306-бап. Әкетілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс әкетілетін тауарлардың кедендік құны экспортқа сату кезінде нақты төленген немесе төленуге тиісті мәміле бағасының негізінде айқындалады.
2. Тауардың кедендік құнын айқындау кезінде мәміле бағасына, егер олар бұрын енгізілмеген болса, мынадай шығыстар:
1) тауарды әуежайға, портқа немесе Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкететін өзге орынға дейін жеткізу бойынша шығыстар:
тасымалдау құны;
тауарларды тиеу, түсіру, қайта тиеу және ауыстырып тиеу бойынша шығыстар;
2) сақтандыру құны;
3) сатушы шеккен шығыстар;
комиссиялық және брокерлік сыйақылар;
егер Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес олар бағаланатын тауарлармен біртұтас зат ретінде қаралса, контейнерлердің немесе айналымға көп түсетін басқа да ыдыстардың құны;
буып-түю материалдары мен буып-түю жөніндегі жұмыстардың құнын қоса алғанда, буып-түю құны;
4) сатушы бағаланатын тауарларды сатудың шарты ретінде тікелей немесе жанама түрде төлеуге тиісті, бағаланатын тауарларға байланысты лицензия бергені үшін роялти және алымдар, егер мұндай роялти және алымдар нақты төленген немесе төленуге тиісті бағаға қосылмаған болса;
5) кейіннен қайта сатудан сатушыға тікелей немесе жанама түрде түсетін кірістің бір бөлігі;
6) Қазақстан Республикасының кедендік аумағында алынатын салықтар, егер Қазақстан Республикасының салық заңдарына немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес олар Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тауарларды әкетуге байланысты сатушыға өтемге жатпаса, енгізіледі.
3. Тауардың кедендік құнын айқындау кезінде, олар бұрын мәміле құнына енгізілген және құжатпен расталуы мүмкін жағдайда, мынадай төлемдер мен шығыстар:
1) жабдықтарды монтаждау, жинау, ретке келтіру немесе мұндай жабдықтарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкеткеннен кейінгі техникалық көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстар;
2) тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкеткеннен кейін оларды жеткізу бойынша шығыстар;
3) тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкеткеннен кейін оларды жеткізуді сақтандыру құны;
4) импорт елінде төленетін кедендік баждар мен салықтар мәміле бағасынан алып тасталады.
4. Мәміле бағасы болмаған кезде, әкетілетін тауарлардың кедендік құны әкетілетін тауарды өндіруге немесе сатып алуға, сақтау мен тасымалдауға байланысты шығындар туралы экспорттаушы-сатушының бухгалтерлік құжаттамасының декларант берген үзінді көшірмесі негізге алынып айқындалады. Бұл ретте, осы баптың 2-тармағында тізіп көрсетілген шығыстар да ескеріледі.
5. Әкетілетін тауардың мәлімделген кедендік құнын растайтын мәліметтер болмаған жағдайда, мұндай тауардың кедендік құны кеден органында бар бірдей немесе біртектес тауарлар бойынша мәліметтер, соның ішінде тәуелсіз сараптаманың нәтижелері пайдаланыла отырып берілген ақпарат негізінде айқындалады.
307-бап. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау
Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелiнетiн тауарлардың кедендік құны Тарифтер мен сауда туралы бас келісім (бұдан әрі - ТСБК) кедендiк бағалауының жалпы принциптеріне негiзделедi.
308-бап. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау әдiстерi
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелiнетiн тауарлардың кедендік құнын айқындау:
1) әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
2) бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
3) бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
4) құнды шегеру;
5) құнды қосу;
6) резервтік әдiстердi қолдану жолымен жүргізіледі.
2. Әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша әдiс тауарлардың кедендік құнын айқындаудың негiзгi әдiсi болып табылады.
3. Негiзгi әдiстi пайдалану мүмкiн болмаған жағдайда тізіп көрсетілген әдiстердiң әрқайсысы бірінен кейін бірі қолданылады. Бұл ретте, егер алдыңғы әдiстi қолдану арқылы тауарлардың кедендік құнын айқындау мүмкiн болмаса, онда әрбір келесi әдiс қолданылады. Декларанттың өтiнiшi бойынша құнды шегеру және қосу әдiстерi керi ретпен қолданылады.
