Сангачал терминалы Баку - Тбилиси - Джейхан жобасы шеңберінде мұнайды тасымалдау үшін бағытталған. Терминалдағы мұнайды сақтау үшін резервуарлардың сыйымдылығы шамамен 360 мың текше метр құрайды.
Ресей Федерациясы
Астрахань су көлігі кешені екі учаскеге бөлінген: Астрахань біріктірілген порты және Волга-Каспий каналының жолында, Астрахань қаласынан 100 км-де орналасқан Оля теңіз сауда порты.
Астрахань біріктірілген порты аумағында шамамен 20 стивидорлық компания жұмыс істейтін Астрахань су көлігі торабының порттарын қамтиды. 2005 жылдың қорытындылары бойынша Астрахань біріктірілген порты арқылы жүктерді ауыстырып тиеудің жалпы көлемі 7,0 млн. тоннаны құрады.
Қазіргі уақытта Оля портының құрғақ жүктерге арналған ұзындығы 180 метр айлағы және "РО-РО" үлгісіндегі кемелерді қабылдау үшін жабдықталған автопаромдық кешені бар. Қолданыстағы айлақтардың қайта өңдеу қуаты - жылына 0,54 млн. тонна. Портта қуаты жылына 0,27 млн. тонна контейнерлік кешен құру көзделген. Оля портының өндірістік қуатын 4 млн. тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Махачкала халықаралық теңіз сауда портының мұнайды ауыстырып тиеу үшін дамыған инфрақұрылымы бар. Порттың мұнай терминалы Баку - Новороссийск магистральдық мұнай құбырымен қосылған. Порттың тиеу қуаты 5 млн. тонна жүкті өңдеуге мүмкіндік береді, оның ішінде 80% - мұнай. 2005 жылы жүкті ауыстырып тиеудің жалпы көлемі 5,1 млн. тоннаны құрады. Порт жалпы жүк көтергіштігі 70 мың тонна көлік флотымен жұмыс істейді. Порттың жылына 20440 вагон өткізу қабілеттілігімен темір жол паромдық өткелі бар. Өткел Махачкала - Түркіменбашы және Махачкала - Ақтау бағыттарында жұмыс істейтін «Петровск» және «Советский Дагестан» үлгісіндегі паромдарға арналған. Осы бағыттарда сұйылған газ, мұнай, бас жүктер негізгі жүктер болып табылады. Қазіргі уақытта порттың өткізу қабілеттілігін жылына 15,0 млн. тоннаға дейін, соның ішінде мұнай құю жүктері бойынша жылына 10,0 млн. тоннаға дейін ұлғайту жөнінде жұмыс жүргізілуде.
Түркіменстан
Қазіргі уақытта Түркіменбашы порты Каспийдегі бәсекелес порттардың бірі болып есептеледі және Қазақстан аумағынан айналып өтетін транзиттік жүктерді тасымалдау үдерісіне қатысады. Қолданыстағы мұнай құю айлақтары бір уақытта алты танкерді қабылдай алады. РО-РО үлгісіндегі кемелерге қызмет көрсету үшін айлақ жұмыс істейді. Құрғақ жүк терминалы ауыр салмақты жүктерді қабылдауға есептелген және жүктерді кемеге тиеуге арналған арнайы платформалармен жабдықталған.
Сонымен бірге, Түркіменстанның экспорттық инфрақұрылымын кеңейту жобасына сәйкес Окарем және Аладжа мұнай терминалдарын дамыту көзделген. Осы терминалдардың өткізу қабілеттілігі жылына 9 млн. тоннаға дейін өсу перспективасымен жылына мұнай құю жүктердің шамамен 3,5 млн. тоннасын құрайды.
Иран Ислам Республикасы
Анзали порты жылына 5 млн. тоннаға дейін жүкті ауыстырып тиеуді жүзеге асырады. Портта су сыйымдылығы 6 мың тоннаға дейін 12 кемені бір уақытта арқандап байлауды қамтамасыз ететін 10 айлақ бар. Порт акваториясындағы өту шөгуі 5,5 метр тереңдікпен шектелген. Жүктер мен контейнерлерді сақтау үшін қоймалық алаң бар.
