Қазақстан Республикасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік
кадастрын жүргізу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 13 қыркүйектегі № 862 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 24 наурыздағы № 150 Қаулысымен күші жойылды
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік есебін және мемлекеттік кадастрын жүргізу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2001 жылғы 18 шілдедегі № 973 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., № 27, 337-құжат);
2) «Жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу және жерді осы аумақтардың резервіне қалдыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2003 жылғы 8 қыркүйектегі № 910 қаулысының 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., № 36, 369-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2001 жылғы 18 шілдедегі № 973 және 2003 жылғы 8 қыркүйектегі № 910 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы № 1417 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 50, 661-құжат).
3. Осы қаулы алғаш рет peсми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 13 қыркүйектегі
№ 862 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында ерекше қорғалатын
табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу
ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 7-бабына сәйкес әзірленді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын (бұдан әрі - мемлекеттік кадастр) жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік кадастр Қазақстан Республикасындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (бұдан әрі - ЕҚТА) құқықтық мәртебесі, олардың орналасқан жері, көлемі мен шекарасы, географиялық координаталары, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сандық және сапалық сипаттамалары, экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени, рекреациялық құндылығы, күзет режимінің түрлері, мақсатты пайдаланылуы мен рұқсат етілген қызмет түрлері туралы мәліметтер жүйесін қамтиды.
3. Мемлекеттік кадастрды ЕҚТА жүйесін дамыту бағдарламаларын әзірлеу үшін пайдалану, экологиялық желіні қалыптастыру және жерді ұтымды пайдалануды жоспарлау әрі биологиялық сан алуандылықты, бірегей табиғи ландшафттарды сақтауды ескере отырып, өңірлердің өндірістік күштерін орналастыру мақсатында уәкілетті органның аумақтық органдары мен облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы органдар ұсынатын мәліметтер негізінде тұрақты түрде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүргізеді.
2. Мемлекеттік кадастрды жүргізу тәртібi
4. Мемлекеттік кадастр республикалық кадастрлық кітап пен ЕҚТА-ның кадастр істерін қамтиды.
5. Кадастр ісі әрбір ЕҚТА-ға жеке ресімделеді және мыналарды қамтиды:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы органдардың ЕҚТА құру туралы шешімі;
2) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес ресімделген ЕҚТА паспорты;
3) ЕҚТА-ны құрудың немесе кеңейтудің табиғи-ғылыми және техника-экономикалық негіздемесін;
4) ЕҚТА-ны құрудың немесе кеңейтудің табиғи-ғылыми және техника-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын;
5) уәкілетті органның сұрауы бойынша ұсынылатын ЕҚТА-ның табиғи ресурстардың (жер, су, орман, жануарлар дүниесі, кен орындары мен пайдалы қазбалардың көрінімдері) мемлекеттік кадастрында көрсетілуі туралы уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін;
6) осы ЕҚТА-да анықталған мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесін.
6. Республикалық кадастрлық кітапта оларды қорғау режимінің түрін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы органдардың ЕҚТА құру туралы шешімін көрсете отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған барлық ЕҚТА әрбір облыс бойынша жеке көрсетіледі.
Республикалық кадастрлық кітапқа енгізілетін әрбір ЕҚТА-ға кадастрлық нөмір беріледі. Тиісті ЕҚТА-ға ресімделетін кадастрлық іс осы нөмірмен сәйкестендіріледі.
7. Мемлекеттік кадастр ақпаратты жинаудың, өңдеудің және сақтаудың электронды жүйелерін пайдалана отырып, қағаз және электронды жеткізгіштерде жүргізіледі.
8. Кадастрлық істерді ресімдеуді қоса алғанда, мәліметтерді өңдеу, мемлекеттік кадастрға енгізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
9. Уәкілетті органның аумақтық органдары мен облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы органдар уәкілетті органға жыл сайын 10 қаңтарға дейінгі мерзімде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде құрылған ЕҚТА-ға қатысты осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді электронды және қағаз жеткізгіштерде ұсынады.
10. Кадастрлық іс ресімделетін құжаттарға немесе мәліметтерге өзгерістер енгізілген жағдайда, мұндай өзгерістер туралы уәкілетті органның аумақтық органдары мен облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы органдар электронды және қағаз жеткізгіштерде тиісті құжаттар мен мәліметтерді қоса бере отырып, уәкілетті органды жедел хабардар етеді.
3. Қорытынды ережелер
11. Мемлекеттік кадастрды жүргізу бюджет заңнамасына сәйкес қаржыландырылады.
12. Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының сұрауы, заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұрау салынған аумақтар бойынша мемлекеттік кадастрдан мәліметтер берілуі мүмкін.