Заң күшi бар Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы Қазақстан Республикасы
Президентінің 1995 жылғы 23 желтоқсандағы № 2723 Жарлығы (ҚР 11.07.97 ж.
№ 154-1; 08.11.00 ж. № 96-II; 03.06.03 ж. № 427-II Заңдарымен
енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2005 ж. 23 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1-5 баптар)
2-тарау. Ипотека шарты (6-11 баптар)
3-тарау. Ипотека куәлiгi (12-19 баптар)
4-тарау. Ипотеканы өткізу (20-36 баптар)
5-тарау. Ипотеканы тоқтату (37-38 баптар)
"Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес осы Жарлықты шығарамын.
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1-бап. Негiзгi терминдер мен анықтамалар
Осы Жарлықта қолданылатын терминдер мен анықтамалар мыналарды бiлдiредi:
1) сенiм бiлдiрiлген тұлға - соттан тыс тәртiппен ипотеканы өткізудi жүргiзетiн тұлға;
2) кепiл берушi - жылжымайтын мүлкi немесе ондағы үлесi ипотеканың мәнi болып табылатын тұлға;
3) кепiл ұстаушы - негiзгi міндеттеме бойынша мүдделерi ипотекамен қамтамасыз етiлген тұлға;
4) жылжымайтын мүлiк ипотекасы (ипотека) - кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiк немесе ондағы үлесi кепiл берушiнiң немесе үшiншi тұлғаның иелiгi мен пайдалануында қалатын кепiл түрi;
5) ипотекалық шарт - тараптардың негiзгi мiндеттеменi қамтамасыз етуде ипотеканы белгiлеу туралы келісімi;
5-1) ипотекалық қарыз - жылжымайтын мүлiк ипотекасымен қамтамасыз етiлген банк қарызы;
5-2) ипотекалық тұрғын үй қарызы - тұрғын үй салу не оны сатып алу және (немесе) жөндеу мақсатында берiлетiн ипотекалық қарыз;
6) жылжымайтын мүлiк - жер учаскелерi, сондай-ақ үйлер, ғимараттар және жермен берiк байланыстағы өзге де мүлiктер, яғни ауыстырылуы олардың мақсатына шектен тыс зиян келтiрусiз мүмкiн болмайтын объектiлер;
7) негiзгi мiндеттеме - ипотекамен толық немесе iшiнара қамтамасыз етiлген борыштық немесе өзге де мiндеттеме;
8) ипотеканы өткізу - ипотеканың мәнi болып табылатын мүлiктi өткізу.
2-бап. Осы Жарлықты қолданылу аясы
1. Осы жарлықпен мiндеттемелердi қамтамасыз ету жолы ретiнде мүлiк ипотекасын қолдану кезiнде туындайтын қатынастар реттеледi. Егер осы Жарлықпен өзге ережелер белгiленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көрiнiс тапқан кепiл туралы жалпы ережелер мүлiк ипотекасына қолданылады. Осы жарлық пен басқа да заң актілері арасында мүлiк ипотекасын реттеу бөлiгiнде қайшылықтар туындаған жағдайда осы Жарлықтың нормалары қолданылады.
2. Шартқа байланысты туындайтын ипотека туралы осы Жарлықтың ережелерi тиiсiнше заң актiсiнiң негiзiнде туындайтын ипотекаға қолданылады.
3. Жер учаскелерiнiң ипотекасы мен оларға құқықтардың ерекшелiктерi жер туралы заңдарда көзделуi мүмкiн.
ҚР 11.07.97 ж. № 154; 03.06.03 ж. № 427-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 3-бап өзгертiлдi
3-бап. Негiзгi мiндеттеменi ипотекамен қамтамасыз етудiң шектерi
1. Ипотека ипотекалық қарыз шарты немесе өзге де мiндеттеме бойынша кепiл ұстаушыға қарыздың негiзгi сомасының толық немесе ипотека шартында көзделген бөлiгiнде төленуiн қамтамасыз етедi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, ипотекалық қарыз шартын қамтамасыз етуге белгiленген ипотека, сол сияқты кредиторға кредиттiң пайдаланылғаны үшiн өзiне тиесiлi сыйақының (мүдденiң) де төленуiн қамтамасыз етедi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, ипотека кепiл ұстаушының талаптарын оларды қанағаттандыру сәтіндегі көлемiне қарай:
1) негiзгi мiндеттеменiң орындалмауынан, мерзiмi кешiктiрiлуiнен немесе өзге де тиiсiнше орындалмауынан келтiрiлген шығындарды өтеудi;
2) негiзгi мiндеттеменiң орындалмауы, орындалу мерзiмiнiң кешiктiрiлуi немесе өзге де тиiсiнше орындалмауы үшiн айып (айыппұл, өсiм) төлеудi;
3) негiзгi мiндеттемеде не заң актілерінде көзделген бөгде адамның ақшаның заңсыз пайдаланғаны үшiн айыпақыны қоса қамтамасыз етедi.
