Аттестат сот тәртібімен:
1) заңды тұлға қайта құрылған немесе таратылған;
2) аттестаттың қолданылуын тоқтата тұрған себептер жойылмаған;
3) ұйым аттестаттың қолданылуын тоқтату туралы өтініш берген;
4) қолдану мерзімі аяқталған жағдайда кері қайтарылады.
8. Аттестат алған ұйымдар туралы немесе аттестаттың қолданылуының тоқтатылғаны туралы ақпаратты уәкілетті орган мерзімдік баспасөзде жариялайды.
Уәкілетті орган берілген және кері қайтарылып алынған аттестаттардың тізбесін жүргізеді.»;
9) мынадай мазмұндағы қосымшамен толықтырылсын:
«Қауіпті өндірістік объектілердегі
өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы»
2002 жылғы 3 сәуірдегі
Қазақстан Республикасының Заңына
Қосымша
Олардың өнеркәсіптік объектіде болуы декларациялау
үшін негіз болып табылатын қауіпті заттардың шекті
сандары
Қауіпті зат атауы | Қауіпті заттың шекті саны (т) |
Аммиак | 10 |
Аммоний нитраты (аммоний нитраты немесе олардың құрамында салмағы бойынша аммоний нитратынан азоттың болуы 28 % артық болатын аммоний қоспалары, сондай-ақ ондағы аммоний нитратының шоғыры салмағының 90 % асатын аммоний нитратының сулы ерітінділері) | 1250 |
Тыңайтқыш түріндегі аммоний нитраты (аммоний нитраты негізіндегі қарапайым тыңайтқыштар, сондай-ақ олардың құрамында аммоний нитратының болуы салмағынан 28% артық болатын күрделі тыңайтқыштарда аммоний нитраты фосфатпен және (немесе) калиймен бірге келеді)) | 5000 |
Акрилонитрил | 200 |
Хлор | 10 |
Этилен оксиді | 50 |
Цианды сутек | 20 |
Фтор сутегі | 50 |
Күкірт сутегі | 50 |
Күкірт диоксиді | 200 |
Күкірт үшоксиді | 75 |
Қорғасын алкилдері | 50 |
Фосген | 0,75 |
Метилизоцианат | 0,15 |
Хлорпикрин | 0,55 |
Бромметил | 15 |
Металлил хлориді | 20 |
Тұз қышқылы | 40 |
Азот қышқылы | 25 |
Тұтанғыш заттар | 200 |
Тауар-шикізат қоймаларында және базаларында бар жанғыш сұйықтықтар | 2500 |
Технологиялық процесте пайдаланылатын немесе магистральды құбыржолы бойынша тасымалданатын жанғыш сұйықтықтар | 200 |
Тотыққыш заттар | 200 |
Жарылғыш заттар | 25 |
Уытты заттар | 200 |
Уыттылығы жоғары заттар | 20 |
Қоршаған табиғи орта үшін қауіп тудыратын заттар | 200 |
Егер қауіпті өндірістік объектілер арасындағы қашықтық 500 метрден кем болса, қауіпті заттың жиынтық саны есептеледі.
Егер бірдей санатты қауіпті заттардың бірнеше түрі қолданылса, онда олардың жиынтық шекті саны мына шартпен анықталады:
n
i = 1
мұнда m (і) - қолданылатын зат саны, M (і) - осы тізбеге сәйкес барлық і үшін 1-ден n-ге дейін сол заттың шекті саны.».
