3. Салық төлеушiлер салық салынатын табысты үш жылдан артық мерзiмге берiлген негiзгi құралдардың қаржы лизингi бойынша алынған сыйақы сомасына, кейiннен оларды лизинг алушыға бере отырып, азайтады.
4. Қызметiнiң айрықша түрi ауыл шаруашылығына кредит беру болып табылатын, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар салық салынатын табысты қызметтiң осындай түрiнен алынған табыс сомасына азайтады.
4-1. Қызметінiң айрықша түрі ауыл шаруашылығы саласында микрокредит беру болып табылатын микрокредиттiк ұйымдар салық салынатын табысты қызметтiң осы түрiнен алынған табыстардың сомасына азайтады.
5 тармақ 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңының редакциясында, 01.01.06 ж. бастап қолданысқа енгізілді
5. Салық төлеушiнiң амортизациялық аударымдарды есептеп шығаруы осы Кодекстiң 110-бабының 2-тармағына сәйкес жүргiзiлген, пайдалануға алғаш енгiзiлген тiркелген активтердi үш жылдық кезең аяқталғанға дейiн өткiзген жағдайда жасалған қосымша шегерiм сомасы салық төлеушiнiң тiркелген активтердi өткiзген салық кезеңіндегі салық салынатын табысын арттыруға қатысты болады.
18-тарау. Залалдар
123-бап. Залал ұғымы
1. Түзетiлген жиынтық жылдық табыстан шегерiмдердiң асып түсуі кәсіпкерлiк қызметтен шегетін залал деп танылады.
2. Бағалы қағаздарды өткізуден шегетiн залал мыналар:
борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, бағалы қағаздар бойынша өткізу құны мен иемденіп алу құны арасындағы терiс айырма;
борыштық бағалы қағаздар бойынша - өткiзген күнгi дисконт амортизациясы мен (немесе) сыйлықақы есептегендегi өткізу құны мен иемденiп алу құны арасындағы терiс айырма.
23.11.02 ж. № 358-II ; 2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 124 - бап өзгертілді
124-бап. Залалдарды ауыстыру
1. Кәсiпкерлiк қызметтен шегетiн залалдар, сондай-ақ салық төлеушiнiң кәсiпкерлiк қызметiнде пайдаланылған үйлердi, (мұнай, газ ұңғымалары мен беріліс құрылғыларын қоспағанда) өткізуден шеккен залалдар кейiнгi салық кезеңдерiнiң салық салынатын табысы есебiнен өтеу үшiн үш жылға дейiнгi мерзiмге, үшiншi жылы қоса есептелiп, ауыстырылады.
Жер қойнауын пайдалану келісім-шарттары бойынша жүзеге асырылатын қызметке байланысты туындайтын залалдар жетi жылға дейiнгi мерзiмге, жетiншi жылы қоса есептелiп, ауыстырылады.
13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңына сәйкес 1-тармақтың үшiншi бөлiгi 01.01.06 ж. бастап алып тасталады
Салық төлеушi салық кезеңiнде осы Кодекстiң 110-бабының 2-тармағына сәйкес есептеп шығарылған амортизациялық аударымдарды шегерiмдерге жатқызу нәтижесiнде шеккен залалдарға осы баптың ережелерi қолданылмайды.
2. Өткізу күніне қор биржасының "А" және "В" ресми тiзiміндегі акциялар мен облигацияларды, мемлекеттік бағалы қағаздар мен агенттік облигацияларды өткізуден шегетiн залалдарды қоспағанда, бағалы қағаздарды өткізу кезiнде туындайтын залалдар өткізу күніне қор биржасының "А" және "В" ресми тiзiміндегі акциялар мен облигацияларды, мемлекеттік бағалы қағаздар мен агенттік облигацияларды өткізу кезіндегі құн өсімінен түскен табысты қоспағанда, басқа бағалы қағаздарды өткізу кезiнде алынған құн өсiмiнен түскен табыс есебiнен өтеледi.
Егер осы залалдар орын алған кезеңiнде өтеле алмайтын болса, олар алдағы уақытқа үш жылға дейiнгi мерзiмге ауыстырылып, өткізу күніне қор биржасының "А" және "В" ресми тiзiміндегі акциялар мен облигацияларды, мемлекеттік бағалы қағаздар мен агенттік облигацияларды өткізу кезіндегі құн өсімінен түскен табысты қоспағанда, басқа бағалы қағаздарды өткізу кезiнде алынған құн өсiмiнен түскен табыс есебiнен өтелуге тиiс.
