Шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенділігін арттыру мақсатында 2006-2008 жылдары кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайларды жақсарту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 18 ақпандағы "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жеделдетілген шаралардың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді.
Бағдарламаның мақсаты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қызметінің аясын барынша кеңейтуге және олардың қызметін жандандыруға бағытталған институционалдық жағдайларды жетілдіру есебінен Қазақстанның бәсекеге қабілетін арттыру болып табылады.
Бағдарлама шеңберінде жүргізілетін жұмыстардың негізгі бағыттары:
шағын және орта бизнес мәселелері бойынша заң шығарудың жаңа регламентін қабылдау жолымен заңнаманы жетілдіру;
шағын және орта бизнес мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық кесімдердің нәтижелілігін қадағалау институтын енгізу;
әрбір мемлекеттік органда "құқықтық ақпарат кабинетін" енгізу;
әкімшілік кедергілерді азайту және бюрократиясыздандыру;
кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын дамыту болып табылады.
Бағдарламаның міндеттері:
мемлекеттің жеке сектормен өзара іс-қимылының жаңа идеологиясын құру;
кластерлік-желілік ұстаным негізінде өмір сүруге қабілетті инфрақұрылымдық жүйені құру және қамтамасыз ету;
шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін барынша ашық заңнамалық негіз құру;
шағын және орта кәсіпкерліктегі көлеңкелі айналымды қысқарту.
Күтілетін нәтижелер.
2005 жылы "Кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданады.
Бизнеске әкімшілік қысымды азайту үшін ұсыныстар әзірлеу және кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің салалық бірлестіктерін тарта отырып заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылатын болады.
Қазақстан Республикасының бірқатар заңдарына (шамамен 18 заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр, олардың қабылдануы мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын қысқартуға әрі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін преференциялар құруға мүмкіндік береді.
2005 жылы Қазақстан Республикасының Салық кодексіне шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін арнаулы салық режимінің қолданылу аясын кеңейту бөлігінде өзгерістер енгізіледі.
Сондай-ақ кластерлік-желілік ұстаным негізінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың экономикалық моделі әзірленеді.
2005 жылы Үлкен қаржы маркеті құрылады.
2006 жылы мемлекеттің бейінді емес функцияларын шағын және орта кәсіпкерлікке беру жүргізіледі.
Шағын және орта бизнесті дамыту үшін 2005 жылы "Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамына республикалық бюджет қаражатынан қосымша 10 млрд. теңге бөлінеді.
Үш жыл ішінде шағын және орта бизнес субъектілеріне кредит беру 95 млрд. теңгеге дейін ұлғаяды.
§ 5. Кедейшілік пен жұмыссыздықты азайту
2006-2008 жылдары кедейшілік пен жұмыссыздықты азайту саласындағы негізгі мақсат еңбек рыногында белсенді саясатты жүзеге асыру арқылы кедейшілікті азайту және тиімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету, жұмыс күшінің сапасын арттыру болып табылады.
Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2005 жылғы 27 қаңтардағы № 68 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының халқын жұмыспен қамтудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру 902,1 мың жаңа жұмыс орнын құру, 403,1 мың адамды жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру, 333,5 мың адам үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, 70,8 мың жұмыссызды кәсіптік оқуға және қайта даярлауға жіберу есебінен еңбек рыногындағы шиеленісті төмендетуге мүмкіндік береді.
Бағдарламада халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін өсіруді ынталандыруға, мақсатты топтардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуге, халықтың жұмыспен қамтылуы саясатын ақпараттық қолдауға, жұмыспен қамту саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру көзделеді.
ҚР Үкіметінің 2006.15.05 № 395 Қаулысымен 6 параграф өзгертілді (бұр. ред. қара)
§ 6. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру
Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытудың орта мерзімді кезеңге арналған негізгі бағыттары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 30 қарашадағы № 1241 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдетудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасында (бұдан әрі - Бағдарлама) айқындалған.
