Қазақстан Республикасының Үкіметі тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің кедендік режиміне орналастыруға тыйым салынатын тауарлардың қосымша тізбесін белгілеуге құқылы.
183-бап. Кедендік баждарды және салықтарды қолдану
Егер қайта өңдеудің мақсаты әкетілген тауарларды кепілді (өтеусіз) жөндеу болса, кедендік баждарды және салықтарды төлеуден толық босату қайта өңдеу өнімдеріне қатысты беріледі.
Кедендік баждарды және салықтарды төлеуден ішінара босату әкетілген тауардың өтеулі жөндеуі кезінде немесе қайта өңдеу бойынша өзге де операцияларды жүзеге асыру кезінде беріледі.
Есеп-қисап кезінде кедендік баждардың және салықтардың адвалорлық ставкалары қолданылған жағдайда әкелінген қайта өңдеу өнімдері бойынша кедендік құнды айқындау үшін негіз ретінде тауарларды қайта өңдеу (жөндеу) жөніндегі операциялардың құны алынады.
Кедендік баждардың және салықтардың арнайы ставкаларын қолдану кезінде тауарларды қайта өңдеу (жөндеу) жөніндегі операциялардың құнына барабар болатын өлшеу бірліктерінде көрінетін қайта өңдеу өнімдерінің мөлшері есеп-қисап үшін негіздеме болып табылады.
Кедендік баждардың және салықтардың сомасы қайта өңдеу өнімдеріне қолданылатын кедендік баждардың және салықтардың ставкаларын негізге ала отырып айқындалады.
184-бап. Әкетілімдік кедендік баждарды төлеуді қамтамасыз етудің қолданылуын тоқтату
1. Осы Кодекс ережелері сақталған жағдайда қайта өңдеу өнімдерін Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелу кезінде кедендік баждарды және салықтарды қамтамасыз ету өз қолданылуын тоқтатады.
2. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына қайта өңдеу өнімдері қайтарылмаған кезде әкетілімдік кедендік баждар белгіленген тәртіппен алынады.
185-бап. Тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кезіндегі кедендік бақылаудың ерекшеліктері
1. Тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің кедендік режимін қолдануға кедендік бақылауды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу үшін тауарларды әкетудің кедендік ресімдеуін жүзеге асырған кеден органы жүргізеді.
2. Кедендік аумақтан тыс кедендік қайта өңдеу режиміне тауарларды орналастырған тұлға қайта өңдеу мерзімінің аяқталуынан бастап күнтізбелік жиырма күннің ішінде кеден органына Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеудің кедендік режимін қолдану туралы толық есептілікті кедендік жүк декларацияларының көшірмелерімен бірге табыс етуге міндетті. Есептіліктің нысанын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
186-бап. Қайта өңдеу үшін әкетілген тауарларды не қайта өңдеу өнімдерін қайтармау
Қайта өңдеу үшін әкетілген тауарларды не қайта өңдеу өнімдерін белгіленген мерзімдерде қайтармау мынадай жағдайларда:
1) аварияның немесе ырық бермес күш әсерінің салдарынан тауарлар не қайта өңдеу өнімдері жойылғанда немесе қайтарымсыз жоғалғанда;
2) тасымалдау мен сақтаудың қалыпты жағдайларында табиғи тозуға немесе табиғи кемуге байланысты жетіспегенде;
3) шет мемлекеттің мемлекеттік органдарының немесе лауазымды адамдарының іс-әрекеттері салдарынан иеліктен шыққанда ғана мүмкін болады.
187-бап. Тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің кедендік режимін аяқтау
1. Қайта өңдеу өнімдері осы Кодекстің 176-бабына сәйкес белгіленген тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу мерзімінің аяқталу күнінен кешіктірілмей Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінуге немесе тауарлар экспортының кедендік режиміне орналастырылуға тиіс. Кедендік ресімдеу тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
2. Тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің кедендік режимін өзгертуге тауарларды немесе қайта өңдеу өнімдерін кеден органына нақты табыс етпестен жол беріледі.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3 тармақпен толықтырылды
3. Қайта өңделмеген тауарлардың қалдықтары мен қайта өңдеу нәтижесiнде пайда болған қоқыстары керi әкетiлуге не экспорттың кедендiк режиміне орналастырылуға жатады.
