6. Селолық тұтыну кооперативi құрған мекемелердiң мүлкi оларға оралымды басқару құқығында бекітілiп берiледi.
7. Селолық тұтыну кооперативi алған табысты оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды және жарғылық мақсаттарға жiберiледi.
8. Селолық тұтыну кооперативiнiң меншiгіндегі мүлiкке билiк ету кооперативтің жалпы жиналысының (уәкілдер жиналысының) шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
46-бап. Мүлiктiк (пайлық) жарна
1. Кооперативтi құру кезіндегі мүлiктiк (пайлық) жарнаның ең төмен мөлшерiн селолық тұтыну кооперативiнің құрылтай жиналысы белгiлейдi.
2. Кооператив құрылғаннан кейiн жаңадан кiрген пайшыларға арналған мүлiктiк (пайлық) жарнаның ең төмен мөлшерi селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi.
3. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен мүлiктiк (пайлық) жарнаның ең жоғары мөлшерi шектелуi мүмкiн. Мұндай шектеудi белгiлi бiр пайшыға қатысты белгiлеуге болмайды.
4. Қосымша (нысаналы) мүлiктiк (пайлық) жарнаның мөлшерiн селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) белгiлейдi.
5. Мүлiктiк (пайлық) жарна ақшалай, бағалы қағаздармен, затпен, мүлiктiк құқықпен, оның iшінде жердi пайдалану құқығымен және интеллектуалдық қызмет нәтижелерiне құқықпен және өзге де мүлiкпен енгiзiлуi мүмкiн.
Жарналарды жеке мүлiктiк емес құқықтар және өзге де материалдық емес игiлiктер түрiнде енгізуге жол берiлмейдi.
6. Пайшылардың заттай нысандағы немесе мүлiктiк құқық түріндегі жарналары барлық пайшылардың келісімi бойынша немесе селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкілдер жиналысының) шешiмi бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне бара-бар сомадан артық болса, оның бағалануын тәуелсiз сарапшы растауға тиiс.
7. Кооперативке салым есебiнде мүлiктi пайдалану құқығы берiлген жағдайларда бұл салымның мөлшерi пайдаланғаны үшiн селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) белгiлеген бүкiл мерзiмге есептелiп төленетiн ақымен белгіленедi.
Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) келісімiнсiз пайдалану құқығы мүлiктiк (пайлық) салым болып табылатын мүлiктi мерзiмiнен бұрын алып қоюға жол берiлмейдi.
Егер селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында өзгеше көзделмесе, кооперативтiң пайдалануына берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылып кету немесе бүлiну қаупi мүлiк иесiне жүктеледi.
8. Мүлiктiк (пайлық) жарналарды енгізу мерзiмi селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленедi.
47-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң қорлары
1. Селолық тұтыну кооперативi өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде мынадай қорлар:
1) пайлық;
2) бөлiнбейтiн;
3) селолық тұтыну кооперативiн дамыту;
4) резервтiк;
5) пайшыларды ынталандыру және әлеуметтiк қолдау қорларын;
6) селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысына сәйкес өзге де қорлар құруға құқылы.
2. Селолық тұтыну кооперативiнің пайлық қоры кооператив мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарынан тұрады және кооперативтiң мүлкiн қалыптастыру көздерiнiң бiрi болып табылады.
3. Кооператив алған табыстар және заңдарда тыйым салынбаған өзге де көздер селолық тұтыну кооперативiнiң басқа қорларын қалыптастыру көзi болып табылады.
4. Селолық тұтыну кооперативi қорларын қалыптастыру мен пайдалану тәртібін, олардың қайта бөлiнуiн селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) белгілейдi.
48-бап. Пайшылардың селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі үлесі
1. Селолық тұтыну кооперативiнiң меншiгіндегі мүлiк оның мүшелерiнiң (пайшыларының) пайы және бөлiнбейтiн қоры болып бөлiнедi.
2. Селолық тұтыну кооперативiнде еңбек шарты (келісім-шарты) бойынша жұмыс iстейтiн және кооперативтiң пайшылары болып табылмайтын азаматтар селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі үлестен дәме ете алмайды.
