Жарнама туралы 2003 жылғы 19 желтоқсандағы № 508-ІІ
Қазақстан Республикасының Заңы
(2006.07.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2006 ж. 7 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Өзгерістер енгізу туралы 2006.07.07. № 181-III ҚР Заңын қара (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 5 баптар)
2-тарау. Жарнамаға қойылатын жалпы және арнайы талаптар (6 - 16 баптар)
3-тарау. Жарнама саласындағы мемлекеттік реттеу (17 - 21 баптар)
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында жарнама жасау, тарату, орналастыру және пайдалану процесiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Заңның мақсаттары
Осы Заңның мақсаттары жарнаманы жасау, тарату, орналастыру және пайдалану үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету, жарнама саласындағы жосықсыз бәсекеден қорғау, жөнсiз жарнаманы болғызбау және оларға тыйым салу болып табылады.
2-бап. Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында жарнама жасайтын, тарататын, орналастыратын және пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың қызметi процесiнде туындайтын қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заң жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты болмайтын хабарландыруларына, соның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарландыруларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылатын саяси үгiт пен насихатқа қолданылмайды.
3-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) жарнама - адамдардың беймәлiм тобына арналған және жеке немесе заңды тұлғаларға, тауарларға, тауар белгiлерiне, жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге қызығушылықты қалыптастыруға немесе қолдауға арналған және оларды өткiзуге жәрдемдесетiн кез келген нысанда, кез келген құралдардың көмегiмен таратылатын және орналастырылатын ақпарат;
2) жөнсiз жарнама - мазмұнына, уақытына, таратылу, орналастырылу орнына және тәсiлiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуына жол берiлген жосықсыз, дәйексiз, әдепсiз, көрiнеу жалған және жасырын жарнама;
3) жарнама берушi - жарнама жасау, тарату және орналастыру үшiн жарнамалық ақпарат көзi болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
4) жарнама жасаушы - жарнамалық ақпаратты тарату және орналастыру үшiн дайын нысанға келтiрудi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
5) жарнама таратушы - мүлiктi, соның iшiнде радио және (немесе) теледидар хабарларын таратудың техникалық құралдарын беру және (немесе) пайдалану жолымен және өзге де тәсiлдермен жарнамалық ақпаратты тарату мен орналастыруды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
6) жарнама тұтынушылар - жарнама арналған жеке және (немесе) заңды тұлғалардың беймәлiм тобы;
7) жүгiртпе жол - жарнама таратудың теледидар бойынша, кино және бейнеқызмет көрсетуде берiлетiн тәсiлi, ол теледидар экрандарында, сондай-ақ дербес мониторларда - тұрақты орналастыру объектiлерiнде жиынтығымен белгiлi бiр ақпаратты құрайтын әрiптер, цифрлар, белгiлер тiркесiнiң тiзбектесiп алмасуымен (қозғалуымен) сипатталады.
4-бап. Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
5-бап. Жарнамаға авторлық құқық және сабақтас құқықтар
Жарнама авторлық құқықтың және сабақтас құқықтардың толық немесе iшiнара объeктici бола алады. Авторлық құқық және сабақтас құқықтар Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес қорғалуға тиiс.
2-тарау. Жарнамаға қойылатын жалпы және
арнайы талаптар
6-бап. Жарнамаға қойылатын жалпы талаптар
1. Жарнама таратылу, орналастырылу нысанына немесе пайдаланылатын құралына қарамастан, тiкелей ұсынылу сәтiнде арнаулы білімсiз немесе арнаулы құралдарды қолданбай дәйектi әрi түсiнiктi болуға тиiс.
2. Қазақстан Республикасының аумағында жарнама, теледидардағы, радиодағы және сыртқы (көрнекi) жарнаманы қоса, мемлекеттік және орыс тiлдерiнде, ал қажет кезiнде басқа да тiлдерде таратылады.
Жарнама мазмұнының бiр тiлден екiншi тiлге аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс.
Бұл ретте теледидар мен радио арқылы мемлекеттік тiлде берiлетiн жарнама күн сайынғы эфирге шығатын барлық уақыт бойы бiркелкi таратылуға тиiс.