22. «Өсімдіктерді қорғау туралы» 2002 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 13-14, 140-құжат; 2004 ж., № 17, 98-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы сақтау орындары (көмінділер) - тыйым салынған немесе жарамсыз болып қалған пестицидтерді (улы химикаттарды), сондай-ақ олардың ыдыстарын көмуге арналған сақтау орындары;
2) арнаулы техника - пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдануға арналған құрылғы және (немесе) жабдық;
3) ауыл шаруашылық мақсатындағы объектілер - ауыл шаруашылық және өзге де жерлер, өсімдік шаруашылығы өнімін өндіруге, сақтауға және қайта өңдеуге арналған астық сақтау орындары, көкөніс сақтау орындары, қоймалар, ашық алаңдар, өндірістік және өзге де үй-жайлар;
4) ерекше қауіпті зиянды организмдер - оқтын-оқтын жаппай көбеюге және таралуға бейім, экономикалық, экологиялық залал келтіретін және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ерекше қауіпті зиянды организмдер тізбесіне енгізілген зиянкестер мен өсімдіктер аурулары;
5) зиянды организмдер - топыраққа, өсімдікке және ауыл шаруашылық өніміне теріс әсер ететін зиянкестер, арамшөптер және өсімдіктердің аурулары;
6) зиян тигізудің экономикалық шегі - зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдердің өсімдік шаруашылығы өнімінің ысырабын туғызатын, фитосанитариялық іс-шараларды жүргізуді қажет ететін саны;
7) мемлекеттік фитосанитариялық бақылау - уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау туралы заңнамасын сақтауына бағытталған қызметі;
8) өсімдіктерді қорғау - өсімдік шаруашылығы өнімінің зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдерден ысырабын болғызбау мақсатымен фитосанитариялық мониторинг әдістерін, фитосанитариялық іс-шараларды әзірлеуге және практикада қолдануға бағытталған қызмет саласы;
9) өсімдік шаруашылығы өнімі - халықтың - тамақ өнімдеріне, мал шаруашылығының - жемшөпке және өнеркәсіптің шикізатқа деген қажеттерін қанағаттандыруға арналған өнім;
10) пестицидтер (улы химикаттар) - зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы, сондай-ақ егінді жинау алдында құрғатып алу, жапырақтарды түсіру және өсімдіктердің өсуін реттеу үшін пайдаланылатын химиялық, биологиялық және басқа да заттар;
11) пестицидтерді (улы химикаттарды) залалсыздандыру тыйым салынған немесе жарамсыз болып қалған пестицидтерді (улы химикаттарды), сондай-ақ олардың ыдыстарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәдеге жаратуға, көмуге немесе жоюға бағытталған іс-шаралар;
12) пестицидтерді (улы химикаттарды) мемлекеттік тipкeу - препараттарды биологиялық, уыттылық, гигиеналық және экологиялық бағалау процесін аяқтайтын рәсім, оның нәтижесі бойынша жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының аумағында оларды Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау туралы заңнамасына сәйкес қолдану құқығына тіркеу куәлігі беріледі;
13) пестицидтердің (улы химикаттардың) бастапқы компоненттері - пестицидтерді (улы химикаттарды) өндіруге арналған химиялық және басқа да заттар;
14) пестицидтердің (улы химикаттардың) қалдық мөлшері - өсімдік шаруашылығы өнімі мен қоршаған орта объектілеріндегі химиялық заттар құрамының мөлшерлік көрсеткіші, олардың адам мен жануарларға қауіпсіздігі осы көрсеткіш арқылы бағаланады;
15) пестицидтерді (улы химикаттарды) өндіру (формуляциялау) - бастапқы компоненттердің негізінде пестицидтер (улы химикаттар) дайындаудың технологиялық процесі;
16) пестицидтер (улы химикаттар) тізімі - Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етіліп тіркелген пестицидтер (улы химикаттар) тізбесі;
17) уәкілетті орган - жеке және заңды тұлғалардың өсімдіктерді қорғау саласындағы қызметін үйлестіру мен реттеуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды өз өкілеттігі шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
18) фитосанитариялық ахуал - ауылшаруашылық мақсатындағы объектілердің зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдердің санымен және зиян тигізуімен анықталатын қалыптасқан жай-күйі;
19) фитосанитариялық болжам - фитосанитариялық іс-шараларды жүргізудің мерзімдері мен көлемдерін жоспарлау мақсатында зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдердің ықтимал таралуы мен дамуы дәрежесін алдын ала айқындау;
20) фитосанитариялық мониторинг - зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдерді зерттеуді, байқауды, олардың дамуы мен таралуын есепке алуды, сондай-ақ осылардың негізінде фитосанитариялық болжам әзірлеуді қамтитын іс-шаралар жүйесі;
21) фитосанитариялық нормативтер - фитосанитариялық іс-шаралар көлемін анықтау үшін пайдаланылатын белгіленген шамалар параметрлері;
22) фитосанитариялық іс-шаралар - зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдердің саны мен зиян тигізуін азайтуды қамтамасыз ететін шаралар кешені.»;
2) 5-баптың 4) тармақшасындағы «ынтымақтастық енеді.»деген сөздер «ынтымақтастық;»деген сөзбен ауыстырылып, бап мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы техникалық регламенттерді бекіту кіреді.»;
3) 6-баптың 1-тармағында:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу;";
18) тармақшадағы «пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау және қолдану ережелерінің» деген сөздер «Қазақстан Республикасының пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы заңнамасының» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 12-баптың 2) тармақшасындағы «талаптарды мемлекеттік экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және көліктік бақылау органдарының келісімімен уәкілетті орган белгілейді» деген сөздер «талаптар пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы техникалық регламенттерде белгіленеді» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 14-5-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға;";
6) мынадай мазмұндағы 4-1-тараумен толықтырылсын:
«4-1-тарау. Пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы
қауіпсіздіктің жалпы талаптары
19-6-бап. Пестицидтерді (улы химикаттарды) буып-түю жөніндегi
талаптар
1. Пестицидтерді (улы химикаттарды) буып-түю және оларға арналған ыдыс өнімді сақтау, тасу және өткізу кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.
