4. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режимін тауарлар экспортының кедендік режиміне өзгертуге тауарларды кеден органына нақты табыс етпестен жол беріледі.
204-бап. Көлік құралдарын тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режиміне орналастырудың ерекшеліктері
Көлік құралдарын тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режиміне орналастырудың ерекшеліктері, уақытша әкетілген көлік құралдарын пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулер, кедендік баждарды қолдану, уақытша әкетудің мерзімдері, көлік құралдарын кедендік бақылау мен кедендік ресімдеудің ерекшеліктері, сондай-ақ кедендік режимді аяқтау осы Кодекстің 33-тарауында белгіленеді.
205-бап. Уақытша әкетілген тауарлар мен көлік құралдарын қайтармау
Уақытша әкетілген тауарлар мен көлік құралдарын белгіленген мерзімдерде қайтармау:
1) тауарлар мен көлік құралдары аварияның немесе ырық бермес күш әсерінің салдарынан жойылған немесе қайтарымсыз жоғалған;
2) тауарлар мен көлік құралдары болған мемлекеттің мемлекеттік органдарының немесе лауазымды адамдарының іс-әрекеттері салдарынан иеліктен шыққан жағдайларда ғана мүмкін болады.
25-тарау. Тауарлар экспорты
206-бап. Тауарлар экспортының кедендік режимін тағайындау
Тауарлар экспорты - Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге осы аумақтан тыс жерде тұрақты болу немесе тұтынылу мақсатында тауарлар әкетілетін кедендік режим.
207-бап. Тауарларды тауарлар экспортының кедендік режиміне орналастыру жағдайлары
Тауарлар экспорты:
1) кедендік әкету баждары төленген;
2) тарифтік емес реттеу шаралары сақталған;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптар мен жағдайлар орындалған жағдайда жүзеге асырылады.
208-бап. Экспорт үшін шығару
1. Экспорт үшін шығарылған тауарлар Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге нақты әкетілуге тиіс. Бұл орайда олар тасымалдау мен сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болатын өзгерістерді қоспағанда, кедендік декларация қабылданған күнгі қалпында болуға тиіс.
2. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерге экспорттау үшін шығарылған тауарлар әкетілмеген кезде тауарларды өткізуші тұлға жауапты болады.
3. Тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету осы Кодекстің 14-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.
26-тарау. Тауарлардың кері экспорты
209-бап. Тауарлардың кері экспортының кедендік режимін тағайындау
Тауарлардың кері экспорты - бұрын Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлар кедендік әкелу баждарын және салықтарды төлеместен немесе төленген сомаларды қайтара отырып, экспорттық бақылау саласындағы шараларды қоспағанда, тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан осы аумақтан әкетілетін кедендік режим.
210-бап. Тауарларды тауарлардың кері экспортының кедендік режиміне орналастыру жағдайлары
1. Тауарлардың кері экспорты:
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1 тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) мынадай:
егер сыртқы сауда мәмілесінің шарттары керi экспортты көздеген;
тауарлар сыртқы экономикалық мәміленiң шарттарына сәйкес келмеуi себепті берушіге не ол көрсеткен өзге тұлғаға әкетілген жағдайларда, уақытша сақтау орындарындағы тауарлар белгілі бiр кедендік режимге орналастырғанға дейін әкетiлген;
2) бұрын еркін айналыс үшін тауар шығарудың кедендік режимінде ресімделген тауарлар осы Кодекстің 211-бабында көзделген жағдайларды сақтай отырып әкетілген;
3) бұрын кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеудің және еркін айналыс үшін тауарларды қайта өңдеудің кедендік режимдеріне орналастырылған, қайта өңдеу жөніндегі операцияларда болмаған шетелдік тауарлар әкетілген;
4) егер:
сыртқы сауда мәмiлесiнiң шарттары керi экспортты көздеген;
тауарлар сыртқы экономикалық мәмiленiң шарттарына сәйкес келмеуi себепті берушiге не ол көрсеткен өзге тұлғаға қайтарылған жағдайларда, бұрын кеден қоймасының, еркін қойманың, еркiн кеден аймағының кедендiк режимдерiне орналастырылған шетелдiк тауарлар әкетiлген жағдайда жүзеге асырылады.
