2) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамды қайта ұйымдастыру не тарату туралы мәселені қараса;
3) артықшылықты акция бойынша дивиденд оны төлеу үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап үш ай ішінде толық мөлшерінде төленбесе, артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын береді.
5. Құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшының шешімі) немесе акционерлердің жалпы жиналысы жарғылық капиталды қалыптастыруға және дивидендтер алуға қатыспайтын "алтын акцияны" енгізуі мүмкін. "Алтын акция" иесінің акционерлердің жалпы жиналысының, директорлар кеңесі мен атқарушы органның шешімдеріне қоғам жарғысында белгіленген мәселелер бойынша вето қою құқығы болады. "Алтын акция" куәландырған вето қою құқығы басқаға берілмеуге тиіс.
14-бап. Қоғам акционерлерінің құқықтары
1. Қоғам акционерінің:
1) осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген тәртіппен қоғамды басқаруға қатысуға;
2) дивидендтер алуға;
3) қоғамның қызметі туралы ақпарат алуға, оның ішінде акционерлердің жалпы жиналысында немесе қоғамның жарғысында белгіленген тәртіппен қоғамның қаржы есептілігімен танысуға;
4) тіркеушіден немесе нақтылы ұстаушыдан оның бағалы қағаздарға меншік құқығын растайтын үзінді көшірмелер алуға;
5) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысына қоғамның директорлар кеңесіне сайлау үшін кандидатура ұсынуға;
6) қоғамның органдары қабылдаған шешімге сот тәртібімен дауласуға;
7) қоғамға оның қызметі туралы жазбаша сауал салуға және қоғамға сауал келіп түскен күннен бастап отыз күн ішінде дәлелді жауаптар алуға;
8) қоғам таратылған кезде мүліктің бір бөлігіне;
9) осы Заңда белгіленген тәртіппен өз акцияларына айырбасталатын қоғамның акцияларын немесе басқа да бағалы қағаздарын артықшылықпен сатып алуға құқығы бар.
2. Ірі акционердің, сондай-ақ:
1) акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруды талап етуге немесе директорлар кеңесі акционерлердің жалпы жиналысын шақырудан бас тартқан жағдайда оны шақыру туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге;
2) директорлар кеңесіне осы Заңға сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіне қосымша мәселелер енгізуді ұсынуға;
3) директорлар кеңесінің отырысын шақыруды талап етуге;
4) өз есебінен аудиторлық ұйымның қоғам аудитін жүргізуін талап етуге құқығы бар.
3. Акционерлердің осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген құқықтарын шектеуге жол берілмейді.
Қоғамның жарғысында акционерлердің өзге де құқықтары көзделуі мүмкін.
15-бап. Қоғам акционерлерінің міндеттері
1. Қоғамның акционері:
1) акцияларды төлеуге;
2) осы акционерге тиесілі акцияларды тіркеуші мен нақтылы ұстаушыға қоғамның акцияларын ұстаушылардың тізілімін жүргізуге қажетті мәліметтердің өзгерісі туралы он күн ішінде хабарлауға;
3) қоғам немесе оның қызметі туралы қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты жария етпеуге;
4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленген басқа да міндеттерді орындауға міндетті.
2. Акционердің осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген талаптарды орындамауының салдары үшін қоғам мен тіркеуші жауапты болмайды.
16-бап. Қоғамның бағалы қағаздарын басымдықпен сатып алу құқығы
1. Жарияланған акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарды орналастыру, сондай-ақ бұрын сатып алынған осы бағалы қағаздарды орналастыру ниеті бар қоғам оларды сатқанға дейін отыз күн ішінде жазбаша хабар жіберу немесе баспасөз басылымында жариялау арқылы өз акционерлеріне тең жағдайлармен, өздерінде бар акцияларға барабар, бағалы қағаздарды орналастыру туралы шешім қабылдаған қоғамның органы белгілеген баға бойынша бағалы қағаздарды сатып алуды ұсынуға міндетті. Бұл орайда қоғамның жай акцияларын иеленетін акционердің жай акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарын басымдықпен сатып алу құқығы бар, ал қоғамның артықшылықты акцияларын иеленуші акционердің қоғамның артықшылықты акцияларын басымдықпен сатып алу құқығы бар.
2. Қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығын іске асыру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
17-бап. Қоғамның жарияланған акцияларын шығаруды мемлекеттік тіркеу
1. Қоғам жарияланған акциялардың шығарылуын мемлекеттік тіркеу үшін оның заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген күнінен немесе акционерлердің жалпы жиналысы жарияланған акциялар санын көбейту туралы шешім қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде құжаттарды табыс етуге міндетті.
Егер қоғамның жарғысында бұл мәселе акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылмаса, қоғамның акцияларын оның жарияланған акциялары саны шегінде орналастыру туралы шешімді қоғамның директорлар кеңесі қабылдайды.
2. Жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тіркеу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
18-бап. Қоғамның акцияларын орналастыру
1. Қоғам өз акцияларын олардың шығарылуын мемлекеттік тіркеуден кейін орналастыруға құқылы.
Акцияларды орналастыру аукциондар, жазылым арқылы жүзеге асырылады.
Халықтық акционерлік қоғамның өз акцияларын жазылым арқылы орналастыруға құқығы жоқ.
2. Қоғамның жазылым арқылы орналастырылатын акциялары директорлар кеңесі белгілеген орналастыру бағасы бойынша сатылуға тиіс, бұл орайда акцияларды орналастыру бағасы осы орналастыру шегінде акцияларды сатып алушы барлық тұлғалар үшін бірыңғай болуға тиіс.
19-бап. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тізілімі
1. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тізілімін жасауды, жүргізуді және сақтауды қоғамның тіркеушісі ғана жүзеге асыра алады, ол қоғамның және оның аффилиирленген тұлғаларының аффилиирленген тұлғасы болмауға тиіс.
2. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тізілімін жасау, жүргізу және сақтау, сондай-ақ ол бойынша уәкілетті органға ақпарат беру тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарында белгіленеді.
3. Қоғам өз акциялары шығарылымын мемлекеттік тіркеу мақсатында уәкілетті органға құжаттар табыс етілгенге дейін қоғамның акцияларын ұстаушылардың тізілімін жасау, жүргізу және сақтау жөніндегі қызмет көрсету туралы қоғамның тіркеушісімен шарт жасасуға міндетті.
4. Орналастырылатын акция толық төленгенге дейін қоғамның осы акцияны қоғам акцияларын ұстаушылардың тізіліміндегі оны сатып алушының шотына есептеу туралы бұйрық беруге құқығы жоқ.
20-бап. Қоғам акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есеп беру
1. Қоғам уәкілетті органға қоғамның жарияланған акцияларын толық орналастырғанға дейін не оларды толық орналастырғаннан кейін әрбір алты айдың (есепті жарты жылдық аяқталғаннан кейін бір ай ішінде) қорытындылары бойынша өз акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есеп беруге міндетті.
2. Акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептің мазмұнын және оны табыс ету тәртібін, сондай-ақ осы есепті қарау және бекіту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
21-бап. Қоғамның орналастырылатын акцияларын төлеу
1. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның орналастырылатын акцияларын төлеуге ақша, мүліктік құқықтар (соның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар) және өзге де мүлік енгізілуі мүмкін.
Ақшадан басқа, өзге де мүлікпен төлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген лицензия негізінде әрекет ететін бағалаушы белгілейтін баға бойынша жүзеге асырылады.
2. Егер қоғамның орналастырылатын акцияларын төлеуге мүлікті пайдалану құқығы енгізілсе, мұндай құқықты бағалау осы мүлікті пайдалануға төленетін ақының мөлшері негізге алына отырып, қоғамның оны пайдаланған бүкіл мерзіміне жүргізіледі. Аталған мерзім біткенге дейін қоғам акционерлері жалпы жиналысының келісімінсіз мұндай мүлікті алып қоюға тыйым салынады.
3. Қоғамға өзінің жарияланған акцияларын бағалы қағаздардың бастапқы рыногында орналастырған кезде оларды өзі сатып алуына жол берілмейді.