Бағдарлама шеңберінде мынадай міндеттерді шешу:
республикалық бюджет қаражатынан (жасына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты) төленетін жәрдемақылар мөлшерін есептеу әдістемесін біртіндеп өзгерту жолымен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің базалық деңгейін қалыптастыру;
ең төменгі күнкөріске қатысты базалық әлеуметтік төлемдер мөлшерін айқындау;
мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін одан әрі ұлғайту;
негізгі әлеуметтік тәуекелдерді (қарттықтың басталуы, еңбек қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу) әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту;
жинақтаушы зейнетақы жүйесінің төлемдерін оңтайландыру (Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық арқылы) көзделуде.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін біртіндеп ұлғайту көзделіп отыр. Перспективада базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөрістің 75%-ын құрайтын деңгейге дейін ұлғайту жоспарлануда.
2006 жылы барлық санаттағы мүгедектерге және жасына байланысты жәрдемақы алушыларға, сондай-ақ мемлекеттік арнаулы жәрдемақы алушыларға төленетін мемлекеттік арнаулы жәрдемақылар ұлғайтылатын болады.
2006 жылғы 1 шілдеден бастап өңірлік әскери жанжалдарға қатысушылар мен халықтың кейбір басқа да санаттары үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері ұлғайтылады, сондай-ақ әлеуетті құрылымдар зейнеткерлеріне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы мөлшерін сараланған арттыру жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2006.15.05 № 395 Қаулысымен 7 параграф өзгертілді (бұр. ред. қара)
§ 7. Денсаулық сақтау
2006-2008 жылдары денсаулық сақтау саласындағы саясатты іске асырудың негізгі мақсаты мемлекет пен адам арасындағы денсаулық сақтау үшін ынтымақтасқан жауапкершілік қағидаттарына негізделген медициналық көмек көрсетудің тиімді жүйесін құру жолымен халық денсаулығының жай-күйін жақсарту болып табылады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті одан әрі дамыту - басым бағыттардың бірі.
Мақсатты іске асыру Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қыркүйектегі № 1438 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы басты басымдықтардың бірі ана мен бала денсаулығын қорғау болып табылады.
Ана мен баланы қорғау қызметін жетілдіру үшін:
жыл сайын балалар мен ұрпақты болу жасындағы әйелдерді диспансерлеу, медициналық тексерулерден, сауықтырудан өткізу;
балалар мен жүкті әйелдерді емдеу-алдын алу ұйымдарын қажетті мамандармен толықтыру;
амбулаториялық емделу кезінде балалардың жекелеген санаттарын тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету;
жүкті әйелдерді халықаралық стандарттарға сәйкес ерте диспансерлік бақылауға алуды қамтамасыз ету;
балалар мен әйелдерді емдеу-алдын алу ұйымдарын бекітілген нормативтерге сәйкес қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жарақтандыру;
балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмек қызметін одан әрі дамыту;
отбасын жоспарлау және салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру көзделіп отыр.
Халық өмірінің сапасы мен ұзақтығын одан әрі жоғарылату мақсатында әлеуметтік маңызды аурулармен ауыратындардың алдын алу, ерте анықтау, тиімді емдеу және оңалту жөніндегі шаралар жүргізілетін болады.
Бұл бағытта:
туберкулезбен, АҚТҚ/ЖҚТБ-мен аурушаңдықтың алдын алу және төмендету;
психикасы мен мінез-құлқы бұзылған, ауруларды емдеу мен сауықтырудың кешенді бағдарламаларын әзірлеу және енгізу;
жүрек-қан тамырлары ауруларымен, қант диабетімен ауыратындарды ерте диагностикалаумен, емдеумен қамтамасыз ету және диспансерлеудің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар жүзеге асырылады.
2006 жылдан бастап амбулаториялық емделу кезінде азаматтардың жекелеген санаттары жеңілдік жағдайында тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.
2006 жылы отандық фармацевтикалық салаға халықаралық стандарттарды енгізу жөніндегі дайындық жұмыстары аяқталады, бұларды енгізуді 2007 жылы бастау жоспарланып отыр.