3. Селолық тұтыну кооперативi бөлiнбейтiн қорының объектiлерiн және олардың құндық баламасын селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) белгiлейдi.
4. Селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі пайшының үлесiн анықтау кезiнде кооператив мүлкiнiң құнынан бөлiнбейтiн қордың құны, сондай-ақ пайшының үлесiн анықтау күнiне пайда болған залал мен мiндеттеме шегерiледi. Кооперативтiң құндық баламасында құралған мүлкіндегі пайшының үлесi оның мүлiктiк (пайлық) жарнасына пара-пар болады.
5. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысы немесе жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) пайшылардың әрқайсысының селолық тұтыну кооперативiнің мүлкiн құруға және көбейтуге қосқан үлесiне қарай олардың үлесiн анықтау және өзгерту тәртібін белгiлеуi мүмкiн.
6. Селолық тұтыну кооперативiнiң әрбiр пайшысы өзiнің қалауына қарай өз үлесiн сатуға, сыйға беруге, мұраға қалдыруға, кепілге салуға не осы Заңда және селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
7. Селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі өз үлесiмен қандай да бiр операциялар жасау алдында пайшы селолық тұтыну кооперативiнiң ортақ мүлкiнен өз үлесiн бөлудi талап етiп, кооперативтiң жарғысында белгiленген мерзiмде кооперативтiң атқарушы органына арыз беруге мiндеттi.
49-бап. Селолық тұтыну кооперативi пайшысының кооператив мүлкiндегі өз үлесiне билiк етуi
1. Пайшының селолық тұтыну кооперативi мүлкіндегі үлесi мүлiктiк (пайлық) жарнаны толық төлегенге дейiн жарна төленген бөлiгiнде ғана иелiктен алынуы немесе кепiлге салынуы мүмкiн.
2. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысы кооператив мүлкіндегі өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн өз таңдауы бойынша кооперативтiң бiр немесе бiрнеше пайшысына сатуға немесе өзге де әдiспен беруге құқылы. Дәл солайша селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысы кооперативтiң басқа пайшысының алдындағы өз мiндеттемесiн қамтамасыз ету үшiн үлесiн кепiлге салуға құқылы. Бұл мәмілелердi жасауға кооперативтiң немесе басқа пайшылардың келісімi талап етiлмейдi.
50-бап. Селолық тұтыну кооперативi пайшысының үлесiн үшiншi тұлғаға беру мүмкiндiгi
1. Селолық тұтыну кооперативi пайшысының өз үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi тұлғаға беруiне немесе пайшының үшiншi тұлға алдындағы мiндеттемесiн қамтамасыз ету үшiн үлесiн (үлестiң бiр бөлiгiн) кепiлге салуына жол берiледi.
2. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында үлестi үшiншi тұлғаға сату белгiлi бiр талаптарды орындағанда ғана жол берiлетiн болып көзделуi мүмкiн.
51-бап. Иеліктен айырылатын үлесті сатып алуға басымдық берілетін құқық
1. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшылары әлдебiр пайшылардың бiреуi үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн сатқан жағдайда оны сатып алуға үшiншi тұлғаларға қарағанда басым құқықты пайдаланады. Мұндай құқықты әрбiр пайшы пайдалана алады. Егер сатып алудың басым құқығын пайдаланғысы келетiн пайшылар бiрнешеу болса және жарғыда немесе кооператив пайшыларының өзге де келісімiнде өзгеше көзделмесе, үлестi (оның бiр бөлiгiн) сатып алудың басым құқығын пайшылар кооператив мүлкіндегі өз үлесiнiң мөлшерiне қарай жүзеге асырады.
2. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысынан үлесiн сатуға ұсынуы туралы хабарлама алған кезден бастап жетi күн iшiнде атқарушы орган бұл туралы кооперативтiң барлық пайшыларына хабарлайды. Кооперативтiң сатып алудың басым құқығын жүзеге асырғысы келетiн пайшысы жетi күн мерзiмде бұл туралы кооперативтiң атқарушы органына хабарлап, бұл орайда сатуға ұсынылып отырған үлестi толық немесе оның белгiлi бiр бөлiгiн сатып алғысы келетiнiн көрсетуге тиiс.