3. Ипотека сонымен қатар:
1) сот шығындарын және кепiлге берiлген мүлiктен айыпақы өндiрiп алуға байланысты өзге де шығыстарды өтеудi;
2) ипотеканы өткізу жөніндегі шығыстардың өтелуiн қамтамасыз етедi.
4. Егер ипотека шартында ипотекамен қамтамасыз етiлген кепiл ұстаушының талаптарының жалпы нақты сомасы көрсетiлсе, борышқордың кепiл ұстаушы алдындағы осы сомадан асатын бөлiгіндегі мiндеттемелерi, осы Жарлықтың осы бабының 3-тармағында және 4-бабында көзделген талаптарды қоспағанда, ипотекамен қамтамасыз етiлген болып саналмайды.
4-бап. Кепiл ұстаушының қосымша шығыстарын ипотекамен қамтамасыз ету
Кепiл ұстаушы ипотека шартының ережелерiне сәйкес немесе кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету қажеттiгiне орай, оны ұстау және күзету не осы жылжымайтын мүлiкке байланысты салықтар, алымдар немесе коммуналдық төлемдер бойынша кепiл берушiнiң берешегiн өтеу жөнiнде шығыстар тартқан жағдайларда кепiл ұстаушының мұндай қажеттi шығыстарын өтеу кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң есебiнен қамтамасыз етiледi.
5-бап. Ортақ меншiктегi жылжымайтын мүлiк ипотекасы
1. Бiрлескен ортақ меншiктегi жылжымайтын мүлiкке ипотека бұған барлық меншiк иелерiнiң жазбаша келісімi болған жағдайда белгiленуi мүмкiн.
2. Ортақ үлестiк меншiкке қатысушы ортақ мүлiктегi өз үлесiне құқығын басқа меншiк иелерiнiң келісімiнсiз кепiлге бере алады.
2-тарау. Ипотека шарты
6-бап. Ипотека шартының нысаны
1. Ипотека шарты жазбаша нысанда жасалып, оған кепiл берушi мен кепiл ұстаушы, сондай-ақ егер кепiл берушi борышқор болмаса (заттай кепiлгер) борышқор да қол қояды.
2. Ипотека шарты мемлекеттік тiркеуге жатады. Ипотека құқығы ипотека шарты тiркелген сәттен басталады.
3. Ипотека шартын нотариалдық куәландыру тараптардың қалауы бойынша жүзеге асырылады.
4. Кепiл берушiнiң құқықтары ипотека куәлiгiн беру арқылы расталуы (ресiмделуi) мүмкiн.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 7-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
7-бап. Ипотека шартының мазмұны
1. Ипотека шартында мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) кепiл берушi мен кепiл ұстаушының, сондай-ақ, егер кепiл берушi (заттай кепiлгер) негiзгi мiндеттеме бойынша борышкер болмаса, борышкердiң аты-жөнi (атауы) және тұрғылықты жерi (орналасқан жерi);
2) негiзгi мiндеттеменiң мәнi, оның мөлшерi мен орындалу мерзiмi;
3) кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң тiзбесi мен мекен-жайы;
4) ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiк сол бойынша кепiл берушiнiң меншiгi болып табылатын құқықтың атауы (меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы және басқалары);
5) тараптардың кез келгенiнiң өтiнiшi бойынша ипотека шартында келісімге қол жеткiзiлуге тиiс және заңдарда тыйым салынбаған өзге де шарттар.
2. Егер негiзгi мiндеттеме бөлiнiп орындалуға тиiс болса, ипотека шартында тиiстi төлемдердiң мерзiмi мен кезеңдiлiгiн және олардың мөлшерiне осы мөлшердi анықтауға мүмкiндiк беретiн талаптар көрсетiлуге тиiс.
