«Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған (екінші кезең) орта мерзімді жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2005 жылғы 26 тамыздағы № 884 Қаулысы
(2006.16.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2006 ж. 25 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарларын әзірлеудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 маусымдағы № 647 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары (бұдан әрі - Жоспар) мынадай құрамда бекітілсін:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған негізгі бағыттары (1-бөлім);
2) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік реттеуіштері (2-бөлім);
3) 2006-2008 жылдарға арналған қолданыстағы және әзірленетін мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалардың тізбесі (4-бөлім);
4) қолданыстағы және әзірленетін мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалар бәлінісіндеғі 2006-2008 жылдарға арналған басымды бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесі (5-бөлім).
2. Құпия.
3. Құпия.
4. Жоспар құрамында Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған маңызды көрсеткіштерінің болжамы (3-бөлім) мақұлдансын.
5. Ұлттық компанияларды дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған негізгі бағыттары мен негізгі көрсеткіштерінің болжамы (6-бөлім) назарға алынсын.
6. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері тиісті облыстар мен қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарларын уақтылы әзірлеуді және заңнамада белгіленген тәртіппен бекітуді қамтамасыз етсін.
7. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жай-күйі және Жоспардың іске асырылу барысы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметін тоқсан сайын хабардар етсін.
8. "Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары туралы (бірінші кезең)" Қазақстан Республикасы Укіметінің 2005 жылғы 3 маусымдағы № 560 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2005 ж., № 23, 291-құжат) күші жойылды деп танылсын.
9. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2005 жылғы 26 тамыздағы
№ 884 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық
дамуының орта мерзімді жоспары
1-бөлім. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық
дамуының 2006-2008 жылдарға арналған негізгі бағыттары
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
1. Қазақстан Республикасының 2004 жылғы әлеуметтік-экономикалық
дамуының қорытындылары және 2005 жылға арналған дамуын бағалау
2. Экономиканың 2006-2008 жылдары жұмыс істеу жағдайлары
§ 1. Сыртқы жағдайлар
§ 2. Ішкі жағдайлар
3. Қазақстан Республикасын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған мақсаттары, міндеттері және басымдықтары
§ 1. Стратегиялық міндеттерді шешу саласында
§ 2. Орта мерзімді міндеттерді шешу саласында
4. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету
§ 1. Макроэкономикалық саясат және
2006-2008 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы
5. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету
§ 1. Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын дамыту
Ақша-кредит саясаты
§ 2. Қаржы секторын дамыту
§ 3. Фискалдық саясат
6. Бәсекелестікті қорғау және дамыту, табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттеу
§ 1. Бәсекелестікті қорғау және дамыту
§ 2. Тариф саясаты
7. Сауда және сыртқы экономикалық қызмет
§ 1. Сыртқы сауда саясаты
8. Адами капиталды дамыту
§ 1. Білім жүйесін дамыту
§ 2. Кәсіптік орта білімді мамандар мен жұмысшы
кадрларды даярлау жүйесін дамыту
§ 3. Ғылым мен инновацияларды дамыту
§ 4. Халықтың әл-ауқатын арттыру
Халықтың кірістері
§ 5. Кедейшілік пен жұмыссыздықты азайту
§ 6. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру
§ 7. Денсаулық сақтау
§ 8. Мәдениетті, ақпаратты, мұрағат ісін, туризмді және спортты дамыту
Мәдениет, ақпарат, мұрағат ісі және спорт
§ 9. Гендерлік даму
§ 10. Демография және халықты ұтымды орналастыру
9. Өндірілген капиталды дамыту
§ 1. Инвестициялық саясат
§ 2. Индустриялық-инновациялық даму
§ 3. Аграрлық азық-түлік саясаты
§ 4. Көлікті және байланысты дамыту
10. Табиғи капиталды дамыту
§ 1. Тау-кен өндіру кешенін дамыту және оның ресурстарын пайдалану
§ 2. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану
11. Аумақтық даму және инфрақұрылым
§ 1. Өңірлік даму
Кіріспе
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары (бұдан әрі - Жоспар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарларын әзірлеудің ережесіне сәйкес әзірленді.
