Ақша төлемi мен аударымы туралы Қазақстан Республикасының
1998 жылғы 29 маусымдағы № 237-I Заңы
(ҚР 28.12.98 ж. № 336-1; 29.03.00 ж. № 42-II; 13.03.03 ж. № 394-II;
05.05.03 ж. № 409-II; 05.05.03 ж. № 411-II; 09.07.03 ж. № 482-II;
13.12.04 ж. № 11-III Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2005 жылғы 8 шілдедегі № 69-III Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 20 баптар)
2-тарау. Төлем (21 - 27 баптар)
3-тарау. Ақша аударымы (28 - 36 баптар)
4-тарау. Қорытынды ережелер (37 - 41 баптар)
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар
1. Осы Заң, почта байланысы ұйымдарының ақша аударуды жүзеге асыруға байланысты қатынастарын қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.
2. Қазақстан Республикасы банктерiнiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың және шетел банктерiнiң (қаржы институттарының) жүзеге асыратын ақша төлемдерi мен аударымына байланысты қатынастары олардың арасындағы шарттармен және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлерiмен реттеледi. Егер аталған ақша төлемi мен аударымы жөніндегі iс-әрекеттер Қазақстан Республикасында болып жатса, мұндай қатынастар аталған шарттармен және Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келмейтiн бөлiгiнде банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлермен реттеледi.
2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастардың туындау негiздерi
Осы Заңмен реттелетiн қатынастар:
азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша төлем жасау шарттарына сәйкес ақша төлемi мен (немесе) аударымын;
банктiң немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның (бұдан әрi - банктер) клиентiнiң тапсырмасы бойынша, мұндай тапсырмалар азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша төлем шарттарын орындаумен байланысты болмаса, ақша аударымын;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiлетiн мiндеттi ақша төлемiн және (немесе) аударымын жүзеге асырған кезде туындайды.
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен 3-бап толықтырылды
3-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
бенефициар банкi - жөнелтушiмен жасалған шарттың талаптарына және (немесе) жөнелтушiнiң нұсқауына сәйкес бенефициардың пайдасына түскен ақшаны қабылдауға және (немесе) нұсқауда не жөнелтушiмен жасалған шартта көзделген өзге де iс-қимылдарды орындауға тиiстi банк;
алушы банк - ақша аудару не ақша төлеу туралы нұсқау жіберілетін банк;
делдал банк - ақша жөнелтушiнiң банкi мен бенефициар банкi болып табылмайтын ақша аударымына қатысушы кез келген банк;
бенефициар - ақша аударған кезде, сондай-ақ ақша аудармай-ақ қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кезде ақша алушы ретiнде тапсырмада не талапта көрсетiлген тұлға;
өндiрiп алушы - шартқа немесе заңға орай алушы банк ақша жөнелтушiнiң келісімiнсiз-ақ орындауға тиiс ақша өндiрiп алу туралы талап қоюшы тұлға;
ақша аударымының бастамашысы (бұдан әрi - бастамашы) - ақша аудару туралы нұсқауды орындауға алғаш ұсынған тұлға;
инкассалық өкiм - ақша жөнелтушiнiң банк шотынан оның келісімiнсiз ақшаны алып қою үшiн пайдаланылатын төлемдi жүзеге асыру тәсiлi.