8-бап. Кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығару туралы ережелердi бұзудың салдарлары
1. Ипотека шарты бойынша кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiк Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң 315-бабының 2-тармағындағы ережелер бұзылып, иелiктен шығарылған кезде кепiл ұстаушы өз таңдауына қарай:
1) кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығару туралы мәмiленiң күшi жойылған деп танылуын;
2) негiзгi мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын орындалуын және кiмнiң меншiгi екенiне қарамастан, кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктен айыпақы өндiрiлуiн талап етуге хақылы.
Соңғы жағдайда, егер кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктi сатып алушы жылжымайтын мүлiктiң ережелері бұзылып иелiктен шығарылуы туралы оны сатып алу сәтiнде бiлсе немесе бiлуге тиiс болса, онда мұндай сатып алушы ипотекамен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалмағаны үшiн кепiл берушiмен бiрге көрсетiлген жылжымайтын мүлiктiң құны шегiнде жауап тартады.
2. Кепiл берушi ипотека куәлiгiн берген кезде оның кепiлдiкке берiлген жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруына жол берiлмейдi.
Ол жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығарған жағдайда осы баптың 1-тармағында көзделген салдарлар туындайды.
9-бап. Ипотека шарты жөніндегі құқықтарды беру
Ипотека шарты бойынша құқықтарды беру, талаптардан бас тарту ережелерi сақтала отырып, ал ипотека куәлiгi берiлген жағдайда осы Жарлықтың 16-бабында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады және мемлекеттік тiркеуге жатады.
10-бап. Ипотека затына үшiншi тұлғалардың құқықтары туралы кепiл ұстаушыны ескерту
Ипотека шарты жасалған кезде кепiл берушi, тiптi, бұл құқықтар белгiленген тәртiппен тiркелмесе де, шартты тiркеу сәтiнде өзiне белгiлi ипотека затына барлық үшiншi тұлғалардың құқықтары туралы кепiл ұстаушыны ескертуге тиiс. Бұл ереженiң орындалмауы кепiл ұстаушыға негiзгi мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын орындалуын немесе ипотека шарты уағдаластықтарының өзгертiлуiн талап етуге құқық бередi.
11-бап. Ипотека шартына қосымшалар
Ипотека шартына ипотеканың талаптарын және/немесе осы шарт бойынша кепiл ұстаушының құқықтарын жүзеге асыру үшiн қажеттi талаптарды айқындайтын құжаттар қоса берiлуi мүмкiн.
3-тарау. Ипотека куәлiгi
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 12-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
12-бап. Ипотека куәлiгi ұғымы
1. Ипотека куәлiгi оның заңды иесiнiң:
1) негiзгi мiндеттеме бойынша орындалуды алуға;
2) негiзгi мiндеттеме бойынша орындалуды алу мақсатында кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктен айыпақы өндiрiп алуға құқығын куәландыратын ордерлiк бағалы қағаз болып табылады.
2. Ипотека куәлiгi бiр данада жасалады және кепiл ұстаушыға берiледi.
3. Ипотека шартының барлық данасында ипотека куәлiгiнiң берiлгенi туралы белгi соғылады.
