4. Егер ұйымдастырушының немесе айдап салушының осы баптың үшiншi бөлiгiнде аталған iс-әрекет орындаушының қылмысты орындауын болдырмауға әкелмесе, олардың қолданған шаралары жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылуы мүмкiн.
27-бап. Қылмысқа қатысу ұғымы
Екi немесе одан да көп адамның қасақана қылмыс жасауға қасақана бірлесiп қатысуы қылмысқа қатысу деп танылады.
28-бап. Қылмысқа қатысушылардың түрлерi
1. Ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесушi орындаушымен бірге қылмысқа қатысушылар деп танылады.
2. Қылмысты тiкелей жасаған немесе оны жасауға басқа адамдармен (қоса орындаушылармен) бірге тiкелей қатысқан адам, сондай-ақ жасына, есiнiң дұрыс еместiгiне немесе осы Кодексте көзделген басқа да мән-жайларға байланысты қылмыстық жауапқа тартуға болмайтын басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты әрекеттi абайсызда жасаған адамдарды пайдалану жолымен қылмыс жасаған адам орындаушы деп танылады.
3. Қылмыс жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық еткен адам, сол сияқты ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық (қылмыстық ұйым) құрған не оларға басшылық еткен адам ұйымдастырушы деп танылады.
4. Басқа адамды азғыру, сатып алу, қорқыту жолымен немесе өзге де жолмен қылмыс жасауға көндiрген адам айдап салушы деп танылады.
5. Кеңестерiмен, нұсқауларымен, ақпарат, қылмысты жасайтын қару немесе құралдар берумен не қылмысты жасауға кедергiлердi жоюымен қылмыстың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ қылмыскердi, қаруды немесе қылмыс жасаудың өзге құралдарын, қылмыстың iзiн не қылмыстық жолмен табылған заттарды жасыруға күнi бұрын уәде берген адам, сол сияқты осындай заттарды сатып алуға немесе өткізуге күнi бұрын уәде берген адам көмектесушi деп танылады.
29-бап. Қылмысқа қатысушылардың жауаптылығы
1. Қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың әрқайсысының қылмыстың жасалуына қатысуының сипатымен және дәрежесiмен айқындалады.
2. Қоса орындаушылар өздерiнiң бірлесiп жасаған қылмысы үшiн осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасамай, осы Кодекстiң нақ бір бабы бойынша жауап бередi.
3. Ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушiнiң жауаптылығы, олар бір мезгiлде қылмысты қоса орындаушылар болып табылатын жағдайларды қоспағанда, жасалған қылмыс үшiн жазаны көздейтiн бап бойынша, осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасай отырып басталады.
4. Орындаушы өзiне тәуелсіз мән-жайлар бойынша қылмысты ақырына дейiн жеткiзбеген жағдайда қылмыстың қалған қатысушылары қылмыс жасауға дайындалуға немесе қылмыс жасауға оқталуға қатысқаны үшiн жауапқа тартылады. Өзiне тәуелсіз мән-жайлар бойынша басқа адамдарды қылмыс жасауға көндiре алмаған адам да қылмыс жасауға дайындалғаны үшiн қылмыстық жауапқа тартылады.
5. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында арнайы аталған, қылмыстың субъектiсi болып табылмайтын, осы бапта көзделген қылмысты жасауға қатысқан адам осы қылмыс үшiн оны ұйымдастырушы, оған айдап салушы не жәрдемдесушi ретiнде қылмыстық жауапқа тартылады.
30-бап. Қылмысқа қатысушының шектен шығушылығы
Қылмысқа қатысушының басқа қатысушылардың ойында болмаған қылмысты жасауы оның шектен шығушылығы деп танылады. Шектен шығушылық үшiн басқа қатысушылар қылмыстық жауапқа тартылмайды.
31-бап. Қылмысқа қатысу нысандары
1. Егер қылмыс жасауға екi немесе одан да көп орындаушы күнi бұрын сөз байласпай бірлесiп қатысса, ол адамдар тобы жасаған қылмыс деп танылады.
2. Егер қылмысқа бірлесiп жасау туралы күнi бұрын уағдаласқан адамдар қатысса, ол адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған қылмыс деп танылады.
3. Егер қылмысты бір немесе бірнеше қылмыс жасау үшiн күнi бұрын бірiккен адамдардың тұрақты тобы жасаса, ол ұйымдасқан топ жасаған қылмыс деп танылады.
4. Егер қылмысты ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстар жасау үшiн құрылған бірiгiп ұйымдасқан топ (ұйым) не нақ сондай мақсатпен құрылған ұйымдасқан топтардың бірлестiгi жасаса, ол қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмыс деп танылады.
5. Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық сыбайластықты (қылмыстық ұйымды) құрған не оларға басшылық еткен адам осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда оларды ұйымдастырғаны және оларға басшылық еткенi, сондай-ақ қылмыстар оның қаскүнемдiк ниетiмен қамтылса, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) жасаған барлық қылмыс үшiн қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс. Ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық сыбайластықтың (қылмыстық ұйымның) басқа қатысушылары осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда оларға қатысқаны үшiн, сондай-ақ өздерi дайындауға немесе жасауға қатысқан қылмыстар үшiн қылмыстық жауапқа тартылады.
6. Ұйымдасқан топ құру осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң баптарында көзделмеген жағдайларда оны жасау үшiн құрылған қылмыстарға дайындалғаны үшiн қылмыстық жауаптылыққа әкелiп соғады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 32-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
32-бап. Қажеттi қорғану
1. Қажеттi қорғану жағдайында қол сұғушы адамға зиян келтiру, яғни қорғанушының немесе өзге бір адамның жеке басын, тұрғын үйiн, меншiгiн, жер учаскесiн және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерiн қоғамдық қауiптi қол сұғушылықтан қол сұғушыға зиян келтiру жолымен қорғау кезiнде, егер бұл орайда қажеттi қорғану шегiнен асып кетушiлiкке жол берiлмеген болса, ол қылмыс болып табылмайды.
2. Барлық адамдардың кәсiби немесе өзге де арнаулы даярлығына және қызмет жағдайына қарамастан тең дәрежеде қажеттi қорғануға құқығы бар. Бұл құқық адамға қоғамға қауiптi қол сұғушылықтан құтылу басқа адамдардың немесе мемлекеттік органдардың көмегiне жүгiну мүмкiндiгiне қарамастан тиесiлi болып табылады.
3. Нәтижесiнде қол сұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтiн зиян келтiрiлетiн, қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамдық қауiптілігi дәрежесiне қорғанудың көрiнеу сай келмеуi қажеттi қорғаныс шегiнен шығу деп танылады. Бұлайша шектен шығу тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады.
Адам өміріне қол сұғушыға не қаруды қолданумен немесе қолдануға әрекет етумен ұштасқан өзге де қол сұғушылыққа тойтарыс беру кезінде адамға зиян келтіру қажетті қорғаныс шегінен шығу болып табылмайды.
33-бап. Қол сұғушылық жасаған адамды ұстау кезiнде зиян келтiру
1. Қылмыс жасаған адамға оны мемлекеттік органдарға жеткізу және оның жаңа қол сұғушылық жасау мүмкiндiгiн тыю үшiн ұстау кезiнде зиян келтiру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкiн болмаса және бұл орайда осы үшiн қажеттi шаралар шегiнен шығуға жол берiлмесе, қылмыс болып табылмайды.
2. Қол сұғушылық жасаған адамды ұстау адамға келтiрiлген зиян жағдай мәжбүр етпейтiн анық шектен тыс зиян қажетсіз келтiрiлген кезде, олардың ұсталатын адам жасаған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптілік дәрежесiне және ұстаудың мән-жайына көрiнеу сай келмеуi ұстау шараларын асыра сiлтеу деп танылады. Бұлайша асыра сiлтеу қасақана зиян келтiрiлген жағдайда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Қол сұғушылық жасаған адамды ұстауға бұған арнаулы уәкiлеттiгi бар адамдармен бірге жәбірленушiлер мен басқа азаматтардың да құқығы бар.
34-бап. Аса қажеттілік
1. Осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге аса қажет болған жағдайда зиян келтiру, яғни белгiлi бір адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн зиян келтiру, егер бұл қауiптi басқа амалдармен жою мүмкiн болмаса және бұл орайда аса қажеттілік шегiнен шығып кетушiлiкке жол берiлмесе, қылмыс болып табылмайды.
2. Құқық қорғау мүдделерiне алды алынғанға тең немесе одан гөрi елеулi зиян келтiрiлген, төнген қатердiң сипаты мен дәрежесiне және қатер жойылған жағдайға көрiнеу сәйкес келмейтiн зиян келтiру аса қажеттілік шегiнен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығушылық тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана жауаптылыққа әкеп соғады.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңына сәйкес 34-1-баппен толықтырылды
34-1-бап. Жедел-іздестіру шараларын жүзеге асыру
1. Уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерінің не осы органмен қызметтес өзге адамның осындай органның тапсырмасы бойынша жедел-іздестіру шараларын орындауы кезінде заңға сәйкес жасаған әрекетімен осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге келтірген зияны, егер бұл әрекет бір топ адам, алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмысты болғызбау, анықтау, ашу немесе тергеу мақсатымен жасалса, сондай-ақ егер құқық қорғау мүдделеріне келтірілген зиян аталған қылмыстармен келтірілетін зиянға қарағанда онша мәнді болмаса және егер оларды болғызбау, ашу немесе тергеу, сол сияқты қылмыс жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеуді өзге тәсілмен жүзеге асыру мүмкін болмаса, қылмыс болып табылмайды.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері адамның өміріне немесе денсаулығына қатер, экологиялық апат, қоғамдық қасірет немесе өзге де ауыр зардаптар қатерін төндіретін әрекет жасаған адамдарға қолданылмайды.
35-бап. Орынды тәуекел ету
1. Қоғамдық пайдалы мақсатқа қол жеткізу үшiн орынды тәуекел еткен ретте осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыс болып табылмайды.
2. Егер аталған мақсатқа тәуекелмен байланыссыз iс-әрекетпен (әрекетсіздiкпен) қол жеткiзiлмейтiн болса және тәуекелге жол берген адам осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуiн болғызбау үшiн жеткiлiктi шаралар қолданса, тәуекел орынды деп танылады.
3. Егер тәуекел ету адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына көрiнеу қатер төндiруге, экологиялық апатқа, қоғамдық күйзелiске немесе өзге де ауыр зардаптарға ұштасатын болса, тәуекел ету орынды деп танылмайды.
36-бап. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу
1. Егер күштеп мәжбүрлеудiң салдарынан адам өзiнiң iс-әрекетiне (әрекетсіздiгiне) ие бола алмаса, күштеп мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыс болып табылмайды.
2. Психикалық мәжбүрлеудiң нәтижесiнде, сондай-ақ күштеп мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiргенi үшiн соның салдарынан адам өзiнiң iс-әрекетiне басшылық жасау мүмкiндiгiн сақтаған қылмыстық жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 34-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.
37-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау
1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау жөнiнде iс-әрекет жасаған адамның осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiруi қылмыс болып табылмайды. Мұндай зиян келтiрiлгенi үшiн заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам қылмыстық жауапқа тартылады.
2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындағаны үшiн қасақана қылмыс жасаған адам жалпы негiздерде қылмыстық жауапқа тартылады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау қылмыстық жауаптылыққа ұшыратпайды.
III бөлiм. Жаза
38-бап. Жаза ұғымы мен оның мақсаттары
1. Жаза дегенiмiз соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодекспен көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
2. Жаза әлеуметтiк әдiлеттіліктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстар жасауынан сақтандыру мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
09.12.04 ж. № 10-III Заңымен 39-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
39-бап. Жазаның түрлерi
1. Қылмыс жасады деп танылған адамдарға мынадай негiзгi жазалар:
а) айыппұл салу;
б) белгiлi бір лауазымды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыру;
в) қоғамдық жұмыстарға тарту;
г) түзеу жұмыстары;
д) әскери қызмет бойынша шектеу;
е) бас бостандығын шектеу;
ж) қамау;
з) тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау;
и) бас бостандығынан айыру;
к) өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн.
2. Сотталғандарға негiзгi жазалардан басқа мынадай қосымша жазалар:
а) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру;
б) мүлкiн тәркiлеу қолданылуы мүмкiн.
3. Айыппұл салу және белгiлi бір лауазымды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыру және қоғамдық жұмыстарға тарту жазалаудың негiзгi де, қосымша да түрлерi ретiнде қолданылуы мүмкiн.
40-бап. Айыппұл
1. Айыппұл осы Кодексте көзделген шекте, заңмен белгiленген және жаза тағайындау сәтiне қолданылып жүрген айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бір мөлшерiне сәйкес келетiн мөлшерде не сотталған адамның жалақысының немесе ол қылмыс жасаған сәтiне белгiлi бір кезең iшіндегі өзге де табысының мөлшерiнде тағайындалатын ақша өндiрiп алу.
2. Айыппұл Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма бестен жиырма мыңға дейiнгi шегiнде немесе сотталған адамның жалақысының немесе екi аптадан бір жылға дейiнгi кезеңдегi өзге де табысының мөлшерiнде тағайындалады. Айыппұлдың мөлшерiн жасалған қылмыстың ауырлығы мен сотталған адамның мүлiктiк жағдайын ескере отырып сот белгiлейдi.
3. Айыппұл жазалаудың қосымша түрi ретiнде осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкiн.
4. Жазалаудың негiзгi түрi ретiнде тағайындалған айыппұлды төлеуден әдейi жалтарған жағдайда ол, осы Кодекстiң 42, 43 және 46-баптарында көзделген ережелер сақтала отырып, қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартумен немесе тиiсiнше бір ай түзеу жұмыстары есебiнен қамаумен, немесе сексен сағат қоғамдық жұмыстарға тартумен, немесе айыппұл сомасы орнына тиiсiнше айлық есептiк көрсеткiштiң үш еселенген мөлшерi есебiнен он күндiк қамаумен ауыстырылады.
ҚР 25.09.03 ж. № 484-II (бұр. ред. қара) ; 2005.08.07 № 67-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 41-бап өзгертілді
41-бап. Белгiлi бір лауазымды атқару немесе белгiлi бір
қызметпен айналысу құқығынан айыру
1. Белгiлi бір лауазымды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыру мемлекеттік қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында белгiлi бір лауазымды атқаруға, не белгiлi бір кәсiптiк немесе өзге де қызметпен айналысуға тыйым салудан тұрады.
2. Белгiлi бір лауазымды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазаның негiзгi түрi ретiнде бір жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге және жазаның қосымша түрi ретiнде алты айдан үш жылға дейiнгi мерзiмi белгiленедi.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшiн белгілi бір лауазымдарды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазаның негiзгі түрi ретiнде үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге және жазаның қосымша түрi ретiнде бір жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге белгiленедi.
3. Белгiлi бір лауазымды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан қосымша жаза ретiнде айыру, егер сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптілік дәрежесiн және кiнәлi адамның жеке басын ескере отырып, оның белгiлi бір лауазымды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығының сақталуы мүмкiн емес деп таныса, ол осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi бапта көзделмеген жағдайда да тағайындалуы мүмкiн.
4. Бұл жазаны бостандығын шектеуге, қамауға алуға, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауға немесе бас бостандығынан айыруға қосымша жаза ретiнде тағайындау кезiнде ол жазалаудың аталған негiзгi түрлерiн өтеудiң барлық уақытына қолданылады, бірақ бұл орайда оның мерзiмi олардың өтелген сәтiнен бастап есептеледi. Жазалаудың басқа негiзгi түрлерiне қосымша жаза түрi ретiнде белгiлi бір лауазымдарды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыру тағайындалған жағдайда, сондай-ақ шартты түрде сотталған кезде оның мерзiмi үкiм заңды күшiне енген сәттен бастап есептеледi.
Ескертулер.
1. Осы Кодекстiң 176-бабы үшінші бөлігінің г) тармағында, 193-бабының үшiншi бөлiгiнiң а) тармағында, 209-бабының үшінші бөлігінiң а) тармағында, 307-бабында, 308-бабының төртiншi бөлiгiнiң в) тармағында, 310-315-баптарында, 380-бабында көзделген қылмыстар сыбайлас жемқорлық қылмыстар деп танылады.
2. Осы Кодекстiң 164, 168-171, 233-3, 236-баптарында, 337-бабының екiншi және үшінші бөлiктерiнде, 337-1-бабында көзделген қылмыстар экстремизмнің белгiлерi бар қылмыстар деп танылады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұрынғы ред. қара) Заңдарына сәйкес 42-бап өзгертілді
42-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту
1. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның негiзгi жұмыстан немесе оқудан бос уақытта тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады, олардың түрлерiн жергiлiктi атқарушы органдар немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары белгiлейдi.
2. Қоғамдық жұмыстар алпыс сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiн белгiленедi және күнiне төрт сағаттан аспайтын уақытта өтеледi. Қоғамдық жұмыстардан әдейi жалтарған жағдайда олар осы Кодекстiң тиiсiнше 45 және 46 және 48-баптарында көзделген мерзiмдер шегiнде бас бостандығын шектеумен, қамауға алумен немесе бас бостандығынан айырумен ауыстырылады. Бұл орайда сотталған адамның қоғамдық жұмыстарды өтеген уақытын есептеген кезде, бас бостандығын шектеудiң немесе қамауға алудың немесе бас бостандығынан айырудың бір күнi қоғамдық жұмыстардың төрт сағатына есептеледi.
3. Әскери қызметшiлерге, елу бес жастан асқан әйелдер мен алпыс жастан асқан еркектерге, жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, бірiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге қоғамдық жұмысқа тарту тағайындалмайды.
43-бап. Түзеу жұмыстары
1. Түзеу жұмыстары екi айдан екi жылға дейiн мерзiмге белгiленедi және сотталған адамның жұмыс орны бойынша өтеледi.
2. Түзеу жұмыстарына сотталған адамның табысынан соттың үкімімен белгiленген мөлшерде, бес проценттен жиырма процентке дейiнгi шекте мемлекеттің кiрiсiне ұстап қалу жүргiзiледi.
3. Еңбекке жарамсыз деп танылған, тұрақты жұмысы жоқ немесе оқу орнында өндiрiстен қол үзiп оқитын адамдарға түзеу жұмыстарын тағайындауға болмайды. Мұндай адамдарға, егер осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi баптың санкциясымен айыппұл түрiнде жаза көзделмеген болса, бір ай түзеу жұмысы үшiн заңмен белгiленген бір айлық есептi көрсеткiшке тең айыппұл сомасының есебiнен сот түзеу жұмыстарының орнына айыппұл тағайындауы мүмкiн. Егер аталған мән-жайлар жазаны өтеу кезiнде пайда болса, сот түзеу жұмыстарын айыппұл салумен де ауыстыра алады.
4. Түзеу жұмыстарына сотталған адам жазасын өтеуден әдейi жалтарған жағдайда сот түзеу жұмыстарының өтелмеген мерзiмiн нақ сол мерзiмге бас бостандығын шектеу, қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түрiнде жазалауға ауыстыра алады.
44-бап. Әскери қызмет бойынша шектеу
1. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген, сотталған әскери қызметшiлерге, сондай-ақ шақыру бойынша әскери қызметiн өтеп жүрген офицерлерге осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда әскери қызметке қарсы қылмыс жасағаны үшiн, сондай-ақ келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген, сотталған әскери қызметшiлерге осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген түзеу жұмысының орнына үш айдан екi жылға дейiнгi мерзiмге әскери қызмет бойынша шектеу тағайындалады.
2. Әскери қызмет бойынша шектеуге сотталған адамның үлес қаражатынан соттың үкімімен белгiленген, бірақ жиырма проценттен аспайтын мөлшерде мемлекеттің кiрiсiне ақша ұсталып қалады. Осы жазаны өтеу уақытында сотталған адамның лауазымын, әскери атағын көтеруге болмайды, ал жаза мерзiмi кезектi әскери атақ беру үшiн еңбек сiңiрген жылдар мерзiмiне есептелмейдi.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 45-бап жаңа редакцияда (бұрынғы ред. қара)
45-бап. Бас бостандығын шектеу
1. Бас бостандығын шектеу соттың сотталған адамға оның бас бостандығын шектейтін белгілі бір міндеттер жүктеуінен тұрады және қоғамнан оқшауламай бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімге мамандандырылған органның қадағалауымен оның тұрғылықты жері бойынша өтеледі. Өзге жаза (қоғамдық жұмыстарға немесе түзеу жұмыстарына тарту) бас бостандығын шектеуге ауыстырылған жағдайда, ол бір жылға жетпейтін мерзімге тағайындалуы мүмкін.
Сот бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындай отырып, сотталған адамға: мамандандырылған органға хабарламай түрақты түратын, жұмыс істейтін және оқитын жерін өзгертпеу, мамандандырылған органның рұқсатынсыз белгілі бір жерлерге бармау, оқудан және жұмыстан бос уақытта тұрғылықты жерінен кетпеу, басқа да жерлерге бармау міндеттерін орындауды жүктейді. Сот, бас бостандығын шектеуге сотталған адамға оның түзелуіне ықпал ететін басқа да міндеттерді орындауды: алкогольге салынудан, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, жыныс жолдары арқылы жүғатын аурулардан емделу курсынан өтуді, отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыруды жүктей алады.
2. Бас бостандығын шектеуге сотталған адам жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда сот бас бостандығын шектеудің өтелмеген мерзімін нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен ауыстыра алады. Бүл ретте бас бостандығын шектеуді өтеу уақыты бас бостандығын шектеудің бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебінен бас бостандығынан айыру мерзіміне есептеледі.
3. Бас бостандығын шектеу ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы бар адамдарға, әскери қызметшілерге, сондай-ақ түрақты түратын жері жоқ адамдарға қолданы лмай ды.
4. Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу кезеңінде сот сотталған адамның мінез-қүлқын қадағалауды жүзеге асыратын органның үсынысы бойынша сотталған адамға бүрын белгіленген міндеттердің күшін толық немесе ішінара жоя алады.
09.12.04 ж. № 10-III Заңымен 46-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
46-бап. Қамау
1. Қамау сотталған адамды тағайындалған жазаның бүкiл мерзiмiнде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайында ұстау болып табылады.
2. Қамау бір айдан алты айға дейiнгi мерзiмге белгiленедi. Қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары немесе айыппұл салу қамаумен ауыстырылған жағдайда ол кемiнде бір ай мерзiмге тағайындалуы мүмкiн.
3. Қамау үкiм шығару кезiнде он сегiз жасқа толмаған адамдарға, сондай-ақ жүктi әйелдер мен кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қолданылмайды.
4. Әскери қызметшiлер қамауды абақтыда өткiзедi.
47-бап. Тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау
1. Шақыру бойынша мерзiмдi әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлерге, сондай-ақ қатардағы және сержанттық құрам қызметтерiнде келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлерге, егер олар сот үкiм шығарған кезде заңда белгiленген шақыру бойынша қызмет өткеру мерзiмiн бiтiрмесе, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау тағайындалады. Бұл жаза әскери қылмыстар жасағаны үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi баптарда көзделген жағдайда, сондай-ақ сот iстiң мән-жайы мен кiнәлiнiң жеке басын ескере отырып, екi жылдан аспайтын мерзiмге бас бостандығынан айырудың орнына дәл сол мерзiмге тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаған дұрыс деп тапқан жағдайда үш айдан екi жылға дейiнгi мерзiмге белгiленедi. Бас бостандығынан айырудың орнына тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау бұрын бас бостандығынан айыру түрiнде жазасын өтеген адамдарға қолданылмайды.
2. Бас бостандығынан айырудың орнына тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау кезiнде тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау мерзiмi тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаудың бір күнi үшiн бас бостандығынан айырудың бір күнi есебiмен белгiленедi.
05.05.00 ж. № 47-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 48-бап өзгертілді
48-бап. Бас бостандығынан айыру
1. Бас бостандығынан айыру сотталушыны колония-қонысқа жiберу, жалпы, қатаң, ерекше режимдегi түзеу колониясына немесе түрмеге отырғызу жолымен оқшаулаудан тұрады.
2. Үкiм шығару кезiнде он сегiз жасқа толмай бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жалпы немесе күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колонияларына орналастырылады.