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген қолданылатын әдістердің қандай да бірі бойынша тауарлардың кедендік құнын айқындауға арналған ақпарат Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есебінің принциптеріне сәйкес келетін тәсілмен әзірленуге тиіс.
309-бап. Әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiленiң бағасы бойынша кедендік құнды айқындау әдiсi
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін тауардың кедендік құны Қазақстан Республикасына экспортқа сату кезінде оған нақты төленген немесе төленуге тиiстi баға болып табылады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Тауардың кедендік құнын айқындау кезiнде мәмiле бағасына, егер олар бұрын енгізілмеген болса, мынадай шығыстар:
1) тауарды әуежайға, портқа немесе тауарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелетін өзге орынға дейін жеткізу бойынша шығыстар:
тасымалдау құны;
тауарларды тиеу, түсіру, қайта тиеу және ауыстырып тиеу бойынша шығыстар;
2) сақтандыру құны;
3) сатып алушы шеккен шығыстар;
тауарларды сатып алу жөніндегі комиссиялық сыйақыны қоспағанда, комиссиялық және брокерлік сыйақылар;
егер Сыртқы экономикалық қызметтiң тауар номенклатурасына сәйкес олар бағаланатын тауарлармен бiртұтас зат ретiнде қаралса, контейнерлердiң немесе айналымға көп түсетiн басқа да ыдыстардың құны;
буып-түю материалдары мен буып-түю жөніндегі жұмыстардың құнын қоса алғанда, буып-түю құны;
4) бағаланатын тауарларды әкетуге арнап өндiруге және сатуға байланысты пайдалану үшiн тегiн немесе арзандатылған бағамен сатып алушы сатушыға тiкелей немесе жанама түрде берген мынадай тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер):
бағаланатын тауарлардың құрамдас бөлiгi болып табылатын шикiзаттар, материалдар, бөлшектер, жартылай фабрикаттар мен басқа да жинақтаушы бұйымдар;
бағаланатын тауарларды өндiру кезiнде пайдаланылған құрал-саймандар, штамптар, қалыптар мен басқа да осы тәрiздес заттар;
бағаланатын тауарларды өндiру кезiнде жұмсалған материалдар (жағар материалдар, отын және басқалар);
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде жасалған және бағаланатын тауарлар өндiру үшін тiкелей қажеттi инженерлiк талдамалар, тәжiрибе-конструкторлық жұмыстар, дизайн, көркем безендiру, нобайлар мен сызбалар құнының тиiстi бөлiгi;
5) сатып алушы бағаланатын тауарларды сатудың шарты ретiнде тiкелей немесе жанама түрде төлеуге тиiстi, бағаланатын тауарларға байланысты лицензия бергені үшін роялти және алымдар, егер мұндай роялти және алымдар нақты төленген немесе төленуге тиісті бағаға қосылмаған болса;
6) бағаланатын тауарларды кез келген кейiннен қайта сатудан, беруден немесе пайдаланудан сатушының тiкелей немесе жанама кiрiсі бөлiгiнiң шамасы енгізіледі.
Іс жүзiнде төленген немесе төленуге тиiс мәмiле бағасына осы тармақтың бiрінші бөлігінде аталмаған шығыстар енгізiлмейдi.
3. Атауы әр түрлi тауарларды бiр лекпен жеткiзген кезде, әрбiр әкелiнген тауардың кедендік құнына енгізілуге тиісті және тауарлардың барлық тобы үшiн айқындалған шығыстарды айқындау әрбір тауардың құнының тауарлар легінің құнына қатысымен айқындалатын шамаға барабар түрде жүзеге асырылады.
