Кеме қатынасы су жолдарын пайдалану ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 27 мамырдағы № 527 Қаулысы
(2006.29.12. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 қазандағы № 870 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шiлдедегi Су кодексiне және «Iшкi су көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шiлдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Кеме қатынасы су жолдарын пайдалану ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінiң
2005 жылғы 27 мамырдағы
№ 527 қаулысымен
бекітілген
Кеме қатынасы су жолдарын пайдалану ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Кеме қатынасы су жолдарын пайдалану ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегi Су кодексiне және «Iшкi су көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының кеме қатынасы су жолдарын пайдалану тәртібін белгiлейдi.
2. Осы Ереженiң әрекетi Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтетiн Кеме қатынасы үшiн ашық кеме қатынасы су жолдарының тiзбесiне сәйкес кеме қатынасы үшiн ашық су жолдарына қолданылады.
3. Кеме қатынасы су жолдары жолаушыларды, багажды, жүктердi және почта жөнелтiнiмдерiн тасымалдау, кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреуге, пайдалы қазбаларды iздеу, барлау және өндiру, балық аулау және өзге де кәсiпшілiк, құрылыс, жол, гидротехникалық, су асты-техникалық және басқа осы сияқты жұмыстарды жүргiзу, кемелердi лоцмандық алып өту, құтқару операциялары, су объектілерiн қорғау, оларды ластану мен қоқыстанудан сақтау жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру, суға батқан мүлiктi көтеру, санитарлық және басқа да бақылау, ғылыми зерттеулер жүргiзу, оқу, спорттық, мәдени және өзге де мақсаттар үшін арналған.
4. Осы Ережеде «Iшкi су көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шiлдедегi Заңында көзделген ұғымдар және мынадай ұғымдар пайдаланылады:
жер снаряды - кемелердiң және өзге де жүзу объектiлерiнiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз ету мақсатында түбiн тереңдету жұмыстарын жүргiзуге арналған кеме;
шектеулi қазу - жол жұмыстарын жүргiзудi қажет ететiн, кемелер мен құрамдар үшiн көлемдерi мен шөгуi бойынша белгiлi бiр шектеулерi бар кеме қатынасының учаскесi;
навигациялық қоршау - кеме қатынасы су жолдарында олардың күрделілігін, кеме қатынасының көлемдерiн, су астындағы кедергiлердiң бар болуын көрсету үшiн қойылатын және кеме қатынасының қауiпсiздігін қамтамасыз ететiн навигациялық жабдық құралдары;
сағалық партиясының жоспары - уәкiлеттi органның кәсiпорындары бекiтетiн (бұдан әрi - кәсiпорындар) белгiлi бiр кезеңге арналып өзіне гидрографиялық, геодезиялық, геологиялық, түбiн тереңдету, ғылыми-iздестiру және басқа да жұмыстарды қамтитын iздестiру жұмыстарының жоспары;
өлшеу жұмыстары - кеме жолының тереңдiгін өлшеу;
тральдау жұмыстары - тральдiң көмегімен кеме қатынасы су жолдарын тазалау немесе белгiленген көлемдердi тексеру жөніндегі жұмыстар.
2. Кеме қатынасы су жолдарын күтіп ұстау
5. Кеме қатынасы су жолдарын күтiп ұстау кемелер мен құрамдардың қауiпсiз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2006.29.12. №1318 Қаулысымен 5-1-тармақпен толықтырылды (жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)
5-1. Кеме қатынасы су жолдарын күтіп ұстау мынадай жағдайлар кезінде талап етілмейді:
1) егер кеме қатынасы су жолының екі жағалауы да кеме жүзетін болып табылса және кемелердің қозғалысы сағаның бүкіл ені бойына мүмкін болса (мұндай жағдайда навигациялық белгілер орнатылмауы мүмкін);
2) егер кеме қатынасы су жолының бүкіл ұзына бойында шектеулі қазулар болмаса және кемелер мен құрамдар үшін қәлемі мен шөгуі бойынша шектеулер болмаса.
6. Жол жұмыстарын, соның iшiнде мемлекеттік меншiктегі порттардағы рейдтердi және осы порттардың айлақтарына кiреберiстердi жайластыру мен күтiп ұстау жөніндегі жұмыстарды жүргiзудi, сондай-ақ кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды күтiп ұстауды кәсiпорындар жүзеге асырады.
7. Порттарға кiреберiстерде (осы Ереженiң 7-тармағында көрсетiлмеген), сондай-ақ тұру пункттерiнде жол жұмыстарын жүргiзудi олардың иелерi уәкілеттi органмен келісім бойынша жүзеге асырады.
8. Iшкi су жолдарын және олардағы кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды күтiп ұстау жөніндегі жұмыстар жол жұмыстарын жүргiзуге арналған арнайы рұқсаттарсыз жүзеге асырылады.
9. Жер снарядтарымен шектеулi қазуларды әзiрлеу өзен арнасының қайырылуын болдырмай, тек сағалық партиялардың жоспарлары бойынша жүргiзiледi.
10. Iшкi су жолдарының жай-күйін қадағалауды кеме қатынасы су жолдарына навигацияда екi реттен кем емес тұрақты тексерулер жүргізу арқылы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi (бұдан әрi - аумақтық бөлiмшелер) жүзеге асырады.
3. Кеме қатынасы су жолдарының көлемдерi
11. Кеме қатынасы су жолдарында кәсiпорындар кеме жолының кепілді көлемдерiн (тереңдiгi, енi, оның осiнiң айналу радиусы) қамтамасыз етедi.
12. Кемелердiң көлемдерi (ұзындығы, ені, су үстiндегі көлемi, шөгуi) және олардың жылдамдығы осы Ережеге қосымшаға сәйкес су жолы мен кеме қатынайтын шлюздердiң техникалық деректерiне сәйкес болуы тиiс.
4. Кеме қатынасы су жолдарын навигациялық қоршау
13. Кеме қатынасы су жолдарын навигациялық қоршау iшкi су жолдарында кемелердiң жүзуiне қауiпсiз жағдайлар жасауға және жасанды құрылыстардың сақталуын қамтамасыз етуге арналған.
14. Кеме қатынайтын су жолдарының навигациялық қоршауын күтiп ұстауды кәсiпорындар орындайды және ол навигациялық жабдық құралдарын орнату мен оларға қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргiзуден тұрады. Кәсiпорындар кеме жүргiзушілерге жол жағдайларының жай-күйі мен олардың өзгеруi туралы хабарлайды.
15. Темір жол, автожол, коммуналдық және қалқымалы көпiрлерде, су астындағы және әуедегi өту жолдарында, су жинағыштар мен су жiбергiштерде, оларды сақтауға және кемелердiң жүзуiне қауiпсiз жағдай жасауға арналған кеме қатынасы сигналдарының белгілерi (тұрақты мен жүзбелi) мен шырақтарын орнату және күтiп ұстауды осы құрылыстардың иелерi жүргізедi.
16. Су кiре берiстеріндегі және порттар, айлақтар, бөгеттер, рейдтер және оқшауландырылған пайдаланымдағы су жолдарының басқа да учаскелерi акваториясындағы навигациялық қоршауды орнату мен күтiп ұстауды осы акваториялар мен су жолдарының учаскелерi пайдаланымында орналасқан жасанды құрылыстардың иелерi және ұйымдар уәкілеттi органмен келісім бойынша жүргiзедi.
17. Жағалық және қалқыма белгiлердегi навигациялық шырақтар азаматтық ымырттың ортасына сәйкес келетiн (күннің көкжиектен 3 градус төмен болған кезiнде) кемiнде 40 - 100 люкс құрайтын көлденеңiнен жарық түсiрген кезде жұмыс iстеуге тиiс.
Құрылыстардағы навигациялық шырақтар шектеулі көру кезеңiнде жұмыс iстеуге тиiс.
18. Су жолының сигналдық белгілерiн кемелердi немесе жүзу құралдарын арқандап байлау немесе шығару үшiн пайдалануға, сондай-ақ осы белгiлердi зақымдауға жол берiлмейдi.
19. Әрбiр кеме жүргiзушi тиiсті кәсiпорынды жолдың сигналдық белгiлерiнде байқалған жұмыс iстеу ақаулығының барлық жағдайлары (сөнген шырақ, бакеннің, қалқыманың орнынан қозғалуы, белгiнiң зақымдануы) туралы хабардар етедi.
20. Кәсiпорындар iшкi су жолдарының қоршаулары зақымдануының, құрамдар көлемдерi мен жолдың жарияланған көлемдерiнің сәйкес болмауы салдарынан қазулар зақымдануының барлық жағдайларына актілер жасайды және оларды жою жөнiнде қажеттi шаралар қабылдайтын аумақтық бөлiмшелерге жiбередi.
Кеме қатынасы су жолдарын
пайдалану ережесіне
қосымша
Кемелер мен су жолдары көлемдерiнiң ара қатынасы
Кеме қатынасы су жолдарындағы түп астындағы
ең аз су қорлары (сантиметрмен)
Су жолының тереңдігі | Барлық кемелер үшiн |
Құмды және жұмыртасты жерде | Тасты жерде |
150-ден кем | 10 | 15 |
150-300 | 15 | 20 |
300-ден артық | 20 | 25 |
Ескертпе:
1. Қорлардың мәнi шектеулi қазуда жарияланған тереңдiк пен тұрған кеменiң ең үлкен шөгуi арасындағы айырмашылықты көрсетедi.
2. Тереңдiгi бойынша шектеулі қазудан өткен кезде кеме жүргiзушiлерi қайырлау құбылысын ескередi және кеме жылдамдығын төмендету немесе көмекшi сүйретiп жүзуші кеменi тарту жолымен, мұндай шаралар жеткiлiксiз болған кезде - шөгудi (тиеудi) тиiстi азайту жолымен оны төмендету үшiн шаралар қабылдайды.
Кеме қатынайтын шлюздердегi түп астындағы су қорлары
(сантиметрмен)
Табалдырық салу тереңдігі | Тасты немесе бетонды кеме қатынайтын шлюз табалдырығындағы су қоры |
100-гe дейiн | - |
100-ден артық | - |
250-ге дейiн | 25 |
250-ден артық | 40 |
Кеме қатынайтын шлюздiң енi мен ұзындығы бойынша қорлар
Енi 10 метрге дейiн кеме қатынайтын шлюздегi кеме борты (ең үлкен енi бойынша) мен кеме қатынайтын шлюздiң қабырғасы арасындағы қор енi 18 метрге дейiн кеме қатынайтын шлюзде тиiсiнше - 0,4 метр, 18 метрден артық - 0,5 метр, әрбiр борт жағынан 0,2 метр болуы тиiс.
Кеме қатынайтын шлюзден өткен кезде жалғыз кеменiң (кеме құрамының) ұзындығы оның камерасының пайдалы ұзындығынан кем болуы тиiс: ұзындығы 50 метрге дейiн кеме қатынайтын шлюзде - 1 метрге, ұзындығы 51 метрден 100 метрге дейiн - 2 метрге, 101 метрден 150 метрге дейiн - 4 метрге, 151 метрден 210 метрге дейiн - 6 метрге және ұзындығы 210 метрден артық кеме қатынайтын шлюзде - 10 метрге.