2. 2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
3. Акцизделетін тауарлардың кері экспорты кедендік әкелу баждарын және салықтарды төлеу не кедендік алып жүру қамтамасыз етілген жағдайда жүзеге асырылады. Кедендік әкелу баждарын және салықтарды төлеудің қамтамасыз етілуін қайтару тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге нақты әкетілуі расталғаннан кейін жүзеге асырылады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 4 тармақпен толықтырылды
4. Осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар сақталған кезде тауарлардың кері экспортының кедендік режиміне тауарларды орналастыруға, егер әкелінген тауарлардың бір бөлігі ғана кері әкетілген жағдайда да, жол беріледі.
211-бап. Тауарлардың кері экспортының кедендік режимін еркін айналыс үшін шығарылған тауарларға қолдану
1. Еркін айналыс үшін шығарылған тауарларға қатысты тауарлардың кері экспортына, егер алушы тауарларды алған кезде оларда ақаулардың болғаны не олардың өзгедей түрде сыртқы экономикалық мәміле жағдайларына сәйкес келмегені және осы себептер бойынша тауарлар жеткізушіге не ол көрсеткен өзге тұлғаға мынадай жағдайларды:
1) тауарларды әкету олар еркін айналыс үшін шығарылған күннен бастап алты ай ішінде жүзеге асырылатын;
2) тауарларды кеден органдары бірдейлендіре алатын;
3) тауарларды пайдалану ақауларды немесе тауарларды қайтаруға әкеп соққан өзге де мән-жайларды анықтау үшін қажетті жағдайларды қоспағанда, тауарлар Қазақстан Республикасында пайдаланылмаған жағдайларды сақтай отырып қайтарылғаны анықталса жол беріледі.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді
2. Тауарлардың кері экспорты кезінде осы баптың 1-тармағына сәйкес кедендік баждардың және салықтардың төленген сомаларын қайтару жүргізіледі.
Әкелінген тауарлар легінің бір бөлігін тауарлардың кері экспортының кедендік режиміне орналастыру кезінде төленген сомалардың қайтарылуы осы бөліктің әкелінген тауарлар легіне сандық арақатынасы бойынша жүргізіледі
27-тарау. Тауарлар транзиті
212-бап. Тауарлар транзитінің кедендік режимін тағайындау
Тауарлардың транзиті дегеніміз:
1) шетелдік тауарлар Қазақстан Республикасының кедендік аумағы бойынша кедендік бақылаумен олардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағына келген жері мен олардың осы аумақтан әкетілген жерінің арасында тауарлардың қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды және экспорттық бақылау саласындағы шараларды қоспағанда, тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан, кедендік баждарды және салықтарды төлеместен өткізілетін;
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2 тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) қазақстандық тауарлар шет мемлекеттің аумағы бойынша олардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкетілген жері мен олардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағына келген жерінің арасында, кедендік баждарды төлеместен және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан өткізілетін кедендік режим.
213-бап. Тауарларды тауарлар транзитінің кедендік режиміне орналастыру жағдайлары
1. Тауарлар транзитінің кедендік режиміне кез-келген тауарлар:
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1 тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) осы тауарлар Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге тыйым салынған тауарлар тізбесіне енгізілмеген;
2) егер Қазақстан Республикасының Үкіметі транзиттің жолдары мен бағыттарын белгілеген болса, тауарлар олар бойынша тасымалданатын;
3) тауарлар көлік құралының, белгіленген маршруттың мүмкіндіктерін және тасымалдаудың басқа жағдайларын негізге ала отырып, бірақ бір айға екі мың шақырым деп есептелген шекті мерзімнен аспайтын, кеден органы әдеттегі жеткізу мерзімдеріне сәйкес белгілеген мерзімде тасымалданған;
4) тасымалдау мен сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, тауарлар өзгеріссіз қалпында жеткізілген жағдайда орналастырылуы мүмкін.