Ноушахр портының жүкті ауыстырып тиеудің жылдық көлемі 1,5 млн. тоннаны құрайды. Порттың 5,5 метр кепілді тереңдегімен үш айлағы бар және 27412 шаршы метр қоймалық алаңы бар. Жүктің негізгі номенклатурасы: астық, кокс, мыш концентраты, құрылыс материалдары, металл өнімі.
Нека портының жүк көтергіштігі 4,5 мың тонна танкерлерді өңдеу үшін 3,8 м. кепілді тереңдігімен бір айлағы бар. Порттың мұнай терминалының 792 мың текше м. жалпы көлемімен мұнайға арналған екі резервуары бар және осы порт SWAP-операциялар шартында қазақстандық мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу пункті болып табылады.
Бандар Амирабад (Хазар) порты қазіргі уақытта 5 млн. тонна жобалық қуатқа және тараған инфрақұрылымдық желі мен кірме жолдарға ие болып отыр. Негізгі жүк ағынын бас және контейнерлік жүктер құрайды. Объектінің құрылысы үш кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезекті пайдалануға беру (порттың жобалық қуаты жылына 8 млн. тоннаны құрайды) жылына 4 млн. тоннадан астам жүкті өңдеуге мүмкіндік береді. Портқа автомобиль жолы салынған, 18 км темір жол тармағы салынуда.
Каспийдегі порттық инфрақұрылымның сомалық қуаты шамамен мұнай құю мен құрғақ жүктердің 165,4 млн. тоннасын ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді. 2012 жылға болжанып отырған жүк ағыны құрылған порт қуаттарының шамамен 78% іске қосуға мүмкіндік береді және жүк тасымалын одан әрі дамыту үшін қажетті резерв жасайды.
Сауда мақсатында теңізде жүзу саласында
Қазіргі кезеңде Каспийдегі мұнай құю және құрғақ жүктерді тасымалдаудағы бәсеке белсенділігін көрсетуде.
Әзірбайжан Республикасы 2001 жылдың IV тоқсанына дейін іс жүзінде Каспий теңізі пароходствосының (бұдан әрі - КACПAP) флоты арқылы Каспий теңізіндегі теңіз тасымалы нарығының конъюнктурасын реттеп белгілеген. КACПAP Каспий теңізіндегі ең үлкен танкерлік флотпен жұмыс істейді және Қазақстан мен Түркіменстан порттарынан Қара теңіздегі порттарға дейін жер үсті көлігімен мұнай мен мұнай өнімін әрі қарай тасымалдау үшін әзірбайжан порттарына тасымалды жүзеге асырады. КАСПАР кемелерінің сомалық дедвейті 2010 жылға қарай айтарлықтай төмендеуі мүмкін, бұл МАРПОЛ-дың (Кемелерден ластанудың алдын алу жөніндегі халықаралық конвенция) ескі бір борттық кемелерді пайдалануға тыйым салу туралы талабынан болып отыр. Seascott Management компаниясының сараптау бағалауына сәйкес КACПAP-дың нарықтағы үлесі біртіндеп төмендеуде және 50% аспайтын болады. Осыған орай, КАСПАР дедвейті 13,8 мың тонна жаңа танкерлерді пайдалануға енгізуде.