клиринг - клирингтiк ұйым жүзеге асыратын, клирингке қатысушылардың қарсы талаптарын жинау, салғастыру, сұрыптау мен есепке алу және кейiн олардың таза айқындамаларын (сальдо) анықтау процесi, сондай-ақ банктiң өз клиенттерi арасындағы қарсы талаптар бойынша аталған iс-қимылдарды орындауы;
микропроцессорлық төлем карточкасы - тауарларға (жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге) қолма-қол ақшасыз ақы төлеу, қолма-қол ақша алу, валюта айырбастауды және төлем карточкасының эмитентi айқындаған және оның шарттарымен жүргiзiлетiн басқа да операцияларды жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын, сондай-ақ карточканы ұстаушыға қажеттi ақпараты бар интегралдық микросхемалы төлем карточкасы;
төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесi - төлем карточкалары бойынша банкаралық операцияларға қызмет көрсету жүйесi, оны басқаруды жүйеге қатысушы банктер арнайы құрған, Қазақстан Республикасының заң актілерінде айқындалған жалпыұлттық мiндеттердi іске асыру үшiн микропроцессорлық карточкалар технологияларын қолдана отырып, электрондық тәсiлмен қажеттi ақпаратты сақтауды, өңдеудi және берудi қамтамасыз етуге қабiлеттi ұйым жүзеге асырады;
операция күнi - банк ақша аудару туралы нұсқауларды және клиенттерден түскен осындай нұсқауларды тоқтата тұру не қайтарып алу туралы өкiмдердi қабылдауды жүзеге асыратын және оларға өздерiнiң пайдасына ақша аударуды жүзеге асырумен байланысты хабарларды жiберетiн уақыт кезеңi;
жөнелтушi - ақша төлемiне және (немесе) аударымына байланысты нұсқауды жөнелтетiн тұлға, сонымен бірге ол ақша жөнелтушi, бастамашы немесе бенефициар болуы мүмкiн.
ақша жөнелтушi - ақша төлемi және (немесе) аударымы соның есебiнен жүзеге асырылатын тұлға;
ақша аударымы - алушы банктердiң төлемдi жүзеге асыруға немесе өзге мақсаттарға байланысты жөнелтушiнiң ақша беру туралы нұсқауларын дәйектiлiкпен орындауы;
төлем - ақша мiндеттемесiн қолма-қол ақшаны пайдалана отырып не оны пайдаланбай, ақша аудару не iшiнде ақша мiндеттемесi не ақша төлеу туралы бұйрығы бар төлем құжатын беру арқылы орындау;
төлем карточкасы - электронды терминалдар немесе өзге құрылғылар арқылы ақшаға қол жеткiзу құралы, онда мұндай карточканы ұстаушыға төлемдердi жүзеге асыруға, қолма-қол ақша алуға, валюта айырбастауға және төлем карточкасының эмитентi белгiлеген әрi соның шарттары бойынша басқа операцияларды жүргiзуге мүмкiндiк беретiн ақпарат болады;
төлем тапсырмасы - нұсқауда белгiленген ақша сомасын бенефициардың пайдасына аудару туралы нұсқауды жөнелтушiнiң алушы банкке ұсынуын көздейтiн ақша төлемi мен (немесе) аударымын жүзеге асыру әдiсi;
төлемдiк талап-тапсырма - төлемдi жүзеге асыру тәсiлi, бұл ретте ақша жөнелтушiнiң банкiне ақша жөнелтушiге аталған талапты растайтын құжаттар негiзiнде және олар қоса берiле отырып, мұндай талапта көрсетiлген ақша сомасын төлеу туралы жөнелтушiнiң талабы қойылады;
төлем құжаты - ақша төлемi мен аударымын жасауға негiз болатын немесе жасауға көмектесетiн құжат;
банктiк шотты тiкелей дебеттеу - төлемдi жүзеге асыру әдiсi, бұл орайда ақша жөнелтушiден ақша алынып, ақша жөнелтушiнiң ақшаны алу туралы алдын ала рұқсатының негiзiнде ол бенефициардың пайдасына берiледi, рұқсат белгiлi бір уақыт кезеңi iшiнде және (немесе) белгiлi бір ақша сомасының шегiнде қолданылады;
нұсқау - жөнелтушiнiң ақша аудару не төлеу туралы шарт немесе заң бойынша берiлетiн бұйрығы. Нұсқаулар тапсырма нысанында не талап нысанында жасалады;
ақша төлемiне және (немесе) ақша аударымына қатысушылар - ақша төлемi мен (немесе) аударымы жөнiнде құқықтары және (немесе) мiндеттерi бар жеке және заңды тұлғалар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерi;
чек - чек берушi мен алушы банк арасындағы шартқа негiзделген, iшiнде чек берушiнiң алушы банкке көрсетiлген ақша сомасын чек ұстаушыға төлеуi туралы жазбаша бұйрығы бар төлем құжаты;
чек берушi - чек жазып берген адам;
чек ұстаушы - пайдасына чек жазылған адам, соның iшiнде, егер чек берушi чектi өз атына жазса, ол да чек ұстаушы болады.