2. Буып-түю мен ыдысқа пайдаланылатын материалдар адамды, қоршаған ортаны пестицидтердің (улы химикаттардың) қауіпті қасиеттерінен қорғау үшін арнайы лайықталуға тиіс.
3. Буып-түю мен ыдысқа пайдаланылатын материалдар пестицидтердің (улы химикаттардың) құрама заттарының бұзылуына немесе өзге де зиянды әсеріне төзімді болуға және:
1) жану және (немесе) жылудың едәуір бөлігінің бөлінуін;
2) тез тұтанатын, уытты немесе тұншықтыратын газдардың бөлінуін;
3) басқа да химиялық белсенді және қауіпті заттардың түзілуін тудыратын реакцияға түсе отырып, олармен өзара әрекеттеспеуге тиіс.
19-7-бап. Пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдану кезіндегi
қауіпсіздік талаптары
1. Пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдану Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтер (улы химикаттар) тізімінде белгіленген тиімді және қауіпсіз қолдану технологияларын сақтай отырып жүзеге асырылады.
2. Пестицидтерді (улы химикаттарды) техникалық регламенттердің талаптарын бұза отырып қолдануға тыйым салынады.
3. Пайдаланылмаған пестицидтерді (улы химикаттарды) уақытша сақтауға арнайы арналған орындардан басқа жұмыс орындарында қалдыруға тыйым салынады.
19-8-бап. Пестицидтерді (улы химикаттарды) таңбалау жөніндегi
талаптар
1. Пестицидтердің (улы химикаттардың) орамын таңбалау:
1) телефонның, факстың, телекстің нөмірін және электрондық мекен-жайды қоса алғанда, өтініш берушінің (жеткізушінің, дайындаушының, дистрибьютордың немесе импортердің) атауы және толық мекен-жайын;
2) пестицидтің (улы химикаттың) атауы мен оның нысаналы мақсатын;
3) пестицидтің (улы химикаттың) номиналды мөлшерін (салмағын немесе көлемін);
4) шығару партиясы нөмірінің белгіленуін;
5) дайындалған (шығарылған) күнін;
6) қауіптілік қасиеттерінің және адамға, қоршаған ортаға және мүлікке әсер ету сыныптарының белгілерін (пиктограммаларын);
7) өнімді қауіпсіз сақтау, тасымалдау, өткізу, қолдану және кәдеге жарату жөніндегі ұсыныстарды қамтуға тиіс.
2. Таңбалау өшірілмейтін анық әріптермен немесе нышандармен түсіріледі.
19-9-бап. Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау кезіндегi
қауіпсіздік талаптары
1. Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау осы үшін арнайы арналған экологиялық, құрылыс және санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалардың талаптарына сай келетін арнайы қоймалық үй-жайларда жүзеге асырылуға тиіс.
2. Қоймалар үрлейтін және тартатын желдеткіштерімен жабдықталады. Тартатын желдеткіш құрғақ сүзгіш элементтермен жабдықталады.