2. Шетелдік тауарлардың Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайтын тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы транзитіне кедендік баждарды және салықтарды төлеу қамтамасыз етілген жағдайда жол беріледі.
214-бап. Қазақстан Республикасының кедендік аумағы бойынша транзит
Шетелдік тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы транзитінің тәртібі осы тарауда белгіленген ережелерді ескере отырып, осы Кодекстің 12-тарауына сәйкес белгіленеді.
215-бап. Қайта тиеу және тауарлар транзитінің кедендік режиміне сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік аумағы бойынша өткізілетін тауарлармен өзге де операциялар
1. Осы бапта белгіленген жағдайларда және тәртіппен транзиттік тауарлармен мынадай операцияларды жасауға жол беріледі:
1) бір көлік құралынан екінші көлік құралына қайта тиеу;
2) түсіру және кедендік бақылаумен қоймаға уақытша қою.
2. Транзиттік тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралы бұзылған кезде ондай тауарларды түсіруге және Қазақстан Республикасының кедендік аумағындағы қоймада уақытша сақтауға жол беріледі.
Транзиттік тауарларды қоймада уақытша сақтау кеден органы құрған уақытша сақтау қоймасында, ал ол болмаған жағдайда, осы Кодексте белгіленген тауарларды уақытша сақтауға қойылатын жағдайлар мен талаптарды сақтай отырып, өзге де уақытша сақтау орындарында жүзеге асырылады.
Транзиттік тауарларды уақытша қоймада сақтау мерзімін тасымалдаушы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті, бірақ тауарларды уақытша сақтаудың шекті мерзімінен аспайтын уақытты негізге ала отырып белгілейді.
Қызметі аймағында транзиттік тауарларды уақытша сақтау жүзеге асырылатын кеден органы жөнелтуші және межелі кеден органдарын тауарларды жеткізу мерзімін ұзарту мақсатында көлік құралының бұзылу жайлары туралы хабардар етеді.
3. Транзиттік тауарлардың жойылуына, жоғалуына немесе елеулі түрде бүлінуіне нақты қауіп туындаған және транзиттік тауарлармен операциялар жасау кезінде белгіленген талаптарды сақтау мүмкіндігі болмаған жағдайда тасымалдаушы өз қалауы бойынша қажетті іс-әрекеттерді:
1) тауарлардың сақталуын қамтамасыз етуге қажетті шаралар қолданылған және оларды заңсыз пайдалануға жол берілмеген;
2) жақын орналасқан кеден органына транзиттік тауарларды тасымалдаудың тоқтатылуының мән-жайлары туралы дереу хабарланған жағдайда жүргізуге құқылы.
4. Қазақстандық тауарларды шет мемлекеттің аумағы арқылы тауарлар транзитінің кедендік режиміне сәйкес тасымалдау аумағы арқылы транзит жүргізілетін мемлекеттің заңдарына сәйкес, транзит мерзімдері мен транзиттік тауарлардың жай-күйін өзгертпеу жағдайлары сақтала отырып жүзеге асырылады.
216-бап. Тауарлар транзитінің кедендік режимінің аяқталуы
Тауарлар транзитінің кедендік режимі:
1) шетелдік тауарлардың Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге әкетілуімен не қазақстандық тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінуімен;
2) тауарларды:
егер тасымалдаушы транзиттік тауарларды одан әрі өткізуге мүмкіндік бермейтін не тиімсіз ететін аварияның немесе ырық бермес күш әсерінің салдарынан тауарларды транзиттеудің кедендік режимінің шарттары мен талаптарының орындалуын қамтамасыз ете алмаған;
транзиттік тауарлардың меншік иелері болып табылатын тұлғалар өз ниеттерін өзгерткен жағдайда өзге кедендік режимдерге орналастыруымен аяқталады.
