4. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін және Қазақстан Республикасының ұлттық преференциялар жүйесін пайдаланатын анағұрлым төмен дамыған мемлекеттерден шығарылатын тауарлар кедендік баждарды салудан босатылады. Мұндай мемлекеттер мен тауарлардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5. Осы бапта көзделген тарифтік преференциялар осы Кодекстің 7-тарауында көзделген шарттар сақталған кезде беріледі.
42-тарау. Кедендік баждарды төлеу мерзімдерінің өзгеруі
332-бап. Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту ұғымы және оның шарттары
1. Осы Кодексте белгіленген кедендік баждарды төлеу мерзімін неғұрлым кейінгі мерзімге, бірақ кеден органы жүктің кедендік декларациясын тіркеген күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімге ауыстыру кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту болып танылады. Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту кейінге қалдыру немесе мәулеттік мерзім беру нысанында жүргізіледі.
Бұл ретте, кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру - төлеу мерзімін ұзарту, ал кедендік баждарды төлеу мерзімін қосымша кезеңге ұзарту - мәулеттік мерзім болып табылады, осы кезең ішінде қажетті сома бөліп-бөліп төленуге тиіс.
2. Кедендік баждарды төлеу мерзімдерінің өзгертілуі туралы шешімді кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері және кедендер қабылдайды.
3. Өнеркәсіптік қайта өңдеуге арналған акцизделетін тауарларды қоспағанда, импортталатын шикізаттар мен материалдарға кедендік баж төлеу бойынша мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім беріледі.
4. Төлеу мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім төленуге тиісті кедендік баждың барлық сомасына не оның бір бөлігіне қатысты берілуі мүмкін.
5. Төлеу мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім осы Кодекстің 43-тарауында көзделген тәртіппен кедендік баждарды төлеу қамтамасыз етілген жағдайда беріледі.
6. Кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу бойынша берешегі бар не кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден жалтаратын, сондай-ақ өздеріне қатысты банкроттықты рәсімдеу жөнінде іс қозғалған тұлғаларға кедендік баждарды төлеу бойынша мерзімін ұзарту немесе мәулеттік төлеу мерзімі берілмейді.
333-бап. Өнеркәсіптік қайта өңдеу
Осы тараудың мақсаттары үшін өнеркәсіптік қайта өңдеу деп шикізаттарды және (немесе) материалдарды коды пайдаланылған шикізаттардың және (немесе) материалдардың кодынан Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша бірінші төрт белгінің кез келген деңгейінде ерекшеленетін өнім (тауар) алу үшін өндірісте пайдалану түсініледі. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша бірінші төрт белгінің кез келген деңгейінде өнімнің (тауардың) коды өзгеруіне қарамастан, өнеркәсіптік қайта өңдеуге:
1) қарапайым құрастыру операциялары (тойтару, пісіру, желімдеу, құрастыру және басқа да осыған ұқсас операциялар);
2) қоғамдық тамақтандыру ұйымдарының тамақ өнімдерін қайта өңдеуі;
3) тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау жөніндегі операциялар (тауар лектерін бөлшектеу, жөнелтілімді қалыптастыру, сұрыптау, буып-түю, қайта буып-түю);
4) алынған өнімге оны бастапқы құрайтын бөліктерінен Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының коды бойынша бірінші төрт белгінің кез-келген деңгейінде ерекшелендіретін сипаттама берместен, тауарларды, компоненттерді араластыру жатпайды.
334-бап. Кедендік баждарды төлеу бойынша мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім беру үшін негіздеме
1. Кедендік баж төлеу бойынша мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім әкелінетін шикізаттарды және (немесе) материалдарды кедендік ресімдеуді жүзеге асыратын кеден органына төлеушінің жазбаша өтініші негізінде беріледі.
2. Төлеуші өтінішпен бірге мынадай құжаттарды:
1) сыртқы экономикалық қызметке қатысушының есеп карточкасын;
2) әкелінетін шикізаттарды және (немесе) материалдарды беруге сыртқы сауда шартын (келісім-шартын);
3) кедендік баждар төлеуді қамтамасыз ету туралы құжатты;
4) жеке кәсіпкер немесе Қазақстан Республикасының заң актілеріне және құрылтай құжаттарына сәйкес күнделікті басшылықты және іс жүргізуді жүзеге асыратын заңды тұлғаның лауазымды адамдары қол қойған, әкелінетін тауарларды шикізаттар және (немесе) материалдар ретінде пайдалана отырып жасалатын өндірістің технологиялық схемасын (өндірістің фрагментін);
5) егер әкелінетін шикізатты және (немесе) материалдарды қайта өңдеу Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес қызметтің лицензияланатын түріне жатса, шикізатты және (немесе) материалдарды қайта өңдеу құқығына лицензияның нотариат куәландырған көшірмесін береді.