23-тарау. Тауарлар мен көлік құралдарын
уақытша әкелу
188-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режимін тағайындау
Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелу - шетелдік тауарлар мен көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік аумағында, тауарлар қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды қоспағанда, тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан, кедендік әкелу баждарын және салықтарды төлеуден толық немесе ішінара босатыла отырып пайдаланылатын, тауарлар мен көлік құралдары кейіннен Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетілетін кездегі кедендік режим.
189-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режиміне тауарлар мен көлік құралдарын орналастыру талаптары
1. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режиміне тауарлар мен көлік құралдары:
1) тауарлар мен көлік құралдарын бірдейлендіру қамтамасыз етілген;
2) кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін нысан бойынша тауарлар мен көлік құралдарын белгіленген мерзімдерде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге әкету туралы міндеттеме берілген;
3) осы Кодекстің 191-бабына сәйкес кедендік баждар және салықтар төленген жағдайларда орналастырылады.
2. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режиміне:
1) жекелеген даналарын жарнама және (немесе) көрсету мақсатында уақытша әкелуді қоспағанда, қосалқы бөлшектер мен жинақтаушы заттарды (олар уақытша әкелінген көлік құралдарына арналмаған жағдайда), шығыс материалдарын және үлгілерді, шикізатты, жартылай фабрикаттарды;
2) жекелеген даналарын жарнама және (немесе) көрсету мақсатында уақытша әкелуді қоспағанда, алкоголь, темекі өнімдерін қоса алғанда, тамақ өнімдерін, сусындарды;
3) өндіріс қалдықтарын;
4) Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған тауарларды орналастыруға жол берілмейді.
190-бап. Уақытша әкелінген тауарларды пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулер
1. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режимі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасының кедендік аумағында уақытша әкелінген тауарды басқа тұлғаға пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын беруге не иеліктен шығаруға бұл тұлға кедендік режимді мәлімдеген тұлғаның міндеттемелерін өзіне қабылдаған жағдайда жол беріледі.
2. Уақытша әкелінген тауарлар, тасудың (тасымалдаудың), сақтаудың немесе пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайларында табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан өзгеруін қоспағанда, өзгеріссіз қалпында қалуға тиіс. Тауарларды кері әкету кезінде кеден органы оларды бірдейлендіруді қамтамасыз еткен жағдайда, ұсақ жөндеу операцияларын, техникалық қызмет көрсетуді және тауарларды қалыпты жағдайда ұстау үшін қажетті басқа да операцияларды қоса алғанда, олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті операцияларды жасауға жол беріледі.
191-бап. Тауарларды уақытша әкелу кезінде кедендік баждарды және салықтарды қолдану
1. Кедендік баждар және салықтар төлеуден толық босатыла отырып уақытша әкелінетін тауарлардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге енгізілген лизинг нысаналары Қазақстан Республикасының қаржы лизингі туралы заңдарының талаптары сақталған жағдайда кедендік баждарды және салықтарды төлеуден толық босатылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген тізбелерге енгізілмеген тауарларға қатысты кедендік баждарды және салықтарды төлеуден ішінара босату қолданылады. Тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағында болуының әрбір толық және толық емес күнтізбелік айы үшін кедендік баждарды және салықтарды төлеуден ішінара босату кезінде тауарлар еркін айналыс үшін шығарылғандағы төленуге тиіс соманың үш проценті төленеді.
4. Ішінара босату кезінде төлеуге жататын кедендік баждардың және салықтардың сомасын есептеу кеден декларациясын тіркеу күніне орайлас келісім-шарт валютасымен жүргізіледі. Кедендік баждардың және салықтардың сомасын төлеу кезеңділігін декларант белгілейді. Бұл ретте кедендік баждар және салықтар сомасын төлеудің нақты мерзімдері бұл соманы төлеудің тиісті кезеңі басталғанға дейін жүргізілуге тиіс екендігіне орай белгіленеді.
5. Уақытша әкелінген тауарлар еркін айналыс үшін тауарлар шығарудың кедендік режиміне орналастырылған жағдайда кедендік баждарды және салықтарды төлеуден ішінара босату кезінде төленген кедендік баждардың және салықтардың сомасы еркін айналыс үшін тауарлар шығарудың кедендік режиміне сәйкес төленуге жататын кедендік баждардың және салықтардың сомасына есепке жатқызылады.