Ресейлік «Волготанкер» кеме қатынасы компаниясы орташа дедвейті 5,0 мың тонна "өзен-теңіз" класындағы танкерлердің ірі иеленушісі болып табылады. Түркіменстан мен Қазақстан порттарынан Махачкалаға, ал жазғы навигация кезеңінде Волга-Дон каналы арқылы Қара теңіздегі порттарға мұнай мен мұнай өнімін тасымалдайды. Сонымен қатар, компания кемелері Иранға Челябинск, Магнитогорск, Батыс Сібір және Орск-Халиловск металлургиялық комбинаттарынан металл өнімін тасымалдайды, сондай-ақ Иран порттарына мұнай тасымалдауды жүзеге асырады. Танкерлер ресейлік верфтерде жасалған және Ресей туын көтеріп жұмыс істейді. "Волготанкер" Каспий теңізінде маусымдық сипатқа ие. Жазғы навигация кезеңінде Ресейдің ішкі су жолдарындағы қарқынды жұмысына байланысты бұл компания Каспийдегі теңіз фрахты нарығына айтарлықтай бәсеке жасамайды және оған әсерін тигізбейді.
Ресейлік Palmali Shipping кеме қатынасы компаниясының мұнай құю флоты Каспийде ең қазіргі заманғы флот болып табылады, соңғы 6 жыл ішінде құрылды және оның 100 мың тоннаға жуық жалпы дедвейті бар. Бірақ, сыртқы ойыншы ретінде (ұлттық компания болмай) Palmali Shipping кемелерді фрахтқа беретін не нарықтың басқа қатысушылары пайдаланбайтын көлемдерді тасымалдайтын компания рөлінде ғана болуы мүмкін.
Иран қазақстандық және ресейлік металлургиялық зауыттарының металл өнімін қоса алғанда, Каспий өңірі жүгінің 10 % тасымалдайды. Ирандық «Хазар Шиппинг Компани» компаниясы металл өнімімен бірге асбест пен астықты тасымалдайды.
Түркіменстанның теңіз сауда флоты 4 құрғақ жүкті тасымалдайтын құралдан тұрады, бірақ олар тасымалдайтын жүктердің көлемі шамалы.
«Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясын акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» АҚ) қазіргі уақытта меншікті флотын құруға жаңа кірісті. 2005 жылдың қорытындылары бойынша «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» АҚ Ақтау порты арқылы жөнелтілген мұнай көлемінің 50 % астамын тасымалдауды жүзеге асырды. Осы көлемді тасымалдаудың бір бөлігі фрахтқа алынған кемелерге түсіп тұр. Амортизацияланған және анағұрлым бәсекеге қабілетті тарифтерді ұсыну мүмкіндігі бар Ресей, Әзірбайжан және Иранның кеме қатынасы компанияларымен салыстырғанда осы нарықта алдын ала жеңілу жағдайында болғандықтан компания құрғақ жүктерді тасымалдамайды. «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК" АҚ теңіз операцияларын қолдау флоты Каспий теңізінің қазақстандық секторын (бұдан әрі - КТҚС) игеру шеңберінде қажетті жүктердің шамалы көлемін ғана тасымалдайды.
КТҚС-дағы жүк тасымалы нарығындағы бәсеке орта негізінен қосалқы флоты мен теңіз операцияларын қамтамасыз ету флотының кемелерінің әртүрлі үлгілеріне ие болып отырған Wagenborg Kazakhstan, BUE, Caspian Servise Group, «Аркшиппинг» компанияларынан тұрады.
3.2. Теңіз порттарын дамыту
Ақтау порты
Ақтау халықаралық теңіз сауда порты құрғақ жүктерді, мұнай мен мұнай өнімін халықаралық тасымалдауға арналған Қазақстан Республикасының жалғыз теңіз порты болып табылады.
80-жылдардың басында ауыстырып тиеу көлемі жылына 7 млн. тоннаға жуық мұнайды құрады. Құрғақ жүктерді ауыстырып тиеу жылына 300 мың тоннадан аспайтын және негізінде жергілікті маңызы бар жүктерден (тұз, ұлутасты блоктар, көмір) тұратын.
1999 жылы портты қайта жаңартудың 1-кезеңінің аяқталуы нәтижесінде құрғақ жүктерді тасымалдайтын құралдарға қызмет көрсету жөніндегі тиеу-қайта тиеу кешенінің мүмкіндіктері жылына 8,0 млн. тонна мұнайды ауыстырып тиеу жөніндегі сол уақыттағы мүмкіндіктердің сақталуымен жылына 1,5 млн. тонна деңгейіне дейін өскен.