3. Кедендік баждарды төлеу бойынша мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім беру құқығын растау үшін кеден органдары өндірістік қуатты тексеріп көруге құқылы.
335-бап. Төлеу мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім беру туралы шешім
1. Кедендік баж төлеу бойынша мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім беру туралы шешім не оны беруден бас тарту туралы шешім төлеушінің өтінішін және осы Кодекстің 334-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қабылданады.
2. Шешім жазбаша түрде екі дана етіп жасалады және оған тиісті кеден органының басшысы немесе оның орнындағы адам қол қояды. Шешімнің бірінші данасы кеден органында қалады. Шешімнің екінші данасы кеден органы шешім қабылдаған күннен кейінгі күннің аяқталуынан кешіктірілмей төлеушіге жіберіледі.
3. Төлеу мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім беру туралы шешімде мынадай мәліметтер:
1) шешімнің тіркелу нөмірі;
2) кедендік баж төлеу мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім беру уақыты;
3) төлеушінің өтінішінде көрсетілген кедендік баждың төленуін қамтамасыз ету тәсілі;
4) әкелінетін шикізаттарды және (немесе) материалдарды беруге арналған сыртқы сауда шартының (келісім-шартының) күні, нөмірі, осындай шарт (келісім-шарт) бойынша шикізаттарды және (немесе) материалдарды алушының атауы;
5) кедендік баж төлеу бойынша мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім берілетін шикізаттардың және (немесе) материалдардың атауы және саны;
6) төлеу мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім берілетін кедендік баждың мөлшері болуға тиіс.
4. Кедендік баж төлеу бойынша мерзімін ұзартудан немесе мәулеттік мерзім беруден бас тарту туралы шешімде бас тартудың дәлелі болуы тиіс.
336-бап. Берілген төлеу мерзімін ұзартудың немесе мәулеттік мерзімнің сомасын өтеу мерзімдері
1. Кедендік баж төлеу мерзімдерінің өзгеруі кезінде кедендік бажды өтеуді төлеуші немесе үшінші тұлға тиісінше:
1) төлеу мерзімін ұзарту берілген кезде ұзарту мерзімі күнінің аяқталуынан кешіктірмей;
2) мәулеттік мерзім берілген кезде төлеушімен бірлесіп кеден органы бекіткен кесте бойынша мәулеттік мерзім сомаларын енгізудің келісілген күндерінен кешіктірмей жүргізеді.
2. Төлеуші кедендік баж сомасын уақтылы өтемеген жағдайда, кеден органдары осы Кодекстің 45-тарауында көзделген тәртіппен кедендік баждың барлық сомасын өндіріп алуға шаралар қолданады.
337-бап. Төлеу мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім беру туралы кеден органдары шешімдерінің қолданылуын тоқтату
Төлеу мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзім беру туралы кеден органдары шешімдерінің қолданылуы:
1) шешімде белгіленген төлеу мерзімін ұзарту немесе мәулеттік мерзімі өтіп кетуі бойынша;
2) кедендік баждың барлық сомасын мерзімінен бұрын өтеген кезде;
3) тауарларды өнеркәсіптік қайта өңдеусіз өткізу кезінде тоқтатылады.