6. Осы Кодекстің 190-бабының 1-тармағында көзделген жағдайда осы баптың 3-тармағына сәйкес төленген кедендік баждардың және салықтардың сомасын уақытша әкелінген тауарларға қатысты құқықтық мирасқор болып табылатын тұлға төлеген болып саналады.
7. Кедендік баждарды және салықтарды төлеуден ішінара босата отырып, тауарларды уақытша әкелу кезінде алынатын кедендік баждардың және салықтардың жалпы сомасы тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режиміне орналастырған кезде тауарлар еркін айналыс үшін шығарылғандағы төленуге тиіс кедендік баждардың және салықтардың сомасынан аспауға тиіс.
8. Тауарларды өзге кедендік режимдерге орналастырған жағдайда кедендік баждарды және салықтарды төлеуден ішінара босату кезінде төленген кедендік баждардың және салықтардың сомасы қайтарылуға жатпайды.
192-бап. Тауарларды уақытша әкелу мерзімдері
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Тауарды уақытша әкелу мерзімдерін декларант мұндай әкелудің мақсаттары мен мән-жайларына сәйкес белгілейді, бірақ оны осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды уақытша әкелудiң кедендiк режимiне орналастыру күнінен бастап үш жылдан асыруға болмайды.
Декларанттың дәлелді өтініші бойынша тауарларды уақытша әкелу мерзімдерін кеден органы ұзартуы мүмкін. Декларант тауарларды уақытша әкелу мерзімдерін ұзарту туралы мәселені шешу үшін аталған мерзімдердің аяқталуына дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей кеден органына растаушы құжаттарын қоса тіркеп, мұндай ұзартудың қажеттілігі туралы өтініш табыс етеді. Тауарларды уақытша әкелу мерзiмiн ұзарту туралы өтінiшті қарау мерзiмi өтініш алынған күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиiс
Тауарларды уақытша әкелудің мерзімдерін ұзарту кезінде кедендік ресімдеу үшін кедендік алымдар алынбайды, кедендік декларация берілмейді.
2. Осы Кодекстің 190-бабының 1-тармағында көзделген жағдайда уақытша әкелу мерзімі Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауарларды нақты әкелу кезінен бастап есептеледі. Уақытша әкелу мерзімдерін үш жылдан аса уақытқа өзгерту осы баптың 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы Кодекстің 191-бабында аталған тізбеге енгізілген лизинг нысаналары үшін тауарларды уақытша әкелу мерзімдері лизинг шартының талаптарына сәйкес белгіленеді. Аталған лизинг нысаналары үшін уақытша әкелу мерзімдерін кеден органдары Қазақстан Республикасының қаржы лизингі туралы заңдарының талаптары сақталған жағдайда лизинг шартына ұсынылып, енгізілген өзгерістер негізінде лизинг нысанасын уақытша әкелген тұлға жүгінген жағдайда өзгертеді.
4. Шетелдік дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктердің, сондай-ақ бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, олардың қызметкерлерінің ресми және жеке пайдалануы үшін әкелінетін тауарларды олардың Қазақстан Республикасында аккредиттелуінің бүкіл мерзіміне Қазақстан Республикасына уақытша әкелуге жол беріледі.
193-бап. Уақытша әкелінген тауарларды кедендік бақылаудың ерекшеліктері
1. Уақытша әкелінген тауарларды кедендік бақылауды уақытша әкелінген тауарлардың кедендік ресімделуін жүргізген кеден органы жүзеге асырады.
2. Уақытша әкелінген тауарларды уақытша әкелінген тауарлардың кедендік ресімделуін жүзеге асырған кеден органы қызметінің аймағынан басқа кеден органы қызметінің аймағына үш айға және одан астам мерзімге өткізу жағдайында тауарды уақытша әкелген тұлға уақытша әкелінген тауарлардың кедендік ресімделуін жүзеге асырған кеден органын басқа кеден органы қызметінің аймағына оны әкету ниеті туралы хабардар етуге тиіс.
