Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілерді салуға конкурстар өткізу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 желтоқсандағы № 1181 Қаулысы
(2011.18.04. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 5 шілдедегі № 910 Қаулысымен күші жойылды
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қоса беріліп отырған Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілерді салуға конкурстар өткізу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 1181 қаулысымен
бекітілген
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік және рекреациялық мақсаттағы
объектілерді салуға конкурстар өткізу
ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілерді салуға конкурстар өткізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына, Қазақстан Республикасының жер, азаматтық заңнамасына, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес әзірленді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (бұдан әрі - табиғатты қорғау мекемесі) мынадай түрлерінде туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілерді (бұдан әрі - объектілер) салуға конкурстар өткізу тәртібін айқындайды:
1) мемлекеттік ұлттық табиғи парк;
2) мемлекеттік өңірлік табиғи парк;
3) мемлекеттік табиғи резерват.
2. Объектілерді салу (қайта жаңарту) конкурс нәтижелері бойынша, табиғатты қорғау мекемесі мен конкурс жеңімпазы арасында жасалған жер учаскесін ұзақ мерзімге жалға беру шарты (бұдан әрі - жалға беру шарты) негізінде табиғатты қорғау мекемелерінің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілерді
салуға (қайта жаңартуға) конкурс құжаттамасын дайындау
және конкурс өткізуді ұйымдастыру тәртібi
3. Табиғатты қорғау мекемесі конкурсқа қойылатын объектілерді алуға (қайта жаңартуға) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) бекіткен, мыналарды қамтитын конкурстық құжаттама пакетін дайындайды:
1) табиғатты қорғау мекемесінің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес қалыптасқан, конкурсқа қойылатын лот (лоттар);
2) конкурстың өтетін уақыты мен орны туралы ақпарат;
3) конкурстық өтінімдер беру тәсілі, орны және соңғы мерзімі және олардың қолданылу мерзімі;
4) конкурстық өтінімдер салынған конверттер ашылатын орны, күні және уақыты (бірақ конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткен сәттен бастап екі сағаттан кешіктірмей);
5) объектілерді салуға арналған шарттың жобасы;
6) жер учаскесін құрылыс салуға (қайта жаңартуға) берудің шарттары, оның нысаналы мақсаты;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын, мүдделі ұйымдармен келісілген құрылыс салу (қайта жаңарту) және объектінің одан әрі орнықты жұмыс істеуі үшін талап етілетін, сұралып отырған (есептерде) параметрлерде объектілерді инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосудың алдын-ала техникалық шарттары;
8) жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін қажетті мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген табиғатты қорғау мекемесінің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес әзірленген сәулет-жоспарлау тапсырмасы;
9) объектілердің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу және оларды салу (қайта жаңарту) мерзімдері. Бұл ретте жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мерзімі бір жылдан аспайтын, ал объектіні салу (қайта жаңарту) мерзімі үш жылдан аспайтын болып белгіленеді;
10) инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу (қайта жаңарту), объектіге жапсарлас аумақты (қажеттілігіне қарай) абаттандыру жөніндегі талаптар;
11) салына бастаған жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікті бұзуға байланысты барлық шығындарды Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес (қажеттілігіне қарай) өтеу жөніндегі талаптар.
4. Табиғатты қорғау мекемесі алдағы конкурс туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымында конкурс өткізілетін күнге дейін кемінде бір ай бұрын орналастырады. Конкурс өткізу туралы хабарландыруда конкурсты ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жері, конкурсқа қойылатын лоттардың тізбесі, конкурстық құжаттаманы алу орны мен тәсілдері, конкурстық өтінімдер табыс етілетін орны мен соңғы мерзімі, басқа да қажетті ақпарат көрсетіледі.
5. Табиғатты қорғау мекемесі басшысының бұйрығымен құрамына табиғатты қорғау мекемесінің, аумағында табиғатты қорғау мекемесі орналасатын жергілікті атқарушы органдардың, уәкілетті органның аумақтық органының, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органының, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті органының өкілдері кіретін конкурстық комиссия құрылады.