3. Белгiленген тәртiппен тiркелген тауар белгiлерi мен логотиптер түпнұсқа тілінде және (немесе) басқа тiлде жазылуы мүмкiн.
4. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалуына және сатылуына тыйым салынған тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) жарнамалауға жол берiлмейдi.
Егер жарнама берушi жүзеге асыратын қызмет лицензиялануға тиiс болса, онда тиiстi тауарды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) жарнамалау кезiнде, сондай-ақ жарнама берушiнiң өзiн жарнамалау кезiнде, радиодағы жарнаманы қоспағанда, лицензияның нөмiрiн және лицензия берген органның атауын көрсету қажет.
5. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелмеген дiни ұйымдар мен дiни оқу орындарын жарнамалауға тыйым салынады.
6. Жарнама Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, порнографияны насихаттауға немесе үгiттеуге пайдаланылмауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәлiметтердi және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды тарату үшiн пайдаланылмауға тиiс.
7. Жарнама қоғамда дүрбелең туғызбауға, азаматтарды агрессияға бастамауға, сондай-ақ құқыққа қарсы өзге де әрекеттi (әрекетсiздiктi) қоздырмауға тиiс.
8. Жарнамаға қойылатын шектеулер осы Заңмен және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерімен белгiленедi.
7-бап. Жөнсiз жарнама түрлерi
1. Мынадай:
1) жарнамаланатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларымен (жұмыстарымен, көрсетiлетiн қызметтерiмен) салыстыратын, сондай-ақ олардың абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне кiр келтiретiн сөздерi, бейнелерi бар;
2) басқа өнiмдердi жарнамалауда пайдаланылатын фирмалық атауды, тауар белгiсiн, фирмалық ораманы, тауардың сыртқы безендiрiлуiн, формулаларын, бейнелерi мен басқа да коммерциялық белгiлемелерiн көшiрiп алу арқылы не олардың сенiмiн терiс пайдалану арқылы жарнамаланатын өнiмдерге қатысты тұтынушыларды жаңылдыратын;
3) кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру кезiнде пайдаланылуы тауардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) сипатына, дайындалу тәсiлiне, қасиеттерiне, қолдануға жарамдылығына немесе санына қатысты жаңылыстыруы мүмкiн нұсқамалары немесе дәйектемелерi бар;
4) жарнамаланатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) пайдаланбайтын жеке немесе заңды тұлғалардың беделiн түсiретiн, қорлайтын немесе мазақ ететiн жарнама жосықсыз жарнама болып табылады.
2. Мыналарға:
1) өнiмдердiң табиғаты, құрамы, дайындау тәсiлi мен күнi, мақсаты, тұтыну қасиеттерi, пайдалану шарттары, сәйкестiк сертификатының, сертификат белгiлерiнiң және мемлекеттік стандарттарға сәйкестiк белгiлерiнiң болуы, саны, шығарылған жерi сияқты сипаттамаларына;
2) өнiмнің нарықта болуына, оны белгiлi бiр орында сатып алу мүмкiндiгiне;
3) жарнама тарату және орналастыру кезіндегі өнiмнiң құны (бағасы) мен ақы төлеудiң қосымша шарттарына;
4) өнiмдердi жеткiзуге, айырбастауға, қайтаруға, жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге;
5) кепiлдiк мiндеттемелерге, қызмет мерзiмдерiне, жарамдылық мерзiмдерiне;
6) қолданудың болжамды нәтижелерiне;
7) заңды тұлғаның зияткерлiк қызметiнiң және соған теңестiрiлген даралау құралдарының, өнiмнiң, орындалған жұмыстардың немесе көрсетiлетiн қызметтiң нәтижелерiне берiлетiн айрықша құқықтарға;
8) мемлекеттік нышандарды (елтаңба, жалау, гимн), сондай-ақ халықаралық ұйымдардың нышандарын пайдалану құқықтарына;
9) ресми тануға, медальдар, жүлделер, дипломдар және өзге де наградалар алуға;
10) өнiмнiң толық топтамасын, егер ол топтаманың бiр бөлiгi болып табылса, сатып алу тәсiлдерi туралы ақпарат ұсынуға;
11) зерттеулер мен сынақтар нәтижелерiне, ғылыми терминдерге, техникалық, ғылыми және өзге де жарияланымдардан алынатын дәйек-сөздерге;
12) басқа адамдардың өнеркәсiптiк немесе сауда қызметiнiң, жеке немесе заңды тұлғаның беделiн түсiретiн кәсiпкерлiк қызметте жүзеге асырылатын тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) туралы ұйғарымдарға;
13) негiздiлiгi асыра көрсетiлген түрiнде берiлмеуге тиiс статистикалық деректерге;
14) тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) жасаушының, сатушының немесе оларды жарнамалайтын адамдардың мәртебесiне немесе құзыреттілік деңгейiне қатысты шындыққа сай келмейтiн мәлiметтерi бар жарнама дәйексiз жарнама болып табылады.
