Қазақстан Республикасындағы селолық тұтыну кооперациясы туралы
Қазақстан Республикасының 1999 ж. 21 шілдедегі № 450-I
Заңы
Осы редакция 2006 ж. 5 мамырдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 10 баптар)
2-тарау. Селолық тұтыну кооперативін құру (10 - 15 баптар)
3-тарау. Селолық тұтыну кооперативіне (15 - 27 баптар)
мүшелік
4-тарау. Селолық тұтыну кооперативін басқару (27 - 45 баптар)
5-тарау. Селолық тұтыну кооперативінің мүлкі (45 - 56 баптар)
6-тарау. Селолық тұтыну кооперативін қайта (56 - 62 баптар)
ұйымдастыру және азайту
7-тарау. Қазақстан Республикасының селолық (62 - 72 баптар)
тұтыну кооперациясы жүйесіндегі
қауымдастар (одақтар)
8-тарау. Өтпелі кезең ережелері (72 - 73 баптар)
Осы Заң пайшылар мен селолық тұтыну кооперативтері және олардың қауымдастықтары (одақтарын) арасындағы құқықтық жағдайды айқындайды және қоғамдық қатынастарды реттейді; селолық тұтыну кооперативтері мен олардың қауымдастықтарын (одақтарын) құру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібін; пайшылар мен үшінші тұлғалардың құқықтарын, міндеттерін, құқықтары мен мүдделерін қорғаудың шарттарын; селолық тұтыну кооперативтері мен олардың қауымдастықтары (одақтары) органдарының өкілеттігі мен жауапкершілігін анықтайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Селолық тұтыну кооперациясы туралы заңдар
Қазақстан Республикасының селолық тұтыну кооперациясы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Азаматтық кодекске негізделеді және осы Заң мен өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
селолық тұтыну кооперативі - азаматтардың және (немесе) заңды тұлғалардың өз мүшелерінің мүліктік (пайлық) жарналарын біріктіру арқылы материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн жүзеге асырылатын мүшелiк негiздегi ерiктi бiрлестiгi;
кооперативтiк учаске - пайшылардың белгiлi бiр саны бiрiккен және аумақтық немесе селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысы белгiлейтiн өзге де белгi бойынша құрылуы мүмкiн учаске;
селолық тұтыну кооперативiнiң уәкiлi - кооперативтiк учаске пайшыларының жиналысында сайланған және мәселелердi селолық тұтыну кооперативi уәкiлдерiнiң жалпы жиналысында шешуге өкiлеттiк берiлген пайшы;
жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) - селолық тұтыну кооперативiнiң жоғары басқару органы;
селолық тұтыну кооперативтерiнiң қауымдастығы (одағы) - селолық тұтыну кооперативтерiнiң өздерiнiң жалпы мүліктік және өзге де құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, қызметiн үйлестiру мемлекеттік органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мен халықаралық ұйымдарда өз мүдделерiн бiлдiру, сондай-ақ өз мүшелерiне құқықтық, ақпараттық және өзге де қызметтер көрсету үшiн селолық тұтыну кооперативтерінің жалпы жиналыстары шешiмдерiнiң негiзіндегі ерiктi бiрлестiгi;
селолық тұтыну кооперациясының жүйесi - селолық тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтары (одақтары);
пайшы - мүлiктiк (пайлық) жарна енгiзген және жарғыда көзделген тәртiппен селолық тұтыну кооперативiне мүшелiкке қабылданған азамат (заңды тұлға);
мүлiктiк (пайлық) жарна - селолық тұтыну кооперативiнiң пай қорына пайшының қосатын жарнасы;
пай қоры - селолық тұтыну кооперативiн құру немесе оған кіру кезiнде пайшылар қосатын мүлiктiк (пайлық) жарналардан тұратын және селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкiн қалыптастыру көздерiнiң бiрi болып табылатын қор;
резервтiк қор - төтенше жағдайлардың салдарынан келтiрiлген залалдарды жабуға арналған қор, оны қалыптастыру мен пайдалану тәртібі селолық тұтыну кооперативiнiң немесе қауымдастығының (одағының) жарғысымен белгiленедi;
бөлiнбейтiн қор - селолық тұтыну кооперативiнiң таза табысының бiр бөлiгi есебiнен құрылған қор, оны қалыптастыру мен пайдалану тәртібі селолық тұтыну кооперативі жарғысымен белгiленедi;
селолық тұтыну кооперативтерi қауымдастығы (одағы) мүшелерiнiң өкiлдерi - осы селолық тұтыну кооперативi кiретiн қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналысының жұмысына қатысу үшін жалпы жиналыста селолық тұтыну кооперативтерiнiң атынан сайланған уәкiлеттi адамдар.
