Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы
«Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы»
1-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы" 1996 жылғы 24 қаңтардағы № 2797 конституциялық заң күші бар Жарлығына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 1, 178-құжат; 1997 ж., № 12, 193-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
1) актінің нысаны мен тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы";
2) кіріспе алып тасталсын;
3) 11-баптың бірінші бөлігіндегі "Гимнді тұрып тыңдайды." деген сөздер "Гимнді орнынан тұрып, оң қолының алақанын омырауының сол жағына қойып тыңдайды." деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 12, 14 және 16-баптарда "Жарлықпен", "Жарлыққа", "Жарлықтан", "Жарлық" деген сөздер тиісінше "Конституциялық заңмен", "Конституциялық заңға", "Конституциялық заңнан", "Конституциялық заң" деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 2-баптың 3) тармақшасымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік гимнінің музыкалық редакциясы мен мәтіні осы Конституциялық заңға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2-бап. Осы Конституциялық заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. НАЗАРБАЕВ | |
Астана, Ақорда, 2006 жылғы қаңтардың 7-сі. № 112-III ҚРЗ
Қазақстан Республикасы Президентінің
"Қазақстан Республикасының
мемлекеттік нышандары туралы"
конституциялық заң күші бар Жарлығына
өзгерістер мен толықтыру енгізу
туралы" 2006 жылғы 7 қаңтардағы
№ 112-III ҚРЗ Қазақстан
Республикасының Конституциялық заңына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік гимнінің музыкалық редакциясы
Музыкасын жазған Шәмші Қалдаяқов
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік гимнінің мәтіні
Сөзін жазғандар:
Жұмекен Нәжімеденов,
Нұрсұлтан Назарбаев
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!