Хабарлама тауарлардың межелі орнын және уақытша әкелінген тауарлардың кедендік ресімделуін жүзеге асырған кеден органының қызмет аймағынан тыс жерде орналасу мерзімін көрсете отырып еркін нысанда жазбаша жүргізіледі. Ұқсас хабарлама өз қызметі аймағына уақытша әкелінген тауарлардың өткізілуі жүргізілетін кеден органына беріледі.
3. Тауарлар Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге кері әкетілген жағдайда уақытша әкелінген тауарлардың кедендік ресімделуін жүзеге асырған кеден органының қызмет аймағынан тыс кедендік ресімдеу уақытша әкелінген тауарларды кедендік бақылауды жүзеге асырған кеден органының уақытша әкелінген тауарларға қатысты кедендік баждар және салықтар бойынша берешегі жоқтығы туралы растауы болған жағдайда жүргізіледі.
Тауарларды кедендік ресімдеу аяқталғаннан кейін және оларды Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге нақты әкеткеннен кейін кедендік ресімдеуді жүзеге асырушы кеден органы уақытша әкелінген тауарлардың кедендік ресімделуін жүзеге асырған кеден органын бұл туралы хабардар етеді.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Осы Кодекстің 190-бабының 1-тармағында көзделген жағдайда жаңа кедендік декларацияны ресімдеуді ресімдеу кезінде қызметі аймағына тауарлар орналасқан кеден органында, уақытша әкелінген тауарларға қатысты құқықтық мирасқор болып табылатын тұлға жүргізеді. Уақытша әкелінген тауарларды кедендік ресімдеуді жүзеге асырған кеден органының уақытша әкелінген тауарларға қатысты кедендік баждар және салықтар бойынша берешегі жоқтығы туралы растауы мұндай ресімдеудің міндетті шарты болып табылады.
Жаңа кедендік декларация уақытша әкелінген тауарды пайдалану және (немесе) оған билiк ету не иеліктен шығару құқықтары берiлген күннен бастап күнтiзбелік он бес күннен кешіктірiлмей берiледi.
Жаңа кедендік декларацияны ресімдеу жүргізілген кеден органы уақытша әкелінген тауарларды кедендік ресімдеуді жүзеге асырған кеден органына оның көшірмесін бақылаудан алып тастау үшін жібереді және одан кейін мұндай бақылауды өз бетімен жүзеге асырады.
194-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режимін қолдануды аяқтау және тоқтата тұру
1. Декларант белгілеген тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелу мерзімінің өтуінен кешіктірмей тауарлар мен көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс әкетілуге не осы Кодекске сәйкес өзге кедендік режимге мәлімделуге тиіс. Уақытша әкелінген тауарлар мен көлік құралдарының кері әкетілуі не бір немесе бірнеше лекпен өзге кедендік режимге мәлімделуі мүмкін.
2. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режимі уақытша әкелінген тауарларды әкету жолымен аяқталған жағдайда, уақытша әкелінген тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге нақты әкетілгенін растайтын тауарларды жеткізуді бақылау құжаты мұндай аяқтауды растау болып табылады.
3. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режимі еркін айналыc үшін тауарларды шығарудың кедендік режиміне тауарларды орналастырумен аяқталуы мүмкін. Бұл ретте кедендік баждардың және салықтардың сомасын есептеу келісім-шарт валютасында жүргізіледі. Еркін айналыс үшін тауарларды шығару кезінде тауарларды уақытша әкелудің кедендік режиміне тауарлар мәлімделген күнгі тауарлардың кедендік құны мен саны, ал кедендік баждардың және салықтардың ставкалары - еркін айналыс үшін тауарларды шығарудың кедендік режимінің талаптарына сәйкес кедендік декларацияны тіркеу күніне қолданылады.
4. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режимінің қолданылуы:
1) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес уақытша әкелінген тауарлар мен көлік құралдарына тыйым салу немесе оларды алып қою кезінде;
2) декларанттың өтініші бойынша уақытша әкелінген тауарларды кеден қоймасының кедендік режимінің шарттарына сәйкес кеден қоймасына орналастыру кезінде тоқтатыла тұрады.
5. Бұрын тауарларды уақытша әкелудің кедендік режиміне орналастырылған тауарларды оларды осы режимге сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік аумағында одан әрі пайдалану мақсатымен кеден қоймасынан шығару кезінде уақытша әкелу мерзімінің өту ағымы жаңартылады.