Конкурстық комиссия мүшелерінің саны тақ болуы және кемінде бес адам болуы тиіс. Конкурстық комиссияның төрағасы болып табиғатты қорғау мекемесінің басшысы немесе оның орынбасары, хатшысы болып табиғатты қорғау мекемесінің қызметкері тағайындалады. Конкурстық комиссияның хатшысы оның құрамына кірмейді.
6. Конкурстық құжаттаманы алу үшін ықтимал қатысушы оны алуға арналған өтінімді лоттарды көрсете отырып беруі қажет.
7. Табиғатты қорғау мекемесі конкурсқа ықтимал қатысушыларды тіркегенге дейін, конкурстық құжаттаманы алған адамдарға құрылыс салуға (қайта жаңартуға) бөлінген және конкурсқа қойылатын жер учаскелерімен танысуға мүмкіндік береді.
8. Конкурстық құжаттаманы алған конкурсқа ықтимал қатысушы конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарға сәйкес конкурстық ұсыныс дайындайды және оны белгіленген мерзімде жабық конвертте табиғатты қорғау мекемесіне тіркеуге ұсынады. Конкурстық ұсынысты берген адамның конкурстық ұсынысы тіркелген сәттен бастап, ол конкурсқа қатысушы мәртебесіне ие болады.
9. Конкурсқа ықтимал қатысушы конкурстық құжаттама ережелеріне түсіндірме беру туралы сұрау салып жүгінуге құқылы, бірақ ол конкурстық өтінімді табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейінгі күнтізбелік он күннен кешіктірілмеуі керек. Конкурсты ұйымдастырушы сұрау салу тіркелген сәттен бастап үш күн мерзімде оған жауап қайтаруға және сұрау салудың кімнен түскенін көрсетпестен, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық конкурсқа ықтимал қатысушыларға осындай түсіндірмені хабарлауға міндетті.
ҚР Үкіметінің 2011.18.04. № 426 Қаулысымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Мемлекеттік немесе орыс тілдерінде дайындалған, конкурсқа ықтимал қатысушы ұсынатын конкурстық ұсыныс мынадай құжаттарды қамтиды:
лоттарды көрсете отырып, конкурсқа қатысуға арналған өтінім;
заңды тұлғалар үшін - заңды тұлға жарғысының және оның тіркелгені туралы куәліктің, жеке тұлғалар үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың және жеке кәсіпкердің тіркелгені туралы куәліктің нотариалды расталған көшірмелері;
техникалық ерекшеліктері (ерекшеліктерді, жоспарларды, сызбаларды, эскиздер мен халықаралық немесе қазақстандық стандартқа сілтемелерді, бірыңғай нормалар мен ережелерді қоса алғанда, ұсынылып отырған жұмыстар мен қызметтердің техникалық сипаттамасы);
заңды тұлғалар үшін, өткен жылдың бухгалтерлік теңгерімі;
табиғи кешендердің және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сақталуын, жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етуге бағытталған ұсынылып отырған қызметтер мен жұмыстардың тізбесі;
объектіні салу (қайта жаңарту) кезінде көзделетін жұмыстарды орындауға арналған лицензиялардың нотариалды куәландырылған көшірмелері.
Конкурсқа қатысушы қосалқы мердігерлерді тартқан жағдайда, конкурсқа қатысушы өзінің конкурстық ұсынысында тиісті қосалқы мердігерлердің тізбесін құрылыс салу (қайта жаңарту) кезінде көзделетін жұмыстарды орындауға арналған қажетті лицензиялардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін не қосалқы мердігерлердің лицензияларын беру туралы кепілхатты (бұдан әрі -кепілхат) қоса бере отырып ұсынады.
11. Конкурстық комиссияның хатшысы қатысушы адамдарға конкурсқа қатысушылардың атауы мен орналасқан жерін, олар қатысуды жоспарлап отырған лоттардың атауын, конкурстық ұсыныста берілген құжаттардың тізбесін бір мезгілде хабарлай отырып, конкурстық ұсыныстар бар конверттерді ашуды жүзеге асырады.
12. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық ұсыныстары бар конверттерді ашу нәтижелері бойынша конверттерді ашқан күні конкурстық комиссияның барлық мүшелері қол қоятын, куәландырылған көшірмелері конкурсқа қатысушыларға табыс етілетін конверттерді ашу хаттамасын жасайды.
13. Конкурстық комиссия конверттер ашылған күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде конкурстық ұсыныстарды бағалауды өткізеді.