4-бап. Қазақстан Республикасының ақша төлемi мен аударымы туралы заңдары
Қазақстан Республикасының ақша төлемi мен аударымы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
5-бап. Ақша
1. Ақша төлем мен қор жинау құралы болып табылады және құн өлшемi ретiнде қызмет етедi.
2. Ақша ақша белгiлерi (қолма-қол ақша) нысанында не банктер клиенттерiнiң банк шоттары бойынша жазба түріндегі банктердiң ақшалай мiндеттемелерi нысанында болады.
3. Ақша белгiлерi атаулы құны (номиналы) бар банкнот және тиындар түрiнде шығарылады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 6-бап жаңа редакцияда; ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 6-бап өзгертілді
6-бап. Банк шоттары
1. Банк шоты - банк пен клиент арасында ақша қабылдау және (немесе) клиентке банктiк қызмет көрсету жөніндегі шарттық қатынастарды көрсету тәсiлi.
Банк шоттары банк пен клиент арасында банк шотының шарты, банктiк салым шарты немесе карт-шот шарты жасалған кезде ашылады.
2. Банк шоттары жеке және заңды тұлғалардың, заңды тұлғалардың оқшауланған бөлiмшелерiнiң ағымдағы, жинақ шоттары мен карт-шоттар, сондай-ақ банктердiң корреспонденттiк шоттары болып бөлiнедi.
2-1. Ағымдағы шот - банк шотының шарты негiзiнде банктiң клиентке ашатын банк шоты, ол бойынша:
1) клиент ақшасының болуын қамтамасыз етуге және банктiң оны пайдалануына;
2) клиенттiң пайдасына ақша қабылдауға (есептеуге);
3) банк шотының шартында көзделген тәртiппен үшiншi тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы клиенттiң өкімін орындауға;
4) Қазақстан Республикасының заң актілерінде және (немесе) шартта көзделген негiздер бойынша клиенттiң ақшасын алып қою туралы үшiншi тұлғалардың өкімін орындауға;
5) банк шотының шартында белгiленген тәртiппен клиенттен қолма-қол ақша қабылдауды және оған берудi жүзеге асыруға;
6) банк шотының шартында айқындалған мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;
7) клиенттiң талап етуi бойынша банк шотының шартында көзделген тәртiппен клиенттiң банктегi ақшасының сомасы және жасалған операциялар туралы ақпарат беруге;
8) клиентке шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында және банк тәжiрибесiнде қолданылатын iскерлiк айналым дағдыларында көзделген өзге де банктiк қызмет көрсетудi жүзеге асыруға байланысты операциялар орындалады.
Жинақ шоты - банк салымының шарты негiзiнде:
1) клиентке тиесiлi ақшаның (салымның) болуын қамтамасыз етуге және банктiң оны пайдалануына;
2) клиенттен немесе үшiншi тұлғалардан ақшаны қолма-қол да, қолма-қол емес те тәсiлмен қабылдауды жүзеге асыруға;
3) банк салымының шартында айқындалған мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;
4) клиентке ақшаны (салымды) банк салымы шартында және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, оның iшiнде оны клиенттiң басқа банк шотына аудару арқылы қайтаруға байланысты операцияларды орындау үшiн банктiң клиентке ашатын банк шоты.
Карт-шот - карт-шот шарты негiзiнде:
1) клиент ақшасының болуын қамтамасыз етуге;
2) клиенттiң пайдасына ақша қабылдауға (есептеуге);
3) клиенттiң карт-шот шартында көзделген тәртiппен төлем карточкасын пайдалана отырып үшiншi тұлғалардың пайдасына төлемдердi жүзеге асыруына;
4) Қазақстан Республикасының заң актілерінде және (немесе) карт-шот шартында көзделген негiздер бойынша клиенттiң ақшасын алып қою туралы үшiншi тұлғалардың өкімін орындауға;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) карт-шот шартында белгiленген тәртiппен клиенттен қолма-қол ақша қабылдауды жүзеге асыруға;
6) төлем карточкасын пайдалана отырып клиентке қолма-қол ақша беруге;
7) карт-шот шартында айқындалған мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге байланысты операцияларды орындау үшiн банктiң клиентке ашатын банк шоты.
Корреспонденттiк шот - корреспонденттiк шот шарты бойынша банкке басқа банктен ашылған, банктiң және оның клиенттерiнiң банк операциялары жүзеге асырылатын банктiк шот.
3. Осы баптың 2-1-тармағында аталған операцияларды жүргiзуге болмайтын шоттар, сондай-ақ банктердегi бухгалтерлiк есептiң позицияларын көрсететiн шоттар, баланстық шоттардың құрамдас бөлiктерi болып табылатын жеке шоттар (қосалқы позициялар), соның iшiнде несие шоттары банк шоттары болып табылмайды.
4. Клиенттердiң банктегi ақшасынан өндiрiп алынатын жағдайда, мұндай өндiрiп алу клиенттердiң банк шоттарынан ғана жүргiзiледi.
Банктердiң корреспонденттiк шоттарындағы ақшаны өндiрiп алу банктердiң өз мiндеттемелерi бойынша ғана жүргiзiледi.
Клиент пен оған қызмет көрсететiн банктiң арасында қолма-қол жасалмайтын төлемдердi жүзеге асыру ережесін бекіту туралы ҚР Ұлттық банкі басқармасы 25.11.00 ж. № 433 Қаулысын қараңыз
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 7-бап өзгертілді
7-бап. Ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi
1. Қазақстан Республикасының аумағында ақша төлемi мен аударымын жүзеге асырудың мынадай тәсiлдерi қолданылады:
1) қолма-қол ақшаны табыстау;
2) төлем тапсырмаларын көрсету;
3) чектер беру;
4) вексельдер беру немесе оларды индоссамент бойынша табыстау;
5) төлем карточкаларын (оның iшiнде микропроцессорлық төлем карточкаларын) пайдалану;
6) банк шотын тiкелей дебеттеу;
7) төлемдiк талап-тапсырмаларды көрсету;
8) инкассалық өкiмдердi көрсету;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдер.
2. Ақша төлемi мен (немесе) аударымын жүзеге асыру тәсiлдерiн қолдану ережелерi мен ерекшелiктерi және нұсқаулардың мазмұнына қойылатын негiзгi талаптар заң актілерінде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленедi.
8-бап. Төлем тапсырмасы
Жөнелтушi мен алушы банктiң арасындағы төлем тапсырмасын пайдалануға байланысты құқықтар мен мiндеттер олардың арасындағы шартта белгiленедi, ал олардың iс жүзiнде iске асырылуы алушы банкке төлем тапсырмасын көрсеткен кезден бастап туындайды. Алушы банк осындай нұсқауды алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде бас тартуға тиiс. Алушы банк төлем тапсырмасын акцептеген жағдайда жөнелтушiнiң акцептелген төлем тапсырмасының орындалуы жөнiнде талап ету құқығы туындайды.
9-бап. Чек
1. Чек беру - төлемдi жүзеге асыру тәсiлi, бұл орайда төлем чек берушiнiң чек ұстаушыға аттас төлем құжатын беруi арқылы жасалады.
2. Чек беру чек берушiнiң орындау үшiн осы чек жазып берiлген ақша мiндеттемесiнiң орындалуы болып табылмайды. Аталған мiндеттеме чек бойынша ақша алынған кезде орындалады.
3. Чектер жабылған және жабылмаған чектер болып бөлiнедi. Чек берушi банкке алдын ала енгiзген депозитпен қамтамасыз етiлген чектер жабылған чектер болып табылады. Депозитпен алдын ала қамтамасыз етiлмеген чектер жабылмаған чектер болып табылады. Чектерде олардың төлемi жөнiнде, оның iшiнде жабылмаған чектер бойынша банктiң кепiлдемесi болуы мүмкiн.
4. Чектi пайдалануға байланысты чек берушi мен банктiң құқықтары мен мiндеттерi чек берушi мен банктiң арасындағы чектердi пайдалану туралы шарт негiзiнде туындайды. Чек ұстаушының құқықтары чек берушiден алған кезден бастап туындайды.
Аталған құқықтар мен мiндеттер чек берушi чектi берген кезден бастап iске асырылады.
Чек ұстаушыда чекте көрсетiлген сомадағы ақшаны чек берушiнiң банкiнен талап ету құқығы пайда болады. Чек ұстаушы ұсынған чектi чек берушiнiң банкi төлейдi не оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген мерзiмде және осы Заңның 18-бабында белгiленген негiздер бойынша төлеуден дәлелдi түрде бас тартады.
10-бап. Вексель
Вексельдердi төлем тәсiлi ретiнде қолдану Қазақстан Республикасының вексель айналысы туралы заңдарымен реттеледi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 11-бап өзгертілді; ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 11-бап өзгертілді
11-бап. Төлем карточкасы
1. Төлем карточкасын оның ұстаушысы төлемдi жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ оның эмитентi белгiлеген шарттарда қолма-қол ақшаны алу, валюта айырбастау және басқа операциялар үшiн қолданады.
2. Төлем карточкасының эмитентi болып табылатын банкпен немесе сондай эмитентпен шарт жасасқан банкпен, не эмитентпен шартсыз төлем карточкаларына қызмет көрсететiн банкпен тиiстi келісім жасасқан сауда (қызмет көрсету) ұйымдарында ғана төлем карточкасы пайдаланылуы мүмкiн.
2-1. Санаттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн сауда (қызмет көрсету) ұйымдары Қазақстан Республикасының аумағында сауда операцияларын жүзеге асыру (қызметтер көрсету) кезiнде төлемдердi төлем карточкаларын пайдалана отырып қабылдауға мiндеттi.
3. Төлемге қатысушылардың төлем карточкаларын пайдалануға байланысты құқықтары мен мiндеттерi сауда (қызмет көрсету) ұйымы ұсынылған төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдi қабылдау туралы келісім берген кезден бастап туындайды.
Сауда (қызмет көрсету) ұйымының осы ұйыммен төлем карточкаларына қызмет көрсету туралы келісім жасасқан банкке қатысты аталған ұйым қабылдаған төлем сомасында ақша талап ету құқығы туындайды. Аталған банктiң сауда (қызмет көрсету) ұйымының ақша талап етуiн орындау мiндетi туындайды.
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен 11-1-баппен толықтырылды
11-1-бап. Төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесi
Төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесiнiң жұмыс iстеуiне және төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесiнiң арнайы ұйымының қызметiне қойылатын жалпы талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 12-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда
12-бап. Банк шотын тiкелей дебеттеу
1. Банк шотын тiкелей дебеттеу арқылы төлем жасау ақша жөнелтушi мен оның банкi арасында жасалған шарт негiзiнде жүзеге асырылады, осыған сәйкес ақша жөнелтушi жеткiзiлген тауар, орындалған жұмыс не көрсетiлген қызмет үшiн бенефициардың жоғарыда көрсетілген шартқа тиiстi құжаттарды қоса тiркеп, талап етуi негiзiнде өзiнiң банк шотынан ақша алуға келісім бередi.
2. Ақша жөнелтушiнiң және оның банкінің банк шоттарын тiкелей дебеттеу жағдайында төлемдi жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен мiндеттерi ақша жөнелтушi мен оның банкi арасында тиiстi шарт жасалған кезден бастап туындайды. Банкте аталған шартта көзделген ақша сомасы және (немесе) уақыт кезеңi шегiнде клиенттiң банк шотына қойылатын үшiншi жақтың талаптарын орындау мiндетi туындайды.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 13-бап өзгертілді
13-бап. Төлемдiк талап-тапсырма
1. Ақша жөнелтушiнiң банкi төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушiнiң акцептi болғанда ғана орындалуға тиiс.
Егер ақша жөнелтуші өзінің банк шотынан акцептсіз ақша алуға ақша жөнелтушiнiң келісімi бар құжаттарды қоса тiркей отырып, ақша жөнелтушi банкке төлемдiк талап-тапсырмалар қойса, мұндай төлемдiк талап-тапсырма ақша жөнелтушiнің акцептiн талап етпейдi.
Төлемдiк талап-тапсырмалар қою, сондай-ақ ақшаны алып қоюдың негiздiлiгiн растайтын құжаттардың түпнұсқаларын не көшiрмелерiн қоса тiркеу қажеттiгi туралы талап ету тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
2. Төлемдiк талап-тапсырмаларды пайдалана отырып төлем жасаған кездегi құқықтар мен мiндеттер ақша жөнелтушiнiң банкiне оны ұсынған кезден бастап туындайды. Ақша жөнелтушiнiң банкi төлемдiк талап-тапсырманы алған күннен кейiнгi жұмыс күнiнен кешiктiрмей, ақша жөнелтушi банкке ақша жөнелтушiнiң акцептiн талап етпейтiн төлемдiк талап-тапсырма қойылған жағдайларды қоспағанда алынған төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушiге акцептеуi үшiн беруге тиiс. Ақшаны жөнелтушi төлемдiк талап-тапсырманы алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде бас тартуға тиiс. Төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушi не ақша жөнелтушi банк акцепттеген жағдайда, егер талап-тапсырма ақша жөнелтушiнiң акцептiн талап етпесе, төлемдiк талап-тапсырманы жiберушiде оны орындау жөнiнде талап ету құқығы пайда болады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен ; ҚР 09.07.03 ж. № 482-II (бұрынғы ред. қара) ; 13.12.04 ж. № 11-III (бұрынғы ред. қара) (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді ) Заңдарымен 14-бап өзгертілді
14-бап. Инкассалық өнiм
1. Клиенттiң банк шотындағы ақшасын оның келісімiнсiз алып қою инкассалық өкiмдер пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген негiздер бойынша және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген кезектiлiктiң сақталуын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Бастамашы ақша жөнелтушiнiң банкiне, салық қызметi органдары мен кеден органдарының инкассолық өкiмдерi табыс етiлетiн жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген нормалар негiзiнде осы өндiрiп алудың негiздiлiгiн растайтын атқарушы құжаттардың түпнұсқаларын не олардың көшiрмелерiн қоса тiркей отырып, инкассалық өкiм табыс етедi. Құжаттардың түпнұсқаларын не олардың көшiрмелерiн қоса тiркеу қажеттiгi туралы талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.
Салық қызметi органдарының мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алуға инкассолық өкiмдерi пайдасына берешек өндiрiлiп алынатын жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының тiзiмдерiмен қоса банктерге табыс етiледi.
3. Инкассалық өкiмде төлемнiң мақсаты көрсетiледi және ақша жөнелтушiнiң келісімiнсiз ақшаны алып қою құқығын көздейтiн заң актiсiне сiлтеме жасалады.
Салық қызметi органдарының ақша жөнелтушiнiң банк шотында ақша жеткiлiксiз болған кезде салық берешегiн өндiрiп алу туралы инкассолық өкімін орындау мұндай шотқа ақшаның түсуiне қарай жүргізіледі.
4. Бастамашы ақша жөнелтушiнiң банкiне инкассалық өкiмдi ұсынған кезден бастап төлем жасауға қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi туындайды. Ақша жөнелтушiнiң банкi осындай нұсқауды алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде жазбаша бас тартуға тиiс. Ақша жөнелтушiнiң банкi инкассалық өкiмдi акцептеген жағдайда инкассалық өкiмдi жөнелтушiнiң оны орындауды талап ету құқығы пайда болады.
5. алып тасалды
6. Ақша жөнелтушiнiң келісімiнсiз ақшаны алып қоюдың негiздiлiгi үшiн өндiрiп алушы жауапты болады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 15-бап жаңа редакцияда
15-бап. Инкассолық өкiм берiлген кезде пайдаланылатын құжаттар
Ақша жөнелтушiнің келісімiнсiз ақшаны алып қоюға берiлген инкассолық өкiм соттың шешiмдерi, үкiмдерi, ұйғарымдары және қаулылары бойынша берiлетiн атқару парақтары немесе бұйрықтары не ақшаны өндiрiп алу туралы сот бұйрығы негiзiнде берiледi.
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 16-бап өзгертілді
16-бап. Нұсқау акцептi
1. Тапсырма нысанындағы нұсқау акцептi алушы банктiң жөнелтушiнiң (клиенттiң) тапсырмасын орындауға келісім бергенiн бiлдiредi.
Талап нысанындағы нұсқау акцептi ақша жөнелтушiнiң және (немесе) алушы банктiң бастамашының талабын орындауға келісім бергенiн бiлдiредi.
2. Нұсқау акцептi осы акцептiң жасалғанын немесе алушы банктiң нұсқауда белгiленген жөнелтушiге немесе оның тапсырмасы бойынша үшiншi жаққа ақша сомасын төлегенiн тiкелей көрсететiн төлем құжатына жазу немесе белгi қою арқылы көрсетiлуi мүмкiн.
Нұсқау акцептi қол қою немесе мөр таңбасы (егер бар болса) түрiнде де көрсетiлуi мүмкiн.
3. Егер нұсқау акцептi төлем құжатына жазу немесе белгi қою не қол қою және оның мөр таңбасын (егер бар болса) түсiру жолымен жасалған болса, аталған жазбаларда немесе белгiлерде олардың жасалған күнi және уақыты болуға тиiс.
4. Егер шарттың немесе Қазақстан Республикасы заңдарының ережелерi бойынша акцепт iс-қимылмен не өзге әдiстермен көрсетiлуге тиiс болса, нұсқау тиiстi жазбасыз-ақ акцептелуi мүмкiн.
5. Осы Заңның 38-бабында және Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, нұсқау акцептi не оны акцептеуден бас тарту нұсқауды алған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жасалуға тиiс.
17-бап. Нұсқауды акцептеген кезде туындайтын
құқықтар мен мiндеттер
1. Алушы банк тапсырманы акцептегенге дейiн оны жөнелтушi алушы банк тапсырманы акцептегеннен кейiн оны орындауға қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етуге мiндеттi. Клиринг нәтижелерi бойынша ақша аударымын жүзеге асырған кезде жөнелтушi егер онда терiс сальдо пайда болған жағдайда ғана, өзiнiң тапсырмасын орындауға қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Нұсқауды акцептеген кезде мынадай құқықтар мен мiндеттер туындайды:
1) алушы банк тапсырманы акцептеген кезде оның жөнелтушi алдында акцептелген тапсырманы орындау жөнiнде мiндеттемесi туындайды;
2) бенефициар банкi тапсырманы акцептеген кезде оның бенефициар пайдасына тапсырмада көрсетiлген ақша сомасын қабылдау жөніндегі мiндеттемесi туындайды;
3) ақша жөнелтушi талапты акцептеген кезде акцептелген талап бойынша бенефициардың талап ету құқығы туындайды, ақша жөнелтушiнiң бенефициар пайдасына орын орындау жөніндегі мiндеттемесi туындайды;
4) алушы банк талапты акцептеген кезде жөнелтушiнiң акцептелген талап бойынша талап ету құқығы туындайды, ал алушы банктiң оны орындау жөніндегі мiндеттемесi туындайды.
3. Бенефициар банкi өзi акцептеген нұсқауда көрсетiлген ақша сомасын үшiншi жақтың немесе осы банктiң алдындағы бенефициар мiндеттемесiнiң сомасына қарсы үшiншi жақтың пайдасына немесе өз пайдасына есептеме жасауға құқылы, оның орындалу мерзiмi, банктен ақшаны алып қоюдың Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген кезектiлiгiн сақтауды ескере отырып, бенефициар банкiне осындай нұсқау түскен кезден басталады.