3. Егер түскен ұсыныстардың жиынтық көлемi сатылатын үлестiң мөлшерiнен аспаса, пайшылардың әрқайсысы оның өз хабарламасында көрсеткен бөлiгiн сатып алады. Үлестiң қалған бөлiгi, егер бұлайша иелiктен айыруға дейiн селолық тұтыну кооперативi пайшыларынан қосымша ұсыныстар келiп түспесе, үшiншi тұлғаға иелiктен айырылып берiлуi мүмкiн.
4. Үлес немесе оның бiр бөлiгi сатып алудың басым құқығын бұза отырып сатылған жағдайда селолық тұтыну кооперативiнiң кез келген пайшысы үш ай iшiнде сот тәртібімен өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерi берiлуiн талап ете алады.
5. Иелiктен айырылатын үлестi сатып алудың басым құқығы үлестi сатудың кез келген әдiсi жағдайында, оның iшiнде сауда-саттықта да жүзеге асырылады.
6. Үлестi сатып алудың басым құқығын басқаға беруге жол берiлмейдi.
7. Иелiктен айырылатын үлестi немесе оның бiр бөлiгiн кооператив пайшысы (пайшылары) сатып алған жағдайда оның кооператив мүлкіндегі үлесi көбейедi.
8. Осы баптың ережелерi үлестi айырбас шарты бойынша иелiктен айыру кезiнде де қолданылады.
9. Yлестi немесе оның бiр бөлiгiн үшiншi тұлғаға сату кезiнде пайшылар оны сатып алудың басым құқығын пайдаланғысы келмеген жағдайда сатып алудың басым құқығын селолық тұтыну кооперативiнiң өзi пайдалана алады.
52-бап. Басқа пайшылардың үлестi сатып алудан бас тартқан кезiнде селолық тұтыну кооперативi пайшысының үлесiн сату
1. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен селолық тұтыну кооперативiнiң пайшыларына өз үлесiн үшiншi тұлғаларға сатуға тыйым салуы немесе шек қоюы көзделуi мүмкiн (мысалы, үлестi кооперативтiң тек басқа пайшысына не үшiншi тұлғалардың шектеулi тобына сату). Бұл орайда сату осындай тыйым салу мен шектеулер сақтала отырып жүргiзiлуге тиiс.
2. Үлестi сату сатушының еркiнен тыс мән-жайлар бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салу немесе шектеулер сақтала отырып жүргiзу мүмкiн болмаған реттерде үлесiн сатқысы келетiн пайшы осы үлестi сатып алуды немесе оны үшiншi тұлғаға сатуға рұқсат берудi талап етiп, селолық тұтыну кооперативiне жүгінуге құқылы.
Осы нұсқалардың бiрiн таңдауды кооператив пайшыларының жалпы жиналысы жүргiзедi.
3. Селолық тұтыну кооперативi үлестi сатып алған кезде үлестiң бағасы тараптардың келісімiмен, ал келісімге келе алмаған жағдайда сот арқылы белгiленедi.
4. Үлестi үшiншi тұлғаға сатуға селолық тұтыну кооперативi келiскен жағдайда кооператив пайшысы үлестi сатып алуға басым құқығын сақтап қалады.
53-бап. Пайшының үлесiн селолық тұтыну кооперативi сатып алуының салдары
1. Пайшының үлесiн селолық тұтыну кооперативi сатып алғаннан кейiн, сондай-ақ пайшының үлесiн кооператив тараптардың келісімi бойынша сатып алғаннан кейiн кооператив басқа пайшыларға осы үлестi селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) шешiмiмен белгiленген баға бойынша сатып алуды ұсынуға мiндеттi.
2. Үлестi сатып алуға бiрнеше пайшы ниет бiлдiрген жағдайда үлес олардың арасында селолық тұтыну кооперативi мүлкіндегі үлестерiне бара-бар мөлшерде бөлiнедi.