22-бап. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер
1. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді қоспағанда, қоғамның акциялары бойынша дивидендтер акционерлердің жалпы жиналысында қоғамның дауыс беретін акцияларының жай көпшілігімен дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған жағдайда ақшалай немесе қоғамның бағалы қағаздарымен төленеді.
Қоғамның акциялары бойынша оның бағалы қағаздарымен дивидендтер төлеуге акционердің жазбаша келісімі болған кезде осындай төлем қоғамның жарияланған акцияларымен және ол шығарған облигациялармен жүзеге асырылатын жағдайда ғана жол беріледі.
Дивидендтерді алуға құқығы бар акционерлердің тізімі дивидендтер төлеу басталатын күннің алдындағы күні жасалуға тиіс.
2. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеудің кезеңділігі қоғамның жарғысымен және (немесе) акцияларды шығару проспектісімен белгіленеді.
3. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеу төлем агенті арқылы жүргізілуі мүмкін. Төлем агентінің қызметіне ақы қоғам есебінен төленеді.
4. Орналастырылмаған немесе қоғамның өзі сатып алған акциялар бойынша дивидендтер есептелмейді және төленбейді.
5. Қоғамның жай және артықшылықты акциялары бойынша:
1) өз капиталының теріс мөлшері болған жағдайда немесе егер қоғамның өз капиталының мөлшері оның акциялары бойынша дивидендтер төлеу нәтижесінде теріс болса;
2) егер қоғам Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес төлем қабілетсіздігі немесе дәрменсіздік белгілеріне сәйкес келсе не аталған белгілер қоғамда оның акциялары бойынша дивидендтер төлеу нәтижесінде пайда болса;
3) егер сот немесе қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы оны тарату туралы шешім қабылдаса, дивидендтер төлеуге жол берілмейді.
6. Акционер қоғам берешегінің жиналып қалу мерзіміне қарамастан, алынбаған дивидендтерді төлеуді талап етуге құқылы.
Дивидендтер оларды төлеу үшін белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда акционерге дивидендтердің негізгі сомасы және ақша міндеттемесін немесе оның тиісті бөлігін орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негізге ала отырып есептелетін өсімпұл төленеді.
7. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтерді есептемейді және төлемейді.
23-бап. Жай акциялар бойынша дивидендтер
1. Егер қоғамның жарғысында көзделсе, қоғамның жай акциялары бойынша тоқсанның немесе жарты жылдықтың қорытындылары бойынша дивидендтер төлеу директорлар кеңесінің шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
Қоғамның жай акциялары бойынша жыл қорытындысы бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімді акционерлердің жылдық жалпы жиналысы қабылдайды.
Қоғамның аталған органдары қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдап, оны қабылдаған күнінен бастап он күн ішінде баспасөз басылымында міндетті түрде жариялауға құқылы.
2. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бұл шешім баспасөз басылымында жариялануға тиіс.
3. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімде мынадай мәліметтер:
1) қоғамның атауы, орналасқан жері, банк және өзге де реквизиттері;
2) дивидендтер төленетін кезең;
3) бір жай акцияға шаққандағы дивидендтің мөлшері;
4) дивидендтер төлеудің басталатын датасы;
5) дивидендтер төлеудің тәртібі мен нысаны болуға тиіс.
24-бап. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер
1. Осы Заңның 22-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлеу қоғам органының шешімін талап етпейді.
Артықшылықты бір акцияға дивидендтер төлеу кезеңділігі және дивидендтің мөлшері қоғамның жарғысымен белгіленеді. Артықшылықты акциялар бойынша есептелетін дивидендтердің мөлшері жай акциялар бойынша осы кезең үшін есептелетін дивидендтердің мөлшерінен аз болмауы керек.
Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер толық төленгенге дейін оның жай акциялары бойынша дивидендтер төленбейді.
2. Артықшылықты акция бойынша дивидендтің кепілдікті мөлшері оның мәні тұрақты және жалпы қолжетімді болған жағдайда қайсыбір көрсеткішке қатысты белгіленген түрінде де, индекстеу арқылы да белгіленуі мүмкін.
3. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер төлеу мерзімінің басталуы алдындағы бес жұмыс күні ішінде қоғам баспасөз басылымында осы Заңның 23-бабы 3-тармағының 1), 2), 4), 5) тармақшаларында тізіп келтірілген мәліметтерді көрсете отырып, дивидендтер төлеу, сондай-ақ қоғамның бір артықшылықты акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері туралы ақпарат жариялауға міндетті.
25-бап. Қоғамның акцияларымен мәмілелер жасасу
1. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін дербес немесе өзінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесе отырып сатып алғысы келетін тұлға бұл туралы қоғамға және уәкілетті органға ол белгілеген тәртіппен хабарлама жіберуге міндетті. Хабарламада сатып алынатын акциялардың саны, болжамды сатып алу бағасы туралы мәліметтер және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өзге де мәліметтер болуға тиіс.
2. Акционерлердің қоғам акцияларын сатуына қоғамның кедергі жасауға құқығы жоқ. Қоғамның акцияларын сатқысы келетін тұлғаға қоғамның оларды қоғамның өзінің немесе үшінші тұлғалардың ұсынылған бағадан жоғары баға бойынша сатып алуы туралы ұсыныс жасауға құқығы бар. Сатып алу туралы ұсыныста акциялардың саны, бағасы және акцияларды үшінші тұлғалар сатып алған жағдайда сатып алушылардың реквизиттері туралы мәліметтер болуға тиіс.
3. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін дербес немесе өзінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесе отырып сатып алған тұлға сатып алған күннен бастап отыз күн ішінде қалған акционерлерге қоғамның оларға тиесілі акцияларын сатуға ұсынысты баспасөз басылымында жариялауға міндетті. Акционер өзіне тиесілі акцияларды сату туралы ұсыныс жарияланған күннен бастап отыз күннен аспайтын мерзімде оларды сату туралы ұсынысты қабылдауға құқылы.
Акционерлерге оларға тиесілі акцияларды сату туралы ұсыныста аттарын (атауларын), тұрғылықты жерін (орналасқан жерін), оларға тиесілі акциялардың санын қоса алғанда, қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін сатып алған тұлға және оның аффилиирленген тұлғалары туралы және осы Заңның 69-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын, акцияларды сатып алудың ұсынылып отырған бағасы туралы деректер болуға тиіс.
Акционердің өзіне тиесілі акцияларды сату туралы жазбаша келісімін алған жағдайда сатып алу туралы ұсынысты жариялаған тұлға акцияларды отыз күн ішінде төлеуге міндетті.
Акцияларды сатып алудың осы тармақта аталған тәртібі сақталмаған жағдайда қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін иеленуші тұлға (тұлғалар) өзімен (өздерімен) аффилиирленбеген тұлғаларға қоғамның дауыс беретін акцияларының жиырма тоғыз процентінен асатын акцияларының оған (оларға) тиесілі бір бөлігін иеліктен шығаруға міндетті.
4. Қоғамның өзіне тиесілі акцияларды сату туралы ұсынысқа жауап ретінде өтініш берген акционері осы ұсынысты жариялаған тұлғаның акцияларды сатып алудан бас тартуына сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
26-бап. Орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы бойынша сатып алу
1. Орналастырылған акцияларды сатып алу қоғамның бастамасы бойынша оларды кейіннен сату немесе Қазақстан Республикасының заңдарына және қоғамның жарғысына қайшы келмейтін өзге де мақсаттарда акционердің келісімімен жүргізілуі мүмкін.
2. Егер осы Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында өзгеше белгіленбесе, қоғамның бастамасы бойынша орналастырылған акцияларын қоғамның сатып алуы директорлар кеңесінің шешімі негізінде жүргізіледі.
3. Қоғамның:
1) акционерлердің бірінші жалпы жиналысын өткізгенге дейін;
2) акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есеп бекітілгенге дейін;
3) егер акцияларды сатып алу нәтижесінде қоғамның өз капиталының мөлшері осы Заңда белгіленген ең төменгі жарғылық капиталдың мөлшерінен аз болса;
4) егер акцияларды сатып алу кезінде қоғам Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес төлем қабілетсіздігі не дәрменсіздігі белгілеріне сәйкес келсе не аталған белгілер қоғамда оның барлық талап етілетін немесе сатып алу болжанатын акцияларды сатып алу нәтижесінде пайда болса;
5) егер сот немесе қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы оны тарату туралы шешім қабылдаса, өзінің орналастырылған акцияларын сатып алуға құқығы жоқ.
4. Егер қоғамның бастамасы бойынша оның сатып алынатын орналастырылған акцияларының саны олардың жалпы санынан бір процент асатын болса, ол өз акционерлеріне осындай сатып алу туралы хабарлауға міндетті.
Қоғамның өзі орналастырған акцияларын сатып алуы туралы хабарламасында өзі сатып алатын акциялардың түрлері, саны, бағасы, мерзімі туралы және оларды сатып алу талаптары туралы мәліметтер болуға тиіс және ол баспасөз басылымында жариялануға тиіс.
5. Қоғамның өз акционерлері сатып алуға өтініш берген орналастырылған акцияларының саны қоғамның сатып алуы мүмкін акциялардың санынан асып түскен жағдайда бұл акциялар акционерлерден оларға тиесілі акциялардың санына барабар сатып алынады.
27-бап. Қоғамның орналастырған акцияларды акционердің талап етуі бойынша сатып алуы
1. Қоғам орналастырылған акцияларды сатып алуды қоғам акционерінің талап етуі бойынша жүргізуге тиіс, акционер бұл талапты акционерлердің жалпы жиналысы:
1) қоғамды қайта ұйымдастыру (егер акционер қоғамды қайта ұйымдастыру туралы мәселе қаралған акционерлердің жалпы жиналысына қатысып, оған қарсы дауыс берсе);
2) қоғамның ірі мәміле немесе мүдделі тұлғалардың қатысуымен мәміле жасасуы (егер акционер осындай шешім қабылдау туралы мәселе қаралған акционерлердің жалпы жиналысына қатысып, оны қабылдауға қарсы дауыс берсе);
3) қоғамның жарғысына осы акционерге тиесілі акциялар бойынша құқықтарды шектейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу (егер акционер осындай шешім қабылданған акционерлердің жалпы жиналысына қатыспаса немесе ол осы жиналысқа қатысып, аталған шешімнің қабылдануына қарсы дауыс берсе) жөнінде шешімдер қабылдаған жағдайда қоюы мүмкін.
2. Акционерлердің жалпы жиналысы шешім қабылдаған күннен бастап отыз күн ішінде акционер өзіне тиесілі акцияларды сатып алу туралы қоғамға жазбаша өтініш жіберу арқылы талап қоюға құқылы.
Аталған өтініш алынған күннен бастап отыз күн ішінде қоғам акционерден акцияларды осы Заңның 69-бабының 2-тармағына сәйкес белгіленген бағамен сатып алуға міндетті.
3. Қоғамның өз акционерлері сатып алуға өтініш берген орналастырылған акцияларының саны қоғам сатып алуы мүмкін акциялардың санынан артық болған жағдайда бұл акциялар акционерлерден оларға тиесілі акциялардың санына барабар сатып алынады.
28-бап. Қоғамның орналастырылған акцияларды сатып алуы бойынша шектеулер
1. Қоғам сатып алатын орналастырылған акциялардың саны орналастырылған акциялардың жалпы санының жиырма бес процентінен аспауға тиіс, ал қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алуға жұмсайтын шығыстары:
1) орналастырылған акцияларды акционердің талап етуі бойынша сатып алған кезде - акционерлердің жалпы жиналысында осы Заңның 27-бабының 1-тармағында аталған шешімдердің бірі қабылданған күнгі жағдай бойынша;
2) орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы бойынша сатып алған кезде - қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алу туралы шешім қабылданған күнгі жағдай бойынша оның өз капиталы мөлшерінің он процентінен аспауға тиіс.
2. Қоғам сатып алған акциялар оның акционерлері жалпы жиналысының кворумын анықтаған кезде есепке алынбайды және онда дауыс беруге қатыспайды.
29-бап. Қоғам акцияларына опциондар
1. Қоғам Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарына сәйкес мынадай талаптар сақталған жағдайда, қоғам шығаратын акцияларды сатып алуына опциондар жасасуға құқылы:
1) қоғамның осындай опциондар нысанасы болып табылатын акцияларының саны қоғамның жарияланған және орналастырылған акцияларының саны арасындағы айырмадан аспауға тиіс;
2) халықтық акционерлік қоғамның, қоғамның орналастырылған акцияларының жалпы санының бір және одан да көп проценті болатын мөлшердегі қоғам акциялары нысанасы болып табылатын опциондар жасасуы акционерлердің жалпы жиналысының рұқсатымен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, қоғамға оның өзі орналастырған акцияларды сатып алуға міндеттенетін опциондар жасасуға тыйым салынады.
3. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар опциондар жасаса алмайды.
30-бап. Қоғамның айырбасталатын бағалы қағаздары
1. Қоғам айырбасталатын бағалы қағаздарды шығаруға оның жарғысында мұндай шығару мүмкіндігі көзделген жағдайда ғана құқылы.
Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдардың айырбасталатын бағалы қағаздарды шығаруға құқығы жоқ.
2. Қоғамның акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздарын шығаруға қоғамның жарияланған және орналастырылған акциялары арасындағы айырма шегінде жол беріледі.
3. Қоғамның бағалы қағаздарын айырбастау талаптары мен тәртібі айырбасталатын бағалы қағаздарды шығару проспектісімен белгіленеді.
31-бап. Қоғамның бағалы қағаздарын кепілге салу
1. Қоғамның бағалы қағаздарын кепілге салу құқығын қоғам жарғысының ережелерімен шектеуге немесе алып тастауға болмайды.
Егер кепіл талаптарында өзгеше көзделмесе, акционердің дауыс беруге және өзі кепілге салған акция бойынша дивидендтер алуға құқығы болады.
2. Қоғам өзі орналастырған бағалы қағаздарды:
1) кепілге берілетін бағалы қағаздар толық төленген;
2) қоғамның бағалы қағаздардың қайталама рыногында сатып алған акцияларын қоспағанда, қоғамға кепілге берілетін және оның кепілінде жатқан бағалы қағаздардың жалпы саны қоғамның орналастырылған акцияларының жиырма бес процентінен аспаған;
3) егер қоғам жарғысында өзгеше белгіленбесе, кепіл туралы шартты директорлар кеңесі мақұлдаған жағдайда ғана кепілге қабылдай алады.
3. Егер кепіл талаптарында өзгеше белгіленбесе, қоғам орналастырған және оның кепілінде жатқан акциялар бойынша дауыс беру құқығы акционерге тиесілі болады. Қоғам өзінде кепілде жатқан акцияларымен дауыс беруге құқылы емес.
4. Қоғамның бағалы қағаздарының кепілін тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарына сәйкес белгіленеді.
29.11.03 ж. № 500-ІІ ҚР Заңымен 32-бап өзгертілді; 13.12.04 ж. № 11-IІІ ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
32-бап. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамның салық берешегiн қоғамның жарияланған акциялары есебiнен өтеу
13.12.04 ж. № 11-IІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Егер жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамның салық берешегiн (бұдан әрі - мерзімі өткен берешек) төлеу мерзімі үш айдан астам өтіп кетсе, Қазақстан Республикасының мемлекет алдындағы салық міндеттемелерінің орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік органы (бұдан әрі - мемлекеттік орган) қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеткізу мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес қоғамның жарияланған акцияларына билік етуін шектеу туралы шешім қабылдауға;
2) қоғамның жарияланған акциялары болмаған немесе олар қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеуге жеткіліксіз болған жағдайда қоғамның мерзімі өткен берешегін қоғамның жарияланған акцияларын мәжбүрлеп шығартқызып, кейіннен оларды орналастыру арқылы өтеткізу туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.