3. Мыналар:
1) жеке тұлғалардың нәсiлiне, ұлтына, тіліне, кәсiбiне, әлеуметтiк жағдайына, жасына, жынысына, дiни, саяси және өзге де нанымына қатысты қорлайтын сөздердi, теңеулердi, бейнелердi пайдалану арқылы жалпыға бiрдей қабылданған iзгілік пен мораль нормаларын бұзатын мәтiндiк, көрiнiстi, дыбыстық ақпаратты қамтитын;
2) ұлттық немесе әлемдiк игiлiк болып табылатын өнер, мәдениет объектiлеріне, тарих ескерткіштерiне нұқсан келтiретiн;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарына, ұлттық валютасына немесе шетел валютасына, дiни нышандарға нұқсан келтiретiн жарнама әдепсiз жарнама болып табылады.
4. Жарнама берушiнiң (жарнама жасаушы, жарнама таратушы) жарнама тұтынушыны қасақана жаңылыстыратын, жарнамалау көмегiмен берiлетiн жарнамасы көрiнеу жалған жарнама болып табылады.
5. Радио, теле, бейне, дыбыс және кино өнiмдерiнде, сондай-ақ өзге де өнiмдерде, соның iшiнде арнаулы бейнеқосылғыларды, қосарланған дыбыс жазбаларын пайдалану арқылы және өзге де тәсiлдермен тұтынушының қабылдауына, түйсiгiне аңдаусыз әсер ететiн жарнама жасырын жарнама болып табылады.
6. Жөнсiз жарнамаға тыйым салынады.
8-бап. Теле және радиобағдарламалардағы жарнама
1. Жарнама сипатындағы хабарламалар мен материалдарға мамандандырылмаған теле және радиобағдарламалардағы жарнама, жүгiртпе жолды қоспағанда, тәулiк iшiнде берiлетiн хабарлардың жалпы көлемiнiң жиырма процентiнен аспауға тиiс.
Жарнама беру кезiнде оның дыбысы берiп отырған бағдарлама дыбысынан жоғары болмауға тиiс.
2. Жарнаманы қосарластыру түрiнде, соның iшiнде жүгiртпе жол тәсiлiмен пайдалану кезiнде оның көлемi кадр аумағының жетi жарым процентiнен аспауға және телехабарлардағы мәтiндiк немесе ақпараттық материалды бұзбауға тиiс.
3. Ресми хабарларды, Қазақстан Республикасының Президентiне және өкiлдi органдардың депутаттығына кандидаттардың сөздерiн, білім беру және дiни хабарлар берілімдерiн, сондай-ақ балалар мен жасөспiрiмдерге арналған жарнамаларды қоспағанда, балалар бағдарламалары көрсетілімдерiн жарнамамен, соның ішінде жүгiртпе жол әдiсiмен де бөлiп жiберуге тыйым салынады.
4. Ұлттық аза тұту күндерiнде электрондық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамаға тыйым салынады.
9-бап. Мерзiмдi баспасөз басылымдарындағы жарнама
Мерзiмдi баспасөз басылымдары жарнама объектiлерiн, оның тақырыбын дербес анықтайды.
Жазылым арқылы тарайтын баспасөз құралдары жазылым шарттарында басылымның тақырыптық бағыттамасын көрсетуге мiндеттi.