3. Пестицидтерді (улы химикаттарды) қоймада сақтауға үй-жайды санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қызметінің органдары зерттеп болғаннан кейін пестицидтерді (улы химикаттарды) алу және сақтау құқығына санитарлық паспорт жасалғаннан кейін ғана жол беріледі.
4. Сақталынатын пестицидтердің (улы химикаттардың) мөлшері қойманың жобалық құжаттамасында көзделген қойма сыйымдылығынан аспауға тиіс.
5. Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау шарттары мен тәртібіне қойылатын талаптар әзірлеуді, сондай-ақ аталған талаптардың сақталуын бақылауды мемлекеттік санитарлық-зпидемиологиялық бақылау органдары жүзеге асырады.
19-10-бап. Пестицидтерді (улы химикаттарды) тасымалдау
кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Пестицидтерді (улы химикаттарды) тасымалдау қауіпті жүктерді көлік құралдарымен тасу мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Пестицидтермен (улы химикаттармен) бірге немесе бұрын пестицидтерді (улы химикаттарды) тасу үшін пайдаланылған көлік құралдарымен тамақ өнімдерін, жемшөп және ауыз су тасуға қатаң тыйым салынады.
3. Пестицидтерді (улы химикаттарды) тасымалдау үшін пайдаланылған көлік алдын ала тазартылмай және көлік құралы залалсыздандырылмай, басқа да тағамдық емес жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылуға тиіс емес.».
23. «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің) Жаршысы, 2002 ж., № 15, 148-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ауру бойынша қолайсыз пункт (қолайсыз пункт) - індет ошағы белгіленген аумақ;
2) базар - жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты, ветеринариялық препараттарды, жемшөпті және жемшөптік қоспаларды сату орнын қоса алғанда, арнайы жабдықталған сауда орны;
3) ветеринария (ветеринария саласы) - жануарлардың аурулары мен азықтан улануын (зақымдануын) зерделеуге, олардың профилактикасына, диагностикасына, оларды емдеуге және жоюға, мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектілерінің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға бағытталған арнаулы ғылыми білімдер мен практикалық қызмет саласы;
4) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер - ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін, ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар орындау үшін міндетті болып табылатын ветеринариялық нормативтер негізінде ветеринариялық іс-шараларды жүргізу тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
5) ветеринариялық құжаттар - мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектілеріне ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен ветеринариялық инспекторлар беретін ветеринариялық-санитариялық қорытынды, ветеринариялық куәлік, ветеринариялық сертификат, ветеринариялық анықтама;
6) ветеринариялық паспорт - ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысандағы құжат, онда жануардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы, жануарлар ауруларының профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу мақсатында жүргізілген ветеринариялық дауалаудың мерзімдері мен сипаты көрсетіледі;
7) ветеринариялық препараттар - жануарлар ауруларының профилактикасы, диагностикасы, оларды емдеу, олардың өнімділігін арттыру, дезинфекция, дезинсекция және дератизация жасау үшін жануарлардан, өсімдіктерден алынатын немесе синтетикалық заттар, сондай-ақ жануарларға арналған парфюмерия немесе косметика құралдары ретінде пайдаланылатын заттар;
8) ветеринариялық препараттар айналысы - ветеринариялық препараттарды өндіру, сақтау, тасымалдау, байқаудан өткізу, тіркеу сынағынан өткізу, сәйкестігін растау, қауіпсіздігі мен сапасын бақылау, жарнамалау, өткізу немесе қолдану;
9) ветеринариялық препараттарды мемлекеттік тіркеу - ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ветеринариялық препараттарды сараптамадан, байқаудан өткізу және тіркеу сынақтарының нәтижелері бойынша оларды заңнамада белгіленген тәртіппен Ветеринариялық препараттардың мемлекеттік тізіліміне енгізуі және оларға белгіленген нысандағы тіркеу куәліктерін беруі;
10) Ветеринариялық препараттардың мемлекеттік тізілімі - ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган шығаратын, мемлекеттік тіркеуден өткен және Қазақстан Республикасында өндіруге, импорттауға және қолдануға рұқсат етілген ветеринариялық препараттар туралы мәліметтері бар тізбе;