Жоспарда сыртқы және ішкі факторларға қарай 2006-2008 жылдарға арналған экономиканы дамытудың қарқындары негізделеді және орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының экономиканың жеке және мемлекеттік секторларын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау саласындағы іс-қимылы айқындалады.
Стратегиялық жоспарларда, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауларында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасында айқындалған мақсаттарға қол жеткізу және басымдықтарды іске асыру үшін экономика салаларын дамыту саласындағы 2006-2008 жылдарға арналған міндеттер және оларды шешу жолдары Жоспарда айқындалады.
1. Қазақстан Республикасының 2004 жылғы әлеуметтік-экономикалық
дамуының қорытындылары және 2005 жылға арналған дамуын бағалау
ҚР Үкіметінің 2006.27.02. № 129 қаулысымен 1-тарау өзгертілді (бұр.ред.қара)
2004 жылы 2003 жылмен салыстырғанда жалпы ішкі өнім (бұдан әрі - ЖІӨ) 9,4%-ға өсті және 5542 млрд. теңгені құрады.
Экономиканың өсуіне өнеркәсіп елеулі үлес қосты, мұндағы жоғары даму қарқынын оның құрамдас секторларының тұрақты дамуы қамтамасыз етті. 2004 жылы 2003 жылмен салыстырғанда өнеркәсіптік өндірістің өсуі 10,1%-ды құрады, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі - 12,7%-ға, өңдеуші өнеркәсіп - 8,9%-ға, өндіріс және электр энергиясын, газ және су тарату - 3,5%-ға өсті.
2003 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 0,1%-ға өсті және 694,7 млрд. теңгені құрады.
Қызметтер секторындағы неғұрлым ауқымды өсу байланыста қамтамасыз етілді, мұнда кәсіпорындар мен ұйымдар көрсететін қызметтер көлемі 2003 жылғы деңгейден 32%-ға асып түсті және 150,8 млрд. теңгені құрады.
2003 жылмен салыстырғанда көліктің барлық түрлерімен тасымалдау 9%-ға өсті және 1840 млн. тонна жүкті құрады.
2004 жылы инфляция деңгейі орта есеппен 6,9%-ды құрады.
Қаржы рыногының барлық сегменттерінің тұрақты дамуы елдің ішкі кредит рыногын едәуір жандандыруға және өндірістік сектор мен қызметтер секторын дамытуға бағытталатын ақша қаражатының мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Екінші деңгейдегі банктердің экономика саласына кредиттік салымдары 2005 жылғы желтоқсанның аяғында 1484,3 млрд. теңгені құрады және 2003 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 51,8-ға өсті.
2004 жылы қазақстандық өнім экспорты барлық тауарлар номенклатурасы бойынша 2003 жылмен салыстырғанда 55,5 %-ға ұлғайды. Нақты көлем құны мен индексі бойынша шикі мұнайдың және мұнай өнімдерінің (газ конденсатын қоса алғанда) экспорты 2003 жылдың деңгейінен тиісінше 61%-ға және 19%-ға жоғары болды.
Темірден жасалған жалпақ илек экспорты 7%-ға ұлғайды, бұл ретте сатудан түсетін түсім 15%-ға, тазартылған мыс - 4%-ға және 64%-ға, өңделмеген мырыш - 14%-ға және 42%-ға, өңделмеген қорғасын - 21%-ға және 86%-ға ұлғайды.
2004 жылы Қазақстанға тікелей Шетелдік инвестициялардың нетто-ағымы 5,5 млрд. АҚШ долл. асты, бұл 2003 жылғы осыған ұқсас көрсеткіштен 2,5 есеге көп.