10-бап. Кино, бейне және анықтамалық қызмет көрсетудегi жарнама
1. Сериялар арасындағы үзiлiстердi қоспағанда, кино және бейне қызмет көрсетудегi фильмнің қойылымын жарнамамен бөлiп жiберуге тыйым салынады.
2. Анықтамалық қызмет көрсету кезiнде жарнама сұратылған ақпарат хабарланғаннан кейiн ғана берiледi.
3. Ақылы анықтамалық компьютерлiк және өзге де қызмет көрсету кезiнде жарнама клиенттiң келiсуiмен ғана таратылады. Мұндай жарнаманың құны сұратылған ақпараттың құнына кiрмеуге тиiс.
11-бап. Сыртқы (көрнекi) жарнама
1. Сыртқы (көрнекi) жарнаманы ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлiнген белдеулерiнде және елдi мекендерде орналастыру плакаттар, стендтер, жарық берушi табло, билбордтар, транспаранттар, түрiнде осы баптың 2-7-тармақтарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
Сыртқы (көрнекi) жарнама жолдардың көлiк-пайдалану сапасын ортаны қорғау талаптарын бұзбауға, жол белгiлерiмен және сілтемелерiмен ұқсас болмауға, олардың көрiнуiн немесе қабылдау тиiмділiгiн нашарлатпауға, жол пайдаланушылардың көзiн қарықтырмауға тиiс. сипатталатын жарнаманы тұрақты орналастыру объектiлерiнiң көмегiмен жарнама тұтынушылардың назарына жеткiзу түсiнiледi.
2. Сыртқы (көрнекi) жарнама объектiсiн орналастыруға:
1) ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлiнген мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарында сәйкес берiлетiн рұқсат болған жағдайда жол берiледi.
3. Сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастырғаны үшiн Қазақстан төлемақы алынады.
4. Осы баптың 2-тармағында айқындалған уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен берiлген рұқсат құжаттары туралы мәлiметтердi салық қызметi органдарына тапсыруға мiндеттi.
5. Тарих пен мәдениет ескерткiштерi, ғибадат ету объектiлерi аумағында, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыруға тыйым салынады.
6. Уәкiлеттi орган өтiнiштi алғаннан кейiн он күннiң iшiнде сыртқы (көрнекi) жарнама объектiлерiн орналастыруға рұқсат беруге не оны орналастырудан негiздi түрде бас тарта отырып жазбаша жауап қайтаруға мiндеттi.
7. Сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыру сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыру объектiлерiнiң меншiк иелерiмен немесе, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыру объектiлерiне өзге де заттық құқықтарға ие адамдармен жасалған шарттың негiзiнде жүзеге асырылады.
Сыртқы (көрнекi) жарнаманы жекеше меншiк объектiлерiнде орналастыру жөніндегі көрсетiлетiн қызметке тұрақты мемлекеттік бағалар (тарифтер) белгiлеуге тыйым салынады.
12-бап. Көлiк құралдарындағы жарнама
Көлiк құралдарында жарнама тарату, орналастыру жол қозғалысы қауiпсiздiгiнiң ережелерi сақтала отырып, көлiк құралдарының меншiк иелерiмен және егер заңда немесе шартта осы мүлiкке өзге де заттық құқықтарға ие тұлғаларға қатысты өзгеше көзделмесе, көлiк құралдарына өзге де заттық құқықтарға ие тұлғалармен жасалған шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 13-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
13-бап. Жекелеген өнім түрлерін жарнамалау ерекшеліктерi
1. Мыналарға:
1) алкоголь өнімдерін;
2) ана сүтін жасанды алмастырушыларды;
3) Қазақстан Республикасында сертификаттаудан өтпеген, міндетті сертификаттауға жататын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жарнамалауға тыйым салынады.
2. Темекіні және темекі өнімдерін жарнамалау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының темекі шегушіліктің алдын алу және оны шектеу туралы заңнамасымен реттеледі.
3. Дәрілік заттарды жарнамалау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының дәрілік заттар туралы заңнамасымен реттеледі.
4. Медициналық қызметтер көрсету жарнамасына, сондай-ақ профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарының жарнамасына, оларға лицензия мен (немесе) рұқсат болмаған, сондай-ақ оларды жарнамалауға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен берілген рұқсат болмаған кезде, жол берілмейді.