19-тарау. Корпорациялық табыс салығын есептеп
шығару тәртібі мен оны төлеу мерзімдері
125-бап. Корпорациялық табыс салығы сомасын есептеп шығару
Корпорациялық табыс салығы салық кезеңi үшiн осы Кодекстің 135-бабының 1-тармағында белгiленген ставканы осы Кодекстiң 124-бабына сәйкес ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын табысқа осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес жүргiзiлген түзетулердi ескере отырып қолдану жолымен есептеп шығарылады.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 126-бап өзгертілді
126-бап. Аванстық төлемдер сомасын есептеп шығару
1. Салық төлеушiлер осы Кодексте белгiленген тәртiппен аванстық төлемдердi енгізу жолымен салық кезеңi iшiнде корпорациялық табыс салығын төлейдi.
2. Салық кезеңi iшiнде төленетiн корпорациялық табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларын салық төлеушi ағымдағы салық кезеңi үшiн корпорациялық табыс салығының болжамды сомасын негiзге ала отырып, бiрақ егер осы бапта өзгеше көзделмесе, өткен салық кезеңi үшiн аванстық төлемдер сомаларының есебіндегі аванстық төлемдердің орташа айлық есептелген сомаларынан кем емес етiп есептеп шығарады.
3. Өткен салық кезеңi үшiн корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияда көрсетiлген iс жүзіндегі салық мiндеттемесiнiң сомасы өткен салық кезеңi үшiн аванстық төлемдер сомаларының есебіндегі аванстық төлемдер сомаларынан асып кеткен кезде, салық төлеушi өткен салық кезеңi үшiн корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияда көрсетiлген iс жүзiндегі салық мiндеттемесi мөлшерiн негiзге ала отырып, декларация тапсырғаннан кейiнгi кезең үшiн аванстық төлемдер сомаларын есептеуге мiндеттi.
4. Салық төлеушi төлеуге тиiс аванстық төлемдер сомалары салық кезеңi iшiнде тең үлестермен төленедi.
5. Салық төлеушi корпорациялық табыс салығы бойынша декларация тапсырғанға дейiнгi кезең iшiнде төленуге тиiс аванстық төлемдер сомаларының есебiн жасап, есептi салық кезеңiнің 20 қаңтарына дейiн салық төлеушiнiң тiркелген орны бойынша салық органына табыс етедi.
6. Корпорациялық табыс салығы бойынша декларация тапсырылғаннан кейiн төленуге тиiс аванстық төлемдер сомаларының есебiн салық төлеушi декларацияны тапсырған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде, бірақ есептік салық кезеңінің 20 сәуірінен кешіктірмей табыс етедi.
7. Салық кезеңiнiң қорытындысы бойынша залал шеккен немесе салық салынатын табысы жоқ салық төлеушiлер корпорациялық табыс салығы бойынша декларация тапсырған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде, сондай-ақ жаңадан құрылған салық төлеушілер құрылған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде салық кезеңi iшiнде төленуге тиiс аванстық төлемдердiң болжамды сомасының есебiн салық органына табыс етуге мiндеттi.
8. Салық төлеушi салық кезеңi iшiнде, өткен салық кезеңi үшiн декларация тапсырғанға дейiн төленуге тиiс аванстық төлемдердiң сомаларын қоспағанда, түзетудің себептерiн жазбаша негiздей отырып, салық кезеңiнiң алдағы айлары үшiн аванстық төлемдер сомаларының түзетiлген есебiн беруге құқылы.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 127-бап өзгертілді
127-бап. Корпорациялық табыс салығын төлеу мерзiмдерi мен тәртібі
1. Салық төлеушiлер корпорациялық табыс салығын төлеудi өзiнiң тұрып жатқан орны бойынша жүзеге асырады.
2. Салық төлеушiлер корпорациялық табыс салығы бойынша аванстық төлемдердi бюджетке осы Кодекстің 136-бабында белгiленген салық кезеңi iшiнде, осы Кодекстiң 126-бабына сәйкес анықталған мөлшерде ағымдағы айдың 20-сынан кешiктiрмей ай сайын төлеп тұруға мiндеттi.
3. Салық кезеңi iшiнде енгiзiлген аванстық төлемдер сомалары салық кезеңi үшiн корпорациялық табыс салығы жөніндегі декларация бойынша есептеп шығарылған корпорациялық табыс салығын төлеу есебiне жатқызылады.
4. Салық төлеушi салық кезеңiнің қорытындысы бойынша корпорациялық табыс салығы бойынша түпкiлiктi есеп айырысуды (төлемдi) декларация тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей жүзеге асырады.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңымен 128-бап өзгертілді
128-бап. 29.11.03 ж. № 500-II ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңымен 129-бап өзгертілді
129-бап. Шетелдiк салықты есепке жатқызу
1. Салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде төлеген табыс салығының және Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде алған кiрiстерi бойынша табысқа салынатын салық сомасы Қазақстан Республикасында корпорациялық табыс салығын төлеу кезiнде есепке жатқызылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген есепке жатқызылатын сомалардың мөлшерi салық төлеушiнiң әр мемлекетте алған табыстары бойынша нақты төлеген салық сомасы негiзге алына отырып, әр мемлекет бойынша жеке-жеке анықталады. Есепке жатқызылатын салық сомасының мөлшерi осы табыс бойынша Қазақстан Республикасында осы Кодекстiң 135-бабында белгiленген ставкамен есептелетiндей сомадан аспауға тиiс.
3. Осы баптың 1-тармағы қосарланған салық салуды болғызбау және табыстар мен мүлiктерге салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы халықаралық шарт жасасқан мемлекетте Қазақстан Республикасының резидент болып табылатын жеке және заңды тұлғаларының табыстарынан немесе мүлiктерiнен ұсталған және (немесе) төленген салыққа қолданылмайды, оған осындай халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасында салық салынуға тиiс.
29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 130-бап өзгертілді
130-бап. Салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекеттерде алынған табыс
1. Егер резидентке резидент емес заңды тұлғаның жарғылық капиталының 10 және одан астам процентi тiкелей немесе жанама тиесiлi болса немесе ол салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекетте табыс алатын осы резидент емес заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының 10 және одан астам процентiне ие болса, онда резидент емес заңды тұлға пайдасының резиденттiң мұндай резидент емес заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесiне негiзделе отырып айқындалатын резидент емес тұлғаның резидентке қатысты бөлiгi оның салық салынатын табысына енгiзiледi. Бұл ереже резиденттiң заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызмет ұйымдастырудың басқа нысандарына қатысуына да қолданылады.
1-1. Жеңiлдетiлген салық салынатын елде орналасқан және (немесе) тiркелген резидент емес заңды тұлға пайдасының бiр бөлiгi Қазақстан Республикасы Президентінің салық салынатын табысына қосылатын осы пайданың жалпы сомасы резидент еместің шоғырландырылған қаржылық есептілігiмен расталуға тиiс.
2. Егер шет мемлекетте салық ставкасы осы Кодекске сәйкес айқындалатын салық ставкасының 1/3-iнен аспайтын болса немесе мүлiктің нақты иесi немесе табыстың нақты иесi туралы құпияны сақтауға мүмкiндiк беретiн қаржы ақпаратының немесе компаниялар туралы ақпараттың құпиялығы туралы заңдар болса, ол салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекет ретiнде қаралады.
Мұндай мемлекеттердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
20-тарау. Төлем көзінен ұсталатын салық
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 131-бап өзгертілді
131-бап. Төлем көзiнен салық салынатын табыстар
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, төлем көзiнен салық салынатын табыстарға:
1) дивидендтер;
2) қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның лицензиялары бар банктердегi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы жеке тұлғалардың салымдары бойынша оларға төленетiн сыйақыларды қоспағанда, депозиттер бойынша сыйақы;
3) ұтыстар;
4) резидент емес тұлғалардың осы Кодекстiң 178-бабына сәйкес айқындалатын, Қазақстан Республикасындағы көздерден алған, осындай резидент еместердiң тұрақты мекемесiмен байланысы жоқ табыстары;
5) уәкiлеттi органның лицензиясы негiзiнде заем операцияларын жүзеге асыратын ұйымдарға төленетiн кредиттер (заемдар) бойынша сыйақыны және резидент банктер мен лизинг берушiлерге төленетiн сыйақыны қоспағанда, заңды тұлғаларға борыштық бағалы қағаздар бойынша төленетiн сыйақыдан басқа сыйақы;
6) резидент-банктерге және жеке тұлғаларға төленетін сыйақыны қоспағанда, эмитент борыштық бағалы қағаздар бойынша шығару шарттарына сәйкес төлейтiн купон түріндегі сыйақы жатады.
1-1. Мыналар:
1) мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақылар және агенттік облигациялар;
2) орналастырылған зейнетақы активтері, пайлық және акционерлік инвестициялық қорлар бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларына және орналастырылған активтер бойынша Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына төленетін инвестициялық кiрiстер;
3) пайлық және акционерлік инвестициялық қорлардың пайлары мен акциялары бойынша дивидендтер төлем көзiнен салық салуға жатпайды.
2. Ұтысты, сыйақыны төлеу кезiнде ұсталған салық сомасы осы салықтың төлем көзiнен ұсталғанын растайтын құжаттар болған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, қызметiн әлеуметтiк салада жүзеге асыратын ұйымдарды және салымдар (депозиттер) жөніндегі сыйақылар бойынша коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда, салық төлеушінің салық кезеңі ішінде есептелген корпорациялық табыс салығының есебiне жатқызылады.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 132-бап өзгертілді
132-бап. Төлем көзiнен ұсталатын салықты есептеп шығару тәртібі
1. Салық сомасын салық агентi төлем көзiнен салық салынатын, төленiп отырған табыс сомасына осы Кодекстiң 135-бабының 2 немесе 3-тармақтарында белгiленген ставканы қолдану жолымен айқындайды.
2. Салық агентi осы Кодекстiң 131-бабында көзделген табыстарды төлеу кезiнде төлем көзiнен ұсталатын салықты табыс төлеу нысаны мен орнына қарамастан ұстап қалуға мiндеттi.
3. Депозитарлық қолхат бойынша кірістерді төлеу көзі осындай депозитарлық қолхаттың базалық активінің эмитенті болып табылады.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 133-бап жаңа редакцияда
133-бап. Төлем көзінен салықты аудару тәртібі
1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық агенттерi төлем жүзеге асырылған ай аяқталғаннан кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей төлем көзiнен ұсталған салық сомаларын аударуға мiндеттi.
2. Төлем көзінен ұсталған салықтардың сомаларын аудару салық агенті орналасқан жер бойынша жүзеге асырылады.
134-бап. Төлем көзiнен ұсталған салық жөніндегі есеп-қисап
Салық агенттерi төлем көзiнен ұсталған салық сомалары бойынша есеп-қисапты тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етуге мiндеттi.
21-тарау. Салық ставкалары
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 135-бап өзгертілді
135-бап. Салық ставкалары
1. Салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес жүргiзiлген түзетулер ескерiлген, осы Кодекстiң 124-бабында белгiленген тәртiппен шеккен залалдары сомасына азайтылған салық салынатын табысы 30 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
Негiзгi өндiрiс құралы жер болып табылатын салық төлеушiнің осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес жүргiзiлген түзетулер ескерiлген, осы Кодекстiң 124-бабында белгiленген тәртiппен шеккен залалдары сомасына азайтылған салық салынатын табысы 10 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
2. Резидент еместердiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын табыстарын қоспағанда, төлем көзiнен салық салынатын табыстар төлем көзiнен 15 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
3. Резидент еместердiң осы Кодекстің 178-бабына сәйкес айқындалатын Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын, осындай резидент еместердiң тұрақты мекемесiмен байланысы жоқ табыстарына осы Кодекстiң 180-бабында белгiленген ставкалар бойынша салық салынады.
4. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның таза табысы корпорациялық табыс салығының үстiне осы Кодекстiң 185-бабында белгiленген тәртiппен 15 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
22-тарау. Салық кезеңі және салық декларациясы
136-бап. Салық кезеңi
1. Күнтiзбелiк жыл корпорациялық табыс салығы үшiн салық кезеңi болып табылады.
2. Егер ұйым күнтiзбелiк жыл басталғаннан кейiн құрылса, оның құрылу күнiнен бастап күнтiзбелiк жылдың аяғына дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн бiрiншi салық кезеңi болып табылады.
Бұл ретте ұйымның оның уәкiлеттi органда мемлекеттік тiркеуге алынған күнi оның құрылған күнi болып саналады.
3. Егер ұйым күнтiзбелiк жылдың аяғына дейiн таратылса, қайта ұйымдастырылса, жыл басталғаннан бастап тарату, қайта ұйымдастыру аяқталған күнге дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн соңғы салық кезеңi болып табылады.
4. Егер күнтiзбелiк жыл басталғаннан кейiн құрылған ұйым осы жылдың аяғына дейiн таратылса, қайта ұйымдастырылса, өзiнiң құрылған күнiнен бастап тарату, қайта ұйымдастыру аяқталған күнге дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн салық кезеңi болып табылады.
ҚР 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңымен 137-бап өзгертілді
137-бап. Салық декларациясы
1. Осы Кодекстің 368-377, 385-397-баптарына сәйкес арнайы салық режимiн қолданатын заңды тұлғаларды және Қазақстан Республикасындағы төлем көздерiнен тек қана төлем көздерiнде салық салынуға тиiс табыс алатын және қызметiн Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырмайтын резидент еместердi қоспағанда, корпорациялық табыс салығын төлеушiлер корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияны салық органдарына есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
2. Корпорациялық табыс салығы жөніндегі декларация декларациядан және корпорациялық табыс салығы бойынша салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер туралы ақпараттарды ашу жөніндегі қосымшалардан тұрады.
5-бөлім. Инвестициялық салық преференциялары
ҚР 08.01.03 ж. № 375-II Заңымен 138-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 138-бап өзгертілді
138-бап. Инвестициялық салық преференциялары
Инвестициялық салық преференциялары корпорациялық табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша беріледі.
Инвестициялық салық преференциялары дегеніміз корпорациялық табыс салығын төлеуден босату не жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мен жаңарту мақсатында инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын салық төлеушi заңды тұлғалардың жылдық жиынтық табысынан қосымша шегерімдер жасауға құқық беру, мұндай салық төлеушілерді жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мен жаңарту мақсатында инвестициялық жоба шеңберінде жаңадан пайдалануға берілген тіркелген активтер бойынша мүлік салығын төлеуден босату, сондай-ақ инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын төлеуден босату.
Инвестициялық салық преференцияларын қолдану үшiн қайта құруға арналып iс жүзiнде жұмсалған шығыстар бөлiгiнде қайта құрылған объектiлердi қоса алғанда, инвестициялық жоба шеңберiнде пайдалануға алғаш енгiзiлгендер жаңадан пайдалануға берiлген тiркелген активтер деп танылады.
ҚР 08.01.03 ж. № 375-II Заңымен 139-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 139-бап өзгертілді; 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 139-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) ; 2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 139 - бап өзгертілді
139-бап. Инвестициялық салық преференцияларын қолдану тәртібі
1. Инвестициялық салық преференциялары (бұдан әрi преференциялар) инвестициялық жобаны iске асыруды жүзеге асыратын салық төлеушi заңды тұлғаларға берiледi.
2. Преференциялар салық төлеушiлерге преференцияларды қолданудың басталу күнiн белгiлейтiн келісім-шартқа (оның нотариалды куәландырылған көшiрмесi салық төлеушiнiң тiркелген жерi бойынша салық органына берiледi) сәйкес мынадай мерзiмдерде:
келісім-шартты жасасу кезiнде шаруашылық қызметтi жүзеге асыратын салық төлеушiлер - тiркелген активтер пайдалануға берiлген жылдан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан бастап;
мемлекеттік қабылдау комиссиялары - жаңадан құрылған салық төлеушiлер өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдаған күннен бастап берiледi.
3. Қызметiн жаңа өндiрiстердi құру жөніндегі инвестициялық жоба (жобалар) шеңберiнде ғана жүзеге асыратын жаңадан құрылған салық төлеушiлер үшiн корпорациялық табыс салығы бойынша преференциялар осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген корпорациялық табыс салығын жүз процентке азайтуға құқық бередi.
4. Қолданыстағы өндiрiстердi кеңейту және жаңарту жөніндегі инвестициялық жобаны iске асыруды жүзеге асыратын және осы баптың 3-тармағындағы талаптарға сай келмейтiн салық төлеушiлер үшiн корпорациялық табыс салығы бойынша преференциялар амортизацияға жатпайтын, осы Кодекстiң 107-бабының 1-тармағының 1) - 8) тармақшаларында көрсетiлген тiркелген активтердi қоспағанда, жылдық жиынтық табыстан инвестициялық жоба шеңберiнде пайдалануға қосылатын тiркелген активтердiң құнын преференцияларды қолдану мерзiмiне байланысты тең үлестермен шегерiмге жатқызуға құқық бередi.
5. Преференциялар беру тәртібі мен шарты Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарында айқындалады.
6. Осы баптың мақсаттары үшiн келісім-шарт жасалған күнтiзбелiк жыл iшiнде мемлекеттік тiркеуден өткен салық төлеушiлер жаңадан құрылған салық төлеушiлер деп танылады.
7. Осы баптың 4-тармағында көзделген корпорациялық табыс салығы бойынша преференцияларды қолдану үшiн салық төлеушi жаңадан iске қосылатын тiркелген активтер бойынша олардың құнын кiшi топтың , топтың құн балансына енгiзбейдi және олар бойынша бөлек есеп жүргiзедi.
8. Мүлiк салығы мен жер салығы бойынша преференцияларды қолдану мерзiмi бiткеннен кейiн салық төлеушi осы Кодекстiң 351-360-баптарында белгiленген тәртiппен мүлiк салығын және 323-344-баптарында белгiленген тәртiппен жер салығын төлей бастайды.
9. Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, корпорациялық табыс салығы бойынша преференцияларды қолдану мерзiмi осы баптың 2-тармағында аталған күннен бастап күнтiзбелiк бес жылдан аспауға тиiс және ол әрбiр жекелеген жағдайда қызмет түрлерiне және тiркелген активтерге инвестициялардың көлемiне қарай айқындалады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі қызмет түрлерiне және тiркелген активтерге инвестициялардың көлемiне қарай корпорациялық табыс салығы бойынша преференцияларды қолданудың осы баптың 2-тармағында аталған күннен бастап күнтiзбелiк он жылдан аспайтын өзге мерзiмiн белгiлей алады.
Мүлiк салығы мен жер салығы бойынша преференцияларды қолдану мерзiмi әрбiр жекелеген жағдайда тiркелген активтерге инвестициялардың көлемiне қарай айқындалады, бiрақ ол осы баптың 2-тармағында аталған күннен бастап бес жылдан аспауға тиiс.
ҚР 08.01.03 ж. № 375-II Заңымен 140-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен 140-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
140-бап. Преференциялардың қолданылуын тоқтату
1. Преференциялардың қолданылуы осы Кодекстің 139-бабының 9-тармағын ескере отырып, келісім-шартта көрсетілген мерзімде тоқтатылады не мұндай мерзім біткенге дейін тоқтатылуы мүмкін.
Преференциялардың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтату тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарында белгіленген жағдайларда оны тараптардың әрқайсысы біржақты тәртіппен жүзеге асыруы мүмкін.
2. Преференциялардың қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде салық төлеуші салықтарды төлейді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапты болады.
ҚР 04.07.03 ж. № 475-II Заңымен 5-1-бөліммен толықтырылды
5-1-бөлiм. Салық төлеушiлердiң жекелеген санаттарына
салық салу ерекшелiктерi
22-1 тарау. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында
қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарға салық салу
29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) ; 2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 140 -1- бап өзгертілді
140-1-бап. Жалпы ережелер
1. Бiр мезгiлде мынадай шарттарға сай келетiн:
1) арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарындағы салық органдарында тiркеу есебiнде тұратын;
2) арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарынан тыс жерлерде құрылымдық бөлiмшелерi жоқ;
3) арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сәйкес келетін қызметтің мынадай түрлері:
бағдарламалық қамтамасыз етудi, деректер базасын және аппараттық құралдарды жобалау, әзiрлеу, енгізу және олардың тәжiрибелiк өндiрiсi мен өндiрiсi;
жасанды иммундық және нейрондық жүйелер негiзiнде жаңа ақпараттық технологияларды жасау;
ақпараттық технологиялар саласында жобаларды жасау және енгізу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргізу;
киімнен басқа, дайын тоқыма бұйымдарын өндіру;
трикотаж бұйымдарын өндіру;
тоқыма материалдарынан киім өндіру бойынша өз өндірісі тауарларын (жұмыстарын, көрсетілетін қызметтерін) өткізуден алуға жататын (алынған) табыстары жылдық жиынтық табысының кемінде 90 процентін құрайтын заңды тұлғалар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметін жүзеге асыратын ұйымдар деп танылады.