2006 жылдан бастап Астана қаласында медициналық кластер құру шеңберінде жаңа медициналық орталықтарды басқаруға көшбасшы шетелдік клиникалар мен госпитальдер тартылатын болады. Бұл бағыттағы пилоттық жоба - Ана мен баланың ұлттық ғылыми орталығы болады.
§ 8. Мәдениетті, ақпаратты, мұрағат ісін, туризмді және спортты дамыту
Мәдениет, ақпарат, мұрағат ісі және спорт
2006-2008 жылдары мәдениет, ақпарат, мұрағат ісі және спорт саласындағы негізгі мақсаттар бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістікті нығайту, тарихи-мәдени мұраны, әлеуметтік мәдени инфрақұрылымды сақтау және дамыту, кәсіптік өнерді және халық шығармашылығын дамыту жағдайларын қамтамасыз ету, дене шынықтыру мен спорт құралдары арқылы салауатты өмір салты қағидаттарын орнықтыру бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын одан әрі дамыту арқылы қоғамның рухани әлеуетін іске асыру болып табылады.
Мыналар:
"Қазақстан - 2030" Стратегиясының, Қазақстан Республикасы Президентінің және Yкіметінің негізгі бағдарламалық құжаттарының іске асырылуын ақпараттық-насихаттық қамтамасыз ету;
театр-концерт қызметін, ұлттық фильмдер өндірісін қолдау және дамыту үшін жағдайлар жасау;
мәдениетті сақтау және қалпына келтіру, тіл саясатын дамыту үшін бағдарламалық құралдар мен әдістерді әзірлеу және қолдану;
Қазақстанның шетелдегі халықаралық беделін арттыру;
мұрағат ісі саласында мемлекеттік саясат жүргізу;
мемлекеттік жастар саясатын іске асыру;
тарих, археология және сәулет ескерткіштерінің, тарихи орталықтардың сақталуын қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасында үйлесімді этносаралық қатынастарды қамтамасыз ету, қоғамдық прогресс пен азаматтық бейбітшілікті сақтау және олар үшін жағдайлар жасау;
мәдениет, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану, мұрағат ісі, ақпарат, ішкі саяси тұрақтылық, сондай-ақ дене шынықтыру мен спорт саласындағы нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру;
ұлттық әдебиет пен жазба әдебиеттің көптеген ғасырлар бойғы тәжірибесін қорыту, әлемдік ғылыми ой-сана, мәдениет және әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде мемлекеттік тілдегі толыққанды қор құру;
жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау үшін қазіргі заманғы базаны, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылыстарының кең желісін құру;
бұқаралық, әсіресе ауылдағы спортты дамыту;
олимпиадалық, ұлттық, техникалық спорт түрлерін және халықтық ойындарды дамыту;
Қазақстан Республикасының спорт резерві мен ұлттық құрама командаларын халықаралық жарыстарға дайындау;
дене шынықтыру мен жоғары жетістіктер спортын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету басым міндеттер болып табылады.