217-бап. Тауарлар транзитінің кедендік режимін қолданудың ерекшеліктері
Тауарлар транзитінің кедендік режимін қолданудың ерекшеліктерін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
218-бап. Халықаралық почта жөнелтімдерінің транзиті
Қазақстан Республикасының кедендік аумағы бойынша транзитпен өткізілетін халықаралық почта жөнелтімдерін кедендік ресімдеу жүргізілмейді.
219-бап. Құбыр тасымалы мен электр беру желілері бойынша өтетін тауарлардың транзиті
Құбыр тасымалы мен электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарлардың транзитін кедендік ресімдеу кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін оңайлатылған тәртіппен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасында белгіленген нормалар мен стандарттарға сәйкес тауарлар тасымалдаудың технологиялық ерекшеліктеріне және өзіндік сипаттамаларына орай Қазақстан Республикасының кедендік аумағы бойынша құбыр тасымалымен өтетін транзиттік тауарлардың жай-күйінің өзгеруіне жол беріледі.
28-тарау. Тауарларды жою
220-бап. Тауарларды жоюдың кедендік режимін тағайындау
Тауарларды жою - кедендік баждарды және салықтарды төлеместен, сондай-ақ тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан шетелдік тауарлар кедендік бақылаумен жойылатын, оның ішінде пайдалану үшін жарамсыз қалыпқа келтірілетін кедендік режим.
221-бап. Тауарларды тауарлар жоюдың кедендік режиміне орналастыру жағдайлары
1. Тауарларды тауарлар жоюдың кедендік режиміне орналастыруға уәкілетті мемлекеттік органның жою тәсілі мен орны көрсетілетін жою мүмкіндігі туралы қорытындысының негізінде жол беріледі.
2. Тауарларды жоюдың кедендік режиміне:
1) пайдалануға жарамсыз деп танылған дәрілік заттар мен тамақ өнімдерін, сондай-ақ адамның денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін бұйымдарды қоспағанда, бұйымдар және (немесе) материалдар ретінде пайдаланылуы мүмкін тауарларды;
2) мәдени, археологиялық, тарихи құндылықтарды;
3) індеттер мен эпизоотиялардың және карантиндік объектілердің таралу жолын кесу мақсатымен оларды жою талап етілетін жағдайларды қоспағанда, жойылып кету қаупіндегі жануарлар мен өсімдіктер түрлерін, олардың бөлшектері мен дериваттарын;
4) кепілдік қатынастар тоқтатылғанға дейін кеден органдары кепілдік зат ретінде қабылдаған тауарлар мен көлік құралдарын;
5) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес алып қойылған тауарларды немесе тыйым салынған тауарларды, оның ішінде заттай дәлелдемелер болып табылатын тауарларды орналастыруға жол берілмейді.
3. Тауарларды жою аталған кедендік режимді мәлімдеген тұлғаның есебінен жүзеге асырылады әрі Қазақстан Республикасының кеден және өзге де мемлекеттік органдары үшін қандай да бір шығыстар келтірмеуі тиіс.
4. Егер тауарларды жоюдың кедендік режиміне мәлімделген тауарлар экономикалық тиімді тәсілмен бастапқы жай-күйіне келтірілуі мүмкін болмаса, жоюға жол беріледі.
5. Кеден қоймасында сақталатын тауарларға қатысты тауарларды жоюдың кедендік режимін кеден қоймасына тауарлар өткізген тұлғаның келісімі бойынша кеден қоймасының иесі мәлімдеуі мүмкін.
222-бап. Тауарларды жою мерзімдері
Тауарларды жою тәсілін және оны жүргізу орнын негізге ала отырып, тауарларды іс жүзінде жою үшін кеден органы белгілейтін мерзімдерде тауарлар кедендік бақылаумен жойылады.