4. Ипотекалық тұрғын үй қарызы немесе оның бiр бөлiгi бойынша ипотека нысанасы болып табылатын бiр ғана жылжымайтын мүлiкке қатысты бiр ипотека куәлiгiнен артық жасауға жол берiлмейдi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 13-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
13-бап. Ипотека куәлiгiнiң мазмұны
1. Ипотека куәлiгiнде мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) құжаттың атауына енгiзiлген "Ипотека куәлiгi" сөздерi;
2) кепiл берушiнiң аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
3) кепiл ұстаушының аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
4) егер борышқор негiзгi мiндеттеме бойынша кепiл берушi болмаса, борышқордың аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
5) ипотека шарты жасалған күн мен орны;
6) егер олар төленуге тиiс болса, негiзгi мiндеттеменiң сомасы мен сыйақының мөлшерiн көрсету;
7) егер олар төленуге тиiс болса, негiзгi мiндеттеменiң сомасы мен сыйақысын төлеу мерзiмiн көрсету, ал егер бұл сома және немесе сыйақы бөлiнiп төленуге тиiс болса, тиiстi төлемдердiң мерзiмi мен кезеңдiлiгiн және әрқайсысының мөлшерiн немесе оларды айқындауға мүмкiндiк беретiн шарттарды көрсету;
8) кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң тiзбесi мен мекен-жайы;
9) ипотеканың мәнi болып табылатын мүлiктiң кепiл берушiнiң меншiгi болып табылатынын айқындайтын құқықтың атауы;
10) ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiкке немесе осы мүлiктiң бiр бөлiгiне басқа да ипотека куәлiктерi бар екенiн, ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша ипотека куәлiктерiн қоспағанда, бұл жылжымайтын мүлiк немесе оның бiр бөлiгi жалға берiлген бе немесе оның өзге де ауыртпалығы бар екенiн немесе жоқ екенiн көрсету;
11) кепiл берушiнiң қойған қолы;
12) ипотека куәлiгiнiң берiлу күнi.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптардың сақталмауы, сондай-ақ тазартулар мен түзетулердiң болуы ипотека куәлiгiн жарамсыз етедi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
14-бап. Ипотека куәлiгi бойынша құқықтарды жүзеге асырудың шарттары және мiндеттемелердiң орындалуы
1. Осы Жарлықта немесе ипотека шартында көзделген өз құқықтарын жүзеге асыру кезiнде ипотека куәлiгiнiң иесi оны кепiл берушiге көрсетуге мiндеттi.
2. Негiзгi мiндеттеменi орындаған кепiл берушi өзiне ипотекалық куәлiк берiлуiн талап етуге құқылы. Негiзгi мiндеттеменi iшiнара орындаған кепiл берушi мiндеттеменiң тиiстi бөлiгiнiң орындалғаны туралы ипотекалық куәлiкке жылына бiр реттен кем қоюға болмайтын белгiнi талап етуге құқылы. Ипотекалық куәлiк жаңа иесiне берiлген кезде iшiнара орындалғаны туралы белгi мiндеттi түрде қойылады.
3. Ипотека куәлiгiнiң заңды иесiнде болуы не ипотека куәлiгiнде негiзгi мiндеттеменiң iшiнара орындалғаны туралы белгiнiң болмауы, егер өзге жайт дәлелденбесе, осы мiндеттеменiң немесе, тиiсiнше, оның бөлiгiнiң орындалмағанын айғақтайды.
4. Ипотека куәлiгiнiң кепiл берушiде болуы, егер өзге жайт дәлелденбесе, ипотекамен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалғанын айғақтайды.
5. Ипотека куәлiгi бойынша мiндеттемелердi орындау осы баптың 6-тармағында көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Ипотека куәлiгi бойынша құқықты беру жазбасын (индоссаменттi) жасау жолымен беретiн ипотека куәлiгiнiң заңды иесi, егер мемлекеттік тiркеуге дейiн ипотекалық куәлiкте ол "маған арналмаған айналым" деген сөздердi жазған жағдайда, ипотека куәлiгi бойынша құқықты жүзеге асырғаны үшiн жауапты болмайды.
15-бап. Ипотека куәлiгiн тiркеу
Ипотека куәлiгiн беру және оны кейiннен басқа иелерiне беру ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiк орналасқан жерде, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен, мемлекеттік тiркеуге жатады.
16-бап. Ипотека куәлiгi жөніндегі құқықтарды беру
1. Ипотека куәлiгi жөніндегі құқықтарды беру онда басқа тұлғаның пайдасына берiлгенi туралы жазба жасау және ипотека куәлiгiн осы тұлғаға беру арқылы жүзеге асырылады.
Берiлу жазбасында ипотека куәлiгi жөнiнде құқықтар берiлетiн тұлғаның аты-жөнi дәлме-дәл және толық көрсетiлуi тиiс. Ипотека куәлiгіндегі бланкiлiк берiлу жазбасы жарамсыз болып саналады.
Берiлу жазбасына ипотека куәлiгiнде көрсетiлген кепiл ұстаушы, ал егер бұл жазба бастапқы болып табылмаса - алдыңғы жазбада көрсетiлген ипотека куәлiгiнiң иесi қол қоюға тиiс.
2. Ипотека куәлiгi бойынша құқықтардың басқа тұлғаға берiлуi онымен бiрге негiзгi мiндеттемелер бойынша құқықтардың да осы тұлғаға берiлгенiн бiлдiредi.