43-тарау. Кедендік төлемдердің және
салықтардың төленуін қамтамасыз ету
338-бап. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз етудің жалпы шарттары
1. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету:
1) осы Кодекстің 63-бабына сәйкес кеден тасымалдаушысы ретіндегі қызметті жүзеге асыру кезінде;
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2-тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) осы Кодекстің 74-бабына сәйкес ішкі кедендік транзит рәсімі бойынша тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдау кезінде;
3) осы Кодекстің 91, 94 және 95-баптарына сәйкес тауарларды уақытша сақтау кезінде;
4) осы Кодекстің 174-бабына сәйкес кедендік аумақтан тыс жерде тауарларды қайта өңдеу кезінде;
5) осы Кодекстің 210-бабына сәйкес акцизделетін тауарларды қайта экспорттау кезінде;
6) осы Кодекстің 27-тарауына сәйкес тауарлардың транзиті кезінде;
7) осы Кодекстің 321-бабына сәйкес кеден органдарында бар баға ақпаратын қолдана отырып кедендік төлемдер және салықтар салынатын тауарларды шартты шығару кезінде;
8) осы Кодекстің 332-бабына сәйкес кедендік баж төлеу мерзімдерінің өзгеруі кезінде;
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 9-тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
9) осы Кодекстің 380-бабына сәйкес жүктің кедендік декларациясын беру мерзімін ұзарту кезінде ;
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 10 -тармақшамен толықтырылды
10) осы Кодекстің 388-бабына сәйкес тауарларды мерзімдік декларациялау кезінде;
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 11-тармақшамен толықтырылды
11) осы Кодекстің 392, 393-баптарына сәйкес тауарларды шығару кезінде қолданылады.
2. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету кедендік режимге орналастырылған тауарлар шығарылғанға дейін не осы баптың 1-тармағында көзделген іс-әрекеттер жүзеге асырылғанға дейін жүргізіледі.
3. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз етуді төлеуші не үшінші тұлға жүргізеді.
339-бап. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз етудің түрлері
1. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету:
1) кепілге қою;
2) банк кепілдігі;
3) кеден органының депозиттік шотына ақша енгізу;
4) сақтандыру шарты түрінде берілуі мүмкін.
2. Тұлға осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз етудің кез келген түрін таңдауға құқылы.
3. Кеден органдарының кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз етуді қолдану тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
340-бап. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету сомасын айқындау
1. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету сомасы:
1) мынадай:
ішкі кеден транзиті рәсімі бойынша тасымалданатын;
алушының қоймасында, сондай-ақ көлік құралдарында уақытша сақтауға рұқсат берілген;
тауарларды қайта экспорттаудың кедендік режиміне орналастырылған;
тауарлар транзитінің кедендік режиміне сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы өткізу үшін әкелінетін;
кедендік құнын айқындаған кезде баға ақпаратын қолдана отырып, тауарларды шартты шығару жүзеге асырылатын;
кедендік баж төлеу мерзімдері өзгертілген;
жүктің кедендік декларациясын беру мерзімдеріне ұзарту жүргізілген тауарлар мен көлік құралдарына қатысты еркін айналыс үшін тауарлар шығарудың кедендік режимін мәлімдеу кезінде;
2) мынадай:
кедендік аумақтан тыс жерде тауарларды қайта өңдеудің кедендік режиміне орналастырылған;
тауарлар транзитінің кедендік режиміне сәйкес шет мемлекеттің кедендік аумағы арқылы өткізу үшін әкетілген тауарларға қатысты тауарлар экспортының кедендік режимін мәлімдеу кезінде төленуге тиісті кедендік төлемдердің және салықтардың сомасынан кем болмауға тиіс.
2. Кеден тасымалдаушысы ретіндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін қажетті қамтамасыз ету сомасы осы Кодекстің 63-бабына сәйкес айқындалады.
341-бап. Кепіл
1. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету мақсатында кепілге салынатын зат:
1) азаматтық айналымнан алынған мүлікті;
2) Қазақстан Республикасына әкелуге не Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған тауарларды;
3) электр, жылу және өзге де энергия түрлерін;
4) тез бұзылатын тауарларды;
5) мүліктік құқықтарды;
6) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі мүлікті;
7) өткізу мүмкіндігі шектеулі мүліктерді қоспағанда, үшінші тұлғалардың мүліктік құқығынан бос кез келген тауарлар мен мүлік болуы мүмкін.
2. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету мақсатында кепілге салынатын заттың рыноктық құны, оны өткізу бойынша шығыстарды қоса алғанда, төленуі кепілге салынатын затпен қамтамасыз етілетін кедендік төлемдер және салықтар жөніндегі міндеттеменің мөлшерінен төмен болмауы қажет.
3. Егер кеден органы өзге шешім қабылдамаса, кепіл кезінде кепілге салынатын зат кепіл берушіде қалады.
Төлеуші қабылдаған, қамтамасыз етілуі үшін кепіл ресімделген міндеттеме орындалғанға дейін кепіл берушінің кепілге салынған затқа билік етуге құқығы жоқ.
