Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргiзу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 750 Қаулысы
(2013.02.08. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 5 маусымдағы № 408 Қаулысымен күші жойылды
«Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізiледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
ҚР Үкіметінің 2008.29.11. № 1113 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.19.10. № 1078 Қаулысымен (2010 жылғы 10 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ереже өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2010.27.12. № 1416 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.02.08. № 771 Қаулысымен (бұр.ред.қара) ереже жаңа редакцияда
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2005 жылғы 20 шілдедегi
№ 750 қаулысымен
бекiтілген
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу
ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» 2003 жылғы 25 сәуірдегі, «Қызметкер еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» 2005 жылғы 7 ақпандағы, «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі заңдарына сәйкес әзірленді және мүгедектікті әрі еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеудің, сондай-ақ куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін айқындау тәртібін регламенттейді.
2. Мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеуді, сондай-ақ куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін белгілеуді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті аумақтық бөлімшелерінің медициналық-әлеуметтік сараптама және/немесе медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснама және бақылау бөлімдері медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі - МӘС) жүргізу жолымен жүргізеді.
3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) біліктілік - қызметкердің кәсіптік даярлығының дәрежесі, оның күрделілігі белгілі дәрежедегі жұмысты орындау үшін қажетті білімі, ептілігі мен дағдыларының болуы;
2) еңбек қабілеті - жұмыстың орындалу мазмұнына, көлеміне және шарттарына қойылатын талаптарға сәйкес қызметті жүзеге асыру қабілеті;
3) еңбек ету қабілетінен айырылу - қызметкердің жұмысты орындау, қызмет көрсету қабілетінен айырылуы, оның дәрежесі айырылған еңбек ету қабілетіне пайыздық қатынаста көрсетіледі (бұдан әрі - жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу);
4) кәсіп - арнайы даярлықтың және жұмыс тәжірибесінің нәтижесінде алған теориялық білімі мен практикалық машықтар кешенін меңгерген адамның еңбек қызметінің (кәсібінің) түрі;
5) кәсіптік ауру - қызметкердің өзінің еңбек (қызмет) міндеттерін орындауына байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен болған созылмалы немесе қатты ауру;
6) кәсіптік еңбек ету қабілеті - қызметкердің белгілі бір біліктіліктегі, көлемдегі және сападағы жұмысты орындауға қабілеті;
7) кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі (бұдан әрі - КЕА дәрежесі) - қызметкердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау қабілеті төмендеуінің деңгейі;
8) куәландыру - оңалту әлеуеті мен болжамын белгілей және ескере отырып, МӘС жүргізу;
9) куәландырылатын адам - оған қатысты МӘС жүргізілетін адам;
10) медициналық-әлеуметтік сараптама - организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуін бағалау негізінде куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттіліктерін белгіленген тәртіппен айқындау;
11) МӘС әдіснама және бақылау бөлімі - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің МӘС мәселелері бойынша әдіснаманы және бақылауды жүзеге асыратын аумақтық бөлімшесінің бөлімі;
12) МӘС бөлімі - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің МӘС жүргізу жөніндегі аумақтық бөлімшесінің бөлімі. Ауру мен мүгедектіктің деңгейіне, құрылымына қарай МӘС жалпы бейіндегі, мамандандырылған бейіндегі (туберкулезбен ауырған науқастарды, психикасы бұзылған адамдарды куәландыруға (қайта куәландыруға) арналған) және педиатриялық бейіндегі МӘС бөлімдеріне бөлінеді;
13) мүгедек - тіршілік-тынысының шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;
14) мүгедек бала - тіршілік-тынысының шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған он сегіз жасқа дейінгі адам;
15) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі - ОЖБ) - мүгедекті оңалтуды жүргізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімін айқындайтын құжат;
16) мүгедектік - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығының бұзылуы салдарынан адамның тіршілік-тынысының шектелу дәрежесі;
17) мүгедектерді әлеуметтік қорғау - мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөніндегі шаралар кешені;
18) мүгедектерді оңалту - организм функцияларының тұрақты бұзылып денсаулықтың бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуін жоюға немесе мүмкіндігінше толық өтеуге бағытталған медициналық, әлеуметтік және кәсіптік іс-шаралар кешені;
19) оңалту болжамы - оңалту әлеуетін іске асырудың болжамды мүмкіндігі және мүгедекті қоғамға кіріктірудің болжамды деңгейі;
20) оңалту әлеуеті - мүгедек организмінің бұзылған функциялары мен қабілеттерін медициналық, психологиялық және әлеуметтік факторларды талдау негізінде қалпына келтірудің нақты мүмкіндіктерінің көрсеткіші;
21) организм функциялары - организм жүйелерінің физиологиялық (психикалықты қоса алғандағы) функциялары;
22) организм функцияларының бұзылуы - организмнің қызметінде немесе құрылымында туындайтын, олардың нормадан едәуір ауытқуы ретінде қаралатын проблемалар;
23) өндірістік жарақат - өзінің еңбек міндеттерін орындау кезінде алған, еңбек ету қабілетінен айырылуына әкеп соққан, қызметкер денсаулығының зақымдануы;
24) тіршілік-тынысының шектелуі - адамның өзін өзі қарап күту, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу және еңбек қызметімен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінара айырылуы.
2. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу үшін негіздер
4. Медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы (бұдан әрі - ДКК) адамға:
1) организм функциялары тұрақты бұзылған кезде алғаш куәландыру;
2) қайталап куәландыру (қайта куәландыру);
3) медициналық ұйымдардың дәрігерлеріне консультациялық көмек көрсету мақсатында берген МӘС жолдамасы МӘС жүргізу үшін негіздеме болып табылады.
5. Медициналық ұйымдар ауруға, жарақат зардаптарына немесе кемістікке байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізгеннен кейін, анатомиялық кемістіктері немесе организм функцияларының едәуір немесе күрт білінетін бұзылушылықтары бар және оңалту әлеуеті жоқ жазылмайтын ауруларды қоспағанда, уақытша еңбекке жарамсыз болған адамдарды, диагнозы белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін МӘС-ке жібереді.
6. Медициналық ұйымдар қайта куәландырудың кезекті мерзімін ескере отырып, мүгедектерді және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылған адамдарды қайта куәландыруға (қайтадан куәландыруға) жібереді.
7. Медициналық ұйымдардың дәрігерлеріне консультациялық көмек ДКК қорытындысының, медициналық құжаттардың, оның ішінде науқастың консультацияға жолдамасы бар амбулаторлық медициналық картасының негізінде жүргізіледі. МӘС бөлімінің және/немесе МӘС әдіснама және бақылау бөлімінің консультациялық қорытындысы амбулаторлық науқастың медициналық картасына енгізіледі.
8. МӘС-ке жолдама тиісінше, сапалы ресімделмеген кезде МӘС бөлімі тексеру деректері және ұсынылған медициналық құжаттарды талдау негізінде сараптамалық қорытынды шығарады және бұл туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарын, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен 088/у нысанының көшірмесін қоса ұсына отырып, он жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.
3. Куәландыру тәртібі (қайта куәландыру)
9. Куәландырылатын (қайта куәландырылатын) адамға МӘС медициналық ұйымның жолдамасы бойынша:
1) тұрғылықты тұратын (тіркелген) жері бойынша;
2) мамандандырылған мекемелерде емдеуде жүрген жері бойынша;
3) түзеу мекемелерінде және тергеу изоляторларында жүргізіледі.
10. Куәландыру (қайта куәландыру) куәландырылатын адамның немесе оның заңды өкілінің мынадай құжаттар қоса ұсынылған өтініші бойынша жүргізіледі:
1) 088/у нысаны ресімделген күнінен бастап бір айдан кешіктірмей;
2) ДКК қорытындысы (консультацияға жіберу, үйде, стационарда және сырттай куәландыру (қайта куәландыру), ОЖБ қалыптастыру немесе түзетуге жіберу жағдайларында);
3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасы;
4) тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не ауылдық әкімнің анықтамасын). Адамды түзеу мекемесінде немесе тергеу изоляторында ұстау фактісін растайтын анықтама (еркін нысанда);
5) ауру динамикасын талдау үшін амбулаторлық аурудың медициналық картасы, ауру тарихының және зерттеу нәтижелерінің үзінді көшірмелері;
6) жеке сәйкестендіру нөмірінің көшірмесі және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы (жеке басын куәландыратын құжатта жеке сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайларда);
7) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу (немесе қатыспау) фактісін растайтын құжат;
8) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (болған кезде, еңбекке қабілетті жастағы адам ұсынады);
9) уақытша еңбекке жарамсыздығы парағы (анықтамасы) (жұмыс істейтін адам ұсынады);
10) еңбек жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысандағы жазатайым оқиға туралы актінің көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасы (өндірістік жарақат алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан адам ұсынады);
11) Еңбек гигиенасы мен кәсіптік аурулар ұлттық орталығының берілгеніне екі жылдан аспаған қорытындысы (кәсіптік ауруға шалдыққан адам ұсынады);
12) себептік-салдарлық байланысты белгілеген тиісті қызмет саласындағы уәкілетті орган берген құжат (жараланумен, контузиямен, жарақаттанумен, мертігумен, аурумен байланысты мүгедектіктің себебін анықтау кезінде ұсынылады).
11. Егер адам ДКК қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайына байланысты МӘС-ке келе алмаса, онда куәландыру (қайта куәландыру) үйде, стационарда жүргізіледі және куәландырылатын адам тасымалдауға келмейтін және/немесе қызмет көрсетілетін өңірден тыс жерде стационарлық емделуде жүрген жағдайларда - осы Ереженің 10-тармағында айқындалған, куәландырылатын адамның немесе заңды өкілінің келісімімен ұсынылған құжаттардың негізінде сырттай жүргізіледі.
Сырттай куәландырылған (қайта куәландырылған) жағдайда МӘС-ке жолдаманы куәландырылатын адамның орналасқан жері бойынша өңірдің медициналық ұйымы рәсімдейді.
Сырттай мүгедектік және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу куәландырылған адамды мүгедектік белгіленген сәттен бастап алты айдың ішінде бақылап тексеріп, бір жылдан аспайтын мерзімге бір рет айқындалады.
12. МӘС және медициналық ұйымдардың дәрігерлеріне консультациялық көмек ұсынылған құжаттарды (клиникалық-функционалдық, әлеуметтік, кәсіптік және өзге де деректерді) қарау, куәландырылатын адамды тексеру, организм функцияларының бұзылуы мен тіршілік-тынысының, оның ішінде еңбек ету қабілетінің шектелуі дәрежесін бағалау жолымен МӘС бөлімі немесе МӘС әдіснама және бақылау бөлімі басшысының және кемінде екі бас маманның қатысуымен алқалы түрде жүргізіледі.
13. МӘС бөлімінің немесе МӘС әдіснама және бақылау бөлімінің сараптамалық қорытындысы медициналық айғақтар, организмнің негізгі функциялары бұзылуының және осы Ережеге 1, 2, 3, 4-қосымшаларға сәйкес тіршілік-тынысы шектелуінің жіктемесі негізінде организмнің жай-күйі мен тіршілік-тынысының, оның ішінде еңбек ету қабілетінің шектелу дәрежесінің кешенді бағасына орай шығарылады.
14. Организм функцияларының бұзылуы мен тіршілік-тынысының, оның ішінде еңбек ету қабілетінің шектелуі дәрежесіне қарай мүгедек деп танылған адамға бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектік, ал он алты жасқа дейінгі адамға «мүгедек бала» санаты, ал он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі адамға бірінші, екінші, үшінші топтағы «мүгедек бала» санаты белгіленеді.
15. МӘС жүргізу кезінде мынадай мүгедектік себептері айқындалады:
1) жалпы ауру;
2) еңбек жарақаты;
3) кәсіптік ауру;
4) бала кезінен мүгедек;
5) уәкілетті орган себептік-салдарлық байланысты анықтаған жағдайда, әскери іс-қимылдарға қатысуына байланысты, әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде, әскери қызметін өткеру кезінде, әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) атқарумен байланысты емес жазатайым оқиғаның салдарынан алған жаралану, контузия, жарақаттану, мертігу, ауру;
6) уәкілетті орган олардың себептік-салдарлық байланысын анықтаған жағдайда, төтенше экологиялық жағдайлар, оның ішінде иондаушы сәуле әсерінен және/немесе олардың салдарынан алған ауру.
Мүгедектіктің себебі оның себептік-салдарлық байланысын анықтаған уәкілетті орган келтірген тұжырымдармен қатаң сәйкестікте шығарылады.
16. Өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде өндірістік жарақат алған және/немесе кәсіптік ауруға шалдыққан қызметкерді (бұдан әрі - зақым келген қызметкер) МӘС жүргізу кезінде КЕА мынадай себептері белгіленеді:
1) еңбек жарақаты;
2) кәсіптік ауру.
17. Мүгедектік мынадай мерзімдерге:
он алты жасқа дейінгі адамдарға - 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға және он алты жасқа толғанға дейін;
он алты жастан он сегіз жастағы адамдарға - 6 айға, 1 жылға, он сегіз жасқа толғанға дейін;
он сегіз жастан асқан адамдарға - 6 айға, 1 жылға, 2 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленеді.
Адамның айырылған еңбек ету қабілетіне пайыздық қатынаспен көрсетілген жұмысты орындау, қызмет көрсету қабілетінің төмендеу деңгейін сипаттайтын жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі (бұдан әрі - ЖЕА) мынадай мерзімдерге: 6 айға, 1 жылға, 2 жылға немесе міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алу құқығын беретін жасқа толғанға дейін белгіленеді. Мүгедекке ЖЕА дәрежесі кезекті қайта куәландыру мерзімімен белгіленген жағдайда ЖЕА дәрежесі мүгедектік мерзім аяқталғанға дейін белгіленеді.
КЕА дәрежесі мынадай мерзімдерге: 6 айға, 1 жылға, 2 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленеді. Мүгедекке кезекті қайта куәландыру мерзімімен КЕА дәрежесі белгіленген жағдайда КЕА дәрежесі мүгедектік мерзім аяқталғанға дейін белгіленеді.
Мүгедектік мерзімі мен еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі куәландырылатын адамның оңалту әлеуетіне сәйкес белгіленеді.
18. Қайта куәландыру мерзімінсіз мүгедектік он сегіз жастан асқан адамдарға:
1) осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктер;
2) организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулар болған, жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз және мүгедектік тобы тұрақты болған кезде, бірінші топтағы мүгедекті - кемінде төрт жыл, екінші топтағы, үшінші топтағы мүгедекті - кемінде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейін, зейнет жасындағы адамдарға - оңалту болжамы қолайсыз болған кезде белгіленеді.
19. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының зейнетақы төлемдерін алуға құқық беретін жасқа толғанға дейінгі ЖЕА дәрежесі:
1) осы Ережеге 3-қосымшада көзделген қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктері;
2) организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары болған, жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз, ЖЕА дәрежесі тұрақты болған кезде, ЖЕА дәрежесі 80-нен 100 пайызды қоса алғанға дейін адамдарды кемінде төрт жыл, ЖЕА дәрежесі 60-тан 79 пайызды қоса алғанға, ЖЕА дәрежесі 30-дан 59 пайызды қоса алғанға дейін адамдарды кемінде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейін белгіленеді.
20. Қайта куәландыру мерзімінсіз КЕА дәрежесі:
1) осы Ережеге 3-қосымшада көзделген қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктері;
2) организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары болған, жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз, КЕА дәрежесі тұрақты болған кезде, КЕА дәрежесі 90-нан 100 пайызды қоса алғанға дейінгі адамдарды кемінде төрт жыл, КЕА дәрежесі 60-тан 89 пайызды қоса алғанға, КЕА дәрежесі 30-дан 59 пайызды қоса алғанға, КЕА дәрежесі 5-тен 29 пайызды қоса алғанға дейін адамдарды кемінде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейін белгіленеді.
21. МӘС бөлімінің сараптама қорытындысы куәландырылатын адамның осы Ереженің 10-тармағында белгіленген құжаттармен өтініш берген күні шығарылады, диагнозды және организм функцияларының бұзылу дәрежесін қосымша тексеру, емдеу және/немесе куәландырылатын адамды және/немесе куәландырылатын адамның құжаттарын МӘС әдіснама және бақылау бөліміне жіберу арқылы нақтылау қажеттілігі туындаған жағдайда, МӘС бөлімі сараптамалық қорытындыны он жұмыс күні ішінде шығарады.
Куәландырылатын адамның деректері мүгедектерді есепке алу жүйесі деректерінің орталықтандырылған банкіне енгізіледі, онда МӘС актісі, ОЖБ, хаттамалар журналы мен құжаттар, оның ішінде осы Ереженің 27-тармағында көрсетілген, қалыптастырылады.
МӘС актісі мен хаттамалар журналына сараптамалық қорытындыны шығаруға қатысқан МӘС бөлімі немесе МӘС әдіснама және бақылау бөлімі басшысының, бас мамандардың қолы қойылады және мөртаңбамен расталады.
22. Мүгедектерді және еңбек ету қабілетінен айырылған адамдарды қайта куәландыру мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу мерзімі өткеннен кейін бір ай ішінде жүргізіледі.
Мүгедектер мен еңбек ету қабілетінен айырылған адамдар белгіленген мерзімдерді сақтай отырып қайта куәландырудан өтуі тиіс.
23. Жүргізілген оңалту-сараптама диагностикасының нәтижелеріне және мүгедектің бұзылған немесе жоғалтқан организм функцияларын қалпына келтіруге және (немесе) орнын толтыруға бағытталған оңалту іс-шараларын жүргізудің қажеттілігіне байланысты адам мүгедек деп танылған жағдайда МӘС бөлімі ОЖБ әзірлейді.
24. Куәландырылатын адамның осы Ереженің 10-тармағында белгіленген тиісті құжаттарды МӘС бөліміне ұсынған күні мүгедектікті, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу күні болып есептеледі.
Мүгедектік тобы және оны белгілеу күні уақытша еңбекке жарамсыздық парағында немесе уақытша еңбек жарамсыздық туралы анықтамада көрсетіледі.
25. Сараптамалық қорытындыны шығару қиын болған кезде куәландырылатын адамды және/немесе куәландырылатын адамның құжаттарын МӘС бөлімі және/немесе МӘС әдіснама және бақылау бөлімі консультацияға жібереді, қаралып отырған мәселе бойынша сараптамалық қорытынды осы Ереженің 21-тармағына сәйкес шығарылады.
26. Егер куәландырылатын адам мүгедектік себебін ауыстырғысы келсе, МӘС бөліміне себептік-салдарлық байланысты растайтын, осы Ереженің 10-тармағының 5), 10), 11) және 12) тармақшаларында көрсетілген тиісті құжаттарды ұсынған күн мүгедектік себебін өзгерткен күн болып есептеледі.
Мүгедектік себебі «кәсіптік ауруға» немесе «еңбек жарақатына» өзгертілген жағдайда, куәландырылатын адамға бұрын белгіленген мүгедектіктің қалған кезеңіне КЕА дәрежесі туралы анықтама беріледі.
27. Куәландырылатын адамға немесе оның заңды өкіліне:
1) мүгедектік белгіленген жағдайда - мүгедектігі туралы анықтама;
2) ОЖБ әзірленген жағдайда - ОЖБ картасынан үзінді;
3) ЖЕҚ айырылу дәрежесін белгілеген жағдайда - жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтама;
4) КЕҚ айырылу дәрежесін белгілеген жағдайда - кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтама және кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтамадан үзінді көшірме;
5) зақым келген қызметкердің қосымша көмекке және күтім түрлеріне мұқтаждығы айқындалған жағдайларда - зақым келген қызметкердің көмектің қосымша түрлеріне және күтімге мұқтаждығы туралы қорытынды;
6) кезекті қайта куәландыру кезінде мүгедек деп танылмаған жағдайларда - толық оңалтылуы туралы хабарлама беріледі.
Тиісті құжаттардың нысандарын әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
28. МӘС әдіснама және бақылау бөлімі МӘС актісінің, хаттамалар журналының және/немесе мүгедектігі туралы анықтамадан үзінді көшірмелердің, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтамадан үзіндінің, кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтамадан үзіндінің негізінде мүгедектігі және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі және/немесе зақым келген қызметкердің қосымша көмек және күтім түрлеріне мұқтаждығы туралы жазбаша растама:
мүгедектік туралы анықтама, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтама, кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтама, зақым келген қызметкердің қосымша көмек және күтім түрлеріне мұқтаждығы туралы қорытынды жоғалған немесе бүлінген кезде мүгедектің (оның заңды өкілінің) өтініші бойынша;
мүгедектік туралы анықтамадан үзінді көшірме, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтамадан үзінді көшірме, кәсіптік еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтамадан үзінді жоғалған немесе бүлінген кезде әлеуметтік төлемдерді тағайындайтын және жүзеге асыратын органның жазбаша сұратуы бойынша беріледі.
29. Сараптамалық қорытынды шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде МӘС бөлімі және/немесе МӘС әдіснама және бақылау бөлімі әлеуметтік төлемдерді тағайындайтын және жүзеге асыратын органдарға мынадай құжаттарды:
1) мүгедектігі туралы анықтамадан үзінді көшірмені;
2) жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтамадан үзінді көшірмені жібереді.
Мүгедектің ОЖБ-сы әзірленген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оңалтудың медициналық, әлеуметтік және кәсіптік бөліктерін МӘС бөлімі оңалту іс-шараларын жүзеге асыратын органдарға жібереді.
Жеті жұмыс күні ішінде МӘС бөлімдері ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті әскери басқару органдарына мүгедек деп танылған барлық әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы хабарлайды.
30. МӘС жүргізген кезде сараптамалық, құқықтық және басқа да мәселелерді шешу үшін әкімшілік шығыстарға көзделген қаражат есебінен белгіленген тәртіппен осы қызметтерге ақы төленіп консультанттар (педиатр, психолог, заңгер және басқа да мамандар) тартылуы мүмкін.
31. МӘС бөліміне сараптамалық қорытынды шығаруға мүмкіндік бермейтін, жеткілікті негізделмеген диагнозбен жіберілген адам куәландырылған кезде, МӘС бөлімі диагнозды және организм функцияларының бұзылу дәрежесін нақтылау мақсатында оны қосымша тексеруге және емдеуге жібереді.
Куәландырылатын адам қосымша тексеруден және емделуден бас тартқан жағдайда, сараптамалық қорытынды медициналық ұйымдардың (емдеуші дәрігер, ДКК төрағасы, консультанттар) және/немесе МӘС әдіснама және бақылау бөлім мамандарының қатысуымен куәландыру (қайта куәландыру) сәтіндегі объективтік деректердің негізінде шығарылады, бұл туралы МӘС актісінде тиісті жазба жасалады.
4. Мүгедектікті белгілеу өлшемдері
32. Адамды мүгедек деп тану үшін мынадай бірнеше міндетті шарттардың бір мезгілде болуы:
1) организм функцияларының тұрақты бұзылуынан денсаулықтың бұзылуы;