Бүгінгі күні Ақтау порты дегеніміз қазіргі заманғы көп мақсатты терминал және ол мыналарға:
жүктерді, оның ішінде ауыр салмақты жүктерді сақтау үшін қоймалық транзиттік алаңдарға (50 мың шаршы метрден астам ашық алаңдар және 6 мың шаршы метр жабық транзиттік қойма);
бас және ақтарма жүктерді өңдеу үшін үш әмбебап айлаққа, астықты экспорттау, ауыр салмақты кемелерді қайта тиеу және РО-РО үлгісіндегі кемелерді өңдеу үшін бір айлаққа, айлақтардың жалпы ұзындығы - бір уақытта 4 кемені өңдеу мүмкіндігімен 550 м;
тікелей темір жол - паром қатынасында жүретін вагондардың кіру-шығуын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін темір жол-паромдық кешенге;
жыл сайынғы өңдеу қуаты 600 мың тоннаға дейін және бір уақытта 24 мың тоннаға дейінгі дәнді дақылдарды сақтайтын астық терминалына;
жүк көтергіштігі 12 мың тоннаға дейін 4 танкерді бір уақытта өңдеу мүмкіндігімен төрт мұнай құю айлағына;
бас және үйілме жүктердің барлық түрлерін және контейнерлердегі жүктерді ауыстырып тиеу үшін жабдыққа ие болып отыр.
Ақтау портының кірме жолдарының барлық түрлері, мұнай мен мұнай өнімін ағызу, құю және сақтау жөніндегі аралас инфрақұрылымы бар. Портта жер учаскелерін жалға алу шартында дербес мамандандырылған көлік ұйымдары жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта Ақтау порты басқару жүйесінің халықаралық стандарттары (ИСО 9001) бойынша жұмыс істейді және теңізде жүзу қауіпсіздігі мен кемелерге қызмет көрсетудің талаптарына жауап береді. Порт аумағында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы шеңберінде арнайы режим орнатылған.
Теңіз порты табиғи монополиялар субъектісі болып табылатын «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» PMК-ның қарамағында.
1999-2005 жылдардағы Ақтау порты арқылы жүкті ауыстырып тиеудің серпіні төмендегі кестеде берілген:
(мың тонна)
Р/с № | Жүк атауы | Жылдар |
1999 | 2000 | 2001 | 2002 | 2003 | 2004 | 2005 |
1. | Мұнай | 2066,8 | 3385,50 | 5035,4 | 5552,4 | 6970,7 | 8289,2 | 8912,7 |
2. | Металл | 235,4 | 701,50 | 1060,1 | 571,2 | 835,5 | 1011,5 | 1025,2 |
3. | Астық | 7,6 | 19,50 | 84,1 | 209,2 | 5,4 | 13 | 33,3 |
4. | Басқалары | 38,0 | 42,70 | 22,8 | 22,9 | 22,6 | 33,6 | 71,3 |
5. | Паромдық жүктер | - | 26,00 | 199,2 | 592,6 | 245,5 | 344,6 | 350,1 |
| Барлығы: | 2347,8 | 4175,2 | 6401,6 | 6948,3 | 8079,7 | 9691,9 | 10392,6 |
Баутино порты
Баутино порты Түпқараған шығанағының Баутин бухтасында орналасқан. Жергілікті карьердің өнімі тас-ұлутасты блок және өзге де жүктер (көмір, орман және басқалар) соңғы уақытқа дейін порт өңдеген негізгі жүк болып табылған. Қазіргі уақытта Баутино порты халықаралық қатынаста жүкті ауыстырып тиеуді жүзеге асырмайды және мұнай өндіру компаниялары үшін жүктердің (жабдық, құрылыс материалдары, жанар-жағар май материалдары және басқалар) көлемімен шектеледі.