Ипотека куәлiгiнiң заңды иесiне негiзгi мiндеттеме бойынша кепiл ұстаушының құқықтары мен кредитордың құқықтарын қоса, оның мазмұнынан туындайтын барлық құқықтар тиесiлi.
3. Егер осы ипотека куәлiгiне құқықтары ондағы берiлу жазбаларының үздiксiз қатарына негiзделсе, ипотека куәлiгiнiң иесi заңды болып саналады.
Егер ипотека куәлiгiнің берiлу жазбаларын жасаған тұлғалардың қайсыбiрiнiң иелiгiнен қолды болуы немесе осы тұлғаның еркiнен тыс басқа бiр ретпен шығып қалғаны дәлелденiп, бұл туралы ипотека куәлiгiнiң иесi оны сатып алған кезде бiлсе немесе бiлуге тиiс болса, оның иесi заңсыз болып саналады.
4. Ипотека куәлiгiнiң басқа тұлғаларға кейiннен берiлуiне тыйым салатын ондағы жазбалар жарамсыз деп танылады.
17-бап. Жоғалтып алған ипотека куәлiгi бойынша құқықтарды қалпына келтiру
1. Жоғалтып алған ипотека куәлiгi бойынша құқықтарды сот iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен қалпына келтiредi.
2. Егер жоғалтып алған ипотека куәлiгiнде жасалған барлық берiлу жазбалары түгел анықталса, кепiл ұстаушы үшiншi тұлғаға берген ипотека куәлiгi бойынша құқықтар қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
3. Сот шешiмiнiң негiзiнде кепiл берушi оған "көшiрме" деген белгi соғып, ипотека куәлiгiнiң көшiрмесiн бередi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
18-бап. Ипотека куәлiгiн кепiлге беру
1. Ипотека куәлiгiнiң заңды иесiнiң мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз етуде ипотека куәлiгiн кепiлге беру Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ипотека куәлiгiн кепiлге берумен қамтамасыз етiлген мiндеттеме орындалмаған жағдайда ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы негiзгi мiндеттеме бойынша құқықтардың осы Жарлықтың 16-бабында көзделген тәртiппен, шарттармен және салдарлармен өзiне берiлуiн талап етуге хақылы. Бұл құқықтарды беруден бас тартылған жағдайда ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы мұндай құқықтардың өзiне ауыстырылуын сот тәртібімен талап ете алады.
3. Ипотека куәлiгi бойынша құқықтар өзiне берiлген немесе сотпен ауыстырылған ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы ипотека куәлiгi мен негiзгi мiндеттеменiң шарттарына сәйкес ипотеканың мәнiнен айыпақы өндірiп алуға хақылы.
Ипотеканы өткізу нәтижесiнде алынған сома ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысының борышын өтеуге, қалған сомасы жылжымайтын мүлiктi кепiлге берген тұлғаға осы Жарлықтың 36-бабының талаптары ескерiлiп берiледi.
4. Ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы мен ипотека куәлiгiн кепiлге берушiнiң келісімiмен ипотека куәлiгiнде ипотека куәлiгiнiң кепiлiмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме сомасын түскен ақшадан ұстап қалу үшiн ипотека куәлiгiн белгiлi бiр мерзiм өткеннен кейiн сатуға кепiл ұстаушыға құқық беретiн арнайы кепiлдiк берiлу жазбасы жасалуы мүмкiн.
19-бап. Ипотека куәлiгiнiң күшiн тоқтату
1. Ипотека куәлiгiнiң күшi:
1) одан туындайтын құқықтар жүзеге асырылған ретте;
2) ол кепiл берушiге ерiктi берiлген ретте;
3) егер одан туындайтын талаптар негiзгi мiндеттеме бойынша борышқорларға негiзгi мiндеттеменi орындау мерзiмi басталғаннан кейiн бiр ай өткенге дейiн қойылмаса;
4) ипотеканың мәнi жоғалған жағдайда тоқтатылады.
2. Осы баптың 1-тармағының 3 және 4-тармақшаларында көзделген негiздер бойынша ипотека куәлiгiнiң күшi тоқтатылған жағдайда ипотека куәлiгi иесiнiң негiзгi мiндеттеменi орындау құқықтары сақталады.
4-тарау. Ипотеканы өткізу
20-бап. Ипотеканы өткізу жолдары
Борышқор негiзгi мiндеттеменi орындамаған жағдайда кепiл ұстаушы өз талаптарын:
1) ипотеканы сот тәртібімен өткізу;
2) егер бұл заң актілерінде немесе ипотека шартында не тараптардың кейiнгi келісімiнде көзделген болса, ипотеканы соттан тыс тәртiппен өткізу;
3) осы жарлықтың 32-бабына сәйкес сауда-саттық өткiзiлген жоқ деп жарияланған жағдайда кепiлге берiлген мүлiктi өз меншiгiне көшiру арқылы қанағаттандыруға хақылы.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
21-бап. Ипотеканы сот тәртібімен өткізу
1. Ипотеканы сот тәртібімен өткізу кепiл ұстаушының қуынымы бойынша сот шешiмiне сәйкес жүргiзiледi. Бұл ретте ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiктi сату iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен ашық сауда-саттықта сату арқылы жүргiзiледi.
2. Егер борышқор жол берген негiзгi мiндеттеменi бұзушылық аса мардымсыз болса және осының салдарынан кепiл ұстаушының қойған талаптарының мөлшерi кепiлге берiлген мүлiктiң құнына анық сәйкес келмесе, ипотека шарты бойынша кепiлге берiлген мүлiктен айыпақы өндiрiп алуға рұқсат берiлмеуi мүмкiн.
3. Ипотека шарты бойынша кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктен айыпақы өндiрiп алу туралы шешiм қабылдаған кезде сот мыналарды анықтап, шешiмiнде көрсетуге тиiс;
1) оны сату аяқталғаннан кейiн айқындалатын жылжымайтын мүлiктi сақтау және өткізу жөніндегі шығыстар сомасын қоспағанда, кепiлге берiлген мүлiктiң құнынан кепiл ұстаушыға төленуi тиiс барлық сомаларды; проценттiк ара қатынаста есептелетiн сомалар үшiн сыйақы есептелетiн сома, сыйақының мөлшерi және ол есептелуге тиiс кезең;
2) құнынан кепiл ұстаушының талаптары қанағаттандырылатын, ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымалы мүлiк;
3) кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктi өткізу кезiнде бастапқы сату бағасы;
4) егер олар қажет болатын болса, жылжымалы мүлiктi өткiзiлгенге дейiн сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар;
4. Кепiл ұстаушының өтiнiшi бойынша дәлелдi себептерi болса, сот кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктен айыпақы өндірiп алу туралы шешiмде оның iске асырылуын, егер:
1) ипотека шарты бойынша ол қандай жылжымайтын мүлiктi кепiлге бергенiне қарамастан, кепiл осы азаматтың кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруымен байланысты болмаған жағдайда, кепiл берушi азамат болып табылса;
2) ипотеканың мәнi ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердiң құрамындағы жер учаскесi болып табылса бiр жыл мерзiмге дейiн кейiнге қалдыруға хақылы.
Кепiлге берiлген жылжымалы мүлiктi өткізудi кейiнге қалдыру тараптардың негiзгi мiндеттеме жөніндегі құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды және борышқорды кредитордың кейiнге қалдырылған мерзiмде ұлғайған шығындарын, оған тиесiлi сыйақы мен айыпты өтеуден босатпайды.
Егер кепiл берушi өзiне берiлген кейiнге қалдыру мерзiмiнiң шегiнде кепiл ұстаушының талаптарын қанағаттандырған болса, сот кепiл берушiнiң мәлімдеуі бойынша бұл шешiмдi өзгертедi.
5. Ипотеканы өткізудi кейiнге қалдыруға мынадай жағдайларда:
1) егер ол кепiл ұстаушының қаржы жағдайын елеулi түрде нашарлатуға әкелуi мүмкiн болса;
2) егер кепiл берушiге немесе кепiл ұстаушыға қатысты оны банкрот деп тану туралы iс қозғалса, жол берiлмейдi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
22-бап. Ипотеканы өткізудi тоқтату
Үшiншi тұлға (заттай кепiлгер) болып табылатын борышқор және немесе кепiл берушi кепiл затын сату өткiзiлгенге дейiн кез келген уақытта кепіл ұстаушының ипотекалық шарттың талаптарына сәйкес оларды қанағаттандыру кезiне қарай оларда бар көлемдегi талабын орындап, одан айыпақы өндiрiп алуды және оның өткiзiлуiн тоқтатуға хақылы. Бұл құқықты шектейтiн келісім жарамсыз болып табылады.