14. Конкурстық комиссияның шешімі бойынша, ұсынысы конкурстық құжаттамада қамтылған барлық талаптарға жауап беретін қатысушы конкурс жеңімпазы деп танылады және конкурстың шарттарын орындау бөлігінде үздік болып табылады. Сондай-ақ конкурстық ұсыныста берілген қосымша техникалық, біліктілік, ұйымдастырушылық және өзге де артықшылықтар назарға алынады.
Конкурс жеңімпазын анықтаған кезде, сондай-ақ өткен үш жыл ішінде объектілерді салу (қайта жаңарту) саласындағы оң жұмыс тәжірибесі де ескеріледі.
15. Басқа үміткерлер болмаған кезде, конкурсқа жалғыз қатысушы, егер ол конкурстық ұсынысқа қойылатын талаптарды сақтаса және объектіні салу (қайта жаңарту) жөнінде олар берген ұсыныстар конкурс шарттарына жауап берсе жеңімпаз деп танылуы мүмкін.
16. Егер конкурсқа қатысушылардың ұсыныстарын конкурстық комиссия конкурс шарттарын қанағаттандырмайды деп таныса, конкурсты ұйымдастырушы оны өткізілмеді деп тануы мүмкін.
17. Конкурсқа қатысушылардың арасынан оның жеңімпазын таңдау конкурстық комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде, конкурстық комиссияның отырысында өткізіледі. Конкурстық комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер ол үшін конкурстық комиссияның қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, конкурстық комиссияның төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
Конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда конкурстық комиссияның кез келген мүшесі ерекше пікірін білдіреді, оны жазбаша түрде баяндайды және объектілерді салуға (қайта жаңартуға) арналған конкурс қорытындыларының хаттамасына (бұдан әрі - конкурс қорытындыларының хаттамасы) тігеді.
18. Әр лот бойынша конкурс қорытындыларының хаттамасына конкурстық комиссияның барлық қатысып отырған мүшелері, сондай-ақ оның хатшысы қол қояды.
19. Табиғатты қорғау мекемесі конкурс қорытындыларының хаттамасына қол қойылғаннан кейін үш күн мерзімде уәкілетті органға конкурс нәтижелері туралы есеп береді.
ҚР Үкіметінің 2011.18.04. № 426 Қаулысымен 20-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
20. Табиғатты қорғау мекемесі конкурс жеңімпазына хабарлама жібереді және ол жіберілген сәттен бастап он жұмыс күні ішінде онымен жалға беру шартын жасасады және объектіні салуға (қайта жаңартуға) рұқсат береді.
Кепілхат ұсынған жағдайда объектіні салуға (қайта жаңартуға) арналған рұқсат қосалқы мердігерлер лицензияларының көшірмелерін ұсынғаннан кейін беріледі.
21. Шарт Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күшіне енеді.
ҚР Үкіметінің 2011.18.04. № 426 Қаулысымен 22-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
22. Конкурс жеңімпазының оған жалға беру шартын жасасу үшін хабарлама жіберілген сәттен бастап он жұмыс күні ішінде келмеуі, оның жалға беру шартын жасасудан бас тартуы, сондай-ақ жеңімпаздың кінәсінен оны жасасудың кідіртілуі жер учаскесін жалға алудан және объектіні салудан (қайта жаңартудан) бас тарту ретінде қаралады. Мұндай жағдайда жеңімпаз объектіні салу (қайта жаңарту) бойынша қолайлы шарттар ұсынған қалған конкурсқа қатысушылардың ішінен анықталады не бұл лот осы Ережеде белгіленген тәртіппен келесі конкурсқа шығарылады.
Егер кепілхат ұсынған конкурс жеңімпазы жалға беру шарты жасалған күннен бастап 3 айдың ішінде қосалқы мердігер лицензиясының көшірмесін бермесе, конкурстық комиссия жеңімпазды қалған конкурсқа қатысушылардың ішінен анықтайды не бұл лот келесі конкурсқа шығарылады.
23. Табиғатты қорғау мекемесі конкурс нәтижелерін сол конкурс өткізу туралы хабарландыру берілген баспа басылымында жариялайды.
24. Конкурсқа қатысушы конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда конкурстың нәтижелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.