223-бап. Тауарларды жою тәртібі
1. Тауарларды жою:
1) нәтижесінде тауарлар толығымен жойылатын термиялық, химиялық, механикалық не өзге де ықпал ету (өртеу, бұзу, көму және тағы басқа) жолымен жою. Тауарды жою тәсілі оларды мақсаты бойынша пайдалану үшін қалпына келтіру, бастапқы жай-күйіне келтіру мүмкіндіктерін болдырмауды қамтамасыз етуге тиіс;
2) мұндай бүлдірулер тауарларды кейіннен қалпына келтіруді және оларды пайдалану мүмкіндігін болдырмау шартымен, тесіп тастауды, жарықтар салуды, өзге де тәсілдермен бүлдіруді қоса алғанда, бөлшектеу, бұзу, механикалық бүлдіру жолымен жүргізіледі.
2. Сақтаудың ерекше жағдайларын талап ететін, технологиялық себептерге байланысты сақталу орындарынан алынуы және пайдаланылуы мүмкін болмайтын тауарларды жою тиісті уәкілетті мемлекеттік органның тауарларды сақталу орындарынан алудың және оларды одан әрі пайдаланудың мүмкін еместігі туралы қорытындысы негізінде жүргізілген болып саналады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтар оларды одан әрі пайдалану мүмкін болатын жағдайда кедендік бақылаудағы шетел тауарлары ретінде тиісті кедендік режимге орналастырылуы тиіс.
4. Тауарларды жою тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
224-бап. Тауарларды жоюдың кедендік режимін аяқтау
Тауарларды жоюдың кедендік режимі тауарларды іс жүзінде жоюмен аяқталады.
29-тарау. Тауардан мемлекет пайдасына бас тарту
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 225- бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
225-бап. Тауардан мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимін тағайындау
Тауардан мемлекет пайдасына бас тарту - тауарлардың қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды қоспағанда, шетелдік тауарлар кедендік төлемдердi, салықтарды төлеместен және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан мемлекет меншігіне өтеусіз берілетін кедендік режим.
226-бап. Тауарларды тауардан мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режиміне орналастыру жағдайлары
1. Тауардан мемлекет пайдасына бас тарту кеден органдары үшін қандай да бір шығыс келтірмеуге тиіс.
2. Тауардан мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режиміне:
1) қару-жарақты, олардың оқ-дәрілерін, әскери техниканы, қосалқы бөлшектерді, жинақтаушы бұйымдар мен олардың құралдарын;
2) әскерилендірілген ұйымдар жеке құрамының арнайы жабдықтарын және оларды өндіру мен пайдалануға арналған нормативтік-техникалық өнімдерін;
3) жарылғыш заттарды, жару құралдарын;
4) зымырандық-ғарыштық кешендерді, әскери мақсаттағы байланыс пен басқару жүйелерін және оларды өндіру мен пайдалануға арналған нормативтік-техникалық құжаттамасын;
5) зымырандық отынның барлық түрлерін, сондай-ақ олардың өндірісі үшін арнайы материалдар мен арнайы жабдықтарды;
6) әскери уландырғыш заттарды, олардан қорғану құралдарын және оларды өндіру мен пайдалануға арналған нормативтік-техникалық құжаттамасын;
7) уранды, басқа да ыдырайтын материалдар мен олардан жасалған бұйымдарды;
8) қару-жарақ пен әскери техника жасау жөніндегі ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарының, сондай-ақ іргелі іздестірушілік зерттеулер нәтижелерін;
9) шифрлау техникасын және оларды өндіру мен пайдалануға арналған нормативтік-техникалық құжаттамасын;
10) есірткі құралдарын, психотроптық, күшті әсер ететін, улы заттарды, сондай-ақ прекурсорларды;
11) радиоактивті материалдардың қалдықтарын;
12) жарылғыш заттардың қалдықтарын;
13) өнеркәсіп қалдықтарын;
14) энергияның электрлік, жылулық және өзге де түрлерін;
15) тұтыну мерзімі өткен тауарларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейтін тауарларды орналастыруға жол берілмейді.
