-13-бап. Автокөлік құралдарын жобалау кезіндегі қауіпсіздік
талаптары
1. Автокөлік құралдарын жобалау кезінде өмірлік циклдің барлық сатыларындағы, оның ішінде қалыпты пайдалану, төтенше жағдайлар (бұзылулар мен сыртқы әсерлер), персоналдың болжамды қателері және пайдалануға болмайтын кезіндегі бүкіл ықтимал қауіптер сәйкестендірілуге тиіс.
2. Пайдалану (қолдану) жөніндегі нұсқауды (нұсқаманы) және паспортты (немесе формулярды) әзірлеу автокөлік құралдарын жобалаудың ажырамас бөлігі болып табылады.
19-14-бап. Автокөлік құралдарын шығару кезіндегі қауіпсіздік
талаптары
1. Шығару кезінде автокөлік құралдарының дайындалуы жобалық құжаттаманың, осы Заңның, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігі қамтамасыз етілуі қажет.
2. Автокөлік құралдарын шығару кезінде дайындаушы жобалық құжаттамада айқындалған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі барлық іс-шаралар кешенін орындауға және қауіпсіздікке байланысты барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Егер автокөлік құралдарын дайындау процесінде немесе одан кейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сынақтар жүргізу қажет болса, онда олар жобалық құжаттаманың барлық талаптары орындала отырып, толық көлемде жүргізілуге тиіс.
4. Автокөлік құралдарын шығару кезінде жобалық құжаттамадан ауытқу жобалаушымен келісіледі және ол техникалық регламенттерде белгіленген жол берілетін тәуекелден аспауға тиіс.
19-15-бап. Автокөлік құралдарын тасымалдау және сақтау
кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Автокөлік құралдарын тасымалдау және сақтау процесінде олардың сақталуын, олардың қауіпсіздігі көзделетін техникалық сипаттамаларды сақтауды қамтамасыз етуге қойылатын барлық қажетті талаптар, оның ішінде консервациялауға, тасымалдау және сақтау жағдайларына қойылатын талаптар, белгіленген сақтау мерзімдері, жай-күйін қайта куәландыру, сақтау мерзімі аяқталған жеке элементтерді, бөлшектерді, тораптарды ауыстыру мерзімдері бойынша нұсқаулар автокөлік құралдарына арналған техникалық құжаттамада жазылуға тиіс.
2. Автокөлік құралдарын, олардың тораптары мен бөлшектерін тасымалдау және сақтау жобалаушы қарастырған және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық қауіпсіздік талаптары ескеріле отырып жүргізіледі.
3. Консервациялау үшін қолданылатын материалдар мен заттар қауіпсіз болуға тиіс.
19-16-бап. Автокөлік құралдарын кәдеге жарату және жою
кезіндегі қауіпсіздік талаптары
Жеке және заңды тұлғалар автокөлік құралдарын кәдеге жаратуды, жоюды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай талаптардың сақталуын ескере отырып қамтамасыз етеді:
1) автокөлік құралдарын пайдалану тоқтатылғаннан кейін оларды пайдалану мүмкіндігін болдырмау шаралары қабылдануға тиіс;
2) пайдалану процесінде уытты заттармен, радиоактивті аэрозольдармен ластанған автокөлік құралдары оларды кәдеге жарату, жою кезінде қолданылатын зиянды заттардың уыттылығына, физика-химиялық қасиеттеріне қарай арнайы ерітінділермен (әдістермен) залалсыздандыру жөніндегі міндетті өңдеуден өткізілуге тиіс;
3) автокөлік құралдарын кәдеге жаратудың және жоюдың барлық кезеңін өткізетін персоналдың қажетті біліктілігі болуға, олар тиісті оқудан өтуге және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға тиіс.».