Қойнауы толығымен пайдаланылмайды. Оны суға батқан кемелерден тазарту және түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Порттың пайдалану қызметтерінің жеткілікті көлемі жоқ. Порт аумағын кеңейту Баутино кентімен шектеліп тұр. Қойнауға қосылма жер учаскелері мен объектілер меншік нысаны әртүрлі мынадай ұйымдардың қарамағында.
«Agip КСО» компаниясының теңіз операцияларын қамтамасыз ету базасы мұнай кен орындарындағы құрылыс пен пайдалану жұмыстарын қолдауды қамтамасыз ету үшін көзделген. Базаның шаруашылық, қоймалық және тұрғын үй орындары, жүк көтергіштігі 100 тонна мобильді кранымен ұзындығы 100 метр айлағы бар.
«Қазақбалықфлоты» акционерлік қоғамының учаскесінде пирс және олардың толығымен тозуынан пайдалануға жарамсыз айлақтар, сондай-ақ кеме жөндеу цехінің су сыйымдылығы 600 тоннаға дейін кемелерді жөндеуге арналған және күрделі жөндеуге мұқтаж пирс орналасқан. Маңындағы аумақ 1,2 гектар.
Теңіз шекаралық дивизиясының айлағынан жасанды аралдар құрылысын салу үшін тас тиеу жүргізілуде. Айлақтың өзі жоқ. Ұзындығы 80 метр үйілме дамба бар. Топырақты кемеге түсіру үшін автокөліктің кіруіне арналған аппарель жабдықталған. Маңындағы 20 гектарға жуық аумақ топырақты сақтау үшін арналған.
Жергілікті «Шағала» мұнай базасының айлағы жаяу жүргіншілер пирсімен суға батқан кемеден тұрады. Экологиялық нормаларға сәйкес болмағандықтан жұмыс істемейді. Маңындағы аумақ 4 гектарға жуық.
Баутино жүк ауданының ("Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" РМК филиалы) айлағы мен аумағы, навигация кезеңінде кемелік жабдықтау жүктерін қайта өңдеу, қысқы кезеңде техникалық қызмет көрсету және кемелер тұрағы үшін пайдаланылады. Жалпы ауданы шамамен 1,5 га құрайды. Аумағында жүк көтергіштігі 16/32 және 6 тонна порталдық краны бар ұзындығы 63 метр айлақ бар, кірме автомобиль жолдары бар.
Шығанақтың солтүстік бөлігінде «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» АҚ мұнай кен орындарын жасанды аралдар жасау кезінде пайдаланатын тасты тиеу үшін екі айлақ бар.
Құрық порты
Құрық порты А. Бекович-Черкасскийдің шығанағында және Ералы темір жол станциясынан 11 км-де орналасқан.
Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында, сондай-ақ теңіз жолымен Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерінің шектелуін болдырмау үшін мұнай құю жүктерін өңдеу үшін қажетті қызметтер кешенін қамтамасыз етуге қабілетті Құрық портын белсенді дамыту жоспарланып отыр.
Каспий теңізі қазақстандық секторының жағалау жолағын дамытудың кешенді жоспарының шеңберінде «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «Қазмұнайгаз» ҰҚ» АҚ) Құрық порты ауданында жылына 20 миллион тоннаға дейін өндірістік қуатымен мамандандырылған мұнай құю терминалын құру мәселесін қарауда.
Құрық порты Каспий теңізі бойынша Әзірбайжан мен Иран порттарына мұнай мен мұнай өнімін жеткізу қашықтығын шамамен 50-60 мильге қысқартуға мүмкіндік береді.
3.3. Кеме қатынасы қызметін дамыту
«Қазақтеңізкөлікфлоты» АҚ Каспий теңізіндегі жүктерді тасымалдауды 2001 жылдың IV тоқсанында бастады.
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі (акциялардың 50%) мен "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ (акциялардың 50%) «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» АҚ-тың акционерлері болып табылады.