4. Тауардың кедендік құнын айқындау кезінде мына төлемдер және шығыстар:
1) жабдықтарды монтаждауға, жинауға, ретке келтіруге немесе мұндай жабдықтарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелгеннен кейін техникалық көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды;
2) Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауарларды әкелгеннен кейін жеткізу бойынша шығыстарды;
3) импорт елінде төленетін кеден баждарын және салықтарды импортталатын тауарлар үшін нақты төленген және төленуге тиісті бағасынан бөліп алынған жағдайда кедендік құнға енгізуге болмайды.
5. Егер:
1) сатып алушының бағаланатын тауарларға иелік ету немесе пайдалану құқығына қатысты:
Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген шектеулерді;
тауарлар қайта сатылуы мүмкiн географиялық аймақтың шектеулерін;
тауар құнына елеулi әсер етпейтiн шектеулерді қоспағанда, шектеулер болса;
2) сатып алу-сату белгілері жоқ мәмілелер бойынша:
өтеусіз;
Қазақстан Республикасында сату үшін, меншік құқығын импорттаушыға ауыстырмай тауарлар беруді көздейтін консигнация жағдайларымен;
шетелдік заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағындағы өз филиалдарының (өкілдіктерінің) мекенжайына;
мүліктік жалдау (лизинг) шарттары бойынша;
уақытша болу мақсатында;
тауарды коммерциялық емес кәдеге жарату мақсатында өндіріс қалдықтары ретінде;
кепілдік мерзім белгіленген, тиісінше сапалы емес тауарларды (жинақтаушы бұйымдарды) ауыстыру мақсатында;
өзге де мәмілелер бойынша Қазақстан Республикасына тауарлар беру жүзеге асырылса;
3) сату немесе мәміле бағасы әсер етуін есептеп шығару мүмкін емес жағдайлардың сақталуына қатысты болса, онда мәміле бағасы:
айырбас шарты;
толлингтік операцияларды көздейтін шарттар;
өзара келісім-шарт жасасу шарттары;
шарттардың өзге түрлері бойынша кедендік құнды айқындау үшін жарамды болып табылмайды;
4) кедендік құнды мәлiмдеген кезде декларант пайдаланған деректер құжатпен расталмаса не сан жағынан айқындалатын және дұрыс болып табылмаса;
5) мәмiлеге қатысушылар өзара тәуелді тұлғалар болып табылса және мәмiле бойынша құн осы баптың талаптарына сәйкес кедендік құнды анықтау үшiн негiз ретiнде жарамды болып табылмаса, әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiленің бағасы бойынша әдiс тауардың кедендiк құнын анықтау үшiн пайдаланылмайды. Бұл ретте мынадай белгiлердiң бiрiне сай тұлғалар:
мәмілеге қатысушылардың бiрi немесе мәмiлеге қатысушылардың бiреуiнiң лауазымды адамы бір мезгілде мәмiлеге басқа бiр қатысушының лауазымды адамы болып табылатын;
мәмiлеге қатысушылар кәсiпорынды бiрлесiп иеленушiлер болып табылатын;
мәмiлеге қатысушылар еңбек қатынастарымен байланысты болатын;
қандайда бiр тұлға әрбір мәмiлеге қатысушының айналымында жүрген дауыс беруші акциялардың немесе әрбір мәмiлеге қатысушылардың жарғылық капиталындағы салымдардың (пайлардың) бес немесе одан да көп проценттерiн тiкелей немесе жанама иеленетін не олар бақылауында болатын;
мәмiлеге қатысушылар үшiншi адамның тiкелей немесе жанама бақылауында болатын;
мәмiлеге қатысушылар үшiншi адамды бiрлесiп тiкелей немесе жанама түрде бақылайтын;
мәмiлеге қатысушылардың бiрi мәмілеге басқа қатысушының тiкелей немесе жанама бақылауында болатын;
мәмілеге қатысушылар немесе олардың лауазымды адамдары жақын туыстар болып табылатын тұлғалар өзара тәуелдi тұлғалар деп түсініледі.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 5-1 тармақпен толықтырылды
5-1. Әрқайсысында басқасының айрықша құқықтары бар агенттер, дилерлер, дистрибьютерлер болып табылатын сыртқы экономикалық қызметтiң қатысушылары, егер олар осы баптың 5-тармағының 5) тармақшасында айқындалған белгiлердiң бiрiне сай келсе, өзара тәуелдi болып есептеледі.