4. Кепілді ресімдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Кепілге салынған затты өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-ІІ Заңымен (бұр. ред. қара) 342-бап өзгертілді
342-бап. Банк кепілдігі
Кеден органдары кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету ретінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген банк кепілдігін қабылдайды.
343-бап. Кеден органының депозиттік шотына ақша енгізу
1. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету ретінде кеден органының депозиттік шотына (бұдан әрі - депозит) ақша енгізу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен немесе шетел валютасымен жүргізіледі.
2. Кеден органында валюталық шот болмаған жағдайда, депозитті енгізу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргізіледі.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Депозитпен қамтамасыз етілген міндеттеме орындалмаған жағдайда, төленуге тиісті кедендік төлемдер және салықтар сомасы міндеттеменің орындалмағаны туралы хабардар етілгеннен кейін он бес күн өткен соң депозиттен бюджетке аударылады.
344-бап. Сақтандыру шартын кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету ретінде қолдану
Кеден органдары Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жасалған сақтандыру шарттарын кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
345-бап. Кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз етуді қайтару
1. Депозитті қайтару депозитпен қамтамасыз етілген міндеттеме орындалған жағдайда жүзеге асырылады. Депозитті нақты қайтаруды төлеушінің жазбаша өтініші бойынша кеден органы өтінішті алған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізеді.
2. Депозитті қайтару туралы өтініш міндеттеме орындалғаннан кейін, бірақ міндеттеме орындалған күннен кейінгі күннен бастап бес жылдан кешіктірмей кеден органына беріледі.
3. Депозитті шотына депозит сомасы енгізілген кеден органы не осы кеден органы таратылған жағдайда, оның құқық мирасқоры қайтарады. Депозит төлеушінің банк шотына қайтарылады, ол төлем төленген валютамен жүргізіледі.
4. Төлеушіге депозитті қайтару осы Кодекстің 351-бабында көзделген тәртіппен кедендік төлемдерді, салықтар мен өсімпұлды төлеу бойынша берешек шегеріле отырып жүзеге асырылады.
5. Депозитті қайтарған кезде ол бойынша сыйақы төленбейді, сомасы индекстелмейді, банк қызметін көрсеткені үшін тарифтер аударылатын қаражат есебінен төленеді.
6. Төлеушінің өтініші бойынша кеден органдары депозитті болашақ кедендік төлемдер мен салықтар есебіне не кеден органдарының алдындағы басқа міндеттеме бойынша кедендік төлемдер мен салықтарды қамтамасыз ету үшін есептей алады.
7. Осы баптың 3-5-тармақтарының ережелері уақытша берілетін демпингке қарсы, қорғау және өтемдік баждарды қайтаруға да қолданылады.
8. Мүлік кепілі бойынша қайтару:
1) кепіл заты кепіл берушінің билігінде болған жағдайда - міндеттеме орындалған күннен бастап;
2) кепіл заты кеден органының билігінде болған жағдайда міндеттеме орындалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
9. Банк кепілдігі бойынша қайтару міндеттеме орындалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
10. Сақтандыру жөніндегі міндеттемелерді тоқтату міндеттеме орындалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
44-тарау. Кедендік төлемдерді және салықтарды қайтару мен есепке алу
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 346-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
346-бап. Кедендік төлемдердің және салықтардың артық
төленген сомасын қайтару мен есепке алу
1. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес кедендік төлемдердің және салықтардың бюджетке нақты төленген сомасы мен төленуге тиіс сомасы арасындағы айырма кедендік төлемдердің және салықтардың артық төленген сомасы деп танылады.
2. Төлеуші кедендік төлемдерді және салықтарды қайтарып алу немесе есепке алғызу мақсатында артық төленген сомасын төлеген күннен бастап бес жылдан кешiктiрілмейтiн мерзiмде, кедендiк төлемдердiң және салықтардың артық төленген сомалары бар екенi жөнiнде растама беру туралы өтiнiшпен тауарлар мен көлiк құралдарын кедендiк ресiмдеудi, сақтауды, кедендiк алып жүрудi, лицензия берудi, алдын ала шешiм қабылдауды іске асырған кеден органына өтінiшпен жүгінуге құқылы.