3-бап. Селолық тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтарын (одақтарын) құрудың және олардың қызметiнiң негiзгi принциптерi
Селолық тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтары (одақтары) мына принциптердiң негiзiнде жұмыс iстейдi:
мүшелiкке кіру мен одан шығудың ерiктiлiгi;
мүлiктiк (пайлық) және мүшелiк жарнаны төлеудiң мiндеттiлiгi;
басқарудың демократиялылығы;
өзара көмек және село халқының мүдделерiн қорғау;
кооператив, қауымдастық (одақ) қызметi туралы ақпаратты оның барлық мүшелерiнiң пайдалана алуы.
4-бап. Селолық тұтыну кооперативi
1. Мүшелiк негiзде мүшелерiнiң (пайшыларының) материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарын бiрiктiру жолымен жүзеге асырылатын азаматтардың ерiктi бiрлестiгi селолық тұтыну кооперативi деп танылады.
Заңды тұлға да селолық тұтыну кооперативiне мүше бола алады.
2. Селолық тұтыну кооперативтерi коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және кәсiпкерлiк қызметпен өздерiнiң жарғылық мақсаттарына сәйкес келетiндей дәрежеде ғана айналыса алады.
3. Селолық тұтыну кооперативтерi сауда, дайындау, өткізу, өңдеу, қызмет көрсету, жабдықтау қызметiн және заңдарда тыйым салынбаған өзге де қызметтi жүзеге асыру үшiн мүлiктiк (пайлық) жарналар есебiнен құрылады.
4. Селолық тұтыну кооперативтерi өз мүшелерiнiң ғана емес, сонымен бiрге селолық жерлерде тұратын басқа да азаматтардың материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн құрылуы мүмкiн.
5. Егер құрылтай құжаттарында селолық тұтыну кооперативiнiң белгiлi бiр мерзiмге немесе белгiлi бiр мақсатқа жету үшiн құрылатыны көзделмесе, ол белгiсiз мерзiмге құрылған болып есептеледi.
5-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң атауы
Селолық тұтыну кооперативiнiң атауы болады, онда кооперативтiң атауы, сондай-ақ "селолық тұтыну кооперативi" деген сөздер болуға тиiс. Кооператив осындай атаумен мемлекеттік тiркелуге тиiс.
Кооператив атаудың қысқартылған нысанын да пайдалануға құқылы.
6-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң орналасқан жерi мен заңды мекен-жайы
1. Селолық тұтыну кооперативiнiң тұрақты жұмыс iстейтiн атқарушы органының орналасқан жерi оның орналасқан жерi болып танылады.
2. Селолық тұтыну кооперативi өзiнiң орналасқан жерiн өзгерткен жағдайда кооператив заңды тұлғалардың мемлекеттік тiзiлiмiне қажеттi өзгерістер енгізу үшiн кооперативтiң жаңадан орналасқан жерiнде заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға бұл жайында хабарлауға мiндеттi.
7-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң құқық қабiлетi
1. Селолық тұтыну кооперативi заңды тұлға болып табылады және оның мыналарға:
пайшылардың қажеттерiн қанағаттандыруға бағытталған қызметпен айналысуға;
өзi құрылған мақсаттарға қол жеткізуге қызмет ететiндiктен, кәсіпкерлiк қызметпен шұғылдануға;
Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген және кооперативтiң жарғысында көзделген тәртiп бойынша өзiнің филиалдары мен өкiлдiктерi болуына;
пайшылардан қосымша пайлар және басқа азаматтар мен заңды тұлғалардан заемдық қаражат тартуға;
Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға;
тұтыну кооперативiнiң құқықтарын бұзатын мемлекеттік органдардың актілеріне, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының актілеріне, олардың лауазымды адамдарының iс-әрекеттерiне сот тәртібімен шағым жасауға;
заңды тұлғалардың селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшiн қажеттi өзге де құқықтарын жүзеге асыруға өкiлеттiгi бар.