Шетелдік қарыз капиталының мол ағылуымен қатар экспорттан түсетін валюталық пайда түсімдері ішкі валюта рыногында шетелдік валютаның шамадан тыс ұсынылуына себеп болды. Ішкі валюта рыногына көрсетілген қысым салдарынан АҚШ долларына қатысты теңгенің айырбас бағамы номиналды қымбаттады. 2004 жылғы қаңтар-желтоқсанда теңгенің орташа өлшенген айырбас бағамы бір доллар үшін 136,04 теңгені құрады, жыл басынан бері АҚШ долларына қатысты номиналды мәндегі теңге 9,30%-ға нығайды.
2003 жылмен салыстырғанда 2004 жылы халықтың нақты есептелген кірісі 13,2%-ға көтерілді. 2003 жылмен салыстырғанда 2004 жылы бір жұмыскердің орташа жалақысының нақты өсуі 13,9%-ды құрады.
2005 жылғы бірінші жарты жылда сыртқы экономикалық жағдайлар мен елдегі жүргізіп отырған экономикалық саясат экономика дамуының жоғары қарқынын сақтауға мүмкіндік берді.
Экономика өсуінің жоғары қарқынын сақтауға әсер еткен негізгі факторлар мыналар: әлемдік тауар рыноктарындағы шикізатқа жоғары бағалар, негізгі капиталға едәуір көлемде инвестициялар тартуға мүмкіндік берген елдегі қолайлы экономикалық ахуал және тікелей шетелдік инвестициялар, халықтың ақшалай табыстарының өсуі есебінен ішкі сұраныстың кеңеюі және бөлшек сауда тауар айналымының ұлғаюы; тұтыну рыногында бағалардың және негізгі валюталарға теңге бағамының күрт ауытқуларының болмауы.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің бағалауы бойынша 2005 жылғы қаңтар-маусымда ЖІӨ-нің өсуі 9,1%-ды құрады. Өсудің жоғары қарқыны өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында өнім шығарудың есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыс индустриясы экономиканың өсуіне едәуір үлес қосты. Қызметтер секторында көрсетілетін қызметтердің көлемі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда жоғары болды.
Ағымдағы жылғы бірінші жарты жылда өнеркәсіп өнімдерін (тауарларын, қызметтерін) өндіру көлемі 2294,6 млрд. теңге құрады және өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 7%-ға ұлғайды.
Ауыл шаруашылығында өнім өндіру 4%-ға ұлғайды және 167,2 млрд. теңгеге жетті.
Құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 240,4 млрд. теңге құрады және өткен жылғы деңгейден 33,8%-ға асты.
Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда көліктің барлық түрлерімен жүктерді тасымалдау 2,8%-ға өсті, бөлшек тауар айналымының көлемі 10,8%-ға ұлғайды, байланыс қызметтерінің көлемі 21,2%-ға өсті.
2004 жылғы желтоқсанға қарағанда инфляцияның жалпы көлемін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексі маусым айында 3,5%-ды құрады. Инфляцияның орташа жылдық мәні 7,3%-ды құрады.
Ағымдағы жылғы алты айда теңгенің орташа өлшенген айырбас бағамы бір доллар үшін 131,21 теңгені құрады, жыл басынан бері АҚШ долларына қатысты номиналды мәндегі теңге 3,84%-ға құнсызданды.
Ұлттық қордың ақшаларын (5,2 млрд. АҚШ долл.) қоса алғанда, елдің жалпы халықаралық резервтері 13,2 млрд. долл. құрады.
2005 жылғы алты айда ақша массасы 11,1 %-ға ұлғайды және 1833,3 млрд. АҚШ долл. құрады.
2005 жылы қаңтар-маусымда Қазақстан Республикасының сыртқы тауар айналымы 21,2 млрд. АҚШ долл. құрады және өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 49,2%-ға ұлғайды. Экспорт көлемі 53,1%-ға өсті және 13,1 млрд. АҚШ долл. жетті, тиісінше импорт - 43,4%-ға және 8,1 млрд. АҚШ долл.
Жұмыссыздардың саны маусым айында 640,6 мың адамды құрады және өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2%-ға ұлғайды. Жұмыссыздардың деңгейі экономикалық белсенді халықтың 7,7%-ын құрады.