3. Кедендiк төлемдердiң және салықтардың артық төленген сомасы бар екенi жөнiнде растама беру туралы өтінішпен бiр мезгілде:
1) соманың төленгенiн растайтын төлем құжатының;
2) кедендiк декларация ресiмделген жағдайда берілетiн, ол бойынша кедендiк төлемдер және салықтар есептелген және енгiзілген, кеден органы ресiмдеген кедендік декларацияның;
3) кедендік төлемдердi төлеу кедендік декларация ресiмделмей жүргізiлген жағдайларда берілетін, жүзеге асырылу үшiн кедендiк төлемдер енгiзiлген тауарларды сақтау, тауарлар мен көлік құралдарын кедендiк алып жүру, лицензиялар беру, алдын ала шешiм қабылдау кезiнде кеден органдары ресiмдеген басқа да құжаттардың көшiрмелерi берілуге тиiс.
4. Кедендiк төлемдердiң және салықтардың артық төленген сомасы бар екенi жөнiнде растама беру туралы өтінiшті қарау мерзiмi төлеушi өтініш берген күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиiс.
5. Салық органдары, осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендiк төлемдердiң және салықтардың артық төленген сомасын Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртіппен және мерзiмде төлеушiнiң өтiнiшi бойынша қайтаруға немесе есепке алуға тиіс.
6. Кеден органы кедендiк төлемдердi және салықтарды өндiрiп алғаннан кейiн артық төлеу фактісiн анықтаған кезде, мұндай фактіні анықтаған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешіктірмей салық төлеушiге артық төленген кедендік төлемдердiң және салықтардың сомасы туралы хабарлауға мiндеттi.
7. Кеден органдары төлеушiнiң өтініш бойынша кедендiк төлемнiң немесе салықтың артық төленген сомасы бар түрi бойынша алдағы кедендiк төлемдер және салықтар төлеу есебiне есепке алуды жүргізедi.
347-бап. Кедендік төлемдерді және салықтарды қайтарудың өзге де жағдайлары
1. Кедендік баждарды және салықтарды қайтару:
1) кедендік декларацияны кері қайтарып алған;
2) неғұрлым қолайлы жағдай жасау режимін немесе тарифтік преференцияларды қалпына келтірген;
3) кедендік режимдердің талаптары Қазақстан Республикасының кедендік аумағының шегінен шетел тауарларын әкету кезінде немесе оларды жою не мемлекет пайдасына олардан бас тарту немесе Қазақстан Республикасының кедендік аумағына қазақстандық тауарларды не оларды қайта өңдеу өнімдерін әкелу кезінде кедендік баждар және салықтардың төленген сомасын қайтаруды көздейтін;
4) егер тауарларды қайта таңдалған кедендік режимге (тауарларды еркін айналыс үшін шығарудың немесе тауарлар экспортының кедендік режиміне) орналастыру кезінде төленуге тиісті кедендік баждар және салықтар сомасы бастапқы кедендік режим кезінде төленген кедендік баждар және салықтар сомасынан кем болса, бұрын мәлімделген кедендік режимді еркін айналыс үшін тауарлар шығару немесе тауарлар экспортының кедендік режиміне өзгерткен жағдайларда жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда кедендік баждарды және салықтарды қайтару артық төленген кедендік төлемдерді қайтаруға қолданылатын осы Кодекстің 346-бабына сәйкес жүргізіледі.
45-тарау. Берешекті және өсімпұлды өндіріп алу
348-бап. Берешекті және өсімпұлды өндіріп алудың жалпы ережелері
1. Белгіленген мерзімде кедендік төлемдерді және салықтарды төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда берешек пайда болады. Берешекті осы тарауда белгіленген тәртіппен кеден органдары төлеушілерден өндіріп алады.
2. Кеден органдары берешекті өндіріп алу үшін:
1) осы Кодекстің 350-бабында көзделген тәртіппен төлеушіні хабардар ету;
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2-тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) осы Кодекстiң 351-бабында көзделген тәртiппен кедендiк төлемнiң немесе салықтың берешек бар түрi бойынша артық төленген кедендiк төлемдер және салықтар сомасы есебiнен немесе қайтаруға жататын депозит есебiнен берешектi өндiрiп алу;
3) берешекті өтеуді қамтамасыз етудің мынадай:
берешек сомасына өсімпұл есептеу;
төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім шығару тәсілдерін қолдану;
4) мынадай тәртіппен:
төлеушінің банк шоттарындағы ақшасы есебінен;
төлеушінің қолма-қол ақшасы есебінен;
төлеушінің дебиторлары есебінен;
төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өткізу есебінен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану сияқты іс-әрекеттерді жүзеге асырады.