Бастапқы кезеңде «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» АҚ Ақтау порты арқылы ауыстырылып тиелетін жүктердің жалпы көлемінде мұнай экспортының 80% үлесі болғандықтан өз қызметін мұнай тасымалдауға бағыттаған.
Ұлттық теңіз сауда флотын құрудың 2004 - 2005 жылдарға арналған бағдарламасын іске асырудың екі жылы ішінде дедвейті 12 мың тонна екі мұнай құю танкерін жасау жүзеге асырылды, баржа-алаңдарды салу және тіркеп сүйреуіштер сатып алу арқылы теңіз операцияларын қолдаудың отандық флоты (бұдан әрі - ТОҚФ) құрылуда.
Сонымен қатар, осы табыстар жүк жөнелтушілердің перспективалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткіліксіз, тиісінше, бұл оларды іске асыруды жалғастыру және қазақстандық флотты одан әрі қалыптастыру қажеттілігіне әкелді.
«Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» АҚ-тың негізгі өндірістік көрсеткіштерi
(мың тонна)
Атауы | 2002 | 2003 | 2004 | 2005 |
Мұнай тасымалдау | 3211 | 2558 | 4060 | 4711 |
Мұнайды ауыстырып тиеу | 1350 | 1508 | 6829 | 7678 |
Тас жынысын ауыстырып тиеу | - | - | 539 | 1436 |
Тас жынысын тасымалдау | - | - | 78 | 244 |
«Мобилекс» компаниясы 2005 жылы Ақтау - Махачкала бағытында пайдаланылатын «Қазақстан» танкерін пайдалануға берді, сондай-ақ 2010 жылға дейін әрқайсысының дедвейті 12 мың тонна бес танкер жасау жоспарланып отыр.
Теңіз тасымалы нарығының қалған қатысушылары КТҚС игеру саласында қосалқы флот және ТОҚФ ретінде пайдаланылатын мамандандырылған шағын өлшемді кемелердің әртүрлі үлгісіндегі флотымен көрсетілген. Осы сегментте 2006 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әртүрлі субъектілер шамамен 150 кемені пайдаланады. КТҚС шельфін өндірудің жандануымен осы кластағы кемелердің шамамен 200 бірлігін пайдалану болжанып отыр. Wagenborg Kazakhstan, BUE, Caspian Servise Group, «Аркшиппинг» компаниялары осы кемелердің негізгі санының иелері болып табылады.
3.4. Каспий теңізіндегі теңіз жүк тасымалының нарығы
Каспийдегі порттарды пайдаланып теңіз көлігімен жүктерді тасымалдаудың негізгі бағыттары:
ирандық бағыт - Иранға және Парсы шығанағы елдеріне экспорттық-импорттық және транзиттік жүктермен тікелей су қатынасы;
ресейлік бағыт - Ресейдің Каспий және Азов бассейндеріндегі порттарымен тікелей су қатынасы;
Қара теңіз - Жерорта теңізі бағыты - Волга-Дон каналы арқылы тікелей су қатынасы, Кавказ елдеріне және Қара теңіз - Жерорта теңізі бассейні елдеріне экспорттық-импорттық және транзиттік жүктермен Баку - Батуми/Поти аралас темір жол-паромдық қатынасы;
солтүстік бағыт - Волга-Балт каналы арқылы Балтық теңізі бассейні елдеріне экспорттық-импорттық және транзиттік жүктермен тікелей су қатынасы болып табылады.
Осылайша, Каспийдегі қазақстандық порттар үшін жүк базасын былайша жіктеуге болады:
1) экспортқа бағытталған жүк. Негізгі экспорттық жүк ағыны: мұнай, металл өнімі, астық, түсті металлдар, кокс, асбест, мыш концентраты;
2) импорттық жүк. Жүк номенклатурасы мынадай: тағам өнімдері, құрылыс материалдары, химиялық өнім, контейнерлер, шағын өлшемді жабдық, доңғалақты техника, халық тұтынатын тауарлар;
3) транзиттік жүк. Транзиттің болжанған көлемдері: контейнерлік жүктер, халық тұтынатын тауарлар, Ресейдің урал комбинаттарының металл өнімі, ауыл шаруашылығы өнімі, топырақ, көлемдері сәйкес келмейтін жүктер, жабдық.
