3. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын он екi айдан аз мерзiмге жасасқан кезде көлiк құралының әр бiрлiгiне арналған сақтандыру сыйлықақыларының мынадай мөлшерi белгiленедi:
Рет N | Сақтандыру мерзiмi | Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi (жылдық сақтандыру сыйлықақысынан процент есебiмен) |
1 | 2 | 3 |
1 | 5 күн | 10 |
2 | 6 күннен - 15 күнге дейiн, қоса алғанда | 15 |
3 | 16 күннен - 1 айға дейiн, қоса алғанда | 20 |
4 | 1 айдан - 2 айға дейiн, қоса алғанда | 30 |
5 | 2 айдан - 3 айға дейiн, қоса алғанда | 40 |
6 | 3 айдан - 4 айға дейiн, қоса алғанда | 50 |
7 | 4 айдан - 5 айға дейiн, қоса алғанда | 60 |
8 | 5 айдан - 6 айға дейiн, қоса алғанда | 70 |
9 | 6 айдан - 7 айға дейiн, қоса алғанда | 75 |
10 | 7 айдан - 8 айға дейiн, қоса алғанда | 80 |
11 | 8 айдан 9 айға дейiн, қоса алғанда | 85 |
12 | 9 айдан - 10 айға дейiн, қоса алғанда | 90 |
13 | 10 айдан - 11 айға дейiн, қоса алғанда | 95 |
14 | 11 айдан жоғары | 100 |
4. Кешендi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы көлiк
құралының бiр бiрлiгi үшiн төленедi, бұл ретте сақтандыру сыйлықақысының
мөлшерi сақтандыру полисінде көрсетiлген көлiк құралдары үшiн белгiленген
сақтандыру сыйлықақылары мөлшерлерiнiң iшiнен неғұрлым көп көлемiне тең
болып айқындалады.
20-бап. Сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерiн азайту және көбейту
1. Көлiк құралдарының иелерi - Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестiрiлген адамдар, I және II топтағы мүгедектер стандартты шартты жасасқан кезде осы Заңның 19-бабына сәйкес есептелген, төленуге тиiстi сақтандыру сыйлықақысының елу процентi мөлшеріндегі сақтандыру сыйлықақысын төлейдi.
Егер көлiк құралын осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар санатына жатпайтын басқа иелер де пайдаланатын болса, онда көлiк құралы иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру мұндай жеңiлдiк берiлмей жүзеге асырылады.
2. Сақтандырушы осы Заңның 19-бабына сәйкес есептелген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн, егер сақтандыру полисiнде аталған көлiк құралының иесi осының алдындағы көлiк құралы иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу мерзiмi iшiнде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға әкеп соққан зиян келтiрсе, елу процентке дейiн көбейте алады.
Бұл тармақтың күшi осы баптың 1-тармағының бiрiншi бөлiгiнде аталған көлiк құралдарының иелерiне қолданылмайды.
3. Сақтандырушының осы бапта көзделгеннен өзге негiздер бойынша төленуге тиiстi сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн азайтуға немесе көбейтуге құқығы жоқ.
21-бап. Сақтандыру сыйлықақыларын төлеу тәртібі
1. Егер көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын біржолғы төлеммен төлейдi.
2. Сақтандырушы көлiк құралы иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтандыру сыйлықақысын мерзiмiн ұзартып төлеудi көздеуге құқылы. Бұл ретте сақтандырушы көлiк құралы иелерiнің жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шартының барлық қолданылу мерзiмi iшiнде сақтанушы алдында жауапты болады. Сақтанушының кезектi сақтандыру жарнасын төлемеуi сақтандырушы үшiн көлік құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатуға негiз болып табылмайды.
3. Кезектi сақтандыру жарнасы уақтылы төленбеген кезде сақтанушы сақтандырушыға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң 353-бабында белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
5-тарау. Сақтандыру жағдайын, келтірілген зиянның және
сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау
22-бап. Сақтандыру жағдайын және келтiрiлген зиянның мөлшерiн айқындау
1. Сақтандырылушының көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартында көрсетiлген, көлiк құралдарын пайдалануы нәтижесiнде жәбiрленушi деп танылған адамдардың өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу бойынша сақтандырылушының азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiнiң басталу фактіci сақтандыру жағдайы деп танылады.
2. Жәбiрленушiнiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянның мөлшерi тиiстi ұйымдар берген құжаттар негiзiнде осы Заңға сәйкес айқындалады.