2. Селолық тұтыну кооперативi тiзбесi заң актілерімен айқындалатын қызметтiң жекелеген түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады.
8-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң филиалдары мен өкiлдiктерi
1. Селолық тұтыну кооперативi өзiнiң орналасқан жерiнен тыс жерде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес филиалдарын құруға және өкiлдiктерiн ашуға құқылы.
2. Кооператив өзiн мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға өз филиалдарын құрғаны және өкiлдiктерiн ашқаны туралы, сондай-ақ олардың орналасқан жерi туралы хабарлауға мiндеттi.
3. Селолық тұтыну кооперативiнiң филиалдарын құру және өкiлдiктерiн ашу туралы шешiмдердi, егер кооператив жарғысында осындай шешiмдердi жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) қабылдайтыны көзделмесе, кооперативтiң атқарушы органы қабылдайды.
9-бап. Мемлекет және селолық тұтыну кооперациясының жүйесi
1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен жергілiктi өзiн-өзi басқару органдарының селолық тұтыну кооперативтерiнің, олардың қауымдастықтарының (одақтарының) шаруашылық, қаржы және өзге де қызметiне араласуға құқығы жоқ. Селолық тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтары (одақтары) өздерiнiң экономикалық және әлеуметтiк даму бағдарламаларын дербес әзiрлейдi.
2. Селолық тұтыну кооперативтерiнiң, олардың қауымдастықтарының (одақтарының) құқықтарын бұзатын мемлекеттік органдардың актілері немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының актілері Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылуы мүмкін.
3. Мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының заңсыз iс-әрекеттерi салдарынан селолық тұтыну кооперативтерiне, олардың қауымдастықтарына (одақтарына) келтiрiлген залалдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтеледi.
2-тарау. Селолық тұтыну кооперативін құру
10-бап. Селолық тұтыну кооперативiн құру тәртібі
1. Селолық тұтыну кооперативiн құру құрылтай жиналысын өткізуден басталып, селолық тұтыну кооперативiн заңды тұлға ретiнде мемлекеттік тiркеумен аяқталады.
2. Азаматтар селолық тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысын өткізудi және оның қарауына енгiзiлетiн құжаттардың жобаларын әзiрлеу жөнiнде ынталы топтар құруы мүмкiн.
3. Селолық тұтыну кооперативiн бiрнеше елдi мекендердiң азаматтары құратын жағдайларда және (немесе) өзге жағдайларда селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiне кірудi қалаушылар сайлайтын уәкiлдердiң құрылтай жиналысы селолық тұтыну кооперативiнің құрылтай жиналысын әзiрлеу мен өткізу жөніндегі ынталы топтар белгiлеген тәртiп пен нормалар бойынша өткiзiлуi мүмкiн.
11-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысы
1. Селолық тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысы мынадай мәселелердi шешедi:
1) селолық тұтыну кооперативiн құру, оның фирмалық атауы және орналасқан жерi туралы шешiм қабылдайды;
2) пайшылардың арыздары негiзiнде олардың аты-жөнi, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi, сондай-ақ заңды тұлғалардың орналасқан жерi көрсетiлген тiзiмiн бекiтедi;
3) кооператив қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын белгiлейдi;
4) мүлiктiк (пайлық) жарналардың құрамын, мөлшерiн және оларды енгізу мерзiмдерiн белгiлейдi;
5) селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысын бекiтедi;
6) атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарды сайлайды;
7) селолық тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеуден өткізу мерзiмiн, тәртібін және оған жауапты адамдарды белгiлейдi;
8) селолық тұтыну кооперативiн құруға байланысты өзге де мәселелердi шешедi.
2. Селолық тұтыну кооперативi құрылтай жиналысының шешiмi хаттамамен ресiмделедi. Құрылтай жиналысының хаттамасына құрылтай жиналысының төрағасы мен хатшысы қол қояды.