Сонымен бірге, орта мерзімді перспективада экспорттық-импорттық және транзиттік жүк ағындарының өсуіне, сондай-ақ контейнерлік тасымалдың дамуына айтарлықтай дәрежеде Алтынсарин-Хромтау темір жол желісін пайдалану Жезқазған-Сексеуіл, Сексеуіл-Бейнеу, Маңғыстау-Баутино, Ералы-Құрық темір жол учаскелерін салу мүмкіндігін береді.
3.4.1. Мұнай тасымалдау
Қазіргі уақытта әлемдік нарықтарға каспий мұнайын жеткізу үшін Баку-Новороссийск, Махачкала-Новороссийск, Баку-Супса, Теңіз-Новороссийск, Атырау-Самара және Нека-Тегеран сияқты магистральдық құбырлар басым пайдаланылады. 2005 жылғы жағдай бойынша осы құбырлардың өткізу қабілеттілігі 80 млн. тоннадан астам болды, бұл ретте 2015 жылға қарай олардың өткізу қабілеттілігінің болжанған өсуі 122 млн. тоннаға дейін артады. Сонымен бірге, 2015 жылға қарай Каспий өңірі елдерінде мұнай өндіру шамамен 250-300 млн. тонна болуы мүмкін, бұл мұнайды жеткізу мен өткізудегі перспективалық қажеттіліктерді алдын ала шешу мақсатында оны тасымалдау жөнінде қосымша инфрақұрылым жасау қажеттілігін көрсетеді.
КТҚС игерудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Ақтау мен Құрық теңіз порттары перспективалы мұнайды тасымалдау жөнінде аса маңызды көліктік тораптар ретінде қаралады.
Мынадай компаниялар теңіз порттары арқылы ірі мұнай жөнелтушілер болып табылады: «Теңізшевройл», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Құмкөлмұнай», «Текасако Hopc Бузачи». Сонымен бірге, теңіз кен орындарынан мұнайды өндірудің басталуымен «Agip КCO» консорциумы ірі жүк жөнелтушілердің бірі болып табылатын болады.
Қазақстанның мұнайын әлемдік нарықтарға тасымалдауда өсіп келе жатқан қажеттіліктерді шешу мақсатында жаңа бағыттар құру жөніндегі жобалар қаралуда. Олардың бірі - Ақтау мен Құрық порттарындағы мұнай терминалдарын тікелей қосуды көздейтін Баку - Тбилиси - Джейхан құбырын тиеуге Қазақстанның қатысуы болып табылады
3.4.2. Құрғақ жүктерді тасымалдау
Контейнерлік жүктер
Сарапшылардың болжамдарына сәйкес Солтүстік-Оңтүстік және ТРАСЕКА бағдарғыларының шеңберінде контейнерлік ағынды дамытудың айтарлықтай перспективалары бар. Контейнерлік ағынды жандандыруда Ауғанстанға гуманитарлық жүктерді, Ираннан, Парсы шығанағы мен Түркиядан Қазақстан мен Ресейдің урал өңірлеріне контейнерлерді, сондай-ақ Қытайдан контейнерлік жүктер мен халық тұтынатын тауарларды контейнерлік тасымалдау қаралады.
Перспективада Ақтау порты арқылы болжанып отырған контейнерлік ағын жылына шамамен 10 - 15 мың бірлікті құрауы мүмкін.
Металл өнімi
Тұтыну көлемін, жөнелту географиясы мен тарифтік режимді сақтау кезінде Ақтау порты арқылы металл өнімін (болатты) тасымалдау Иран және ішінара Әзірбайжан бағытында жүзеге асырылатын болады. Тасымалдау көлемдері "Миталл Стил Теміртау" компаниясы металл өнімі мен Ресейдің урал комбинаттарының транзиттік болаты есебінен қамтамасыз етілетін болады және де шамамен 1,5 млн. тоннаны, оның ішінде транзит шамамен 250 - 400 мың тоннаны құрайды.