6. Мәмiлеге қатысушылардың өзара тәуелдiлiк фактiсi мәмiле бағасын жарамсыз деп есептеуге жеткiлiктi негiз болып табылмайды. Мұндай жағдайда, кеден органы мәмiлеге септiгiн тигiзетiн мән-жайды зерделеуi тиіс және егер өзара тәуелдiлiк бағаға әсер етпеген болса, оның бағасы тауардың кедендiк құнын айқындау үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
7. Кеден органында мәмiлеге қатысушылардың өзара тәуелдiлiгi тауардың бағасына әсер еттi деген негiз туындаған жағдайда, декларантқа өзара тәуелдiлiк тауардың бағасына әсер етпегенін растайтын қосымша қажеттi ақпарат беру мүмкiндiгі туралы ұсыным (декларанттың қалауы бойынша жазбаша нысанда) берiледi.
8. Егер декларант шамамен сол уақытта белгiленген:
1) Қазақстан Республикасына экспорттау кезiнде өзара тәуелдi болып табылмайтын қатысушылар арасындағы бірдей немесе біртектес тауарлармен мәмiле бойынша құнның;
2) бірдей немесе бiртектес тауарлардың құнды шегеру әдiсi бойынша айқындалған кедендік құнының;
3) бірдей немесе бiртектес тауарлардың құнды қосу әдiсi бойынша айқындалған кедендік құнының бiреуiне жақын екендiгiн дәлелдесе, декларанттың бастамасы бойынша тауардың кедендік құнын айқындау негiзiне мәмiле құны қабылдануы мүмкiн.
9. Салыстыру үшiн декларант ұсынған бағалар:
1) коммерциялық деңгейдегi (көтерме, бөлшек саудадағы);
2) санындағы;
3) осы баптың 2-тармағында тізіп көрсетілген элементтердегi (шығыстардағы);
4) егер сатушы өзара тәуелдi тұлғамен мәмiле жасаған кезде мұндай шығындарды шығармаса, өзара тәуелдi емес тұлғалар арасындағы мәмiле кезiнде туындайтын сатушының өзге де шығындарындағы айырмашылықтар ескерiле отырып түзетiледi.
10. Салыстыру үшін декларант берген бірдей немесе біртектес тауарлардың бағасы тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін мәміле бойынша бағаның орнына пайдаланылмайды.
310-бап. Бірдей тауарлармен жасалатын мәміле бағасы бойынша кедендік құнды айқындау әдiсi
1. Бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша бағалау әдiсiн пайдаланған кезде осы бапта көрсетiлген шарттар сақталған кездегі, тауардың кедендік құнын айқындау үшiн негiз ретiнде, бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы қолданылады.
2. Бағаланатын тауарлармен бiркелкі, соның iшiнде мынадай белгiлері:
1) физикалық сипаттамалары;
2) рыноктағы сапасы мен танымдылығы бойынша біркелкі тауарлар бірдей тауарлар деп түсініледі.
3. Осы баптың негізiнде кедендiк бағалау әдiсiн пайдаланған кезде:
1) егер тауарлар бағаланатын тауарлар өндірілген елде өндірілмеген болса, бағаланатын тауарлармен бірдей деп есептелмейдi;
2) бағаланатын тауарларды өндiрушi емес, басқа тұлға өндiрген тауарлар бағаланатын тауарларды өндiрушi тұлға өндiрген бірдей тауарлар болмаған жағдайда, назарға алынады;
3) егер тауарлардың жобалануын, оларға жасалатын тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды, олардың көркемдiк безендiрiлуiн, дизайнын, нобайларын немесе сызбаларын:
сатып алушы сатушыға оны өндiруге және Қазақстан Республикасына экспортқа сатуға байланысты пайдалану үшін тегін немесе төмендетілген құны бойынша берген болса;
олар Қазақстан Республикасында шығарылған, соған байланысты құны осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағы 4) тармақшасы бесінші абзацының негізінде тауарлардың кедендік құнына енгiзілмеген болса, тауарлар бірдей деп саналмайды.
4. Егер тауарлар осы баптың талаптарына сай келсе, сыртқы түрiндегі болымсыз өзгешелiктер оларды бірдей тауарлар ретінде қараудан бас тарту үшiн негiз болып табылмайды.
5. Егер бұл тауарлар:
1) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу үшiн сатылса;
2) бағаланатын тауарлармен бір уақытта әкелінсе немесе бағаланатын тауарлар әкелінгенге дейін күнтізбелік тоқсан күннен ерте әкелінбесе;
3) шамамен сол мөлшерде және сол коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелiнсе, бірдей тауарлармен жасалатын мәміле бағасы кедендік құнды айқындау үшiн негiз ретінде алынады.
6. Егер тауарларды сол мөлшерде және сол коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелу жағдайлары болмаса, өзге мөлшерде және өзге коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелiнген бірдей тауарлардың осы айырмашылықтары есепке алынып, бағасы түзетіле отырып, құны пайдаланылуы мүмкiн.
7. Егер бірдей тауарлар үшін осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген шығыстардың құны арақашықтық пен көлiк түрлерiнiң айырмашылығы себепті бағаланатын тауарлардың мұндай шығыстарының құнынан айтарлықтай ерекшеленетін болса, бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша айқындалатын кедендік құн тиісті түрде түзетілуге тиіс.
8. Осы баптың 6 және 7-тармақтарында көзделген түзетулер дұрыс және құжаттармен расталған мәлiметтер негiзiнде жүргізілуге тиіс.
9. Егер осы әдiстi қолданған кезде бірдей тауарлар бойынша мәмiленiң бiреуден көп бағасы анықталса, онда әкелінетiн тауарлардың кедендік құнын айқындау үшiн олардың ең төменi қолданылады.
311-бап. Бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша кедендік құнды айқындау әдiсi
1. Бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша бағалау әдiсiн пайдаланған кезде, осы бапта көрсетілген шарттар сақталған кезде, тауардың кедендік құнын айқындау үшiн негiз ретiнде, әкелiнетiн тауарлармен бiртектес тауарлар бойынша мәмiле бағасы қолданылады.
2. Бiрдей болмаса да, бағаланатын тауарлардың функциясын атқаруға және коммерциялық тұрғыда өзара алмастыруға мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамасы бар және ұқсас компоненттерден тұратын тауарлар біртектес деп түсініледі.
3. Тауарлардың бiртектестiгiн айқындау кезінде олардың мынадай белгiлерi:
1) сапасы, тауар таңбасының болуы;
2) рыноктағы танымдылығы ескерiледi.
4. 2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 4-1- тармақпен толықтырылды
4-1. Егер тауарлар осы баптың талаптарына сәйкес келсе, сыртқы түрiндегі болмашы өзгешелiктер мұндай тауарларды бiртектес деп қараудан бас тарту үшін негіз болмайды.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 4-2- тармақпен толықтырылды
4-2. Егер бұл тауарлар:
1) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу үшін сатылса;
2) бағаланатын тауарлармен бiр уақытта әкелінсе немесе бағаланатын тауарлар әкелінгенге дейiн күнтізбелік тоқсан күннен ерте әкелінбесе;
3) шамамен сол мөлшерде және сол коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелiнсе, бiртектес тауарлармен жасалатын мәміленің бағасы кедендік құнды айқындау үшін негіз ретінде алынады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 4-3- тармақпен толықтырылды
4-3. Егер тауарларды сол мөлшерде және сол коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелу жағдайлары болмаса, өзге мөлшерде және өзге коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелінген біртектес тауарлардың құны осы айырмашылықтары есепке алынып, бағасы түзетіле отырып пайдаланылуы мүмкін.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 4-4- тармақпен толықтырылды
4-4. Егер, біртектес тауарлар үшін осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген шығыстардың құны, арақашықтық пен көлік түрлерінің айырмашылығына байланысты, бағаланатын тауарлардың осындай шығыстарының құнынан айтарлықтай ерекшеленетін болса, біртектес тауарлармен жасалатын мәміле бағасы бойынша айқындалатын кедендiк құн тиiстi түрде түзетiлуге тиiс.