227-бап. Тауардан мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимінің аяқталуы
1. Тауардан мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимі осы Кодекспен айқындалған тәртіппен және жағдайларда кедендік ресімдеумен аяқталады, бұл ретте кедендік ресімдеу аяқталғаннан кейін көрсетілген кедендік режимді өзгертуге жол берілмейді.
2. Тауардан мемлекет пайдасына бас тарту кедендік режимге орналастырылған тауарларды кедендік ресімдеу аяқталғаннан кейін мұндай тауарлар осы Кодекстің 64-тарауына сәйкес мемлекеттік меншікке айналады.
228-бап. 2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
30-тарау. Еркін кеден аймағы
229-бап. Еркін кеден аймағының кедендік режимін тағайындау
Еркін кеден аймағы - бұл тауарлардың қауіпсіздігі жөніндегі талаптардан басқа, импортталатын тауарлардан акциз алуды қоспағанда, кедендік баждар, салықтар алынбастан, тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан шетелдік және қазақстандық тауарлар арнайы экономикалық аймақтың тиісті аумақтық шекараларында орналасатын және пайдаланылатын кедендік режим.
230-бап. Еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастыруға рұқсат етілетін тауарлар
Арнайы экономикалық аймақ құру мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті тауарларды, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы экономикалық аймақ аумағына еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастыруға рұқсат етіледі.
Арнайы экономикалық аймақ құру мақсатына қол жеткізу үшін қажетті тауарлардың тізбесі Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес бекітілетін арнайы экономикалық аймақ туралы ережемен белгіленеді.
231-бап. Еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлармен жүргізілетін операциялар
Еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлармен операциялар арнайы экономикалық аймақ туралы ережемен белгіленген тізбе бойынша жасалады.
232-бап. Тауарлардың еркін кеден аймағының кедендік режимінде болу мерзімі
Арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеген жағдайда тауарлар мерзімдері шектелместен еркін кеден аймағының кедендік режимінде бола алады.
Арнайы экономикалық аймақ таратылған жағдайда, қайта өңдеу жөніндегі операциялар жүргізілген және арнайы экономикалық аймақ құру мақсатына жету үшін пайдаланылған тауарларды қоспағанда, бұрын еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлар Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалған арнайы экономикалық аймақты тарату рәсімдерін жүзеге асыру мерзімі ішінде өзге кедендік режимге мәлімделуге тиіс.
233-бап. Арнайы экономикалық аймақтарда Қазақстан Республикасының кеден заңдарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
Кеден органдары арнайы экономикалық аймақ аумағындағы еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарларды кедендік бақылауды жүзеге асырады.
234-бап. Арнайы экономикалық аймақтардағы тауарлардың есебін жүргізу
Арнайы экономикалық аймақтарда қызметін жүзеге асыратын тұлғалар еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлардың және олармен жүргізілген операциялардың есебін жүргізеді және кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен кеден органдарына олар туралы есептеме ұсынады.
235-бап. Кедендік баждар, салықтар алу және тарифтік емес реттеу шараларын қолдану
1. Шетелдік тауарларды еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастыру кезінде импортталатын тауарлардан акциз алуды қоспағанда, кедендік баждар және салықтар алынбайды және тауарлар қауіпсіздігі жөніндегі талаптардан басқа, тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды. Көрсетілген тауарларды арнайы экономикалық аймақтың аумағынан Қазақстан Республикасының кеден аумағының қалған бөлігіне әкету кезінде мәлімделген кедендік режимнің шарттарына сәйкес кедендік баждар және салықтар алынады және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылады.