2005 жылғы маусымда жұмысшыларға аударылған орташа айлық номиналды жалақы 32152 теңге құрады және 2004 жылғы маусым айымен салыстырғанда 14,4%-ға өсті. Нақты жалақы 6,0%-ға артты.
Қаржы секторының тұрақты дамуы мен халықтық нақты табыстарының өсуі халық салымдары өсуінің негізгі факторлары болды, бұл 2005 жылғы алты айдың нәтижелері бойынша 13,7%-ға ұлғайды және 509,5 млрд. теңгеге жетті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бағалауы бойынша 2005 жылы 2004 жылға қарағанда ЖІӨ-нің нақты өзгеруі 8,8%-ды құрайды.
Экономикалық өсу өнеркәсіптегі өндіріс қарқынының 6,7%-ғa өсуімен қатар жүреді.
Тұтастай республика бойынша егіс алаңының құрылымы өткен жылғы деңгейде сақталады және 17,9 млн. га құрайды, оның ішінде 14,3 млн. га. жерге дәнді дақылдар (күздік дақылдарды есепке алғанда) егіледі.
2004 жылмен салыстырғанда астық өндіру 4,8%-ға ұлғаяды және 13,0 млн. тоннаны құрайды, оның ішінде бидай 10,0 млн. тоннаны құрайды. Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемінің өсуі 100,5%-ды құрайды деп күтілуде.
Құрылыс қарқыны 2004 жылғы қарқыннан 9,5%-ға жоғары болады. Саладағы өсу, негізінен, тұрғын үй құрылысын кеңейту есебінен қамтамасыз етіледі.
2005 жылы 61 млн. тонна мұнай мен газ конденсаты өндіріледі, бұл 2004 жылғы деңгейден 2,7%-ғa артық.
Қазақстандық өнімдердің экспорты 2004 жылғы деңгейден 24,9%-ға асып түседі және 26,8 млрд. АҚШ долларын құрайды.
2004 жылмен салыстырғанда импорт 20,1%-ға ұлғаяды және 18,6 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Бағалау бойынша орташа жылдық мәндегі инфляция 5-7% аралығында сақталады.
2. Экономиканың 2006-2008 жылдары жұмыс істеу жағдайлары
§ 1. Сыртқы жағдайлар
ҚР Үкіметінің 2006.27.02. № 129 қаулысымен 2-тарау өзгертілді (бұр.ред.қара)
Әртүрлі халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы бойынша 2006-2008 жылдары әлемдік экономика бірқалыпты қарқынмен дамиды. Әлемдік экономиканың өсуінде АҚШ, Қытай, EO елдері және Жапония айқындаушы рөл атқарады.
Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша 2004 жылы әлемдік экономиканың өсуі 4%-ды құрады. Банк 2005-2006 жылдары әлемдік экономиканың жыл сайын 3,2% өсуін болжап отыр. 2004 жылмен салыстырғанда өсу қарқынының бәсеңдеу болжамы әлемдік экономиканың теңгерімсіздігін ескере отырып жасалды, бұл АҚШ-тағы қосарлы жоғары тапшылықтың, еуропа елдеріндегі экономиканы қалпына келтірудің созылып кетуінің; Қытай экономикасындағы белгісіздіктің және оның қызып кету ықтималдығының, сондай-ақ мұнайдың болжанбайтын бағаларының әсерінен пайда болып отыр.
Банк мамандарының бағалауы бойынша орта мерзімді перспективада осы факторлардың әлемдік экономиканың өсуіне әсері сақталады.
Валюта рыногында америка долларының әлсіреуімен сипатталатын өткен жылдардағы үрдіс жалғасады деп күтілуде. 2004 жылы негізінен екі фактор - АҚШ бюджетінің тапшылығы мен сауда теңгерімінің күшеюі доллар бағамының өзгеруіне келеңсіз әсерін тигізді. Көрсетілген факторлардың салдарынан АҚШ доллары бағамының әлсіреуі евроға қатысты 8,7%-ды, жапон иеніне қатысты 3,7%-ды құрады.