3. Мүлiктiң зақымдалуы кезiнде келтiрiлген зиянның мөлшерi зақымдалған мүлiктi қалпына келтiру құнының есебi негiзге алынып, мүлiктiң сақтандыру жағдайы басталғанға дейiнгi есептелген амортизациясын (тозуын) шегере отырып айқындалады.
Зақымдалған мүлiктi қалпына келтiру құны сақтандыру жағдайы басталған күнгi қолданыстағы нарықтық бағалар негiзге алынып есептелiнедi.
4. Мүлiк жойылған кезде келтiрiлген зиянның мөлшерi оның сақтандыру жағдайы басталған күнгi нарықтық құны ескерiле отырып айқындалады.
Егер қалпына келтiру техникалық жағынан мүмкiн болмаса немесе экономикалық тұрғыдан негiзсiз болса мүлiк жойылған деп есептеледi. Мүлiктi қалпына келтiру, егер бұл ретте мүлiктi қалпына келтiруге арналған шығыстар оның сақтандыру жағдайы басталған күнгi нарықтық құнының сексен процентiнен асып кетсе, экономикалық тұрғыдан негiзсiз болып есептеледi.
5. Мүлiк зақымдалған кезде келтiрiлген зиянның мөлшерiн сақтанушының немесе оның өкiлiнiң өтiнiшi бойынша сақтандырушы немесе тәуелсiз сарапшы бағалайды.
Бағалаудың нәтижелерi сақтанушы (сақтандырылушы) немесе өзгеше дәлелдеуге құқылы жәбiрленушi үшiн мiндеттi болып табылмайды.
6. Мүлкіне зиян келтiрiлген жәбiрленушi өзi не сақтанушы (сақтандырылушы) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға хабарлағаннан кейiн жетi жұмыс күнi iшiнде осы мүлiктi көлiк оқиғасынан кейiнгi күйiнде сақтауға және сақтандырушыға немесе тәуелсiз сарапшыға келтiрілген зиянды бағалау үшiн мүмкiндiк жасауға мiндеттi.
7. Сақтандыру жағдайын қасақана жасау, сондай-ақ сақтандыру төлемiн заңсыз алуға бағытталған өзге де алаяқтық iс-әрекеттер Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
23-бап. Келтiрiлген зиянның мөлшерiн айқындаудың ерекше шарттары
1. Мүлiкке келтiрiлген зиянның мөлшерiне сақтандырушы немесе оның өтiнiшi бойынша тәуелсiз сарапшы жасаған бағалаудың нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбiрленушi зиянның мөлшерiн бағалау үшiн басқа тәуелсiз сарапшыға жүгiнуге құқылы. Бұл ретте, сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбiрленушi шеккен шығындар, егер жүргiзiлген бағалаудың негiзділігi мен объективтілігiн сақтандырушы мойындаса немесе сот белгiлейтiн болса, сақтандырушы сақтандыру төлемiнiң жүзеге асырылғанына қарамастан өтеуге тиiс.
2. Егер сақтандырушы сақтандыру жағдайының басталуы туралы хабарды алғаннан кейiн жетi жұмыс күнi iшiнде сақтандыру актiсiн жасай отырып, мүлiкке келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалауды ұйымдастырмаса, онда сақтанушы (сақтандырылушы) не жәбiрленушi тәуелсiз сарапшы көрсететiн қызметтердi пайдалануға және мүлiктi қалпына келтiрудi (кәдеге жаратуды) бастауға құқылы. Бұл ретте сақтандырушының, егер зақымдалған (жойылған) мүлiктi уақытында бағалаудың мүмкiн болмағандығы дәлелдi себептерге (осы мүлiк иесiнiң қайтыс болуы немесе сырқаттануы) байланысты екендiгiн не сақтанушының (сақтандырылушының) немесе жәбiрленушiнiң мүлiктi бағалауға ұсынудан жалтаруына байланысты кiнәсi бар екендiгiн дәлелдей алмаса, мүлiкке келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалаудың нәтижелерiне дауласуға құқығы жоқ.