195-бап. Көлік құралдарын тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режиміне орналастырудың ерекшеліктері
Көлік құралдарын тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелудің кедендік режиміне орналастырудың ерекшеліктері, уақытша әкелінген көлік құралдарын пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулер, кедендік баждарды қолдану, уақытша әкелудің мерзімдері, көлік құралдарын кедендік бақылау мен кедендік ресімдеудің ерекшеліктері, сондай-ақ кедендік режимді аяқтау осы Кодекстің 33-тарауында белгіленеді.
196-бап. Уақытша әкелінген тауарлар мен көлік құралдарын әкетпеу
Уақытша әкелінген тауарлар мен көлік құралдарын белгіленген мерзімдерде әкетпеу тауарлар мен көлік құралдары аварияның немесе ырық бермес күш әсерінің салдарынан жойылған немесе қайтарымсыз жоғалған не Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының заңсыз іс-әрекеттерінің салдарынан иеліктен шыққан жағдайда ғана мүмкін болады. Бұл фактілер бойынша декларант тиісті уәкілетті мемлекеттік орган берген растау құжатын табыс етуге тиіс.
24-тарау. Тауарлар мен көлік құралдарын
уақытша әкету
197-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режимін тағайындау
Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкету - қазақстандық тауарлар мен көлік құралдары кедендік әкету баждарын төлеуден толық немесе ішінара босатыла отырып, тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан, Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауарлар мен көлік құралдарын кейіннен әкеле отырып Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан тыс жерлерде пайдаланылатын кедендік режим.
198-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режиміне орналастыру жағдайлары
1. Тауарлар мен көлік құралдары тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режиміне:
1) тауарлар мен көлік құралдарын бірдейлендіру қамтамасыз етілген;
2) тауарлар мен көлік құралдарын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қайта әкелу туралы міндеттеме берілген;
3) осы Кодекстің 200-бабына сәйкес кедендік баждар төленген жағдайда орналастырылады.
2. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режиміне:
1) жекелеген даналарын жарнама және (немесе) көрсету мақсатында уақытша әкетуді қоспағанда, қосалқы бөлшектер мен жинақтаушы бұйымдарды (олар уақытша әкетілген көлік құралдарына арналмаған жағдайда), шығыс материалдары мен үлгілерін, шикізатты, жартылай фабрикаттарды;
2) жекелеген даналарын жарнама және (немесе) көрсету мақсатында уақытша әкетуді қоспағанда, алкоголь, темекі өнімдерін қоса алғанда, тамақ өнімдерін, сусындарды;
3) Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуге тыйым салынған тауарларды орналастыруға жол берілмейді.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасының ережелері олардың жай-күйінің өзгермеуін анықтау үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік орган растайтын баламалылықты сақтау өлшемдері қолданылуға тиіс бастапқы және бөлінетін радиоактивті материалдарды уақытша әкету жағдайларына қолданылмайды.
199-бап. Уақытша әкетілген тауарларды пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулер
1. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің режимі аяқталғанға дейін басқа тұлғаға уақытша әкетілген тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын беруге не иеліктен шығаруға бұл тұлға тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режимін мәлімдеген тұлғаның міндеттемелерін өзіне қабылдаған жағдайда жол беріледі.
2. Уақытша әкетілген тауарлар тасудың (тасымалдаудың), сақтаудың немесе пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болатын өзгерістерді қоспағанда, өзгеріссіз қалпында қалуға тиіс.
200-бап. Тауарларды уақытша әкету кезінде кедендік баждарды қолдану
1. Кедендік баждарды төлеуден толық босатыла отырып уақытша әкетілетін тауарлар санаттарының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Осы баптың 1-тармағымен көзделмеген тауарлар санаттарына қатысты, сондай-ақ кедендік баждарды төлеуден толық босату жағдайлары сақталмаған кезде кедендік баждарды төлеуден ішінара босату қолданылады. Кедендік баждарды төлеуден ішінара босату кезінде тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерде болуының әрбір толық және толық емес күнтізбелік айы үшін егер тауарлар экспортталар болса төленуге тиіс соманың үш проценті төленеді.