3. Берешек сомасына өсімпұл есептеуді қоспағанда, осы баптың 2-тармағында көзделген іс-әрекеттер біртіндеп қолданылады.
4. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жеке кәсіпкер мен заңды тұлғадан берешекті және өсімпұлды өндіріп алу даусыз тәртіппен жүргізіледі. Жеке тұлғадан берешекті және өсімпұлды өндіріп алу сот тәртібімен жүргізіледі.
349-бап. Берешек сомасына өсімпұл есептеу
1. Берешек туындаған кезде төлеуші өсімпұл төлейді.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Өсімпұл кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу мерзімдері өткен күннен кейінгі күннен бастап, кедендік төлемдер мен салықтарды төлеудің кешіктірілген әрбір күні үшін төлеу күнін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 2,5 еселенген ресми ставкасы мөлшерінде есептеледі.
Өсімпұл кедендік төлемдер мен салықтарды мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершіліктің өзге де шараларын қолдануға қарамастан есептеледі және төленеді.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Банкрот деп танылған не өзiне қатысты мәжбүрлеп тарату туралы шешiм қабылданған, не оңалту рәсiмiн қолдану туралы ұйғарым қабылданған төлеушiнiң сот шешiм қабылдаған кезден бастап пайда болған берешектiң сомасына мұндай шешiм немесе ұйғарым күшiне енген күннен бастап өсiмпұл есептелмейдi.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2-2-тармақпен толықтырылды
2-2. Егер берешектiң пайда болуының жалғыз себебi қызмет көрсететiн банктiң таратылуы болып табылған жағдайда, банктi мәжбүрлеп тарату туралы шешiм күшiне енген кезден бастап мәжбүрлеп таратылатын банктердiң кредиторларына берешектерiн уақтылы өтемегенi үшiн өсiмпұл есептелмейдi.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2-3-тармақпен толықтырылды
2-3. Жеке тұлғаны хабар-ошарсыз кеткен деп тану туралы соттың шешiмi күшiне енген кезден бастап ол жойылғанға дейiн берешектiң сомасына өсiмпұл есептелмейдi.
3. Өсімпұлды төлеу, өндіріп алу және қайтару кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуге, өндіріп алуға және қайтаруға қолданылатын осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
350-бап. Берешек пен өсімпұлды өтеу туралы хабарлама
1. Берешек пен өсімпұлды өтеу туралы хабарлама белгіленген мерзімде төленбеген кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар сомасы туралы, сондай-ақ кедендік төлемдердің, салықтар мен өсімпұлдардың төленбеген сомасын осы хабарламада белгіленген мерзімде өтеу міндеттемесі туралы төлеушіге жіберілген кеден органының жазбаша хабарын білдіреді.
Хабарламада оны ресімдеу үшін негіздеме, сондай-ақ төлеуші хабарламаны орындамаған жағдайда қолданылатын осы Кодекстің 348-бабында көзделген іс-әрекеттер туралы мәліметтер болуы тиіс.
2. Хабарлама төлеушіге оны әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға қарамастан жіберіледі.
3. Хабарлама берешектің туындау фактісі белгіленген күннен бастап бір айдан кешіктірмей төлеушіге жіберілуге тиіс.
4. Хабарлама төлеушіге өз қолын қойғызып немесе хабарламаны жіберу және алу фактісін растайтын өзге тәсілмен тапсырылуы тиіс.
5. Төлеуші хабарламаға шағымдануды осы Кодекстің 15-тарауында көзделген тәртіппен және мерзімде жүргізеді.
6. Хабарламадағы талаптарды орындау мерзімі, төлеушінің осындай хабарламаға шағымдану жағдайларын қоспағанда, төлеушіге хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күнінен аспайды.
7. Шағымдану жағдайларын қоспағанда, осы баптың 6-тармағында көзделген мерзімде хабарламадағы талаптарды орындамаған кезде кеден органдары осы Кодекстің 348-бабына сәйкес іс-әрекеттер жасайды.
8. Хабарламаның нысанын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен тақырып және 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)