24-бап. Сақтандыру төлемiнің мөлшерiн айқындау
1. Бiр сақтандыру жағдайы (сақтандыру сомасы) бойынша сақтандырушы жауапкершілігiнiң шектi көлемi мынаны құрайды (айлық есептiк көрсеткiшпен):
1) әрбiр жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн және ол мыналарға әкеп соқса:
қайтыс болуына - 600,
мүгедектiктiң:
I тобы белгiленуiне - 500,
II тобы белгiленуiне - 400,
III тобы белгiленуiне - 300,
мертігуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектiк белгіленбеген өзге де бұзылуына - амбулаториялық және (немесе) стационарлық емделуге жұмсалған нақты шығыстар мөлшерiнде, бiрақ 200-ден көп емес. Бұл ретте сақтандыру төлемiнiң мөлшерi стационарлық емделудiң әрбiр күнi үшiн кемiнде 1,5 айлық есептiк көрсеткiштi құрауы тиiс;
2) жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін - келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ 400-ден көп емес, ал бiрнеше жәбiрленушiнiң мүлкiне зиян келтiрiлген жағдайда - келтiрiлген зиян мөлшерiнде, бiрақ сомасы барлық жәбiрленушiге 1000-нан көп емес, бұл ретте сақтандыру төлемi әрбiр жәбiрленушiге оның мүлкiне келтiрiлген зиянның мөлшерiне барабар түрде жүзеге асырылады.
2. Қаза болуына немесе мүгедектiк белгiленуiне әкеп соққан, жәбiрленушiнiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi осы баптың 1-тармағында белгiленген сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң шектi көлемiнiң мөлшерiнде жүзеге асырылады.
3. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн есептеу үшiн Қазақстан Республикасының заң актiсiне сәйкес белгiленген сақтандыру төлемi жүзеге асырылған күнгi айлық есептiк көрсеткiш пайдаланылады.
4. Сақтанушының (сақтандырылушының) шығындарды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстары, егер мұндай шығыстар қажеттi болса немесе сақтандырушының нұсқауларын орындау үшiн жұмсалса, егер тиiстi шаралар тiптi сәтсiз болса да, сақтандырушының өтеуiне жатады.
Мұндай шығыстар нақты мөлшерiнде өтеледi, бұл ретте сақтандыру төлемiнiң және шығыстар өтемақысының жалпы сомасы көлiк құралы иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасынан аспауға тиiс. Егер шығыстар сақтанушының сақтандырушы нұсқауларын орындауы нәтижесiнде туындаған болса, олар сақтандыру сомасына қатыссыз, толық мөлшерiнде өтеледi.
Аталған шығыстарды сақтандырушы тiкелей шығыстарды шеккен адамға өтейдi.
5. Сақтандыру сомасы келтiрiлген зиянды толығымен өтеу үшiн жетпеген кезде сақтанушы жәбiрленушiге сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшерi арасындағы айырманы өтейдi.
6. Жәбiрленушi қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлерi болмаған кезде сақтандырушы жәбiрленушiнi жерлеген адамға жерлеуге қажеттi шығыстарды нақты шығындар мөлшерiнде, бiрақ көлiк құралы иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасы шегiнде өтейдi.
25-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың жалпы шарттары
1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемi туралы талапты сақтанушы (сақтандырылушы) немесе пайда алушы болып табылатын өзге адам жазбаша нысанда сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттармен қоса ұсынады.
2. Сақтандыру төлемi туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiледi:
1) сақтандыру полисi (оның дубликаты);
2) сақтандыру жағдайының басталу фактiсiн және жәбiрленушiлерге келтiрiлген зиянның мөлшерiн растайтын құжат;
3) жәбiрленушiнiң еңбекке уақытша қабiлетсiздiгiнiң мерзiмi туралы денсаулық сақтау ұйымдары анықтамасының немесе мүгедектiк белгiленген жағдайда мамандандырылған мекемелердiң жәбiрленушiге мүгедектiк белгiлеу туралы анықтамасының көшiрмесi;
4) жәбiрленушiнiң қайтыс болғаны туралы куәлiктiң нотариат куәландырған көшiрмесi және жәбiрленушi қайтыс болған жағдайда пайда алушының зиянды өтеттiру құқығын растайтын құжат (көшiрмесi);
5) келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалау жөнiнде тәуелсiз сарапшы жасаған құжаттар, олар болған кезде;
6) пайда алушының жеке басы куәлiгiнiң көшiрмесi (жеке тұлға үшiн) немесе заңды тұлғаның өкiлiне берiлген сенiмхаттың түпнұсқасы;
7) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушының (сақтандырылушының) шығынды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстарын растайтын құжаттар, олар болған кезде;
8) сақтанушының (сақтандырылушының) немесе көлiк құралын жүргiзушi адамның жүргiзушi куәлiгiнiң көшiрмесi және оның осы көлiк құралын жүргiзуге құқығын растайтын құжаттың көшiрмесi.
Сақтандырушының сақтанушыдан (сақтандырылушыдан) не жәбiрленушiден басқа қосымша құжаттарды талап етуiне жол берiлмейдi.