3. Ішінара босату кезінде төлеуге жататын кедендік баждардың сомасын есептеу келісім-шарт валютасында жүргізіледі. Кедендік баждардың сомалары тауарларды тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режиміне орналастырған кезде немесе декларанттың таңдауы бойынша кезең-кезеңмен төленеді. Бұл ретте кедендік баждардың сомаларын төлеудің нақты мерзімдері бұл сомаларды төлеу тиісті кезеңнің басталуына дейін жүргізілуге тиіс екендігіне орай белгіленеді.
4. Уақытша әкетілген тауарларды тауарлар экспортының кедендік режиміне орналастырған жағдайда, кедендік баждар төлеуден ішінара босатылған кезде төленген кедендік баждардың сомасы тауарлар экспортының кедендік режиміне сәйкес төленуге жататын кедендік баждардың сомасына есепке жатқызылады.
5. Осы Кодекстің 199-бабының 1-тармағында көзделген жағдайда, осы баптың 3-тармағына сәйкес төленген кедендік баждардың сомаларын уақытша әкетілген тауарларға құқықтық мирасқор болып табылатын тұлға төлеген болып саналады.
Тауарларды уақытша әкету кезінде кедендік баждарды төлеуден ішінара босатыла отырып алынатын кедендік баждардың жалпы сомасы, егер тауарлар экспортталар болса, тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режиміне орналастыру кезінде төленуге тиіс кедендік баждардың сомасынан аспауға тиіс.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 201 - бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
201-бап. Тауарларды уақытша әкету мерзімдері
Тауарларды уақытша әкету мерзімдерін мұндай әкетудің мақсаттары мен мән-жағдайларына сәйкес декларант белгілейді, бірақ оны тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетілу күнінен бастап үш жылдан асыруға болмайды.
Декларанттың дәлелді өтініші бойынша уақытша әкету мерзімдерін кеден органы ұзартуы мүмкін. Декларант тауарларды уақытша әкетудің мерзімдерін ұзарту туралы мәселені шешу үшін, аталған мерзімдердің аяқталуына дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей кеден органына растау құжаттарын қоса тіркеп, осындай ұзартудың қажеттілігі туралы өтініш табыс етеді. Тауарларды уақытша әкету мерзiмiн ұзарту туралы өтінішті қарау мерзімі өтініш алынған күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тауарларды уақытша әкетудің мерзімдерін ұзарту кезінде кедендік ресімдеу үшін кедендік алымдар алынбайды, кедендік декларация берілмейді. Тауарларды уақытша әкету мерзімдерін үш жылдан аса уақытқа өзгерту осы баптың екінші бөлігіне сәйкес жүзеге асырылады.
202-бап. Уақытша әкетілген тауарларды кедендік бақылаудың ерекшеліктері
1. Уақытша әкетілген тауарларды кедендік бақылауды кедендік ресімдеуді жүргізген кеден органы жүзеге асырады.
2. Уақытша әкетілген тауарларды кедендік бақылауды жүзеге асырған кеден органы қызметінің аймағынан тыс уақытша әкетілген тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына қайта әкелуді кедендік ресімдеген жағдайда кедендік ресімдеу аяқталғаннан кейін кедендік ресімдеуді жүзеге асырған кеден органы осы баптың 1-тармағында аталған кеден органын бұл туралы хабардар етеді.
203-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режимінің аяқталуы
1. Уақытша әкетілген тауарлар мен көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік аумағына қайта әкелуге жатады не мәлімделген уақытша әкету мерзімінің аяқталуынан кешіктірілмей өзге кедендік режимге мәлімделуге тиіс.
2. Уақытша әкетілген тауарларға меншік құқығын шетелдік тұлғаға берген жағдайда, уақытша әкетілген тауарлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес міндетті түрде қайта әкелуге жататын жағдайларды қоспағанда, тауарларды уақытша әкетуді жүзеге асырған тұлға тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режимін осы Кодексте белгіленген тәртіппен тауарлар экспортының кедендік режиміне өзгертуге міндетті.
3. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режимін тауарлар экспортының кедендік режиміне өзгерту кезінде кедендік баждардың сомаларын есептеу келісім-шарттың валютасында жүргізіледі. Экспорт кезінде тауарлардың кедендік құны мен саны - тауарларды тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режиміне орналастыру күніне орай, ал кедендік баждардың ставкалары - тауарлар экспортының кедендік режимінің талаптарына сәйкес кедендік декларацияны тіркеу күніне орай анықталады.