12-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысы
Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында:
кооперативтiң атауы мен орналасқан жерi;
кооператив қызметiнiң мәнi мен мақсаттары;
пайшылардың селолық тұтыну кооперативiне кіру тәртібі мен одан шығу тәртібі, оның iшiнде кооператив мүлкіндегі өз үлесiн бөлiп алу тәртібі;
мүлiктiк (пайлық) жарналардың құрамы, мөлшерi және оларды енгізу тәртібі, мүлiктiк (пайлық) жарналарды енгізу жөніндегі мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiк;
селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылау және өзге де органдарын құру, сайлау (қайта сайлау) тәртібі, олардың шешiм қабылдау тәртібі;
селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнiң кооперативке келтiрiлген залалдарды өтеу тәртібі;
селолық тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру және оның қызметiн тоқтату жағдайлары;
филиалдар мен өкілдiктер туралы мәлiметтер болуға тиiс.
Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысына аты-жөнi, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi көрсетiлген пайшылар тiзiмi қоса тiркеледi.
Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн.
13-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысын өзгерту тәртібі
1. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысын өзгерту жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) осы Заңмен белгiленген ережелерге сәйкес қабылданатын шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысына енгiзiлген өзгерістер мен толықтыруларды тиiстi мемлекеттік орган заңда белгiленген тәртiппен тiркейдi.
3. Yшiншi тұлғалармен қатынастарда кооператив пен оның мүшелерi кооперативтi мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын орган осы баптың 2-тармағында көзделген хабарламаны алған кезден бастап не сот шешiмiнiң негiзiнде өзгерістер заңды тұлғалардың мемлекеттік тiзiлiмiне енгiзiлген кезден бастап он бес күн өткен соң кооператив жарғысындағы өзгерістерге сiлтеме жасауға құқылы. Алайда үшiншi тұлғалар аталған мән-жайлар болғанға және мерзiмдер басталғанға дейiн де бұл өзгерістердi ескере отырып iс-әрекет жасауға құқылы.
14-бап. Селолық тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеу
1. Селолық тұтыну кооперативi ол мемлекеттік тiркеуден өткен кезден бастап құрылған болып есептеледi.
2. Селолық тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеудi заңды тұлғаларды тiркеу туралы заңдарда белгiленетiн тәртiппен Әдiлет органдары жүзеге асырады.
3-тарау. Селолық тұтыну кооперативіне
мүшелік
15-бап. Селолық тұтыну кооперативiне мүшелiк
1. 18 жасқа толған азаматтар мен заңды тұлғалар селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелерi (пайшылары) бола алады.
2. Азаматтар мен заңды тұлғалар бiрнеше селолық тұтыну кооперативтерiнiң мүшесi болуы мүмкiн.
16-бап. Селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнiң сан құрамы
1. Селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнің (пайшыларының) саны екеуден кем болмауға тиiс.
2. Селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнiң ең көп санына шек қойылмайды.
17-бап. Селолық тұтыну кооперативіне жаңа мүшелердің кіру тәртібі
1. Селолық тұтыну кооперативiне осы Заңды және селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысын сақтай отырып жүргiзiлген жаңа мүшелер қабылдау селолық тұтыну кооперативi атқарушы органының шешiмiмен ресiмделедi.
2. Селолық тұтыну кооперативiне мүше болғысы келетiн азамат және (немесе) заңды тұлға кооперативтiң атқарушы органына селолық тұтыну кооперативiне қабылдау туралы жазбаша түрде арыз бередi. Арызда аты-жөнi, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi немесе заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жерi көрсетiлуге тиiс.
3. Селолық тұтыну кооперативiне қабылдау туралы арызды селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы 10 күн iшiнде қарауға тиiс.
18-бап. Селолық тұтыну кооперативiне ол құрылғаннан кейiн кооператив мүлкіндегі үлес құқығын алған үшiншi тұлғаларды және мұрагерлердi қабылдау
1. Кооператив мүлкiнде ол құрылғаннан кейiн үлес құқығын алған үшiншi тұлғалардың селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiне бiрiншi кезекте қабылдануға құқығы бар.
2. Селолық тұтыну кооперативiнiң мүшесi қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерiнiң селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiне бiрiншi кезекте қабылдануға құқығы бар.
19-бап. Селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнiң құқықтары
Селолық тұтыну кооперативiнің мүшелерi:
1) селолық тұтыну кооперативiне ерiктi негiзде кіруге және одан шығуға;
2) селолық тұтыну кооперативiнiң қызметiне қатысуға, кооператив органдарын сайлауға және оларға сайлануға, селолық тұтыну кооперативiнiң қызметiн жақсарту, оның органдарының жұмысындағы кемшiлiктердi жою туралы ұсыныстар енгізуге;
3) селолық тұтыну кооперативiнiң тауарларын /қызметтерiн/ басқа азаматтар мен заңды тұлғалардың алдында артықшылықпен сатып алуға (алуға), өз өндiрiсiнiң, өзiндiк қосалқы шаруашылығының және кәсiпшiлiгiнiң бұйымдары мен өнiмдерiн селолық тұтыну кооперативiнiң кәсiпорындары арқылы шарттар негiзiнде өткізудi жүзеге асыруға;
4) селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) пайшылар үшiн көзделген жеңiлдiктерiн пайдалануға;
5) селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылау және өзге де органдарынан олардың қызметi туралы ақпарат алуға, оның iшiнде селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгіленетiн тәртiппен бухгалтерлiк есеп, есеп беру деректерiмен және басқа да құжаттамамен танысуға;
6) селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының заңсыз әрекеттерiне селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) шағым жасауға;
7) селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының өз мүдделерiн қозғайтын шешiмiне сот тәртібімен шағым жасауға;
8) селолық тұтыну кооперативi таратылған жағдайда кредит берушiлермен есеп айырысқаннан кейiн қалған мүлiктiң бiр бөлiгiнiң құнын немесе кооперативтiң барлық мүшелерiнiң келісімi бойынша осы мүлiктiң өз пайына тең заттай түрдегi бiр бөлiгiн алуға;
9) селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі өз үлесiн бөлуге және кооперативтен шыққан жағдайда оның құнын немесе кооперативтiң барлық мүшелерiнiң келісімi бойынша мүлiктi өз пайына тең заттай түрде алуға құқылы.
Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен мүшелерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де құқықтары белгiленуi мүмкін.
20-бап. Селолық тұтыну кооперативi мүшелерінің мiндеттерi
Селолық тұтыну кооперативiнің мүшелерi:
1) селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысын сақтауға;
2) селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының), селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының шешiмдерiн орындауға;
3) селолық тұтыну кооперативi алдында оның қызметiне қатысу жөніндегі селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленген өз мiндеттемелерiн орындауға;
4) селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленген мөлшерде, тәртiп пен мерзiмде кооперативке мүлiктiк (пайлық) жарнасын төлеуге мiндеттi.
Селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелерi селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да мiндеттердi атқаруы мүмкiн.
21-бап. Селолық тұтыну кооперативiне мүшелiктiң тоқтатылуы
1. Селолық тұтыну кооперативiне мүшелiк:
пайшы өз еркiмен шыққан;
пайшы шығарылған;
пайшы кооператив мүлкіндегі үлеске құқығынан айрылған;
пайшы болып табылатын азамат қайтыс болған;
кооператив таратылған жағдайларда тоқтатылады.
2. Селолық тұтыну кооперативiне мүшелiк тоқтатылған барлық жағдайлар туралы кооперативтiң атқарушы органы селолық тұтыну кооперативiнiң пайшыларына хабарлайды.
22-бап. Пайшының селолық тұтыну кооперативi мүшелiгiнен өз еркiмен шығуы
1. Кооператив мүшелерi өз еркiмен шыққан жағдайда пайшының селолық тұтыну кооперативiнің мүлкіндегі осы Заңда белгiленген тәртiппен енгiзген пайына қарай өз үлесiн бөлiп алуға құқығы бар.
2. Пайшының селолық тұтыну кооперативiнен өз еркiмен шығу туралы арызын кооперативтiң атқарушы органы 10 күн iшiнде қарайды.
3. Пайшының кооператив мүшелiгiнен шығуы селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
23-бап. Пайшыны селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiнен шығару
1. Пайшы өзiнің селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленген мiндеттерiн дәлелсiз себептермен орындамаған не кооперативке залал келтiретiн қасақана әрекеттер жасаған жағдайда селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) шешiмiмен селолық тұтыну кооперативi мүшелiгiнен шығарылуы мүмкiн.
2. Селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы пайшыға оның селолық тұтыну кооперативiнен шығарылуы туралы мәселенi кооперативтiң жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) қою себептерi туралы 10 күннен кешiктiрмей жазбаша түрде хабарлауға және оны өз пiкiрiн айту құқығы берiлуге тиiстi аталған жалпы жиналысқа (уәкiлдер жиналысына) шақыруға тиiс.
3. Пайшы селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) дәлелдi себептерсiз қатыспаған жағдайда жиналыс пайшыны кооперативтен оның қатысуынсыз шығару туралы шешiм қабылдауға құқылы.
4. Селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiнен шығарылған пайшыға кооператив мүлкіндегі үлесi осы Заңда белгiленген тәртiппен енгiзген пайына қарай бөлiп берiледi.
5. Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) пайшыны кооператив мүшелiгiнен шығару туралы шешiмiне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкiн.
24-бап. Пайшы кооператив мүлкіндегі үлеске құқығынан айрылған жағдайда селолық тұтыну кооперативiне мүшелiктiң тоқтатылуы
1. Селолық тұтыну кооперативiнің мүлкіндегі үлеске құқығынан айрылған пайшы өзiнiң кооперативтегi мүшелiгiн тоқтатады.
2. Пайшы үлесiнен мынадай негiздерде:
сату;
сыйға тарту;
мұраға қалдыру;
кепiлге салу;
өзге түрде иелiк ету;
сот шешiмi негiздерiнде айрылады.
3. Селолық тұтыну кооперативiнің мүлкіндегі үлес құқығынан айрылған пайшы бұл туралы селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органына хабарлайды. Селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органына мұндай ақпаратты кооператив мүлкіндегі үлеске құқық алған адамдар табыс етуi мүмкiн.
4. Пайшы кооператив мүлкіндегі үлес құқығынан айрылған жағдайда селолық тұтыну кооперативiне мүшелiктi тоқтату селолық тұтыну кооперативi атқарушы органының шешiмiмен ресiмделедi.
25-бап. Пайшы болып табылатын азамат қайтыс болған жағдайда селолық тұтыну кооперативiне мүшелiктi тоқтату
1. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысы болып табылатын азамат қайтыс болған жағдайда оның кооперативке мүшелiгi тоқтатылады.
2. Селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы қайтыс болған пайшының кооператив мүлкіндегі ол қайтыс болған күнгi пайына тең үлесiн оның мұрагерлерiне төлеу үшiн осы Заңда белгiленген тәртiппен бөлiп бередi.
26-бап. Кооператив таратылған жағдайда селолық тұтыну кооперативiне мүшелiктi тоқтату
1. Селолық тұтыну кооперативiн тарату кооперативтің барлық пайшыларының мүшелiгiн тоқтатуға әкеп соғады.
2. Селолық тұтыну кооперативi таратылған жағдайда оның пайшыларының кооператив мүлкіндегі өз пайына тең үлесiн осы Заңда белгiленген тәртiппен бөлiп алуға құқығы бар.
4-тарау. Селолық тұтыну кооперативін басқару
27-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң органдары
1. Селолық тұтыну кооперативiнiң органдары мыналар болып табылады:
1) жоғары орган - жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы);
2) атқарушы орган - басқарма;
3) бақылаушы орган - тексеру комиссиясы (ревизор).
2. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында селолық тұтыну кооперативiнiң өзге де органдарын құру көзделуі мүмкiн.
28-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы)
1. Жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) кезектi немесе кезектен тыс жиналыс ретiнде шақырылады.
2. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысы жалпы жиналысқа жеке өзi немесе өкiлi арқылы қатысуы мүмкiн.