3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы өтiнiш берушiге ұсынылған құжаттардың толық тiзбесiн және олар қабылданған күндi көрсете отырып анықтама беруге мiндеттi.
4. Жәбiрленушi (ол қайтыс болған жағдайда - жәбiрленушiнiң қайтыс болуына байланысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зиянды өтеттiруге құқылы адам), сондай-ақ сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбiрленушiге (зиянды өтеттiруге құқылы адамға) келтiрiлген зиянды осы Заңда белгiленген сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң көлемi шегiнде өтеушi және сақтандыру төлемiне құқық алған өзге де тұлға пайда алушы болып табылады.
5. Жәбiрленушiнiң жазбаша ресiмделген өтiнiшi немесе нотариат куәландырған сенiмхаты бойынша сақтандыру төлемi тiкелей оның денсаулығын және (немесе) мүлкiн қалпына келтiру жөнiнде қызмет көрсеткен (көрсетушi) тұлғаға жүзеге асырылуы мүмкiн.
6. Жәбiрленушiнiң өмiрiне және денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi оған (зиянды өтеттiруге құқылы адамдарға) басқа сақтандыру шарттары бойынша тиесiлі сомаға қатыссыз жүзеге асырылады.
7. Сақтандыру төлемi жүзеге асырылған кезде сақтандырушының пайда алушыдан оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтiн шарттар қабылдауын талап етуге құқығы жоқ.
8. Сақтандырушы осы мүлiктiң сақтандыру жағдайы басталған күнгi нарықтық құны мөлшеріндегі сақтандыру төлемiн жүзеге асырған жағдайда, оның мүлiктi және мүлiктiң қалдықтарын алуға құқығы бар.
26-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асыру тәртібі
1. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы Заңның 25-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде төлейдi.
2. Пайда алушы сақтандыру төлемiнiң мөлшерiне дауласқан жағдайларда сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiм iшiнде, аталған тұлғалардың бiрде-бiрi дауласпаған бөлiгiнде шұғыл түрде жүзеге асыруға мiндеттi.
Сақтандыру төлемiнiң дау туғызған бөлiгiн сақтандырушы бiтiм келісімi жасалған және оны сот бекiткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде, не, егер сот шешiмдi шұғыл түрде орындауды ұйғармаса, осы дау бойынша соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап төлеуге тиiс.
3. Егер сақтандыру жағдайының басталуына әкеп соққан оқиғаның нәтижесiнде жәбiрленушiнiң денсаулығы нашарлап кетсе (мүгедектiк не мүгедектiктiң неғұрлым жоғары тобы белгiленсе) не қайтыс болса, онда сақтандырушы жәбiрленушіден (пайда алушыдан) келiп түскен өтiнiштiң және тиiстi құжаттардың негiзiнде, сақтандыру төлемiнiң сомасына осы Заңда белгiленген тәртiппен және мөлшерде қайта есептеу жүргiзуге мiндеттi.
Бұл ретте сақтандыру төлемiнiң сомасын қайта есептеу кезiнде бұрын төленген сомалар есепке алынады.
4. Сақтандыру төлемi уақтылы жүзеге асырылмаған кезде сақтандырушы пайда алушыға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабында белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
27-бап. Бiрнеше тұлға зиян келтiрген кездегi сақтандыру төлемi
Тұлғаға иелерiнде көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарттары бар бiрнеше көлiк құралдары зиян келтiрген кезде пайда алушы сақтандыру төлемiн олардың әрқайсысынан жеке-жеке алуға құқылы. Әрбiр сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы Заңда белгiленген жауапкершiлiк көлемi шегiнде және сақтанушы жауапкершілiгiне тең мөлшерде жүзеге асырады. Бұл ретте барлық сақтандырушылар жасаған сақтандыру төлемiнiң жалпы сомасы жәбiрленушiге келтiрiлген нақты зиян мөлшерiнен және әрбiр сақтандырушы үшiн көзделген жауапкершілiктiң шектi көлемiнен аспауға тиiс.