5. Қызметтік қаруды, сондай-ақ экспорты мен импорты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілетін қару-жарақты, әскери техниканы және қосарлы мақсаттағы өнімдерді жарнамалауға арнаулы басылымдарда ғана, сондай-ақ мамандандырылған көрмелерде немесе сату жәрмеңкелерінде жол беріледі. Аталған жарнама әскери және арнаулы қаруды, қару-жарақты, әскери техниканы жасау технологиясын, қолдану тәсілдерін тікелей немесе жанама түрде ашып көрсетпеуге тиіс.
14-бап. Қаржы, сақтандыру, инвестициялық қызметтердi
және бағалы қағаздарды жарнамалау ерекшелiктерi
Жеке және заңды тұлғалардың ақшаларын, сондай-ақ бағалы қағаздарды пайдалануға байланысты қаржы (соның iшiнде банктiк), сақтандыру, инвестициялық және өзге де көрсетiлетiн қызметтерге жарнама жасау, тарату, орналастыру кезiнде:
1) жарнамаланатын қызметтер көрсетуге немесе бағалы қағаздарға тiкелей қатысы жоқ ақпаратты жарнамада келтiруге;
2) жай акциялар бойынша кiрiс алуға және дивидендтер мөлшерiне кепiлдiк беруге;
3) бағалы қағаздарды эмиссиясы тiркелмеген, сондай-ақ бағалы қағаздар эмиссиясы тоқтатыла тұрған немесе жасалмады деп танылған кезде жарнамалауға;
4) қызметтiң болашақтағы тиiмдiлiгі (кiрiстілігi) туралы, соның iшiнде бағалы қағаздардың бағамдық құнының өсуiн жариялау арқылы кез келген кепiлдiктер немесе ұсыныстар беруге;
5) жарнамада айтылған, шарттардың елеулi талаптарының кез келгенiн жасырып қалуға;
6) басқа азаматтарды белгiлi бiр кәсiпорынның қызметiне немесе сол кәсiпорынның тауарларын сатып алуға тарту есебiнен азаматтарды өз табысын немесе пайдасын алуға шақыратын кәсiпкерлiк қызмет түрлерiн жарнамалауға тыйым салынады.
15-бап. Жарнама жасау, тарату, орналастыру кезiнде кәмелетке толмағандарды қорғау
Жарнама жасау, тарату, орналастыру кезiнде кәмелетке толмағандарды олардың сенiмiн және тәжiрибесiнiң жоқтығын терiс пайдаланудан қорғау мақсатында:
1) ата-ананың беделiн түсiруге, кәмелетке толмағандардың оларға деген сенiмiн жоғалтуға;
2) ата-ананы немесе басқа да адамдарды жарнамаланатын өнiмдi сатып алуға иландыра шақыратын тiкелей ұсыныс жасауға;
3) белгiлi бiр өнiмге ие болу басқалармен салыстырғанда қандай да болсын артықшылық беретiнiн, сондай-ақ қолда ондай өнiмнiң болмауы керiсiнше жағдайға алып келетiнiн кәмелетке толмағандарға тiкелей көрсетуге;
4) кәмелетке толмағандарды қауiптi орындар мен жағдайларда көрсету алдын алу мақсаттарында ақталмаса, оны мәтiндiк, көрнекi немесе дыбыстық ақпараттарды жарнамада орналастыруға;
5) кәмелетке толмағандарға арналған тауарларға (жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге) тiкелей қатысы жоқ жарнамада кәмелетке толмағандардың бейнелерiн көрнекi немесе дыбыстық пайдалануға;
6) өнiмдi пайдалану нәтижелерi көрсетiлген немесе сипатталған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандардың өнiмдi пайдалану дағдыларының қажеттi деңгейiн кемiтiп көрсетуге жол берiлмейдi. Жарнама өнiм арналған жас мөлшерi тобындағы кәмелетке толмағандар үшiн нақты қол жеткiзуге болатын ақпарат беруге тиiс;
7) кәмелетке толмағандардың бойында кәмелетке толмағандарға арналған өнiмнiң құны (бағасы) туралы шындыққа жанаспайтын (бұрмаланған) түсiнiк қалыптастыруға, сондай-ақ жарнамаланатын өнiмге кез келген отбасы бюджетi қол жеткiзе алады деген тiкелей немесе жанама нұсқауға жол берiлмейдi.