28. «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» 2004 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 3-4, 17-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 10, 52-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы киім - қызметкерді зиянды және қауіпті өндірістік факторлардан қорғауға арналған киім, аяқ киім, бас киім, қолғап;
2) ауыр қол еңбегі - ауыр заттарды қолмен көтеруге немесе орнын ауыстыруға байланысты қызмет түрлері не 360 ккал/сағаттан астам күш-қуат жұмсалатын басқа да жұмыстар;
3) еңбек гигиенасы - қызметкерлердің денсаулығын сақтау, өндірістік ортаның және еңбек процесінің қолайсыз әсерінің алдын алу жөніндегі санитарлық-гигиеналық шаралар мен құралдар кешені;
4) еңбек қауіпсіздігі - еңбек қызметі процесінде қызметкерлерге зиянды және қауіпті әсерді болдырмайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген қызметкердің қорғалу жай-күйі;
5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - еңбек қатынастары саласындағы өкілеттікті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі - аумақтық бөлімшелер) - еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде еңбек қатынастары саласындағы өкілеттікті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері;
7) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мониторингі - өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жай-күйін қадағалау жүйесі, сондай-ақ республикадағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жай-күйін бағалау және болжау;
8) еңбек қауіпсіздігінің жағдайлары - еңбек процесінде қызметкердің жұмысқа қабілеттілігі мен денсаулығына әсер ететін өндірістік орта мен еңбек процесі факторларының жиынтығы;
9) еңбекті қорғау - құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдық-техникалық, санитарлық-гигиеналық, емдеу-алдын алу, оңалту және өзге де іс-шаралары мен құралдарын қамтитын, еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе;
10) еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспектор - ұйымның кәсіподақ органы, ал ол болмаған кезде қызметкерлердің жалпы жиналысы тағайындайтын, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлер өкілі;
11) еңбектің қауіпсіз жағдайлары - қызметкерге зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсері жоқ не олардың әсерінің деңгейі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген қауіпсіздік нормаларынан аспайтын, жұмыс беруші жасаған еңбек жағдайлары;
12) жеке қорғану құралдары - қызметкерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғауға арналған құралдар;
13) жұмыс орны - қызметкердің еңбек қызметі процесінде өзінің еңбек міндеттерін орындау кезіндегі тұрақты немесе уақытша болатын орны;
14) зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайы - белгілі бір өндірістік факторлардың әсері қызметкердің еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне немесе сырқаттануына әкеп соқтыратын еңбек жағдайлары;
15) зиянды өндірістік фактор - оның әсері қызметкердің сырқаттануына немесе еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне әкеп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор;
16) кәсіби ауру - қызметкердің еңбек (қызмет) міндеттерін орындауымен байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған созылмалы немесе қатты ауруы;
17) қауіпсіздік нормалары - қызметкерлердің еңбек қызметі процесінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдық, техникалық, санитарлық-гигиеналық биологиялық және өзге де нормаларды, ережелерді, рәсімдер мен өлшемдерді қамтамасыз ету тұрғысынан өндіріс жағдайларын, өндіріс және еңбек процесін сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткіштер;
18) қауіпті (ерекше қауіпті} еңбек жағдайлары - еңбекті қорғау ережелері сақталмаған жағдайда белгілі бір өндірістік факторлардың әсерін тигізуі қызметкер денсаулығының кенеттен нашарлауына немесе жарақаттануына не өліміне әкеп соқтыратын еңбек жағдайлары;
19) қауіпті өндірістік фактор - әсерін тигізуі қызметкердің еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе мүлдем айрылуына (еңбек жарақатына немесе кәсіби ауруына) немесе өліміне әкеп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор;
20) қызметкерлер өкілдері - қызметкерлері уәкілеттік берген кәсіптік одақтардың және олардың бірлестіктерінің органдары, ал олар болмағанда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған өзге де өкілдер немесе ұйымдар;
21) өндірістегі жазатайым оқиға - өзінің еңбек (қызмет) міндеттерін немесе жұмыс берушінің тапсырмаларын орындау кезінде қызметкердің жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан оның еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айрылуына, кәсіби ауруға шалдығуына не өліміне әкеп соқтырған өндірістік фактордың әсері;
22) өндірістік жабдық - машиналар, тетіктер, аппараттар мен өзге де техникалық құралдар;
23) өндірістік жабдықтың қауіпсіздігі - өндірістік жабдықтың өз функцияларын орындауы кезінде нормативтік-техникалық және жобалау құжаттамасында белгіленген жағдайларда еңбек қауіпсіздігінің талаптарына сәйкестігі;
24) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау - өндірістік объектілерді, цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындарын оларда орындалатын жұмыстардың қауіпсіздігінің, зияндылығының, ауырлығының, қауырттылығының жай-күйін, еңбек гигиенасын айқындау және өндірістік орта жағдайларының еңбектің қауіпсіз жағдайларына нормативтеріне сәйкестігін айқындау мақсатында оларды бағалау жөніндегі қызмет;
25) өндірістік процестің қауіпсіздігі - өндірістік процестің нормативтік-техникалық құжаттамада белгіленген жағдайларда еңбек қауіпсіздігінің талаптарына сәйкестігі;
26) өндірістік санитария - зиянды өндірістік факторлардың қызметкерлерге әсерін болғызбайтын немесе азайтатын санитарлық-гигиеналық, ұйымдастыру ic-шаралары мен техникалық құралдар жүйесі;
27) өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты берілген өкілеттік шегінде іске асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
28) ұжымдық қорғану құралдары - жұмыс істейтін екі және одан да көп адамды зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен бір мезгілде қорғауға арналған техникалық құралдар.»;
2) 5-баптың 1) тармақшасындағы», мемлекеттік стандарттарды, ережелерді, нормаларды» деген сөздер алып тасталсын;
3) 7-баптың 1-тармағындағы «сақтауға бағытталған» деген сөздерден кейін «қауіпсіздік талаптарынан,»деген сөздермен толықтырылсын;
4) 8-бап мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді.»;
5) 9-бапта:
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкерлерге сүт, емдік-профилактикалық тамақтандыру рациондарын, арнайы киім, арнайы аяқ киім және басқа да жеке қорғану құралдарын беру нормаларын әзірлейді және бекітеді;";
мынадай мазмұндағы 6-1), 13) тармақшалармен толықтырылсын:
«6-1) жұмыс берушілердің ұйымда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нұсқаулықтарды әзірлеу мен бекіту тәртібін белгілейді;";
«13) мемлекеттік органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі қызметін үйлестіреді.»;
6) 10-баптың 7) тармақшасындағы «еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтерін» деген сөздер «Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнамасын» деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 14-баптың 1-тармағындағы «еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік стандарттар, ережелер талаптарына» деген сөздер «еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға» деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 19-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) қызметкерлерден Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнамасын және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтарды сақтауды талап етуге;";
9) 20-баптың 1-тармағының 5) тармақшасындағы «ережелер мен нормативтердің талаптарына» деген сөздер «нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға» деген сөздермен ауыстырылсын;
10) 22-бап алып тасталсын;
11) мынадай мазмұндағы 22-1-баппен толықтырылсын:
«22-1-бап. Жұмыс орындарының қауіпсіздік талаптары
1. Жұмыс орындары орналастырылған ғимараттар (құрылыстар) өзінің құрылысы бойынша функционалдық мақсатына және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Жұмыс жабдығы оның осы түріне белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес келуге, оның тиісті сақтандыру белгілері болуға және жұмыс орындарында қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршаулармен немесе қорғаушы құрылғылармен қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Авариялық жолдар мен қызметкерлердің үй-жайдан шығу жолдары бос болуға және қауіпсіз аймаққа шығаруға тиіс.
4. Жұмыс сипатына қарай қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмыс орындары тәуекел дәрежесі ескеріле отырып, дәлме-дәл белгіленуге және оларға бөгде адамдардың кіруін болғызбайтын (шектейтін) құрылғылармен жарақтандырылуға тиіс.
Ұйым аумағында жаяу жүргіншілер мен технологиялық көлік құралдары қауіпсіз жағдайларда қозғалуға тиіс.
5. Қауіпті өндірістік объектілерде (учаскелерде), оның ішінде биіктікте, жерасты жағдайларында, ашық камераларда, теңіз қайраңдарында және ішкі су тоғандарында жұмыстар жүргізуі үшін қызметкерлердің жеке қорғану құралдары болуға тиіс.
6. Жұмыс уақытында жұмыс орындары орналасқан үй-жайдағы температура, табиғи және жасанды жарық беру, сондай-ақ желдету қауіпсіз еңбек жағдайларына сәйкес болуға тиіс.