28-бап. Зиян келтiрген тұлғаға керi талап қою құқығы
1. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушы сақтанушыға (сақтандырылушыға) төленген сома шегiнде мынадай жағдайларда, егер:
1) сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi оның, қажеттi қорғану және аса қажеттiлiк жағдайында жасалған iс-әрекеттерiн қоспағанда, сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына септiгiн тигiзетiн қасақана iс-әрекеттерi салдарынан басталса;
2) сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi оның көлiк құралын алкогольге, есiрткiге немесе уытқұмарлыққа мас болып жүргiзуi салдарынан басталса;
3) көлiк құралын жүргiзушi адамның оны жүргiзу құқығы болмаса;
4) соттың iстi талқылауы барысында сақтандыру жағдайы көлiк құралының техникалық ақауы салдарынан болғаны, олар туралы сақтанушының (сақтандырылушының) бiлгенi немесе бiлуге тиiстi екенi анықталса;
5) көлiк құралы оның техникалық сипатына сай емес мақсаттарға пайдаланылса;
6) сақтанушы (сақтандырылушы) сақтандыру жағдайынан болатын шығындарды азайту жөніндегі шараларды қасақана қолданбаса;
7) көлiк құралын жүргiзушi адам көлiк оқиғасы болған жерден қашып кетсе, керi талап қоюға құқылы.
2. Егер осы баптың 1-тармағында тiзiп көрсетiлген жағдайларда келтiрiлген зиянға көлiк құралын оның иесiмен еңбек қатынасына орай немесе мәмiленің жазбаша нысанын ресiмдемей оның иесiнiң қатысуымен пайдаланған тұлға кiнәлi болып табылса, онда сақтандырушының осы көлiк құралының иесiне керi талап қоюға құқығы бар.
3. Сақтанушының (сақтандырылушының) сақтандырушы сақтандыру нәтижесiнде өтеген шығындар үшiн жауапты адамға керi талап қою құқығы сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға ол төлеген сома шегінде ауысады. Бұл ретте, егер сақтандыру жағдайы автомобиль жолдарының және олардың бойындағы ғимараттардың қанағаттанғысыз күтiмiнен туындаған жол жағдайы себептерiнен болғаны анықталса, көлiк құралы иесiнің осындай жағдайлар жасауға кiнәлi тұлғаға талап қою құқығы сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға ауысады.
29-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босату негіздерi
1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
1) қажеттi қорғану және аса қажеттілiк жағдайда жасалған iс-әрекеттердi қоспағанда, пайда алушының сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына септiгiн тигiзетiн қасақана iс-әрекеттерi;
2) пайда алушының Қазақстан Республикасының заң актілерiнде белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептiк байланыстағы
қасақана қылмыстар немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған iс-әрекеттерi салдарынан болса, сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара төлеуден бас тартуға құқылы.
2. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн сондай-ақ:
1) сақтанушының шығынның тиiстi өтемiн шығын келтiруге кiнәлi тұлғадан алуы;
2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарламау немесе уақтылы хабарламау;
3) сақтанушының (сақтандырылушының) көлiк құралын жарыстарда, сынақтарда немесе жүргiзудi үйретуге арнайы лайықталған орындарда оқыту кезiнде пайдалануы;
4) көлiк құралын тиеу немесе түсiру кезiнде зиян келтiру;
5) жәбiрленушiнiң мүлкiне ақша, бағалы қағаздар, алтын, күмiстен жасалған бұйымдар, құнды заттар, әсемдiк бұйымдар, өнер туындылары немесе басқа да құндылықтар түрiнде зиян келтiру;
6) жәбiрленушiнiң осы Заңның 22-бабы 6-тармағының талаптарын бұзуы негiз болуы мүмкiн.
3. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тарту үшiн негiздер бар кезде сақтандырушы талап қойылған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде сақтандыру төлемi туралы талап қойған тұлғаға бас тарту себептерiнiң дәлелдi негiздемесi келтiрiлген сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара бас тарту туралы тиiстi шешiмдi жазбаша нысанда жiберуге мiндеттi.
4. Сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыны уақтылы хабардар етпеу не оған хабарламау, егер бұл дәлелдi себептерге байланысты болса және сақтандыру жағдайының басталғаны, жәбiрленушінің өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiрiлгенi туралы фактiнi растайтын тиiстi құжаттар ұсынылса және мүлiк бағалау үшiн көлiк оқиғасынан кейiнгi күйiнде ұсынылса, сақтандыру төлемiнен бас тарту үшiн негiз бола алмайды.
5. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
1) ядролық жарылыстың, радиацияның немесе радиоактивтiк улану әсерiнiң;
2) соғыс қимылдарының;
3) азамат соғысының, түрлi сипаттағы халық толқуларының, жаппай тәртiпсiздiктердiң немесе ереуiлдердiң салдарынан басталса, сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.
6. Сақтандырушының осы бапта көзделмеген негiздер бойынша сақтандыру төлемiнен бас тартуға құқығы жоқ.