Қара металл сынықтарын экспорттау Иран мен Түркия бағытында басым болады. Жөнелтілімдердің болжанған мүмкіндігі жыл сайын шамамен 250 - 300 мың тоннаны құрауы мүмкін.
Экспортқа бағытталған түсті металдар (мыс, мыш, қорғасын) қазіргі уақытта баламалы бағыттар бойынша тасымалданатын, Ақтау портына әлеуетті бағытталатын жүктер болып табылады. Осы жүктердің жыл сайынғы экспорты шамамен 400 мың тоннаны құрайды, олардың шамамен 250 мың тоннасы Ақтау порты бағытына бағдарлануы мүмкін.
Тартымды тарифтік режимнің болуы кезінде Тәжік алюминий зауыты шығаратын дайын алюминийдің шамамен жыл сайынғы 30 - 40 мың тонна транзитін тарту мүмкін.
КТҚС игеру жөніндегі теңіз операциялары үшін жүктер
КТҚС жер қойнауын игеру жөніндегі жоспарларға сәйкес алдағы кезеңде-жасанды аралдар салу кезінде теңіз кен орындарын игеру жерлері бағытында жүк ағынының айтарлықтай өсуі күтілуде. Жасанды аралдарды салу үшін қажетті тас таужынысының орта жылдық көлемі 1 млн. тоннадан 2 млн. тоннаға дейін болуы мүмкін. Жекелеген кезеңдерде, жұмыстардың қарқындылығы кезінде осы көлемнің жылына 4 млн. тоннаға дейін айтарлықтай өсуі мүмкін. Бұдан басқа кемелермен бұрғылау шламын, бұрғылау ерітінділері, жабдықты, орнату құбырларын, ауыз су мен техникалық суды, жанар-жағар май материалдарын, цемент ерітінділері мен химикаттарды тасымалдау болжанып отыр.
Басқа жүктер
Мамандандырылған алаңдарды жасау және қайта тиеу жабдығының бар болуы кезінде Ақтау порты арқылы жөнелту үшін күкірт, кокс, асбест, кен, көмір және минералдық тыңайтқыштардың жүк ағындарының айтарлықтай перспективасы бар.
КТҚС игеру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес мұнай өндіруді ұлғайту кезінде мұнай өндіру кезінде өндірілетін күкірттің көлемі Қашаған кен орнында ғана шамамен жылына 800 мың тоннаны құрайды.
Қазіргі уақытта анағұрлым үлкен жүк ағыны мынадай: Астрахань - Иран порттары, Ақтау - Махачкала, Ақтау - Баку, Ақтау - Иран порттары мен Түркіменбашы порты - Баку бағыттарында шоғырланған. Бұл ретте негізгі жүк базасы Ресей мен Қазақстанда құрылады және негізінен мұнай құю жүктерімен, металмен химиялық өніммен және орман материалдарымен көрсетілген.
Таяудағы перспективада Каспийдегі тасымалдың жалпы көлемі мұнай құю жүктері бойынша 50 млн. тоннаға дейін, құрғақ жүктер бойынша 20 млн. тоннаға дейін өседі. Атап айтқанда, қазақстандық теңіз порттары арқылы мұнайды тасымалдаудың сомалық көлемі 2012 жылға дейінгі кезеңде шамамен 40 млн. тоннаны құрайды, оның ішінде Қашаған кен орны мұнайының көлемі шамамен 20 - 24 млн. тонна болуы мүмкін. Болжам бойынша, нарықтың конъюнктурасы мен мұнай тасымалдау жөніндегі әртүрлі баламалы жобалардың уақтылы іске асырылуына байланысты бұл көрсеткіштер өзгеруі мүмкін.