Халықаралық валюта қорының (бұдан әрі - ХВҚ) болжамы бойынша 2005 жылы әлемдік экономиканың өсуі 4%-дан астам болады.
Қор мамандарының пікірі бойынша мұнайдың қымбаттауы, инфляцияның жеделдеуі және ағымдағы шоттардың теңгерімсіздігі әлемдік экономиканың өсуі үшін айтарлықтай қауіп төндіреді.
ХВҚ бағалауы бойынша Азияның дамушы елдеріндегі ЖІӨ-нің өсу қарқыны 2004 жылғы 8%-дан 2005 жылы 7%-ға дейін бәсеңдейді. Өңірдегі экономиканың өсуі, негізінен, ішкі сұраныстың айтарлықтай кеңеюі есебінен болады деп күтілуде.
Азия Даму Банкінің мәліметтері бойынша 2004 жылы Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі дамушы елдердің жиынтық ЖІӨ-ci 7,3%-ға ұлғайды. Бұл 1997 - 1998 жылдардағы валюта-қаржы дағдарысы уақытынан бергі өңірдегі ең жоғарғы өсу қарқыны. Рекордтық көрсеткішке белгілі бір дәрежеде халық кірістерінің жоғарылауы және ішкі сұраныстың өсуі, Қытайдың серпінді экономикалық дамуы, өңірдегі сауданы және экономикалық ықпалдасуды одан әрі жандандыру сияқты факторлардың есебінен қол жеткізілді.
Банк мамандарының болжамы бойынша мұнайдың жоғары бағаларына және 2004 жылғы желтоқсандағы апатты цунами салдарларына қарамастан, 2005 жылы Азияның дамушы елдеріндегі экономикалық өсу қарқыны жоғары болады және 6,5%-ды құрайды. 2006-2007 жылдары олардың экономикалық өсу қарқыны орта есеппен 6,6-6,9%-ға жетуі мүмкін.
Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі дамушы елдердің экономикалық өсуіне індеттер, террорлық қауіп, энергия тасығыштарға бағалар өсуінің жалғасуы және АҚШ-тағы зор сыртқы сауда тапшылығының салдарынан валюта бағамдарының тұрақсыздығы теріс әсерін тигізуі мүмкін.
Тауар рыноктары
ҚР Үкіметінің 2006.27.02. № 129 қаулысымен параграф өзгертілді (бұр.ред.қара)
2005 жылы қазақстандық экспорттың негізгі тауарларының әлемдік бағалары сақталды. Энергия тасығыштар мен металдардың әлемдік бағаларының жоғарылауын көп жағдайда, Қытай мен басқа да дамушы елдердің шапшаң дамуы, шикізат өндіру мен жеткізудегі зілзала апаттары және биржа трейдерлерінің алып-сатарлық белсенділігі нәтижесінде туындаған үзілістер айқындап берді.
Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылында әлем рыногында негізгі экспорт тауарларына қолайлы конъюнктура сақталды. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша 2004 жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда "Вrent" маркалы мұнайдың әлемдік орташа бағасы 47,2%-ға ұлғайды және бір баррель үшін 49,63 АҚШ долларын құрады. Мыстың әлемдік бағасы 20,6%-ға, мырыштікі - 23,4%-ға, қорғасын - 18,9%-ғa ұлғайды.
Халықаралық энергетика агенттігінің (ІЕА) болжамы бойынша 2005 жылы әлемдегі мұнай тұтыну деңгейі тәулігіне 84,27 млн. баррельді құрайды. Қытайда шикізат тұтынудың азаюы, АҚШ-та тауар запастарының өсуі және Таяу Шығыс елдерінде мұнай өндірудің ұлғаюы бағалардың төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.
ІЕА мәліметтері бойынша Қытайда мұнайға сұраныстың өсу қарқыны 2004 жылғы 21%-бен салыстырғанда 2005 жылдың басында 5,4%-ға дейін азайды.
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (бұдан әрі - ОПЕК) 2005 жылы шикі мұнайға жаһандық сұранысқа қатысты өз болжамын күніне 80 мың баррельге ұлғайтты. Әлемдік мұнай картелінің веналық штаб-пәтерінде жарияланған ОПЕК-тің сараптамалық баяндамасында аталғандай, 2005 жылы мұнайға жаһандық сұраныс күніне 1,73 миллион баррельге өседі.
2005 жылы әлемдік тауар рыногында мыс тапшылығы байқалатын болады.
International Copper Studi Group (ICSG) бағалауы бойынша 2005 жылдың аяғына қарай рынокта мыстың жетіспеуі 260 мың тоннаны құрайды.
Societe Generale француз банкінің талдаушылары 2005 жылғы мыстың құнына қатысты қаңтардағы болжамды қайта қарады. Осылайша, мыстың орташа бағасы бір тонна үшін 2980 АҚШ доллары деңгейінде болжанып отыр, бұл алдыңғы болжамнан 9,7%-ға жоғары. Банктің бағалауы бойынша 2005 жылы металға сұраныс 3,9%-ға - 17,4 млн. тоннаға дейін ұлғаяды, соның нәтижесінде 50 мың тонна мөлшерінде тапшылық пайда болады.
Орта мерзімді жоспарда мыс рыногына қатысушылар металдың биржалық запастарының азаюын және Қытай тарапынан сұраныстың ұлғаюын болжап отыр.
Қорғасын бағасы ұлғаюының жалғасуы әлемдік экономиканың дамуымен, Қытай сұранысының өсуімен, сондай-ақ шикізат өндіру жағдайларының күрделенуімен түсіндіріледі, 2005 жылғы наурызда Лондон металдар биржасында қорғасынның орташа құны бір тонна үшін 1004,6 долларды құрады және 11,3%-ға ұлғайды. Бұл ретте қойма запастары 34 мың тоннадан 33-ке дейін азайды.
Ұзақ мерзімді перспективада Қытай, АҚШ және Жапония тарапынан сұраныстың одан әрі өсу үрдісі, сондай-ақ әлемдік тауар рыноктарында қорғасын запастарының азаюы ықтимал. Қорғасын рыногына алып-сатарлық фактор зор әсерін тигізеді, талдаушылардың бағалауы бойынша бүгінде қорғасын бағасының шамамен 20%-ын "алып-сатарлық үстеме" құрайды.
Қорғасын құнына қатысты болжамдарда бағалардың 2005 жылы жоғарылауы және 2006 жылы төмендеуі күтіледі.
2005 жылы жалпы әлемдік сұраныстың ұлғаюы және мырыштың биржалық жоғары бағасының сақталуы болжанып отыр. Goldman Sachs талдаушыларының болжамдары бойынша Қытай тарапынан сұраныстың өсуі және жаңа металл көздерінің болмауы салдарынан 2005 жылы мырыштың орташа жылдық құны 28%-ға өсуі мүмкін. Тұтастай алғанда, өткен жылмен салыстырғанда сұраныстың 2%-ға ұлғаюы болжанып отыр.
Лондон металдар биржасының мәліметтеріне сәйкес, қаңтар-маусымда мырыштың орташа айлық бағасы бір тонна үшін 1294 АҚШ доллар деңгейінде белгіленді. 2005 жылдың басынан бері мырыш 23,5%-ға қымбаттады.
Әлемдік экономиканың бүгінгі жалпы өрлеуіне байланысты барлық өзге металдарға сұраныстың өсуі сияқты алюминийге әлемдік сұраныс өседі. Бұл ретте алюминий тапшылығы байқалатын болады, бұл глиноземнің ірі импорттаушысы болып отырған Қытай тарапынан болатын жоғары сұраныспен байланысты. Қазіргі уақытта Қытай әлемдегі бүкіл алюминийдің 20%-ынан астамын тұтынады.
Алюминий бағасының 2005 жылға арналған болжамдарының басым көпшілігінде осы металл бағаларының өсуі болжанады. Мысалы, Societe Generale француз банкі алюминийдің орташа бағалары болжамын 6%-ға - бір тонна үшін 1950 долларға дейін көтерді. Болжамды бағалардың жоғарылауы алып-сатар инвесторлар тарапынан металға сұраныстың шапшаң ұлғаюы салдарынан болды.