5. Кедендiк бағалаудың осы әдiсiн пайдаланған кезде:
1) егер тауарлар бағаланатын тауарлар өндiрiлетін елде өндірілмесе, бағаланатын тауарлармен бiртектес болып саналмайды;
2) бағаланатын тауарларды өндiрушi емес, басқа тұлға өндiрген тауарлар бағаланатын тауарларды өндіруші тұлға өндірген біртектес тауарлар болмаған жағдайда назарға алынады;
3) егер тауарлардың жобалануын, оларға жасалатын тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды, олардың көркемдiк безендiрiлуiн, дизайнын, нобайлары мен сызбаларын:
сатып алушы сатушыға оны өндiруге және Қазақстан Республикасына экспортқа сатуға байланысты пайдалану үшiн тегiн немесе төмендетiлген құны бойынша берген болса;
олар Қазақстан Республикасында орындалып, соған байланысты осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағы 4) тармақшасының бесiншi абзацы негiзiнде тауарлардың кедендiк құнына енгізілмеген болса, тауарлар біртекті деп саналмайды.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 6- тармақпен толықтырылды
6. Осы баптың 4-3 және 4-4-баптарында көзделген түзетулер дұрыс және құжаттармен расталған мәлiметтер негізiнде жүргізiлуге тиіс.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 7- тармақпен толықтырылды
7. Егер осы әдiстi қолданған кезде біртектес тауарлар бойынша мәміленiң бiреуден көп бағасы анықталса, онда әкелiнетiн тауарлардың кедендiк құнын айқындау үшiн олардың ең төменгiсi қолданылады.
312-бап. Құнды шегеру негізінде кедендік құнды айқындау әдісі
1. Егер бағаланатын бірдей немесе біртектес тауарлар ең алдымен бастапқы қалпы өзгертілмей сатылатын болса, мұндай жағдайда құнды шегеру негізінде бағалау әдісі бойынша тауардың кедендік құнын айқындау жүргізіледі.
2. Тауардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде құнды шегеру әдісін пайдаланған кезде бағаланатын бірдей немесе біртектес тауарлар сатушымен өзара тәуелді болып табылмайтын тұлғаларға бағаланатын тауарлар импортымен бір уақытта ең көп жиынтық мөлшерінде сатылатын тауар бірлігінің бағасы қолданылады.
3. Бұл ретте, сату бағаланатын тауарларды әкелумен бір уақытта, ал мұндай мерзімдерде сату болмаған кезде - бағаланатын тауарлар әкелінгеннен кейін неғұрлым жақын күнде, бірақ бағаланатын тауарларды әкелген кезден бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей жүзеге асырылуға тиіс.
4. Тауар бірлігінің бағасынан:
1) төленетін немесе төлеуге келісілген комиссиялық сыйақылар немесе әкелінетін тауарлардың сол класын немесе түрін Қазақстан Республикасында сатуға байланысты пайда табу және жалпы шығыстарды жабу мақсатында есептелетін үстеме;
2) Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды әкелуге және (немесе) сатуға байланысты Қазақстан Республикасында төленуге тиісті әкелу бажы, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасы;
3) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын тасымалдауға, сақтандыруға, тиеу және түсіру жұмыстарына Қазақстан Республикасында төленетін шығыстар шегеріледі.
5. Сол кластағы немесе сондай түрдегі тауарлар дегеніміз өнеркәсіптің белгілі бір саласында өндірілген тауарлардың тобына не разрядына жататын және бірдей немесе біртектес тауарлар кіретін, бірақ олармен шектелмейтін тауарларды білдіреді.
6. Бағаланатын бірдей немесе біртектес тауарларды әкелінген кездегідей қалпында сату жағдайлары болмаған кезде, декларанттың өтініші бойынша, қосылған құнды шегере отырып және осы баптың 2-4-тармақтарының ережелері сақталған кезде, қайта өңдеуден өткен тауар бірлігінің бағасы пайдаланылуы мүмкін.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 7- тармақпен толықтырылды
7. Кеден органы шетелдiк тұлғадан кедендiк құнды растау туралы ақпаратты талап етуге құқылы емес. Бұл ретте кеден органдары тауар өндірушiнiң кедендік құнды анықтау мақсатында берген ақпаратын өндiрушiнiң келісімiмен және өндірушi елдің үкіметіне алдын ала хабарлап, оның келісімiн алған жағдайда тексере алады
313-бап. Құнды қосу негізінде кедендік құнды айқындау әдісі
Құнды қосу негізінде бағалау әдісін пайдаланған кезде тауардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде:
1) бағаланатын тауарды өндіруге байланысты дайындаушы жұмсаған материалдар мен шығындар құнын;
2) Қазақстан Республикасына беру үшін экспорт елінде өндірілген, бағаланатын тауарлармен бірдей кластағы немесе сондай түрдегі, тауарларды сату кезінде бағаға қосылатын пайда мен жалпы шығыстар сомасын;
3) осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағының 1), 2) тармақшаларында тізіп көрсетілген шығыстардың құнын қосу жолымен есептелген тауардың бағасы қолданылады.
314-бап. Кедендік құнды айқындаудың резервтік әдісі
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1- тармақ өзгертілді (бұр. ред . қара)
1. Егер кедендік құнды осы Кодекстің 309-313-баптарында көзделген әдістерді бірінен кейін бірін қолдану арқылы айқындау мүмкін болмаса, тауардың резервтік әдіс негізіндегі кедендік құны қолданылуы мүмкін.
2. Кедендік құнды айқындау үшін резервтік әдісті қолдану кезінде:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ақпараттық анықтамалықтарды;
2) статистикалық деректерді, жалпыға бірдей қабылданған комиссиялық төлемдердің, жеңілдіктердің, пайданың, көлік тарифтерінің мөлшерлерін және өзге мәліметтерді пайдалануға жол беріледі.
Бұл ретте, бағаланатын тауарлардың коммерциялық деңгейін (көтерме, бөлшек саудадағы) және (немесе) санын ескере отырып, деректерді тиісінше түзету міндетті.
3. Тауардың кедендік құнын айқындаудың резервтік әдісін пайдалану кезінде кеден органдарында бар ақпарат та пайдаланылуы мүмкін.
4. Осы баптың ережелеріне сәйкес резервтік әдіс бойынша кедендік құн:
1) экспорт елінің ішкі рыногындағы тауар бағасы;
2) кедендік мақсат үшін екі баламалы құнның неғұрлым жоғарысын пайдалануды көздейтін жүйе;
3) экспорт елінен үшінші елге берілетін тауардың бағасы;
4) тауардың Қазақстан Республикасының ішкі рыногындағы отандық тауарларға арналған бағасы;
5) тауардың еркін белгіленген немесе дұрыс расталмаған құны;
6) осы Кодекстің 313-бабында көзделмеген шығындарды есептеу негізінде айқындалатын бірдей немесе біртектес тауарлардың құны;
7) ең төменгі кедендік құн негізінде айқындалмайды.
315-бап. Тауардың кедендік құнын айқындау және бақылау тәртібі
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларант осы тарауға сәйкес мәлімдейді.
2. Тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды кеден органы жүзеге асырады. Кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде таңдалған әдісті қолданудың және мәлімделген кедендік құн құрылымының дұрыстығы айқындалады.
3. Кедендік құнның декларациясын тексеруді жүзеге асыратын кеден органы өз бастамасы, декларанттың тапсырмасы немесе өтініші бойынша аталған декларацияға мәлімделген кедендік құн туралы қандай да бір дерек жазуға, өзгерістер, толықтырулар және түзетулер енгізуге құқылы емес.