23-бап. Ипотеканы өткізуге байланысты шығыстарды өтеу
Ипотеканы өткізуге байланысты кепiл ұстаушының тартқан шығыстары оған кепiлге берiлген мүлiктiң құнынан өтеледi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
24-бап. Ипотеканы соттан тыс өткізу рәсiмi
1. Ипотеканы соттан тыс өткізу рәсiмi сенiм бiлдiрген тұлға ұйымдастыратын кепiлге берiлген мүлiкке сауда-саттық өткізу арқылы жүргiзiледi.
2. Сенім бiлдiрiлген тұлғаны тараптар ипотека шартында айқындайды. Егер сенiм бiлдiрген тұлға ипотека шартында айқындалмаса, оны кепiл ұстаушы тағайындайды.
3. Кепiл ұстаушының талаптарын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға, егер:
1) жылжымайтын мүлiк ипотекасына басқа тұлғаның немесе органның келісімi қажет болса және осындай келісім алынбаса;
2) қоғам үшiн елеулi тарихи, көркемдiк немесе өзге де мәдени құндылығы бар жылжымайтын мүлiк ипотеканың мәнi болып табылса;
3) ортақ меншiктегi және меншiк иелерiнiң қайсыбiрi кепiл ұстаушының талабын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға жазбаша келісім бермеген жылжымайтын мүлiк ипотеканың мәнi болып табылса, жол берiлмейдi.
Аталған жағдайларда кепiлге берiлген мүлiктен айыпақы өндiрiп алу тек сот шешiмiмен ғана жүргiзiледi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
25-бап. Соттан тыс сауда-саттық жүргiзуге қойылатын
талаптар
1. Сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн мынадай рәсiмдер орындалуға тиiс:
1) сенiм бiлдiрген тұлға негiзгi мiндеттемелердiң орындалмағаны туралы хабарлама жасап, оны ипотека шарты тiркелген органда тiркейдi және оны кепiл берушiге тапсырады. Хабарламаны тiкелей беру мүмкiн болмаған жағдайда, ол кепiл берушiге оның ипотека шартында көрсетiлген мекен-жайы бойынша тапсырыстық хатпен жiберiледi;
2) негiзгi мiндеттеменiң орындалмағаны туралы хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған жағдайда, бiрақ аталған хабарлама кепiл берушiге тапсырылған немесе жiберiлген сәттен отыз күннен ерте емес (осы тармақтың 1-тармақшасы), сенiм бiлдiрген тұлға кепiлге берiлген мүлiкке сауда-саттық өткізу туралы хабарлама жасап, оны ипотека шарты тiркелген органда тiркейдi, кепiл берушiге, сондай-ақ кепiл ұстаушыға тапсырады және осы Жарлықтың 28-бабына сәйкес сауда-саттық туралы ресми құлақтандыру жариялайды;
3) сауда-саттық туралы құлақтандыру алғаш рет жарияланған сәттен бастап сауда-саттыққа шығарылатын жылжымайтын мүлiкке қатысты барлық мәмiлелерге тыйым салынады, ал егер мәмiлелер жасалған болса, олар жарамсыз деп танылады;
4) сауда-саттық туралы құлақтандыру алғаш рет жарияланған сәт пен оның өткiзiлу сәтiне дейiн кемiнде он күн өтуге тиiс.
2. Негiзгi мiндеттеменiң орындалмағаны туралы хабарлама алғаннан кейiн кепiл берушi ипотеканы өткізуге негiздердiң жоқтығы жөнiнде қуыныммен сотқа жүгiнуге хақылы.
Кепiл берушi сол сияқты осы Жарлықтың 21-бабының 4-тармағында көзделген шарттарға орай ипотеканы өткізудi кейiнге қалдыру туралы шағыммен сотқа жүгiнуге хақылы.
Қуыныммен (арызбен) сотқа жүгiну осы баптың 1-тармағының 2-тармақшасында көзделген мерзiмнiң өтуiн тоқтата тұрады.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 26-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
26-бап. Мiндеттемелердiң орындалмағаны туралы хабарламаның мазмұны
Мiндеттемелердiң орындалмағаны туралы хабарламада мынадай деректер болуға тиiс:
1) кепiл берушiнiң аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
2) кепiл ұстаушының аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
3) орындалмаған мiндеттемелердiң қысқаша баяны;