2. Еркін кеден аймағының кедендік режимінің шарттары мен талаптарын сақтай отырып, қазақстандық тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағының қалған бөлігінен арнайы экономикалық аймақтың аумағына әкелу, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың аумағынан Қазақстан Республикасының қалған кедендік аумағының бір бөлігіне әкету кезінде кедендік баждар және салықтар алынбайды және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды. Көрсетілген тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерге әкету таңдалған кедендік режимнің шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Арнайы экономикалық аймақтың аумағына еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылатын тауарлар кедендік төлемдер және салықтар алу мақсатында Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс орналасқан деп қарастырылады.
4. Тауарлардың арнайы экономикалық аймақтың аумағынан шығуы тауардың шыққан жері туралы сертификатпен расталады. Көрсетілген сертификат болмаған жағдайда, тауар:
1) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге әкету кезінде кедендік әкету баждарын алу және тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мақсатында - қазақстандық тауар ретінде;
2) Қазақстан Республикасының кедендік аумағының қалған бөлігіне әкелу кезінде кедендік әкелу баждарын және салықтарды алу, сондай-ақ тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мақсатында - шетелдік тауар ретінде қаралады.
236-бап. Еркін кеден аймағының кедендік режиміне тауарларды кедендік ресімдеудің ерекшеліктері
1. Арнайы экономикалық аймақтың аумағына әкелінетін және еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылатын тауарлар, сондай-ақ өздеріне қатысты еркін кеден аймағының кедендік режимі өзгертілетін тауарлар кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен кедендік ресімдеуге жатады.
2. Еркін кеден аймағының кедендік режимі өзге кедендік режимге өзгертілген жағдайда шетелдік тауарларды кедендік ресімдеу, тарифтік емес реттеу шараларын қолдану, кедендік баждарды және салықтарды төлеу таңдалған кедендік режимнің шарттары мен талаптарына сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте қолданылатын (пайдаланылатын) тауарларға қатысты тауарлардың кедендік құны Қазақстан Республикасының салық заңдарымен белгіленген қолдану (пайдалану) уақыты ішіндегі амортизация нормаларын ескере отырып, еркін кеден аймағының кедендік режиміне сәйкес айқындалады.
237-бап. Еркін кеден аймағының кедендік режимінің аяқталуы
Еркін кеден аймағының кедендік режимі:
1) тауарларды өзге кедендік режимде кедендік ресімдеумен;
2) тауарлармен қайта өңдеу жөніндегі операциялар жасалған және алынған тауарлар арнайы экономикалық аймақ құру мақсатына қол жеткізу үшін пайдаланылған жағдайда аяқталады.
31-тарау. Еркін қойма
238-бап. Еркін қойманың кедендік режимін тағайындау
Еркін қойма - бұл тауарлар қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды қоспағанда, шетелдік және қазақстандық тауарлар еркін қойма ретінде танылған тиісті үй-жайларда (орындарда) кедендік баждар, салықтар алынбастан және тарифтік емес реттеу шаралары қолданбастан орналасатын және пайдаланылатын кедендік режим.
239-бап. Еркін қоймаға орналастыруға жол берілетін тауарлар
Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген тауарларды қоспағанда, қайта өңдеуге арналған тауарларды, сондай-ақ олардың көмегімен тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар жүзеге асырылатын тауарларды еркін қойманың кедендік режиміне орналастыруға жол беріледі.
240-бап. Еркін қоймалардағы тауарлармен жүргізілетін операциялар
1. Еркін қоймаларда мынадай операциялар жасауға жол беріледі:
1) бұл тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша - тазалау, желдету, кептіру (оның ішінде жылу ағынын келтірумен), сақтаудың қолайлы температуралық режимін жасау (суыту, мұздату, жылыту), қорғайтын орамаға орналастыру, қорғаныш майын және консерванттар жағу, коррозияға қарсы жабылғы жасау, сақтандырғыш заттарды енгізу;