Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулылары мен Премьер-Министр
өкiмдерiнің жобаларын ресiмдеу жөніндегі нұсқаулықты
(заңдық техникасы) бекіту туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң 1998 ж. 22 шiлдедегi № 678 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 10.12.02 ж. № 1300 қаулысымен
енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі № 358 Қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 10.12.02 ж. № 1300 қаулысымен тақырыбы өзгертілді
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң нормативтiк құқықтық актілерінiң жобаларын дайындаудың және келiсудiң тәртiптерi мен оларды ресiмдеудiң ережелерi (заңдық техникасы) туралы нұсқаулық бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1998 жылғы 22 шiлдедегi
№ 678 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 10.12.02 ж. № 1300 қаулысымен тақырыбы өзгертілді
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулылары мен Премьер-Министр
өкiмдерiнің жобаларын ресiмдеу жөніндегі нұсқаулық (заңдық техникасы)
ҚР Үкіметінің 10.12.02 ж. № 1300 қаулысымен 1-2-бөлімдер алынып тасталды
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулылары мен
Премьер-Министрінің өкiмдерiн ресiмдеудiң
тәртібі (заңдық техникасы)
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Премьер-Министрi актілерін ресiмдеуге қойылатын
жалпы талаптар
24. Үкiметтiң қаулысы мен Премьер-Министр өкімінiң мынадай деректемелерi:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы;
2) актiнiң нысанына нұсқама;
3) аталған актiнi реттеудiң нысанасын бiлдiретiн тақырып;
4) актiнiң қабылданған жерi мен күнi;
5) актiнiң тiркеу нөмiрi;
6) Премьер-Министрдiң не оның мiндетiн атқарушы адамның қолы;
7) елтаңбалы мөрi болуы тиiс.
25. "Тармақ" сөзiмен аталмастан құқық нормасын қамтитын тармақ Үкiмет немесе Премьер-Министр актілерінiң негiзгi құрылымдық элементi болып табылады.
Тармақтар маңыздылығы бойынша қисындық ретпен, сондай-ақ мәселенi шешу кезеңдерiнiң хронологиясы ескерiле отырып орналастырылады.
26. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң көлемi едәуiр актілерінiң мазмұны бойынша жақын тармақтары тарауларға бірiктiрiлуi мүмкiн. Мазмұны бойынша жақын бірнеше тарау бөлiмдерге бірiктiрiлуi мүмкiн.
27. Нормативтiк құқықтық актiнiң тармақтары тармақшаларға бөлiнуi мүмкiн. Тармақтар мен тармақшалардың iшiнде азатжолдармен бөлiнген бөлiктер болуы мүмкiн.
Үкiмет немесе Премьер-Министр актілерінiң мәтiнiнде азатжолдарды дефистермен немесе өзге де белгiлермен бiлдiруге жол берiлмейдi.
28. Үкiмет немесе Премьер-Министр актiсiнiң әрбір тармағы, тармақшасы, сондай-ақ тараулары, параграфтары мен бөлiмдерi, бөлiмшелерi араб сандарымен нөмiрленедi.
29. Тармақтарды, тарауларды және бөлiмдердi нөмiрлеу бүкiл актi үшiн өн бойына болып табылады.
Тармақшаларды нөмiрлеу әрбір тармақ үшiн дербес болып табылады. Үкiметтiң қаулысының немесе Премьер-Министрдiң өкімінiң әрбір тарауындағы параграфтардың нөмiрленуi мен бөлiмдегi бөлiмшелердiң нөмiрленуi өн бойына емес дербес болып табылады.
30. Тармақтардағы тармақшалардың нөмiрi мына тұрғыда:
1), 2), 3) және одан әрi жақшамен бөлiнедi.
31. Бір тармақтан тұратын қаулыларда немесе өкiмдерде тармақтарды нөмiрлеу талап етiлмейдi.
32. Тақырыбы (атауы) қабылданатын (шығарылатын) актiнi реттеудiң нысанасын бiлдiредi және қысқа болуы тиiс.
33. Үкiмет қаулысының атауында сөздердi тасымалдауға жол берiлмейдi.
34. Үкiметтiң бұрын қабылданған актiге өзгерістер мен толықтырулар енгізудi көздейтiн, қаулысының атауында актiнiң түрiне, оны қабылдаған органға, қабылданған күнiне және оның соңғысының тiзiлiмiнде тiркелген нөмiрiне сiлтеме (көрсетiлген ретпен) болуы тиiс.
Осы тармақтың талаптары Үкiметтiң ол не Премьер-Министр бұрын қабылдаған актiнiң күшiнiң жойылғандығы туралы қаулысына қойылатын тақырыпқа да қатысты.
35. Актiнi қабылдаудың, оның алдында тұрған негiзгi мiндеттердiң мақсаты мен себептерiн түсiндiру қажет болатын жағдайларда құқық нормаларын баяндаудың алдында кiрiспе бөлiк (кiрiспе) болады. Нормативтiк ережелер жобаның кiрiспе бөлiгiне кiргiзiлмейдi.
Үкiметтiң қаулысының немесе Премьер-Министрдiң өкімінiң кiрiспесiнде себептердi көрсету мақсатында заң актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентi актілеріне немесе аталған шешiм iске асыруға қабылданатын Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң оның алдындағы актілеріне сiлтеме келтiрiлуi мүмкiн.
ҚР Үкіметінің 10.12.02 ж. № 1300 қаулысымен 36-тармақ толықтырылды
36. Үкiмет немесе Премьер-Министр актiсiнiң әрбір тарауын пайдаланудың қолайлылығы мақсатында оның бөлiмдерiнiң, сондай-ақ тараулар параграфтарының және бөлiмдерiнiң iшкi бөлiмдерiнiң тақырыптары болуы мүмкiн.
Тараулардың, бөлiмдердiң, параграфтар мен бөлiмшелердiң тақырыптары алдыңғы мәтіннен - екi жол аралық интервалмен, ал келесi мәтiннен - бір интервалмен ажыратылады.
37. Үкiметтiң қаулыларының және Премьер-Министрдiң өкiмдерiнiң мәтiндерi нақты құрылуы және қолдан түзетусiз және бояусыз бірыңғай әрiппен басылуы тиiс.
38. Үкiмет немесе Премьер-Министр актiсiнiң мәтiнi әдеби тiлдiң және заң терминологиясының нормалары сақтала отырып жазылады, ереже неғұрлым қысқа болуы және нақты әрi әртүрлi бұрмалауға жатпайтын мазмұнды қамтуы тиiс. Ескiрген және көп мағыналы сөздер мен сөйлемшiлердi, эпитеттердi, метафораларды, қысқарған сөздердi қолдануға жол берiлмейдi. Тармақтың мазмұны (нормасы) басқа баптарда қайталап жазылмайды.
39. Үкiмет немесе Премьер-Министр актiсiнiң мәтiнi мағыналық және құқықтық жүгi жоқ декларативтiк сипаттағы ереженi қамтымауы тиiс.
40. Актiлердiң жобаларындағы тапсырма, әдетте, Үкiметке бағынысты және есеп беретiн органға не қажет болған кезде олардың басшыларына бағытталуы тиiс.
Үкiметтiң қаулылары мен Премьер-Министрдiң өкiмдеріндегі Үкiметке бағынысты емес мемлекеттік органдарға (олардың басшыларына) қатысты тапсырма ұсынымдық нысанда не олармен келісім бойынша жазылуы тиiс.
41. Үкiмет немесе Премьер-Министр қаулысының мәтiнiнде мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атауы ресми атауына сәйкес толық және бүкiл мәтiн бойынша бір үлгiде жазылады.
Ұйымдардың атауын қысқартуға нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнінiң өзiнде қысқартудың не аббревиатуралардың мағынасын таратып жаза отырып, мәтiннiң қарапайымдығы мен ықшамдығын қамтамасыз ету мақсаты үшiн жол берiледi.
ҚР Үкіметінің 10.12.02 ж. № 1300 қаулысымен 42-тармақ толықтырылды
42. Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң шешiмiнiң мәтiнiнде тақырыптан, тараулардың, бөлiмдердiң, параграфтар мен бөлiмшелердiң атауларынан, "Қаулы етедi" деген сөзден және бөлiктенген әрiптермен жазылатын қол қоюшы адамның қызметi мен атынан басқа жекелеген сөздер мен сөз тiркестерiн бөлiктеуге және астын сызуға жол берiлмейдi. "Қаулы етедi" деген сөз бас әрiптермен жазылады және оны жеке жолға тасымалдауға тыйым салынады.
43. Премьер-Министрдiң өкімімен (Үкiметтiң қаулысымен) комиссиялардың жұмыс топтарының немесе өзге де уақытша органның, сондай-ақ Үкiмет делегацияларының жеке құрамы бекітілген жағдайда олардың жұмысына қатысушы адамдардың тектерi, аттары, әкесiнiң аттары және қызметтерi толық жазылады.
44. Қажет болған кезде Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң актiсiнде жоғары тұрған деңгейлер актілерінiң баптарына (тармақтарына) сiлтемелер келтiрiлуi, сондай-ақ жоғары тұрған деңгейлердiң құқықтық актілерінiң нормаларынан мұндай актiлерге сiлтемемен жекелеген ережелерi көшiрiлiп алынуы мүмкiн.
Актiнiң тармақтары мен тармақшаларындағы оның басқа тармақтары мен тармақшаларына сiлтемелерге құқықтық нормалардың өзара байланысын көрсету не қайталауды болдырмау қажет болған жағдайларда ғана жол берiледi.
45. Азатжолдарға, жолдарға және сөйлемдерге сiлтеме жасау кезiнде олардың нөмiрленуi реттiк сан есiмдермен (жазбаша) көрсетiледi.
46. Қаулының немесе өкiмнiң мәтiнiнде тармаққа, тармақшаға сiлтеме олардың реттiк нөмiрi көрсетiле отырып келтiрiледi (оларды көрсету үшiн сын есiмдердi пайдалануға жол берiлмейдi).
47. Егер шешiмнiң мәтiнiнде нормативтiк құқықтық актiге сiлтеме болған жағдайда оның түрi, қабылданған күнi, тiзiлiмде тiркелген нөмiрi және осы актiсiнiң атауы (көрсетiлген ретпен) көрсетiледi.
Заң актілеріне сiлтеме жасалған кезде ол тiзiлiмде тiркелген нөмiрдi көрсету, Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күшi бар Жарлықтарын қоспағанда, талап етiлмейдi.
Үкiметтiң бұрын қабылданған актiге өзгерістер, толықтырулар енгізудi және/немесе оның күшi жойылған деп тануды көздейтiн қаулылары жобасының атауы актiнiң түрiн, оның қабылданған күнiн және тiркеу нөмiрiн көрсетудi қамтуы тиiс.
48. Егер жобаның мәтiнiнде сол бір нормативтiк құқықтық актiге бірнеше дәйектi сiлтемелер келтiрiлген болса, актiнiң толық атауы кейiн оған сiлтеме жасалуы арқылы бір рет көрсетiледi.
49. Егер қаулыда немесе өкiмде қосымшаға сiлтеме болса, онда қаулыға және/немесе өкiмге бір қосымша болған жағдайларды қоспағанда, аталған қосымшаның нөмiрi көрсетiледi.
50. Үкiметтiң қаулысының немесе Премьер-Министрдiң өкімінiң мәтiнiнде күнiн көрсету кезiнде айдың атауы қолданылады, ал жыл толық көрсетiледi, мысалы: "1997 жылғы 13 маусымдағы".
51. Қаулы мен қосымшаның тақырыптары ұқсас болған жағдайларда қаулының мәтiнiнде қаулының толық атауы қолданылмауы ықтимал.
52. Үкiмет қаулысының немесе Премьер-Министр өкімінiң нормаларына ескертпеуге тиiстi нұсқауды мәтiнде норманың мағынасына нұқсан келтiрмей жазуға мүмкiндiк болмаған ерекше жағдайларда жол берiледi.
2. Өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Үкiмет
қаулыларының немесе Премьер-Министр өкiмдерiнiң
жобаларын ресiмдеудiң тәртібі
53. Сол бір актiге барлық өзгерістер мен толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделедi.
54. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң бұрын қабылданған актiлерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізудi, сондай-ақ олардың күшi жойылған деп тануды көздейтiн актілерін дайындау кезiнде оның тiзiлiмде тiркелген күнiнен, нөмiрiнен және бұл шешiмнiң атауының кейiн жақшаның iшiнде оның "Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкіметінiң актiлер жинағында" жарияланған жылы, жиынтық нөмiрi және құжаттың нөмiрi көрсетiледi. Егер қабылдау (шығару) күнiне бұрын қабылданған актi аталған жинақта жарияланбаған болса, бұл актiнiң күнi, нөмiрi және атауы ғана көрсетiледi.
55. Үштен асатын Үкiметтiң қаулыларын немесе Премьер-Министрдiң өкiмдерiн өзгерту немесе толықтыру кезiнде жеке қосымшамен ресiмделетiн тiзбелер жасалады.
56. Егер Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң сол немесе өзге де актілерінiң бір тармақтарының (тармақшаларының) күшi жойылған деп танылуы тиiс болса, ал осы актiнiң басқа бөлiктерiнiң жаңа редакцияда жазылуы қажет болса, онда мұндай актi өзгерістердiң тiзбесiне кiргiзiледi.
57. Егер қаулыда немесе өкiмде қосымшаға сiлтеме болса, онда қаулыға және/немесе өкiмге бір қосымша болған жағдайларды қоспағанда, жақшаның iшiнде аталған қосымшаның нөмiрi көрсетiледi.
58. Қолданылып жүрген актiге құрылымдық қосымша бөлiктер енгiзiлген кезде олар өздерi жалғасатын актiнiң бұрынғы құрылымдық нөмiрлерiн қайталайтын қосымша нөмiрлермен кiргiзiледi: 2-1-тармақ, 8-1-тармақша, 9-1-параграф, 25-1-бөлiм және одан әрi.
Құрылымдық бөлiкке енгiзiлген мәтiнiнен кейiн жақшаның iшiнде актiге кiргiзiлгендiгi туралы сiлтеме енгiзiледi. Қалған бөлiктердiң нөмiрленуi сақталады.
59. "Баспасөзде жарияланбайды", "баспасөзге арналмаған" деген белгiлерi бар актiлер тiзбеге олардың тақырыбы көрсетiлместен кiргiзiледi.
60. Өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлетiн актiлердiң тiзбесіндегі барлық актiлер күшi жойылған деп танылған актiлердiң тiзбесіндегі сияқты олардың шыққан (қабылданған) күнi бойынша хронологиялық тәртiппен орналасады.
Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң актiсi сол күнiнiң шегiнде олардың нөмiрлерiне немесе ПҮАЖ-дағы құжаттардың нөмiрiне сәйкес көрсетiледi.
3. Күшi жойылған деп тану туралы Үкiметтiң актілері
мен Премьер-Министр өкiмдерiнiң жобаларын
ресiмдеудiң тәртібі
61. Үкiметтiң нормативтiк сипаты бар актiсiн қолданылып жүргеннiң(дердiң) орнына қабылдау кезiнде соңғысы(лары) осы актiмен күшi жойылуға (толықтай немесе iшiнара) қойылуы тиiс.
Осыған ұқсас жағдайларда дербес сипаты бар қолданылып жүрген актiлерге қатысты шешiм бұл актi қағидаларының құқықтық салмағына қарай әрбір нақты жағдайда жеке қабылданады.
62. Үкiметтiң қолданылып жүрген актiсiнiң немесе Премьер-Министр өкімінiң құрылымдық бөлiктерiнiң күшi жойылған деп тану кезiнде мұндай бөлiктер қолданылып жүрген актiден алынып тасталады, бірақ олардың нөмiрлерi сақталады.
Сақталған нөмiрге актiнiң (немесе оның бөлiктерiнiң) күшi жойылған деп тану туралы актiге сiлтеме қосылады. Сақталған құрылымдық бөлiктердiң нөмiрленуi өзгермейдi.
63. Егер, күшi жойылуға бірнеше (3 және одан көп) бұрын қабылданған актiлер қойылған жағдайда жеке қосымшамен (тiзбемен) ресiмделетiн тiзбе жасалады.
Тiзбе заңдық тұрғыдан негiзделген және де жеткiлiктi мөлшерде толық болуы қажет.
Тiзбелерге жаңа актiмен қамтылған актiлер де кiргiзiледi.
64. Егер Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң актiсi маңызын (заңдық күшiн) толық жоғалтпаса, ол күшi жойылған деп тануға арналған тiзбеге жаңадан қабылданатын актiге қайшы келетiн немесе соңғысында қамтылған бөлiгiнде ғана кiргiзiледi.
Егер көлемi бойынша үлкен Үкiметтiң қаулысы немесе Премьер-Министрдiң өкімі тармақтарының айтарлықтай бөлiгi күшi жойылған деп тануға жататын болса, онда тiзбеге өзiнiң күшiн сақтайтын тармақтар айтылуы арқылы бүкiл актi кiргiзiледi.
65. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң басқа да шешiмдердiң нормаларын қайталайтын және жаңалығы жоқ актiлер де күшi жойылған деп тануға жатады.
66. Күшi жойылуға ресми жарияланған да, жарияланбаған да нормативтiк құқықтық актiлер қойылады.
67. Негiзгi актiлер де, оның мәтiнiне өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлген актiлер (немесе олардың бөлiктерi) де күшi жойылған деп тануға жатады.
Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң толық күшi жойылған деп тануға жататын қандай да бір актiсiнiң (тармағының, тармақшасының, азатжолының) редакциясы бірнеше мәрте өзгерген жағдайда тiзбеге ол туралы барлық актiлер, оның iшiнде редакциясын өзгерткен аралық актiлер дербес тармақтар түрiнде кiргізiледi.
68. Тiзбеге дербес тармақтар түрiнде Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң жаңа шешiмге қайшы келетiн немесе онда қамтылған оның қолданылу аясын, сондай-ақ уақыт бойынша және адамдардың шеңберi бойынша оның жекелеген құрылымдық бөлiктерiнiң қолданылу аясын кейiннен кеңейту туралы барлық актілері кiргiзiледi.
69. Тiзбеге жаңа актi шығарылған сәтке дейiн қолданылған актiлермен бірге бұрын, жаңа актi қабылданғанға дейiн iс жүзiнде маңызын жойған, бірақ күшi жойылған деп танылмаған сол мәселе жөніндегі актiлер де кiргiзiледi (тиiсiнше күшi жойылған деп тануға жатады).
Күшi жойылған деп танылған актiлердiң тiзбесiне, сондай-ақ бұрын жалпы нысанда (яғни аттары аталмастан) күшi жойылған деп танылған аталған мәселе бойынша актiлер де кiргiзiледi.
70. Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң қолданылу мерзiмi бiткен уақытша сипаттағы актілері мен актілерінiң құрылымдық бөлiктерi күшi жойылған деп тануға жатпайды.
71. Актiлерде қолданылу мерзiмi бiткен уақытша сипаттағы нормалармен қатар тұрақты қолданылатын нормалар болған және бұл нормалардың барлығы күшi жойылған деп тануға жататын жағдайларда тiзбеге бүкiл актi тұтас кiргiзiледi.
72. Егер Үкiмет немесе Премьер-Министр актiсiнiң тармағы күшi жойылған деп тануға жататын қосымшаға сiлтеменi қамтитын болса, онда аталған тармақ қана тiзбеге кiргiзiледi (күшi жойылуға қойылады), ал қосымша жеке айтылмайды.
Егер актiнiң тармағында қосымшаны бекітумен қатар маңызын сақтаған басқа мәселелерге қатысты норма болған, ал қосымша толықтай күшi жойылған деп тануға жататын жағдайда, онда тiзбеге аталған тармақ қосымшаға қатысты бөлiгiнде кiргiзiледi, ал қосымша жеке айтылмайды.
73. Егер сол немесе өзге де актi (оның құрылымдық бөлiгi) тiзбеге толық кiре алмайтын болса, жағдайға қарай жекелеген сөйлемдердi, сөздердi, жолдарды және басқаларын алып тастаумен, толықтырумен немесе ауыстырумен шектеле отырып оның жаңа редакциясын қарастыру қажет.
74. Егер жекелеген тармақтар толықтай, ал басқалары тек белгiлi бір бөлiктерiнде ғана күшi жойылған деп танылуға жатса, онда әуелi күшi жойылған деп тануға толықтай жататын тармақтар көрсетiледi.
4. Үкiметтiң қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiне
қосымшаларды ресiмдеудiң тәртібі
75. Үкiметтiң қаулысы мен Премьер-Министр өкімінiң құрылымына қосымшалар кiруi мүмкiн.
76. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң шешіміне графиктердi, кестелердi, сызбаларды, карталарды, тiзбелердi және басқаларын кiргiзу қажет болған жағдайда, соңғылары жеке қосымшамен ресiмделедi.
77. Туынды нормативтiк құқықтық актiнiң не қосымшаның бірiншi парағының оң жақ жоғары бұрышында сол арқылы ол қабылданған, негiзгi нормативтiк құқықтық актiнiң қабылданған күнi, нөмiрi және атауы көрсетiлуi қажет.
Егер қаулыға бірнеше қосымша болған жағдайда, әрбір қосымшаның оң жақтағы жоғары бұрышында оның тiзiлiмде тiркелген реттiк нөмiрi, сондай-ақ тиiстi актiнiң қабылданған күнi, нөмiрi және атауы көрсетiледi. Егер Үкiметтiң қаулысының немесе Премьер-Министрдiң өкімінiң мәтiнiнде:
1, 2, ...қосымшаға сәйкес, не (1, 2 ... қосымша) деген сiлтеме келтiрiлсе, онда қосымшаның оң жақ жоғары бұрышына:
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
(Премьер-Министрінің)
1998 жылғы " " ________
№ ____ қаулысына
(өкіміне)
1, 2 ... қосымша
деп жазылады.
... Ереже, ... Нұсқаулық (қоса берiлiп отырған) бекітілсе, онда қосымшаның оң жақ жоғары бұрышына:
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
(Премьер-Министрінің)
1998 жылғы " " ________
№ ____ қаулысымен
(өкімімен)
бекітіл(дi)ген
деп жазылады.
Егер жеке қосымшамен ресiмделетiн Ережеге, Нұсқаулыққа, Тәртiпке және өзге де туынды актiлерге қосымша болса, онда соңғысының оң жақ жоғары бұрышында:
1, 2 қосымша
деп көрсетiледi.
78. Қосымшаның тақырыбы ол қабылданған негiзгi актiнiң мәтiнiне мiндеттi түрде сәйкес келуi тиiс.
79. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң "құпия", "өте құпия", "аса маңызды" деген белгiлерi бар актілерін ресiмдеуге қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн.