Кредиттiк серіктестіктер туралы
2003 жылғы 28 наурыздағы № 400-ІІ Қазақстан Республикасының Заңы
(2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2005 жылғы 8 шілдедегі № 69-III Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 2 баптар)
2-тарау. Кредиттік серіктестіктерді құру (3 - 4 баптар)
3-тарау. Кредиттік серіктестікке қатысу (5 - 6 баптар)
4-тарау. Кредиттік серіктестіктерді басқару (7 - 11 баптар)
5-тарау. Кредиттік серіктестікке міндетті салымдар (12 - 16 баптар)
6-тарау. Кредиттік серіктестіктің қызметі (17 - 22 баптар)
7-тарау. Кредиттiк серіктестіктертiң қызметін реттеу (23 - 27 баптар)
8-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер (28 - 29 баптар)
Осы Заң кредиттiк серіктестіктердiң құқықтық жағдайын, құрылу, қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртібін, сондай-ақ қызметiнiң реттелуiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) қосымша жарна - қатысушының кредиттiк cepiктecтiктiң мүлкiне берген ақша сомасы;
2) кредиттiк серіктестік - жеке және (немесе) заңды тұлғалар өз қатысушыларының кредиттерге және басқа қаржылық, соның iшiнде банктiк қызмет көрсетуге деген қажеттерiн олардың ақшаларын жинақтау жолымен және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қанағаттандыру үшiн құрған заңды тұлға;
3) кредиттiк комитет - кредиттiк cepiктecтiктiң өзiнiң кредит саясатын жүзеге асыратын бөлiмшесi;
4) мiндеттi салым - қатысушының кредиттiк серіктестіктiң жарғылық капиталына енгізуге жататын ақшасы;
5) уәкiлеттi орган - кредиттiк серіктестіктер қызметiн реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының кредиттiк серіктестіктер туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының кредиттiк серіктестіктер туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктер қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдары осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде кредиттiк серіктестіктерге қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-тарау. Кредиттік серіктестіктерді құру
3-бап. Кредиттiк серіктестік
1. Кредиттiк серіктестіктер жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктер нысанында құрылтай шарты негiзiнде құрылады және өз жарғысына сәйкес әрекет етедi. Кредиттiк серіктестік оның мемлекеттік тiркелген кезiнен бастап құрылды деп есептеледi.
2. Кредиттiк серіктестіктiң атауында "кредиттiк серіктестік" деген сөз болуға тиiс.
Кредиттiк серіктестік ретiнде тiркелмеген бірде-бір заңды тұлға кредиттiк серіктестік деп атала алмайды.
3. Кредиттiк серіктестік қатысушыларының саны үштен кем болмауға тиіс.
Кредиттiк серіктестіктiң қатысушылары оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өздерi енгiзген мiндеттi салымдар мен қосымша жарналардың құны шегіндегі кредиттiк серіктестіктiң қызметiне байланысты шығындардың тәуекелiн өз мойнына алады.
Кредиттiк серіктестік өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлiкпен жауап бередi және өз қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
4. Кредиттiк серіктестік уәкiлеттi орган берген лицензия негiзiнде банктiк және өзге де операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын коммерциялық ұйым болып табылады.
5. Кредиттiк серіктестіктiң мүлкi оған меншiк құқығымен тиесiлi болады және оның қатысушыларының мiндеттi салымдары мен қосымша жарналарынан, кредиттiк серіктестік алған кiрiстерден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздерден құралады.
6. Осы Заңның 19-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, кредиттiк серіктестіктерге заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысуға тыйым салынады.
7. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4-бап. Кредиттiк серіктестіктiң құрылтай құжаттары
1. Кредиттiк серіктестіктiң құрылтай құжаттары құрылтай шарты мен жарғы болып табылады.
2. Кредиттiк серіктестіктiң құрылтай шартында Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген мәлiметтерден басқа:
1) кредиттiк серіктестікке кіру кезiнде төленуге тиiстi мiндеттi салымның ең төменгi мөлшерi;
2) кредиттiк серіктестік қатысушыларының мiндеттi салымды салу тәртібі мен шарттары;
3) кредиттiк серіктестіктiң таза кiрiсiн бөлу тәртібі болуға тиiс.
3. Кредиттiк серіктестіктiң жарғысында Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген мәлiметтерден басқа:
1) кредиттiк серіктестіктiң фирмалық атауы мен орналасқан жерi;
2) кредиттiк серіктестік қатысушыларының құқықтары мен мiндеттерi;
3) кредиттiк серіктестікке қатысу тәртібі мен шарттары;
4) кредиттiк серіктестіктiң жарғылық капиталының мөлшерi туралы мәлiметтер;
5) кредиттiк серіктестік қатысушыларының қосымша жарнаны салу тәртібі мен шарттары;
6) кредиттiк серіктестік органдары туралы ережелер, шешiмдер қабылдау, соның iшiнде кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысына қатысушылар және өкiл болып отырғандар даусының төрттен үш айқын басым көпшiлiгi қажет болатын мәселелер бойынша шешiмдер қабылдау тәртібі;
7) кредиттiк серіктестік органдарының арасындағы құзыреттi бөлу;
8) кредиттiк серіктестіктiң ақшасын орналастыру тәртібі;
9) кредиттiк серіктестіктiң жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
10) кредиттiк серіктестіктiң резервтiк капиталын құру және пайдалану тәртібі болуға тиiс.
4. Кредиттiк серіктестік уәкiлеттi органға кредиттiк серіктестіктiң жарғысына енгiзiлген барлық өзгерістер мен толықтырулар туралы олар қабылданған күннен бастап бір айдың iшiнде хабарлауға мiндеттi.
3-тарау. Кредиттік серіктестікке қатысу
5-бап. Кредиттiк серіктестік қатысушыларының құқықтары мен мiндеттерi
1. Кредиттiк серіктестіктiң қатысушылары:
1) кредиттiк серіктестік көрсететiн қызметтердi пайдалануға;
2) кредиттiк серіктестіктiң iстерiн басқаруға қатысуға;
3) кредиттiк серіктестіктiң органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
4) осы Заңға және серіктестіктiң құрылтай құжаттарына сәйкес кредиттiк серіктестік қызметiнен кiрiс алуға;
5) осы Заңда және кредиттiк серіктестіктiң жарғысында көзделген тәртiппен кредиттiк серіктестікке қатысуды тоқтатуға;
6) серіктестіктiң жарғысында көзделген тәртiппен кредиттiк серіктестіктiң қызметi туралы ақпарат алуға, оның бухгалтерлiк және өзге де құжаттамасымен танысуға құқылы.
Кредиттiк серіктестікке қатысушылардың Қазақстан Республикасының 3aң актілерінде және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкiн.
2. Кредиттiк серіктестіктiң қатысушылары:
1) құрылтай шартының және жарғының талаптарын сақтауға, кредиттiк серіктестік органдарының шешiмдерiн орындауға;
2) кредиттiк серіктестік органдарына өзiнiң қаржылық жағдайы туралы қатысушыларды кредиттеуге қатысты шешiмдер қабылдау үшiн жеткiлiктi болатындай дұрыс ақпарат беруге мiндеттi.
Кредиттiк cepiктecтiккe қатысушылардың Қазақстан Республикасының заң актілерінде және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да мiндеттерi болуы мүмкiн.
6-бап. Кредиттiк серіктестікке қатысуды тоқтату
1. Кредиттiк серіктестікке қатысу:
1) өз еркiмен шыққан;
2) өз үлесiн кредиттiк серіктестіктiң басқа қатысушыларына немесе үшiншi тұлғаларға иелiктен айырып берген;
3) кредиттiк серіктестіктiң талап етуi бойынша кредиттiк серіктестік қатысушыларының қатарынан шығып қалған;
4) кредиттiк серіктестік қызметi тоқтатылған;
5) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген басқа да жағдайларда тоқтатылады.
2. Кредиттiк серіктестіктен өз еркiмен шығу туралы өтiнiш кредиттiк серіктестік басқармасының қарауына берiлуге тиiс, басқарма өтiнiш берiлген күннен бастап бір айдың iшiнде оны қарауға және кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысына енгізуге мiндеттi.
Кредиттiк cepiктecтiккe қатысу осы Заңда көзделген тәртiппен қатысушының кредиттiк серіктестік алдында қабылдаған мүлiктiк мiндеттемелерiн орындағаннан кейiн оның өз еркiмен шығуы арқылы тоқтатылуы мүмкiн.
3. Кредиттiк серіктестікке қатысушы Қазақстан Республикасының заң актілерінде, кредиттiк серіктестіктiң құрылтай және өзге де құжаттарында белгiленген өз мiндеттерiн бұзған, кредиттiк серіктестіктiң алдында өз мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда, сондай-ақ кредиттiк серіктестікке зиян келтiрген жағдайда, серіктестік жалпы жиналыстың шешіміне сәйкес ондай қатысушының үлесiн сот арқылы мәжбүрлеп сатып алуды және оның қатысушылар қатарынан шығуын талап етуге құқылы.
4. Кредиттiк серіктестікке қатысушы үлесiнiң мәжбүрлеп сатып алынуы және шығып қалғаны туралы шешiмге сот тәртібімен шағым жасай алады.
4-тарау. Кредиттік серіктестіктерді басқару
7-бап. Кредиттiк серіктестіктiң органдары
1. Кредиттiк серіктестіктiң органдары:
1) жоғары орган - кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысы;
2) атқарушы орган - басқарма;
3) бақылаушы орган - тексеру комиссиясы (ревизор) болып табылады.
2. Кредиттiк серіктестіктiң жарғысында байқаушы органдар (байқаушы кeңec) құру көзделуi мүмкiн.
8-бап. Кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысы
1. Кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысын өткізу тәртібі кредиттiк серіктестіктiң жарғысында көзделедi.
Кредиттiк серіктестік қатысушыларының жыл сайынғы (жылдық) жиналысы қаржы жылы аяқталғаннан кейiн үш айдан кешiктiрiлмей өткiзiледi.
Жыл сайынғы жиналыстан басқа, кредиттiк серіктестік басқармасының немесе кредиттiк серіктестік қатысушыларының кемiнде жиырма бес процентiнiң бастамасы бойынша шақырылатын кезектен тыс жиналыстар өткізілуі мүмкін.
Жалпы жиналыс кредиттiк серіктестіктiң жарғылық мақсаттары мен мiндеттерiне және осы Заңға сәйкес шешiмдер қабылдайды, басқарма шешiмдерiнiң күшiн жояды немесе оны бекiтедi.
2. Кредиттiк серіктестік қатысушылары жалпы жиналысының айрықша құзыретiне, Қазақстан Республикасының өзге заң актілерінде көзделген мәселелерден басқа:
1) кредиттiк серіктестік қызметiнiң бағытына;
2) кредиттiк серіктестіктiң кредиттiк және инвестициялық саясатына;
3) басқарма мүшелерiнiң, тексеру комиссиясының (ревизордың) және кредиттiк серіктестіктiң басқа да қызметкерлерiнiң төленетiн еңбекақысы мөлшерiн белгiлеу тәртібіне;
4) қатысушылардың қосымша жарна енгізу тәртібін белгiлеуге;
5) кредиттiк серіктестіктiң активтерiн есептен шығару тәртібіне;
6) қатысушылардың кредиттiк серіктестікке қабылдану және одан шығу тәртібіне;
7) шығыстар мен кiрiстердiң жылдық сметасын және оның атқарылуы туралы есептi бекітуге;
8) есепке алу саясатын қалыптастыруға;
9) жылдық қаржылық есептiлiктi бекітуге;
10) өзге де мәселелерге қатысты iшкi ережелер мен басқа да құжаттарды бекіту жатады.
9-бап. Кредиттiк серіктестік қатысушылары жалпы жиналысының кворумы және онда дауыс беру
1. Жалпы жиналыс, егер оған кредиттiк серіктестік қатысушыларының кемiнде елу процентi қатысса, заңды деп танылады. Күн тәртібіне енгiзiлген мәселе жөніндегі шешiм қатысушылардың айқын басым көпшiлiгiмен немесе бірауыздан қабылдануға тиiс болатын жағдайда, егер оған барлық қатысушылардың кемiнде үштен eкici қатысса, жиналыс шешiм қабылдауға құқылы.
2. Кредиттiк серіктестік қатысушысы өзiне тиесiлi төленген мiндеттi салым мен қосымша жарналардың мөлшерiне қарамастан, шешiм қабылдаған кезде бір ғана дауысқа ие болады.
3. Жалпы жиналыста шешiмдер жалпы жиналысқа қатысушылардың жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
4. Жалпы жиналыста жарғыны бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ кредиттiк серіктестіктi қайта ұйымдастыру немесе тарату мәселелерi бойынша шешiмдер, егер кредиттiк серіктестік жарғысы оларды қабылдау үшiн көп дауыс санын немесе бірауыздан қабылдауды талап етпесе, жиналысқа барлық қатысушылардың үштен екi айқын басым көпшiлiгi даусымен қабылданады.
10-бап. Кредиттiк серіктестіктiң басқармасы
1. Кредиттiк серіктестіктiң басқармасы қатысушылардың жалпы жиналысында сайланады және кредиттiк серіктестіктiң ағымдағы қызметiне басшылықты жүзеге асырады.
Кредиттiк серіктестіктiң басқармасы кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысы алдында өз қызметiнiң нәтижелерi туралы жыл сайын есеп бередi.
2. Кредиттiк серіктестік басқармасының өкiлеттiктерi мыналарды:
1) кредиттiк серіктестік қызметiнiң iшкi ережелерiн қабылдау туралы және оларды кейiннен өзгерту туралы ұсыныстар әзiрлеудi;
2) кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының қарауына кредиттiк және инвестициялық саясатқа қатысты ұсыныстар әзiрлеудi және енгізудi, кредиттiк серіктестіктiң iшкi кредит саясаты және кредит комитетi туралы ережелер әзiрлеудi;
3) шығыстар мен кiрiстердiң жылдық сметасын және оның атқарылуы туралы есептi әзiрлеудi және табыс етудi;
4) жылдық қаржылық есептiлiктi әзiрлеудi және табыс етудi;
5) қызметкерлер үшiн еңбекақы мөлшерiн белгiлеудi;
6) кредиттiк серіктестікке қатысушыларды қабылдау және одан шығу жөніндегі мәселелер бойынша құжаттар әзiрлеудi және оларды кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысына шығаруды;
7) кредиттiк серіктестіктiң ағымдағы қызметiне байланысты және кредиттiк серіктестік қатысушылары жалпы жиналысының айрықша құзыретiне кiрмейтiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруды қамтиды.
3. Басқарма жеке-дара орган бола алмайды және оның мүшелерiнiң саны тақ, бірақ үштен кем емес болуға тиiс. Басқарманы кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысы сайлайтын төраға басқарады.
Кредиттiк серіктестік қатысушылары жалпы жиналысының шешiмi бойынша басқарманың төрағасы және (немесе) мүшелерi кредиттiк серіктестіктiң қатысушылары болып табылмайтын адамдардан сайлануы мүмкiн. Бұл жағдайда басқарманың құрамында кредиттiк серіктестіктiң бір немесе бірнеше қатысушылары болуға тиiс.
4. Басқарманың отырысы қажетiне қарай, бірақ айына кемiнде бір рет өткiзiледi.
Егер отырысқа басқарма мүшелерiнiң кемiнде үштен екiсi қатысса, ол өзiнiң қарауына енгiзiлген мәселелердi шешуге құқылы. Шешiм отырысқа қатысушы басқарма мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады.
11-бап. Тексеру комиссиясы (ревизор)
Кредиттiк серіктестіктiң тексеру комиссиясы (ревизоры) болуға тиiс.
Төраға және кредиттiк серіктестік басқармасының, кредиттiк комитеттiң мүшелерi, олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстары тексеру комиссиясының мүшелерi бола алмайды.
Тексеру комиссиясының (ревизордың) өкiлеттiктерiне, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген мәселелерден басқа, мыналар кiредi:
1) мерзiмдiк жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер өткізу арқылы кредиттiк серіктестік, оның органдары мен лауазымды адамдары жасайтын iс-әрекеттер мен операциялардың Қазақстан Республикасы заңдарының және кредиттік серіктестіктің ішкі құжаттарының талаптарына сәйкестiгiн анықтау;
2) кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысына және басқармаға кредиттiк серіктестіктiң қызметiн жақсарту жөнiнде ұсынымдар беру.
5-тарау. Кредиттік серіктестікке міндетті салымдар
және қосымша жарнамалар
12-бап. Мiндеттi салымдарды салу тәртібі
1. Кредиттiк серіктестікке кіру үшiн қатысушы мiндеттi салымның ең аз мөлшерiн салады. Ұлттық валюта ақшасымен құралатын және төленетiн кредиттiк серіктестіктiң бастапқы жарғылық капиталы қатысушылардың мiндеттi салымдарының сомасына тең және уәкiлеттi орган белгiлеген сомадан аз болмауға тиiс. Әрбір қатысушының мiндеттi салымының кредиттiк серіктестіктiң жарғылық капиталындағы жалпы сомаға қатынасы қатысушының кредиттiк серіктестіктiң жарғылық капиталындағы үлесi болып табылады.
2. Мiндеттi салым кредиттiк серіктестік немесе кез келген басқа заңды тұлға беретiн кредиттер бойынша кепiл ретiнде бола алмайды.
3. Кредиттiк cepiктecтiктiң қатысушысына ақша салу кезiнде кредиттiк серіктестік қатысушысының ақша салғанын растайтын құжат берiледi.
Қатысушының кредиттiк серіктестікке одан кейiнгi ақша салуы және оның қатысушыға ақшаны қайтаруы жоғарыда аталған құжатта тiркелуге тиiс.
13-бап. Кредиттiк серіктестіктiң жарғылық капиталындағы қатысушының үлесiн сатып алу ерекшелiктерi
1. Қатысушы кредиттiк серіктестікке қатысуды тоқтату туралы шешiм қабылдаған кезде, кредиттiк серіктестіктiң жарғысында көзделген, бірақ қатысушы шешiм қабылдаған күннен бастап тоқсан күннен аспайтын мерзiмде, серіктестік осы қатысушының келісімiмен кредиттiк серіктестіктiң жарғылық капиталындағы оның үлесiн сатып алуға құқылы.
2. Қатысушының кредиттiк серіктестіктiң жарғылық капиталындағы үлесiн осы баптың 1-тармағында көзделген сатып алу, егер кредиттiк серіктестікке қатысуды тоқтату қатысушылардың ең аз санынан кемуiне немесе кредиттiк серіктестіктiң жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерден азаюына әкеп соқпаған жағдайда жүзеге асырылады.
14-бап. Кредиттiк серіктестік қатысушысының үлесiн сату тәртібі
1. Егер кредиттiк серіктестіктiң құрылтай құжаттарында және осы Заңда өзгеше көзделмесе, кредиттiк серіктестік қатысушысының өз үлесiн сатуы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Қатысушының өз үлесiн кредиттiк серіктестіктiң басқа қатысушыларына сатуына, егер ол кредиттiк серіктестікке қатысушылар санының осы Заңда көзделген аз мөлшерден кемiп кетуiне әкеп соқпайтын болса, жол берiледi.
3. Қатысушының өз үлесiн кредиттiк серіктестіктiң басқа қатысушыларына не үшiншi тұлғаларға сату мүмкiндiгi болмаған жағдайда, өз үлесiн сатқысы келетiн қатысушы кредиттiк серіктестікке осы үлестi сатып алу талабын қоюға құқылы.
Кредиттiк серіктестік үлестi сатып алған жағдайда үлестiң бағасы тараптардың келісімiмен, ал келісімге келе алмаған жағдайда сот арқылы анықталады.
4. Қатысушының үлесiн сатып алғаннан кейiн кредиттiк серіктестік басқа қатысушыларға осы үлестi жалпы жиналыстың шешiмiмен белгiленген баға бойынша сатып алуды ұсынуға мiндеттi.
Кредиттiк серіктестік жалпы жиналыстың шешiмi бойынша бұл үлестi серіктестіктiң атынан үшiншi тұлғаларға сатуға құқылы.
5. Кредиттiк серіктестік шығып кеткен қатысушыдан сатып алған үлестi қатысушылар не үшiншi тұлғалар сатып алынған күннен бастап алты ай iшiнде сатып алуға ниет бiлдiрмеген жағдайда, үлес кредиттiк серіктестік жарғылық капиталының тиiсiнше азаюы арқылы өтеледi және жарғылық капитал ең төменгi деңгейден азайған жағдайда кредиттiк серіктестік осы Заңда көзделген негiздер бойынша таратылуға жатады.
6. Егер құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келісімiнде өзгеше белгiленбесе, кредиттiк серіктестік қатысушысының осы бапта көзделген тәртiппен өз үлесiн сатуы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген мерзiмде жүзеге асырылады.
15-бап. Қатысушылардың қосымша жарналары
Кредиттiк серіктестіктiң жарғысында көзделген жағдайда, қатысушы кредиттік cepіктeстіктің мүлкіне қосымша жарналары шектеусіз салуға құқылы. Кредиттiк серіктестік қатысушыларының қосымша жарналары оның жарғылық капиталының мөлшерiн өзгертпейдi.
16-бап. Кредиттiк серіктестікке қатысуды тоқтатқан жағдайда қосымша жарна сомаларын қайтару
Жарғыда көзделген жағдайларда кредиттiк серіктестікке қатысуды тоқтату кезiнде қатысушыға тараптардың келiсуiмен белгiленген немесе кредиттiк серіктестіктiң жарғысында көзделген, бірақ кредиттiк серіктестікке қатысуды тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен бастап тоқсан күннен аспайтын мерзiмде қосымша жарнаның сомасы қайтарылады. Мұндай жағдайда кредиттiк серіктестік алдында мiндеттемелерi бар қатысушыға оның кредиттiк серіктестік алдында бар мiндеттемелерi шегерiле отырып төлем жасалады.
6-тарау. Кредиттік серіктестіктің қызметі
17-бап. Кредиттiк серіктестіктердiң қызметiн лицензиялау
1. Кредиттiк серіктестіктiң осы Заңда көзделген банктiк және өзге де операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыру жөніндегі қызметi Қазақстан Республикасының банк заңдарына сәйкес лицензиялануға жатады.
Осы Заңда көзделген банктiк және өзге де операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға лицензия беру тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
2. Кредиттiк серіктестіктерге, осы Заңның 18-бабында көзделген банктiк және өзге де операциялардың жекелеген түрлерiн қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға тыйым салынады.
3. Кредиттiк серіктестіктер үшiн осы Заңда көзделген банктiк және өзге де операцияларды жүзеге асыруға лицензия алу үшiн өтiнiш берушi:
1) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарында көзделген құжаттарды;
2) операциялар жүргiзудiң жалпы шарттары туралы ережелердi және кредиттiк серіктестіктiң iшкi ережелерiн;
3) мынадай құжаттарды:
уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінiң талаптарына сай келетiн барлық ұйымдық-техникалық iс-шаралардың орындалғанын, соның iшiнде үй-жайлар мен жабдықтардың әзiрленгенiн;
тиiстi біліктiлiгi бар персоналдың бар екенiн, төраға және басқарма мүшелерi, бас бухгалтер қызметiне ұсынылатын кандидаттарды уәкiлеттi органмен оның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген тәртiп пен жағдайларда келісілгенiн;
бастапқы жарғылық капиталдың төленгенiн растайтын құжаттарды табыс етуге тиiс.
4. Операциялар жүргiзудiң жалпы шарттары туралы ережелерде:
1) берiлетiн кредиттердiң шектi сомалары мен мерзiмдерi;
2) кредиттер бойынша сыйақы ставкаларының шектi шамалары;
3) қатысушыларға операциялар жүргiзу үшiн шектi ставкалар мен тарифтер;
4) өзге де шарттар болуға тиiс.
Кредиттiк серіктестіктiң iшкi ережелерiнде:
1) кредиттiк комитеттiң және құрылымдық бөлiмшелердiң құрылымы, мiндеттерi, функциялары мен өкiлеттiктерi;
2) құрылымдық бөлiмшелер басшыларының құқықтары мен мiндеттерi;
3) кредиттiк серіктестіктiң лауазымды адамдары мен қызметкерлерi кредиттiк серіктестіктiң атынан және оның есебiнен мәмiлелердi жүзеге асырған кездегi олардың өкiлеттiктерi белгiленуге тиiс.
5. Лицензия беруден бас тарту Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген негiздер бойынша жүргiзiледi.
Операцияларды жүзеге асыруға лицензия беруден бас тартқан кезде өтiнiш берушiге бас тарту себебi көрсетiле отырып жазбаша нысанда дәлелдi жауап берiледi.
18-бап. Кредиттiк серіктестік жүзеге асыратын операциялардың жекелеген түрлерi
Кредиттiк серіктестік лицензиясы болған жағдайда өзiнiң қатысушылары үшiн банктiк және өзге де операциялардың мынадай жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға құқылы:
1) кассалық операциялар: банкноттар мен монеталарды қабылдау, беру, қайта есептеу, ұсақтау, айырбастау, сұрыптау, буып-түю және сақтау;
2) аударым операциялары: ақша аударымы жөніндегі тапсырмаларды орындау;
3) заем операциялары: төлем жасалу, мерзiмдiлiк және қайтарылу шартымен ақшалай нысанда кредиттер беру;
4) кредиттiк серіктестік қатысушыларының тапсырмасы бойынша олардың банктiк шоттары бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру;
5) сейф операциялары: сейф жәшiктерiн, шкафтар мен үй-жайларды жалға берудi қоса алғанда, құжаттама нысанында шығарылған бағалы қағаздарды, құжаттар мен құндылықтарды сақтау жөніндегі қызметтер;
6) лизинг қызметiн жүзеге асыру;
7) кредиттiк серіктестік қатысушыларының банк шоттарын ашу және жүргізу;
8) кредиттiк серіктестіктiң қатысушыларына ақша нысанында орындауды көздейтiн банктiк кепiлдiктердi, банктiк кепiлгерлiктi және өзге де мiндеттемелердi олардың мiндеттi салымы мен қосымша жарналары сомасының шегiнде беру;
9) шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру.
19-бап. Кредиттiк серіктестіктердiң бірлестiктерi
Кредиттiк серіктестіктер өз қызметiн үйлестiру, жалпы мүдделерiн қорғау және бiлдiру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзге де жалпы мiндеттердi шешу үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кредиттiк серіктестіктердiң қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы бірлестiктерiн, сондай-ақ бірлескен қызмет туралы шарт негiзiнде консорциумдар құруы мүмкiн.
20-бап. Кредиттеу тәртібі
1. Кредиттiк серіктестіктiң қарыз операциялары кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысында бекітілетiн iшкi кредиттiк саясат туралы ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Iшкi кредиттiк саясат туралы ережелерде кредиттердi қамтамасыз ету мен өтеу мерзiмдерi, шарттары, кредиттеу лимиттерi, кредиттiк серіктестіктiң бір қатысушысына берiлетiн кредиттiң ең көп сомасы қамтылуға тиiс. Кредит кредиттiк серіктестік жарғысындағы ережелерге сәйкес төленген мiндеттi салымға иелiк ететiн кредиттiк серіктестіктiң қатысушысына ғана берiлуi мүмкiн.
3. Кредиттiк серіктестіктiң қатысушыларына жеңiлдiк шарттарымен кредиттер беру кредиттiк серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
4. Кредиттiк серіктестіктiң қатысушыларына кредиттер, егер iшкi кредит саясаты туралы ережелерде өзгеше көзделмесе, қамтамасыз етiлiп те, қамтамасыз етiлмей де берiлуi мүмкiн. Кепiл, кепiлдiк беру, кепiлгерлiк және Қазақстан Республикасының заңдарында, шартта немесе кредиттiк серіктестіктiң iшкi құжаттарында көзделген басқа да әдiстер кредиттi қайтарудың қамтамасыз етiлуi болуы мүмкiн.
5. Тексеру комиссиясы (ревизор) басқарма төрағасына берiлген кредиттер туралы мәлiметтердi жыл сайынғы жалпы жиналыста кредиттiк серіктестіктiң барлық қатысушыларының назарына мiндеттi түрде жеткізуге тиiс.