11) ветеринариялық препараттарды тіркеу сынағынан өткізу - ветеринариялық препараттардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарына сәйкестігін анықтау үшін ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен қолданылатын әдістер, әдістемелер кешені;
12) ветеринариялық препаратты байқаудан өткізу - ветеринариялық препаратты ветеринария практикасында пайдалану мүмкіндігін анықтау үшін, оның иммундық-биологиялық қасиеттері мен эпизоотологиялық тиімділігін, препарат әсерінің зардаптары жоқтығын, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздігін айқындау мақсатында, шектеулі зертханалық немесе өндірістік жағдайларда ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен сынақтан өткізу;
13) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектілерінің олар пайдаланылатын дағдылы (белгіленген) жағдайларда жануарлардың және адамның денсаулығына қауіп төндірмейтін күйі;
14) ветеринариялық-санитариялық сараптама - жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкес келуін ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен органолептикалық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, уыттық және радиологиялық зерттеулер кешені арқылы тексеруі;
15) ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы базарларда және (немесе) басқа орындарда өткізілетін жануарлардан алынатын өнімдерге ветеринариялық-санитариялық сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның мамандандырылған бөлімшесі;
16) ветеринариялық іс-шаралар - жануарлар ауруларының профилактикасын, емделуін немесе диагностикасын қоса алғанда, оның шығуын, таралуын болдырмауға немесе оны жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнімділігін арттыруға; жануарлардың және адамдардың денсаулығын жұқпалы, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, бірдейлендіру рәсімін қоса, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған індетке қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені;
17) ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін, өз өкілеттігі шегінде ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
18) жануарлар ауруларын қоздырушылар - вирустар, бактериялар, риккетсиялар, хламидиялар, микоплазмалар, приондар, қарапайым жәндіктер, саңырауқұлақтар, гельминттер, кенелер, жәндіктер;
19) жануарлар ауруларының диагностикасы жөніндегі референттік және әдістемелік қызмет - жануарлардың аса қауіпті, баяу және экзотикалық ауруларының қоздырушыларын типтендіруді (белгілі бір түр ішіндегі типтік айырмашылықтарды анықтауды), олардың профилактикасы мен диагностикасы шараларын әзірлеуді қоса жүзеге асыру, сондай-ақ күмәнді немесе даулы жағдайларда түпкілікті диагноз қою;
20) жануарлардан алынатын өнімдер - тиісінше өңделмей тамаққа пайдаланылмайтын ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, балық және балық өнімдері, жұмыртқа және жұмыртқа өнімдері, сондай-ақ бал ара шаруашылығының өнімдері;
21) жануарлардан алынатын шикізат - жануарлардан алынатын, жануарларды азықтандыруға арналған және (немесе) өнеркәсіпте пайдаланылатын тері, жүн, түк, қыл, бағалы аң терісі, мамық, қауырсын, эндокриндік бездер, ішек-қарын, қан, сүйек, мүйіз, тұяқ және басқа да өнімдер;
22) жануарлардың аса қауіпті аурулары - ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган анықтайтын, жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, тез немесе кең таралатын, жануарлардың ауруға шалдыққыштығына немесе өлуіне, үлкен әлеуметтік-экономикалық залалға әкеп соғатын жануарлар аурулары;
23) жемшөп - жануарларды азықтандыру үшін пайдаланылатын, сіңірілетін түрде құрамында қоректік заттар бар және жануарлардың денсаулығына зиянды әсер тигізбейтін өсімдік, жануар, минералдық, микробиологиялық, химиялық текті өнімдер;
24) жемшөп қоспалары - жануарлардың рационында жетіспейтін қоректендіргіш және минерал заттар мен дәрумендердің көздері ретінде пайдаланылатын, органикалық, минералдық және (немесе) синтетикалық текті заттар;
25) карантин - індет ошағын жою және аурудың таралуына жол бермеу мақсатында індет ошағы, қолайсыз пункт пен ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қолайлы аумақ арасындағы шаруашылық байланыстарды шектеуді немесе тыюды және мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердің орнын ауыстыруды тоқтата тұруды қамтамасыз етуге бағытталған ветеринариялық және әкімшілік-шаруашылық іс-шаралар жүйесін көздейтін құқықтық режим;
26) мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктер - жануарлар, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат, ветеринариялық препараттар, жемшөп және жемшөптік қоспалар;
27) сараптама актісі - мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектілері диагностикасының немесе ветеринариялық-санитариялық сараптамасының нәтижелері бойынша ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен ветеринариялық зертханалар беретін, олардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарына сәйкестігін куәландыратын, сондай-ақ оларды пайдалануға ұсынатын құжат;
23) шектеу іс-шаралары - жануарлар ауруының таралуына жол бермеу және індет ошағы мен қолайсыз пунктте ветеринариялық-санитариялық қолайлы жағдайға қол жеткізу мақсатында шаруашылық байланыстарды ішінара шектеуге және мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердің орнын ауыстыруды тоқтата тұруға бағытталған ветеринариялық, әкімшілік-шаруашылық іс-шаралар жүйесін көздейтін құқықтық режим;
29) эпизоотия - белгілі бір әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында жануарлардың аса қауіпті және басқа да жұқпалы ауруларының жаппай таралуы;
30) эпизоотия мониторингі - эпизоотологиялық зерттеуді және жануарлардың нақты ауруларының өршу заңдылықтары, олар мекендеген (ұсталған, өсірілген) аумақтардың табиғи-географиялық және экономикалық (шаруашылық) жағдайлары жүргізілетін ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар туралы ақпаратты қоса алғанда, жануарлар ауруларының таралуы туралы сандық деректерді жинау жүйесі және оларды кейіннен ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар тиімділігін талдау және эпизоотиялардың немесе панзоотиялардың пайда болуын, өршуін және жойылуын болжау үшін статистикалық өңдеу;
31) эпизоотия ошағы - жұқпалы ауруды қоздырушы көздер, тарататын факторлар және ауруға бейім жануарлар тұрған шектеулі аумақ немесе қора-жай.»;
2) 3-бапта:
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауіпсіздігі мен сапасын бақылау;";
6) тармақша «өнімдер мен шикізаттың» деген сөздерден кейін «қауіпсіздігіне және» деген сөздермен толықтырылсын;
3) 5-бап мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) ветеринария саласындағы техникалық регламенттерді бекіту;";
4) 8-бапта:
8) тармақшадағы «ережелер мен нормативтерді» деген сөздер «ережелерді» деген сөзбен ауыстырылсын;
21) тармақшадағы «бекіту кіреді.»деген сөздер «бекіту;»деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 22), 23) тармақшалармен толықтырылсын:
«22) ветеринария саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу;
23) өз құзіреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын мемлекеттік бақылау кіреді.»;
5) мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:
«3-1-тарау. Адамдар үшін тағам ретінде қолданылмайтын жануарларға
арналған ветеринариялық препараттарға, жемшөптерге және жемшөп
қоспаларына қойылатын қауіпсіздіктің жалпы талаптары
24-1-бап. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп
қоспаларын өндіру және өлшеп орау кезіндегi
қауіпсіздік талаптары
1. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру және өлшеп орау кезінде техникалық регламенттердің талаптары сақталуға тиіс.
2. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өлшеп орау сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.
3. Орау материалы ветеринарлық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауіпсіздігі мен сапасына әсер етпеуге тиіс.
24-2-бап. Ветеринарлық препараттарды, жемшөп пен жемшөп
қоспаларын тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік
талаптары
1. Қазақстан Республикасының аумағында жемшөп пен жемшөп қоспаларын тасымалдау олардың қауіпсіздігін және олардың сапалық көрсеткіштерінің сақталуын қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс.
2. Ветеринарлық препараттар, жемшөп пен жемшөп қоспалары құрғақ, таза, жемдік қорлардың зиянкестерімен залалданбаған көлік құралдарымен тасымалдануға тиіс.
24-3-бап. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп
қоспаларын сақтау кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Ветеринариялық препараттар, жемшөп пен жемшөп қоспалары олардың қауіпсіздігін барлық сақтау мерзімі ішінде қамтамасыз ететін жағдайларда арнайы қойма үй-жайларында сақталуға тиіс.
2. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау шарттары ветеринария саласындағы техникалық регламенттерде көзделген талаптарды ескере отырып, дайындаушы белгілейді.