Қойылған мақсаттарға жету және міндеттерді шешу үшін:
бұқаралық ақпарат құралдарында ұйымдастыру-насихаттау іс-шараларын неғұрлым жоғары кәсіби деңгейде жүргізу;
Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірі туралы телерадио компаниялар жасайтын бағдарламалардың сапасын жақсарту, мемлекеттік тілде хабар таратудың жалпы көлемін ұлғайта отырып, ұлттық телеарналардың тарату желісін кеңейту;
Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2004 жылғы 9 сәуірдегi № 398 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында теле-радио хабарларын таратуды дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын одан әрі іске асыруды қамтамасыз ету;
ескерткіштерді қайта жаңарту, тұмшалалау, жөндеу, қалпына келтіру және жаңғырту жолымен тарихи-мәдени мұраның сақталуын және пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жүргізу;
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қаңтардағы № 1277 Жарлығымен бекітілген "2004-2006 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ету;
Мәдениет саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзімді бағдарламасын әзірлеу және қабылдау;
мемлекеттік нышандарды насихаттауды жүргізу;
Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдіру жөніндегі 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу және қабылдау;
мұрағат мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жәрдемдесу, мұрағат ісі саласындағы нормативтік құқықтық және ғылыми-әдістемелік базаны жетілдіру;
Шетелде тұратын отандастарды қолдауды мемлекеттік бағдарламасын іске асыру;
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын одан әрі іске асыруды қамтамасыз ету;
ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктерінің негізінде гуманитарлық білім берудің қазақ тіліндегі толыққанды қорын жасау, кеңінен өрістетілген ғылыми, көркем және ғұмырнамалық сериялар шығару жолымен ұлттық әдебиет пен жазба әдебиеттің көптеген ғасырлар бойғы тәжірибесін қорыту;
мәдениет пен өнер саласындағы менеджментті жетілдіру, өнер саласына білікті менеджерлерді тарту;
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу және қабылдау, сондай-ақ оны іске асыруды қамтамасыз ету;
әсіресе ауылдық жерлерде балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, жасөспірімдер клубтары, дене дайындығының балалар-жасөспірімдер клубтары желілерін дамыту;
балалар-жасөспірімдер спорт мектептері мен ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту;
әрқилы спорт түрлері бойынша жоспарланған спорттық іс-шараларды өткізу, спортшылардың дайындалуын және спорт ойындары мен жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету қажет.
Туризм
2006-2008 жылдары туристік кешенді дамытудың басты мақсаттары дәйекті даму және экономиканың кіріс саласына көшу, жоғары рентабельді туризм индустриясын құру, туристік қызметтерді жылжыту және сату, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру болып табылады.
Алдағы кезеңде мынадай міндеттерді шешу:
мемлекеттік және жеке сектордың қазақстандық туристік өнімді әлемдік туристік қызметтер рыногына жылжыту бойынша одан әрі ынтымақтастығын жалғастыру;
туристік іс-шаралар жүргізу және оларға қатысу арқылы туристік қызметтер экспортын ұлғайту;
Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытуға бағытталған туризм инфрақұрылымына инвестициялар тарту көзделіп отыр.
Қойылған мақсаттарға қол жеткізу және міндеттерді шешу үшін:
туризмді дамытудың экономикалық және құқықтық тетіктерін әзірлеу;
"Туризм және КІТҒ саяхаты" қазақстандық халықаралық туристік жәрмеңке өткізу;
Қазақстанның халықаралық туристік көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысуы;
туризм саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған салалық бағдарламасын әзірлеу және қабылдау ұйғарылып отыр.
§ 9. Гендерлік даму
2006-2008 жылдары гендерлік дамудың негізгі мақсаттары әйелдердің қоғамдағы жағдайын жақсарту және нақты гендерлік теңдікке қол жеткізу болып табылады.
Алға қойылған мақсаттарды іске асыруға бағытталған негізгі міндеттер:
отбасына, әйелдер мен балаларға қатысты заңнаманы жетілдіру, елдің әлеуметтік-экономикалық саясатына гендерлік тәсілді енгізу;
әйелдер мен балалардың денсаулығын жақсарту;
әйелдердің билік құрылымдарына тең қол жетімділігін қамтамасыз ету, олардың шешімдер қабылдау деңгейіне көтерілуі үшін жағдайлар жасау;
қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріне қатысу үшін әйелдердің мүмкіндіктерін және олардың әлеуетін арттыру болып табылады.
2005-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясын, "Тұрмыстық зорлық туралы", "Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне адам саудасына қарсы әрекет ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері туралы" заң жобаларын әзірлеу көзделуде.
Экономикалық белсенді халықтың жұмыспен қамтылуының гендерлік аспектісін үнемі зерттеу жүргізіледі, әйелдер арасындағы жұмыссыздықты азайту жөнінде ұсыныстар әзірленеді.
Әйелдердің зорлықтан қорғалуға құқықтарының тұрақты мониторингі көзделіп отыр.
Дағдарыс орталықтарының, сенім телефондарының, зорлық құрбандарына арналған паналар мен үйлер желісін кеңейту ұйғарылып отыр.
Қоғамда және мемлекетті басқаруда әйелдер мен ерлердің іс жүзіндегі теңдігінің қажеттілігі туралы қоғамдық санада түсінік қалыптастыру жөніндегі жұмыстар үнемі жүргізілетін болады.
§ 10. Демография және халықты ұтымды орналастыру
2006-2008 жылдары демография және көші-қон саласындағы негізгі мақсаттар демографиялық және көші-қон процестеріндегі келеңсіз үрдістерді азайтуға, ел халқының санын, ең алдымен отбасы мен ананы қолдаудың нақты тетіктерін жасау жолымен арттыру үшін негіз жасауға бағытталған саясат жүргізу болып табылады.
Жоғарыда көрсетілген мақсаттарды іске асыру үшін мынадай міндеттерді шешу:
ұрпақты болу жасындағыларды қоса алғанда, халық денсаулығының жай-күйін жақсарту;
бала тууды тұрақтандыру және болашақта оны ұлғайту;
миграциялық процестерді басқару, елдің мемлекеттік қауіпсіздігін нығайту және көшіп келгендердің қазақстандық қоғамға бейімделу шарттарын жетілдіру қажет.
Елде халықты қосу саясатын іске асыру мақсатында демография мәселесіне қатысты нормативтік-құқықтық база жетілдіріледі.
Халықтың көші-қоны саласындағы проблемаларды шешу үшін:
басқа мемлекеттерден иммигранттарды кеңінен тартатын елдердің тәжірибесін ескере отырып, көші-қон квотасына қосу үшін үміткерлерді, ең алдымен этникалық қазақтар мен бұрынғы қазақстандықтар арасынан іріктеудің айқын жүйесін құру;
перспективасыз өңірлерден перспективалы өңірлерге ішкі көші-қон үшін ынталандырулар жасау;
перспективаға ауылдық аумақтардың тұрғындарын орналастыру моделі бойынша ұсыныстар даярлау;
босқындардың өзі шыққан мемлекетке еркін оралуы үшін жағдайлар жасау;
заңсыз көші-қонның жолын кесу;
Қазақстан Республикасының аумағында көші-қонды бақылау жүйесін жетілдіру ұйғарылып отыр.
9. Өндірілген капиталды дамыту
§ 1. Инвестициялық саясат
2006-2008 жылдары тікелей отандық және шетелдік инвестицияларды экономиканың басым секторларына тартуды ынталандыру, мемлекеттік инвестицияларды пайдалануды оңтайландыру мен оның тиімділігін арттыру және ішкі жинақтарды жұмылдыру саясаты жалғасады.
Осы салада "Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы" АҚ "J.E. Austin Associates Inc." консалтингтік компаниясымен бірлесіп жүргізетін жұмыстар шеңберінде Қазақстанда кластерлік бастаманы дамытуды жандандыру көзделуде.
Елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасады.
Басым өндірістердің инвестициялық тартымдылығын арттыру шеңберінде мемлекет:
миноритарлық акционерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге;
кәсіпорындарды тіркеудің жеңілдетілген жүйесін енгізуге;
қызмет түрлерін лицензиялаудың ашық жүйесін құруға;
кәсіпорындардың халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (ISO-9000, ISO-14000) көшуін жеделдетуге;
Ұлттық инновациялық жүйені - экономикалық дамуды басқарудың жаңа жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруға;
мемлекеттік даму институттарының жұмысын үйлестіру жөніндегі іс-әрекетті жандандыруға, олардың қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған шараларды одан әрі қабылдайтын болады.
Алдағы кезеңде бюджеттік инвестициялардың басымдықтары:
мемлекеттік басқару функцияларын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету;
әлеуметтік секторды дамыту;
базалық инфрақұрылымды дамыту;
аграрлық секторды дамытуға жәрдемдесу; Астана қаласын дамыту болып қалады.
Сондай-ақ шағын бизнес субъектілеріне кредит беру мүмкіндіктерін ұлғайтуға және инновациялық жүйені дамытуға ықпал ететін даму институттары қосымша капиталдандырылатын болады.
Тұтастай алғанда, бюджеттік инвестицияларды бөлу бекітілген Мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалардың 2006-2008 жылдарға арналған тізбесі шеңберінде жүзеге асырылады.
Тұрғын үй құрылысын дамыту
2006-2008 жылдары тұрғын үй құрылысын дамыту Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 маусымдағы № 1388 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Мемлекеттік бағдарлама) шеңберінде жүзеге асырылады.
Халықтың қалың бұқарасының тұрғын үйге қол жетімдігін қамтамасыз ететін тұрғын үй құрылысын дамыту проблемаларын кешенді шешу Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты болып табылады.
Мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешу:
ұсыныс тарапынан да, сұраныс тарапынан да толыққанды теңгерімді тұрғын үй құрылысы рыногын құру;
тұрғын үй салуға жеке инвестицияларды тарту және жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды ынталандыру;
құрылыс индустриясының тиімді рыногын қалыптастыру;
халықтың қалың бұқарасы үшін ипотекалық кредит беру мен тұрғын үй құрылысы жинақтарының қолжетімділігін көтеру көзделуде.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
тұрғын үй салу ұсынысын ынталандыру бөлігінде:
жалпы сипаттағы жүйелі шаралар:
тұрғын үй құрылысының бір шаршы метрінің құнын төмендету;
жеке тұрғын үй құрылысын дамыту;
жеке капитал инвестицияларын тарту есебінен тұрғын үй салу;
тиімді, экологиялық таза құрылыс материалдарын өндіруді одан әрі дамыту және жаңа технологияларды енгізу.
Орта тап пен халықтың әлеуметтік қорғалатын жігі үшін тұрғын үй салуды ынталандыруға бағытталған шаралар:
коммуналдық тұрғын үй салу;
мемлекеттік қаражат есебінен қолжетімді тұрғын үй салу;
Төлемге қабілетті сұранысты ынталандыру бөлігінде:
ипотекалық кредит беру жүйесін жетілдіру;
құрылыс жинақтары жүйесін дамыту.
Ипотекалық кредиттерге қол жетімділікті ұлғайту мақсатында мемлекет ипотекалық кредит беру өлшемдерін өзгерту жөніндегі шараларды қабылдады. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру ипотекалық кредит берудің мынадай мақсатты шарттарымен жүзеге асырылады:
сыйлықақы ставкасының мөлшері - 9-10%;
бастапқы жарна мөлшері - 10%;
ипотекалық кредит мерзімі - 20 жыл.
Тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесін жаппай іске қосу мақсатында Мемлекеттік бағдарламаның қолданысы кезеңінде тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесінің ықтимал қатысушылары болып табылатын азаматтар үшін барынша тартымды жағдайлар жасау ұсынылады:
тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі қажетті қорлану мөлшерін сатып алынатын тұрғын үй құнының 25%-ына дейін төмендету;
қорлану мерзіміне қарай кредит мерзімін 25 жылға дейін ұлғайту;
мемлекет көтермелейтін салым сомасының мөлшерін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту.
2005 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен халықтың әлеуметтік қорғалатын жігі үшін 1,6 мың пәтерді және ипотекалық кредит беру жүйесі арқылы 11,7 мың пәтерді пайдалануға беру қамтамасыз етіледі.
2004-2005 жылдары коммуналдық тұрғын үй салуға республикалық бюджеттен 18,9 млрд. теңге сомада нысаналы трансферттер бөлу көзделген. Үш жылдың ішінде 388,86 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
2005-2006 жылдары қол жетімді тұрғын үй салуға жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік кредит беруіне 84,0 млрд. теңге, бұдан басқа 2005 жылы берілетін 2007 жылы 42,0 млрд. теңге қайта инвестициялауға бөлу көзделген.
Кредиттік қаражатты тарту есебінен 2591,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде.
2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 12 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа енгізіледі.