Тұтастай алғанда, Morgan Stenley сарапшыларының бағалауы бойынша 2005 жылы болаттың бағасы 2004 жылғы орташа көрсеткіштен асып түседі. Мысалы, 2004 жылғы орташа көрсеткішпен салыстырғанда 2005 жылы ыстықтай басылған рулонды болат құны 9%-ға ұлғаяды және бір тонна үшін 480 долларды құрайды. Сонымен қатар, талдаушылар ыстықтай басылған болат құны 2006 жылдың өзінде 15%-ға - орта есеппен бір тонна үшін 409 долларға дейін азаяды деп күтуде.
Қазақстан, бүгінде әлемдік экономикалық жүйеге біріккен шағын рынокқа ие бола отырып, өзінің негізгі сауда-саттық жасайтын әріптестерінің тұрақты дамуына мүдделі.
Сарапшылардың бағалауы бойынша жалпы алғанда, АҚШ пен EO-дағы қалыптасқан экономикалық ахуал Қазақстанның экономикасына теріс әсер етпейді. Қазақстандық экспорттық тауарларға деген сұраныс едәуір жоғары және жақын перспективада бұл елдермен сыртқы сауданың көлемі сақталады.
АҚШ долларына қатысты теңгенің нақты нығаюы және кірістердің өсуі кезінде инвестициялық және тұтушылық сұраныс негізінен алыс шетелдермен болатын импорттың есебінен қамтамасыз етіледі.
Қытайдың қарқынды дамуы сыртқы сауда операциялар бойынша көрсеткіштердің жақсаруын болжауға мүмкіндік береді және бұл елдің қаржы рыногында қазақстандық экспорттың кеңею және жылжу мүмкіндіктерін күшейтеді.
Жақын перспективада республиканың негізгі сауда әріптесі Ресеймен тауар айналымы төмендемейді деп күтілуде.
Мұнай рыногы бағалардың жоғары деңгейімен және өндірудің, сол сияқты тұтынудың тұрақты өсуімен сипатталады, бұл мұнай экспорттаушылар үшін барынша қолайлы. Жалпы, әлемде мұнай тұтынудың ұлғаюы және бағаның жоғары болуынан мұнай, Қазақстанның сыртқы саудасының экспорттық құрамына қолайлы әсер етеді.
Астықтың, сондай-ақ әлемдік запастар өндірісінің, оның ішінде республиканың негізгі сауда әріптестерінің бірі Қытайда төмендеуі алдағы жылдарда қазақстандық бидайдың экспорт көлемінің тұрақты сақталуында негізгі фактор болмайды.
Қытай, АҚШ, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея, Италия, сондай-ақ бірқатар елдердің тарапынан түсті металдарға сұраныстың және оны тұтынудың ұлғаюы Қазақстанның металлургиялық кешенінің дамуына оң әсер етеді.
Қара металдар рыногындағы кейбір ахуалдың нашарлауына қарамастан автомобиль өнеркәсібі мен кеме құрылысы үшін болат өніміне Қытайда қажеттіліктің өсуі бұл өнім экспорты көлемінің ұлғаюы үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
§ 2. Ішкі жағдайлар
2006-2008 жылдары экономиканы дамытудың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін экономиканы өсірудің барлық негізгі факторларын жедел дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі осы аралықтағы инфляцияны ұстап тұру мақсатында ақша-кредит саясатын қатаңдату жөніндегі шараларды қабылдайтын болады. Қайта қаржыландырудың ресми ставкасының реттеуші функцияларын күшейту үшін практикаға тоқсан сайын қайта қарауды және қайта қаржыландырудың ресми ставкасын ақша рыногының жалпы жай-күйіне, қарыздар бойынша сұраныс пен ұсынысқа, инфляция мен инфляциялық күтілімдердің деңгейіне қарай белгілеуді енгізу жоспарланып отыр.