Пайшы сатып алған үлес мөлшерi осы пайшыға сатып алғанға дейiнгi тиесiлi үлес мөлшерiне қосылады. Бұл орайда кооперативтiң бiр пайшысына тиесiлi болуы мүмкiн үлес мөлшерiн шектеу мүмкiндiгi сақталады.
3. Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) шешiмiмен кооператив атынан сатып алынған үлестi үшiншi тұлғаға сатуға құқылы.
54-бап. Селолық тұтыну кооперативiнен шығарылуға тиiстi пайшының үлесiн бөлiп беру
1. Селолық тұтыну кооперативiнен шығарылуға тиiстi пайшының үлесiн бөлiп беру жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) шешiмi бойынша жүргiзiледi.
2. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысы кооперативке немесе оның пайшыларына қасақана зиян келтiрген жағдайда олар зиян келтiрушiден бөлiнген пайы есебiнен зиянды өтеудi талап етуге құқылы.
3. Егер тараптар өтелетiн зиянның және пайшыға бөлiнетiн үлестiң мөлшерi туралы келісімге келмеген жағдайда дау сот тәртібімен шешiледi.
55-бап. Селолық тұтыну кооперативi мен оның мүшелерiнiң мүліктiк жауапкершілігi
1. Селолық тұтыну кооперативi өзiне тиесілi барлық мүлiкке өз мiндеттемелерi бойынша жауап бередi және пайшылардың басқа мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
2. Селолық тұтыну кооперативiнің мүшелерi (пайшылары) жасалған залалдарды (кәсiпкерлiк қызмет залалдарын қоспағанда) жыл сайынғы баланс бекітілгеннен кейiн үш ай iшiнде қосымша жарналар жолымен жабуға мiндеттi. Бұл мiндет орындалмаған жағдайда кооператив кредит берушiлердің талап етуi бойынша сот тәртібімен таратылуы мүмкiн.
3. Пайшылардың селолық тұтыну кооперативiнiң мiндеттемелерi бойынша субсидиарлық жауапкершiлiгi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен белгiленедi.
6-тарау. Селолық тұтыну кооперативін қайта
ұйымдастыру және азайту
56-бап. Селолық тұтыну кооперативін қайта ұйымдастыру
1. Селолық тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару) кооперативтiң жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) шешiмi бойынша ерiктi түрде жүзеге асырылуы мүмкiн. Кооператив пайшыларының құрамын үлестен айыру немесе өзгеше өзгерту селолық тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру болып табылмайды.
2. Заң актілерiмен белгiленген жағдайларда, селолық тұтыну кооперативiн оны бөлу немесе оның құрамынан бiр немесе бiрнеше кооперативтi бөлiп шығару нысанында мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру сот шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
3. Селолық тұтыну кооперативiн заңды тұлғалардың басқа түрлерi мен нысандарында қайта құруға болмайды.
57-бап. Селолық тұтыну кооперативтерiнiң қосылуы, бiрiгуi
1. Екi немесе бiрнеше селолық тұтыну кооперативтерiнiң қосылуы осы кооперативтер мүлкiнiң толық бiрiктiрiлуi жолымен жүзеге асырылады.
Қосылу нәтижесiнде жаңа кооператив пайда болады, ал қосылған кооперативтердің жұмысы тоқтатылады. Бұл орайда кооперативтердiң қосылуына әрбiр қатысушының барлық құқықтары мен мiндеттерi өткізу актiсiне сәйкес жаңадан пайда болған кооперативке ауысады.
2. Бiр немесе бiрнеше селолық кооперативтiң басқа селолық тұтыну кооперативiне бiрiгуi бiрiгетiн кооператив мүлкiнiң бiрiгушi кооперативтер мүлкiне енгiзiлуi жолымен жүзеге асырылады. Бұл орайда бiрiгетiн кооперативтердiң қызметi тоқтатылады, ал олардың барлық құқықтары мен мiндеттерi өткізу актiсiне сәйкес бiрiгушi кооперативке ауысады, оның жарғысына қайта ұйымдастыруға байланысты өзгерістер енгiзiледi.
3. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы селолық тұтыну кооперативтерiнiң атқарушы органдары қосылу, бiрiгу туралы шарттың жобаларын әзiрлейдi және әр кооперативтің жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) қарауына қосылу, бiрiгу жөніндегі және қосылу, бiрiгу туралы шартты бекіту жөніндегі мәселелердi енгiзедi.
Қосылу, бiрiгу туралы шарттың келісілген мәтiнiне кооперативтiң атқарушы органдары уәкiлдiк берген адамдар қол қояды.
Қосылу, бiрiгу туралы шартта қосылуға, бірігуге қатысушы кооперативтердiң әрқайсысының фирмалық атауы, орналасқан жерi мен мекен-жайы туралы мәлiметтер, олардың баланстарының негiзгi деректерi болуға, сондай-ақ қосылудың, бiрiгудiң тәртібі мен талаптары көзделуге тиiс.
4. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы селолық тұтыну кооперативтерiнiң әрқайсысы жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) қосылу, бiрiгу туралы шешiм қабылдаған күннен кейiн екi ай мерзiмде өздерiнiң барлық кредит берушiлерiне қосылу, бiрiгу туралы жазбаша хабарлама жiберуге және ресми баспасөз органдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға (хабарландыруға) осы баптың 3-тармағында көрсетiлген қосылуға, бiрiгуге қатысатын басқа да кооперативтер туралы мәлiметтер тiркеледi.
Кооперативтердiң кредит берушілерi хабарлама алынғаннан немесе хабарландыру жарияланғаннан кейiн екi ай мерзiмде кооперативтен қосымша кепiлдiктер не кооперативтiң тиiстi мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және залалдардың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Талап кооперативке жазбаша нысанда жiберiледi, ал олардың көшiрмелерi кооперативтi мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға табыс етiлуi мүмкiн.
5. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы селолық тұтыну кооперативiнің әрқайсысы жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) қосылу, бiрiгу туралы шешiмi қабылданған кезден бастап, бұл шешiм туралы шешiм қабылданғаннан кейiн туындайтын мiндеттемелер бойынша кредит берушiлерге хабарлауға мiндеттi.
Кооперативтердiң қосылу, бiрiгу туралы шарттары негiзiнде қосылушы, бiрiгушi кооперативтердiң пайшылары жалпы жиналыста (уәкiлдер жиналысында) жаңадан құрылатын кооперативтiң жарғысын қабылдайды және кооперативтiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарын сайлайды.
58-бап. Селолық тұтыну кооперативiн бөлу, бөлiп шығару
1. Селолық тұтыну кооперативiн бөлу осы кооперативтiң мүлкiн пайда болған екi немесе бiрнеше селолық тұтыну кооперативтерiнiң арасында бөлу жолымен жүзеге асырылады. Бұл орайда бөлiнген кооперативтің құқықтары мен мiндеттерi бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болған кооперативтерге ауысады.
2. Селолық тұтыну кооперативiнен бiр немесе бiрнеше селолық тұтыну кооперативтерiн бөліп шығару кооператив мүлкiнiң бiр бөлiгiн бөлiп беру және оны жаңадан пайда болған бiр немесе бiрнеше кооперативке беру жолымен жүзеге асырылады.
Бұл орайда қайта ұйымдастырылатын кооперативтiң құқықтары мен мiндеттерiнiң бiр бөлiгi бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болған кооперативке ауысады.
3. Қайта ұйымдастырылатын селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы жаңадан пайда болатын кооперативтiң бөлу, бөлiп шығару жоспары мен жарғыларының жобаларын әзiрлейдi және кооперативтi бөлу, бөлiп шығару жаңадан пайда болатын кооперативтердiң бөлу, бөлiп шығару жоспарын, жарғысын және бөлу балансын бекіту туралы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын кооперативтердiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарын сайлау туралы мәселелердi жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) қарауына енгiзедi.
4. Егер селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында өзгеше көзделмесе, оны бөлу, бөлiп шығару кезiнде әрбiр пайшы жаңадан пайда болатын кооперативтердiң әрқайсысының кооператив мүлкіндегі қайта ұйымдастырылатын кооператив мүлкiнiң өз үлесiне тең үлесiн алуға құқылы.
5. Жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) бөлу, бөлiп шығару туралы шешiм қабылдаған кезден бастап, селолық тұтыну кооперативi осы шешiм туралы шешiм қабылданғаннан кейiн туындаған мiндеттемелер жөнiнде кредит берушiлерге хабарлауға мiндеттi.
6. Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) бөлу, бөлiп шығару туралы шешiм қабылданған күннен бастап екi ай мерзiмде өзiнiң барлық кредит берушiлерiне бөлу, бөлiп шығару туралы жазбаша хабарлама жiберуге және ресми баспасөз органдарында бөлу, бөлiп шығару туралы тиістi хабарландыру беруге мiндетті. Хабарламаға (хабарландыруға) бөлу балансы, сондай-ақ жаңадан пайда болған кооперативтердiң әрқайсысының фирмалық атауы, орналасқан жерi және мекен-жайы туралы мәлiметтер қоса тiркеледi.
7. Қайта ұйымдастырылатын селолық тұтыну кооперативiнiң кредит берушілерi хабарлама алған (хабарландыру жарияланған) күннен кейiнгi екi ай мерзiмде кооперативтен тиiстi мiндеттемесiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және залалдың орнын толтыруын талап етуге құқылы. Талап кооперативке жазбаша нысанда жiберiледi, ал олардың көшiрмелерi кооперативтi мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға табыс етiлуi мүмкiн.
8. Селолық тұтыну кооперативiн бөлу, бөлiп шығару нәтижесiнде пайда болған селолық тұтыну кооперативтерi жаңа кооперативтер тiркелген кезден бастап бiр жыл iшiнде оның мiндеттемелерi бойынша бiрлесiп жауапты болады.
59-бап. Селолық тұтыну кооперативiн мәжбүрлеп бөлу, бөлiп шығару туралы сот шешiмiн орындамаудың салдары
1. Егер селолық тұтыну кооперативтерiнiң мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру кезiнде сот шешiмi бойынша бөлудi, бөлiп шығаруды жүргiзуге уәкiлеттi атқарушы органы кооперативтi бөлудi, бөлiп шығаруды сот шешiмiнде белгiленген мерзiмде жүзеге асырмаса, сот кооператив мүлкiне сенім бiлдiрiлген басқарушы тағайындайды және оған осы кооперативтiң бөлiнуiн, бөлiнiп шығарылуын қайта ұйымдастырылатын кооператив мүлкi есебiнен жүргiзудi тапсырады.
2. Сенім бiлдiрiлген басқарушы тағайындалған кезден бастап селолық тұтыну кооперативiн басқару жөніндегі өкiлеттiк соған ауысады, селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдары өз қызметiн тоқтатады.
3. Сенім бiлдiрiлген басқарушы сотта селолық тұтыну кооперативiнiң атынан өкiл болады, бөлу балансын жасайды және оны кооперативтердiң бөлу, бөлiп шығару нәтижесiнде туындайтын құрылтай құжаттарымен бiрге соттың бекітуiне бередi. Аталған құжаттарды соттың бекітуi жаңадан пайда болатын кооперативтердi мемлекеттік тiркеу үшiн негiздеме болып табылады.
60-бап. Селолық тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу
1. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болатын селолық тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеу заң актілерімен белгiленген заңды тұлғаларды тiркеу ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Селолық тұтыну кооперативтерi қосылған жағдайда мемлекеттік тiркеудi жаңадан пайда болатын селолық тұтыну кооперативi орналасқан жердегi тiркеушi орган жүргiзедi.
Селолық тұтыну кооперативтерi бiрiккен жағдайда мемлекеттік тiркеудi бiрiгушi селолық тұтыну кооперативi орналасқан жердегi тiркеушi орган жүргiзедi.
Селолық тұтыну кооперативтерi бөлiнген, бөлiп шығарылған жағдайда мемлекеттік тiркеудi қайта ұйымдастырылушы селолық тұтыну кооперативi орналасқан жердегi тiркеушi орган жүргiзедi. Бұл тiркеушi орган жаңа селолық тұтыну кооперативтерiн мемлекеттік тiркеу деректерiн жаңадан пайда болған селолық тұтыну кооперативтерi орналасқан жерден заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға хабарлайды.
3. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болатын селолық тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеудi заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын орган кредит берушiлерге кооперативтi қайта ұйымдастыруды талап етiп арыз беру үшiн берiлген мерзiм өткен соң жүзеге асырады. Егер заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға селолық тұтыну кооперативтерiн қайта ұйымдастыруға қатысатын кредит берушiлер талаптарының көшiрмелерi келiп түссе, жаңадан пайда болатын селолық тұтыну кооперативi осы талаптардың орындалуына дәлелдемелер табыс етiлген не сол талаптарды қойған кредит берушiлердiң қайта ұйымдастыруға қарсылығы болмаған жағдайда тiркеледi.
4. Егер жыл iшiнде, селолық тұтыну кооперативтерiн қайта ұйымдастыруға қатысушылардың соңғысының жалпы жиналысында (уәкiлдер жиналысында) қайта ұйымдастыру туралы шешiм қабылданған күннен бастап, мемлекеттік тiркеу туралы арыз берiлмеген болса не қажеттi айғақтар табыс етiлмесе (осы баптың 3-тармағы), қайта ұйымдастыру жасалмаған болып есептеледi.
5. Қосып алу және бөлiп шығару нысанындағы қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, қайта ұйымдастыруға қатысушы селолық тұтыну кооперативтерi жаңадан пайда болған селолық тұтыну кооперативтерi мемлекеттік тіркеуге өткен кезден бастап жұмысын тоқтатады және заңды тұлғалардың мемлекеттік тiзiлiмiнен шығарылады.
Қосып алынатын кооператив оның басқа кооперативке қосылуы тiркелген кезден бастап жұмысын тоқтатады және заңды тұлғалардың мемлекеттік тiзiлiмiнен шығарылады.
61-бап. Селолық тұтыну кооперативiн тарату
1. Селолық тұтыну кооперативi оның жалпы жиналысының шешiмi бойынша немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн.
2. Селолық тұтыну кооперативiнiң оны тарату жөнiнде шешiм қабылдаған жалпы жиналысы тарату комиссиясын (таратушыны) тағайындайды және селолық тұтыну кооперативiн таратудың тәртібі мен мерзiмiн белгілейдi.
3. Селолық тұтыну кооперативiн таратқан кезде оның бөлiнбейтiн қорының мүлкi бөлiнуге жатпайды және таратылатын селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде басқа селолық тұтыну кооперативiне (селолық тұтыну кооперативтерiне) оның (олардың) бөлiнбейтiн қорын толықтыру үшiн берiледi.
4. Бөлiнбейтiн қор мүлкiн қоспағанда, кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн селолық тұтыну кооперативiнiң қалған мүлкi пайшылар арасында олардың мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар бөлiнедi.
7-тарау. Қазақстан Республикасының селолық
тұтыну кооперациясы жүйесіндегі
қауымдастар (одақтар)
62-бап. Қауымдастықтардың (одақтардың) құрылуы мен қызметiнiң негiзгi принциптерi
1. Селолық тұтыну кооперациясы жүйесіндегі қауымдастықтар (одақтар) ерiктi негiзде және, әдетте, аумақтық белгiсi бойынша құрылады.
2. Қауымдастықтар (одақтар) коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және жарғы мен құрылтай шартының негiзiнде жұмыс iстейдi.
3. Қауымдастықтар (одақтар) өз мүшелерiнiң қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады, сондай-ақ олардың жалпы мүлiктiк мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды.
Қауымдастықтар (одақтар) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн, құрылтай шартында немесе жарғыда көзделген өзге де мiндеттердi жүзеге асыруға құқылы.
4. Қауымдастықтардың (одақтардың) мүшелерi дербестiгiн және заңды тұлға құқығын сақтайды.
5. Қауымдастықтардың (одақтардың) мақсаттары мен мiндеттерiн бөлiсетiн басқа заңды тұлғалар да олардың мүшелерi бола алады.