16-бап. Жарнамасы бар материалдарды сақтау мерзiмдерi
Жарнамасы бар материалдарды немесе олардың көшiрмелерiн, оларға кейiннен енгiзiлетiн өзгерiстердiң бәрiн қоса алғанда, жарнама берушi, жарнама жасаушы бiр жыл бойы, жарнама таратушы - жарнама соңғы таратылған, орналастырылған күннен бастап кемiнде бiр ай бойы сақтауға мiндеттi.
3-тарау. Жарнама саласындағы
мемлекеттік реттеу
17-бап. Жарнама саласындағы мемлекеттік реттеу
1. Жарнама саласындағы мемлекеттік реттеу деп Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес белгiленетiн жарнама жасауды, таратуды және орналастыруды бақылау түсiнiледi.
Жарнама саласындағы мемлекеттік реттеудi тиiстi уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
2. Жарнама саласындағы мемлекеттік реттеудiң негiзгi мақсаттары:
1) ұлттық мүдделердi қорғау;
2) жөнсiз жарнаманы, сондай-ақ қоғамдық құндылықтар мен жалпыға бiрдей қабылданған мораль және адамгершiлiк нормаларына қол сұғатын жарнаманы болғызбау және оларға жол бермеу;
3) жосықсыз бәсекеден қорғау болып табылады.
18-бап. Жарнамалық ақпарат беру
Осы Заңның талаптары орындалмаған жағдайда уәкiлетті органдардың талап етуi бойынша жарнама берушi, жарнама жасаушы және жарнама таратушы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарнамалық ақпараттың құжаттық растамасын беруге мiндеттi.
Егер жарнама берушi, ескертуге қарамастан, өзiнiң жарнамаға қоятын талабын өзгертпесе не өзiнiң жарнамалық ақпаратының дәйектi екендiгiне құжаттық растама тапсырмаса не жарнаманы жөнсiз жасауы мүмкiн өзге де мән-жайларды жоймаса, жарнама жасаушы және (немесе) жарнама таратушы, егер шартта өзгеше көзделмесе, белгiленген тәртiппен шартты бұзуға және залалдың толық өтелуiн талап етуге құқылы.
19-бап. Терiске шығару
1. Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдарын бұзу фактiсi анықталған жағдайда, бұзушылыққа жол берген тұлға мұндай жарнаманы таратуды, орналастыруды дереу тоқтатуға және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен терiске шығаруды жүзеге асыруға мiндеттi. Бұл ретте терiске шығару жөніндегі шығыстардың бәрiн бұзушылыққа жол берген тұлға көтередi.
2. Терiске шығару нақ сол тарату, орналастыру құралдарымен және тәсiлдерiмен терiске шығарылатын жөнсiз жарнама сияқты, ұзақтығының, кеңiстiгiнiң, орны мен тәртібінiң нақ сондай сипаттамалары мен өлшемдерi пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
3. Егер терiске шығару белгіленген мерзiмде жүзеге асырылмаса, онда уәкiлетті органның шешiмi бойынша терiске шығаруды жарнама туралы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына жол берген және белгiленген мерзiмде терiске шығаруды жүзеге асырмаған тұлғаға келтiрiлген шығындарды өтеу туралы керi талап қою (регресс) құқығы бар жарнама таратушылар жүзеге асыруға тиiс.
20-бап. Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдарының жарнаманың мазмұнына қатысты бұзылғаны үшiн, егер ол жарнама жасаушының не жарнама таратушының кiнәсiнен болғаны дәлелденбесе, жарнама берушi жауапты болады.
2. Жарнама жасаушы Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдарының жарнаманы ресiмдеуге немесе жасауға қатысты бұзылғаны үшiн жауапты болады.
3. Жарнама таратушы Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдарының жарнама таратудың, орналастырудың уақытына, орнына және тәсiлiне қатысты бұзылғаны үшiн жауапты болады.
4. Осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында аталған тұлғалардың жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен туындайды.
21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң, 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 13-бабы 1-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының